Казак тiлiндегi кiлемге катысты атаулардын лексика-семантикалык топтары

Автор: Пользователь скрыл имя, 20 Ноября 2011 в 19:44, статья

Описание работы

Қазақтың этнос болып қалыптасуына, өзіндік ерекшелігімен басқа жұртқа танылуына негіз болған ең басты бұлақтардың бірі – халықтың өзімен бірге туып, бірге жасап, уақыт өте келе өзгеріп, дамып жатқан оның мәдениеті. Қазақ мәдениеті – сонау көне этностық, қауымдастық дәуірден басталып, ру, тайпа, ұлыс, халық болған кезеңдерінен өтіп, бүгінге дейін толастамай дамып, толығып, өзгеріп отыру арқылы халықтың ұлттық дүниетанымымен, санасымен біте қайнасып, бірге қалыптасқан оның рухани ұйытқысы, заттық көрсеткіші.

Работа содержит 1 файл

макала 2.doc

— 63.00 Кб (Скачать)

                                       Ұ.ИСАЕВА

                                       А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл

                                       білімі  институтының ізденушісі 

    ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ КІЛЕМГЕ ҚАТЫСТЫ АТАУЛАРДЫҢ ЛЕКСИКА-СЕМАНТИКАЛЫҚ ТОПТАРЫ 

     Қазақтың  этнос болып қалыптасуына, өзіндік  ерекшелігімен басқа жұртқа танылуына  негіз болған ең басты бұлақтардың бірі – халықтың өзімен бірге туып, бірге жасап, уақыт өте келе өзгеріп, дамып жатқан оның мәдениеті. Қазақ мәдениеті – сонау көне этностық, қауымдастық дәуірден басталып, ру, тайпа, ұлыс, халық болған кезеңдерінен өтіп, бүгінге дейін толастамай дамып, толығып, өзгеріп отыру арқылы халықтың ұлттық дүниетанымымен, санасымен біте қайнасып, бірге қалыптасқан оның рухани ұйытқысы, заттық көрсеткіші.

      Мәдениет  дегеніміз – белгілі бір этникалық  топтың өмір-тіршілігінен туындай отырып, олардың ғасырлар бойы жинақтаған шығармашылық мұрасы, қоғам мен жеке адамның рухани ізденісінен, халықтың  даналығы мен адамгершілік нышандарынан қалыптасқан  көрсеткіші. Қазіргі таңда «мәдениет» ұғымы баршамызға белгілі екі түрі арқылы танылады. Олар: рухани мәдениет және заттық мәдениет. Әлемдік мәдениетті рухани және заттық деп бөліп қарастыру оның қоғамдағы орнын, ерекше құндылығын көрсетеді.    

      Заттық  мәдениет адамзаттың өмір қажеттілігінен туындап, дамып, ал оған қатысты атаулар  белгілі бір халықтың дүниетанымының, білімдер жүйесінің бірден-бір көрсеткіші болып табылады. Бұл жөнінде татар, башқұрт халықтарының заттық мәдениет лексикасын зерттеген Р.Г.Ахметьянов былай тұжырымдайды: «заттық мәдениет атаулары адам қызметінің басты материалды игілікті өндіру жағын белгілейді, яғни баспана, тамақ, киім, т.б., оларды талдау халықтың тарихын оқу үшін аса маңызды көңіл аударарлық жайт болып табылады» [1, 170 б.].

      Адамзаттың  күнделікті күйбің тіршілігінде, тұрмысында қолданып жүрген заттарының атауы сол  этностың рухани әлемімен тығыз байланысты. Сонымен қатар, «заттық мәдениет лексикасы – ұлттық рух пен талғам негізінде, ұлттық тұрмыс пен шаруашылық негізіне сай технологиялық процесс нәтижесінде, өз мәні мен атқаратын қызметіне сай сөз тудырушы модельдер арқылы жасалатын лексика-семантикалық категория ретінде, кумулятивтік қызметі негізінде сақталған материалдық өндіріс пен мәдени туындылардың атаулары» [2, 15 б.].

