XIX ғасыр Қазақстанның мәдени өміріндегі ағартушылық ғасыр

Автор: Пользователь скрыл имя, 14 Февраля 2013 в 21:15, реферат

Описание работы

Қазақстан Орыс географиялық қоғамы бөлімшелерінің зерттеу обьектісіне айналды, мұнда мәдени-ағарту мекемелері мен статистикалық комитеттер жұмыс істеді; өлкетану мұражайлары ашылып, ертедегі ескерткіштер, халықтың ауызша шығармашылығы және құқықтық заңдар, соның ішінде қазақтардың дағдылы құқығы зерделенді; орыс-қазақ мектептері мен кітапханалар ашылды. Қазақтар өз балаларына білім беруге ұмтылды, әрине, бұған бірінші кезекте халықтың ауқатты бөлігі ұмтылыс жасап, балаларын кадет корпустары бар Омбы мен Орынборға жіберу үшін мүмкіндік іздестірді. Білім алуға деген жаппай ұмтылыс пен ықылас жағдайында Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин бастаған қазақ ағартушыларының тобы қалыптасты.

Содержание

1. КІРІСПЕ 2
2. Ш.Уәлихановтың, Ы.Алтынсариннің, А.Құнанбаевтың ағартушылық қызметі 3
3. Қолданылған әдебиеттер: 17

Работа содержит 1 файл

history_ref_118.doc

— 132.00 Кб (Скачать)

Алтынсариннің өзі 1864 жылы 16 наурызда былай деп жазды: «Аш қасқырдың қойға ұмтылғаны сияқты, мен балаларды оқытуға қызу кірістім және мені өте қанағаттандыратыны бұл балалар әлдеқандай үш айдың ішінде орысша және татарша оқуды және тіпті жазуды үйреніп алды... Қысқасы, бұл жастар 4 жылдық курсты бітіргеннен кейін төптәуір сөйлейтін және жаза алатын болады. Кейіннен парақор болмауы үшін олардың адамгершілігіне де ықпал жасауға бар күшіммен тырысамын».

Торғай облысы мектептерінің инспекторы қызметіне кіріскен соң, Алтынсарин Ырғыз, Николаев, Торғай және Елек уездерінде екі сыныптық орыс-қазақ училищелерін ашып, оқушылар жинап, мұғалімдермен қамтамасыз етті. Алтынсарин училищелерді жабдықтауға ерекше көңіл бөлді. Ол әрбір мектеп жанынан кітапханалар ашуға мән беріп отырды. «Торғай облысының училищелерінің жанынан, — деп жазды ол,  мұғалімдер мен оқушыларға арналған кітапханалар құруға ниеттендім, оған қазірдің өзінде 600 сом жинадым. Бұл кітапханалардағы кітаптарды оқушылар мен мұғалімдер пайдаланады; сонымен қатар, курсты бітірушілердің (оқушылар), жалпы сауатты адамдардың өздеріне қажетті кітаптар алып, білімін көтеретін орны осы болмақ».

Алтынсарин қолөнер және ауыл шаруашылығы училищелерін ашуға көп күш-жігер жұмсады, байырғы халық арасынан Қазақстанның экономикалық дамуы үшін қажетті мамандар даярлауға ерекше мән берді.

