Техника философиясы

Автор: Пользователь скрыл имя, 26 Февраля 2013 в 13:38, контрольная работа

Описание работы

Техника» терминінің тамыры грек және латын тілдерінде, алғашқы мағынасында құрылысшының, ағаш шеберінің өнері, шеберлігі, кеңірек мағынасында өндірістегі және басқа қызмет салаларындағы өнер дегенді білдіреді. Орта ғасыр дәуірінде techne және ars терминдерінің мағыналары бірдей болды.

Содержание

1. Техниканың анықтамасы және тарихы.

2. Техника фшософиясы, оның статусы.

3. Техника және адам.

4. Технология және информатика.

Работа содержит 1 файл

айжан философия.docx

— 41.95 Кб (Скачать)

 Техникадағы компьютерлендiру  мен радиоэлектрониканың пайда  болуын ХIХ ғасырдың соңы мен  ХХ ғасырдың қойнауында ғылыми-техникалық  революция тудырған электрониканың, радийдiң ашылуы, кванттық теорияның  жасалуы, кибернетиканың, ғылымның, өнеркәсiптiң дамуымен байланыстырамыз.  Бұл революцияның әсерiнiң күштiлiгi  сол, адамзаттың техницистiк, технократиялық  дүниетанымын қалыптастырып, әр  кәллада  табиғи емес, техникалық  қиял түзiп үлгердi.

             Тарихқа үңiлсек, ХIХ-ХХ ғасырларда  технократия iлiмiн даттаушы топтар  болған екен. Немiстiң ұлы ақыны  Гетенiң ғылым саласындағы жетiстiктердi  бақылай келiп, адам әлемiне  жақындап келе жатқан техникалану  әзiрейiлiн сезiнгенде, жан-дүниесi қатты  күйзелiптi. Иоанн Гутенберг өнертапқыштық  жаңалығын «құбыжыққа» теңеген,  тiптi бұрын дүйiм дүниенi дүр сiлкiндiрген  теледидар мен радионы «шайтанның  шалығы» деп ғайбаттаушы ғалымдар  да кездескен. Жел тұрмаса шөптiң  басы қимылдамайды,  ХIХ ғасырда  Батыста машиналы техникаларды  өшпендiлiкпен қиратып-құртқан жұмысшылар  болған деседi. Олар өз өмiрлерiнiң  тек қаптаған машиналар арасында  өтетiнiн сезiнгендiктен осылай iстеген. «Көп дауыс қосылса бiр дауысты  жоқ қылады» дейдi қазақ, диссиденттердiң  үнi онсыз да бәсең едi, жақтаушылардың  көптiгi  оларды «мақтамен бауыздап»  жiбердi де, техника пайдаланудың  көкжиегiн кеңейтуге күш салды.  Жылдар жылжыған сайын техниканың  атақ-абыройы аспандай бердi. Адамдар  жаппай технологиялық жаңалық  ашумен шұғылданды.[5] Соның нәтижесiнде  техникалық ашылымдар көбейдi.

 Үндiстандық бiр кемеңгердiң  мынадай салиқалы ойы бар: «Көпшiлiк  тарапынан қолдау тапқан пiкiр,  мейлi, ол жаңсақ болсын, монархтардың  өзiнен әлдеқайда күштi. Ширатылған  көптеген жiптен тоқылған арқан  арыстанның өзiн матап байлауға  жарайтындай мықты болады». Технократия  теоретиктерiнiң мықтылығы сол,   «адамзат үшiн техниканың дамуы  қашанда iзгiлiктiң көзi» деген  соқыр сенiм, үстiрт көзқарасты  жарнамалауын әлi күнге шейiн тоқтатпауда.  Бұл түсiнiктi де. Адамдардың ақыл-есiн  осы бiр жансыз құбыжыққа байлап  тастауды құптайтын пиғылды қаптату  ғой бұл. Жер-жерлерде техниканың  рөлiн асыра дәрiптеудiң ақыры  неге апарып соқтырғанын сiздер  жақсы сезiнiп отырсыздар. Бүкiл  жер шары машиналы ландшафтқа  айналды. Автоматты түрде заттарды  тұтынудан бастап, арысы табиғаттың  тираны, берiсi iшкi жан-дүниенi бағындырып-басынып,  былғап-былықтырып, адамды машиналардың құлы еттi.  Зердеге тұзақ құрғаны аздай, ең сорақысы, адамзат мұндай құлдыққа зорлықсыз, өз еркiмен келiсiп отыр.

