Автор: Пользователь скрыл имя, 19 Марта 2012 в 22:47, реферат
Мифологиялық грек мәдениетінің ең негізгі ерекшелігі – оның синкреттік тұтастығы (әлі ажырамаған бірлік). Бұл мифологиялық санада субъект пен объект, ұғым мен бейне, адам мен табиғат бөлінбеген, олардың арасында үйлесімділік бар (грек филисофиясында ол макрокосм мен микрокосмостың гармониялық тұтастығы идеясы болып қалыптасты).
Грек мифологиясының тағы бір өзіндік көрінісі, ондағы табиғатты құдай деңгейіне көтеріп, оларды адамға жақындатуымен байланысты болды.
Жағрапия немесе медицина, сәулет өнері немесе театр және басқа да гректер мүрі таймас із қалдырған мәдениет саласын таба алмаймыз. Гректер мифологиясы тек өнер мен әдебиет емес, белгілі дәрежеде грек грек ғылымы үшін де «құнарлы топырақ» болды.
Кіріспе
Негізгі бөлім
Антикалық мәдениеттің пайда болуы
1. Ежелгі Грекия мәдениеті
2. Гомер дәуірінің мәдениеті (б.з.д. XІ—VІІІ ғасырлар)
3. Архаикалық кезеңдегі Грек мәдениеті (б.з.д. VІІІ-VІ ғ.)
4. Грек классикасы мәдениеті (б.з.д. V — ІV ғасырлар)
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
Ал өнер саласына келетін болсақ, Микены өнері криттіктермен салыстырғанда анайылау, әрі солғындау болып келеді. Қалай болғанда да Крит өнеріндегі әсемділік пен бейнелеу шеберлігі байқала бермейді. Мұндай бағаны керамикалық ескерткіштерге байланысты қолдануға болатын сияқты, өйткені керамика өзінің сапалығы мен бояуларының беріктігі жағынан криттік керамикадан асып түскенімен, бір-бірінен айырғыссыз, стандартты түрде жасалған.
Микены сәулет өнері ескерткіштерінің ең әйгілілері — Ахей патшаларының мазарлары. Б.з.д. XVІІ-XVІ ғ.-дың аяғында қайтыс болған билеп-төстеушілерді «оқпанды оба» деп аталатын жартастан тік бұрышты терең етіп қазылған қабірлерге жерлейтін болған. Ал, XVІ ғ. аяғына қарай күмбезді мазарлар-толостар салына бастады, олардың аумағы сарайлар мен қорған дуалдардан қалыспайды. Осы мазарлардың ішіндегі шоқтығы биігі «Атрей қазынасы» деп аталатын ғимарат болып есептеледі. Қазына деген сөздің қосылуы гректердің бұл ғимаратта Атрей, Пелопс сияқты аты аңызға айналған патшалардың мол қазынасы сақталған деген сеніміне байланысты болған.
Б.з.д. XІІ ғ. аяғында Крит — Микены өркениетінен бейхабар Балқан түбегінің солтүстік аймақтарынан Грекияға дорийлар тайпалары лап қойды. Олар қауымдық-құрылыс сатысында түрған ахейліктерге туыс тайпалар болатын. Көшіп келгендердің мәдени дәрежесі ахейліктерден қаншалықты төмен болғанына қарамастан, олар қола заттарына қарағанда әлдеқайда тиімді темірден жасалған қару-жарақтарды пайдалана білетін. Сондықтан да болар, Грекияға дорийлердің келуіне байланысты б.з.д. XІІ-X ғ-да темір ғасыры басталды және дәл осы кезеңнен бастап Крит-Микены өркениеті өзінің өмір сүруін тоқтатты. Алайда, олардың ғасырлар бойғы мәдени мұрасы еш уақытта да ұмытылған емес.
Ежелгі Грекия мәдениетінің келесі кезеңі ұлы Гомердің атымен — Гомер кезеңі деп аталады. Олай деп аталатын себебі, бұл дәуір жайындағы басты деректердің негізгі көзі — б.з.д. VІІІ ғ. Туған «Илиада» мен «Одиссея» дастандары. Соқыр жыршы Гомер, Платонның айтуынша, бүкіл грек елінің тәрбиешісі болды, өйткені, өзінің бүкіл тарихында ежелгі Эллин туындылары осы дастандардан нәр алған. Шындығында да Гомер дастандарының құдіреттілігі де осы бір ұлы адамның дәуір тынысын терең сезінгендігінде болса керек. Грек дастандарының ішінде, әсіресе Гомер эпосы халық аңыздарының негізінде жүйелі түрде баяндалады. Жалпы грек поэзиясына халықтың қиялынан шыққан бейнелерге жан-жақты қасиеттер мен белгілер берілгендіктен болар, оны кейінгі заманда суретшілер мен мүсіншілер өз туындыларында кеңінен пайдаланды. Ежелгі Элладаның ең ұлы мүсіншісі Фидийдің «Илиаданы» оқығанда, «адамдар маған екі есе үлкен көрінеді» деген сөзінің астарында терең мағына жатқан сияқты.
