Автор: Пользователь скрыл имя, 24 Февраля 2012 в 04:41, реферат
Әлемдік даму аренасына қадам басқан кез келген мемлекет өз қоғамының мүшелерінің барлық қажеттіліктерін қанағаттандырып, жаңа биік белестерге қадам басуға әрекет жасайды. Бүгінгі таңда әлеуметтік мемлекет болып табылатын көптеген әлем мемлекеттері үшін әлеуметтік саясаттың айқын басым бағыттарын анықтап, салиқалы әлеуметтік саясат жүргізу, халықты әлеуметтік қорғаудың өзіндік моделін қалыптастыру стратегиялық маңызы бар мәселе болып отыр.
Неміс ұлтының «саясаттағы және экономикадағы екі атасы» 14 жыл бойы қатарынан бірі канцлер, екіншісі экономика министрі қызметін атқарса, біздің елімізде тәуелсіздік алғалы бері ел үкіметін жеті адам басқарыпты. Министрліктеріміздің көрсеткіштері де бұдан көп болмаса аз емес. Мысалы, тәуелсіздік алған күннен бері Әділет министрлігінде - 9, Ішкі істер министрлігінде - 9, Қаржы министрлігінде - 11, Білім министрлігінде - 11, Көлік министрлігінде - 13, Ауыл шаруашылығы министрлігінде - 14, Мәдениет министрлігінде - 12, Экономика министрлігінде - 12, Сыртқы істер министрлігінде 10 рет ауыс-түйіс болыпты. Жоғары лауазымдағы кадрлардың жиі ауысуының реформаның бағдарлы және тиімді жүруіне кері әсер тигізетіні айтпаса да түсінікті.
Кейбіреулер Эрхард реформасының табысқа жету себебін неміс халқының еңбексүйгіштігі мен тәртіпшілдігінен көреді. Рас, неміс халқы ұқыпшылдығымен, жинақылығымен, еңбексүйгіштігімен және тәртіпшілдігімен де ерекшеленеді. Мұндай қасиеттерді басқа халықтардан да табуға болады. Бірақ, Эрхардтың еңбегі неміс халқының аталған қасиеттерін дер кезінде жұмылдыра алуында, сенім білдіруінде, адамның қуаты мен бастамасына дербестік беруінде, жағдай туғызуында жатыр. Қаншалықты жағымды қасиеттер болғанымен, оны ақиқатқа айналдыру үшін ұйымдастырушылық қарым-қабілет қажет. Экономикалық керемет өздігінен, халықтың еңбекқорлығы мен ұқыптылығынан ғана тумайды. Оны болдыру үшін жүйелі саясат, тиімді реформа, көшбасшылық қасиет керек.
Басқа елдердің экономикалық кереметін, оған жету жолдарын жазу өз елімізде жүргізілген реформаларға да баға беру үшін, салыстыру үшін, сабақ алу және үлгі үшін қажет. Біздің еліміздегі саяси-әлеуметтік және экономикалық реформалардың жүргізілгеніне жиырма жылдай уақыт өтті. Табыстарымыз да аз емес, социалистік жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өтудегі қиыншылықтар мен ерекшеліктері де баршылық. Қазақ халқының да, елімізді мекендеген басқа этностардың да өзіндік қасиеттері, ерекшеліктері бар. Қазақ халқының өзінің көршілерін, ауылдастарын қиын жағдайда қалдырмайтын, көпшілік болып қол ұшын беретін (асар, жылу, т.б.), үлкеннің сөзіне тоқтайтын және тағы басқа да қасиеттері бар. Бірақ, біз халқымыздың осындай қасиеттерін жаңа жағдайда пайдалана алдық па, пайдалануға болар ма еді және осындай басқа да сұрақтарға жауап іздедік пе? Шындығына келгенде, аталған сұрақтарға жауап беруде ұяттымыз.
Экономикалық-әлеуметтік реформа жүргізу үшін оның басты қатысушысы халықты дайындау керек еді. Біздің елімізде ондай шара ұйымдастырылмады, түсінік жұмыстары да мардымсыз болды. Ел халқы жекешелендіруге де дайын болмады. Жекешелендірудің купондық жүйесі мемлекеттік меншіктен үлес алудан да мақұрым қалдырды. Ауыл шаруашылығын жекешелендіру кезінде үлеске алған мал-мүлкіне ие бола алмай бір шөлмек араққа сатып жібергендер де, үкімет өлтірмейді деген пиғылдан арылмағандар да аз кездеспеді. Жекешелендіру кезінде жіберілген қателіктер экономиканы басқару мен оны дамытуға өзінің кері әсерін де тигізбей қоймады. Шетелдік инвестицияның басым бөлігі де өндіруші және өңдеуші салаға емес, шикізат саласына құйылды.
Қазақ халқы аңғырт және жайбарақат халық болғанымен жалқау халық емес, қажет кезінде бір жеңнен қол, бір жағадан бас та шығара алады. Халықтың осы қасиеттерін жаңа жағдайға - нарық экономикасына бейімдеу қажет. Сонда ғана елімізде жүргізіліп жатқан реформаның табыстылығы арта түседі. Сонымен бірге, бойымызға сіңісуі қаншалықты қиындау болса да, басқа халықтардың жағымды қасиеттерін, еңбексүйгіштігін, ұқыптылығын, тәртіпшілдігін және тағы басқаларын да үйренуге тура келеді. Нарық экономикасы және жаңа жағдай оларды да талап етеді және қажетсінеді, неміс экономикасының кереметіндей табыстарға да қол жеткізіледі.