Автор: Пользователь скрыл имя, 23 Марта 2012 в 13:53, реферат
АҚШ президенті Барак Обама президенттік тұғырдағы алғашқы жолдауында Ауғанстан мен Ирақтағы соғыстардың аяқталып келе жатқандығы туралы мәлімдеп, ел экономикасы мен жұмыссыздықты азайтуға қатысты жоспарлар жайлы баяндады.
Конгресс алдында сөйлеген сөзінде АҚШ президенті Барак Обама сегіз жылға жалғасқан Ауғанстан соғысы Ирақтағы жеті жылдық соғыс аяқталып келеді деп мәлімдеді.
АҚШ президенті Барак Обама Иранға достық қолын ұсынды
АҚШ президенті Барак Обама Наурыз мерекесі қарсаңында Иранға жаңа жолдау жасады. Ол онда ресми Теһранмен қарым-қатынаста жаңа мүмкіндіктер ұсынып отыр.
АҚШ пен Иран қарым-қатынастарының болашағы туралы сөз қозғағанда Құрама Штаттар президенті Барак Обама мейлінше құрметке толы ниетпен сөздерін барынша шынайы жеткізуге тырысты.
“Жаңа жылдарыңыз қарсаңында сіздердің, яғни Иран халқы мен басшыларының қос ел қарым-қатынастары болашағы туралы біздің көзқарастарымызды түсінулеріңізді қалаймыз. Ол болашақ біздің халықтарымыз қарым-қатынастарының жаңа белеске көтерілген, сондай-ақ әріптестік пен іскерлік байланыстарда жаңа мүмкіндіктер пайда болатын кезең болмақшы. Ол болашақ ескі жікке бөлінушіліктердің барлығы да жойылатын және сіздер мен көршілеріңіз, тұтастай ғалам түбегейлі қауіпсіздік пен мызғымас бейбітшілікте өмір сүретін дәуір болмашқы”,-деді президент Обама.
Алайда Барак Обама ол жікке бөлінушіліктің төркініне тоқтала қойған жоқ. Олардың бірі - Вашингтон қарсы боп келе жатқан Иранның ядролық бағдарламасы. Екіншісі - Хамас пен Хезболла топтарын ресми Теһран қолдап келеді деген айыптау. Ол топтарды Вашингтон лаңкестік ұйымдар қатарына жатқызған болатын.
Әлем елдері қауымдастығында Иранның алар орыны-өзгеше. Дей тұрғанмен ол орынға лаңкестік пен қару арқылы емес, бейбітшіл әрекеттер арқылы, Иран халқы мен өркениетінің ғажайып жасампаздық мүмкіндіктерін көрсете отырып жетуге болады деді Обама.
Иранның ядролық бағдарламасына орай туындаған текетіреске қарсы шыға отырып, Обама сайлауалды науқанында Иранмен тікелей сөйлесулерге ұмтылатынына уәде берген болатын.
Сондай-ақ АҚШ президенті Барак Обама қаңтардың 20-да болған ұлықтау салтанатында сөйлеген сөзінде “егер Иран қол алысуға әзір болса”, қолын бірінші ұсынуға өзінің дайын екенін айтқан болатын. Обама сол берген уәделерінің үддесінен шығып отыр.
Ресми Теһран Обаманың бұл үндеуіне наурыздың 20-сы күні аса сақтықпен жауап берді.
Атап айтқанда Иран президенті Махмуд Ахмадинежадтың баспасөз жөніндегі көмекшісі Әли Акбар Жаванфекр өз сөзінде: “АҚШ президентінің тараптар арасындағы қарама-қайшылықтарды жойғысы келетін ниетін біз қызу қуаттаймыз”, дей келіп: “Обама енді сөзден іске көшуі тиіс” деп ескертіп өтті.
“Тараптар арасындағы текетірес үшін негізінен АҚШ жауапты, сондай-ақ аймақтағы тұрақсыздықтың жалғыз көзі - Америка әскерінің Ирақ пен Ауғанстанда тұруы”,-деді Жаванфекр.
Обама әкімшілігі осының алдында ғана Теһранды осы айдың соңына белгіленген Ауғанстан ісі бойынша конференция жұмысына қатысуға шақырған болатын. Теһран бұл ұсынысты ойластыратынын айтқан еді.
Иранның қарапайым халқы Америка даусы телеарнасы арқылы берілген Обаманың бұл жолдауын зор ықыласпен қабыл алысты.