      Сонымен қазақ халқының заттық мәдениетінің үлкен бір саласы – тоқымашылық  өнер. Қазақтың заттық мәдениетіндегі тоқымашылық өнердің бастау арнасы сонау көне заманда жатыр. Тоқыма кәсібі арқылы халқымыз үйдің жиһазын да, адамдардың киімін де, т.б. тұрмысқа қажетті бұйымдарды да қамтамасыз еткен. Қазақтың заттық мәдениетінде үлкен орын алған тоқыма бұйымы ретінде «кілемді» айта аламыз.

      Кілем – сәнді тоқыма жиһазы. Еденге төсеу, қабырғаға тұту үшін түрлі-түсті  жіптерден өрнек сала тоқылады. Қазақ кілемдері түркі тектес халықтар кілемдерінің қазіргі үлгілеріне өте ұқсас. Негізінен, қызыл, қаракөк, сары, күлгін, аспанкөк түстерді қолдану арқылы түрлі ою-өрнектер табиғат көріністерімен ұштастыра бейнеленеді. Қазақ халқының тұрмысында қолданылатын кілемнің түрлері өте көп. Қазақтың қалыптасқан дәстүр ерекшелігіне қарай кілемнің түр-түсі, ою-өрнегі, оны дайындау тәсілі әртүрлі болып келеді. Оларды іштей бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады:

      а) тоқылған жердің немесе халықтың, тайпаның атымен аталатын кілемдер. Мәселен: бұхар кілемі, түрікпен кілемі, парсы кілемі, адай кілемі, әндіжан кілемі, ашхабад кілемі, ноғайлы кілем, орыс кілемі, самарқан кілемі, керей үлгі, т.б.

     Бұхар [бұқар] кілемі Бұқарда тоқылған кілем. Мысалы, Сұлтан тәжім етіп амандасты да, өзінің жасыл туының астында тұрған, үстіне жібек түкті сәнді бұқар кілемі жабылған төрдегі үлкен сандыққа барып отырды (І.Есенберлин, Қаһар) [3, 669 б.].

     Парсы кілемі – Персияда шығатын қымбат бағалы таза кілем. Мысалы, Ол жаққа ағаш кереует тұсына парсы кілемін ілді (Ж. Молдағалиев, Самал). Оң қабырғада әлі өңі таймаған парсы кілем (С. Шаймерденов, Қараш);

      ә) тоқылу ерекшелігіне қарай бөлінетін кілемдер. Олар: түкті кілем, түксіз кілем, тақыр (тықыр) кілем, таз кілем, зер кілем, бөстек кілем, алаша кілем, қол кілем, шашақты кілем, т.б.;

     Түкті кілем – түгі өсік кілем. Мысалы, Кең бөлменің төрінде бүкіл қабырғаны жауып, үлкен түкті кілем  ілінген (М. Дүйсенов, Гүлжан.). Асыл жиһаз-дүниеге толған ақ ордада түкті кілем үстінде, ақ мамық жастықтарды шынтақтай, он шақты кісі отыр («Қазақ әдебиеті»).

     Тақыр кілем // түксіз кілем // таз кілем бетінде түгі жоқ кілем. Мысалы, Жолаушы астындағы төсек көрпенің бұрышын түріп жіберіп, көнетоз тақыр кілемге әуелі оң қолын, сосын перне басатын сол қолын үйкеп-үйкеп жіберді («Жас Алаш»). Түксіз кілемнің оюларында қошқар мүйіз, құс тұмсық, ботагөз, тұмар, тарақ т.б. нұсқалар мол кездеседі [4, 233 б.].

     Зер кілемзер шашақты түкті кілем. Мысалы, Зер, зер кілем, зер кілем, Көтерейін десем, зор кілем (Қ.Қалиасқарұлы, Баян Өлгий қазақтарының ауыз әдебиеті).

