Қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік құрылымы

Автор: Пользователь скрыл имя, 13 Февраля 2013 в 17:22, доклад

Описание работы

Сардар - әскербасы, қолбасы деген сөз. Жаугершілік заман туа қалса, ханы, биі бар, ел ағалары мен ақсақалдары, ержүрек жауынгерлері бар, бас қосып, әскербасын, яғни, сардар сайлайды. Ол ерлігі, батырлығымен бірге соғыс өнерін білетін және осы жолда талай сыннан өтіп, көзге түскен батырлардан таңдалып сайланады. Мысалы, 1711 жылы қазақтың бас сардары болып Бөгенбай, 1723 жылғы әйгілі қазақ-жоңғар соғысында Қабанбай сайланса, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің ең отты жері Торғай даласындағы сарбаздардың сардары болып Амангелді Иманов сайланған. Сардар - қазақ қарулы күштерінің ішіндегі ханнан кейінгі жоғары дәреже. Ол ұрыс қимылдарын ұйымдастыру, соғыс әдіс-тәсілдерін қолдану, сарбаздардың рухын көтеру және оларды жеңіске бастау жолындағы бірден-бір ірі қайраткер, батыр.

Работа содержит 1 файл

Қазақ халқының қоғамдық.doc

— 104.50 Кб (Скачать)

Қазақ қоғамында шешендік өнердің алатын орны зор. Ұрпақ тәрбиесінде, ел басқару жүйесінде, халықтың сан  ғасырлық тәжірибесінде қорытылып  екшелген, жинақталып жүйеленген ақыл-нақыл, өсиет-насихатқа негізделген отты да нақышты, шебер де шешен айтылатын ауызша сөздің тағылымдық-танымдық әрі тәрбиелік мәні айрықша» (С.Негимов «Шешендік өнер», «Ана тілі» баспасы, Алматы, 1997 ж).

Шешендік өнер туралы қазатың  әйгілі биі әрі шешені Бөлтірік былай  деген: «Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзден ащы нәрсе жоқ. Сөзден жеңіл нәрсе жоқ. Сөзден ауыр нәрсе жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Не сөйлейтініңді біл. Кімге сөйлейтініңді біл. Қай жерде сөйлейтініңді біл. Қай кезде сөйлейтініңді біл. Қалай сөйлейтініңді біл». Міне, бұл аталы сөз!

Ел аузында шешендерден  қалған тамаша сөз, нақыл үлгілері өте  көп. Халық оны жоғалтпай сақтап, ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа  ауызша жеткізіп отырған. Сондай-ақ, шешендер туралы ақыл да, нақыл да көп.

· Шешеннің тілі ортақ.

Шебердің қорлы ортақ.

· Сөз тапқанға қолқа жоқ.

· Тіземнен сүріндірсең де,

Тілімнен сүріндірме.

· Өнер алды – қызыл тіл.

· Шешеннің тілі – семсердің жүзі.

· Қылыш жарасы бітеді,

Тіл жарасы бітпейді.

 

* * *

Шежіреші – қазақ қауымында ата-баба шежіресі мен тегін айтып, жазып кейінгіге жеткізуші құймақұлақ, халық тұрмысы мен салт-дәстүрін жетік білетін білімді кісілер қатарына жатады. Ол жастарға ел тарихын, жеті атаны, ағайын, туыс, ілік, жекжат адамдарды біліп, оның жөн-жосығын түсіндіріп, хатқа жазып отыратын сұңғыла шешен, айтқыр да тапқыр зерделі адам болған. Мысалы, әйгілі Бөгенбай батырдың шөбересі Бапан би осындай шежіре-шешендік өнермен бірге, алыс-жақындағы елдік, халықтық жақсы істерді біліп отырғандығы үшін жұрт оны Саққұлақ атандырып жіберген.

Ауылыңда қартың болса,

Жазып қойған хатпен тең, - деп, осындай көпті көрген көсем, сөйлеп кетсе шешен адамдарды айтқан. Қазіргі күндерде жазылып, айтылып  жүрген ел шежіресі осы шежірешілердің бір-біріне қалдырып кеткен жазбаларынан алынған. Мұндай істі жалғастырушылар бұл күнде де бар.