Гомерлік кезеңнің ІX-VІІІ ғ-да рулық құрылыстың орнына біртіндеп таптық қоғам қалыптаса бастады. Бай зираттардан табылған мол дүниелер де грек дүниесінде әлеуметтік теңсіздіктің үстемдік еткендігін дәлелдейді. Жаңа құлиеленушілік қарым-қатынастардың дүниеге келуіне байланысты — грек мифологиясы да жүйелі түрде қалыптаса бастады. Грек халқы да өзін қоршаған табиғаттың тылсым құбылыстарының құпиясын танып-білуге талпыныс жасады, қауіп-қатерлермен өз мүмкіндігінше күресе білді. Бұл өмір үшін болатын табанды да, табысты күрес болатын. Олай болса «күрес бар жерде өлім бар, күрес бар жерде жеңіс бар» деген өмірлік қағиданы ұмытпаған жөн сияқты. «Адам — бар дүниенің өлшемі» деп грек философы Протогор тегіннен-тегін айтпаған болар. Сондықтан да табиғаттың қатерлі күштерін жеңуде адамға тән қасиеттің бәрі бар, бірақ адамнан да гөрі құдіретті құдайлар бейнелерінің көптеп берілуі — грек мифологиясына тән қасиет болып саналады.
Ол бойынша: мына жарық дүниені Олимп тауы шыңын мекендеген мәңгілік құдайлар билейді. Гректердің түсінігінде құдайлардың құдайы — Зевс бастаған даналар тобы, олар әбден жетілген, керемет адамдар сияқты. Құдайлар бейнесінің адамға жақындатылғаны соншалық, олардың бойынан тек адамға ғана тән қасиеттерді молынан табуға болады. Грекия топырағында қүдайлар мен халық қаһармандары жайында талай тамаша хикаялар өмірге келді. Миф деп аталатын халықтың ауызекі шығармашылығының осы бір түрінде, сонау көне заман жөніндегі естеліктер мен ақындық қиялдың өзара ұштасып жатқандығын аңғаруға болады.
Грек ақындары, философтары, тарихшылары, мүсіншілері мен суретшілері Миф уақиғалары мен олардағы басты кейіпкерлерді өз шығармаларына арқау ете отырып, заман ағымына және онда қалыптасқан көзқарастарға сәйкес жаңа мазмұн, жаңа түр беріп отырды...
Гомер дәуірінен бізге келіп жеткен мәдени ескерткіштер онша көп емес. Солардың ішіндегі біздің заманымызға келіп жеткен бағалы ескерткіштердің қатарына геометриялық ою-өрнектермен әшекейленген құмыралар мен қоладан жасалған мүсіндер жатады. Б.з.д. ІX-VІІІ ғ. құмыраны өрнектеу өнерінің дамуы нәтижесінде керамика бұйымдарын әшекейлеуде геометриялық стиль қалыптасты. Геометриялық стиль керамикасының таңдаулы нұсқалары — б.з.д. VІІІ ғ. афиналық қүмыралар. Құмыраларға салынған суреттердің көркемдігі, композициясының үйлесімділігі бірден көзге түседі. Құмыралардағы суреттер «лак» деп аталатын жылтыр қара бояумен салынған. Геометриялық стиль бойынша салынған жан-жануарлар мен адамдардың пішіндері айшықты ою-өрнектердің ырғағына үлкен шеберлікпен бағындырылған.
Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде Дипилон зиратынан табылған әртүрлі пішінді заттар (б.з.д. VІІІ ғ.) көңіл аударуға тұрарлық. Бұл жерде табылған құмыралардың үлкендігі соншалық, одар адам бойынан да биік етіп жасалған. Мұндай алып құмыралар жаназа салтына арналып жасалған болу керек, өйткені олар ақсүйектердің молаларының басында ескерткіш ретінде қойылған. Бұл ыдыстар ғажайып нақыштармен безендірілген. Онда шейіт болғандарды жоқтау көріністері, өлікті жерлеу кезіндегі салттық билер, жекпе-жек сайыстар мен күймелер жарысы және т.б. шынайы бейнеленген. Бұл құмыралардың арасынан құрлық пен теңіздегі шайқастар оқиғаларын баяндайтын тың сюжеттерді: ескекшілері көп зор кемелер бейнелерін де кездестіруге болады.
