Автор: Пользователь скрыл имя, 24 Февраля 2012 в 19:02, реферат
Бұл зерттеуде өркениет феномені болып табылатын аударма мәдениеттанымдық парадигма аясында қарастырылады. Ол үшін ізденісте аударманы қажет еткен тілдердің пайда болу, бөліну тарихынан бастап, адамзат мәдениетіндегі қарым-қатынас куәгері болған аударма ісінің өз тарихы, аудармаға қатысты теориялық ізденістер тарихы, аударманың лингвомәдениеттанулық контексті, аударманың мәдениеттер сұхбаттастығының жемісі – өркениеттілік өнімі екендігі, отандық мәдениеттегі аударма ісі, аудармашы тұлғасының көшпелі-маргиналды тезаурусы және т.б. қамтылды.
Кіріспе
1 Аударманың мәдениеттанулық мәселелері
1.1 Аударма туралы түсінік және оның қалыптасу кезеңдері
1.2 Аударманың мәдениет тарихында пайда болуы және
оның мәдениеттер сұхбаттастығын қалыптастырудағы рөлі
2 Аударманың онтологиялық салыстырмалығы
2.1 Лингвомәдениеттану және аударма мәселесі
(Тіл. Мәтін. Дискурс.)
2.2 Концептсфера. Аудармадағы интерпретация және түсіну мәселесі
2.3 Аударма эквиваленттілігі мәдени-коммуникативтік эквиваленттілік
ретінде
3 Аударма және өркениеттік өрістегі мәдениеттер сұхбаты
3.1 Коммуникация құралдарының күрделенуі және өркениеттілік
өрісі
3.2 Аудармашы тұлғасына қатысты ойлар. Аудармашының
көшпелі-маргиналды тезаурусы
3.3 Өркениеттілік үрдістер аясындағы қазақ мәдениетіндегі
аударма ісі
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
С. Басснетт-Макгайр “Аудармашылық ізденістер” деген кітабында өзінің аудармашылық ізденістерінің аударма тарихына байланысты бірінші тарауында кезінде Дж. Стейнер берген кезеңдеме тарихи ізденістерге қойылатын талапқа толық сай емес деп таниды. Аударма тарихын кезең-кезеңге бөліп қарамай, қалыптасқан аудармашылық мектептердің бағыттарына сай қарастыру керек деп біледі.
С. Басснетт-Макгайр болса өзінің берген кезеңдемесінде мынадай тарихи үрдістерге тоқталады:
Көне Римдегі грекиялық түпнұсқаға қол жеткізу үшін жасалған “еркін аударма” және соған сай өз тіліңде шығарма тудыруға талпыну. Ал Інжіл аудармашылары, керісінше, сөзбе-сөз аудармаға ден қойған болатын. Өйткені орта ғасырларда сәл өзгерген сөз үшін шіркеу “ересь” деген жала жауып, аудармашының басы кетер еді.
Жаңа еуропалық тілдердің пайда болуымен байланысты үрдістер. Ол кезеңнің аудармаларында көптеген кірме сөздерге ден қою, еліктеу пайда болып, аудармашылар шетелдік сөздерді өз тілдерін байыту жолы ретінде қарастырған болатын. Классикалық тілдер мен сол тілде жазылған шығармаларды ұлттық тілдерді нығайту үшін пайдалану барысы аудармадағы еркіндіктерге жол берген. Аудармашы өзін орталық дәнекер буын ретінде емес, мәдениет қайраткері ретінде, революционер ретінде сезініп, өзінің қызметін ел-жұртына, заманына қажет деп шабыттанған. Соның буымен аудармашылардың біраз еркінсіп, түпнұсқада болмаған дүниелерді мәтінге араластырып жіберетін кездері де болған. Мысалы, ХҮІІІ ғ. Францияда “түзетуші аударма” деген құбылыс кең етек алған болатын. Олар аударылған дүниені француздардың нәзік “жоғары талғам” талаптарына сай ету үшін “көркемдеп, безендіре өңдейтін-міс”.
Келесі бір үрдістерді С. Басснетт-Макгайр “романтизм” және “постромантизм” деп атайды. Бұл концепциялардың өкілдері – Шлегель, Шелли, Шлейермахер, Карнейл, Морристер аударманың халықтың мәдениеті мен әдебиетін дамытудағы рөлін баса айтып, аударылған тілдің өзіндік “өңін” (“шармын”) сақтау керектігін қолдаған.
