Мемлекеттік билік жүйесіндегі Парламент

Автор: Пользователь скрыл имя, 26 Февраля 2013 в 07:36, реферат

Описание работы

Халықтық демократияны білдіру нысаны ретіндегі өкілді билік қазақстандық қоғамға ежелден тән. Ол қалыптасқан саяси жүйеге байланысты өзгеріп отырды.
Қабылданған заңдардың тиімділігі артып, сапасы едәуір жақсарды. Осының бәрі ынтымақтастықтың арқасы, Парламент қатарында жеті рет өлшеп, бір кесетін депутаттар санының көбейгендігінің белгісі деп білемін.
Қазақстанның нарықтық қайта құрулар жолындағы бүгіндері қол жеткізген табыстары, экономикалық ілгерілеу және халықтың тұрмыс деңгейінің өсуі баршаға мәлім, оны дүниежүзілік қоғамдастық та мойындап отыр. Мемлекет әлеуметтік-экономикалық, ішкі саяси тұрақтылықты, ұлттық қауіпсіздікті нығайту, қоғамды демократияландыру, өңірлік ынтымақтастықты дамыту жөнінде дәйекті шаралар қабылдауда.
Көптеген мемлекетпен салыстырғанда біздің Парламентіміз үлкен өмірге енді ғана аяқ басқан бозбала секілді. Алайда, сол жастығымызды біздің игілігіміз деп білгеніміз жөн. Біздің жастығымыз – ғұмырлы да жарқын болашағымыздың кепілі. Біз – келешегі зор, әрі жас, әрі жігерлі мемлекеттің заң шығарушы органымыз.
Сонымен менің семестрлік жұмысымның мақсаты екі палатлы парламенттік жүйе қалыптасқалы 17 жылдың ішінде атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен жетістіктеріне тоқталып, қазіргі күнгі мен өткенді салыстырып өту.

Содержание

Кіріспе...................................................................................................................3
ІІ.Негізгі бөлім:
1.Қазақстан Республикасының Парламенті...............................................4
2. Қазақстан Парламентінің Сенаты............................................................7
3. Қазақстан Парламентінің Мәжілісі.........................................................8
4. Қазақстандағы парламентаризмнің даму тарихы................................ ..9
ІІІ.Қорытынды.......................................................................................................21
IV.Қолданылған әдебиеттер.................................................................................22

Работа содержит 1 файл

Саясаттану №2 сем.docx

— 49.15 Кб (Скачать)

Он екінші сайланған Жоғарғы  Кеңес Қазақстан парламентаризмінің қалыптасу тарихында ерекше рөл  атқарды. Бұл бірқатар аса маңызды  құқықтық актілердің қабылдануында, мемлекеттің 90-шы жылдардағы саясатын заңнамалық жағынан  қамтамасыз етуде көрініс тапты.

«Қазақ КСР Президенті қызметін тағайындау және Қазақ КСР  Конституциясына (Негізгі Заңына) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 1990 жылғы 24 сәуірдегі Қазақ КСР-інің Заңымен Қазақ КСР Президентінің қызметі тағайындалып, еліміздің алғашқы Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды.

1990 жылғы 25 қазанда Қазақ  КСР-інің Жоғарғы Кеңесі  «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияны қабылдады, онда тұңғыш рет  аумақтың бөлінбейтіндігі және оған қол сұғылмайтындығы бекітіліп, еліміз халықаралық құқық субъектісі ретінде айқындалды, азаматтық институт, сондай-ақ меншік нысандарының тең құқылығы енгізілді.

1991 жылғы тамыз бен  желтоқсандағы оқиғалар – Мәскеуде  іске аспай қалған бүлік және  Беловежск келісімдері КСРО тарихының  соңғы нүктесін қойып, 1991 жылғы  16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының  Жоғарғы Кеңесі Қазақстан Республикасының  мемлекеттік тәуелсіздігін жария  етті.