Бұл кезеңнің мүсін өнеріне тән нәрсе — құдайларға сыйға тартуға арнайы жасалынған қыш немесе қола мүсіншілер. Демек, б.з.д. І — мыңжылдықтың алғашқы ғасырларында өнер саласында көркемдік кәсіп — керамика жетекші орын алды. Қалай болғанда да гомерліктер жасаған өнер туындылары арқылы қауымдық құрылыс мәдениетінен таптық қоғамға өту кезеңіндегі өмір шындығын бейнелеудегі алғашқы талпыныстармен қатар, сол кездегі адамдардың дүниетанымынан мағлұмат береді.
Гомер дәуірінде жазу болған жоқ, гректің жазба ескерткіштері негізінен «архаикалық» кезеңде туындаған. Бірақ, алфавиттік жазудың алғашқы нышандары осы кездің өзінде-ақ байқала бастаған.
Негізінен, Гомер дәуірінде мәдениет құлдырау, тоқырау кезеңін басынан кешіргенімен де, дәл осы тұста грек қоғамының дамуына, мәдениеттің гүлденуіне қолайлы алғышарттар жасалғандығын естен шығармауымыз керек.
Грекия мәдениетінің архаикалық кезеңі б.з.д VІІІ— VІ ғ. аралығын қамтыды. («Архайос» грек сөзі, «көне» ұғымын білдіреді). Бұл кезең гректердің Мрамор және Жерорта теңіздерінің жағалауларындағы жерлерді меңгеру — ұлы отаршылдық кезеңі, бұл — құлиеленушілік құрылыстың кірігу кезеңі, грек мемлекет-қалаларының өзара саяси-әлеуметтік күрес жағдайында қалыптасу кезеңі, дәлірек айтқанда қилы-қилы қоғамдық-саяси оқиғаларға толы түбегейлі терең өзгерістер кезеңі.
Дәуір басында-ақ, әсіресе материалдық мәдениет қаулап дами бастады. Жолдар тартылып, көпірлер тұрғызылды, қалаларда су құбырлары салынды, темір қару-жарақтар кеңінен қолданыла бастады, металлургия мен құйма тәсілі одан әрі жетіле түсті. Тұрмысқа қажетті бұйымдарды шығаруды ұлғайтудың арқасында жалпы гректік рыноктар пайда болды, тұңғыш рет теңге сомдалып, сауда айналымында кеңінен қолданыла бастады. Крит-Микены мәдениетінің күйреуі нәтижесінде тығырыққа тірелген грек әлемі томаға-тұйықтықтан арылып, басқа халықтармен байланыстарының арнасын кеңейте түсті. Шындығында да, гректер көршілес жатқан халықтардан көп нәрселер үйренді. Мысалы, олар мидиялықтардан теңге-ақшалар соғуды, финикиялықтардан - алфавиттік жазуды (кейіннен оны жетілдірді) мұра етті. Қала тұрғындары арасынан шыққан байыған құлиеленушілерді «жаңа байлар» деп атады. Ру басшыларының зорлық-зомбылығына шыдамаған шаруалар қалаларға қарай ағыла бастады. Шаруалар сияқты кедейленген әлеуметтік топ-тардан «демос» (халық) қалыптасты. Демостың экономикалық және саяси жағынан билеп-төстеген ақсүйектерге қарсы күресі бір толастамады. Осындай таптық тартыстардың өрлеуі, жердің жетіспеуі және қала тұрғындарының шектен тыс көбеюі б.з.д. VІІІ—VІ ғ-да етек алған «ұлы отаршылдықтың» белең алуына тікелей себепкер болды. Оңтүстік Франция мен Испанияда, Сицилия мен Апенин түбегі жағалауларында, Ніл сағасы мен Қара теңіз жағалауында 150-дей грек қала-отарлары пайда болды. Осы бір жағдайды ұлы Платон «гректер Жерорта теңізі төңірегін батпаққа жиналған бақадай қоршап алды» деп тамаша бейнелеп айтқан.