Қазақстанда қыз балаларға білім берудін басталуы да Ы.Алтынсариннің есімімен байланысты. 1888 жылы ол Ырғыз қаласында қазақ қыздарын оқытатын, интернаты бар мектеп ашып, патша әкімшілігінен интернаттары бар қыздар училищелерін ашуға рұқсат алды. 1891 жылы Торғайда, 1893 жылы Қостанайда, 1896 жылы Ақтөбеде интернаты бар қыздар училищелері жұмыс істей бастады. Жалпы алғанда, Алтынсарин көзінің тірі кезінде төрт екі сыныптық орталық «орыс-қазақ» училищесін, бір қолөнер училищесін, бір қыздар училищесін, бес болыстық училище, орыс шаруаларының балаларына арналған екі училище аштырды. Сонымен қатар орыс-қазақ мектептерінің мұғалімдеріне оқулық көмекші құрал ретінде орыс педагогтары мен жазушыларының еңбектері мен оқулықтарын ұсынды. Олар: Ушинскийдің «Балалар әлемі», Бунаковтың «Әліпби және мектеп пен үйде оқуға арналған кітабы», Крыловтың «Мысалдары», Кирпичниковтың «Грамматикасы», Тихомировтың «Грамматиканың қарапайым курсы», «Көркем жазу» атты еңбектері, Евтушевскийдің «Арифметикасы», Острогорскийдің «Орыстың қысқаша тарихы» т.б. еңбектер. Ы. Алтынсарин орыс-қазақ мектептерінің оқушыларына арнап «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы» және «Қырғыздарға (қазақтарға) орыс тілін үйретуге алғашқы басшылық» атты екі оқу құралын жазды, оларды Торғай облысы мектептерінің инспекторы қызметіне тағайындалғаннан көп бұрын бастап, 1869 жылы аяқтады. Орыс классиктерінен жасаған аудармаларында, қазақ тіліндегі түпнұсқа туындыларында ол демократиялық-ағартушылық мұраттарын насихаттады. Ол ұлттық әдебиет пен мәдениетті дамыту, қазақ әдеби тілін қалыптастыру саласында жемісті еңбек етті. Мұны оның орыс әліпбиімен жазған «Қазақ хрестоматиясы» дәлелдейді.

Белгілі бір  дәуірдің адамы және қайраткері болған Алтынсарин өз көзқарасында кейбір қайшылықтардан арыла алмады. Барлық ағартушылар сияқты ол да ағарту ісінің әлеуметтік және өзгертушілік рөлін көбінесе асыра бағалады.

Алтынсарин  жан-жақты білімді адам болды. Ол қазақ этнографиясының кейбір мәселелерін егжей-тегжейлі зерттеп, 1868 жылдың наурызында Орыс географиялық қоғамы Орынбор бөлімінің мәжілісінде өзінің «Орынбор ведомствосы қырғыздарының құда түсу мен үйлену тойы кезіндегі әдет-ғұрыптарының очеркі» атты еңбегін окып берді. Мақала қоғам мүшелері тарапынан жаппай қолдау тауып, көп ұзамай жарық көрді. Алтынсарин бұл мақаласында үйлену тойларына байланысты толып жатқан әдет-ғұрыптарды тәптіштей суреттеп, оларға өлкедегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің жасаған ықпалына токталды.

Абай Құнанбаев (1845—1904). Абай Құнанбаев 1845 жылы 10 тамызда  Семей облысының Шыңғыс тауында  туған. Абайдың өкесі Кұнанбай тобықты руының старшыны болды. Алғашында ауыл молдасынан сабақ алған Абайды әкесі Семейдегі имам Ахмет-Риза медресесіне оқуға жіберді. Алайда Абайдың қаладағы оқуын бітіртпей, әкесі оны қайтадан ауылға шақыртып алып, бірте-бірте дау-шарды тексеріп төрелік айтуға, келешектегі рубасының әкімшілік қызметіне үйрете бастады. Абай табиғат өзіне молынан сыйлаған қабілеттілігінің арқасында шешендік өнерінің түрлі тәсілдерін шебер меңгереді. Сот ісі қазақтардың ғасырлар бойы қалыптасқан дағдылы құқығы негізінде жүргізілді. Ру тартысына еріксіз араласқан Абай даулы мәселелерді шешу барысында жөнсіздікке, әділетсіздікке және қатыгездікке, билеуші топ пайдасын көздеген талап, мүддеге қарсылық білдіріп отырды. Ол патша сотының заң ережелерімен жақынырақ танысып, патша самодержавиесінің әкімшілік-шенеуніктік аппаратының заңсыз іс-әрекеттеріне куә болды. Дүниетанымы қалыптасып, рухани толысқан Абай он-жиырма жыл ішінде халықтың поэтикалық шығармашылығын, шығыс ақындары мен орыстың классикалық әдебиетін терең зерделейді.

1886 жыл Абайдың  өміріне үлкен өзгеріс әкелген  жыл болды. Ол алғаш рет өлеңіне  («Жаз») өз атын қойып, көркем шырармашылыққа толығымен ден қояды.

Абай қаламынан  өлеңдермен қатар, қара сөзбен жазылған ғибраттар, «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі» дастандары дүниеге келді. Абайдың мол әдеби мұрасында аудармалары елеулі орын алады.