Мүфти. Ислам қоғамының мемлекеттік дәрежедегі ең жоғары лауазымды дін басы. Ол мұсылман мемлекеттерінде дін қағидалары мен міндеттерінің орындарын басқарады және қадағалайды. Мешіттер мен медреселерде ислам жөн-жосықтары мен оқуының барысына бақылау жасайды. Дін орындарына имамдар мен қазыларды тағайындайды және өзгертеді. Мүфти лауазымына білімді, парасатты, адамгершілігі зор, әділ адамдар сайланады. 
 
Қазы. Мұсылманның діни қағидаларының орындалуын жергілікті жерде бақылайтын және оны жүзеге асыратын, құқық жолдары мен тәртібін, ұлт салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, тілін, тарихы мен тұрмысын жақсы білетін арнайы дін оқу орнын бітірген тәжірибесі мол дін соты қызметін және билік айтушы әрі төреші міндетін атқару қазыға жүктелген. Қазы ешкімге тәуелді емес. Ол қара қылды қақ жарып, әділдігін айтатын, өз міндеті мен дін ісіне шын берілген тақуа адам болуға тиіс.

Ишан. Медреселерде арнайы білім алған ислам дінінің білімпазы. Ол ел ішінде исламның таза жолын насихаттайтын әрі оқытып үйрететін, әрі емшілік жасай білетін және сондай қызметі үшін ел арасында зор беделге ие болған дін қайраткері. Ұлытаудағы Ахмет ишан (ХХ ғ), бұрынғы Батпаққара жеріндегі Сатыбалды ишан (ХІХ ғ.), халық арасында дін ақиқаты және оның артықшылығы туралы зор қызмет еткен. Ишандық атақ мұрагерлік жолмен де беріледі.

Мүрит - ишан, қазы сияқты дін жолындағы белгілі адамдардың көмекшісі, кейін солардың ізбасары. Мүриттер өз басшылары мен ұстаздарының тапсырмасы бойынша әр ауылды аралап, ислам уағыздары, хадис, шариғаттарын насихаттайды. Мүрит (мүрид) - араб сөзі, ол дін ісіне берілуші деген ұғымды білдіреді.

Имам. Ислам діні саласындағы рухани жетекшісі әрі басшысы. Олар мешітте қызмет етеді және соған тайық діни білімі де, адамгершілік парасаты да биік болуға тиіс. Имам бұрын көпшілік алдында намазда бастаушы адам ретінде қызмет атқарған. Бұл күндерде мешіт өкілі және оның белгілі дәрежедегі қызметкері есебінде танылған.

Ислам діні алғаш таралғанда, имамдық  міндетті Мұхаммет (с.ғ.с) пайғамбарымыздың өзі атқарған.

Молда - ірі дін өкілі. Мешіт, медреселерде ислам дәстүрлерін жүргізумен қатар, оны оқытып-үйретуде ұстаздық еткен ислам шариғаттары мен қағидаларының білгірі әрі шын қорғаушысы. Молданы дін басқармасы тағайындайды. Молда діни адамдарға берілетін атақ. Жоғары білімді молдаларды «дәмолла» деп атайды. Молда - ел сыйлайтын құрметті адамдар қатарына жатады. Бұрынғы кездерде жастарға «молда бол» деп бата берген.

Қажы. Исламның бес парызының бірі - қажылық. Осы қажетті парызды өтеу жолында Меккеге барып және оның талаптары мен шарттарын орындап келген адам хажы атанады. Қажы құрметті діни жоғары атақ. Бұл атақты алған адамдар да құрметті, сыйлы адамдар деп есептелінеді. Тәртіп бойынша әр мұсылман әдейі барып қажының қолын алып, сәлем беріп, құрмет көрсетуге тиіс.

Ұстаз -  мектептер мен медреселерде балаларды оқытып, оларға біліммен бірге ұлттық, діни тәрбие беретін оқытушы. ХХ ғасырдың басына дейін бұрын әр ауылда, елді мекендерде, ірі қалаларда медреселер мен мектептер болған. Онда білімді оқытушылар, олар жоқ жерде молдалар сабақ берген. Медреселерде ислам тағылымдарымен бірге араб, парсы тілдері, математика, қоғамдық, таным ғылым негіздері де оқытылған.

· Үлгісіз ұстаз болмас,

· Ұзынсыз қысқа болмас.

· Ұстаздан шәкірт озады.

· Шәкіртсіз ғалым тұл. (Абай)

Шәкірт. Медреселер мен ауыл мектептерінде оқыған жастарды «шәкірт» деп атаған.

