Автор: Пользователь скрыл имя, 14 Мая 2012 в 20:10, реферат
Ақанның өмірі мен шығармашылығы. Ақан 1843 жылы Көкшетау облысы Айыртау ауданында Қоскөл деген жерде туған. Ол он үш жасқа келгенше Күнту деген молдадан мұсылманша оқыған. Бірақ сезімтал, сергек ойлы, ұғымтал балаға молданың оқуы ұнамайды. Кейін Қызылжарда Уәли медресесінде 2-3 жылдай дәріс алады.
Құлпырған күлте жібек құйрығың-ай...
Ор болып қалушы еді шапқан жерің...
Міне, осындай суреттеулер арқылы Құлагердің шын жүйрікке тән мүсінін де, шапқандағы қимылын да ақын толық көрсете алады. Бірақ ол Құлагердің қадірлілігі де, оның өлімінің зор қайғы болуы да, тек сұлулығында не өзінің аты болғандығында емес, өз елі үшін (Атығай, Қарауылға) керекті мал деп ұғады. Құлагер өлгенде Ақан: «Ел бетін қалай көремін?» - депті дейді. Талай жарыста ер намысын, ел намысын қорғап қалып жүрген Керқұланың өлімі бүкіл Атығай, Қарауыл еліне де оңай емес екенін, сондықтан да Ақанның жаңағыдай сөзді айтуы мүмкін екенін мына бір шумақ дәлелдегендей болады:
Ор болып қалушы еді шапқан жерің,
Сүйсініп тұрушы еді қосқан елің.
Атығай, Қарауылға олжа салған,
Бота тірсек, қыз сағақ сандал керім.
Ақынның «Құлагерін» оқығанда, оқушылар Ақанмен бірге күйініп, оны шексіз аяп, аяулы жануарды мерт қылған жауыздарға лағынет айтып отырады. Екі рулы елдің мақтаны болған жазықсыз өлтірушілердің зұлымдығына зығырданы қайнайды. Өлеңде сезілетін ақынның азалы үні, қасірет-қайғысы, қатты күйініші баршамызға ортақ; ол - қараниет арам жауға мәңгі өшпес лағынет таңбасы, халық қарғысы. Өлеңді зер салып оқыған сайын зорлықшыларға қарсы ашына түсеміз.
Сөйтіп, «Құлагер» өлеңінде жалғыз ат қайғысы ғана жырланбайды, соның аянышты өлімін аза тұту арқылы адамның сай-сүйегін сырқыратарлықтай, ыза-кегін өршітерліктей дәрежеде заман шындығын, әлді үстем таптың зұлымдығын әшкерелейді; сол арқылы өткен кездегі теңсіздікті еске түсіреді.
Қазақ халқының ертеден келе жатқан қосымша кәсібінің бірі - аңшылық. Аңшылықтың қызығын, құмарлығын аңшылар жақсы түсінеді.
Аңшылықтың бір көрінісін, қыран мен түлкінің шайқасқан тартысын тамаша түрде Абай суреттесе, мерген өмірінің бір көрінісін Ақан сері суреттейді. Ақанның мергеншілік жайындағы өлеңі үш эпизодтан құралған. Біріншісінде ақын жақсы мылтықтың қандай болуы керектігін суреттесе, екіншісінде аң атқан мергеннің сол минуттағы жан сүйінішін суреттейді. Мерген боламын деушілерге қандай мылтық ұстауды нұсқайды. Мергендіктің қызықты өмір екенін аңғартады. Бірақ өлеңнің салмағы да, құндылығы да үшінші эпизодында. Бұл эпизодта ақын, жатқан аңға кездескен мергеннің ішкі сезімін, психологиясындағы әртүрлі өзгеріс, құбылыстарын көрсетеді:
Ол кезде жатқан аңнан қатты қорқар
Өлтіретін жауындай басын алып.
Аяғын байқап басқан суда жүріп,
Тым ұялшақ болады сонда тұрып.
Маңдайынан қарайды жылмырайып,
Қай жерден атамын деп ой ойланып.
Асығыс алабұртып қарағанда,
Жатқан аң екеу болар сағымданып.
Сіңбіретін дәрмен жоқ, ол бір тар жер,
Мұрыны бітіп тұрса да қабаттанып.
Бұл үзіндіде ақын аңшылардың аң атар кездегі басында болатын жайларды асқан шеберлік, шындықпен айтып бере алған. Аңшының аяқ басуы да, өзінен-өзі ұрланып денесін жасыруы да, дем алысы да, тәтті үміт, қауіпті қорқыныш та - бәрі де тайға таңба басқандай анық. Өлеңді оқығанда аңшының ішкі сезімі, психологиясындағы өзгеріс, аласұрулары көз алдыңа келеді. Мұнда артық сөз, бояма сыр жоқ, барлық күш, барлық көркемдік, сол минуттағы аңшының басында болған қуанышын, күдігін, қорқынышын бұлжытпай бере білуінде. Сонымен қатар Ақан аңшылықты тек құмарлық үшін демейді, оны өнер деп ұғады. Қай өнер болсын тіршілік, адам баласының күнкөрісі үшін керек. Демек, аңшылық та сол тіршілік үшін керекті өнердің бірі. Сондықтан да ақын:
Оқудан соңғы өнер - мылтық деген,
Халайық, құлақ қойсаң тілге нанып, -
дейді. Мылтық өнерін халық әуелден сүйеді. Ертеден келе жатқан халық мақалында: «Қару жисаң, мылтық жи: жаяу жүрсең - таяғың, қарның ашса - тамағың» десе, Ақан да халықтың осы пікірін қолдайды. Мылтық атқыштық, мергендік ғылымнан кейінгі өнердің бірі дейді.