Фарда радиосына телефон шалған олардың бірі: “Мен үшін Наурыздағы ең басты сыйлық - Обама мырзаның жолдауы болды. Иран басшылары бұл шақыруға лайықты жауап береді деп сенемін” десе, екіншісі: “Иран дәстүрлеріне қарсы шығушы Теһран ресмилері бұл үндеуді түсінеді деп ойламаймын” деп жауап берген екен.
ЕуроОдақ Обама жолдауын биік бағалап, қос ел арасында жаңа қарым-қатынастар дәуірі басталатынына сенетіндігін айтты.
Ресей елі де Иранның ядролық бағдарламасы дағдарысының тек осындай сөйлесулер арқылы шешілетініне сенім артып отыр.
ҚАЗАҚСТАН-АҚШ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫНЫҢ ДАМУЫ
Қазақстан мен АҚШ-тың мүдделерін қамтитын қазіргі кездегі халықаралық өмірдің басты аяларында екі ел қатынастары үшін екіжақты өзара әрекеттесу мен ынтымақтастықтың өте маңызды мәні бар. Қазақстан халқына Жолдауында Президент Н.Назарбаев АҚШ-пен қарым-қатынастардың дамуы ең маңызды басымдылықтардың біріне жататындығын атап өткен болатын. Екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастар әскери-саяси ықпалдастық, қауіптерді бірігіп азайту аясындағы ынтымықтастық, жаппай қырып-жою қаруын таратпау, шекаралық қауіпсіздік, халықаралық лаңкестікпен күрес, жоғарғы технологиялар, энергоқорлар саласындағы ынтымақтастық, есірткі және СПИД-тің таралуына қарсы әрекеттер және т.б. сияқты өте маңызды аспектілерді қамтиды. Қазіргі таңда ешбір мемлекет жеке дара қауіпсіздік мәселелерін тиімді түрде шеше алмайтындығы сөзсіз. Осыған ретте Қазақстан АҚШ және басқа да мемлекеттердің аймақтық бейбітшілік және орнықтылыққа жетудегі маңызды серіктесі болып отыр.
Қазақстан және АҚШ қарым-қатынасын отандық зерттеушілердің пайымдауынша, екіжақты қатынастардың ерекшеліктерін айқындайтын бірнеше кезеңдерге бөлуге болады.
1990-жылдардың бірінші жартысында Қазақстан территориясында орналасқан кеңестік ядролық қарудың тағдыры, сондай-ақ ислам дінінің мемлекетте және тұтастай аймақта күшею мүмкіндігі басты айқындаушы факторлар болды.
Екінші кезең (1996-2001 жж.) аймақтағы АҚШ сыртқысаяси стратегиясының жаңа басымдықтарымен сипатталады. Каспийдің көмірсутек қорлары және мұнай құбырлары бағыттарының проблемасы екіжақты қатынастардағы ортақ факторға айналған болатын.
2001 жылдан басталатын үшінші кезең АҚШ-тың Орталық Азия аймағына жақын жерде басталған кеңауқымды лаңкестікке қарсы күресімен сипатталады. Халықаралық лаңкестікпен күрес, аймақта тұрақтану, ұлттық қауіпсіздіктің жаңа Стратегиясына сәйкес АҚШ энергетикалық стратегиясын қайта қарау - бұл мәселелер аймақтағы американ саясатының дәлелі ретінде көрініс табады.
1990-жылдары Вашингтон Орталық Азия аймағына қатысты саясатында «Тэлботт доктринасын» қолданды. Оның негізі мәні: аймақта АҚШ өзінің туын тікпейді және бұны ешкімге де жасауға мүмкіндік бермейді. Ұлттық стратегиялық зерттеу институтының маманы Юджин Румердің пікірінше, Орталық Азияға қатысты стратегиясында АҚШ үш мүмкін болатын рөлдерді ойнауы тиіс: шектелген серіктес, гегемон және қауіпсіздік саласындағы менеджер. АҚШ «қауіпсіздік саласындағы менеджер» рөлін таңдап, «гегемонға» айналуға тырыспай, Ресей, Қытай және Иранның мүдделерін ескере отырып, өз саясатын жүргізуі тиіс [1, с.6].
2001 жылғы 11-қыркүйек оқиғалары және АҚШ-тың Ауғаныстандағы лаңкестікке қарсы операциясынан кейін Қазақстан-АҚШ қарым-қатынастарындағы стратегиялық серіктестік жаңа кезеңге аяқ басты. 2001 жылғы желтоқсандағы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары барысында «Қазақстан-американ жаңа қатынастары туралы» Бірлескен мәлімдемеге қол қойылды. Мәлімдемеде, ғаламдық экономика мен демократиялық мемлекеттер қоғамдастығына енетін ХХІ ғасырда бейбіт, өсіп-өркендеген және егеменді Қазақстанның жалпы бейнесіне қол жеткізу мақсатында ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестікке өзара адалдылық аталып өтілді [2, с.107].
