Мектеп пен отбасы байланысының

Автор: Пользователь скрыл имя, 12 Февраля 2013 в 17:58, реферат

Описание работы

Ақпарат деген ұғым жайында барлық ғылым саласында жылдар бойы пікірталастар толастамаса да бәрі біркелкі мойындаған, бір ізді етіп белгіленген тұжырымдама әзірше анықталған жоқ. Әркім айналысып жүрген саласы бойынша, қызмет түріне сәйкес «ақпаратты» өзінше ұғынып, өз қабылдауынша анықтама береді.

Содержание

Ақпараттық жанрдың баспасөздегі орны
1.1. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ баспасөзі және жанрлардың өзгеруі...9
1.2. Қазақ баспасөзінде оқиғалық жаңалықтардың жазылуы..........................22

2. Ақпараттық жанрлардың даму бағыттары
2.1. Ресми деректер мен жалпы ақпараттардың жазылуы...............................33
2.2. Қазіргі ақпараттық жанрлардың тілі мен стилі..........................................46

ҚОРЫТЫНДЫ...................................................................................................58
Пайдаланылған әдебиеттер..............................................................................65

Работа содержит 1 файл

мерзимди баспасоз.doc

— 198.50 Кб (Скачать)

Тағы бір  мысалға назар аударып көрелік: «Сондай-ақ ұйқысыздық пен ұйқысы қанбайтындардың бас миының жұмысы нашарлап, ашуланшақ болады дейді» («Ана тілі», 16-22 маусым 2011 жыл. № 24) Бұл сөйлемдегі «бас миы» деген орыс тіліндегі «головной мозг» дегенді калька жолымен тікелей аудару барысында пайда болған жасанды атау. Өзімізге өзіміз жау болмасақ, мұндай баянсыз тірлікке баруға тиіс емеспіз ғой. Сол себептен де қолымызға қалам алған үлкеніміз де, кішіміз де сөз жасауға, сөзді қолдануға, өзге тілден аударуға үлкен жауапкершілікпен қарауға тиістіміз. Айналып келгенде, мұның бәрі ұлттың тілін жетік білу мен кәсіби біліктілікке келіп тірелетіні айдан анық. Осы ап-анық нәрселерді ескере отырып маман дайындай алмау, сол жоғары талапқа сай келетін мамандардың өз орнында қызмет етпеуі, білетін ісінің басында болмауы тек журналистика мен тіл саласы ғана емес, қоғамдық өміріміздің басқа да барлық саларындағы шешімін таппаған мәселелердің қордалана беруіне апарып соғатыны сөзсіз. Тілді және тілдің жай-жапсарын, оның ішкі мәселелерін жақсы білмейтін, кәсібін өз деңгейінде меңгермеген маман, қанша жерден ниеті түзу, қаншалықты тілге жанашыр болса да, тіліне қызмет етем деп жүріп, оған пайдасын емес зиянын тигізіп, артық қылам деп жүріп тыртық қылуы мүмкін. Тіліміздің «тәніне» тыртық түсіріп алмау үшін қылпылдаған қандауыр ұстаған оташы – хирургтей, біз де қаламымызды шеберлікпен, асқан жауапкершілікпен байқап-байқап қолдануымыз керек. Бүкіл қоғамға, халықтың аса қымбат қазынасы тіліне, ұлттың санасына ықпал етуі жағынан қалам қандауырдан әлденеше есе қуатты құрал. Сондықтан да мұндай қуатты құралды қолға алғанда, бүгінгі қаламымыз пернетақтаны басқанда, негізгі айтпағымыз жазуға, сөз қолдануға келгенде қай-қайсымыздың да мойнымызда зор жауапкершілік тұрғанын бір сәт те ұмытпауға тиіспіз.

