Жоспары:
Кіріспе
Негізгі бөлім:
- Фейербах философиясы
- Фейербах философиясындағы адам мәселесі
Қорытынды
Пайдаланған әдебиеттер
Кіріспе
Немiс халқының рухы тудырған
ХУIII- ХIХ ғғ философияға уақытында
Ф.Энгельс “немiс классикалық
философиясы² деген ат қойған болатын. Мұның
өзiнен бiз өте биiк бағаны, деңгейдi сезiнемiз,
өйткенi, “классика² деп адамзат тарихындағы қоғамның
қайсыбiр саласындағы мәңгi өшпес жетiстiктердi
айтамыз. Мысалы, қазақ халқының рухани
өмiрiнде, өнерiнде классикалық орын алатын
- ол Аль-Фараби, Абай, Құрманғазы, М.Ауезов
т.с.с. ғұламалар. Олар тек қана қазақ халқына
емес, бүкiл адамзат тарихына өзiнiң өшпес
iзiн қалдырған тұлғалар.
Ал немiс классикалық
философиясының өкiлдерiне келер
болсақ - И.Кант, Г.Гегель, И.Фихте, Ф.Шеллинг,
Л.Фейербах сияқты ғұламалардың
атын, шығармашылық еңбектерiн бүгiнгi
барлық елдердегi ағарған қауым
бiледi.
Әңгiменiң қызығы -
өз заманының ең биiк деңгейiне
көтерiлген немiс философиясы
сол кездегi басқа Еуропа елдерiне
қарағанда әлеуметтiк-экономикалық
жағдайы анағұрлым артта қалып
қойған елде пайда болады. Мұның
өзi қоғамның материалдық дамуы
мен оның рухани деңгейi әрқашанда
бiр-бiрiне сәйкес келе бермейтiнiн
көрсетедi.
Сол кездегi немiс
елi жүздеген кiшi-гiрiм мемлекеттерден
тұрған болатын. Бұл елдердегi
әрбiр князь, граф, герцог өзiн
ағарған дана елбасы ретiнде
көрсеткiсi келiп, ұлы ойшыл,
жазушы, суреткер, әуеншi т.с.с. адамдарды
өздерiне тартып, олардың өмiрге
керек қаражаттарын өз мойындарына
алып, шығармашылық еңбекпен айналысуға
мүмкiншiлiк жасады. Уақытында Ф.Ницше
айтқандай, шығармашылықпен айналысуға,
бiрiншiден, бос уақыт, екiншiден,
адам күнбе-күнгi материалдық мұқтаждықтардан
құтылуы қажет.
Әрине, бұл ойшылдардың
көбi өз заманындағы алпауыттардан
тәуелдi болды. Бiрақ, соған қарамастан,
олар өздерiнiң философиясында, астыртын
түрде болса да, сол кездегi халықтың
аянышты жағдайына қарсы шығып,
адам рухани пәнде ретiнде жағалай
ортаны өзгерте алатындығы және
өзгерту керектiгi жөнiнде тамаша
ойларды философияға еңгiздi. Ол
үшiн олар философияға диалектиканы,
яғни даму тұжырымдамаларын өмiрге
еңгiздi.
Фейербахтың философиялық
антропологиясы
Людвиг Фейербах (1804-1872ж.ж.)
– немiс классикалық философиясының
соңғы өкiлi. И.Канттан бастап Гегельге
дейiн немiс философиясының өкiлдерi
идеалистiк бағыт ұстағанын жоғарыда
байқадық. Л.Фейербах та өз жолын
осы бағытта бастап, 1823 ж. Гейдельберг
университетiнiң теология (дiн зерттеу)
факультетiне оқуға түседi. Бiрақ
тез арада ондағы дәрiске қанағаттанбай,
Берлин университетiне ауысып, Гегельдiң
лекцияларын тыңдайды. 1828 ж Эрланген
университетiнде диссертация қорғап,
содан кейiн осы оқу орнында
приват-доценттiк жұмыс атқарады.