     Барақ кілем – ұзын түкті жүн кілем. Мысалы, Аяқ астындағы жер емес, әдейі төсеп тастаған зер барақ кілем сияқты («Қазақ әдебиеті»).

     Бөстек  кілемжүнін үстіне қаратып, қой, ешкі т.б. терісінен жасалған жұмсақ төсеніш кілем.

     Алаша кілем алаша тәрізді тоқылатын тақыр кілемнің бір түрі.

     Қол кілем – қолдан тоқылған кілем. Мысалы, Кереге ылғи қол кілеммен тұсталған, жерге қошқар мүйіздеп тастаған айшықты текемет (М.Жұмағұлов, Қыран).

     Шашақты кілем – шашағы бар, шашақталған кілем;

      б) әртүрлі мәнермен тоқылатын кілемдер. Олар: торғай түр кілем, қараман түр кілем, ақтаңлақ кілем, жолақ кілем, қара кілем, терме кілем, сарыаяқ кілем, тақта кілем, т.б.

      Ақтаңлақ  кілем – қоңыр, қара т.б. түске ойдым-ойдым, теңбіл-теңбіл ақ араласқан кілемнің түрі;

      Терме кілем – әшекейлеп теріп тоқылған кілем.

      Тақта кілем – орта бөлігіне ұдайы алмастырылып тұратын түсті белдеулер орналасқан, ал олардың ортасында алуан түсті жіптерді қайта әдіптеу арқылы орындалған сатылы өрнектер салынған кілемнің түрі.

      в) бетіне салынатын ою-өрнектің, гүлдің түрлеріне қарай ерекшеленетін кілемдер: шаршы кілем, пәтінісгүл кілем, мәскеугүл кілем, самаурынгүл кілем, оюлы кілем, шигүл кілем, шешенгүл кілем, шатыргүл кілем, т.б.;

      Шаршы кілем – орта тұсы шаршылармен немесе ромбылық әшекейлермен безендірілген кілем түрі.

      г) қолданысына, қажеттілігіне қарай бөлінетін кілемдер: жол кілем, қабырға кілем, қоржын кілем, намаз кілем, төр кілем, төсек кілем, тұс кілем, түйе кілем, қуырша т.б.

     Жол кілем – еденге төселінетін ұзындау келген, ені тар кілем. Мысалы, Халық не сұрайды? – деген сұраққа сатушы Сақыпжамал – Мебель сұрайды, жол кілем керек дейді («Қазақ әдебиеті»).

     Қоржын  кілем – қоржынға арналып тоқылған кілем.

     Намаз кілем – намаз оқығанда қолданылатын, жайнамаз етіп тоқылған кілем.

     Тұс кілем // қабырға кілемқабырғаға тұтылатын [ілінетін] кілем. Мысалы, Тартып күнге желісін, Тоқыса олар тұс кілем, Жаз көркіндей келісім – Жайнап шығар түс кілең (М. Әлімбаев, Көңіл күйі). Оралдың бір сілемі, Қасында тау Тағанай. Секілді тұс кілемі, Жан-жағында қарағай (С. Мәуленов, Жаз ерке).

      Төр кілем – үйдің төріне ілетін, не төсейтін кілем.

      Қуырша – түйенің үстіндегі жүкті жауып, екі ұшын алдына әкеліп түйген кілем. Мысалы, Көшпенді түйеге қуырша жасайтын еді, әлі де жасаймыз, бірақ кілем жоқ (Гур., Маңғ.) [5, 465 б.].

      ғ) үлкен-кішілігіне қарай ерекшеленетін кілемдер: нар кілем, шағын кілем, т.б.

      Нар кілем – үлкен кілем. Мысалы, Қарасайдың ұлымын, Айтулының бірімін, Нар кілемнің түрімін (Жамбыл, Шығармалар жинағы).

      Шағын кілем – көлемі кішкене кілем.

