Автор: Пользователь скрыл имя, 24 Февраля 2012 в 04:41, реферат
Әлемдік даму аренасына қадам басқан кез келген мемлекет өз қоғамының мүшелерінің барлық қажеттіліктерін қанағаттандырып, жаңа биік белестерге қадам басуға әрекет жасайды. Бүгінгі таңда әлеуметтік мемлекет болып табылатын көптеген әлем мемлекеттері үшін әлеуметтік саясаттың айқын басым бағыттарын анықтап, салиқалы әлеуметтік саясат жүргізу, халықты әлеуметтік қорғаудың өзіндік моделін қалыптастыру стратегиялық маңызы бар мәселе болып отыр.
Осындай қысылтаяң шақтағы Эрхардтың табандылығы мен қайсарлығын оның өз Отанын, халқын шексіз сүюмен, ұлтжандылығымен ғана түсіндіруге болады. Ол басқаның алдында дәрменсіз болғысы келмеді, ол өзін Германияның болашағы үшін жауапты сезінді, өз елінің иесі екендігін таныта білді. Ол экономика саласындағы білгір маман болды және өзінің білімін өз халқының игілігіне жұмсады.
Жеңілген Германиядағы қиын проблемалардың өзін тізіп шығу мүмкін емес-тін. Эрхард болса, қиыншылықтардың өзінен пайда табуға болатынын, оларды тиімді пайдаланса табыс көзіне айналдыру мүмкін екендігін байқай білді. Бүкіл елді жұмыссыздық жайласа, ештеңе емес, керісінше, мамандарды таңдауға кең мүмкіндік туады. Жұмысқа орналасқандар құлшына еңбек ететін болады. Дүкен сөрелері бос болса, тауар өндіруге мүмкіндік туады, яғни, тауар өндірушілер алдында үлкен кеңістік бар. Зауыттар мен фабрикалар қирандыға айналған болса, ескі технологиялардың орнын жаңасымен ауыстыру оңайға соғады. Эрхардтың бұл ойлары осылай жалғаса береді.
Оның ұраны «Барша халықтың батыл еркі мен адал еңбегі болса, қандай да бір экономикалық жағдайдың үмітсіз бола алмайтындығы» басқалардың да ұстанымы мен қағидасына айналды. Ол не істеу керектігін және қалай істеу керектігін жақсы білді. Оның өз ісінің дұрыстығына сенімі басқаларды да өз төңірегіне топтастырды, қолдауына жеткізді. Эрхард еркін баға енгізе отырып, көтерілетін бағаның ақылға қонымды шегін белгілейтін каталогты жариялап отырды. Соның арқасында баға көп өсе қойған жоқ.
Баға реформасымен қатар Маршал жоспары да жүзеге асырыла бастады. Мұның мәнісі АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джордж Маршаллдың Еуропа елдерін экономикалық жандандыру туралы жобасы бойынша АҚШ-тың қаржылық көмегін пайдалану болатын. Бұл жоба бойынша Еуропа елдеріне үш жыл аралығында 12 млрд. доллар, оның ішінде Батыс Германияға 1,6 млрд. доллар бөлінді. Германия бұл қаражатты да тиімді пайдалана алды, әрбір доллардың қайтарымы 10 доллардан 20 долларға дейін жетті.
1948 жылғы реформа Германияның өндіргіш күштерін бекіте түсті, ал Маршалл жоспары мықты қаржылық база жасауға мүмкіндік берді. Аталған екі фактор Батыс Германия тағдырына үлкен ықпал етті. Жаңа марка аяғынан тік тұрған мықты валютаға айналды, кәсіпорындар қоймаларға жасырған тауарларын шығара бастады (бұрын сабан ақшаға өз тауарларын шығару зиян шектірер еді және экономикалық тиімсіз де болатын), және жаңа өнімдер өндіру жолға қойылды. Екі жыл ішінде тауар өндірісі екі есе өсті, алыпсатарлық жойылды, зауыттар мен фабрикалар жұмыс істей бастады және жаңа технологиялармен жарақтандырылды, жұмыссыздық шұғыл қысқарды. Қара базар қасқағымда жоғалып, дүкен сөрелері тауарларға лықа толды. Мүлгіген қирандылар құрылыс шуылына орын берді. Эрхард реформасының табысқа жететініне ешкімнің де күмәні қалмады.