Он екінші сайланған Жоғарғы  Кеңес ымыраға келу жөніндегі  екі жылдық ізденістерден кейін 1993 жылғы 28 қаңтарда Республика егемендігінің  қалыптасуын заң жүзінде аяқтаған  және шынайы конституционализмнің орнығуын жалғастырған Қазақстанның кеңестен кейінгі алғашқы Конституциясын қабылдады. Соның негізінде республикада ұлттық қауіпсіздікті, азаматтық құқықтар мен бостандықтардың нақты кепілдіктерін, демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құруды қамтамасыз етудің  жаңа сапалы кезеңіне көшу басталды.

1993 жылғы Конституция,  бір партиялық саяси басқарудан, монополиялық экономикалық жүйеден,  тарихи күш көрсету идеологиясынан  бас тартып, Қазақстан қоғамы  дамуының  оң серпіні үшін өріс ашты. 

Әлеуметтік бағдарланған нарықтық экономикаға көшудің өтпелі кезеңінде Негізгі Заң Республиканы дүниежүзілік қоғамдастықтағы тәуелсіз мемлекет ретінде заңдастырды.  1993 жылғы Конституция Қазақстан өзін қазіргі заманғы өркениеттің құрамдас бөлігі ретінде білдіреді, ол тату көршілік пен көптарапты әрі өзара тиімді ынтымақтастықты қалайды, жалпы адамзаттық құндылықтардың жолын ұстанады деп жария етті. 

Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясында, бұрынғысындағыдай, Жоғарғы Кеңеске өте көп өкілдік  берілді, бұл биліктің бөліну принципін  жүзеге асыру мен тежемелік әрі  тепе-теңдік жүйесін құруды қиындатып  жіберді. Реформалардың одан әрі  жүргізілуі республикалық билік  органдарының, бірінші кезекте,  өкілді органдардың тиімсіздігін анықтады, өйткені олар жедел өзгеріп жатқан оқиғаларға шұғыл түрде әсер ете алмады және осыған орай баламалы шешімдер қабылдауға дәрменсіз болды. Он екінші сайланған Жоғарғы Кеңестің тұрақты негізде істеген жекелеген органдарының жұмыс нәтижелері де кәсіби Парламент құрудың қажеттігін дәлелдеді. Тежемелілік пен тепе-теңдік тетіктерінің жұмыс істемеуі Жоғарғы Кеңеске Үкіметтің қызметіне араласуына немесе оны ауыстыруға дейін баруына мүмкіндік берді, бұл республиканың өкілді органының қызметін мерзімінен бұрын тоқтатуға әкеп соқты. 

Он екінші сайланған Жоғарғы  Кеңестің өзін-өзі таратуы биліктің жергілікті өкілді органдарының өкілеттіктерін   тоқтатуынан басталды. Алдымен Алматы қаласының Алатау аудандық Кеңесі, ал содан кейін республиканың аудандық және облыстық Кеңестері бірінен соң бірі өз сессияларында өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұған қоса, 43 халық депутаты өкілеттіктерін тоқтатқаны туралы мәлімдеме жасап, әріптестерін өздерінің жолына түсуге шақырды.  Он екінші сайланған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 11-сессиясының  жұмысы аяқталар қарсаңында жергілікті Кеңестердің төрттен бірінен астамы өз жұмысын тоқтатты. Осындай жағдайда халық қалаулылары Парламент қабырғасында өткізген ұзақ пікірсайыстардан кейін Сайлау туралы кодекс, Республика Президентi мен жергiлiктi әкiмдерге уақытша қосымша өкiлеттiктер беру туралы заң және Жоғарғы Кеңестің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы заң қабылдады. Республиканың жоғары өкілді органының соңғы екі заңнамалық актіні қабылдауының маңызы іс жүзінде Конституцияға түзетулер енгізумен бірдей болды.

1994 жылғы 7 наурызда өткен  сайлау республикада көп партиялылықтың  қалыптасуына ықпал етті. Сайлауға  сайлаушылардың 73,84 проценті қатысты.  Небары 135 бір мандатты округтер  бойынша 910 адам ұсынылып, тіркеу  шарттарына 692 адам лайық болды,  орташа алғанда – 5 үміткер  бір депутаттық мандат үшін  күресті.