Біздің еліміз халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде АҚШ-тың маңызды одақтасы болып табылады. Бұл ретте, ең алдымен, біздің еліміздің Ауғанстан мен Иракты тұрақтандыру мәселесіне қосқан үлесін атап өткен жөн. Қазақстан халықаралық сахнадағы және аймақтағы өзгерген жағдайға байланысты, мемлекеттің қауіпсіздігін нығайтуға, ішкісаяси жағдайға сырттай ықпал етуге және елдегі саяси тұрақтылықты бұзуға бағытталған әрекеттердің алдын алуға маңызды орын бөледі. Ауғаныстандағы операциялар жүргізіп жатқан халықаралық бітімгершілік күштер үшін еліміздің әуе кеңістігін және БҰҰ гуманитарлық миссиялары үшін әуежайларды ашу туралы шешімдер Қазақстан және АҚШ әскери-саяси ынтымақтастығының арта түскендігін көрсетеді.
Екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастардың жаңа кезеңі АҚШ жаңа әкімшілігінің демократияландыру үрдістеріне ерекше назар аударуымен сипатталады. Американ логикасы бойынша демократияландыру ішкі тұрақтылықтың ғана емес, сонымен бірге ислам радикализмінің таралуына қарсы кепілдік бола алады. 2001 жылдың 11-қыркүйегіне дейін саяси жүйені демократияландыру мен реформалау дәрежесі, азаматтық қоғамды қалыптастыру үрдісі американ саясаткерлері тарапынан басымдылық ретінде жарияланса да, іс жүзінде демократияландыру үрдісі тек Американың әлемдік лаңкестікке қарсы соғысты жариялауынан кейін ғана өзекті мәселеге айналды. Бұған тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарын, саяси партиялардың дамуын, діни еркіндікті, білім беру мен салауатты өмір салтын қолдауға және қаржыландыруға бағытталған АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің бағдарламасы дәлел бола алады.
Стратегиялық мүдделерді басшылыққа алып отырған біздің еліміздің саясаткерлері АҚШ-ты Орталық Азиядағы қауіпсіздіктің маңызды элементі екендігін мойындап отырғанын және соңғы жылдары Қазақстан-Америка өзара ықпалдастығы сапалық жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтуге болады.
АҚШ Қазақстанды Орталық Азиядағы аймақтық көшбасшы және АҚШ-тың ең сенімді де, болашағы зор әріптесі ретінде танып отыр. АҚШ Президенті Джордж Буштың Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жолдауында атап өтілгеніндей, “Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуі аймақтың басқа елдері үшін модель болып табылады” [3, с.608]. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы К.Райстың 2005 жылғы Астанаға сапары кезінде Қазақстанның “Орталық Азияда көрші елдерге экономикалық тұрғыдан әлдеқайда ашық, саяси тұрғыдан әлдеқайда тұрақты болуға көмектесе отырып, шешуші рөл атқаруға” барлық қажетті құрамдастары бар екенін атап көрсеткен болатын.
Еліміздегі саяси орнықтылық, жоғары экономикалық даму және қолайлы инвестициялық ахуал сияқты жағдайлар АҚШ-қа елімізді Орталық Азия аймағындағы америкалық бизнесті енгізуге платформа ретінде қарастыруға мүмкіндік туғызды.
Республикамыздың сыртқы саясатындағы екіжақты қатынастарда Америка бағытына басымдық беріледі. Құрама Штаттардың экономикалық, ғылыми және технологиялық потенциалы еліміздің бәсекеге қабілетті әлемнің 50 елінің қатарына енуіне ықпал етуі мүмкін. АҚШ-тың вице-президенті Р. Чейнидің елімізге ресми сапары кезінде «Қазақстанның экономикалық та, саяси да салаларда дамуына себептесетін барлық бағытымен ынтымақтасуға дайынбыз» деп айтқан болатын [4].
Қазақстан үшін АҚШ-пен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту сыртқы саясаттағы басым бағыттардың бірі болып табылады. Атап айтқанда, АҚШ-пен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту республиканың тұрақты да, өскелең де дамуына себептесетін факторлардың бірінен саналады. Мұны Қазақстан экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ауқымындағы АҚШ-тың үлесі 30 пайыз шамасын – 12 млрд. доллардан астамды құрайтыны да дәлел бола алады.
