Ақан Қорамсаұлының өмірі мен шығармашылығы

Автор: Пользователь скрыл имя, 14 Мая 2012 в 20:10, реферат

Описание работы

Ақанның өмірі мен шығармашылығы. Ақан 1843 жылы Көкшетау облысы Айыртау ауданында Қоскөл деген жерде туған. Ол он үш жасқа келгенше Күнту деген молдадан мұсылманша оқыған. Бірақ сезімтал, сергек ойлы, ұғымтал балаға молданың оқуы ұнамайды. Кейін Қызылжарда Уәли медресесінде 2-3 жылдай дәріс алады.

Работа содержит 1 файл

Ақан Қорамсаұлының өмірі мен шығармашылығы.docx

— 163.53 Кб (Скачать)

Ақан серінің  өмірі - ХІХ ғасырда тіршілік еткен  қазақ ақындарының ішінде айрықша  көңіл аударарлық өмір. Ақан ең алдымен  өз кезінде де, өзінен кейін де жұртшылықтың назарын өзінің әнімен, өлеңімен аударды. Жас кезінен-ақ нәзік лирикалы, жан  тербеткен үні мен сазы тыңдаушыларын  сұқтандырса, өсе келе сол сазына сәйкес, өзі ән шығаратын композитор болды. «Сырғақты», «Сырымбет», «Балқадиша», «Көкжендет», «Маңмаңкер», «Құлагер»  т.б. оның тамаша әндерін білмейтін, сүйсіне тыңдамайтын адам жоқ.

Ақан сері - тек  әнші-композитор ғана емес әрі үлкен  лирик ақын. Әсіресе оның көп өлеңдері - сүйіспендікке арналған махаббат лирикасы. Жасынан сұлулықты сүйе білген сері ақын жастық өмірдің сан  алуан қызығына, сүйіспендік мәселесіне арналған лирикалық өлеңдерін ән сазына салып шығарды. Махаббат бостандығын  көксеген сиқырлы сырлы өлеңдер  жастардың көңіліне қона кетті. Жастық шақтың жүрек толқынын, жан сезімін  Ақан сөз арқылы толғады. Ақан даңқы  әнімен ғана емес, «Ақ көйлек» тәрізді  әдемі лирикасымен де шықты.

Ақан серінің  өмір жолы да жай адамның өмір жолынан  ерекше. Ақан бір алуан өмірін серілікпен өткізді. Өз қасына өнерпаз жастарды жинап, халықтың ән-күйлерімен сауық  ұйымдастырып, ән аңсап, өлеңге сусаған  қалың көпшіліктің рухани сусынын  қандырды. Өмірінің соңғы кезін өз ортасынан аулақтап, жалғыздықпен өткізді. Мұндай мінезді бұрын көзі көріп, құлағы естімеген ел оны жат қылық санады.

Ақанның атағы  аспанға шығып, өмірінің шешілмеген сыр-жұмбағы көп адамдар сапында  кейінгі ұрпағына аңыз болып қалды.

Өз кезіндегілер Ақанды, әсіресе оның өмірінің соңғы  кезін түсіне алмады. Бұл жайт Ақанның  досына жұмбақ, дұшпанына диуаналық  әрекет болып көрінді. Шындығына  келгенде, Ақанның бұл тәрізді  оғаштау өмір сүруі өз кезіндегі  үстемдік етушілерге наразылықтан, қарсылықтан  туған еді. Талай соққының тегеурінін көрген сезімтал, жаны нәзік лирик  ақынның өмір қиыншылығына қарсы  күресте қажып, оған әлі келмейтініне  көзі жеткенде жалғыздыққа берілуі - тек Ақанда ғана емес, сол сықылды талай елдің ақындарының басында болған оқиға.

Кезінде замандастары түсінбеген жұмбақты да, ақынның қайғы-шерінің  шын сырын да, жете алмай кеткен арман-нысанасын да шешкен біздің дәуіріміз, совет заманындағы оның ұрпақтары  болды. Советтік Қазақстанның зор талант, өрен ақыны Ілияс Жансүгіров «Құлагер»  поэмасында ақын трагедиясының сыртқы көріністерін көз тартарлықтай көркем, жан тербетерліктей нәзік, асқан  шеберлікпен суреттеумен қатар, оның ішкі сырын да дұрыс ашады. Ақанның  заманын суреттей келіп, Ілияс:

 

 

Жақсы боп елден  өлім талай ерге,

Аз ба екен оққа ұшқандар дуэльдерде?