Уақытша регламентке сәйкес партиялар өкілдіктері негізінде  Жоғарғы Кеңесте мынадай фракциялар құрылды: Қазақстан Халық Бірлігі  Одағы (ҚХБО – 32 адам), Қазақстан Халық  Конгресі партиясы (ҚХК – 22 адам), Социалистік  партия (12 адам) және Кәсіподақтар федерациясы (12 адам), сондай-ақ, негізінен кәсіби белгісі бойынша қалыптасқан 14 депутаттық топ болды. Қазақстан тарихында  тұңғыш рет саяси партиялар мен  қозғалыстар биліктің нақты тұтқаларына  қол жеткізіп, мемлекеттік бағдарламалардың қалыптасуына және қабылдануына ықпал  ету мүмкіндігін алды.

1994-1995 жылдар кезеңі қазақстандық  парламентаризмнің қалыптасуындағы  төтенше маңызды кезең болып  табылады. 1994 жылғы сәуір – 1995 жылғы наурыз аралығында жұмыс  істеген он үшінші сайланған  Жоғарғы Кеңес депутаттар тұрақты  негізде жұмыс істеген Қазақстанның  тұңғыш кәсіби парламенті болды.

Алайда он үшінші сайланған  Жоғарғы Кеңестің тағдыры өте  қиындау болып шықты. Ол өз құқығына билік тармақтарын бөлу тетігі логикалық  тұрғыдан аяқталуға дейін жеткізілмеген, биліктің тежемелілігі мен тепе-теңдік жүйесі нақты мазмұнмен толықтырылмаған, Жоғарғы Кеңестің, Президенттің және Үкіметтің мәртебесі аяғына дейін  айқындалмаған мемлекеттік құрылыстың ең бір күрделі кезеңінде кіріскен еді.

Сонымен бірге он үшінші сайланған Жоғарғы Кеңестің Қазақстанда  парламентаризмнің одан әрі дамуына  алғышарттар негізін салғанын мойындаған жөн.  Он үшінші сайланған Жоғарғы Кеңестің Төрағасы Ә. Кекілбаев: «Кәсіби Парламенттің құрылуын, абзалы, ешбір қиналыссыз биылғы жылдың қоғамдық-саяси өміріндегі ең бір ірі оқиға деп атауға болатын шығар. Оның жұмысының басталуы жаңа мемлекеттілік пен демократияның қаз тұруындағы елеулі кезеңдердің бірі ретінде Қазақстанның тарихи күнтізбесіне кіретіні шүбәсіз... Кәсіби Парламент бізде ешқашан болған емес және біз сынап көрулер және қателіктер әдісімен жұмыс істеуге мәжбүр болдық... Жаңа мәртебе иеленген Жоғарғы Кеңес өкілеттіктерінің айқындалуы біртіндеп жүріп жатыр».

Он үшінші сайланған Жоғарғы  Кеңес бір жылдан сәл азырақ жұмыс  істеп, заңсыз деп танылды, өйткені  Конституциялық сот сайлау заңнамасының кейбір нормалары Конституцияға  сәйкес келмейді деп таныды, депутаттарды сайлау соған сәйкес жүргізілген  еді.

Ескі және жаңа саяси құрылыстың өзіндік тұрғыда ымыраға келуінің, ғасырлар бойы құрылған батыс демократиясының  үлгісін кеңестен кейінгі кеңістікте енгізуге тырысудың көрінісі болған 1993 жылғы Қазақстан Республикасының  Конституциясы әуелбастан-ақ қайшылыққа толы еді.

1995 жылғы 30 тамызда жүргізілген  референдумның нәтижесінде бұрынғы  мемлекеттік құрылыстың кемшіліктерін  жойған Қазақстан Республикасының  жаңа Конституциясы қабылданды.