Осы уақыттан бастап Фейербах
бiрте-бiрте гегельдiк көзқарастан
ауытқып, материалистiк бағытқа
қарай бетбұрыс жасайды. Соның
нәтижесiнде ол анонимдi (өз атын
атамай) түрде 1830 ж. "Өлiм және
өлместiк жөнiндегi ойлар"
деген еңбегiн жарыққа шығарып,
онда жанның өлместiгi жөнiндегi
дiни қағидаға қарсы шығады. Ол
кiтап дереу тәлкiленiп, Фейербах
жұмыстан қуылады. Жұмыссыз қалған
ойшыл 1836 ж. кедейленген дворян
жан-ұясынан шыққан қызға үйленiп,
сонымен бiрге Брукберг деген
ауылдық жерге қоныс аударып,
сол жерде 25 жыл бойы ешқайда
шықпай өмiр сүредi. Түске дейiн
ағаш жарып, я болмаса шөп
шауып, түс ауа ғылыми жұмыстарымен
айналысады. "Христиандықтың мәнi"
атты негiзгi еңбегi осы жерде
жазылып бiтедi. Осы кезден бастап
ол үзiлдi-кесiлдi материалистiк атеистiк
бағытқа көшедi. Өмiрiнiң соңында
өте үлкен мұқтаждықтарды көрiп,
1872 ж. дүниеден өтедi. Нюрнберг
қаласында жерленген. 60 ж. кейiн
iзбасарлары оның қабырына құлпытас
орнатып, оған Фейербахтың өзi
жазған "Адам Құдайды өз бейнесiне
ұқсастырып жасады", "Адамды
сүйiп оған жақсылық жаса" деген
сөздерiн эпитафия ретiнде жазды.
Гегельдiң
философиясының алғашқы негiздерiн
зерттей келе Фейербах оның
түп-тамырының теологияға кететiнiн
айқын көрсетедi. Фейербахтың ойынша,
қайсыбiр идеализм, соның iшiнде
Гегельдiң философиялық жүйесi
де, дүниеге деген нәзiктелген
дiни көзқарас. Табиғаттың алдында
өмiр сүрiп жатқан логикалық
категориялар жөнiндегi Гегельдiң
iлiмi басқаша сөздермен айтылған
Дүниенi Жаратушы идеясы. Ойлауға
қабiлетi бар пәнделерден басқа
материадан тыс өмiр сүрiп жатқан
таза ойлау ешжерде жоқ. Материя
рухтан шықпайды, керiсiнше, материя
рухты тудырады. Адамның ойлау
қабiлетi – ол қандай ғажап
болса да – мидың қызметiнен
туады. "Табиғат тек қана асқазан
шеберханасын жасап қана қоймай,
сонымен қатар мидың әсем сарайын
орнатты. Табиғат рухтың, бейсаналық
- саналықтың, беймақсаттық мақсаттылықтың
алдында өмiр сүредi". Фейербахтың ойынша,
рух дегенiмiз – ол iс-әрекеттегi адамның
қабiлетi, қасиетi. Денеден бөлiп алып, адамның
шектелген және соңы бар өмiрiнен босатып
қаралған рух Құдайға айналады. Мән дегенiмiз
– ол ұғым ғана, оны адамның денесiн құрастыратын
сүйектерiмен салыстыруға болады. Бiрақ
тiрi адамның денесi, етi мен қаны да бар.
Бiрақ, Гегельдiң философиясы тек өлiмтiктi
жеп қоректенетiн қорқау сияқты Дүниенiң
қаңқасымен ғана қанағаттанады.
Олай болса,
философия өзiнiң қайнар көзiн
болмыс ұғымынан емес, нақ болмыстың
өзiнен бастауы қажет. Онда
бiз заңды түрде жалпылықтан
емес жалқылықтан бүкiл философиялық
ұғымдарды шығаруымыз керек. Өйткенi,
қайсыбiр болмыс – ол нақтылы
болмыс – дүниеде болып жатқан
"бiрдеңе", "мынау", "анау".
Болмыс жалқылық пен жекелiктен
тұрса, ойлау – жалпылықты
тудырады.
Таным мәселесiн
қарай келе, Фейербах агностицизмдi
қатты сынға алады. Оның ойынша,
түйсiктер бiздi Дүниеден алшақтатпайды,
керiсiнше, бiздi онымен байланыстырады.