 

               Адам –  техниканың   бөлшегi болады.[4]

 Осы проблемаға орай, Батыста техника философиясы  пайда болып, оны философтар  сала-салаға бөлiп, зерттеуi бекер  емес. Капитализм тұсында индустрия  дамуындағы техниканың рөлiн идеологиялық  жағынан түсiну,  оның қоғамға  тигiзетiн әсерiн айқындау қажеттiлiктен  туды.  Бекман мен Э.Капп «органопроекциялық»,  яғни, адамның өз органдарын,  дене ағзаларын материалға проекциялау  керек деген идея ұсынған. Кейiнiрек  ғалымдар техниканы адамзат жөн-жосықсыз  тұтынуы орасан зор зиян шектiретiнiн  айтып, дабыл қақты. Кейбiр адамның  жеке басылық тұлғалық қасиеттерiн  техника жоққа шығарады деп  үрейлендi.  М.Голдман, Д.Форестер, Д.Медоуз экологиялық дағдарыс  себептерiн ғылыми-техникалық революциядан  табады. Бұл, әрине, бәрiмiзге белгiлi  жайт. Олардың «технологияның дамуын  осы бүгiнгi деңгейден ары асырмау  керек, тек сонда ғана әлемде  табиғат пен техника арасындағы  тепе-теңдiктi сақтауға болады» деуi  алаңдаушылықтан туған пiкiр. Белгiлi  философ Ясперс «Қазiргi заман  техникасы» («Мәдени мұра»,10 том)  еңбегiнде қазiргi қоғамның бет-бейнесiн  бүкпесiз ашып көрсеткен. «Техникаландыру  нәтижесiнде жиi кездесетiн құбылыс  – мақсатсыз тiршiлiк ету, механизмдердiң  бөлшегi ретiнде ойсыз жұмыс iстеу, автоматтандырылудың кесiрiнен бөтен  тұлғаға айналу, ессiз қалыптағы  күйдiң көбеюi, жүйке жүйесiнiң  тозуы мен қозуы осының бәрi  адам жан-дүниесiне керi әсерiн   тигiзiп жатыр. Адам өз тiршiлiк  тамырынан айырылды, машинаның қасынан  орын табу үшiн туған топырағы  мен Отанынан қол үздi, өз әдет-ғұрыптарынан  алыстады. Техниканы пайдалану –  жұмсалатын еңбектi азайтып, жеңiлдететiнiне  күмән келтiремiз. Қайта техника  адамды бар күшiн сарқа жұмсауға  мәжбүрлейдi. Қазiргi техникалық құйтырқылықтар  арқылы жасалатын тұтыну заттарының  көбеюi жаңа мұқтаждықтар тудырады, мұқтаждықтарды өтеу үшiн техникалық  құрылымдар көптеп шығарылады, бұл  адамды қалжырататын нәрсе. Адам  бәрiбiр ауыр еңбектен босамайды»  дейдi ол. П.А.Флоренский деген ғалым  «Машина и идеалы» атты мақаласында:  «Соңғы онжылдықта адамға делдал  пайда болды. Адам мен адамның  арасындағы бұл делдал – компьютер.  О баста компьютер адамдардың  қарым-қатынасын жақсартуға бағытталып  жасалмаған. Компьютер атына заты  сай болуы тиiс едi. Бiрақ, өкiнiшке  қарай, керiсiнше, оның жобасында адам өмiрiн жақсарту басты мақсат етiп қойылмаған», – дейдi. Мартин Бубер былай жазады: «От жағушылар әлi де болса өз көмiрлерiнiң қожайыны, ал машинистер соншалықты жылдамдықпен жүйткiп келе жатқан машинаны өздерi басқармайды, керiсiнше, машина адамды өз ырқына көндiре бастағанының куәсi боласың».

