Автор: Пользователь скрыл имя, 22 Февраля 2012 в 19:42, реферат
Трансакция – қоғамда қабылданған меншік құқығының немесе белгілі бір іс – әрекетке құқықтың, яғни еркіндік құқығының бөтенсуі және иемденуі.
Демек, трансакциялар адамдар арасындағы қарым – қатынас негізінде жүретін іс – әрекет. Экономикалық теорияда адамдар арасындағы қарым – қатынас ресурстардың сиректігі, жеке мүдделерге бағытталу жағдайында қарастырылады.
І.Трансакция түсінігі және оның түрлері.
ІІ.Трансакционды шығындар түсінігі және мазмұны.
ІІІ.Трансакционды шығындар жіктемесі.
ІҮ.Сыртқы әсерлер және Коуз теоремасы.
Ашықтықты қамтамасыз ету мәселесі қажетті ақпараттардың қол жетімді болмауы салдарынан пайда болады. Осы мәселелерді шешу мақсатында трансакциялық шығындар жұмсалады. Трансакциялық шығындар кәсіпорынның ішкі және сыртқы ортасындағы белгісіздіктің алдын алу үшін қажетті ақпараттарды алуға арналған [1].
Экономикада трансакциялық шығындар теориясы дүние жүзінің көптеген
ғалымдарымен зерттеліп келді. Қазіргі заманғы институционалды экономикалық теория шеңберінде трансакциялық шығындар жөнінде алуан түрлі көзқарастар болды. Ең алғаш трансакциялық шығындар Нобель сыйлығының лауреаты экономист Рональд Коуздың 1937 жылы жарық көрген «Природа фирмы» атты еңбегінде қарастырылған. Р.Коуз кәсіпорынның пайда болуын, оның жұмыс жасауын түсіну үшін «бағалар механизмін пайдалану шығындары», «ашық нарықта айырбас трансакцияларын жүзеге асыру шығындары» немесе «нарықтық шығындар» ұғымын пайдаланды. Кейін ол өз мақалаларында «нарықтық трансакция шығындары» түсінігін пайдаланды [2]. Ол трансакциялық шығындар: «сәйкес бағалар қандай екендігін анықтауда кездесетін» және «келіссөздер жүргізуге және айырбастың әрбір трансакциясына келісім-шарттар жасауға кететін нарықтың ажырамас шығындары» деп айтқан [3]. Ал трансакция түсінігіне тоқталатын болсақ, трансакция латын тілінен аударғанда «transactio» «келісім, мәміле» дегенді білдіреді. Нарықта трансакцияға қол жеткізу үшін белгілі бір мөлшерде шығындалу керек, осы шығындар трансакциялық шығындар деп аталады.
А.Е.Шаститко трансакция бұл «…қоғамда қабылданған бостандық пен меншік құқығынан айыру немесе бостандық пен меншік құқығына иемдену қызметі»,- деп түсінік беріп кеткен [4]. Алғаш трансакция ұғымын Дж.Коммонс қарастырған. Ол трансакцияның келесідей түрлерін ажыратып, жіктеген:
· Сауда трансакциялары немесе мәміле трансакциясы;
· Басқару трансакциясы;
· Оңтайландыру трансакциясы.
Дж.Коммонспен жіктелген трансакцияның бірінші түрі меншік құқығынан айыру және меншік құқығына иемдену процесіне қатысушы тараптардың қарым-қатынасын анықтайды. Басқару трансакциясында «басқару - бағыну» қарым-қатынасы басты болып табылады. Ал оңтайландыру трансакциясында тараптардың құқықтық жағдайларының үйлесімсіздігі сақталады. Басқарушы тарап болып құқықтардың ерекшелігін анықтаушы ұжымдық орган табылады. Трансакцияның бірінші түрі бойынша тараптардың екі жағы да меншік құқығынан айыру немесе меншік құқығын иемдену процесіне қатысады және бұл жерде екі жақтың да шешімі маңызды болып келеді. Басқару трансакциясы барысында басқарушы жақтың қабылдаған шешімі маңызды болып келеді. Ал оңтайландыру трансакциясында бір жақ екінші жақтың құқығын анықтайды [4].