Өлімді жан қорлықпен жақсы көрген

Не дейсіз Лермонтов  пен Пушкиндерге?

 

 

Өмірде бастырмаған көңілін өрге

Кім еді, ел талантын тыққан жерге?

Қыз емес, қара күш  пен қаңқу сөздер

Ертерек ер жүрегін көмген көрге.

 

 

Лермонтов болмағанмен  біздің Ақан,

Кісі ме еді ақындықтан құр алақан?

Ортасын олқы көрген бұл да дара,

Имеген иттерге  бас, сері, дарқан,  -

 

 

дейді. Ілиястың бұл сөзінен Ақанның қайғылы халіне себеп болған - Құлагердің өлімі емес, оны өлтіруші қара күштер. Батыраш, Қотыраштардың қанды шоқпарлары атқа емес, аттың иесіне жұмсалғаны кімге де болса мәлім. Олардан өзінше өш алуға шама жоқ, бір ат үшін екі елді жауластырып, аяғы қантөгіс, кісі өлімге тірелетін дау-жанжалды да ақын мақұл көрмейді, әйтсе де жауына бас имей өлуді жөн көрген деп қорытынды шығаруға болады.

Қазіргі үлкен  жазушы-драматург Ғ.М.Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқты» трагедиясында  ақын өмірінің екінші жағы көрінеді. Дінге, қараңғылыққа қарсы күресу, әйелдердің бас бостандығын аңсау, сан бөгет кездессе де, өзінің ғашықтық арманына жету жолында арпалысу, халқына рухани тәрбие беретін нәрсе дін емес, азат көркемөнер екеніне жұрттың көзін жеткізу жолында қара күштердің тегеурініне төтеп бере алмай, трагедияға кездескені көрсетіледі.

Біраз күн Науан  хазіреттің қасында болып, діншілдікке  берілмек болса да, мешіт айналасындағы  неше түрлі сұм-сұрқиялықты өз көзімен  көрген адал ниет, ақын жанды Ақан қайта оралмастай боп мешіттен кетеді. Онысын Науанға ашық айтып, ашына сөйлейді:

- Қарауылдай  елге Науандай надан хазірет болыпты деп қайтам ба мешітке?

 

 

Жоқ, жетіпті  бір Ақанның басына,

Ішке толған шер мен шемен

Шыққалы тұр сыртыма.

Татымы жоқ  бос өмірден,

Талмаураған көп ұйқыдан,

Лә иләһә еллә, алладан

Бездім, міне, біржола;

Сен орнатқан қараңғылық,

Сен боп келер  зұлымдықпен

Арпалысып өтермін! -

 

 

дейді Ақан. 

Бұл - оның үстемдік етуші ортадан кеткендегі үзілді-кесілді айтқан сөзі болатын. Әрине, жолына кесе-көлденең тұрғандарды жойқындап өтумен ғана өз үстемдігін жүргізіп отырған «қара қамшы хазірет» Науан, оның қолшоқпарлары Ақан өмірін ауыр трагедияға соқтырмауы мүмкін емес еді. Ақыры солай болып шықты. Оның жалғыздыққа ұшырап, елден оғаш өмір сүруі өз кезіндегі әлеумет өміріндегі күрес-тартыстардың зілді салмағы еді.

Ақан - өз кезіндегі  әртүрлі әлеуметтік мәні зор мәселелерге  көз тіккен, айналасында не болып  жатқанын жақсы аңғарып, олардан  өзінше қорытынды шығарып, келелі пікір айта білген ақын. Ақан жер туралы, ел туралы, махаббат, жастар, олардың қоғамдағы рөлі, мінез-құлық, жақсылық, жамандық, достық, қастық туралы тағы басқа да толып жатқан мәселелерді жыр етті.

