Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару заңнамасы

Автор: Пользователь скрыл имя, 03 Марта 2013 в 15:36, лекция

Описание работы

Құқықтың жалпы теориясында қандайда болмасын заңдылықтар саласын кең және тар мағынада түсіну жолға қойылған. Заңдылықтар саласын тар мағынада түсіну деп белгілі бір жағдайға қатысты қоғамдық қатынастарды реттейтін мемлекеттің заңдар жиынтығын тануға болады. Осыған орай, қылмыстық-атқару заңнамалары деп жазаны атқаруға (өтеуге) қатысты және сотталушыларға түзеу ықпалының шараларын қолдану барысында пайда болатын қоғамдық қатынастарды реттейтін заңдар жүйесін айтуға болады.

Работа содержит 1 файл

УИП-2 лек.каз..doc

— 110.00 Кб (Скачать)

Тақырыбы №2 «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ 
ҚЫЛМЫСТЫҚ-АТҚАРУ ЗАҢНАМАСЫ»

2.1. Қылмыстық-атқару заңнамасы  ұғымы, мазмұны, 
міндеттері, нысандары мен қайнар-көздері

 

Құқықтың  жалпы теориясында қандайда болмасын заңдылықтар саласын кең және тар мағынада түсіну жолға қойылған. Заңдылықтар саласын тар мағынада түсіну деп белгілі бір жағдайға қатысты қоғамдық қатынастарды реттейтін мемлекеттің заңдар жиынтығын тануға болады. Осыған орай, қылмыстық-атқару заңнамалары деп жазаны атқаруға (өтеуге) қатысты және сотталушыларға түзеу ықпалының шараларын қолдану барысында пайда болатын қоғамдық қатынастарды реттейтін заңдар жүйесін айтуға болады.

КСРО тарағаннан кейін қылмыстық-атқару заңдылығы  елеулі өзгерістерге ұшырады. Оның жүйесінен  Еңбекпен түзеу заңнамаларының негіздері, сондай-ақ жазаны атқаруды реттейтін кейбір одақтық заңдар алынып тасталды. Бүгінде қазақстандық заңдылықтары жазаны атқарудың (өтеудің) тәртібін реттеуге жұмылдырылған өзінің заңдар жүйесін құраған. Қолданыстағы қылмыстық-атқару заңнама Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінен тұрады. Қылмыстық-атқару заңнамалары жүйесіне сондай-ақ Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 15-шілдедегі «Бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан адамдарды әкімшілік қадағалау туралы» Заңын жатқызуға болады.

Сөйтіп, тар  мағынада қылмыстық-атқару заңнамалары  деп жазаны атқаруға (өтеуге) қатысты және сотталушыларға түзеу ықпалының шараларын қолдану барысында пайда болатын қоғамдық қатынастарды реттейтін заңдар жүйесін айтуға болады.

Кең мағынада қылмыстық-атқару заңнамаларын түсіну – сотталушыларға, сондай-ақ қылмыстық жазаны атқаратын мемлекеттік органдардың лауазымды  адамдарына арналған заңның түрлі ережелерін, мысалы белгілі бір жазаны атқарудың нұсқауын, түзеу мекемелерінің ішкі тәртібін және басқаларды нақтылайтын ережелерді анықтап беретін тұрақты қажеттілік. Осындай мән-жайларға байланысты, кең мағынадағы қылмыстық-атқару заңнамасының саласы деп кең мағынада жазаны атқару (өтеу) барысында пайда болатын, өзгеретін және қысқартылатын қоғамдық қатынастарды реттейтін нормативтік актілердің (заңдар мен заң актілері) бүкіл жиынтығы қатысты және сотталушыларға ықпал ету арқылы түзеу шараларын қолдану барысында пайда болатын қоғамдық қатынастарды реттейтін заңдар жүйесін түсінуге болады. ҚР ҚАК 1-бабы Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңдары Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінен және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарынан, сондай-ақ жазаны және сотталғандарға қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шараларын атқару мен өтеудің тәртібін және жағдайын белгілейтін нормативтік актілерден тұратынын айғақтайды.

Қылмыстық-атқару заңнамаларының міндеттері ҚР ҚАК 2-бабында  әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, сотталғандарды түзеу, сотталғандардың да, өзге адамдардың да жаңа қылмыстар жасаудың алдын алу екендігі айтылған.