Экономистердің трансакциялық шығындар жөнінде көзқарастарына келетін болсақ, Кеннет Эрроу трансакциялық шығындарды «экономикалық жүйені басқаруға кететін шығындар» ретінде қарастырған [4].
Ал Дж.Норт трансакциялық шығындар «айырбас объектісінің пайдалы қасиеттерін белгілеуге және олардың сақталуына міндеттеуге және құқығын қамтамасыз етуге кететін шығындардан тұрады»,- деп тұжырымдаған [5].
Далман трансакциялық шығындар түсінігін «ақпараттарды жинауға және өңдеуге, келіссөздер жүргізіп, шешім қабылдауға, келісім-шарттардың орындалуын бақылауға және заң жүзінде қорғауға кететін шығындармен» байланыстырған [2]. Трансакциялық шығындардың классикалық анықтамасын Т.Эггертссон берген. Ол трансакциялық шығындарды индивидтердің меншік құқықтарымен экономикалық активтерге алмастыру және өздерінің ерекше құқықтарын қамтамасыз етуі барысында туындайтын шығындардың мәні ретінде қарастырған [6]. А.Н.Олейник трансакциялық шығындарға құқықты айырбастаумен және қорғаумен байланысты барлық шығындарды жатқызған [7].
Жоғарыда берілген түрлі көзқарастарға қарамастан трансакциялық шығындар түсінігін толықтыру мақсатында экономистермен жаңа түсініктер берілді. Трансакциялық шығындар түсінігін В.В.Радаевтың берген анықтамасы негізінде қарастыратын болсақ, ол кәсіпорындардың нарыққа шығуын, нарыққа шығу барысында туындайтын шығындарды қарастырған. Ол трансакциялық шығындарды кәсіпорынның нарыққа кіруімен және нарықтан шығуымен байланыстырып қарастырды. В.В.Радаев трансакциялық шығындар деп нарыққа кірумен және нарықтан шығумен, ресурстарға қол жетімділігімен, меншік құқығының берілуімен, ерекшелігімен және қорғалуымен, іскерлік қатынастардың жасалуымен және олармен жұмыс істеумен байланысты шығындарды қарастырған [8]. Алуан түрлі көзқарастарды негізге ала отырып, трансакциялық шығындар трансакциялардың мүлтіксіз орындалуына жағдай жасау мақсатында жұмсалатын шығындар екеніне көз жеткізуімізге болады.
Трансакциялық
шығындарды өндірістік шығындардан, өнімді
өткізуге кететін шығындардан ажырата
білу керек. Өндірістік шығындар өндірістің
алдында жоспараланады, сонымен қатар
өндірілетін өнім көлеміне байланысты.
Ал трансакциялық шығындар өндіріске
дейін, өндіріс барысында, тіптен өндірістен
кейін де пайда болуы мүмкін. Сонымен қатар
трансакциялық шығындар белгілі бір трансакцияға
қатысты пайда болады.
Оның ойынша, трансакциялық шығындардың пайда болуына біріншіден,
қатысушылардың жеткіліксіз хабардар болуы мен түсініктерінің сай келмеуі әсер етеді.
Трансакциялық шығындардың бұл себебі экономикада «шектеулі рационалдылық» деп аталады. Адамдар шешімдерді рационалды қабылдауға немесе өз істерін рационалды түсіндіруге ұмтылады. Мұнда трансакциялық шығындардың пайда болуына білім мен мәдениеттің төмен деңгейі, ақпарат сапасының төмендігі және ақпараттық вакуум әсер етеді. Сонымен қатар бизнес шарттарының жоғары құбылмалылығы да, мысалы нарықтық конъюнктура, дағдарыс, күрт өсу де оңтайлы шешім қабылдауға шектеу жасайды.
Трансакциялық шығындардың туындауының екінші себебі- бұл трансакция қатысушыларының оппортунистік қылығы (ісі). Мұнда трансакциялық шығындардың пайда болуына заңдардың айқынсыздығы мен қоғамдағы сенімділіктің жалпы деңгейінің төмендігі күшті әсер етеді. Оппортунистік мінез-қылық түсінігі О.Уильямсонның өзімен енгізілген. Оппортунистік мінез-қылыққа өз пайдасы үшін серіктесіне зиян келтіре
отырып мәміле шарттарын бұзуға алып келетін арам пиғылдағы мінез-қылық жатады.