Ол сыртқы Дүниенiң бейнесi. Бұл
жерде ол дiни терминдi қолданып
оны "Евангелие" (яғни "Iзгi хабар")
ретiнде түсiнедi. Түйсiктер арқылы
бiз Дүние жөнiнде хабардар
боламыз.
Фейербах Дүниенiң
көптүрлiлiгiн мойындайды. Материяның
өмiр сүру формасы –ол қозғалыс,
ал ол қажеттi түрде кеңiстiк
пен уақытты талап етедi. Олай
болса, олар болмыстың өмiр
сүруiнiң негiзгi жағдайлары. Табиғаттың
өзiнiң себебi өзiнде, оны ешкiм
тудырған жоқ, ол мәңгiлiк өмiр
сүредi. Табиғат пен қоғамнан тыс
ешкiм және ешнәрсе жоқ. Табиғатта
ақыл-ой жоқ, ол адам арқылы
ғана ақыл-ойға ие болады. Адам
арқылы ғана ол өзiн-өзi түсiну
дәрежесiне көтерiледi. Тек адам
ғана өзiнiң iс-әрекет жасау
негiзiнде табиғатты қайта өзгертiп,
өзiнiң санасын табиғатқа таңады.
Олай болса, рух
дегенiмiз ол тiрi пәнде –
адамның қасиетi, ойлау мүшесi
– ми – адамның денесiне
жатады. Сондықтан, адамды Құдай
жаратты деген жалған аңыз
Құдайдың өзiн адам тудырды
деген шынайы бiлiмге негiзделген
қағидаға ауыстырылуы керек.
Осы мақсатты өз
алдына қойып, оны өмiрге еңгiзу
жолында Фейербах қажымай-талмай
батыл жұмыс жасады. Оның ойынша,
қалың бұқараның Құдайға сенуiнiң
қайнар-көзi адамның жан-дүниесiнiң
құпияларында жатыр. Солардың iшiндегi
ең негiзгiлерiнiң бiреуi – адамның
табиғаттың орасан-зор күштерiнен
қорқып соларға тәуелдi болуы. "үрей
құдайларды тудырды. Барлығын
билеп-төстейтiн бұл үрейдiң өзiн
кiм тудырды? Оны тудырған тiрi
пәнденiң бақытқа деген ұмтылысы,- деп
қорытады ол. Кахарлы я болмаса мейiрбанды
құдайлар адамдардың құмартуының тұңғиығы
мен шытырман қажеттiктерiнен шығады. Сонымен,
адамдардың сан-алуан мұқтаждықтары мен
содан шығатын тiлектерi – дiннiң дүниеге
келуiнiң әкесi. Ал сонда оның шешесi кiм?
Фейербахтың ойынша, ол адамның бақытқа
деген iңкәрiнен шығатын қиялдары, яғни
таным процесiндегi қиындықтарда жатыр.
"Адамның надандығының түбi және
қиялының шегi жоқ. Надандықтың арқасында
өзiнiң негiзiнен айырылған табиғат күштерi
шексiз қиялдауға қосылып Құдiреттi Құдайды
тудырады".
Сонымен
қатар, Фейербах дiннiң психологиялық
түп-тамырына да терең мiнездеме
бередi. Ол адамның өлместiкке
деген iңкәрi, соның себебiнде қайсыбiр
дiннiң "о дүние" жөнiндегi
ғажап қағидасына сенуi. "Адам
өзiнiң өмiрiнiң соңдығын, әлсiздiгiн,
шектелгенiн басқа ешнәрсеге қарағанда
өлiмнен қашып құтыла алмайтындығынан
ең терең сезiнiп тебiренедi",-
деп қорытады ұлы ойшыл.
Сонымен, дiн дегенiмiз құпияландырылған
қиялдың жемiсi болып шықты.