 Мына қызықты қараңыз.  22 жасар америкалық әскери ұшқыш  жауынгерлiк  ерлiгi үшiн марапаттау  кезiнде журналистерге сұхбат  берiптi. Сонда ол: «Мен өзiмдi орасан  зор тозақ машинасының тетiгiндей  сезiнемiн. Бұл туралы көп ойлаған  сайын мен өзiмдi туған күнiмнен  берi әрқашан бiрде ана, бiрде  мына машинаның тетiгi болғанмын  ғой деп ойлаймын. Мен әркез  өз қалауыммен бiр әрекет жасағым  келедi. Бiрақ менен де қайратты  техника деген күш менi әлдебiр  өзiме тиесiлi орынға оңай жеткiзiп  отырады. Бұл маған ұнады деп  айта алмаймын», – дептi. Ұшқыш  не айтқысы келген сонда? Ол  өз қолымен әрекет жасағысы  келедi. Бiрақ техника оның алдын  орап кеткенiне қынжылыс бiлдiрiп  отыр.[3]

 

Табиғаттан, тамырынан безiнiп...

 

               Қазiр әлемдi технизацияландырудың  айдарынан желi есiп тұр. Ғалымдар  ендi адамдардың түсiнiгiнде «табиғи  орта» деген жойылатынын айтады. Демек, адам қиялына қауiп-қатер  төндi. Виртуальды шындық табиғи  қиялдың орнын алмастыратын болса,  онда көз алдыңызға елестете  берiңiз.  Сiз бос уақытыңызда  қаладан шалғайдағы жайлауда, немесе  таулы аймақта серуендеп, табиғаттың  тамашасын қызықтамайсыз. Сiздiң  алтын уақытыңыз әлгi виртуальды  әлемдi кезуге кетедi. Жаратылыстың  сұлу һәм адам жанын нұрландыратын  әсемдiктерiн сезiнбейсiз. Үлбiреген  гүл, күмбiрлеген орман, сылдыраған  су, былдыраған бұлақ, шөптермен  толқындалған дала, осы жаратылыстың  тылсымы сiз үшiн тылсым болудан  қалады. Тылсымдық жанды билемейдi. Сұлулық сезiмдерi ше? Сұлулық   адамның әсем ләззат iздеуiне, нәзiк  нәрсенi сүюiне,  жауыздықтан құтылуына  көп көмектесетiнi айтпаса да  түсiнiктi жайт. Бiрақ бiз күтiп алғалы  отырған мына «компьютерлiк төңкерiс»  әлемi iшкi сезiм тiлiмiздi мылқау, көңiлдiң  көзiн соқыр, аяқ-қолын бұғаулы  етедi. Сосын  жан мүгедек күй  кешедi.  Бұл төңкерiс өз қозғалысын, дамуын ендi ешқашан тоқтатпайды  деседi ғалымдар. Проблеманың өзi осында жатыр. Адамның психофизиологиялық, тұлғалық, мiнездiк ерекшелiктерi осы  төңкерiстен соң, бiр зауыттан  шыққан ұқсас заттардай бiрөлшемденедi. Мысалы, компьютерлiк техниканың елеулi түрi – адамды  жаңа әлемге кiргiзетiн қолдан жасалған құрылым – виртуальды шындық деген шықты. Электронды көзәйнек кисеңiз көрiнетiн ойындық немесе техникалық жасанды шындық.  Сана компьютер құрастырған  әлемге енедi де, онда виртуальды түрде көрiне, сезiне және әрекет ете алады. Онда бәрi бар. Не көргiңiз келедi, бар жоғы бiр-екi нүктесiн басып қалсаңыз болды, көздi ашып-жұмғанша сол қалағаныңызды алдыңызға тосады. Виртуальды шындық – сананың  жүйелiк шатасуына әкелiп соқтыратын құрал. Мұндай ми құнарын соратын жасанды шындық адамдардың өз түйсiгiмен сезiнетiн шынайы шындықты шетке ығыстырады. Сүйтiп, адамдардың ойлау жүйесiн стандартты қалыпқа түсiредi. Өкiнiштiсi сол, осының бәрiн iштей мойындасақ та, виртуальды шындықтың астына кiлем төсеп, көкке көтеретiн жарнамаларды қаптатып жiбердiк. [5]