Ақан өлеңдерінің бірен-сараны болмаса, көпшілігі аса көркем. Ол - шебер лирик ақын. Оның өлеңдерінде сезім дүниесі басым жатады. Ақын өз лирикаларына дәл келетін нәзік образдарды таңдай біледі. Ел ұғымындағы әрі көркем, әрі сұлу, әрі аяулы нәрселерді талғап ала білген. Көркем теңеу, метафора тағы басқа да нәзіктікті бейнелейтін сөздерді таңдап алады.
Етегін ақ көйлектің алтындаған,
Ажарың ақ жамбыдай жарқылдаған.
Сексен қыз серуенге шықсадағы,
Ішінде сен қоңыр қаз қаңқылдаған.
Немесе
Жайықтың ақ түлкісі аралдағы.
Алдымнан сен бір қашқан марал-дағы, -
деген тәрізді теңеу, метафоралар тамаша үздік, асқан сұлулықты сүйген сезім арқылы таңдалынып алынған.
Ақанның сұлулықты сүйіп, сөз маржанын тере білген, оқушысының сезімін тербету арқылы ойын қозғауды мақсат еткен ақын екенін әр образы-ақ дәлелдеп тұрады.
Ақан сері өлеңдерінде араб, иран (парсы) сөздері де аз емес. Бұлардың бір алуаны - діни кітаптарда көп қолданылатын алиф, би, мим, нон1, парыз2, уажып3, әшия4, екіншісі - шығыс поэзиясында жиі ұшырайтын мақбұб5, тағырип6, назым7, мақшұғ8, маккем9 тағы басқа осылар тәрізді сөздер.
Ақан дін мектебінде өте жақсы оқып, өзінің қабілетті зеректігінің арқасында аз жылда көп нәрсе біліп, мектептен кеткеннен кейін өз бетімен оқу, үйренуден қол үзбеген. Өйткені оның «Тағырипың» атты ұзақ өлеңінде шағатай тілі, осман, түрік тілдерінде шыққан сүйіспеншілік, ғашықтық жырлары: «Жүсіп-Злиха», «Ләйлі-Мәжнүн», «Фархад-Шырын», «Сейпілмәлік-Жамал» т.б. Шығыстың лиро-эпостарымен жақсы таныстығын және олардан үлгі алып, творчестволық жолмен үйренгендігін аңғартады. Міне, осы жағдай оның өлеңдерінде шет сөздердің кездесуіне негіз болды.
1Алиф, би, мим, нон - араб алфавитінің әріптері.
2Парыз - Ислам
дінінің міндетті түрде
3Уажып - Ислам
дінінің жеңілдеу шартының
4Әшия - айқын, ашық.
5Мақбұб - сүйіспеншілік.
6Тағырип - сипат.
7Назым - лирикалық өлең.
8Мақшұғ - ғашық.
9Маккем - берік (бекем).
Ақанның бізге жеткен поэзиялық мұралары: көбіне лирикалық қысқа өлеңдері, дидактикалық сарында әнге жазылған екі-үш өлеңі және «Тағырипың» атты сюжетсіз поэмаға ұқсайтын махаббат тақырыбына жазылған лирикалық ұзақ өлеңі. Оның бізге жеткен өлеңдерінің бәрі де он бір буынды өлеңдер. Көбі ән текстісі түрінде жазылған.
Қорыта айтқанда, Ақан - өз кезіндегі ірі ақынның бірі. Ол әлеумет өміріндегі әртүрлі мәселелерді тақырып етіп, ел басындағы қысымшылықты көре білді. Ел қайғысы өз қайғысы болып, үстемдік етушілерге қарсылық білдіріп, наразылық көрсетті. Зорлықшыларды шенеп, еңбекші халықтың ой-сезімін оларға қарсы тәрбиеледі. Ақын заманының азып бара жатқанын көріп және оны жөндеудің, түзеудің жолын іздеді. Заманды түзеуші де, елді ел қылатын да жастар деп, келешек ұрпақтардан үміт күтті. Ол қазақ поэзиясына өшпес еңбек етіп, адамның психологиясын, күйініш-сүйінішін суреттеудің үлгілі, өнегелі туындыларын қалдырды. Жастардың эстетикалық сезімін оятып, әдемілікті сүйе білуге тәрбиелейді. Ақан - ақын ғана емес, ірі әнші, дарынды композитор. Оның жан сезіміңді тербететін әйгілі әдемі әндері бар. Ақан әні қазақ халқының рухани сусыны болып келеді. «Сырымбет», «Үш тоты», «Құлагер», «Қара торғай» тәрізді ән шоқтығы қазақ еліне тегіс жайылып, әннің авторына, талантына бас игізді. Көп әнші, композиторлар Ақан әнін өздеріне үлгі етті. Ақанды ұстазы деп таныды. Бұл жағынан да Ақан - кейінгі ұрпаққа қымбат. Ақан әндері қазақтың опералық искусствосынан кең түрде орын алды. Ақан еңбектерінің бұл жақтары оны біздің сүйікті ақынымыз ғана емес, ардақты композиторымыз етті. Оның қалдырып кеткен асыл мұрасы - социализм құрушы халқымыздың игілікті қазынасы.
Информация о работе Ақан Қорамсаұлының өмірі мен шығармашылығы