Баспасөзде  жиі көрініс беретін кемшіліктің  бірі – тұрақты сөз тіркестерінің дұрыс қолданылмауы. Мәселен, «АҚШ спортшылары жан салмады» («Айқын», 3 қыркүйек 2010 жыл. № 161). Тілде «жанын салды» деген тіркес «аянып қалмады, бар күш-жігерін жұмсады» деген мағынада қолданылады. Бұл тіркес негізінен болымды мағынада жұмсалатын болғандықтан, осы сөйлемді оқыған адамның басында «АҚШ спортшылары не үшін аянып қалды екен» деген ойдың қылаң берері табиғи нәрсе. Алайда мақаланы оқысақ, керісінше, АҚШ спортшылары бәрінен үздік шыққандығы айтылыпты. Сонда барып біз «бәрінен озды, үздік шықты, ешкімді алдарына шығарған жоқ» деген ойдың айтылмақ болғанын ұқтық. Тіліміздегі осы мағынаны дәл беретін «алдына жан салмады», «алдына қара салмады» деген тұрақты тіркестің дұрыс қолданылмауы салдарынан сөйлем мағынасы өзгеріп, айтылмақ ой бұрмаланып, оқырманға дұрыс жетпеген. Яғни, тұрақты тіркес құрамындағы «алдына» сөзі алынып қалғандықтан осылай болған. Мұндағы бар мәселе – тұрақты тіркестің құрамындағы сыңарларының ешқайсысы өзгертілмей, қысқартылмай, басқа сөзбен алмастырылмай, тұрған орнында, жеке сөздер сияқты дайын қалпында қолданылатынын ескермеуден туындап отыр. Сол себептен қалам алған қауымның қай өкілі болса да қашанда осы жайды ескерсе екен дейміз. Тұрақтылығын бұзуға болмайтындықтан да олар «тұрақты тіркестер» деп аталмай ма? Сол ұзақ жылдар бойы қалыптасқан тіліміздің тамаша байлығы болып саналатын тұрақты тіркестердің тұрақсыздануына жол бермей, оларды мағынасына қарай орнымен жұмсай білсек, ойымыз орнықты, сөзіміз салмақты бола түсетініне ешкім күмәнданбаса керек.

Кейде тіліміздегі  тұрақты тіркестер сұранып тұрған жерде оларды қолданбай, айтпақ ойды көмескілендіретін сәтсіз сөз тіркестерін пайдалану деректері де кездесіп жатады. Мысалы, «Алматы ақшамында» (12 наурыз 2009 жыл. № 29) таиландтық боксшыны рингте ұрып құлатқан қазақстандықтың мықтылығын айтпақ болған журналист екі аяғы көкке көтеріліп құлап жатқан боксшы түсірілген фотосуретке былай деп жазады: «Тараздық (танк) таиландтың аяғын көкке көтерді». Тараздық жатқан тайландтықтың («тайландтың» емес) аяғын көтерген жоқ, ол жерлесіміздің қатты соққысынан аяғы көктен келіп құлады. Осы көріністі қазақ тілін жетік білетін журналист «аяғын аспаннан келтірді» деп жазған болар еді.

Баспасөз беттеріндегі кейбір мақалаларда сөздердің орын тәртібін сақтамағандықтан, сауатты құрылмай жататын сөйлемдер де ұшырасып жатады. Мысалы, «Ұланбатырда ең үлкен тұмауға қарсы тұмылдырық тігілді» («Алматы ақшамы», 21 қараша 2009 жыл. № 136) деген сөйлемге назар аударып көрелік. Хабарланбақ болған жаңалық тұмаудан сақтану үшін киетін «ең үлкен тұмылдырықтың тігілуі» туралы екен. Алайда бұл сөйлемді оқыған адам бастапқыда әңгіме өте кең тараған, жұқпалы тұмау туралы айтылып отыр ма деп қалады. Оқырман айтылмақ хабардың ол емес екенін мақала мазмұнымен танысқаннан кейін ғана барып, мәселенің мәнін түсінеді. Себебі, сөйлемде «ең үлкен» тіркесінің орын тәртібі сақталмай, анықтауға тиіс «тұмылдырық» сөзінің алдынан емес, «тұмау» сөзінің алдынан қолданылған. Егер «Ұланбатырда тұмауға қарсы ең үлкен тұмылдырық тігілді» делінгенде, сөздердің орын тәртібі бұзылмай, айтылмақ ой анық, сөйлем де дұрыс құралған болар еді.