                Өткен ғасырларға бiр шолу жасап  шығайық. Орта ғасырларда адамдар  өзгелермен және  Құдаймен, заттармен  тiрi сенiм арқылы ортақтасты. Сансыз  қайғылы оқиғаларға белшеден  батып жүргенiне қарамастан, ол  ғасырлар адамды гуманизмге, романтикалық  сезiмге қабiлеттi еттi. Таза жүректiлердiң  арқасында ұлы махаббат адам  жан-дүниесiне оның өзiнен жоғары  табиғатты сүйдiрдi. Бiр ғана ағартушылық  дәуiрiн алайық. Ол дәуiрде ой  еңбегi жоғары бағаланғанын бiлемiз.  «Әрбiр адам ақыл-ойдың жемiсiне  сүйене отырып, тарихты саналы  түрде жасауы керек. Яғни, жауапкершiлiктi сезiне отырып, ерiктi әрекетке даңғыл  жол ашуы керек» деген ұран  болды. Бiздiң ақыл-ойымыз сол  замандармен теңесе алмайды. Себебi, автоматтанып кеткен. Қазiргiлердiң  iшкi жан-дүниесiн де ол замандармен  ойша салыстырсаңыз, аспан мен  жердей айырмашылыққа кезiгесiз.  Жан сұлулығының былғанғаны сондай, Авгий атқорасы дерсiң. Осы  ретте «компьютерлiк төңкерiс»  өзiнiң зымиян (жұмсартып айтқымыз  келмейдi) мақсатына толықтай жетiп  отыр. Мұндай дамудың нәтижесiнде  әрбiр жеке адам байланыссыз  заттардың құрсауында қалып қойғандай  және ауыр машиналардың салмағы  өзiн басып тұрғандай сезiнетiн  проблема туындайды. Теледидардағы,  интернеттегi кинофильмдер, түрлi бағдарламалар  бiр-бiрiнен аумайтын ұсақ тақырыптарды  қаузайды. Бұл  адамның фундаментальды  өзiндiгiн жаттандырады. Автоматтандырылған  жүйелер, машиналар, компьютерлiк  техника негiзiнен тек қана  механизмдердi басқарып қана қоюы  керек едi. Қайдан! Оған бұл аздық  етедi екен. Адамның ақыл-ойы, интелектiлiк,  сезiмдiк, эмоциялық секiлдi байлық  үзiктерiн автоматтандырып, стандарттандыратын  мақсаты да бар болып шыққаны  ғой оның.  Ясперстiң сөзiмен  айтқанда, «шынымен адамның барлық мүмкiндiктерi мен оның ешкiмге ұқсамайтын ерекшелiгi түгесiлiп, медитация қабiлетiмен қош айтысуымызға тура келе ме?».

 Техника мәселесiн  қозғағанда бұқаралық мәдениетке  тоқталмай кете алмаймыз. Екеуi егiз  қозыдай. Мұндай мәдениеттiң ең  шектен тыс жүзеге асуы –  китч. Бұл немiстiң «kitsch» деген  сөзiнен шыққан. Оның мағынасы  – «мәдениетсiздiк, дөрекiлiк, елiктеушiлiк». Китчтың мiндетi – бақыт туралы  иллюзияны қалыптастыру. Оның иллюзиясы  да техника арқылы жүзеге асады,  яғни, автоматтандырылады. Автоматтандырылу  нәтижесiнде ақыл-ой банкротқа  ұшырап, есiгi тарс жабылады. Бұқаралық  мәдениеттiң бiр көздегенi – бiрөлшемдi  ақпараттар тарату. Парадоксты оқиғаларға  құрылған, оқыс жағдайларға әуестену, ессiз әрекетке құмарту шырмауығы  сананы билейдi де, ол бүкiл ғаламшарды  бiртұтастандырып жiбередi. Мына қызықты  қараңыз. Америкалық 15 жасар жасөспiрiм  жеңiл моторлы ұшаққа отырып  алып, Флоридадағы «Америка банктiң»  зәулiм ғимаратына соғылып қаза  тапқан. Қалтасынан хат шыққан. Қаршадай  бала  11 қыркүйектегi атышулы Усама  Бен Ладеннiң террорлық әрекетiне  сүйсiнгенiн жазыпты. Тағы бiр  жайт. Футболдан әлем бiрiншiлiгiне iрiктеу ойындары көрсетiлiп жатқанда  бiр ғана Париждiң  жиырма-отыз  миллиондай азаматы бүкiл түндi телеэкран алдында өткiзедi екен. Бүкiл әлемдi бiр жәшiкке телмiртiп   қоятын мұндай ойындарды  жоғары  бағалау ақыл-ой жемiсiн жерге  қарату деп санаймыз.