Тауарлардың немесе қатысушылардың өзара алмастырылмауы трансакциялық шығындардың пайда болуының үшінші себебі болып табылады. Экономистер трансакциялық шығындардың бұл себебін «активтердің ерекшелігі» деп атаған [7]. Нарық тарылып, мәміленің әлеуетті қатысушыларының шеңбері шектеулі болған жағдайда қатысушылардың шешім қабылдаудағы өзара тәуелділігі өседі, ал айырбастауға арналған құқықтар ерекше активтерге айналады. Ерекше активтер- бұл нақты келісім-шартты жүзеге асыру орындау барысында ерекше құндылыққа ие ресурстар [9]. Ерекше активтердің пайда болуын болдырмау үшін өзара ауыстырылатын таңдау мүмкіндігін жоғарылату керек. Мәміленің мүмкін қатысушыларына кең таңдау ұсынылуы керек. Бірақ мұнда да ескеретін жәйт неғұрлым таңдау көп болса, соғұрлым таңдауға жұмсалатын шығындар да көп болады. Өйткені, әрбір ұсынылып отырған балама жөнінде қатысушылар қажетті ақпараттарды жинауға уақыттарын бөліп, ақпараттарға қол жеткізу үшін белгілі бір шамада шығындалады.
О.Уильямсон трансакциялық шығындардың келісім жасалғанға дейін және жасалғаннан кейін туындайтын келесідей екі түрін ажыратты:
· ex ante шығындары, оған келісім-шарттар жобасын жасауға, келіссөздер жүргізуге және келісімдердің жүзеге асырылуының кепілдігін қамтамасыз ету кететін шығындар, басқаша айтқанда, болжанған шығындар;
Субъектілер арасында келісімге келу, келісім-шартқа отыру келісім шарттарының толық орындалуына кепіл бермейді. Келісім шарттарының орындалуы бақылауды қажет етеді. Бұл жерде нақты шығындар- ex post шығындары пайда болады.
· ex post шығындары, келісім-шарттардың жүзеге асырылуына, яғни
келісім-шарт міндеттерінің орындалуына жұмсалатын шығындар, бұл шығындар нақты шығындар болып табылады [4].
Әдетте экономикалық әдебиеттерде трансакциялық шығындардың 5 типі
ажыратылып көрсетіледі:
· ақпараттарды іздеуге кеткен шығындар;
· сапаны бағалауға және бақылауға кететін шығындар;
· келіссөздер жүргізуге және келісім-шарттар жасауға кететін
шығындар;
· меншік құқығын қорғауға кететін шығындар;
· оппортунистік істен қорғауға кететін шығындар [5].
Трансакциялық шығындар теориясы келіссөздер жүргізу, келісім-шарттар жасау барысында ақпараттық ашықтықтың қаншалықты маңызды екенін түсінуге мүмкіндік береді, сонымен қоса ақпараттық ашықтықтың қажет екендігін дәлелдейді. Кәсіпорынның ақпараттық ашықтығы- бұл мүдделі тұлғалардың сенімді ақпаратқа қол жетімділігін қамтамасыз ету. Мүдделі тұлғалар кәсіпорын ішінде немесе кәсіпорыннан тыс болуы мүмкін. Кәсіпорын ішіндегі мүдделі тұлғаларға кәсіпорын басшысы, қызметкерлері жатады. Ал кәсіпорынның сыртқы ортасындағы мүдделі тұлғаларға мемлекет, соның ішінде мемлекеттік органдар, кәсіпорын әріптестері мен бәсекелестері, тұтынушылары жатады. Мүдделі тұлғалардың арасындағы байланыстардың
үздіксіз, әрі ұзақ болуы олардың әрқайсысының іс-әрекеттерінің қаншалықты ашық болуынан тәуелді.
Нарық қатысушылары қажет ететін ақпараттар олар үшін қол жетімді болуы керек.
Ақпарат- ол нарықтағы белгісіздіктерді төмендетуге мүмкіндік береді. Кеннет Эрроу «...белгісіздікті ақпаратпен төмендету мүмкіндігінің бар»,- екендігін айтып кеткен [10]. Енді бұл жерде нарық қатысушыларының ақпаратқа қол жетімділігін қамтамасыз ету керек. Ал кей кездерде кейбір қатысушылардың құпия ақпараттарды білуі басқа қатысушылардың қосымша шығындарға ұшырауына алып келеді.