С. Басснетт-Макгайр тарихи шолулармен бірге аудармашы тұлғасының да өзіндік орнына басты назар аударып, оның бір мезетте, бір тұлғада бірнешеме рөл атқаратындығын тұжырымдайды. Мысалы, аудармашы мәтінмен жұмыс істеп, оны аударып қоюшы ғана емес, “аудармашы – ең алғашқы оқырман” деген анықтама береді [26].
А. Нойберт – неміс лингвисті – аударма теориясындағы прагматиканы аударманың маңызды аспекті ретінде алып қарастырады. 1968 ж. жазылған “Аударманың прагматикалық аспектілері” деген кітабында ол адекватты аударма түпнұсқаның прагматикасын сақтай білуі керек дейді.
Прагматика ұғымын Альберт Нойберт кең ауқымда талқылайды. Бәріміз білетініміздей, прагматика – тілді пайдаланушылардың тілдік белгіге деген қатынасы. Ал Нойберт прагматика айтушының айту форматын таңдауының тыңдаушыға тигізер әсерін зерттейді деп есептейді. Сонымен, прагматика өзіне стилистиканы қосып алады да өзін жүзеге асыртып отырған грамматика мен семантикаға қарсы қойылады. Бұндай түсініктемеде аударманың мақсаты – түпнұсқаның прагматикалық қалдырар әсерін сақтау. Себебі аударманың грамматикасы мен семантикасы аударылған тілдікі болмақ, ал қалатыны – прагматика. А. Нойберттің айтуынша, аударылу мәселесін мәселе ететін де осы прагматика болса керек. Нойберттің осы көзқарасы – қазіргі аударматануда кеңінен танымал көзқарас.
А. Нойберттің “Мәтін және аударма” (1985) деген монографиясы мәтін категориясын аударма мәселесімен байланыстыра қарастырады. Жалпы, А. Нойберт кез келген коммуникация мәтіндер арқылы жүзеге асады деп есептейді. Кез келген мәтін құрылымдық-семантикалық біртұтастық ретінде тіршілік етеді. Мәтіннің жалпылама біртұтас құрылымы макроқұрылымдар қатарынан тұрады. Ал олар, өз кезегінде, көптеген микроқұрылымдардан жинақталады. Мәтіннің жалпылама мағынасы сол мәтін құрастырылған сөздер мен мәтін құрылымдарындағы семантикалық материалдардың барлығының жиынтығынан да артық шығатын мәнді білдіреді деп қорытындылайды ол [27].
Аударматануда аты қалған, өзіндік орны бар зерттеушілер жеткілікті, олардың барлығының көзқарастарымен бір монография көлемінде үстірт те болса таныса қою, бәлкім, қиын болар әрі біз ондай “скопос” (мақсат) қойып та отырған жоқпыз. Мұнда бізді көбінде мәдениеттанулық ұстанымы бар аударма теориялары мен концепциялары қызықтырғанын да жасыра алмаймыз. Аударматанушылық ғылым саласында өзінің әдеттегідей үйреншікті емес пікірлерімен есте қаларлық тель-авивтік Гидеон Туридің концепциясымен осы бір қысқаша экскурсты тәмамдауға да болады.
Г. Тури өзінің концепциясының “бісмілләсін” аударма теорияларын сынаудан бастайды. Г. Тури “Аударма теориясын іздестіру барысында” (”В поисках теории перевода”, 1980) деген кітабында [28] барлық аудармаға қатысты теориялар жалған алғышарт ұстанады деп біледі. Оның себебін Г. Тури аударматанушылардың аударманы бастапқы мәтін – түпнұсқаға қарай, сол мәтін жазылған тілге қарай бағалауынан табады.
Г. Тури аударма концепциясын “сипаттамалық” концепция деп біледі. Ал аударма мүлдем басқа постулаттардан құралады. Ол концепция процеске емес, аударма нәтижесіне – алынған жаңа мәтінге басты назар аударады. Аударма мәтіні Г. Тури үшін басты категория. Егер қандай да бір мәтін аударма деп танылар болса, сонысымен де ол түпнұсқамен қатынаста эквиваленттілік танытқан мәтін болар еді. Аударма, Г. Тури түсінігінде, телеологиялық категория, өйткені оның жүзеге асу барысы мен нәтижесі оның түпкі мақсатына – аударма мәтінін алуға бағытталған. Сонымен, келтірілген экскурс барысында аударма туралы түсініктің қалыптасуын, аударма теориясының тарихи эволюциялық жолын, ондағы аударманың мәдениеттанымдық теориясына мұрындық болар концепцияларды қарастырдық.
