Автор: Пользователь скрыл имя, 11 Марта 2012 в 22:01, реферат
Әрқандай іс-әрекетке байланысты адам қандай да қызмет орындауы қажет және сол істің тиімді нәтижесін қамтамасыз етуге жәрдем беретін сапаларға ие болуы тиіс. Мұндай дара педагогикалық ерекшеліктер міндетті түрде, бір жағынан, өзіндік психикалық табиғатына ие болудан, екіншіден - әркімде өз алдына, қайталанбас көрінісінен жеке адам қабілеті, мінез-құлқы деп аталады. Адам болғанның барлығы тік жүру, сөйлеу мүмкіндіктеріне ие, бірақ бұлардың бірі де шын қабілет тобына кірмейді, себебі, біріншісі – психологиялық құбылыс емес, екіншісі – баршада бірдей көрінетін әрекет. Қабілеттердің табысты іс-әрекетпен байланыстылығын баса айтумен, тиімді нәтижеге негіз боларлық дара-өзгермелі адам қасиеттерінің шеңберін тарылта қарастыру керек.
І Кіріспе
ІІ Негізгі бөлім
2.1. Педагогикалық қабілеттің дара стильдері
2.2. Педагогикалық мінез-құлық пен қызметтің дара стильдері
ІІІ Қорытынды
Жоспар:
І Кіріспе
ІІ Негізгі бөлім
2.1. Педагогикалық қабілеттің дара стильдері
2.2. Педагогикалық мінез-құлық пен қызметтің дара стильдері
ІІІ Қорытынды
Кіріспе
Педагогика үшін мәнді мәселенің бірі – “жеке тұлға” түсінігінің өзін айқындап алу. Адамның дамуында бір-біріне байланысты екі өзек байқалады, оның бірі – биологиялық, екіншісі – әлеуметтік. Шетел педагогикасы мен психологиясы жеке тұлғаның даму мәселесін үш негізгі бағытта қарастырады, яғни олар: биологиялық, әлеуметтік және биосоциологиялық. Осы бағыттар адамның дүниеге келген күнінен бастап оның дамуы мен қалыптасуында көрініс бере бастайды. Адам туғанда тек биологиялық тіршілік иесі болып танылады, жеке тұлғалыққа жету әлі ерте. Биологиялық нышандар мен қасиеттердің дамуы адамның өмір бойы мүшелік пісіп жетілуі және қалыптасуы үрдісінің сипатын көрсетіп отырады. Сонымен қатар, адамның қабілеттері мен мінез-құлқының дамуы да жатады. Адамның биологиялық кемелдену және өзгеру үрдісі, оның дамуының жастық сатылары мен мінез-құлығында көрініп, осыдан балалық, жасөспірімділік, ересектік және қариялық табиғи бітістерін ажыратамыз. Жеке адам қоғам өмірінің өнімі болғанымен, оның тірі организм екенін ұмытпау керек. Әлеуметтік және биологиялық қатынастар жеке адамның қалыптасып дамуына әртүрлі әсер етеді.
Әрқандай іс-әрекетке байланысты адам қандай да қызмет орындауы қажет және сол істің тиімді нәтижесін қамтамасыз етуге жәрдем беретін сапаларға ие болуы тиіс. Мұндай дара педагогикалық ерекшеліктер міндетті түрде, бір жағынан, өзіндік психикалық табиғатына ие болудан, екіншіден - әркімде өз алдына, қайталанбас көрінісінен жеке адам қабілеті, мінез-құлқы деп аталады. Адам болғанның барлығы тік жүру, сөйлеу мүмкіндіктеріне ие, бірақ бұлардың бірі де шын қабілет тобына кірмейді, себебі, біріншісі – психологиялық құбылыс емес, екіншісі – баршада бірдей көрінетін әрекет. Қабілеттердің табысты іс-әрекетпен байланыстылығын баса айтумен, тиімді нәтижеге негіз боларлық дара-өзгермелі адам қасиеттерінің шеңберін тарылта қарастыру керек.
2.1. Педагогикалық қабілеттің дара стильдері
Баланың қабілетін дамытуда оның өзінің белсенділігі маңызды және қажетті жағдай болып табылады. Бұл белсенділік баланың кез-келген әрекетінде: ойында, оқуда, еңбекте көрінеді. Әрине бұл жағдай ересектердің бағыт-бағдар беруі арқылы жүзеге асады. Баланың қабілеті оның өз қолдауы табылған іс-әрекетінде қалыптасады және дамиды. Бала тек белсенді іс-әрекетте ғана жан-жақты дамиды да, жеке тұлға ретінде қалыптасудың реті туады.
