Автор: Пользователь скрыл имя, 24 Февраля 2012 в 19:02, реферат
Бұл зерттеуде өркениет феномені болып табылатын аударма мәдениеттанымдық парадигма аясында қарастырылады. Ол үшін ізденісте аударманы қажет еткен тілдердің пайда болу, бөліну тарихынан бастап, адамзат мәдениетіндегі қарым-қатынас куәгері болған аударма ісінің өз тарихы, аудармаға қатысты теориялық ізденістер тарихы, аударманың лингвомәдениеттанулық контексті, аударманың мәдениеттер сұхбаттастығының жемісі – өркениеттілік өнімі екендігі, отандық мәдениеттегі аударма ісі, аудармашы тұлғасының көшпелі-маргиналды тезаурусы және т.б. қамтылды.
Кіріспе
1 Аударманың мәдениеттанулық мәселелері
1.1 Аударма туралы түсінік және оның қалыптасу кезеңдері
1.2 Аударманың мәдениет тарихында пайда болуы және
оның мәдениеттер сұхбаттастығын қалыптастырудағы рөлі
2 Аударманың онтологиялық салыстырмалығы
2.1 Лингвомәдениеттану және аударма мәселесі
(Тіл. Мәтін. Дискурс.)
2.2 Концептсфера. Аудармадағы интерпретация және түсіну мәселесі
2.3 Аударма эквиваленттілігі мәдени-коммуникативтік эквиваленттілік
ретінде
3 Аударма және өркениеттік өрістегі мәдениеттер сұхбаты
3.1 Коммуникация құралдарының күрделенуі және өркениеттілік
өрісі
3.2 Аудармашы тұлғасына қатысты ойлар. Аудармашының
көшпелі-маргиналды тезаурусы
3.3 Өркениеттілік үрдістер аясындағы қазақ мәдениетіндегі
аударма ісі
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
Вавилондық тілдік “шашудан” дәм татқан адамзат балалары бұрынғыдай бір тілде сөйлеуден қалса да, шүкіршілік, аралас-құраластан қалмаған сияқты. Соңыра, екі тілді иемдену нәтижесінде екі ел болып кеткен ағайындарды байланыстырушы дәнекер буындар – аудармашылар пайда болды. “Үзілген жіп қайта сабақталды”, “үзілген байланыс қайта жалғасты”, “өшкен үміт қайта жанды”. Аударма – “үзілгенді” жалғау, аудармашы – жалғаушы, байланыстырушы дәнекер.
Әр тілде сөйлейтін адамдар арасында өзара түсіністік тіптен жоқ деп айтуға ешкімнің тілі бармасы мәлім, бірақ та сол бір бастапқы, “архе”-дегі, керек десеңіз, адамзаттың алғашқы мекені – жұмақтағы алғашқы адамзаттың ортақ тілі туралы, бастапқы түсіністік туралы тек армандауға ғана болады. Вавилондық апыр-топырдың ақыры – көптілділік тозағы, азабы, әлде қызығы?! Көптілділік тозақ та, азап та емес, жаратылыстың көптүрлілігіне тән адами жауап болар? Әйтеуір, көптілділік – жұмбағы мол күрделілік.
Аударма мәселесі тілмен тығыз байланысты болғандықтан осы тұста тіл туралы түсінікті біраз келтіре кеткен жөн. Аудармаға мәдениеттанудан, философиядан гөрі лингвистикалық, тілтануға икемді анықтама берер болсақ, оның, біріншіден, тілдік дәнекерлік, байланысушылық түрі екендігін айтар едік, екіншіден, коммуникациялық тұрғыдан мәтіндік сәйкестілікті қамтамасыз ету жолы деп таныр едік.