Абайдың өзі  туып-өскен ортадан шоқтығы биік тұрды. Оның пікірінше, әрбір ойлы адам қоршаған өмір шындығына өзінің саналы көзқарасын қалыптастыруға тиіс. Ағартушы Абай «Егерде есті кісілердің қатарында болған Абай Құнанбаев. келсе, күнінде бір мөртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал!», — деп келер ұрпақты парасаттылықка шақырды. Адамды «қайрат, ақыл, ғылым» асқақтататын қоғамның прогресті дамуына ұмтылу Абайдың бүкіл шығармашылығының басты бағыттарыньщ бірі болып табылады.

Ол бүкіл  қоршаған ортаның, соның ішінде адамзат қоғамының да қозғалыста екенін және дамып отыратынын мойындады. «Дүние бірқалыпты тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бірқалыпты тұрмайды» деп пайымдады ол. Абайдың ойынша, күш-қуаты толық, біліммен қаруланған адам ғана өз өмірін қоғам игілігіне жұмсап, барша жұртқа пайда келтіре алады. Абай Құнанбаев әр адамның адамзат қоғамына қызмет ету жолы ең алдымен еңбекте, еңбек — ауыр міндеткерлік емес, материалдық және рухани игілікке жету мен оны гүлдендірудің құралы деп білді. «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, алланың сүйген құлының бірі боласың» деп жазды ол. Абай жас ұрпақты ғылым-білім үйренуге, адамгершілікке, имандылыққа шақырды. Еңбекті қоғамның байлығы мен молшылығына жеткізетін бірден-бір жол ретінде бағалаған Абай: «Әуелі құдайға сиынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» — деп жазды.

Патша өкіметінің отаршылдық саясаты және XIX ғасырдың екінші жартысында езгінің күшеюі салдарынан халық бұқарасының жағдайы күрт нашарлап, қазақ шаруалары күйзеліске түсті. Қазақтардың көпшілігі малынан айырылып, кәсіпсіз адамдар тобырын толықтырды. Абай қазақ кедейлеріне тіршілік ету жолын нұсқап, жалпы еңбектің ең прогресшіл нысаны — жалдама еңбектен бойды аулақ салмауға шақырды.

Абайдың бүкіл шығармашылығы әрекетсіздік пен жалған ұятқа деген ымырасыздық идеяларына толы. Оның пікірінше, адамның мінез-құлқы қиыншылықтармен күресте, осы қиыншылықтарды жеңуде ғана шыңдалады.

Абай халық бұқарасының шығармашылық күштеріне терең сенді және өз заманындағы қоғамдық өмір жағдайында халық бұқарасының өз еңбегінің жемісін көруге мүмкіндігі жоқ екенін түсінді. Байлар мен билер, әр түрлі дәрежедегі старшындар мен билеушілер қарапайым халықтың жай-күйін ойлап жатпайтын.

Абай халыққа жаны ашымағандарға деген өзінің жиіркеніші мен жек көру сезімін жасырмайды. Ол байларды пара алатыны, ел арасына іріткі салатыны үшін және «Мал болса, құдай тағаланы да паралап алса болады» дейтіні үшін жек көреді. Байлардың қарапайым халыққа менсінбей қарауы Абайдың ашу-ызасын келтірді, бірақ бұл — байлардың бала кезінен қанына сіңген әдет, ал арқа сүйейтін ешкімі жоқ кедейдің маңдайына жазылғаны — осы ауыр тұрмыс еді, сондықтан «Жалшы үйіне жаны ашып, ас бермес бай, Артық қайыр артықша қызметке орай».

Осы бір әділетті ашу-ызаға толы жолдарды ағартушы-демократ патша өкіметі өзінің отаршылдық саясатын жүргізіп жатқан кезеңде жазған еді. Абай еңбекші бұқара мен үстемдік етуші азшылық — байлық пен билік иелері арасындағы ымырасыз қайшылықты ашып көрсетті.

Старшындар  мен билердің іс-әрекеттеріне деген көзқарасынан Абайдың демократиялық бағыт ұстанғаны көрінеді. Патша өкіметі билерді төрелік ету құқығынан айырғанмен, олардың қолында әлі де едәуір сот билігі бар еді, жергілікті қазақтардың көпшілігі соларға жүгінетін. Сол кездегі билердің көптеген мәселелер бойынша шешімдері патша отаршылдарының мүддесіне сәйкес келіп отырды. Абай былай деп жазды:

«Мәз болады болысың арқаға ұлық қаққанға...»