Тұлға дамуы туралы ізденістегі психологтердің айтуы бойынша әр адамның дамуы өз қолында, оны сырттан әсер етер күшпен дамытуға болмайды, тек оңтайлы ықпал жасауға болады. Осы пікірден туған білім беру мақсатының басқа да тұжырымы бар. Оқушы тұлғасын дамыту, ол оның толық өзіндік өсуінің, өзіндік қалыптасуының, өзіндік жетілуінің амалы ретінде қарастырылады. Сондықтан, мектеп мақсаты баланың табиғи күштері мен мүмкіншіліктерінің өзіндік ашылуына қолайлы жағдай жасау болып табылады. Ол үшін оқушы тұлғасының дамуын көздейтін білім беру үрдісін ұйымдастырудың түрлі әдістері мен амалдарын анықтап, жүзеге асыру қажет.
Сонымен, адам баласы тұлға ретінде өмір сүру барысында өзінің қоғамдық мәнін сипаттайтын көптеген әлеуметтік сапалар мен қасиеттерді қалыптастырады, әрі дамытады. Міне, осыдан ол ғылымда биоәлеуметтік тұлға, субъект, яғни тарихи-қоғамдық қызмет пен таным иесі деп танылады. Демек, “адам” түсінігі осыдан биологиялық және әлеуметтік (қоғамдық), сапа мен қасиеттердің бірлігін білдіреді.
Жеке адамдық қабілеттер өмір барысында қалыптасқандықтан, олар біреулерде айқын көрініп, басқаларда күңгірттеу болады. Олай болса, жеке адамдық дәреже деңгейін қалай білеміз және оның өлшемдері қандай деген сұрақтар туындайтыны сөзсіз.
С.Л. Рубинштейн зерттеуі бойынша жеке адам өз қылығы мен іс-әрекетін саналы басқаруға мүмкіндік беретін психикалық даму деңгейімен сипатталады, яғни өз әрекетін ойластыра біліп, жауапкершілікті сезіну қабілетінің болуы, өз бетінше дербес іс-әрекетін жасай білуі – жеке адамның мәнді белгілері. Белгілі философ-ғалым В.П. Тугаринов жеке адамның сапалық көрсеткіштері ретінде төмендегілерді атайды:
- саналылық;
- жауапкершілік;
- еркіндік;
- жеке басының қадірі;
- даралық;
- қоғамдық белсенділік пен бекіген саяси-идеялық бағыттылық.
Жеке адамдықтың критерийлерін (өлшемін) белгілеумен В.П. Тугаринов бұл түсінікті адамның жастық әрі психикалық кемелденуімен байланыстырды.
Даралық бір адамның екіншісіне ұқсамайтын, өзіндік ерекшелігі мен өзгешелелігін сипаттайды. Даралық әдетте, мінез бен темпераменттің айрықша бітістері (салмақты, сабырлы, ашушаң), шығармашылық іс-әрекет және қабілетінің ерекшеліктерінің (ойлап тапқыш, ұқыпты) өзіндік көріністермен бөлектенеді. Аталғандар сияқты мұғалімнің де даралық белгілері оның терең білімдарлығында, педагогикалық ой-өрісінде, балаларға жайлылығы мен еңбектегі шығармашылығында танылуы мүмкін. Даралық түсінігі бір адамды екіншіден айырып, оған өзіндік қайталанбас сән беретін жалпылық және жалқылық қасиеттерді білдіреді.
Жеке адамдық сапалар адамның өмір барысында дамиды және қалыптасады. Сондықтан, педагогикадағы “даму” және “қалыптасу” категорияларының мәнін ашып беру маңызды.
Даму – бұл жеке адам сапалары мен қасиеттеріндегі сандық өзгерістер жүйесі. И.П. Подласый даму ұғымын былай түсіндіреді: “Даму дегеніміз адам организміндегі сандық және сапалық өзгерістер”. Адамның туған күннен бастап дене құрылымы мен әртүрлі мүшелері ұлғаяды. Ол сөйлей бастайды, сөздік қоры молая түседі, көптеген әлеуметтік-тұрмыстық және рухани ептіліктер мен еңбектік дағды және әдеттерді игереді. Бірақ адамның жеке адам болып дамуындағы басты белгі, ондағы сапалық өзгерістер. Оны мына мысалдардан түсінуге болады: тілдік қызметтің жіктелуі адамның танымдық қабілетін арттырады, сезімдік аймағын кеңейтеді. Танымдық қызмет барысында абстракт ойлау, логикалық ес дамиды, өмірге деген көзқарас пен наным-сенімдер орнығады. Еліктеушілік мінез-құлық бірте-бірте белсенді – жасампаз, шығармашылық іске ауысады, өз қылық әрекетін басқара алу мен өзіндік билік қабілеті көркейеді. Бұл өзгерістердің бәрінен адамның анатомиялық-физиологиялық кемелденуіндегі, жүйке жүйесі мен психикасының және танымдық пен шығармашылық іс-әрекетінің жетілуіндегі, дүниетанымдық, имандылық, қоғамдық-саяси көзқарастары мен нанымдарындағы бір-біріне кіріге байланысқан сандық және сапалық өзгерістер үрдісін білеміз.