Қорғаныс пен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықта Қазақстандағы әскери реформаларды қолдау бойынша қорғаныс ресурстарын басқару, шетелдік әскери қаржыландыру жөніндегі бағдарлама (FMF) мен Орталық Азиядағы қауіпсіздік бастамасы (САSІ) шеңберінде қаржылық көмекті ұлғайту бойынша бірқатар шаралар жүзеге асырыла бастады. Қазақстан-Америка әскери ынтымақтастығы бес жылдық Жоспар негізінде жүзеге асырылуда және нақты сипат алған. Бұл жоспар аясында әскери мамандарды даярлау, лаңкестікке қарсы күрес және т.б. бойынша кең ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. Сондықтан бұл саладағы ынтымақтастық екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің ажырамас құраушысы болып табылады.
Энергетикалық саладағы ынтымақтастық өте маңызды болып табылады. Каспий бассейні қорларының 75 пайызын және дүниежүзілік мұнай қорларының 2 пайызға дейін мөлшерін құрайтын 10-17 млрд. баррел шегінде дәлелденген мұнай қорларын иемденіп отырған Қазақстан, АҚШ мүдделерінің ауқымынан шығуы мүмкін емес. Каспий энергетикалық жобаларының ауқымы кең, онда әлемнің түрлі елдерінің ең ірі компаниялары қатысуда, соның ішінде американдықтар да бар. Бұдан бөлек, іскерлік топтар арасында АҚШ энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қазақстандық мұнай орасан зор рөл атқарады деген пікір айтылуда. Сондықтан АҚШ-пен энергетикалық қарым-қатынас Қазақстанның мұнай-газ секторын дамытудың маңызды факторы болып табылады.
АҚШ дүниежүзілік энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында Қазақстанға ерекше мән береді. Осыны негізге ала отырып, бүгінгі таңдағы АҚШ-пен энергетикалық әріптестіктің, атап айтқанда, Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымындағы және мұнай-газ секторының сервистік қызмет мәселелеріндегі ықпалдастықты дамыту жаңа кезеңдегі бастама деп санауға болады. АҚШ біздің еліміз жүргізіп отырған мұнай мен газдың көп арналы экспорттық бағыттарын дамыту саясатын қолдайтындығын атап өту қажет. Американдық компаниялардың Баку-Тбилиси-Жейһан мұнай құбыры жобасына қатысуына АҚШ-тың белсенді қолдау білдіруі соның дәлелі болып табылады.
Қазіргі замандағы мұнай мен саясаттың тығыз байланыста болуы американдық сыртқы саясатта мұнай мәселесінің, соның ішінде Қазақстанмен қатынастарының басымдылығын белгілейді.
АҚШ-тың әлемдік экономикадағы көшбасшылық тұғырға, ең алдымен, американ үкіметінің соңғы елу жыл бойына ғылым мен білім секторына ауқымды инвестициялар салу нәтижесінде қол жеткізгені баршаға мәлім. Сарапшылардың мәліметтері бойынша, АҚШ-тың Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған кезден бергі экономикалық өсімінің үштен бірі нақ осы серпінді секірістік технологиялар арқасында жүзеге асқан. Осы заманғы экономика жағдайында инновацияларды ендіру мен экономикалық өсудің арасындағы өзара байланыс бұрынғыдан да қауырт жеделдікпен ұлғая түсуде. Осыған байланысты 2006 жылдың басындағы АҚШ Президенті Дж.Буш “Америкалық бәсекеге қабілеттілік саласындағы бастама” ұсынды, оның негізгі мақсаты американ ұлтының инновациялық әлеуетін өсіру болып табылады [5, с.8]. Сондықтан біздің еліміз үшін АҚШ-пен ынтымақтастық осы заманғы ғылыми-техникалық жаңалықтарға қол жеткізу тұрғысынан да үлкен мүмкіндіктер туғызады.
Қазіргі таңда Н.Назарбаевтың «Хьюстон бастамасы» ретінде белгілі Экономикалық даму жөніндегі Қазақстан – Америка бағдарламасының жалпы бюджеті төрт жылдық кезеңге арналған 40 млн. АҚШ долларын құрайды және ол қаржы және инвестициялар, адами капиталды дамыту, кәсіпкерліктің және бәсекеге қабілеттіліктің өсуі, инвестициялық ахуалды жақсарту және жаһандық ықпалдасу сияқты құрауыштардан тұрады.
Аталған бағдарламаны Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттарының үкіметтері бірлесіп қаржыландыратын болады [6].