Бұл Абайдың  кезіндегі билердің басым көпшілігіне  тән қылық болатын, олар шен-шекпенді көбінесе пара беріп, сатып алатын еді. «Болыс пен биді кұрметтейін десең, құдайдың өзі берген болыстық пен билік елде жоқ. Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пен биліктің ешбір қасиеті жоқ», — деп нақтылайды Абай. Халықтың қараңғылығын, жасқаншақтығы мен надандығын пайдаланып, билер барынша пайда табуға тырысты. Халық мұраты Абайға жақын да түсінікті еді. Ол өз төңірегіндегі адамдардың, өз жақындары мен шәкірттерінің бойындағы өз халқына риясыз берілгендікті және оның мүдделерін қорғау қасиетін бәрінен де жоғары бағалады. Өмірден ерте кеткен сүйікті ұлы Әбдірахманды жоқтай отырып, Абай оның жақсы қасиеттерін (батылдық, шыншылдық, ізгілік және білімге құштарлық) тізіп келтіріп: «Аямаған ғаріптен қолдан келген көмекті», — деп жазады.

Абай заманындағы қоғамның қайшылықтары оның дінбасыларына деген көзқарасынан көрінді. Абай дінді мойындай отырып, «Құдай табарака уаттағаланың барлығының үлкен дәлелі — неше мың жылдан бері әркім әр түрлі қылып сөйлесе де, бәрі де бір үлкен кұдай бар деп келгендігі, уа һәм неше мың түрлі діннің бәрі де, ғаделет, махаббат құдайға лайықты дегендігі» — деп жазды. Абай сонымен бірге діннің Қазақстандағы қызметшілері — тағайындалған молдалардың әділет пен ар-намыстан алыс адамдар екенін өз көзімен көрді. Билер сияқты, олардың да көпшілігі атақ-мансапты сатып алып, баюды ғана көздеді. «Мырзаларды қадірлейін десең, осы күнде анық мырза елде жок, мал бергіш мырза иттен көп», — деп қынжылды ол. Абай дүмше діндарларға жиіркенішпен қарайды, олардың арасында діннің басқа нәзік жақтарын айтпағанда, тіпті намаз білмейтіндері де көп екенін көріп, Абай: «Қазақ құлшылығым құдайға лайық болса екен деп қам жемейді», деп жазды. Оның кейбір мұсылман дінбасыларына көзқарасы дінді жанын сала жақтаушыларды «зиянды дүмшелер» деп атаған Шоқан Уәлихановтың пікірімен үндес.

Еңбекші бұқараның өмірін жақсарту жолдарын Абай ең алдымен қоғамның экономикалық негізін өзгертуде деп білді. Қазақтардың прогресшіл дамуын Абай егіншілікті, қолөнерді және сауданы дамытумен тығыз байланыстырды. Қазақ ағартушысы экономикалық дамудың осы үш саласына баса назар аударды.

Қазақстандағы жергілікті халықтың көпшілігі мал шаруашылығымен айналысқанмен, Абай бұдан былайғы экономикалық даму көзі егіншілікті кеңейтіп, жақсартуда деп түсінді. Егіншілік кәсібі қазақ шаруасының тұрмысын түзеп, жұмсалған еңбектің еселеніп қайтуына мүмкіндік туғыза алатын еді. Ол былай деп жазды:

«Егіннің ебін,

Сауданың тегін

Үйреніп, ойлап, мал ізде».

Қоғамның экономикалық дамуындағы қолөнердің маңызы мен орны туралы Абай былай дейді: «Егерде мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі — қазақтың әулиесі сол».

Абай Қазақстан экономикасының гүлденуі үшін сауданы одан әрі дамыту қажет деп санады. Ол көптеген елдерді аралап, сауда жасаған өзбек саудагерлері туралы үлкен құрметпен айтты. Олардан қазақтар да негізінен малға айырбастап, көптеген тауарлар сатып алатын. Абай сауданы халықтар арасындағы қарым-қатынас құралы, қоғамның өндіргіш күштері дамуының стимулы деп қарастырды, сондықтан оны Қазақстанда одан әрі дамытудың белсенді насихатшысы болды.