Сонымен, алдында айтылғандардан ой түйе отырып, аударманы адам іс-әрекетінің ең көне түрлерінің бірі деп қарастырсақ ақиқаттан алшақтамаймыз. Әрине, ең алғашқы аудармашының кім екенін де, ең алғашқы аударылған мәтіннің қайсысы екендігін де ешкім дәл басып айта алмасы белгілі. Дегенмен де, жер жүзіндегі адамзаттың бәрі түгелдей бір тілде сөйлемейтіндігі, бірақ, соған қарамастан, бір-бірімен қатыспай тұра алмайтындығы да мойындайтын шындықтар. Ендеше көп тілді үлестірген, жаратқан (”Вавилон мұнарасы” мифінің желісінде) аудармашы мамандығын алғашқылардың бірі ретінде әрі қасиетті негізгілерінің қатарында қарастырғанына күмән жоқ…
Егер алғашқы адамдардың бірінші алыс-берісі әйел алмасудан басталса, тарихтағы бірінші тілмаштар да әйелдер болған шығар‑ау! Архаикалық қоғамдағы инцесті болдырмау жолдарының бірі ретінде өзге тайпадан қыз ұрлау дәстүрі әйел баласын алғашқы аудармашы болды деуге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Қазақ мәдениетіндегі әйелге тән қасиеттер белгісіне “дәнекерлік” көрінісі ретінде “тіл таба білушіліктің” тұруы да оның о баста екі түрлі жұртты, екі елді байланыстырушы қызмет атқарғандығын (тілмаштық немесе аудармашылық деп ұғына беруге болады емес пе?!) аңғартса керек.
Бастапқы жазу-сызусыз мәдени кезеңде (әлгі әйелдердің тілмаш қызметін қажеттілік арқасында емін-еркін жалғыз өздері алып жүрген шақтарда) аударма әрине ауызекі аударма болса керек. Ал хатқа түсіру мүмкіншілігіне ие болған сәттен бастап-ақ жазбаша аудармалар пайда бола бастады. Оған куә сонау көне шумерлік мәтіндердің арасынан қостілді (біздің дәуірімізге дейінгі 3 мыңжылдықтар шамасы) сөздіктердің табылуы.
Тарихшылардың айтуы бойынша, аударманы және аудармашыларды қажет еткен факторлардың мықтыларының бірі – жаулап алушылық соғысының жүргізілуі. Жеңілген, тізе бүккен жаңа ел-жұртына өз жарлығын түсінікті жеткізу үшін билеушіге тілмаштан басқа кім керек?! Тілмаштарсыз көне дүниенің күшпен жаулап алынған әртілді көп халықтардан тұратын империяларын құрған “глобалистерді” көз алдыңа елестете алмайсың.
Аудармашылық қызметтің б.э.д. ІІІ мыңжылдықтан бері келе жатқандығын Ассирия астанасы Ниневияның кітапханасынан табылған саз тақтайшалар да дәлелдейді. Ассириялық патшалар арасында алғашқы болып хат танығандардың бірі – Ашшурбанипал (б.э.д. 669-633) өз сарайларының біреуінде бүкіл көне вавилондық және шумерлік жазбаларды жинақтауға бұйрық береді. Сонда әлемдегі ең алғаш кітапхананың басым бөлігін шумерлер мен вавилондықтар аудару үшін қолданған көптілді сөздіктер құраған екен. Сол сөздіктердің ең көнелері өз ерліктерін империяның түрлі тілдерінде мадақтауды ұнатқан Саргон Аккадскийдің (б.э.д. 2872-2817жж.) билік еткен кезіне сәйкес келеді.
Көне Мысырдағы тілмаштар туралы христиандардың Киелі кітабынан дерек жинауға болатындығы туралы жоғарыда біраз айтылған еді. Оған қосымша, тағы бір мифтік аңызға сүйенетін болсақ, Иосиф пен оның ағалары туралы оқиғаның баяндалуынан алғашқы аудармашылар туралы мәліметтерді кездестіреміз. Онда кезінде Мысырға құлдыққа сатып жіберген Иосифқа күні түсіп келген ағаларының онымен перғауын сарайында тілмаш арқылы сөйлескендігі туралы [30] анық айтылады емес пе? Тіпті, метафоралық тұрғыдан сол құдай түсірген кітаптардың өзі алғашқы аудармалар емес пе? Тауратты болсын, Інжілді болсын, Құранды болсын кәміл құдай сөзінің (Құдайдың тілін кім білген?!) жердегі пенделерге түсінікті аудармасы деп қарастыруға болатын сияқты. Ендеше, Мұса (Моисей) пайғамбарды да, Иса (Иисус) пайғамбарды да, Мұхаммед пайғамбарды да құдай сөзінің алғашқы аудармашылары десек киелілікті аяқ асты етпейміз деп ойлаймын.