Көптік жалғауын орынсыз жалғау да көптеп кездесетін кемшіліктің біріне айналып барады. Оған да мысал жетіп артылады. Солардың бір-екеуін ғана келтірелік. Мәселен, «Қазіргі уақытта шамамен 500 шаруалар ІКС-тің қамқорлығымен жұмыс жасауға тілек білдірді және орталықпен селекциялық үдерісті ғылыми қолдау туралы шарт жасасты».   (А.Күрішбаев. «Егемен Қазақстан», 19 ақпан 2010 жыл. № 61-62 ). 500 шаруалар емес – 500 шаруа. Есептік сан есім анық жазылып тұрғаннан кейін көптік жалғауын жалғаудың жалғанбайтыны белгілі. Осы қарапайым ереже неге бұзыла береді? Ғалым Сүлеймен «Яғни, Ресейден келген қос зілтеміршілердің өзара тартысы соңғысының пайдасына шешіліп жатса, еш таңдануға болмас» («Айқын», 14 мамыр 2009 жыл. № 84) деп жазыпты. «Қос» деп бастаған соң көптік жалғауын жалғамай-ақ «қос зілтеміршінің» деген дұрыс еді ғой.

7-8 жасқа дейінгі балаларға ғана «жасар» деп қолданылатындығы баспасөзде жазылған еді. Бірақ ол қаперге алынып жатпаған тәрізді. «Халық сөзі» (20 сәуір 2012 жыл, №31) газеті шағын мақала тақырыбын «31 жасар «сәби» деп атаса, «Алматы ақшамынан» (18 ақпан 2010 жыл. № 20) «Қытайлық 34 жасар Фэй Юфу оянбастан 203 күн бойына ұйқыға шомған» деген сөйлемдерді оқыдық.

Қазіргі қазақ баспасөзінің тіліне, ондағы сөзқолданыс мәселесіне назар аударғанымызда негізінен осы жоғарыда көрсетілгендей олқылықтар көбірек орын алып жүргені байқалды. Соңғы 4-5 жыл көлемінде газеттерден жиналған материалдар мұнымен шектелмейді. Олардың бәрін тізіп жатуды мақсат етпедік. Біз тіл маманы ретінде, олардың ішіндегі жиі орын алып жүргендеріне қалам ұстаған қауым назарын аудартуды міндетіміз санадық.

Көптеген оқырмандар «газеттен оқыдым», «газетте осылай жазған» деп газет сөзін алға тарып, онда жазылғандарды қашанда дұрыс деп қабылдайды. Әр сөздің қолданысына, сөйлемнің құрылымына мән беріп оқитын, кей қолданыстарға күмәнмен қарайтын, ондайларды бірден қабылдай қоймайтын талғампаз оқырманның өзі, сол сөз тіркестері мен сөздерді газеттен қайта-қайта оқи берсе, олардың да біртіндеп көздері үйренеді. Бұл газеттің қоғамдық санаға, тілдік нормалардың қалыптасуына ықпалының зор екенін көрсетеді. Баспасөзде әр сөздің қолданысына үлкен жауапкершілікпен қараудың қажеттілігі де осы себептен туындайды. Сондықтан да БАҚ тілі мінсіз болсын десек, онда кемшіліктердің орын алуына жол бермей, кездескендерін дер кезінде түзетіп отыру өте маңызды. Жазу мәдениетіміз жеткен биігінен төмендемей, жетіле түсуіне, көсемсөз стилінің кемелдене беруіне кәсіби біліктілікпен атсалысу қолына қалам алған әр азаматтың міндеті.

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ,

филология ғылымдарының докторы,

профессор.


Информация о работе Мектеп пен отбасы байланысының