      д) тоқылуда қолданылатын жіптің, жүн-жұрқаның түрлеріне қарай бөлінетін кілемдер: жібек кілем, мақта кілем, масаты кілем, мақпал кілем, т.б.;

      Масаты  кілем жібек және басқа бағалы жүннен тоқылған жұмсақ түкті кілем. Мысалы, Табалдырықтан төрге дейін төселген масаты кілем, басуға аяйсың (3. Шашкин, Тоқаш Бокин). Сөйлейді Маман батыр ауық-ауық, Байлатты бес жүз інген түйе сауып. Саба артып тоғыз нарға Маман келді, Он атын масатыдан кілем жауып (Айман-Шолпан).

      е) баға-сапасына қарай ерекшеленетін кілемдер: бас кілем, хан кілемі, зербарақ кілем, иран кілем, қалы кілем т.б.

     Бас кілем берілетін жасаудың, сыйлықтың ең бағалысы, құндысы. Мысалы, Ұстаған жеті бабалы, Ұстаған өзі жас күннен. Өлшеусіз құны – бағалы, Бар екен жалғыз бас кілем (М. Әлімбаев, Таңдамалы өлеңдер).

     Зербарақ  кілем – алтынның сымынан, жібінен жасалған шашақты, түкті кілем. Зербарақ кілемдей жайылған көк дала көрінісі көңілді әлдеқайда әкеткендей. Сол дала төсін қақ жарып жатқан тура жол әлгі зербарақ кілемге бірте-бірте сіңе түскен көк инені еске түсіргендей (Р. Райымқұлов, Бұрылыс.).

      Иран  кілем – бағалы, әдемі, түгі қалың кілем. Мысалы, Оң жақтағы батыр төсегінің тұсына түкті иран кілем құрылып, оның үстіне қылыш асылып қойыпты (Ә.Хасенов, Жат жазасы).

     Қалы  кілемқымбат бағалы, қалың түкті кілем. Мысалы, Жас шеберлер Октябрьдің 50 жылдығын қастерлеп «Ерлікке толы елу жыл» деген жазуы бар қалы кілем тоқып шығарды («Лениншіл жас»). Нар біткенге қалы кілем жауып, ызың-шу боп жұрт жайлауға көшті (С.Жанғабылов, Тоқсан.).

     Қорыта  айтқанда, қазақ тіліндегі кілем атауларын лексика-семантикалық тұрғыдан топтастыру арқылы халқымыздың заттық мәдениетінде кілемнің түрлері өте көп екені, олар үйдің жиһазында ғана емес, тұрмыстық жағдайында да көп қолданылатыны басқа қырынан дәлелдене түсті. Сондай-ақ кілем тоқуда түрлі ою-өрнектер, жүн-жұрқалар  қолданылып, сан қилы мәнермен орындалатыны белгілі болды.  
 
 

Әдебиеттер: 

      1 Ахметьянов Р.Г. Сравнительное исследование татарского и чувашского языков. – М.: Наука, 1978. – 248 с.

      2 Манкеева Ж. Мәдени лексиканың ұлттық сипаты. – Алматы: Ғылым, 1997. – 272 б.

      3 Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. 3-том / Құрастырғандар Б.Сүйерқұлова, С.Жапақов, Т.Жанұзақов және т.б. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2006. – 744 бет.

      4 Қазақстан ұлттық энциклопедия / Бас редактор Б. Аяған. – 5 том. К-Қ. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» бас редакциясы, 2003. – 720 бет.

      5 Диалектологиялық сөздік. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2007. – 800 бет. 

РЕЗЮМЕ

      Данная  статья посвящена построению лексика-семантической классификации названий ковров в казахском языке, а также особенностям материальной и духовной культуры и видам казахских ковров. 

SUMMARY

      This article is devoted to the construction of the lexico-semantical classification of carpets’ different names in Kazakh language, also to the material and spiritual peculiarities of Kazakh culture and its types of carpets. 

Информация о работе Казак тiлiндегi кiлемге катысты атаулардын лексика-семантикалык топтары