Осы күнгі педагогикада жеке адам дамуы жөнінде қалыптасқан ой-пікірлер төмендегіше:
- Адамның қоғамдық тұлға ретінде қалыптасуына, оның дамуға деген табиғи қабілеті аса маңызды. Әр адам іс-әрекеттің түріне негіз болар нышанмен дүниеге келеді, сондықтан да адамның биологиялық және әлеуметтік даму мүмкіншілігі бір-бірімен тығыз байланыста, бірақ әлеуметтік фактордың рөлі басымдау.
Балалар қабілеттілігі – тарих азығы. Көптеген іс-әрекеттің нәтижесінде адамдардың қабілеті қалыптасып, дамиды. Жай ғана психикалық процесстерден күрделі процесстерге дейін адамның іс-әрекет процессінде дамиды. Өмірлік практика әртүрлі заттарды қажет еткендіктен – қабылдау қабілеті дамиды; табиғатқа әсер етуі арқасында, оның өзгеруі нәтижесінде – ойлау қабілеті дамиды; өткен ұрпақтың тәжірбиесі жетіспегендіктен, жаңа орта жағдайына байланысты – елестету қабілеті дамиды.
Қазіргі психология мен педагогика адамның қабілетінің тұқым қуалайды деген теорияны жоққа шығарады.
Сонымен қатар, қазіргі психологтардың кейбіреулері тұқым қуалаушылық қасиеттердің болуын да айтады. Туа біткен анатомиялық- физиологиялық ерекшеліктерді қасиеттер деп айтады.
Қасиеттер, дегеніміз, қабілеттің табиғи сілтемелері және олар қалыптасу мен даму процессіне әсер етеді. Қалыпты жағдайда қасиеттер адам қабілетінің қалыптасуына әрекет етеді, олардың дамуын жеңілдетеді.
Танымал психолог А.В. Петровский қасиетті дәнмен теңестіреді, сондықтан оған даму қажет. Мұны Петровский бойынша түсіндірсек, топыраққа тасталған дәннен масақ өсіп шығу үшін мынандай жағдайлар қажет: ылғалдылық, қалыпты температура және т.б. Сол сияқты адамның қасиеті бар, соны дамыту үшін жағдай жасалуы қажет. Өмірде, тамаша қасиеттері бар адамдардың өз мүмкіндіктерін пайдалана алмай, жетістіктерге жете алмай қалғандардың мысалы жетерлік.
Балалардың өздерінің қабілеттерін оқу әрекетінде дамытуға мүмкіндіктері бар. Мектептегі оқыту мен тәрбиенің арқасында балаларға белгілі қоғамдық тәжірбие беріледі. Оқу бағдарламасының күрделенген түрлерін меңгере отырып, оқушылардың қабілеттері дамиды. Білім жүйесін меңгере отырып, балалар сана операцияларын меңгереді және өзінің сана қабілеттерін дамытады.
Адамның қабілеті жайлы сөз болғанда оның іс-әрекеттің белгілі бір түрін орындай алу мүмкіндіктері есте болады. Мұндай мүмкіндіктер іс-әрекеттерді меңгеруде айтарлықтай табысқа, еңбекте жоғары көрсеткішке жетуге әкеледі.
Біркелкі тең жағдайларда (дайындық деңгейі, білім, дағды, білік, жұмсалған уақыт, ақыл-ой, дене күші) қабілетті кісі қабілеті төмендеу адамға қарағанда істе мейлінше жақсы нәтиже көрсетеді.
Қабілетті адамның жетістігі — оның нервтік психикалық қасиеттері комплексінің іс-әрекет талаптарымен сәйкес келуінің нәтижесі болып табылады.
Кез келген іс-әрекет күрделі де сан қырлы болып келеді. Ол адамның психикалық және физикалық қуатына әр түрлі талап қояды. Егер жеке адамда бар қасиеттер жүйесі осы талаптарға сай болса, онда іс-әрекетті табысты, әрі жоғары дәрежеде орындай алады. Егер осындай сәйкестік болмаса, онда индивидте қабілет болмағаны.
2.2. Педагогикалық мінез-құлық пен қызметтің дара стильдері
Мінез – жеке адамның өзіне тән қылық-әрекетінде, тіл қатынасында тұрақты қалыптасатын дара ерекшеліктерінің жиынтығы.