Жаңа Конституцияның жобасы жұртшылық арасында кеңінен талқыланды. Азаматтар 30 мыңға жуық ұсыныстар  енгізді, ал Қазақстан Республикасы Президентінің басшылығымен құрылған арнаулы сарапшылық-консультациялық  кеңес оларды зерделеді. Мәтінді  пысықтау кезінде мыңнан астам түзету ескерілді, осының нәтижесінде Конституция  жобасының 99 бабының 55-і елеулі өзгерістерге ұшырады.

1995 жылғы 30 тамызда референдумға  қатысқан халықтың 81,9 проценті жаңа  Негізгі Заңды қабылдауды жақтады.

Республика Конституциясы  заң шығарушы, атқарушы және сот  тармақтарының тұрақтылығын, тиімді жұмыс істеуін және өзара іс-қимылын  қамтамасыз ететін билікті бөлу принципін  жай ғана жариялап қойған жоқ –  онда тежемелілік пен тепе-теңдіктің  нақты жүйесі баянды етілді. Негізгі  Заң адамның жоғары құндылықтары ретінде оның өмірін, құқықтары мен  бостандықтарын бекітті.

Мемлекеттік билікті бөлудің  принциптері оның бірлігіне қайшы  келмейді, оның тармақтарының келісілген өзара іс-қимылын, бүкіл биліктің олардың біреуінде толық шоғырлану  мүмкіндігі болмауын көздейді. Бірыңғай мемлекеттік билік тармақтарының  диалектикалық өзара іс-қимылы осыдан көрінеді. Ал биліктің тежемелілігі мен  тепе-теңдік тетігі елдегі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Қазақстанды президенттік республика деп жариялаған 1995 жылғы  Конституция, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы», «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы»  Конституциялық заңдар биліктің әрбір тармағының мәртебесі мен функциясын реттеді.

1995 жылғы Қазақстан Республикасының  Конституциясында Парламенттің  заң шығару функциясын жүзеге  асыратын Республиканың жоғары  өкілді органы болып табылатыны  бекітілген.

Парламент тұрақты негiзде  жұмыс iстейтiн екi Палатадан: Сенаттан және Мәжiлiстен тұрады.

Сенат әр облыстан, республикалық  маңызы бар қаладан және Қазақстан  Республикасының астанасынан екi адамнан, тиiсiнше облыстың, республикалық  маңызы бар қаланың және республика астанасының барлық өкiлдi органдары  депутаттарының бiрлескен отырысында сайланатын депутаттардан құралады. Сенаттың жетi депутатын Сенат өкiлеттiгi мерзiмiне Республика Президентi тағайындайды. 

Мәжiлiс жетпiс жетi депутаттан тұрады. Алпыс жетi депутат республиканың  әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiсi ескерiле отырып құрылатын және шамамен сайлаушылардың саны тең бiр мандатты аумақтық сайлау округтерi бойынша сайланады. Он депутат  бара-бар өкiлдiк жүйесi бойынша  және бiртұтас жалпыұлттық сайлау округiнiң  аумағы бойынша партиялық тiзiмдер негiзiнде сайланады. 

Сенат депутаттарының өкiлеттiк  мерзiмi - алты жыл, Мәжiлiс депутаттарының өкiлеттiк мерзiмi - бес жыл.

1995 жылғы 30 тамызда жалпы  халықтық референдумда қабылданған  Қазақстан Республикасының Конституциясында  «Парламент» ұғымы алғаш рет  ресми түрде бекітілді. Осыдан  кейін ғана ел Президенті Н.Ә.Назарбаев  «Қазақстан Республикасындағы сайлау  туралы» Констициялық заң күші  бар Жарлыққа қол қойды, оған  сәйкес қос палаталы Парламентке  депутаттарды сайлау процесі  1995 жылдың соңында өткізілді.  

 

БІРІНШІ САЙЛАНҒАН ҚАЗАҚСТАН  РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПАРЛАМЕНТІ: 1996-1999 жылдар 

Бірінші сайланған Парламент  Сенаты мен Мәжілісінің сайлауы 1995 жылғы желтоқсанда өтті.