Отаршылдық  езгінің күшеюі және Қазақстандағы патриархаттық қатынастардың қалдықтары Абайдың ел билігі, басқару мәселелеріне көзқарастарынан көрініс тапты. Ол еш жерде халық көтерілістері туралы айтпайды. Бірақ халық бұқарасының мүдделерін демократиялық тұрғыдан қорғай келіп, Абай қоғамды прогресшіл түрде дамыту жолдарын үнемі іздестіріп отырды. Абай ел басқаруға қызметіне адал, халық игілігі үшін қызмет етуге мүдделі адамдар сайлануға тиіс деп есептеді. Бұл адамдар зандарды бұзбауға, жұртқа қиянат жасап, өзінің қызмет жағдайын пайдаланбауға тиіс. Халық бұқарасы болыс басқарушыларынан көп қорлық көрді. Әдетте бұл қызметке сатып алуға, сыйлық жасауға және алдауға қаражаты жететін, ауқатты топ өкілдері сайланатын. Олар халыққа берген уәдесін ұмытып, өз шығындарының орнын толтыруды ғана ойлады. Абайдың пікірінше, сайланбалы қызметті әдетте мүлде лайықсыз адамдар алып отырды. Олар халықты ешкашан орындалмайтын құрғақ уәделермен алдады. Еңбекші бұқара да билеушілерге деген сенімін жоғалтты.

Билеушілер  мен қалың бұқара мүдделері арасындағы қайшылық,тарды шешу жолын Абай таба алмады. Сол себепті Абай қоғам, заң және жеке адамның өзара төуелділігі қандай екенін ақырына дейін анықтай алмады. Абайдың заңға көзқарасын зерттей отырып, біз ол заңның әділдігіне сенген деген пікірге келеміз. Заңның бұзылуы әділетсіздік туғызған. Негізінен алғанда, ол заңды бұзғандарға шүйлікті, ал ол заң кімдердің мүдделерін көздеп шығарылған деген мәселені қарастыруға Абай жете алмады.

Абай парақор билеушілерді, ашкөз судьяларды, надан молдаларды жек көріп, әшкерелеп отырды, оларды бүкіл халықтың игілікке жету жолындағы қырсық деп санады. Ол басқа да ағартушылар сияқты, бұл қырсықты жоя алатын негізгі күш ғылым мен білімде деп білді. Ғылым мен білімнің қоғам үшін маңызын ашып көрсете келіп, ол бұлардың «өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік, бекер мал шашпақтықпен» сыйыспайтынына кәміл сенді. Аса көрнекті ойшыл қазақ қоғамындағы мұндай жағымсыз қасиеттерге жиіркенішпен қарады, оларға қарсы күресті өзінің негізгі борышы деп білді. Ол үздіксіз еңбектеніп, білім алу арқылы ғана ғылымды өркендетуге болады деп санады. Білім алуға жұмсалған еңбек әрқашан да ізгілікті және жемісті болмақ. Абай жастардың оқуға және білім алуға деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында қазақ қоғамындағы надандық пен қараңғылықтан туындап отырған жағымсыз құбылыстар жайлы ашық айтып отырды. Қазақ қоғамы өмірінің барлық жақтарын зерделей отырып, Абай бұл кеселдерді бүкіл қазақ қоғамы бірлескенде ғана жеңе алады деген қорытындыға келді. Әрбір адам өз тағдырына өзі қожайын болғанымен де, тұтас алғанда бүкіл халықтың тағдыры бір деп есептеді Абай. Сондықтан қоғамнан тыс өмір сүру немесе одан артық болу мүмкін емес. Қазақстанды мекендейтін басқа халықтармен қазақтардың өзара қатынасы жөнінде Абайдың айқын көзқарасы болды. Бұл орайда ол өзге халықтарға құрмет көрсету, достық және тең құқықтылық принципін басшылыққа алды. «Адам баласына адам баласының бәрі — дос», — деп мәлімдеді гуманист. Ол өзге халықтарға жиіркенішпен қарап, кемсіту сияқты қазақшылық әдетті ащы мысқылмен шенеді. Шынына келгенде, қазақтардың басқа халықтар алдында көкірек керуіне негіз жоқ екенін көрген ол басқа халықтардың артықшылық қасиеттерін үнемі атап айтып отырды.

Информация о работе XIX ғасыр Қазақстанның мәдени өміріндегі ағартушылық ғасыр