Мінез нақты адамның шыншыл, адал, ақкөңілдігіне орай сипатталмайды, аталған сапалар - әртүрлі жағдайларды көрініс беретін жеке адам қасиеттері. Мінездің нақты қалыптасуы әртүрлі деңгейде дамыған топтарда (отбасы, достары, сынып, спорт командасы, еңбек ұжымы т.б.) қалыптасады. Осы топтар сипаты мен олардың ардақталатын адамгершілік, қоғамдық құндылықтарға тәуелді мүшелерінің мінез ерекшеліктері орнығады. Мінез бітістері, сонымен бірге тұлғаның отбасындағы абыройы, топтың басқа мүшелерімен арақатынасына байланысты тұрақталып, не аса қажет болса, өзгеріске түседі. Жоғары деңгейлі дамыған топ, ұжым мінездің мәнді де ұнамды бітістерінің қалыптасуында оң әсер етеді. Жақсы мінезді адам қалыптастыра отырып, ұжым өз дәреже, деңгейін арттыра түседі.
Қоғам әсерлері мен ықпалдарын бейнелейтін мінез мазмұны жеке адамның өмірлік бағыт-бағдарын құрайды, яғни оның заттай және рухани қажеттеріне, қызығуларына, наным-сенімдеріне, мұраттарына негіз болады. Бағыт-бағдарға сай жеке адам өз мақсаттарын, өмірлік жоспары мен сол жоспарды іске асыруда қажет белсенділік деңгейін белгілей алады. Мінезге орай адамның дүине талғамы, өмір мәні, белгіленген мақста-мүдделерінің, әрекет қылықтарының себептері ашылады.
Мінез-құлық тек әлеуметтік жағдайларда ғана емес жеке адамның табиғи құрылымына да тәуелді. Адамның биологиялық жағын көрсететін қасиеттің бірі болып табылатын темперамент жас балалардың ойыны үстінде, түрлі қарым-қатынас жағдайында анығырақ және ертерек байқалады.
Мінез - бұл адамның әлеуметтік мінез-құлқының ерекшелегі. Ол әлеуметтік топтағы жеке адамның өмір қалпын бейнелейді және жүктелген іске, адамдарға қарым-қатысынан көрініп отырады. Күнбе-күнгі тіршілікте адам, әдетте, менмен не көпшіл, қайырымды не сараң, биязы не дөрекі, батыл не солқылдақ, табанды, ержүрек не байбалаңшыл болып сипатталады. Бұл сөздер арқылы адамның бір нәрсеге (моральдық қасиеттер), не мінез-құлық амалына (жеке адамның ерік сапалары) қатысы аталады. Олай болса, мінез негізінде жеке адамның моральдық-еріктік қасиеттері жатады.
Жеке адамға не адамдар тобына тән өзіндік қарым-қатынастар, мінез-құлық пен қимыл қозғалыстардың тәсілдері - кісінің танымы мен іс-әрекетінде, тәрбие мен өзін-өзі тәрбиелеу үрдісінде қалыптасады.
Іс-әрекеттің әр түрлі болуына және одан алатын әсерге мінездің толысуы мен күші тәуелді болады. Жеке адам тіршілігінің өрісі тар, ол қоғамдық дамудың негізгі бағытынан оқшау жүріп жатса (отбасынан әрі аспайтын болса), онда біртіндеп оралымсыз, тартқыншақ мінез қалыптасады. Бала мінезінің қалыптасуына жанұя мен мектеп өмірінің моральдық-психикалық жағдайы үлкен әсер етеді. Қоғамда адам жөргегінен бизнесменнің, не итаршы малайдың, не жұмысшы мен ұсақ қызметкердің, фермердің психологиясын бойына сіңіре өседі. Жолдастық өзара жәрдем, ынтымақшылдық өріс алған қоғамда кеңес адамдарының бойында ұжымдық, сергектік, ілтипаттылық мақсаттылық және табандылық сияқты тамаша қасиеттер қалыптасып отырады.
Олай болса, нақты адамның мінезіне талдау жасағанда ол өмір сүріп отырған қоғамдық - тарихи жағдайды еске алумен бірге, оның тәрбиеленуі бағытын да ескеріп отырған дұрыс, өйткені бұл екеуі адамның белгілі мінез бітімін қалыптастыратын өзара байланысты себептер болып есептеледі.
Мінездің табиғи және әлеуметтік жағы. Мінез туыстан пайда болмаса да, жүйке жүйесінің, адамның табиғи жағының ерекшелігі мінез көріністерінде, оның жекеленген бітімінің қалыптасуында байқалып отырады. Жүйке үрдістерінің тең не тең еместігі, шапшаңдығы не баяулығы, күштілігі мен әлсіздігі - бүлардың бәрі адамның іс-әрекетіне, мінез-құлқына, оның реакцияларына түрліше рең береді. Мәселен, екі адамның наным-сенімі бірдей болғанмен, оның бірі - қызба, шапшаң және албырт, ал екіншісі - байсалды, парасатты болуы ықтимал.