Эрхард саяси партияларды жақтырмады, оның ойынша партия - саясаттың ісі, ал саясат әрдайым халықтың мұңын жоқтай бермейді, елдің мүддесін қорғамайды. Бірақ бундестагқа алғашқы сайлау жақындап келе жатқандықтан партиялардың біріне бас сұғуы керек болды. Алғашқыда ол Еркін демократиялық партиямен тілектес болғанда, партия төрағасы бұл партияның басқаларға қарағанда әлсіздеу екенін айтып, бар шындықты жасырмай оған сол кездегі ең ірі партия - Христиан-демократиялық одақ партиясына баруына кеңес береді. Партия төрағасы Теодор Хейстің кеңесінен кейін Эрхард Христиан-демократиялық одағы партиясына барады. Бұл кезде Христиан-демократиялық одағы партиясы сайлауға дайындалып жатқанымен, олардың мақсатты экономикалық бағдарламасы дайын емес-тін. Эрхардтың экономикалық қарым-қабілетінен хабардар партия төрағасы Конрад Аденауэр Эрхардқа партияның басшылық органының мәжілісінде бағдарламалық сөз сөйлеуін өтінеді. Оның сөзі сенімді шықты. «Жоспарлы шаруашылық, қатаң белгіленген баға «ұсыныс-сұраныс» балансын бұзады, бәсекелестікті жояды, өндіріс көлеңкелі құрылымдарға, ал тауар қара базарға кетеді». Ұтымды және дәлелді осы сөздерінен кейін Эрхард партияның экономикалық бағдарлама жасау жөніндегі топтың жетекшісі болып тағайындалады.
1949 жылы 15 шілдеде партияның «Дюссельдорф тезистері» деп аталған бағдарламалық құжаты дайын болады. Бағдарлама сайлаушылар көңілінен шығады. Халықтың қалағаны да экономикалық тиімділік пен әлеуметтік әділеттілік, еркін бәсекелестік пен монополияға бақылау орнату, еркін баға мен мемлекеттің реттеушілік рөлі болатын. Халық осы бағдарлама үшін дауыс берді. 1949 жылы 14 тамызда өткен алғашқы бундестаг сайлауында Христиан-әлеуметтік одағымен блок құрған Христиан-демократиялық одағы 31% дауысқа ие болып, бундестагтағы 138 орынға ие болады.
73 жасар Конрад Аденауэр ГФР-дің алғашқы канцлері болып сайланды. Ол елдің экономика министрі орынтағына әлеуметтік нарық экономикасының авторы Людвиг Эрхардты ұсынады.
Экономика министрі қызметінде Эрхардтың қарым-қабілеті одан әрі таныла түседі. Аденауэр мен Эрхардтың өзара қарым-қатынасы да қызықты психологиялық тұлғалар ретіне көрінді. Біріншіден, оларды жас айырмашылығы (Аденауэр өзінің министрінен 21 жас үлкен болды) ерекшелесе, екіншіден, канцлер арық денелі, ал экономика министрі толық денелі болып келді, Аденауэр католик дінінде, ал Эрхард протестант, сонымен бірге Аденауэр флегматик және аз сөйлейтін, ал Эрхард холерик және көпсөзділігімен есте қалса, олардың Германияның болашағы туралы көзқарастары да әртүрлі болды. Олардың алғашқысы саясатты, екіншісі экономиканы абсолюттендіруді жақтаса, Аденауэр авторитарлыққа, Эрхард демократизмге бүйрек бұрды. Бірақ бұл айырмашылықтар екеуінің Германия мен оның халқы үшін аянбай еңбек етулеріне кедергі бола алмады.
Эрхард темекіні мұржадан түтін шығарғандай сорса, Аденауэр темекі түтінін өте жек көрді. Аденауэр барлық істің басында саясат тұруы керек, ал экономика саясаттың көп құралдарының бірі ғана деп есептесе, Эрхард керісінше, барлығын экономика шешеді, ал саясат оған қызмет етуі ғана тиіс деді. Кез келген саясаткердің басты мақсаты мықты мемлекет және халықтың игілігі. Эрхардтың басты ұстанымы да осы болды. Екі түрлі мықты мінездің бірлесіп жұмыс істей алатынына кейбіреулердің күмәні де болды. Бірақ оларды елді тығырықтан алып шығу, неміс ұлтының абыройын қорғап қалу, Германияны экономикалық өрлеуге жеткізу мақсаты біріктірген еді.