Ақан кезіндегі  қоғамдық мәні зор үлкен мәселенің  бірі жер мәселесі болды. 1861 жылғы реформадан кейін қазақ даласына орыс шаруаларын қоныстандыру жыл сайын үдей түсті. 1861 жылы қазыналыққа, мемлекеттікке айналдырылған қазақ жерін патша өкіметі, оның губерналарды меңгеруші әкімдері көшіп келушілерге жерді молынан және ең шұрайлысынан беруге тырысты. Бұл жайт туралы «Қазақ ССР тарихында» төмендегідей факт келтіріледі: «1893 жылдан 1906 жылға дейін, яғни 12 жылдың ішінде, қазақ халқынан 4 млн. десятинадан сәл ғана асатын жер кесіліп алынған болса, 1906 жылға дейінгі - жеті жылдың ішінде - 17 млн. десятинадан аса жер кесіліп алынды» (546-б.).

Патша өкіметі  қазақтың жерін алып қана қойған жоқ, екі ұлттың арасына от жағып, араздықтарын қоздыруға күш салды. Патша өкіметіне иек сүйеп, қол артқан орыс кулактары, қазақтардың арына тиіп, намысын қозғайтын талай сойқандық қылықтардан да жиіркенген жоқ. Кулактардың мұндай әрекеттеріне тыйым салудың орнына, олардың қолтығына су бүркуші патша өкіметінің өздері болды. Осындай тарихи шындықтың айғағы болған Ақан барды барынша айтып, патша өкіметіне наразылығын білдірді.

Патша өкіметі қазақтың жерін де, малын да алып, шаш етегінен пайда тауып отырғандығын, бірақ қазақ халқы басқалармен тең еместігін айта келіп, ақын өкімет алдына заңды тілектер қойды. «Пара-пар крестьянға тең болмадық» («Пәленің басы патшаның өзінде екен») дейтін өлеңінде ақын:

 

 

Пара-пар крестьянға тең болмадық,

Тартылып қай  жағаға ем болмадық?

Малымыз, жерімізден пайда тиіп,

Қалайша патшамызға дем болмадық.

Орыс, ноғай, сарт-сабан, саудагерге,

Қалайша малмен, жермен тең болмадық?! -

 

 

дейді. Осы өлеңнің  аяқ жағында Ақан Құрылтай жиылыстарында бұл мәселені өкімет, патшаның өзі неге тексермейді дегенді айтады. Бара-бара патшаның қайырымсыз, мейірімсіз екендігіне әбден көзі жеткеннен кейін, ақын басқа заң, басқа өкімет іздемекші болады.

 

 

Бостаншылық берсе егер басымызға,

Патшамыз мархабат қып ырзаласып,

Бетімізбен біз  де өлмес күнін көріп,

Тыныштық жай  іздер едік арып-ашып, -

 

 

дейді. 

Бұл да қарсылықтың  бір түрі. Әрине, әлсіздіктен, лажсыздықтан туған қарсылықтың түрі. Бірақ  оған ақын кінәлы емес, бұл осы кездегі жағдаймен байланысты еді.

Ақын қиын халден шығудың мұнан басқа да жолын іздейді. «Заманға қарап айтқан сөзін» («Заман туралы») дейтін өлеңінде:

 

 

Болғанда мұндай күнде заманамыз,

Жай жатып сахарада қамаламыз.

Болыс, би ет пен  шайға мәз болуда,

Қайткенде тура жолды таба аламыз? -

 

 

деген сөзі ақынның басқа жаққа көшуден өзге де жол қарастырғанын аңғартады. Ел басқаратын болыс, би өздерінің қара басының ғана қамын, өз құлқынын ойлаумен жүр, енді елде кім бар деп, айналасына көз салып еді, ел жуаны байларды көрді. Бірақ олардың да болыс, билерден еш айырмасы жоқ екенін ақын жақсы түсінді. Сөйтіп, олардан да күдер үзді.