· Оқусыз білім жоқ,

Білімсіз күнің жоқ.

Жұлдызшы-есепші. Халық арасында аспан әлемі мен жердегі болатын табиғат құбылыстарын ерте болжай білетін талантты адамдар болған. Олар бұлтқа, жан-жануарлар мен жәндіктердің іс-әрекеттеріне, мінезіне қарап күнделікті ауа райын немесе келер қыс пен жаздың қалай болатынын бұрын біліп, халыққа айтып отырған. Бұл болждамдардың көпшілігі айна-қатесіз келіп отырған. Мұндай адамдарды «жұлдызшы» немесе «есепші» деп атаған.

Жаз сайға қонба,

Қыс қырға қонба.

Қыстағы суық - жаздағы ыстық.

Үркерлі айдың бәрі қыс.

Сәуір болмай - тәуір болмас.

Көріпкел. Адам өмірі мен келешегін, ел ішінде болғалы тұрған жақсылық пен жамандықты, әр түрлі апатты жайларды күні бұрын білетін сирек талантты адамдарды халық «көріпкел» деп бағалап, сенім білдірген. Қазақ халқының тарихында мұндай адамдар ертеде көп болған. Олардың қасиетті есімдері әлі ұмытылған жоқ. Қойлыбай бақсы - ырғыздық, Әбеу бақсы - баянауылдық, Мәшһүр Жүсіп, қималық Шерхан - осындай көріпкел кісілер болған. Кең байтақ Қазақстан даласында, әр ғасырда көріпкелдер көп болған.

Бақсы деген тылсым күш иесі. Олар не бір ғажайып көріністерді көз алдыңа әкеліп көрсететін, жынмен, аруақпен сөйлесететін ғажайыптар әлемінің құдіретін игерген. Бақсы қызған темірді тілімен жалап, қыстың үскірік аязында жалаңаш-жалпы жүре береді. Атпен, машинамен жарысып озып кететінін, адамның ішкі ойын сезетінін көреген адамдар әлі де бар. Қостанай облысының Әулиекөл ауданында 1960 жылдарға дейін өмір сүрген Қайырбек бақсыны жұрт «Көк дөнен» деп атап кеткен. Ол кісі өмір бойы жаяу жүрген және жететін жеріне өзін жолда мінгізбей кеткен машиналардан бұрын жетіп күтіп алған. Әрбір бақсының өзіне бағынатын жыны болған. Мысалы, атақты Қойлыбай бақсының жыны Нәдір Шолақ. Бақсы ислам дінін ұстаған, зікір салып адам емдеген. Сонымен бірге олар қобызда, асатаяқта жақсы ойнай білген және көріпкелдік қабілеті де болған. Бақсылар өз қызметі кезінде қобыз тартып, жынын шақырады. Оны «бақсы сарыны» дейді.

Ісің түсіп тақсырға барма,

Аурулы болып бақсыға барма.

Бақсы көрінсе дерт қозады,

Ұста көрінсе таға тозады.

Құмалақшы. Алдын ала болжай білетін, яғни құпиялық, сезімдік сыры бар адамдардың бірі - осы құмалақшылар. Бұлар құмалақ тарту арқылы болжап айта алады. Құмалақшыларға халық сенім білдірген. Сондықтан да олар кешіккен жолаушыларға, жоғалған мал, мүліктеріне бал аштырып отырған.

Жауырыншы. Бақсы, құмалақшы сияқты жауырыншылар да болашақты болжап айта алған. Олар қойдың отқа күйдірген жауырынына қарап айтқан. Жауырыншылар мен құмалақшылар туралы әңгімелер мен батырлар жырларында жиі кездеседі.

Сынықшы. Осы күнге дейін жалғасып және өз ісін дәлелдеп көрсетіп жүрген сирек мамандықтың бірі - осы сынықшылық. Сынықшылар арнайы білім, оқу орындарында оқымай-ақ сүйегі сынған адамдарды емдеудің ғажап өнері мен құпиясын толық игерген емсек адамдар екені талай рет дәлелденген. Олар сынған мүшелерді сырттай сипап отырып, уатылып кеткен сүйектерді орны-орнына салып, емдеген. Әрине, ел ішінде дене, сүйек жарақатын алушылар жиі кездеседі. Осындай ауыр жараланғандарды емдеп, жазып шығару жолында Қостанай, Торғай даласына аты кең жайылған сынықшы Назым есімді әйел. Ол 2000 жылдары машина апатынан қайтыс болды. Назым ешқандай дәрі-дәрмек және басқа емдеу құралдарын қолданбай-ақ өте күрделі сынықтарды әп-сәтте жазып шыққан. Марқұмның осы қабілеті мен сынықшылық қасиеттерін емделушілер де, медицинаның білікті мамандары да мойындаған