Эрхардтың экономика министрі қызметіндегі ең жағымды көрсеткіші неміс маркасын мықты валютаға айналдыру болды. Соғыстан кейінгі валюта бағамы швейцарлық франкпен есептелетін. 1948 жылдың соңында Цюрихтегі валюта биржасында бір неміс маркасы 0,2 франк болса, 1949 жылдың ақпанында бұл көрсеткіш 0,5, ал 1949 жылдың соңында 0,75 франк болып, неміс маркасы едәуір нығая түсті. Жылдық экономикалық даму қарқыны 7,8 пайызды құрады. Ел экономикасы 1950 жылдың өзінде-ақ соғысқа дейінгі көрсеткішіне жетті, 1956 жылы екі есеге, ал 1962 жылы үш есеге ұлғайып, Ұлыбритания мен Францияны басып озып, АҚШ-тан кейінгі екінші орынға шықты. Ауыл шаруашылығы да тез нығая түсті, бұл сала 1953 жылы соғысқа дейінгі деңгейінен біршама көтерілді.
Эрхард тұрғын үй құрылысына да баса назар аударды. Үкімет коммерциялық банктерге құрылысты қаржыландыруға беретін несиенің 50 пайызын 4,5 пайыздық үстемеден асырмауды міндеттеді. Елуінші жылдардың соңына қарай барлық тұрғындар жайлы да жаңа үйлерге ие болды, бұл үйлердің бір бөлігі төмендетілген баға бойынша бөлінді. Жалақы мен зейнетақы баға мен салықтан бұрын өсіп отырды. Мұның өзі немістердің өздерінің тұрмыстық жағдайларын нығайтып алуларына қолайлы мүмкіндік берді.
Эрхардтың экономикалық реформасы елге инвестиция тарту мен оны тиімді пайдалануда да өз жемісін берді. Ол елге келген инвестицияның өндірістің басты салалары болып табылатын - химия өнеркәсібіне, металлургияға, машина жасауға және электротехникалық кәсіпорындарға бағытталуына көңіл бөлді. Солардың нәтижесінде жаңадан жеңіл және өңдеуші өнеркәсіптер құрылды, кіші және орта бизнестің жандануына қолайлы жағдай туды. Экспортқа өнім шығаратын кәсіпорындарға ерекше қолдау көрсетілді. Картелдердің қызметіне қатаң шектеу қойылды, оларға бәсекелестікті әлсіретуге және бағаны негізсіз өсіруге тыйым салынды.
Эрхард реформасы бойынша орта таптың жағдайын жақсартуға және нығайтуға да көп көңіл бөлінді. Денсаулық сақтау мен мәдениетке бөлінетін қаржы едәуір көбейтілді. «Ақыл-ойдың елден кету» тенденциясы басталысымен-ақ ғылым мен интеллектуалды салада істейтіндердің жалақысы едәуір көбейтіліп, мемлекет қолдауына ие болды.
Кәсіпкерлер мен олардың қызметкерлері арасындағы қарым-қатынасты жақсарту бағытында да едәуір жұмыстар атқарылды. Кәсіпорын табысының көбеюіне қарай оларды ынталандыру және сыйақы беру жүйесі жасалды. Олар үшін халықтық акциялар шығарылды және олар тез сатып алынды.
Кәсіпорындарда ірі акционерлерден бес адам және жұмысшылардан бес адамнан тұратын бақылау кеңестері құрылды. Бұл кеңес өндірістің жалпы дамуы мен қаржы қызметіне бақылау жасады. Кәсіпорынның басқармасына жұмысшылар өкілі де енгізілді. Ол «жұмысшы директор» деп аталды. Мұның бәрі әртүрлі әлеуметтік топтар арасындағы өзара сенімді нығайтты және бүкіл қоғамды халық игілігі үшін қызмет етуге жұмылдырды.