Трансакциялық шығындар теориясы негізінде кәсіпорын үшін маңызды және қажетті ақпараттардың қол жетімді, сенімді, сапалы, мәнді, толық болуын, сонымен қоса олардың уақытылы ұсынылуын қамтамасыз етуге болады. Трансакциялық шығындар теориясы ақпараттарды алуға шығындар жұмсалатындығын дәлелдейді.
Трансакциялық шығындар неғұрлым жоғары, жүзеге асырылып жатқан операциялар тиімділігі неғұрлым төмен болса, онда кәсіпорын иелерінің табысы соғұрлым аз болады[9]. Трансакциялық шығындардың жоғарылауына келесідей факторлар әсер етеді:
· экономикалық ақпараттар құнының жоғары болуы;
· ақпараттардың жеткіліксіздігі;
· ақпараттардың ішінара ұсынылуы;
· нарықтағы белгісіздік.
Трансакциялық шығындар заңды төлемдермен қатар, заңсыз төлемдермен де байланысты болып келеді. Заңсыз төлемдермен байланысты туындайтын трансакциялық шығындардың көлемін төмендету үшін кәсіпорын қызметі барынша ашық болуы керек.
Трансакциялық шығындар экономикалық қарым-қатынастардың ажырамас бөлігі болып табылады. Трансакциялық шығындар кәсіпорын қызметі үшін маңызды ақпараттарды алуға кететін шығындармен байланысты. Трансакциялық шығындардың төмендеуі ашықтықтың деңгейіне әсер етуі мүмкін. Трансакциялық шығындар белгілі бір трансакцияны жүзеге асыру барысында қажетті ақпараттардың жеткіліксіздігінен, кейде ақпараттардың дер кезінде жеткізілмеуінен де болуы мүмкін. Трансакциялық шығындардың нақты көлемін есептеу және оларды өндірістік шығындардан ажыратудың өзі оңай емес. Трансакциялық шығындар қоршаған әлемнің күрделілігінің және экономикалық субьектілердің шектеулі онтайлылығының салдарынан пайда болады және олар экономикалық операциялардың қандай координациялық жүйеде жүргізілетіндігінен тәуелді. Трансакциялық шығындардың жоғары болуы экономикалық әрекеттердің жүзеге асырылуына әсер етеді. Трансакциялық шығындар теориясының өкілдері шығындардың бұл түрінің пайда болуын нарықтық белгісіздікпен, ақпараттардың жеткіліксіздігімен және ақпараттық ассиметриямен, трансакцияға қатысушылардың оппортунисттік қылығымен және тағы басқа көптеген себептермен байланыстырады. Алайда бір ескеретіні, жоғарыда айтылған трансакциялық шығындардың пайда болу себептері кәсіпорын қызметінің ашықтығынан тәуелді. Кәсіпорын неғұрлым ашық қызмет етсе, оның қызметінде жұмсалатын шығындары да соғұрлым төмен болады.
Трансакциялық шығындар кәсіпорында, нарықта және кәсіпорынның нарыққа енуі барысында туындайды. Трансакциялық шығындардың мұндай көлемі пайдалылықты төмендетеді. Осыған байланысты трансакциялық шығындарды төмендету мәселесі туындайды. Трансакциялық шығындардың көлемі кәсіпорындағы, нарықтағы, сонымен қатар кәсіпорынның нарыққа енуі кезіндегі ашықтықтың қандай деңгейде екендігін көрсете алады.
Трансакциялық шығындар жалпы шығындардың нақты көлемін анықтауға мүмкіндік бермейді. Себебі, әр жеке адам өзінше трансакциялық шығындарды жұмсауы мүмкін және көлемі де әр түрлі болуы мүмкін және мұның барлығы кәсіпорынның қызметі кезінде белгісіз болып қалуы мүмкін. Сондықтан кез келген экономикалық операцияларға жұмсалатын трансакциялық шығындар қандай екендігі белгісіз қалады. Трансакциялық шығындарды есептеу мүмкіндігінің болмауы қандай да бір операциялардың қаншалықты тиімді екендігін анықтауға да кедергі болады.
Информация о работе Трансакциялар және трансакциялық шығындар