Архаикалық дәуірде рулық құрылыстың түкпілікті ыдырауына байланысты көне полис-құлиеленушілік құрылыстың саяси-әлеуметтік формасы — мемлекет қалалар қалыптаса бастады. Әр полюске қаланың өз жерімен қатар, оны қоршаған егістік жерлер де кіретін болды. Қаланың дербестігі мен тәуелсіздігін еркін азаматтар жасағы қамтамасыз етті. Олар мемлекеттік полистік құрылыс жағдайында халық жиналыстарына, сот процестеріне және мемлекеттік маңызы бар істерді шешуге қатыса алатын болды. Мұндағы шаруашылықтың жүргізілуі қүлдық жүйенің мүдделеріне сай келді. Мемлекет-қалалардың орналасқан аумағы әртүрлі болған. Мысалы: Афины мемлекет-қаласының көлемі 8400 шаршы км., ал Спартаның көлемі — 2650 шаршы км. болды. Ғалымдардың пікірінше, Грекиядағы мемлекет-қалалардың жалпы саны екі мыңға жуық болған. Солардың ішіндегі ең ірілері — Афины, Спарта, Коринф, Аргос, Фивы және т.б. Саяси жағынан алып қарағанда көптеген мемлекет-қалаларға ұсақталып бөлінген Грекия, дәл осы архаикалық дәуірде басқа халықтармен қарым-қатынастар жасаудың нәтижесінде елдің бірлігі туралы ойлана бастады, сондықтан да болар бүкіл грек әлемін қамтитын «Эллада», «Эллиндер» деген ұғымдар қалыптасты. Жергілікті діндердің бірігуінің нәтижесінде жалпы гректік құдайға табыну орындары — ғибадатханалар полистер арасындағы басты экономикалық, саяси және мәдени қарым-қатынастардың орталықтарына айнала бастайды.
Ежелгі Шығыс елдері сияқты, грек дінінде де политеизм тән болып келеді. Грекияда басты құдай, құдайлардың әкесі Зевс болып есептеледі. Оның әйелі Гера — аспан құдайы және неке қамқоршысы. Зевс өзінің ағайындары: Посейдонға теңіздегі билікті, Аидқа жер асты патшалығын берді. Сұлулық пен сүйіспеншілік құдайы Афродита мифтер бойынша теңіз толқынынан жаратылған, ол римдік аңыздарда Венера деген атпен белгілі. Венера Медицейская, Венера Таврическая, әсіресе Милос Венерасы және тағы да басқа әйгілі мүсіндер Афродитаның даңқын бүкіл дүние жүзіне паш етті.
Ежелгі Грекияның басты құдайларының бірі — жануарлар әлемінің, ағаштар мен өсімдіктер дүниесінің қамқоршысы Артемида. Әлемнің жеті кереметі болып саналатын Артемида ғибадатханасы — Артемиданың құрметіне тұрғызылған. Афина данышпандық құдайы, оның шапағатының арқасында адамдар ғылымға ұмтылған, қолөнермен айналысқан, әйелдерді тоқыма ісіне үйреткен. Гелиос — күн құдайы, Ника (Виктория) — жеңіс құдайы, Арес — соғыс құдайы, Дионис — шарап құдайы, Гермес — сауда-саттық құдайы және т.б.
Грекияда құдайлар мен адамдардың некесінен пайда болған батырлар да ерекше құрметке бөлінген. Әсіресе 12 рет ерлік жасаған Гераклдың мерейі үстем болды. Геракл (Геркулес) — ежелгі грек жүртында аты аңызға айналған нағыз халық батыры. Әкесі Зевс, анасы Алкмена, зайыбы — Амфитриона, Гераклдың көзсіз ерліктері ғасырлар бойы жырланып келді. Бір таңқаларлығы оның есімі «Илиада» мен «Одиссея» дастандары жазылмай тұрған кездің өзінде-ақ белгілі болған. Гераклдың образы өнер туындыларында да асқан шеберлікпен берілген (мүсін өнерінде «Дем алып тұрған Геракл», әдебиет саласында Софокл мен Еврипидтің шығармалары).