Аденауэр мен Эрхардтың кадр таңдаудағы бір ғана ұстанымы: адалдық, біліктілік және еңбексүйгіштік болды. Аденауэр министрлер кабинетін мемлекетке адал, өз ісіне берік, ұқыпты, берілген тапсырманы құлшыныспен істейтін адамдардан құрды. Мысалы, елдің қаржы министрі Фриц Шефердің сараңдығы (бұл жерде оның мемлекет қазынасынан ақша берудегі мінезі айтылып отыр) туралы аңыз да тарады. Қаржы сұрап келген кез келген адамға айтатын оның алғашқы сөзі «ақша жоқ, болатын түрі де көрінбейді» деуден басталатын. Тіпті, канцлердің өзі де одан мемлекет мүддесіне қаржы сұрағанда бір жерден қате кеттім бе деп жүрексінетін. Келтіріліп отырған бұл жағдай Герман үкіметіндегі әрбір министрдің өз ісіне адал болғандығын, мемлекет үшін, халық үшін қызмет еткендігін, Аденауэрдің де кадр таңдауда қате баспағандығын тағы бір рет дәлелдей түседі.
Эрхард неолибериализмнің жақтаушысы болды. Нарық құндылықтары мен классикалық либерализмді табанды қорғаушы, экономика саласында Нобель сыйлығына ие болған, Австрия экономисі Фридрих фон Хайектің еңбектерімен (оның ішінде атышулы «Құлдыққа бастайтын жол» еңбегін) жақсы таныс болды. Сонымен бірге Эрхард Джон Кейнстің кейбір қағидаларымен келіспеді, оның еңбектерін абайлап қана пайдалану қажеттігі туралы ескертті. Кейнс еңбектерінің маңыздылығы мен тиімділігі АҚШ-тағы ұлы құлдырау жылдарында мықтап көрінген еді.
АҚШ президенті Ф. Рузвельт Кейнстің экономикалық кеңестері бойынша елдегі экономикалық дағдарысты еңсерді. Оның «Еңбекпен қамтудың, пайыз бен ақшаның жалпы теориясы» еңбегінде шіріген капитализм туралы лениндік теорияға қарсы нарықтық экономиканың дамуға қабілеттілігі және дағдарыстардың өткіншілігі туралы жазылған болатын. Оның еркін кәсіпкерлік режимінің орнына экономиканы мемлекеттік реттеуді ұсынған бағдарламасы АҚШ-ты ұлы құлдыраудан алып шығып, жоғарыда аталған кітабы Ф. Рузвельттің стол кітабына айналған еді.
Эрхард мемлекеттің экономикаға араласуын мүмкін деп есептегенімен, оны өте нәзіктікпен ғана пайдалануға кеңес берді. Өзі өмір сүрген дәуірдегі экономикалық ғылымның барлық идеяларын жетік білген Эрхард әлеуметтік мәселелерді шешпейінше экономиканы көтеру мүмкін болмайтындығын да жақсы түсінді. Сондықтан да ол ерте либералдардың мемлекеттің экономикаға қалай болса солай араласуын дұрыс көрмеді. Эрхард нарықтың еркін жұмыс істеуі үшін халықтың сатып алу қабілеттілігінің артуы қажет деп есептеді. Сондықтан да ол әлеуметтік нарықтық экономиканың үйлесімді теориясын жасады. Бұл теорияның өзегі кең көлемдегі нарық сүзгісі мен оның орынды жоспарынан тұрды. Оны іске асырған Эрхард қажетті жағдайда оған өзгерістер де енгізіп отырды.
Неміс экономикасының кереметі жүргізіліп жатқан реформаның мәнін халыққа түсіндіруден де көрінді және оның нәтижелігіне қол жеткізуге ықпал етті. Эрхард өзі қолға алған реформаны халықтың қалың тобына жеткізу үшін ғылыми аудиторияларда, жиындарда, митингілерде сөз сөйледі, радио мен телестудиялар арқылы халықты хабардар етті, газеттер мен журналдарға ондаған мақалалар жазды. Оның «Барлығына арналған игілік» деп аталатын кітабы Германияда ғана емес, бүкіл әлемге танымал болды.