1.2 Аударманың мәдениет тарихында пайда болуы және оның мәдениеттер сұхбаттастығын қалыптастырудағы рөлі
Аударма – шындық, бар нәрсе, орын алып отырған дүние. Оны ешкім әдейілеп, еріккеннен ойлап тапқан жоқ, ол өмірлік қажеттіліктен туындады. Ол қажеттілікке себепкер не дейтін болсақ, ол – табиғи тілдің сан түрлі екендігі деп жауап берер едік. Жер бетіндегі Адам ата мен Хауа ана балалары әр тілде сөйлейді. Этнологтар, тілтанушы мамандардың айтуы бойынша жер жүзінде 4-5 мыңдай тілдер бар көрінеді. Үш қана нәсілге бөлінген алты құрылықтағы 2 миллиардтай жұртшылыққа тым көп емес пе?! Неге сонша көп болды екен? Адамзаттың жаратылысы бір, зады бір ғой?! О баста ортақ тіл болды ма екен? Болса – неге ол ұмыт қалған? Оны қайта қалпына келтіруге болады ма? Жалпы адамзатқа әмбебеп тіл – жасанды тіл ойлап табылған күнде ол кең пайдаланысқа түсуге жарамды ма? Осы сияқты сұрақтар легі толассыз туа берері сөзсіз.
Аталған сұрақтарға жауап беретін аударма тарихынан сөз бастамас бұрын, еуропалық аударманың әйгілі теоретиктері мен тарихшыларының бірі болып табылатын Анри Ван Офтың Батыс Еуропадағы аудармашылықтың тарихы туралы жазған кітабының алғысөзінен үзінді келтіргім келеді: “Егер сіз аударма тарихы туралы жазғыңыз келсе, онда бірқатар сұрақтарға жауап беруге дайын болуыңыз керек. Аударма қашан пайда болды? Неліктен адамдар бірін бірі аударады? Барлық замандарда аударма ісі бірдей дамыды ма? Аударма тарихында оған аса қолайлы кезеңдер болды ма?… Сұрақтар тізімін ары қарай да жалғастыра беруге болады. Басқаша айтқанда, пәндік сала өте кең. Шынында да, аударма теориясын зерттеу әлем тарихын, өркениет тарихын зерттеумен бірдей, бірақ ол зерттеу аударма тұрғысынан алынған және сонысымен де ерен зерттеу” [7, 19 б.].
Ендеше, аударма қашан пайда болды деген сұрақ туындайды. Әрине, оған нақты жауап беру өте қиын. Себебі аударма тарихы уақыт координатында ғана емес, сонымен бірге, кеңістікте де үзік-үзік болып келеді. Біздің әлемнің бір бұрышында аудармашылық қызметтің көне дәуірде болғандығын дәлелдейтін тарихи құжаттарды табуымыз аударманың одан ертеректе жер шарының басқа бір шетінде болғандығын, бірақ ол туралы дәлелдемелер сақталмағандығын сенімді түрде жоққа шығара алмайды. Аударманың көне заманда әр түрлі тілдерде сөйлейтін халықтар, тайпалар немесе т.б. этникалық топтардың арасында қатынасу қажеттілігі туындағаннан бастап пайда болғанын ғана шүбәсіз деп айтуға болады. Сонымен, аударманың пайда болу мәселесі әлем тілдерінің пайда болуымен (глоттогенезбен) тікелей байланысты.
Аудармаға жағдай туғызған тілдердің көп түрлі болуы түсіндіруді, демек, кеңірек қарастыруды қажет етеді. Егер вавилондық тілдердің араласып кетуі туралы інжілдік аңызға немесе басқа планетаның тұрғындарының ықпалының мүмкіндігіне шын сеніп, оны қабылдамасақ, онда көптілділік адамзаттың тарихи даму барысында табиғи жолмен шығуы мүмкін болған құбылыс. Ғалым-антропологтар о баста адамдардың бір орталықтан тарағандығы туралы біраз болжамдар айтады. Кейінірек, жер бетіндегі климаттың күрт өзгеруіне байланысты жан-жаққа ыдырап кеткен адамдардың кейбір жеке топтары тамақ іздеу қамымен өз руларынан бөлініп, олардан алыстап, бүкіл байланысты үзуге мәжбүр болған. Соның нәтижесінде олардың тілдері де бірте-бірте өзара тәуелсіз, басқа жағдайларда дами бастаса керек.