 

Ауруды робот емдей  ала ма?

 

            Техника – жансыз. Оның ойы,  миы, сезiмi, жүрегi екiбастан жоқ.  Болмайтын да шығар. Болмай-ақ  қойсын деп тiлейiк. Бiрақ мына  бiздердi көзсiз арбайтын сиқырлы  тылсым күшi бар. Техника –  құзғын. Рухани байлығымызды сол  құзғынға жем қылып жатырмыз. Техника – догма. Ашық аспан  астында iшкi дүниемiз тоналып  жатыр. Техникалық кезең –  рухани кезеңнiң антиподы. Адамның  адамилығы құлдырағанда технизациядан  пәс күйiнше қалады. Техника дәуiрiнде  адамдар атом мен молекуладай  ыдырап, майдаланып, қасаң түсiнiктерге  сүйенетiн қарабайыр дүниеде өмiр  сүргенiн сезiне алмайды. Табиғаттан, өз-өзiнен iргесiн аулақ салып,  оны рухани жұтаңдандырады. Адам  – бар болғаны  тетiк, құрал.  Трансценденттiк кемелдiк жетiмдiктiң  күйiн кешiп, құмырсқа тiрлiк,  бiр-бiрiне қайшы ұсақ талаптар  мен жеке бастың мүддесi басты  орынға шығады. Небiр технологиялық  құралдар, түрлi заттар шығып жатыр.  Соңғы шыққан заттарды сатып алуға құлшыныс басым. Адамдар ол заттардың сапасына қарамайды, керiсiнше, мәртебе үшiн сатып алады. Мәселен, ұялы телефонды алайық. Бiр басында үш-төрт «ұяшығы» бар азаматтар арамызда аз емес. Бiреуiнiң номерi aktiv, екiншiсi beelinе, т.б.  Бiр емес, үш-төртеуiн  қолдану аса қажеттiлiктен туындап отырған жоқ, бұл жәй ғана мақтаншақтық, астамшылық, тiптi керек десеңiз, балалық. Өздерiн өзгелерден жоғары қойып, шiренiп-шiкiрею үшiн тапқан әдетi.  Осындай әсiреқызығушылық,  техникалық  заттарға деген құмарлықтың етек алғаны соншалық, қазiр бiр «ұяшығы» барларды «байғұс, жағдайы нашар ғой, қайтсiн ендi» деп мүсiркейтiндер табылады. Шын мәнiнде, саналы түрде ойлап қарасаңыз, техника ешуақытта  өмiрдiң мағынасын, мәнiн анықтап берген емес және бере алмайды да. Ол бақыт бақшасы да емес. Керiсiнше,  бүкiл өмiрiңдi, тағдырыңды, өзiңнiң болмысыңды қуыршақ қылып ойнайды. Сiз оның, бар болғаны, ойыншығы ғанасыз. Егер өмiрiңiз техникамен көзсiз бiрлiкте, мызғымас байланыста өтiп жатса, сiз саналы түрде оны тек қана құрал ретiнде қарай алмасаңыз, онда сiзге шындап  көңiл айтуға болады.

 Техниканың жете алмай,  жеткiзбей жүрген бiр «ұлы»  мақсаты бар. Ендi оған адамдарды  тек роботқа айналдыру ғана  қалды. Бұл бiртiндеп жүзеге  асып та жатыр. Батыста аурухана, өзге де түрлi кешендерде роботтар  қолданылады. Париждегi Жорж Помпиду  ауруханасы және Жапониядағы  ауруханаларда лазерлiк басқаруды  пайдалану жоспарланып отыр. Аурухана  қызметкерлерi қандай да бiр материалды  жеткiзiп беру туралы орталық  компьютерге сұраныс жасайды.  Орталық компьютер сұраныстың  жеделдiгiне байланысты роботты  жұмсайды. Бұл жұмыссыздардың саны  артып, сол жұмыссыздар тоқшылықта, молшылықта өмiр сүрсе де, әрекетсiздiктен  зерiгiп, азып-тозады деген сөз.  «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық  аздырар адам баласын»  деп  Абай атамыз баяғыда айтып  кеткен.[6]

Информация о работе Техника философиясы