Фейербах дiннiң
ғасырлар бойы қалыптасқан екi
формасын көрсетедi. Бiрiншiсi –
ол мистификацияланған (құпияланған,
құдiреттелген) табиғат күштерi. Екiншiсi
– ол адамның өзiне ұқсайтын
Құдай идеясы. Ол жөнiнде Фейербах
былай дейдi: "Шексiз де құдiреттi
Құдайдың мәнi дегенiмiз – ол
адамның өзiнен бөлiп алынып
ерекше өмiр сүрiп жатқан сияқты
адамның рухани мәнiнiң өзi".
Сонымен қатар,
Фейербах христиан дiнiн езiлген
адамның рухани жұбатушысы ретiндегi
қызметiн көрсетiп, оны әшкерлейдi.
Оның ойынша, Құдайға сену –
дүниедегi залымдықты құртуға бағытталған
құралдар жөнiндегi ойларды шетке
шығарып тастайды. Адам бұл дүниеде
iске аспайтын ынталарына бола
iске асыра алатын тiлектерiн
аяққа басады. Олай болса, Фейербах
"мен құдайды терiстеймiн, олай
дегенiм – мен адамды терiстеудi
терiстеймiн",- деп Гегельдiң тiлiмен
оның iлiмiне қарсы шығады. Өйткенi,
о дүниенi терiстеу дегенiмiз бұл
дүниенi орнықтыру деген сөз. Жарқын
болашақ - ол сенiмге емес, адамның
өзiнiң борышына жатады.
Фейербах философиясындағы
адам мәселесі
Мiне, ендi бiз
Фейербахтың философиясының негiзгi
мәселесiне келiп тiрелдiк –
ол адам мәселесi. "Жаңа философия
адамды, және соның негiзi ретiндегi
табиғатты философияның ең негiзгi
универсалды пәнiне айналдырады".
Сондықтан бiз Фейербахтың iлiмiн
антропологиялық философия деймiз.
Ол адамды негiзiнен психо-физиологиялық
пәнде ретiнде қарайды. Фейербахты немiс
философтарының адамды тек қана рух ретiнде
түсiнуi қанағаттандырмайды. Оның ойынша,
адам бiр жағынан материалдық дене болатын
болса, екiншi жағынан - ойлайтын рух. Фейербах
көбiне адамның табиғи-биологиялық жақтарын
қайта орнына келтiруге тырысады. "Мен"
дегенiмiз – ол ойлайтын рух қана емес,
ол денесi мен ойлай алатын басы бар, нақтылы
кеңiстiк пен уақыттың шеңберiнде өмiр сүрiп
жатқан тiрi адамның өзi.
Фейербах адамның
негiзгi мiнездемесi ретiнде оның сезiмдiгiн
келтiредi. Гегельдiң ойлау мен
болмыстың теңдiгiне Фейербах
болмыс пен сезiмдiктiң теңдiгiн
қарсы қояды. Оның ойынша, тек
қана "сезiнетiн пәнде ғана шынайы
ақиқатты пәнде". Сезiмдiк болмыс
деп Фейербах бiздiң санамыздан
тәуелсiз өмiр сүрiп жатқан материалдық
дүниенi айтады. Олай айтқан себебi,
Дүниедегi материалдық заттар
мен құбылыстардың өзiндiк өмiрiне
Фейербах онша көп мән берген
жоқ, ол олардың бәрiн тек
қана адамға деген байланысы
арқылы қарады, соңғының өзi сезiмдiк
деректер арқылы адамға берiлетiнi
сөзсiз. Екiншiден, адамның өзiнiң
материалдығын, денелiгiн ойшыл
сезiмдiк арқылы түсiнедi. Адам
түйсiктерi мен сезiмдерiнiң өзi
оның материалдық дене екендiгiн
көрсететiн бiрде-бiр дәлелдеме.
Сонымен, "мен" –сезiмтал пәнде,
олай болса, дене –адамның
мәнiне толық түрде кiредi. Егер
табиғатты Фейербах өз болмысынан
өзiн айыра алмайды деп түсiнсе,
адам өзiнiң мәнiн болмыстан
айыра алатын пәнде.