Сенатқа 40 депутат – 19 облыстан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі-екі адамнан сайланды. Сенаттың жеті депутатын Қазақстан Республикасының Президенті тағайындады.

Депутаттардың көпшілігі  сайланғанға дейін басшы қызметтерде  істеген, олардың ғылыми-педагогикалық, ғылыми-зерттеушілік және шығармашылық қызмет тәжірибесі, кәсіподақ және қоғамдық ұйымдардағы, кәсіпкерлік, өндірістік және әлеуметтік салалардағы жұмыс  тәжірибесі болды. Сенат депутаттарының арасында 4 әйел, 60 жастан асқан 4 адам болды. Барлық депутаттар жоғары білімі бар  дипломды мамандар болды. Олардың ішінде 10-ы – заңгерлер, 10-ы – экономистер, 9-ы – инженерлер,  8-і – ауыл шаруашылығы мамандары.

Депутаттық корпустың  құрамында 4 ғылым докторы, 11 ғылым  кандидаты жұмыс істеді. Көптеген депутаттар бұрын заң шығарушы органдарға сайланған еді, олардың арасында Қазақ КСР, КСРО халық депутаттары, кәсіби заң шығару қызметінде тәжірибесі бар, он екінші және он үшінші сайланған  Қазақстан Республикасы Жоғарғы  Кеңесінің депутаттары болды.

1996 жылғы 30 қаңтарда Қазақстан  Республикасы Парламенті Сенатының  бірінші отырысында Қазақстан  Республикасы Президентінің ұсынуы  бойынша Өмірбек БАЙГЕЛДИ Сенаттың  Төрағасы болып сайланды.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабына, «Қазақстан Республикасындағы  сайлау туралы» Конституциялық заңның 69-бабына сәйкес және екі жылға сайланған  Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары өкілеттіктерінің конституциялық мерзімінің аяқталуына орай 1997 жылғы 8 қазанда  Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына депутаттарды 4 жылға сайлау өтті. Бес облыстың таратылуына байланысты сайлау Республиканың  14 облысы мен Алматы қаласы бойынша өтті. Нәтижесінде Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына 15 депутат сайланды. Олардың ішінде 11-і бұрын Сенат депутаттары болса, 4-і – алғаш рет сайланды.

Ақмола қаласының Қазақстан  Республикасының астанасы болып  жариялануына байланысты 1998 жылғы 11 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламентінің  Сенатына Ақмола қаласы бойынша депутаттарды сайлау өтті. Сенат құрамына екі  депутат сайланды.

Қазақстан Республикасы Парламентінің  Мәжілісіне сайлау 1995 жылы 9 желтоқсанда  болды. 67 депутат сайланды. Мәжіліс  сайлауының нәтижелері бойынша ерлер  басым-58, әйелдер-9 депутат болды. Палатаның  барлық депутаттары жоғары білімді, оның ішінде 7-і ғылым докторы, 10-ы  ғылым кандидаты.

Сайланған депутаттардың  арасында жергілікті атқару органдарының және мәслихаттың басшылары мен  қызметкерлері көбірек болды - олар 19 адам. Әрбір бесінші депутат  кәсіпорынның, қауымдастықтың, фирманың, қордың және басқа құрылымдардың  басшылары болып жұмыс істеген. 9 депутат ғылым, жоғары оқу орындары қызметкерлері, мұғалім болған. Әрбір  оныншы депутат Президент Әкімшілігінің, министрліктер мен республикалық  комитеттердің қызметкерлері болды. 4 депутат уақытша жұмыс істемеген. Аграрлық салада – 11 депутат, мәдениет саласында 3 депутат жұмыс істеген. Құқық қорғау органдарының қызметкері және инженер-экономист болып  әрқайсысында екі-екі депутат қызмет істеген. Бір депутат – заңгер, біреуі әскери қызметші және біреуі зейнеткер болған.

1996 жылғы 30 қаңтарда бірінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бірінші отырысында Мәжіліс Төрағасы болып Марат Тұрдыбекұлы ОСПАНОВ сайланды. 

Информация о работе Мемлекеттік билік жүйесіндегі Парламент