Ертеде, аудармашы кәсібі құрметті де сыйлы болған кезде, түрлі тілдерде сөйлейтін алуан елдің өкілдері тұратын ежелгі Карфагенде “кәсіби аудармашылардың” ерекше бір кастасы (жабық қауымы) болған. Карфагеннің аудармашылары сол кезде айырықша құқықтық мәртебеге ие болған көрінеді. Олар аудармашылық қызметтен басқа барлық міндеттерден түгелдей босатылса керек. Кейбір аударма тарихын зерттеумен арнайы айналысатындардың дәлелдеуі бойынша, аудармашылар кастасының мүшелері сыртқы түр кейіптерімен де қалған адамдардан ерекшеленетін: олардың барлықтарының шаштары тақырланып алынған және денесінде татуировка (теріге бояу жағылған инемен пістелене салынатын сурет) болған көрінеді. Олар татуировканы қазіргідей тек сән үшін емес, өзінің кәсіби деңгейінен ақпарат беретін рәміз ретінде қолданған. Бірнеше тілдерден аудара алатындардың денесінде қанатын жайған тотықұс бейнеленген, ал тек бір тілмен жұмыс істейтін аудармашылардың денесінде қанатын жаймаған тотықұстың суреті салынатын болған. Бір қызығы, көне Карфагендегі аудармашылық геральдикадан мүлдем хабары жоқ адамдар көп жағдайда бүгінгі күннің өзінде аудармашыны тотықұспен теңдестіріп жатады.
Кейбір зерттеушілердің айтуынша, Ежелгі Римде interpres (аудармашы) сөзі біршама кемсітушілік сипатта болыпты; interpres деп мәселенің байыбына бара қоймайтын, сөзбе-сөз аударуға дағдыланған, қабілетсіз аудармашыны атаған. Ежелгі Русьте оларды толмачтар дейтін болған. Сірә, ол атау біздің түркі тіліндегі “тілмәш” сөзінен шыққан болар. Сол көне замандардың өзінде-ақ аудармашылар дипломатиялық келіссөздерге қатысып, әскерлермен шетелге сапарларға бірге шығып отыратын болған. Соған қарамастан, аудармашыларға қолбала ретінде жоғарыдан төмен қарау қай мәдениетте болсын кездесіп тұратын жағдай.
Аудармашы тек тілмәш, көшірмеші, қарапайым билингв, түпнұсқаның мәтінінен ауытқымайтын кірпияз ділмар, сөздің құлы ма әлде оның ұстасы ма? Түпнұсқаның мәтінін өзгертіп жіберетін сатқын ба әлде жан-жақты білімді интеллектуал, лингвист және этнограф, философ және психолог, тарихшы, жазушы және тіл тапқыры ма? Ол, кез келген оқырман секілді, түпнұсқа мәтінін “өзіндік жолмен” оқудан бас тартпайтын еркін суреткер ме әлде зейінді әрі сезімтал басқатілді екінші автор ма? Аудармашы түпнұсқаны өз заманының адамдары мен өзінің жеке бас мәнеріне қарай қайта жасаушы, “өзгертуші-түзетуші”, сөйтіп, “керемет қателіктердің” негізін салушы ма әлде алдына басқа тілдік мәдениет адамдарын түпнұсқаның мазмұнына толығымен қанық етуді мақсат етіп қоятын төзімді еңбеккер ме? Қойылған сұрақтардың қай-қайсысы болсын біржақты жауабын ала қоймаған ашық сұрақтар.
Ұлы грек өркениеті өз қоғамының аудармашыларға деген қатынасын білдіретін маңызды деректер қалдырмады. Гректерді аудармашылық қызмет қаншалықты қызықтырғанын көрсететін ешбір жазбалар, тіпті айтылған ұлағатты сөздер бізге дейін жете қойған жоқ. Ежелгі гректердің тілі, тілдік мәдениеті мен әдебиетінің кемелдігін ескерсек, алғашқыда бұл жағдай түсініксіз болып көрінуі мүмкін. Алайда, тарихшылардың тұжырымдары бойынша, нақ сол себептен де, яғни тілі мен әдебиетінің жоғары дәрежеде дамуы себебінен де гректер аудармалардан бас тартқан көрінеді. Оны ұлттық тәккәпарлық пен гректердің өзгелерден тыс жаратылысына деген сенім туғызған көрінеді. Басқа тілдерді олар варварлық тіл деп есептеді. Barbaros – варварлық деген грек сөзінің этимологиялық негізінде, гректердің айтуынша, басқа елдердің тұрпайы, анық та әуезді емес, бырылдақ тілдерін дәл келтіретін ономатопея (бр, бр) жатыр.