Осы айтылған мақсаттарға сәйкес, қылмыстық-атқару заңнамалары өзінің алдына жазаны өтеудің  тәртібі мен шарттарын реттеу, сотталғандарды түзету құралдарын, олардың  құқықтырын, бостандықтары мен заңды  мүдделерін қорғау, әлеуметтік бейімделуіне көмек көрсету міндеттерін қояды.

Заңмен қалыптастырылған міндеттер қылмыстық жазаны атқарушы мекемелердің және органдардың өзімен реттеледі. Өз кезегінде жазаны атқару – қылмыстылыққа қарсы күрес жолындағы маңызды кезеңдердің бірі. Түзеу мекемелерінің жүйелері жұмысты қалай істесе, қылмыстылықпен күрес жүргізуші мемлекеттік буындардың іс нәтижелері де соған байланысты болады. Қылмыстық-атқару заңнамалары – жазаның алдында тұрған мақсатқа жетудің құқықтық жұмыс бағдарламасы сонымен бірге, бірыңғай қағидалармен құрылған және тиісті мақсатқа жету үшін қызмет ететін құқықтық кешеннің (қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу, қылмыстық-атқару құқыықтары) бірыңғай құрамдас бөлігі болып танылады. Қылмыстық құқық нормалары қылмыстық жауаптылықтың негіздемелері мен шегін белгілесе, ал құқықтық-атқару құқығының нормалары сот тағайындаған жазалардың жүзеге асыру, атқару тәртібін белгілейді. Сот қылмыстық құқық нормалары негізінде жаза тағайындаса, ал жазаны атқарушы органдар мен мекемелер қылмыстық-атқару құқығының нормаларына сүйенеді.

Құқықтың  өзге де барлық салалары сияқты қылмыстық-атқару заңнамаларының негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы құрап, ол қылмыстық-атқару құқығының басты қайнар-көзі болып табылады.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексі Парламентпен қабылданып және 1997 жылдың 13-желтоқсанында Президентпен бектілген.

Қазақстан Республиксы  қылмыстық-атқару кодексінің қайнар-көздерінің қатарына сонымен бірге Қазақстан  Республикасының 1996 жылғы 15-шілдеде қабылданған «Бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан адамдарға әкімшілік қадағалу жүргізу туралы» Заңы мен Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтары, Қазақстан Республикасы Парламентінің қаулылары жатады.

Ең соңында  қылмыстық-атқару кодексінің қайнар-көздерінің қатарына сонымен бірге Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының қаулыларын жатқызуға болады.

 

2.2. Қазақстан Республикасының Конституциясы  — 
қылмыстық-атқару құқығының қайнар-көздері

 

Қазақстан Республикасының  Конституциясында көрсетілгендей, демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет құру міндеттері азаматтардың ең негізгі конституциялық құқықтары мен бостандықтары мүмкіндктерінің құқықтық кепілдемелерін қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылады. Конституциялық құқық пен бостандық мазмұнын дұрыс түсіне білу оның ескірген және қайшы келетін нормативтік актілерді жоққа шығару жағдайындағы қазіргі заңдылықтармен кепілдеме беруіне қолданыстағы және жаңадан қабылданған заң актілерінің қолданылуын байланысты.

Қылмыстық-атқару құқығы туралы айтқанда, ең бірінші  басқа да құқық салалары сияқты құқықтың осы саласы үшін заңдылық негізі ретінде  Қазақстан Республикасының Конституциясы қызмет ететінін ескеруіміз қажет. Конституциялық қағидалардың бірқатары тікелей қылмыстық-атқару заңнамаларының негізгі ережелерін белгілейді. Оған мысал ретінде Конституцияның 12, 15, 18, 22, 29, 33, 44, 54 және басқа да баптарын алуға болады.

Қазақстан Республикасының  Конституциясымен бектілшен ең басты ережелерінің бірі өмір сүру құқығы болып табылады (15-бап): «Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасы ерекше ауыр қылмыс жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңа белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамның кешірім жасау туралы өтініш ету хақы бар.