Эрхард реформасының жедел табысқа жетуінің сыры экономиканы ырықтандыруда ғана болған жоқ. Экономикалық бағыттың басты стратегиясы қатаң ақша реформасының тұрақтандыру әсерін пайдаланумен қатар бағаны ырықтандыру да болды. Бұл үшін шаруашылық субъектілерінің бастамасына тежеу салатын көптеген реттеушілік механизмдер мен қаулылардың күшін жоюға да тура келді. Инвестицияның халық тұтынатын тауарлар саласына бағытталуына күш салу, тұрғын үй құрылысын дамыту, сонымен бірге халықтың аз қорғалған және әлсіз топтарын қорғауға бағытталған шараларды іске асыру Эрхард реформасының басым бағыттары болды. Эрхардтың сөзімен айтқанда, «мүмкіндік болған жерде - бәсекелестік, қажеттілік болған жерде - реттеушілік» орын алды.
Эрхард реформасының басты белгісі: бір жағынан экономикадағы бәсекелестік қатынасты, екінші жағынан әлеуметтік кепілдіктерді үйлестіруден тұрды. Эрхард теориясының «әлеуметтік нарықтық шаруашылық» деп аталуы да осыдан шыққан еді. Сол жылдардағы тағы бір неміс экономисі В. Репкенің жазғанындай «әлеуметтік нарықтық шаруашылық» - «экономикалық ізгіліке» жету жолы болып табылады.
1957 жылы Христиан-демократиялық одағы партиясының съезінде Л. Эрхард ГФР-де «әлеуметтік нарықтық шаруашылықтың» екінші кезеңінің басталғаны туралы жария етті. Ал партияның 1965 жылғы кезекті съезінде реформа авторы Эрхард Германияда «әлеуметтік нарықты шаруашылық» құру бағдарламасының аяқталғанын, аталған бағдарламаның елді «ұйымдасқан қоғамға» айналдырғанын мәлімдеді.
Экономикалық реформа, оның ішінде Эрхардтай білгір, талантты, мықты экономистің жүргізген реформасы халықтың еркін-жігері мен қолдауына, сеніміне, оны жүзеге асыру құлшынысына ие болуымен, оны халықтың «бекітуімен» ғана табысқа жеткізгенін де жоққа шығара алмаймыз. Эрхард реформасы сонымен қатар 14 жыл бойы үкіметті басқарған К. Аденауэрдің қолдауынсыз да іске аспас еді. Мықты саясаткер ретінде танылған, соғыстан кейінгі мықты Герман Федеративті Республикасын құрған Конрад Аденауэр XX ғасырдағы ең танымал саясаткер, дипломат және мемлекет қайраткері қатарынан орын алды.
Неміс экономикасының керемет табысқа жетуінде қайсысының еңбегі зор болды деген сұраққа екеуін қатар қоймай жауап беру мүмкін емес. XX ғасырдағы «неміс ұлтының атасы» атанған Аденауэрдің беделі алғашқы кезде Эрхардтан жоғары қойылғанымен, герман экономикасының тез көтерілуі, оның керемет табысқа жеткізген реформасы Эрхард беделін Германияда ғана емес, бүкіл әлемге танымал етті. Ол «неміс экономикасы кереметінің атасы» деген атқа ие болды. Қос «ақыл», «қос шығыршық» Германияны басқалар тамсана айтатын табыстарға жеткізді. Аденауэр - саясатта, Эрхард - экономикада Германияны алға сүйреді, біреуі канцлер, екіншісі экономика министрі кезінде Германияның тасы тауға өрледі. К. Аденауэр 87 жасқа келгеннен кейін ғана өз еркімен жасының ұлғаюына байланысты отставкаға кетті, ал Эрхард оның орнына 1963 жылы елдің канцлері болып сайлануына байланысты экономика министрлігі қызметінен кетті. Бірақ Эрхард саясатқа «шорқақтау» екенін танытты. Оның билігі кезінде Германия өзінің бұрынғы кейбір позицияларынан айрылды. Атап айтқанда, Эрхард үкіметі кезінде Германияның Франциямен қарым-қатынасы нашарлады, КСРО-мен өзара түсіністік қиындай түсті, Таяу Шығыс мәселесінде табандылық танытылмады. 1966 жылы Эрхард отставкаға кететінін мәлімдеді. Өйткені, оның орны саясат емес, экономика болатын. 70 жасқа таяп калған Эрхард бұдан кейін мемлекеттік қызметке қайтып оралмады және 80 жастан асқан шағында 1977 жылы 5 мамырда дүниеден озды.