Аударма тарихына қатысты қолда бар (кітапханаларда деп түсініңіз) әдебиеттердің ұсынар мүмкіншілігіне сай, ежелгі өркениеттердің кейбіреулеріне ғана тоқталып отырмыз. Мүмкін, конфуцийлік-даостық, үнді-буддалық ареалдағы өркениеттер туралы көп айтуға болар еді. Бірақ оған тіл білмеуіміз де, біз білген тілде әлгілердің тәжірибесінің қарастырылмай тыс қалып қойғандығы да кедергі болып тұр. Жоғарыда аталған өркениеттердің аударма тарихындағы орнын бағалауға мүмкіндік беретін аудармаға қатысты кең танымал әдебиеттерде мағлұматтардың болмауы біздің ғылым-білімнің, жалпы алғанда, негізінен еуроорталықтық сарында екендігін тағы бір көрсетіп бергендей.
Ендігі жерде аударманың ел мен елді байланыстырушы сұхбаттылық пәрменіне тоқталатын болсақ, онда мәдениетаралық коммуникация, мәдениеттер сұхбаттастығы терминдері өзара ажыратуды, арақатынастарды саралауды қажет ететіндігін айтуымыз керек. Коммуникация термині бізге орыс тіліндегі әдебиеттерден келгенмен, әуел баста латын тілінен шыққаны белгілі. Қазақ тіліне бұл термин “қатынас” деп аударылады әрі дәл аударылады деп ойлаймын. Қатынастың да түр-түрі болады. Солардың барлығын екі негізгі топқа бөліп қарау мүмкін. Олар: тікелей қатынас, жанама қатынас. Тікелей қатынасты біз “араласу” деген ұғым арқылы да жеткізе аламыз. Ол адамдардың өзара, бөгде біреулерсіз, тікелей, бетпе-бет қатынасқа түсуін білдіреді. Қазақи тілдік санада “аралас-қораласымыз бір”, “араласып жүрген жандар” деген сияқты тұрақты сөз тіркестері содан хабар береді.
Ал қатынастың жанама түрі орталық қосымша буын болуын қажетсінеді, яғни ол ауыз екі тілден өзге қатынас құралдарының қолданылатындығынан хабар жеткізеді. Мысалы, телефон, телеграф, хат-хабар, бұқаралық ақпарат құралдары және т.б. Осы орайда бой көтеріп отырған тағы бір мәселе – ақпарат құралдарына сай ақпараттың өзінің де, жеткізілуінің де түбегейлі өзгерістерге ұшырайтындығы. Ол туралы Маршалл Маклюэн өте көп айтып кеткен еді әрі біз сол туралы осы монографияның келесі тарауларында кеңінен тоқталатын боламыз.
Айтып өткеніміздей, “қарым-қатынас” және “коммуникация” ұғымдарын біз синонимдер ретінде қолданып келеміз. Дегенмен, талай зерттеушілер олардың өзіндік ерекшелігін, тепе-тең еместігін айтатындығын бүгіп қалудың да керегі шамалы. Олардың айтуынша, өзара тығыз байланыстылығына қарамастан, “қарым-қатынас” ұғымының “коммуникация” ұғымынан басты ерекшелігі мынадай екен: “қарым-қатынас материалдық, практикалық, рухани, ақпараттық сипаттама болатын болса, коммуникация таза ақпараттық процесті – белгілі бір мағлұмат алмасу процессін білдіреді” [31, 20 б.]. Егер коммуникацияда біз ақпарат алу процесінің бір бағытты жолдануына кез болсақ, қарым-қатынас екі бағытқа да бірдей тиесілі екендігін байқаймыз. Коммуникацияда ақпаратты жіберуші және ақпаратты қабылдаушы бар, ал қарым-қатынаста жіберуші, қабылдаушы, белсенді немесе белсенді емес қатынасушы деген түсінік жоқ. Қарым-қатынас ортақ істің бірлескен тепе-тең мүшелерінен тұрады. Сонымен, олардың түсінуінше, қарым-қатынас ұғымы мағыналық жағынан коммуникация ұғымынан неғұрлым кең көрінеді. Меніңше, осындай көзқарастардың барлығын ескере отырып әрі келесі қарастырар “диалог” ұғымының жоғарыдағыдай түсініктегі “қарым-қатынаспен” астасып жатқандығына иек артып, ұғымдарды тізбектей бергеннен гөрі, тақырыпта берілген екі ұғыммен шектелген жөн сияқты. Оның үстіне, қазіргі таңда мәдениетаралық коммуникация термин ретінде ғана емес, арнайы ғылыми пән ретінде қалыптасып үлгергендіктен де біздің ұстанымымыз дұрыс деп білемін.