Құқық қорғау органдарының тәжірибесі мемлекеттің  осы бапта көзделген жазаның  қолданылуы тегін емес екендігін  көрсетеді. Қазақстан Республикасының әрбір азаматтың табиғат берген құқығына қол сұғушылықты қоғамға сондайлық қауіптілігін ескере отырып, Конституция жазаның ең жоғары түрі тағайындалған адамдарға кешірім жасау құқығы Қазақстан Республикасының Президентіне ғана берілген. Кешірім жасау шарасы ешқандай реттелмеген, ол жөнінде қылмыстық та, қылмыстық іс жүргізу де, қылмыстық-атқару құқығында да нақты айтылмаған. Бұл – мемлекет атынан білдірілетін гуманизм, мейірімділік, кешірім актісі. Іс жүзінде өлім жазасын қолданудан әлемдік қауымдастықтың 35 елі, соның ішінде бүкіл еуропалық мемлекеттер бас тартып отыр. Дамыған елдер арасынан өлім жазасы Жапонияда және АҚШ-тың 50 штатының 37-інде сақталып отыр.

Ресейде 1993 жылы 157 адам ең жоғарғы жазаға кесілсе1, 1994 жылы Қазақстанда 47 адамды ату жазасына кесу жөнінде үкім шығарылған. Осылардың арасынан Президент бір адамға кешірім жасады. 1995 жылдың аяғында Қазақстан Республикасында мемлекет атынан 55 қылмыскер өлім жазасына кесілді. Шындығында осылардың барлығы дерлік қасақана кісі өлтіргендер. Тағы да осылардың біреуіне ғана кешірім жасалды. Егеменді Қазақстан КСРО-ның қайта құрылу кезеңіндегіге қарағанда өлім жазасына көбірек кесетін болды. Әрине, содан бері қылмыстылық әлдеқайда өсуде, әлдеқайда қатыгездене, өткірлене түскендіктен мұндай салыстыруды орынды деп те айта алмаймыз. Мұндай індет бүкіл ТМД елдерін жегідей жеп барады, солай бола бұрса да көрші Ресейде Қазақстанға қарағанда «мұнараға» кесілгендерге жиірек өмір сыйлайды. Неліктен?.2

Бұл жерде, мүмкін, өлім жазасының орнына баламалы түрде  өмір бойы бас бостандығынан айыру  жазасын енгізуге қаржының тапшылығы  қол байлау болып отырған шығар. Расында да мұндай санаттағы қауіпті қылмыскерді берік оқшаулап ұстаудың өзі де аз қаражатты қажет етпейді.

Тергеулік оқшаулығыш бастығы үкімнің заңды күшіне енгені туралы хабар түскен немесе келесі күнінен бастап сотталған адамға өлім жазасының туралы үкімнің заңды күшіне енгені жөнінде хабарлап, сонымен бірге кешірім сұрау құқығы жөнінде және ол жөнінде өтініш білдірудің тәртібін түсіндіруге міндетті.

Сотталған адамның  сұрауы бойынша кешірім туралы өтініш жазу жөнінде заңгерлік көмек  қажет болған жағдайда сот төрағысының келісімімен оның адвокатпен кездесуіне мүмкіндік жасалады. Сөйтіп, Қазақстан Республикасының әрбір азаматы, қажет болған жағдайда тиісті заңгерлік көмек алуға құқылы болғандықтан ең жоғары қылмыстық жазаға кесілген адам да осындай құқыққа ие болатыны сияқты тағы да бір конституциялық құқық жүзеге асырылады.

Сотталған адамның  кешірім туралы өтініші қабылданған  күнінен үш күндік мерзімнен кешіктірілмей Президент Аппаратына жіберіледі. Егер жоғары жазаға кесілген адам кешірім сұрау жөнінде өтініш бергісі келмесе немесе жеті тәуліктің ішінде өтініш бермесе, қылмыстық іс жүргізуі заңының белгілеген тәртібі бойынша тергеу оқшаулағышының әкімшілігі кешірім сұраудан бас тартушылық фактісін жоғары тұрған органға аян етіп және сотталушының өтініш беруден бас тартуын анықтап акті жасайды. Актіні тергеулік оқшаулағыш бастығы мен прокурор, қажет бола қалған жағдайда дәрігерді қатыстырып жасайды. Құрастырылған актінің мазмұны үкім кесілген адамға қолын қою апқылы көрсетіліп, акітінің өзі жасалған күннен кешіктірілмей үш тәуліктің ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің Аппаратына жөнелтілуі тиіс.