Тілдердің пайда болуы туралы кең тараған теориялардың бірі моногенез (грек. monos – біреу, genesis – туу) болып табылады. Ол теория бойынша, адамзаттың түрлі тілдері о баста бір көзден, бір тілден тараған. Бұл теория адамның пайда болуының моногенезді теориясымен тікелей байланысты. Көптеген антропологтар мақұлдайтын бұл теория бойынша, қазіргі адам түрі – Homo sapiens Жер бетінің бір жерінде, мүмкін, Африкада шамамен 100 мың жыл бұрын бірегей мутация нәтижесінде пайда болады. Осы уақытта жалпы адамзатқа ортақ тіл де туындаған, сөйтіп бұдан 30-40 мың жыл бұрын ертедегі адамдардың көбейіп, Африкалық және Еуразиялық континентке қоныстануының нәтижесінде ортақ тіл түрлі диалектілерге бөлінген. Демек, кезіндегі бастапқы ортақ тіл алуан тілдерге ыдыраған. Тілдердің көптүрлілігін осылай деп болжамдау – қазіргі антропологтар болсын, лингвистер болсын пәтуаға келер ортақ тұс.
Түрлі тілдердің болған жағдайында бірнеше қоғамдық жүйелердің қатар өмір сүруі зат айырбасының, бір сөзбен айтқанда, “халықаралық қатынастардың” болғандығының тұжырымдалуына мүмкіндік береді. Көптілділік жағдайында қалыптасқан мұндай қарым-қатынастардың алғашқы аудармашыларсыз, яғни басқа елдің тілін білетін адамдарсыз орындалғандығы күмән тудырады.
Мифтер ғылыми білім санатына жетпесе де, көне дәуірлерде орын алып, артынан ешбір із қалдырмаған белгілі бір оқиғалардың бетпердесін ашуға қабілетті және ғылыми талдау үшін нақты дерек бола алатын фактілер санатына жатады. Мифология мен дін тарихын зерттеуші Мирча Элиаде былай деп жазады: “Миф белгілі бір қасиетті тарих туралы, яғни Уақыт басында, ab initio… болған алғашқы оқиғаны сөз етеді. Бұл әрқашанда “жаратылыс” туралы, белгілі бір заттың қалайша қалыптасқандығы, яғни өз тіршілігін қалай бастағандығы туралы сөз” [29, 63 б.].
Киелі Жазу мәтіндерінде біз тілдің пайда болуы мен бөлінуінің мифологиялық үлгісін табамыз. Түрлі замандарда айтылған, жазылған алуан әпсана, ертегі, аңыз шығармаларды “құдай сөзі” деп уағыздайтын еврейлердің және христиандардың ортақ діни кітабы – Көне өсиетте әлемнің заттарға атау берудің нәтижесінде құрылғандығы туралы процесс суреттелген. Басқаша айтқанда, есімін айту, нақтырақ айтсақ, атау Құдайдың әлемді жаратуының негізінде жатыр.
“Әуел баста Сөз болған, – деп жазылады Иоанн (Жохан) Інжілінде (Ізгі Хабарда), – Сөз Құдаймен бірге болған, Сөз Құдай болған. Ең алғашқыда “Сөз” Құдаймен бірге болған. Бар нәрсені Құдай “Сөз” арқылы жаратқан, жаратылған еш нәрсе Онсыз пайда болмаған. “Сөз” өмірдің бастауы болған, осы өмір адамзат үшін Нұр болған. Нұр түнектің ішінде жарқырайды, ал түнек Нұрды жеңе алған емес” (Иоанн, 1:1) [30, 249 б.].
Құдайдың әлдеқайда маңызды объектілерге ғана ат бергендігі қызығушылық тудырады: ол жарықты күн деп, қараңғыны – түн деп, қаттыны – аспан, құрлықты – жер деп, судың жиналған жерін – өзен деп атайды. Жер бетіндегі тірі жандарды айтатын болсақ, оларға ат беруді Құдай Адамға тапсырды.
Сонымен бірге, Інжілдік мәтін моногенез теориясы мен тілдердің кейінгі бөлінісіне дәлел келтірумен де қызықты. Жалпы, есте ұстайтын бір нәрсе – тілдің пайда болуы (глоттогенез) туралы, тіл туралы толассыз сұрақтар толық та жан-жақты жауабын таба алмаған ашық та даулы сұрақтар.
Інжілдегі Вавилондық діңгек туралы мифті “тілдік ысырапшылдықты” (Джордж Стейнер) түсіндірер себеп ретінде алу ғылымға жат тәсіл болар еді. Алайда, әрбір мифтің астарында адамзат мәдени тарихының елеулі кезеңіне сай оқиға желісі жатқандығын мойындамасқа тағы да болмас… Сонымен, иаһұдилар мен христиандардың Киелі кітабы былай делінген екен:
“Бүкіл адамдар жер бетінде бір тілді, бірдей сөздерді қолданды. Адамдар шығысқа қарай көшіп, Шинар өлкесінде бір жазық жерді тауып, соған орналасты.