“Диалог” сөзінің шыққан тегі көне грек тілі. Осында бірден сұхбат, диалог сөздері ұғымдық мазмұны бір терминдер ретінде бірін-бірі алмастыра алатындығын ескерте кеткен жөн шығар. Оның үстіне, кейбір тұстарда сұхбат сөзінің орнына диалог сөзін қоюдың өзіндік контекстілік қисындылығы бар екендігі де белгілі. Өзінің алғашқы мағынасында “диалог” – екі адамның сұхбаты деген мазмұнға ие болған. Сәл кейінірек диалог – кейіпкерлердің пікір алмасуынан тұратын әдеби шығарманың түрі ретінде түсіндірілетін болды. Осы орайда көне грек философы Сократтың өзін қоршаған дос-жарандары, шәкірттері, тіпті, дұшпандарымен пікірталас ретінде өткізетін әңгімелерін еске алайық. Адамдар қарым-қатынасының құндылығын ашып көрсетіп, сұхбаттың адам игілігіне жарайтын ұлы күш екендігін аңғарған тұңғыш философ Сократ болды. Адамдардың бірге отырып ізденуінің, сұхбаттаса отырып сұрау салысуының барысында ғана ақиқатқа, шындыққа жетуге болады. Осыны анық ұққан Сократ өз әңгімелесуін шынайы қарым-қатынасқа, сұхбатқа айналдырды.
Сұхбаттың болмыс бастауын адам баласының табиғатынан іздестіру керек. Адам санасы оның әлеуметтік болмысының жемісі ретінде адамның бір-бірімен қарым-қатынас жасауының нәтижесінде қалыптасты. Адамдық қарым-қатынас оны басқа қоршаған табиғи ортадан бөліп-жарып, өзгешелеп алды. Адам миының жемісі болып табылатын сана – мидың қос жартышарларының диалогының нәтижесі. Саналы адамның болмысы да диалогты, қоғамдаса өмір сүруі де сол бастапқы диалогтылықтан туындап жатса керек.
Енді коммуникация және диалог арақатынасына тоқтала кетeйік. Диалог пен коммуникацияны тепе-тең деп қарастырмайтын көзқарастар көптеп кездеседі. Диалогты тым тұлғалық, жеке бастың құбылысы ретінде алып, ал коммуникацияны – адам жанының тереңіне тиіспейтін үстірт қарым-қатынас деп, әсіресе, ақпарат алмасумен тәмәмдалу деп қарау да бар.
Диалог коммуникациядан:
1) тепе-теңдік жағдайдағы тұлғалар қарым-қатынасымен;
2) ол екеуінің де адресант әрі адресат бола алатындығымен (сұрақ-жауап жағдайы диалогқа имплицитті тиесілі шарт екендігін ескерсек);
3) қарым-қатынас жасау еріктілігімен айырықшаланады.
Жоғарыдағы талаптарға сай келетін диалогқа жету оңай тірлік емес. Жалпы, шынайы диалог адамдар, мәдениеттер арасындағы күнделікті коммуникативті практикада сирек кездесетін құбылыс. Диалогта оған қатысушы адамдар, тұлғалар маңызды болса, коммуникацияда – алынатын ақпарат маңызды. Диалогта алынған хабарды адамның түсінуі, санасынан, жан дүниесінен өткізуі бар болса, коммуникацияда ол – міндетті шарт емес. Сондықтан диалог пен түсіну, диалог пен мағына мәселесі бір қатарда орналасқан деуге толық мүмкіндік бар.
ХХІ ғ. мәдениетін қазіргі қалыптасқан дискурсивтілік пен метамәтінділік туралы көзқарастар тұрғысынан қарау жемісті болмақ. ХХІ ғасырдың мәдениетінің дискурсивті өрісінің ерекшелігін “диалог”, “сұхбат” ұғымы арқылы түсіндіруге болады. Осы бір парадигмалық сипатқа ие болған идеяның философияда, соның ішінде, ХХ ғасырдағы Ресей философиясында толысып жетілгендігін айта кеткен абзал.