Емші.  Бұлар ауру-сырқауларды емдеп, адамдардың денсаулығы үшін қызмет еткен. Ешмілер көкірек, буын, жүйке және балалар ауруын емдеудің әдіс-тәсілдерін меңгерген. Әр сырқатты емдеу үшін шөптен дәрілер жасап, құнары мол қымыз, шұбат, тосап сияқты тағамдармен емдеген. Жергілікті табиғи шипалы сулармен, тұзды, балшықты көлдердің емдік қасиеттерін біліп және соларды пайдалана білген.

Емшілікпен бақсы, оташы, сынықшы, балгерлер де айналысқан. әйелдерді  жеңіл босандыратын аналар да болған. Оларды «аққол ана» деп атаған.

Шебердің қолы ортақ

Қол өнері - қазаққа туа біткен қасиет. Бұл жерде қазақ халқының керегін алыстан іздемей өз қолындағы табиғат байлығы мен шикізаттарды үлгірте білетіндігін, әр іске машық, тапқыр, ұшқыр қиялын айрықша айта кету керек. Халық шеберлері ағашты, теріні, сүйек пен мүйізді, жүн мен қылды, түбітті, қамыс пен шиді, құс жүнін, не керек қолдағы барын өз қажетіне жарата білді. Олар жоса тастарды, ешкіталдың қабығын, қанынаны қайнатып бояу да жасаған. Кәдімгі қарапайым тал мен қайың ағаштарынан ғажап киіз үйлер сүйегін құрастырды. Әр іске құрал-саймандарды да өз қолдарымен жасап алған тапқырлығы мен шеберлігі өз алдына, мүлде бөлек әңгіме.

Бұған халық шеберлерінің қосқан үлесіне  баға жетпейді. Олардың ой-талғамы, шеберлік қабілеті ұлттық мәдениет пен  өнерді дамытудағы мәңгілік қалдырған  мұрасына таңдай қақпайтын, сүйсінбейтін адам жоқ шығар.

Шебер. Он саусағынан өнер тамған шеберлер өткен ғасырларда, тірті қазақ елінің тарихында өз тамаша туындылары арқылы халық мұқтажын өтеп қана қойған жоқ. Сонымен бірге қол өнері мен мәдени өнерді дамытуға теңдесі жоқ үлестерін қосты. Сөйтіп ел тұрмысы мен сән-салтанатының көркейіп, одан әрі дамуына айрықша із қалдырды. Сондықтан да елдің қол өнері шеберлігіне деген құрметі мен сенімі арта түсті. Шеберлер қолынан шыққан қандай бұйым болмасын өзінің әсемділігімен, беріктігімен бірінен бірі асып түсті. Ол дүниелер атадан балаға қасиетті де қадірлі мұра ретінде сақталып қалды.

Шеберлердің өзін де, олардың алтын  қолынан шыққан бұйымдарды халық  құрметей де бағалай білген. Қол  өнер шеберлерінің бірнеше түрлері  бар. Енді соған жеке-жеке тоқталайық.

Ұста. Ұсталау негізінен темір соғып, одан өте қажетті бұйымдар мен заттар жасаған. Ел тұтынуға қажетті кетпен, күректен бастап, арбаға дейін ұста қолынан шыққан дүниелер жұрт қолында әлі де көптеп кездеседі. ХХ ғасыр басына дейін халық тұтынатын заттарды ұсталар соққан. Шелек, мосы, ошақ, құман, қасық тағы басқа жеңіл-желпі бұйымдармен бірге темірден, мыстан, қоладан жасалатын күрделі заттар ауылдағы қарапайым ұсталар қолымен өмірге келген. Ұсталарды халық «темірден түйін түйген» деп мадақтаған. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінде Торғай ұсталары сарбаздарға арнап қылыш, найза, семсер соққан. Сардар Амангелді батырдың ағасы Бектепберген мылтық соққан шебер болған. Ұсталардың жұмыс үйін халық «ұста дүкені» деп атап, оны киелі, қасиетті орынға балаған.