 

 

Байлар жүр, малша күйсеп, малын бағып,

Ұйқымен өмірі өтіп тектен-текке! -

 

 

деп түңілді ақын. Ақынның жоғарыдағыдай жалғыз тау кезіп, көл жайлауы, адаммен байланыс жасамай, дарашылдық өмір сүруі қазақтың қонысын, жерін патша өкіметінің отарлап алуымен, қазақ ішіндегі болыс, би, байлардың халық қамын ойламай, өз бастарын ғана ойлауымен тығыз байланысты. Өзі көріп отырған зұлымдыққа қарсы шығуға ақында жеткілікті күш болмады, ол өзінің әлсіздігін сезді; сондықтан наразылық білдірді, дарашылдыққа салынды. Айналасынан қол үзіп, табиғатқа бой ұруының өзі де қарсылықтың бір түрі еді. Оның адам таңғалғандай оғаш мінездерінің негізгі себептері де осындай жағдайлармен байланысты болатын.

Ақанның дінге  де бой ұрған кездері - діншілдіктен туған жоқ, жоғарғы айтылған дарашылдығы тәрізді арпалысқан жанның аласұруы сықылды ғана нәрсе.

Шындығында, Ақан ән мен өлеңін бір минут та тастаған емес. Ән мен өлең және дін еш уақытта да бір жерде тұра алмайды. Ендеше, ол дінді былай қойып, ән мен өлеңді өмірлік жолдас еткен. Би, болыс, байлардан түңілсе де, жаңалыққа, жастарға деген сенімін жоғалтпайды. Өмірді жөндейтін де, ел үшін күресетін де жастар деп ұғады. Үзінді келтірген «Заман туралы» деген өлеңінің бір жерінде ақын қазақтың осындай ауыр халге неліктен ұшырағанын айта келіп, жастарды өнерге, ғылымға шақырады:

 

 

Жігіттер, өнер үйрен заманында,

Денсаулық, әлің келген аманыңда,

Жайылып сахарада жатамыз деп,

Мінекей қалдық дұшпан табанында.

 

 

Ақын артта  қалудың және бір себебі - еріншектік, жалқаулық екенін айтады да, жастарды сақтандырады.

Жастарды оқу, өнер-білімге шақырған пікірінің дұрыстығын, осы өлеңінің басқа жерлерінде де қуаттап, дәлелдемек болады. Бұның үшін өмірдегі әртүрлі нәрселерді мысал етіп:

 

 

Баласы құладынның қу ілмейді,

Алтыннан тұғыр  қылып байласаң да.

Көнбейді жаман  адам ынтымаққа,

Жүрмейді шошқа жөнге айдасаң да, -

 

 

дейді. Ақанның  қу ілмейтін құладыны да, айдауға жүрмейтін шошқасы да ел ынтымағын ойламайтындар. Ақан оларды мінейді, шенейді. Ел үшін еңбек етуге әзір, елім деп еңіреп туғандарды, шын тұлпарды арман етеді. Өзі дүбірші болып, қиқулап, ұран тастайды.

 

 

Шын тұлпар дүбір шықса, шыдамайды,

Тас қылып төрт аяғын байласаң да.

Жатпайды болат  пышақ қын түбінде,

Өтпейді жасық  темір қайрасаң да.

 

 

«Шын тұлпардың», яғни ел қамын жейтін жастардың қандай болу керектігін, әсіресе өзінің «Жігіттерге» деген өлеңінде толық суреттеді. Жастарға достықты берік ұста, қиянатшыл  болма, кішіпейіл бол, адамгершілігің болсын; дұшпанға берілме, өз басың  үшін досты, жолдасты сатып кетпе, жауыңнан қорықпайтын ер бол; мансап, мал қуалап, ердің, елдің арын сатып кетпе, іші-сыртың бірдей жақсы болсын; ғылым, өнер үйрен  дейді. Міне, осылардың бәрі де Ақанның өз кезіндегі үгіті, кейінгі жастарға тастап кеткен өсиеті.

Ақан ел бірлігін, ел қамын ойламаушыларды шенесе де, оларға наразы болса да, «жүзден  жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей , халық ішінде жақсының барына да, кейін тағы болатындығына да анық сенді.

Информация о работе Ақан Қорамсаұлының өмірі мен шығармашылығы