Фейербахтың сезiмдiк
қағидасының гносеологиялық (танымдық)
жағы да бар. Жағалай қоршаған
ортаны танып-бiлу сезiмдiк қабылдау,
түйсiктер, аңлау арқылы жүредi. Оның
айтуынша, тек сезiмдiк аңлаумен
анықталған, бағытталған ойлау ғана
шынайы. Егер ойлау сезiмдiктен
алыстаса, онда ол шындықтан да
қол үзiп, өзiнiң шеңберiнен шыға
алмай адасады.
Сезiмдiктiң
тағы да бiр аса мәндi жағы
– оның iшiне қажеттi түрде
сүюдiң енуi. Фейербахтың ойынша,
"бiздiң сүймейтiн, сүюге болмайтын
нәрсемiз – ол жоқ" , "сүю
жоқ жерде - ақиқат та жоқ",
"сүю – заттардың бiзден
тыс өмiр сүруiнiң шынайы онтологиялық
дәлелдемесi". Әрi қарай өз ойын
жалғастырып, Фейербах сүюдi iңкәрмен
теңейдi. Олай болса, тек iңкәр
ғана заттың өмiр сүруiнiң анықтамасы.
Тек iңкәрдiң ұмтылған заты
қана ақиқатты. Фейербахтың бұл
сөздерiн субъективтi-идеалистiк
бағытта қарауға болмайды. Оның
айтқысы келгенi – адам өзiнiң
керек қылатын заттарына, өмiрлiк
құндылығы бар құбылыстарға немқұрайлы
қарамайды, ол оларды сүйедi, оларды
игеруге, иеленуге тырысады, тек
осы сәтте ғана олардың адамнан
тыс өмiр сүрiп жатқаны оған айқын көрiнедi.
Егер ол өзi сүйетiн, керек қылатын заттарға
жете алмаса, ол онда қайғырып - қамығады,
зардап шегедi. Оның өзi шынайы өмiрде керек
нәрсенiң жоқтығын, оның бiздiң жан-дүниемiзден
тыс өмiр сүретiнiн көрсетедi.
Фейербахтың
философиясында әлеуметтiк, моральдық
мәселелерге көп көңiл бөлiнген.
Ол өз заманындағы қоғамдық
қатынастарға қанағаттанбайды. әсiресе,
христиан дiнiнiң – осы Дүниенiң
құдiреттi жаратушысы Құдайдың өзiне
сенiп адал болған адамдарға
мәңгi рахатқа бөлiнген о дүниедегi
өмiр берiледi – деген негiзгi
қағидасына терiс баға берiп,
ол қарапайым адамдардың осы
өмiрдегi жағдайларын жақсартуға
бағытталған ұмтылысына кедергi
келтiредi деген пiкiр айтады. Фейербахтың
ойынша, аспандағы мәңгiлiк өмiрге
сену жердегi өмiрдiң құндылығын
жояды.
Бiрақ, Фейербах
христиандықты қатты сынға алғанмен,
қоғам өмiрiне бәрiбiр дiннiң
керектiгiн мойындайды. Оның ойынша,
тарихтағы бiрiн-бiрi ауыстыратын
үлкен дәуiрлер дiндердiң ауысуымен
тығыз байланысты. Олай болса,
өзiнiң мүмкiндiктерiн сарқыған
христиан дiнiнiң орнына жаңа
дiн керек. Ол дiн Құдайға
деген сүйiспеншiлiктiң орнына
адамды сүюдi қоюы керек. "Христиандықтың
мәнi" деген негiзгi еңбегiндегi соңғы
тарауында Фейербах "Адам адамға
- Құдай" деген пiкiр айтады.
Сонымен, бүкiл философиясы материалистiк
бағытта болған философ мұндай
көзқарасқа неге келедi,- деген
сұрақ бiздiң ойымызға ерiксiз
келедi. Оның ойынша, адамдардың бiр-бiрiне
деген қатынастарына дiни бiтiм
берiлмесе, олар өзiнiң гуманистiк
(адамгершiлiк) қасиеттерiнен жұрдай
болады, өйткенi, ондай жағдайда адамдар
өздерiнiң табиғи өзiмшiлдiгiнен
арыла алмай қалады. Дiнсiз болу
– тек адамның өзiн ғана
ойлауымен тең, дiнге сену –
басқаларды да ойлаумен бiрдей,-
дейдi Фейербах.