Ұсталардың көмекшісін, яғни ұсталық  өнерді үйренушілерді «балғашы» деп атайды.

Ұстаның бізі сүйкімді,

Жақсының сөзі сүйкімді.

Ұстаның өрісі көрігінен төсіне дейін.

Ұста пышаққа жарымайды.

Зергер. Алтын, күміс, асыл тастан тұратын әсемдік бұйымдарды жасайтын шеберлерді «зергер» деп атаған. Олардың қолынан шыққан баға жеткісіз асыл бұйымдар, мысалы, сақина, жүзік, қапсырма, өңіржиек, тана, сырға, кісе белбеу, күміс пышақ, тағы басқа өнер туындылары әсемділігімен, жасалу шеберлігімен халықтың биік талғамын дәл көрсете білуімен ерекшеленеді. Зергерлер шеберлігімен бірге алтын, күміс, тағы басқа қымбат металдарды қорыту, қақтау, соғу, жасау тәсілдерін терең меңгерген. Ертедегі байлар мен билер, ауқатта адамдар қыздардың тағымдары мен өзіне қажетті дүниелерді жасатып, зергерге жоғары ақы төлеген. Мысалы, бір пышақ бір қойға, бір кісе белбеу бір атқа бағаланған.

Алтын менен күмісті

Зергер үшін жаратқан.

Арқар менен құлжаны

Мерген үшін жаратқан.

Үйші.  Киіз үй сүйектерін жасайтын үйшілердің қазақ қоғамында алатын орны өте жоғары. Қазақтың атын шығарған және оның ғасырлық баспанасы болған, әсемдік этнографиялық көрмелерде Еуропалықтарды таң қалдырып бірнеше дүркін жүлде алған киіз үйімізді осы үйшілер жасаған. Шеберлер үйді 4 қанаттан 24, тіпті 30 қанатқа дейін құрастырып шығарған. Бұл еңбектері үшін оларға бірнеше, тіпті ондаған жылқы төлеген. Үй сүйектері сәмбі талдан, жас қайыңдардан жасалған және үй жасау кәсіпке айналған.

Ерші. Қазақ елінің ең көп пайдаланатын мүлкі кәдімгі ер. Оның шеберлерін халық «ерші» деп атаған. Ер қайың, емен, жөке сияқты қатта ағаштардан тұтас шабылып та немесе әр бөлшегі жеке-жеке құрастырылып та жасалған. Мұндайды «ер қосу» дейді. Ер қосылғаннан кейін оны былғарымен қаптап, алдыңғы қасын алтын, күміспен, сүйекпен зерлейді. Ер қосу аса шеберлікті қажет етеді. Ол әрі жеңіл, атқа батпайтын болуы керек. «Алтын ерің атқа батса, алтынын ал да отқа жақ» деген сөз осыдан шыққан.

Өрімші. Бұрын кең тараған, бұл күндері азайып келе жатқан сирек өнердің бірі - өрімшілік. Өрімшілер көбінесе сиыр терісін илеп, одан көбіне ер-тұрман әбзелдерін, мысалы, қамшы, божы, тұсамыс, шыбыртқы, бишік, шідер, шылбыр, жүген сияқты бұйымдар жасай білген. Бұл өнер ат және атарба, атшана иелері үшін аса қажетті болған. Өрімшілер иленген теріні таспалап тіліп, одан 3-тен бастап 40 таспаға дейін қамшы өрген. Арқаның Сейітқасым Жамбылов деген шебері торсық пен кіші-гірім сабаны өріп шығарған. Өрілген бұйымдар әрі сәнді, көркем, әрі берік болған.

Етікші. Бұрынғы шеберлер жеке бір өнерді кәсіп етіп, сонымен аты шыққан және сол арқылы күнін көрген. Сондай шеберлердің қатарына етікші де бар. Етікшілер қой, ешкі, сиыр терілерін илеп, өңдеп етік, мәсі, кебіс сияқты аяқ киімдер тіккен. Аяқ киімдерді олар әр түрлі әсем жіптермен өрнектеп, яғни көксуырлап тіккен. Мұндай етіктер мен қонышты кебістер мырзалар, сал-серілерге, үйленетін жігіттерге, ұзатылатын қыздарға әдейі арналып тігілген.

Информация о работе Қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік құрылымы