Кешірім сұрау туралы өтініш беруден бас тартқан немесе оны  берудің мерзімін өткізіп алған жоғары жазаға кесілген адамға қатысты үкімді орындай Президент Аппартатынан материалды қарау нәтижесі туралы хабар келгенше тоқтатыла тұрады.

Кешірім туралы өтініш қанағаттандырылған жағдайда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты осы жөніндегі Президент Жарлығын үкім шығарған сотқа жібереді, одан әрі ол сотталған адам отырған тергеулік оқшаулағыш бастығына, сондай-ақ кешірім жасау туралы өтініш білдірген адамдарға хабарланады. Өлім жазасына сотталған адамның кешірім жасау туралы өтінішінен бас тарту туралы хабар ҚР Жоғарғы Сотымен атқару үшін үкім шығарған сотқа жіберіледі.

Әлемдік тәжірибеде жоғары жазаны атқарудың құқықтық тәртібі  өлім жазасы туралы үкімді орындаудың жеті түрлі жолын заң жүзінде  бекітті.3

Қазақстан Республикасының  жаңа Конституциясы әрбір азаматтың  еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдау құқығын бекітті. Қазақстан Республикасында еріксіз еңбекке соттың үкімі бойынша не төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол беріледі. Олай болса, бас бостандығынан айыруға сотталған адам жазасын өтеп жүрген кезінде еңбек ету бостандығы мен кәсіпті еркін таңдауын жүзеге асыра алмайды, өйткені сотталғанға мұндай құқық берілетін болса, жазаның мәні болмай қалар еді. Мұнымен қоймай еңбек қылмыстық-атқару заңдылығының нормаларына сәйкес, бүгінге дейін тәрбиелік ықпалмен байланысқан жазасын өтеп жатқан сотталған адамды түзеудің негізгі құралдарының бірі саналып келеді. Сонымен бірге қылмыстық-атқару заңдылығы еңбекке деген көзқарасты сотталған адамның түзелу дәрежесін білдіреді деп анықтайды: «Сотталған адамның түзелгендігі туралы қорытынды оның кейінгі кездердегі тәртібіне байланысты емес, түзе мекемесінде жазасын өтеп жатқан барлық уақыт ішіндегі тәртібіне байланысты жасалуы тиіс. Әсіресе, сотталған адамның түзеу мекемесіндегі режимді сақтауы, еңбек пен оқуға көзқарасы, қоғамдық өмірге қатысуы және басқа да жағдайлары ескерілуі тиіс»4. Пленум Қаулысының бұл ережесі осы күнге дейін өзінің өміршеңдігін жоғалтқан жоқ деп айтуға болады. Дегенмен, түзеу мекемелерінің көпжылғы қызметінің тәжірибесі түзеу мекемелерінің бүгінгі күнге дейін осы бір ең маңызды деген міндеттердің бірі – сотталғандарды еңбекпен түзеуді тиісті мәнінде жүзеге асыра алмай келе жатқаны жалған емес. Бас бостандығынан айыру түріндеге жазаны атқару жүйесінің өзі сотталғандардың одан әрі кері кетуіне жағдай жасаса5, бас бостандығынан айыру орындарының өзі қайталанатын қылмыстардың өнімді фабрикасына айналды. Мұндай фактілер ел басшылары үшін алаңдатушылық тудырып, құқық қорғау органдарының қызметінде қолайсыз жағдай туғызады, ғалымдар мен практиктерден осы теріс құбылыстың себептерін тиянақты талдап, сотталғандарға тәрбиелік ықпал етудің жаңа жолдарын іздестіруді талап етеді. Қазақстан Республикасындағы Құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламасы да осындай міндет қояды. Әсіресе сотталғандардың қоғамға жат сана-сезімдерін қайта құруда еңбек пен тәрбиенің атқаратын рөлдерінің арақатынасын жақындату қажет.