Сонан соң олар бір-біріне: “Келіңдер, кірпіш құйып, оны отқа күйдірейік“, – деді. Сөйтіп олар тас орнына күйген кірпіш, әк орнына қарамай алып, бір-біріне: “Біз өзімізге қала және төбесі көкке жететін мұнара тұрғызайық. Осылайша біз өз атымызды шығарайық, сонда біз жердің түкпір-түкпіріне бытырап кетпейміз“, – десті.
Сонда Тәңір адамдар тұрғызып жатқан қала мен мұнараны көру үшін жерге түсті де: “Мынаны қара, олар бір халық болып, бір тілде сөйлейді. Мынау олардың жұмыстарының басы ғана. Бұдан былай олардың ойындағыларын жүзеге асыруға еш нәрсе де кедергі болмайды, – деді. – Олай болса, біз жерге түсіп, олар бір-бірін түсінбеуі үшін олардың тілін шатастырып жіберейік.”, – деді.
Сөйтіп Тәңір оларды сол жерден бүкіл жер бетіне бытыратып жіберіп, олар қала құрылысын тоқтатты. Сондықтан қалаға Бабыл деп ат қойылды, өйткені Тәңір сол жерде бүкіл әлемдегі тілді шатастырып, адамдарды жер бетіне бытыратып жіберді.”
(Киелі кітап. Тәурат. Жаратылыстың басталуы. 11 тарау. Бабыл мұнарасының салынуы) [30, 26 б.].
Тілдердің пайда болуы туралы мифологиялық дәйектің баяндалуы осындай. Бұл не? Тілден “шашу шашылғаны” ма әлде тілдік “қарғыс атылғаны” ма? Кеңпейілділік пе (”тілдік ысырап”) әлде аспанмен (Құдай “топосы”, мекені деп түсініңіз) тілдесетін діңгек орнатпақ болып сабылған адамдардың пенделік кеудесінен туындаған жобаға наразылық танытқан Жаратқан иенің жазасы ма?
Вавилондық топыр ненің куәсі? Жаратушы тілден шашу шашты ма екен, олай болса – адамдар әрекетін хош көргендігінің белгісі ғой. Шашу – салтанаттың, қуаныштың, мерекенің рәмізі еді… Әлде бұл тұста шашу емес, жаза басым ба? Өйткені, сол тілдерді бас салып иемденуге асыққан жұртшылық болашақта өздерінің бірін-бірі еш орталық жанама буынсыз тікелей (аудармашысыз, яғни ортадағы үшінші біреусіз) түсінуден қалатындығын білмеген болар?! Нәтижесінде, бір кісідей (түсіністіктің арқасында, яғни ортақ тілдің арқасында) жұмыла кірісіп, бітіруге жақындаған діңгек те жайында қалды, ортақ мекен де жайында қалды, ортақ мақсат та жайында қалды емес пе?!
Әлде бұл Жаратқанның адамдарға жіберген сыны ма екен?! Адамзат бір тілде сөйлеп, бірлесе жүріп қана бас қоса алар ма екен, жоқ әлде, әр тілде сөйлеп, әр шетте жүріп те ортақ мүдделі болар ма екен деген?!
Егер сын болған жағдайда – адамзат жақсылы-жаманды ол Талапқа Жауап тауып келеді. Оның куәсі аударманың болуы, аудармашы мәдени тұлғасының болуы, соның арқасында жеткілікті-жеткіліксіз, мардымды-мардымсыз түсіністіктің болуы дер едік. Жаратқанның кәрі демей-ақ қойдық, шын қаһарланған болса жаратқан аударманы мүмкін етпей тастар еді ғой… Қалай дегенмен де, ортақ мүдделесуге әйтеуір бір саңылау, бір мүмкіндік, бір үміт қалдырып тұр ғой жаратқан…
Содан бері Вавилон көптілділік бейнесі ретінде көзге елестетіледі. Қазіргі заманғы аудармашылар үшін Вавилон – олардың кәсібінің рәмізі. Сондықтан болар, аудармашылардың Халықаралық федерациясы “BABEL” деп аталады. Көне еврей тілінде бұрындары Вавилон осылай айтылса керек. Вавилондық мұнара рәмізі аудармаға арналған кейбір кітаптардың беттерінде де кездесіп тұрады.