Құлиеленуші полистердің өсуі монументтік сәулет өнерінің дамуына, Грекияның көптеген қалаларында салына бастаған храмдар (ғибадатханалар) құрылысының етек алуына әкеліп соқты. Ғибадатханалар қалаларды одан әрі көркейіп, оның күш-қуатын көрсетті, храм салуда полистер арасында бәсекелестік пайда болды. Сарайлық, криттік сәулет өнеріне қарағанда, бұл дәуірдің сәулет өнері храмдық болып келеді. Бірақ, діни рәсімдер арнайы құрбандық орындарында, далада өткізілгендіктен храмдарға құдайға құлшылық ету үшін емес, тек құдай мүсіндері тұратын орын ретінде ғана пайдаланылатын болған, яғни храмдар — шеберлер қолынан шыққан асқақ мүсіндердің мекені болды. Архаика кезеңінің ең биік храмдарының бірі — Коринфтегі Аполлон храмы (б.з.д. VІ э.-ң екінші жартысы). Бұл храм — өзінің сәулеті жағынан қас бетінде алты колоннасы, ұзына бойында он бес колоннасы бар таңғажайып құрылыс. Құм қайран тастан қашалған колонналардың ұшы жіңішкере береді, олар әдемі жұқа сылақпен әдемі етіп сырланған. Немістің ұлы ақыны Гете сәулет өнерін «үнсіз музыка» деп бағаласа, сол бір үндестіктің ажырамас бөлшегі болып табылатын грек колоннасы — таңғажайып таза үнді, жан тебірентерлік дауыстарға толы симфония сияқты. Олай болатын себебі, грек сәулет өнерінде колоннаның рөлі зор болды, олар храмның сырт келбетін одан әрі әсерлендіріп, айқындай түсетін. Колонналар көлеңкесінен саудагерлер мен ақша ұстайтын адамдар сая табатын, жауыннан немесе ыстықтан бой тасалайтын орын ғана емес, саяси айтыстар қызып жататын грек қаласының бүкіл тіршілігі осы колонналар аясында өтетін еді. Демек, орнықты да, әсем етіп салынған грек колонналары заман талабына сай өз міндеттерін толық атқара білді.
Грекияда мүсін өнері сәулет өнерімен біте қайнасып дамыды, яғни мүсін өнері сәулет өнерін туғызды, ал сәулет өнері өз кезегінде мүсін өнерін жасады. Бүгінгі заманымызға дейін өзіндік ерекшеліктерін, сыр-сипатын сақтап келген өнердің құнды ескерткіштерінің көпшілігі дәл осы кезеңде жасалды. V ғ. ортасында Афиныда жұмыс істеген ұлы мүсінші Мирон бейнелеу өнерінің дамуына орасан зор әсер еткен таңғажайып мүсіндер жасады. Олардың қатарына қоладан құйылған құдайлардың мүсіндері, атлеттер мен жануарлар бейнелері және т.б. жатады. Болашақ ұрпаққа римдік бірнеше мәрмәр көшірме арқылы жеткен «Диск лақтырушы» деген мүсінді алып қарастырып көрейікші. Диск лақтырушы қолындағы ауыр дискіні кейін сермеп, енді ғана лақтырайын деп тұрған сәтінде бейнеленген. Оның бұлшық еттері шиыршық атқан, денесі доғадай иілген, бірақ өңі өте сабырлы, барлық ықыласын, ынта-жігерін тек жеңіске арнаған. Балғын жастың ерік-күші мен қайраты сомдалып берілген. Сайып келгенде, шоқтығы биік бұл туындысында Мирон өз күшіне сенімді арынды атлеттің, өз елінің ержүрек, дене бітімі мінсіз азаматтың асқақ бейнесін жасаған. Жалпы грек халқының ой-санасында атлеттің дәл осындай сұлулық мұраттарын, қайраты мен қаһармандық бейнелерін өмірдің өзі қалыптастырды. Бұл жағдай құдайлармен қатар адамдарды да бейнелейтін алып жалаңаш жігіттер мүсіндерінен кең көрініс тапты: олар «куростар» (жігіт, «бозбала» деген мағынаны білдіреді) деп аталды. Ойымыз дәлелді болу үшін архаикалық өнердің ең көне ескерткіштерінің қатарынан орын алатын — б.з.д. VІІ—V ғасырлар шамасында тарғыл мәрмәрдан жасалған куростың (бозбаланың) үш метрлік алып мүсінін алып қарастырайықшы. Жалаңаш пішінді қашағанда мүсінші атлеттік мықты денеге тән белгілерді — жігіттің кең иығы мен қыпша белін әсерлі етіп көрсетуге баса назар аударған. Аяқтары алып бағана тәріздес, тізесі меы тобықтары тырысып тұр, бұлшық еттері білеуленген, езуінен астарлы күлкінің табы байқалады. Бұл мүсін — әміршіні дәріптеу үшін емес, еркін адам құдіретін, оның бойындағы ізгілік қасиеттерді мадақтау үшін жасалғандықтан, бұл тұлғалар грек мәдениетінің гуманистік мұраттарымен үндеседі деп толық сеніммен айта аламыз.