Осы уақытқа дейін түзеу  мекемелерінің қызметі белгіленген  тәрбие жұмыстарының нәтижелерімен және деңгейімен бағаланбай, халық шаруашылығы өнімдерін өндіру жөніндегі мемлекеттік өндірістік жоспарларды орындау нәтижесімен бағаланып келгені жасырын емес. Бұл заңда жазылған тәрбиелік бағыттағы мақсаттар (түзеу мен қайта тәрбиелеу) шын мәнінде әдістемелермен және білікті мамандармен нығайтылмады, осының бәрі өз кезегінде сотталғандар мен түзеу мекемелері қызметкерлерінің арасында тіл табыса алмайтындай шиеленістерді күшейте түсті.

Еңбекпен түзеу мекемелерінің  құрылуының өзі осы мекемелер  жүйесінің қосалқы халық шаруашылығы  кешені ретінде құрылғанын куәландыра түскендей, ал ол әкімшілік-өкімдік жағдайында дамып, өз қызметінде бірқатар қолайсыздықтар тудырды. Осындай орны толмас олқылықтар мен кемшіліктер бүгінгі күні жазасын өтеп жатқандар мен онды жұмыс істейтіндер мен қызмет атқаратындардың маңдайына қатты тиюде. Соның бір мысалы ретінде Қарағанды облысындағы бас бостандығынан айыратын 13 орынның іс жүзінде өндірістік қызметін тоқтатуы куә болғандай, сотталғандарға үнемі жалақы төлемеушілік сотталғандардың тіршілік деңгейін тым төмендетіп жіберді: «Бүгінде тиесілі еттің, майдың, қанттың және басқа да тағам өнімдерінің жарты нормасын ғана беріп отырмыз. Дәрі-дәрмектер мен тамақ өнімдерінің жетіспеушілігі салдарынан – құрт ауруымен ауыратындарды емдеудің жағдайы тіпті жаман»6. Мұндай еңбек пен тегін дәрігерлік қызмет көрсету конституциялық құқығын жүзеге асыру туралы жағдайлар, сотталғандардың арасындағы жұмыссыздық Қарағанды облысында ғана емес, республикамыздың басқа облыстарында да қолайсыздық туғызып отыр.

Әрине, бәр осылай екен деп жақсылықпен байқалатын фактілерді де ысырып тастауға болмайды. Еліміздің экономикалық деңгейі мен техникалық әлеуетінің көтерілуі ықпалынан түзеу мекемелеріндегі түрме шеберханаларындағы сотталғандардың қарапайым еңбегі қазіргі заманғы үлгідегі кәсіпорындарға дейін өсті, көптеген жағдайларда техникалық жарақтандырылуы осы заманға талаптарға сай келіп жатады, ал сотталғандарды өндірістік-техникалық жағынан оқытып-үйрету кәсіптік-техникалық училищелердегі сияқты жоғары білікті жұмысшылар даярлау деңгейіне жетті.

Сотталғандардың еңбектерінің нәтижесіне баға берудің ең басты аспектісі олардың өздерінің еңбекке деген құлшынысының артуы болды. Олардың көбісінің жұмыс істеуге деген ынтасы түзеу мекемесі әкімшілігінің өнім өндіруді арттыруға деген құлшынысы қандай болса, сондай болды. Мұндай құлшыныстың себебі әртүрлі болды. Біреулері адал еңбек жазасын өтеуден мерзімінен бұрын босанудың жолы деп түсінсе, енді біреулері сол еңбектен ләззат алып, қуаныш пен жұбаныщтың, табыстың көзі, аз да болса бала-шағаның нәпақасы, үй ішіне айтарлықтай көмек деп білді. Алайда, өзін өзі қаржыландыру мен өзін өзі ақтау қағидасы негізінде жұмыс істейтін түзеу мекемелеріндегі өндірістік жағдай құлашты кеңге сермете қоймады. Материалдық-техникалық ресурстардың жетіспеушілктері қолбайлау болып, өндірістерді қысқартуға әкеп соқтырды. Осының салдары түзеу мекемелерінде жұмыссыздық тудырып, сонымен бірге ішкі режимнің жиі-жиі бұзылуына да әкеп соқты. Тек 2004 жылдың бірінші тоқсанының өзінде ғана сотталғандарға 13 литр спирттік ішімдік пен 765 грамм есірткі өткізудің жолы кесілді (Қарағанды облысындағы түзеу мекемелерінде ғана).

Информация о работе Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару заңнамасы