Автор: Пользователь скрыл имя, 18 Декабря 2011 в 17:41, доклад
Балапанның ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетінін қазақ атам бекер айтпаған. Бүгінгі мына алмағайып заманда құлқынның қамы үшін жүріп, өз тәрбиеміз түгілі нәресте тәрбиесі шет қалып бара жатқаны белгілі. Осыдан келіп бүгінгі жастың қоғамдық көлікте орын бермегенінен бастап, бір-бірін қойша бауыздап жатқанын айтып, жаға ұстап «О, тоба» десеміз.
Балапанның ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетінін қазақ атам бекер айтпаған. Бүгінгі мына алмағайып заманда құлқынның қамы үшін жүріп, өз тәрбиеміз түгілі нәресте тәрбиесі шет қалып бара жатқаны белгілі. Осыдан келіп бүгінгі жастың қоғамдық көлікте орын бермегенінен бастап, бір-бірін қойша бауыздап жатқанын айтып, жаға ұстап «О, тоба» десеміз.
Мұндай дәрежеге қалай жеттік және бұдан қалай құтылып ел боламыз? Осындай сұрақтарға жауап іздеу мақсатымен Қазақстан қажылар қауымдастығы Астана қалалық аналар мен қыз балалар департаменті төрайымы, екі рет қасиетті Меккеге зиярат еткен Бақыт қажы Ержанқызымен бала тәрбиесі жайында әңгімелескен едік.
- Бақыт апа, хақ Исламның негізі жалпы татулыққа, бірлікке, жақсылыққа құрылған. Яғни адам баласы осы қасиеттерді бойына сіңіріп өссе жаман болмасы белгілі. Бүгінде біздер сәбиді баласынып оның тәрбиесін естен шығарып алып жатамыз. Ал дінде бұны қалай түсіндіреді?
- Баланы дүниеге әкеліп тәрбиелеу, азамат ету - анаға да, әкеге де парыз. Десек те, ең бірінші әйел адамның бойында перзент тоғыз ай, тоғыз күн жататын болғандықтан, ең негізгі нәрсе соған байланысты. Осы ретте бала тәрбиелеудегі бірінші қасиет - сабырлылық. Кісінің иманы сабырлылықпен толығады.
Әсілінде, бала тәрбиесі ана құрсағында жатқанда-ақ басталмақ керек. Жүкті әйел барынша таза болғаны абзал. Себебі дәреттің денсаулық үшін пайдасы көп. Туғаннан соң сәбиін де таза жүріп тамақтандырған жөн. Абайдың әжесі Зере Құнанбайды дәретсіз емізбеген деген дерек бар. Құран Кәрімде: «Алла тағала барлық кемшіліктен пәк, таза болған соң, құлдарынан да тазалықты талап етеді» дейді. Әрдайым басына орамалын тағып, «Биссимиллаһир рахманир рахим» десе, ана сүтінде береке болады.
Басында орамалы жоқ, ұйпа-тұйпа шаштан бала да шошиды. Осыны пайдаланған шайтан бастағы қайызғақтан баланың аузына емшекпен бірге салып тұрады екен. Бұл балаңыз кір нәрсені ауызға алып отыр деген сөз. Ондай бала әлбетте ашушаң, тұрақсыз болып өседі. Дүниедегі бар сұлулық та, жүрек жылуы да ең алдымен анадан тарайды. Ананың ақ сүті адам баласы үшін аса қасиетті зат. Ана - өмір тұтқасы, өмірге адам әкелуші, тәрбиеші. «Сүтпен сіңген мінез, сүйекпен кетеді» деген қазақта асыл сөз осындайдан туындаса керек.
Сондай-ақ құрсақтағы бала мен ананың өмірін бір-бірінен бөліп қарауға әсте болмайды. Ана өз бойындағы қуатты болашақ сәбиіне береді. Мысалы, дәрігердің кеңесімен түрлі дәрумендерді жеу арқылы баланың денсаулығы жақсарады. Ал, таза жүру, Құранды ашып оқу, намаз оқу, жақсы әңгімелер айту, біреуге көмек беру секілді жақсы істер баланы рухани жағынан байытады. Мұны көбі біле бермейді. Осы білмегендіктен бармақ тістейтін жағдайлар орын алуда.
Сондай-ақ, ананың ішіп-жегені халалдан болуы тиіс. Бұл таза тағам жеп отыру деген сөз. Харам етілген, естен адастыратын нәрселерді қолданбауы керек. Себебі мұндай тағамдар арқылы адамның ішіне шайтан кіреді. Құран Кәрімде: «Ей, адамдар, жер бетіндегі таза және адал нәрселерді жеңдер» деп бұйырылады. Арақ, шошқаның еті, шұжығы, яғни харам бар жерге періштелер жоламайды. Өкінішке орай, осындай әңгімені жүре-бара тыңдайтын ата-ана баласының жақсы болып өсуін уысынан шығарып алып жатады.
Хадисте: «Балаларыңды өздерің болмайтын уақыт үшін тәрбиелеңдер, өйткені олар сендер болмайтын уақыт үшін жаратылған» - дейді. Қазіргі кезде «баланың тәрбиесіне бірінші шеше, онан соң мектептегі мұғалім жауапты» деген түсінік бар. Бұлай болуы заңды да шығар. Бірақ бұл жерде ең басты болып саналатын әке жауапкершілігін де ұмытып бара жатқан сыңайлымыз. Құранда: «Әйел мен ер, олар бірдей құқыққа ие. Алайда жауапкершілік жағынан ер адам бір саты жоғары тұрады» - делінген. Баланы асырап бағу, тәрбиелеп өсіру әкеге де міндет. Кейбір жанұяда баласы жаман қылық танытса күйеуі әйеліне: «Сен осы балаға қарамай, не істеп отырсың?» деп жерден алып, жерге салады. Барлығын шеше байғұсқа ысыра салып отыратын осындай әкелер көп. Әке дөрекелік мінез көрсетіп, балаларына немқұрайлы қараса, ол тәрбие емес. Тәрбиешінің өзі тәрбиеленген болу керек. Сәби екеуінің ортақ баласы.
Имам Мүслім риуаят еткен мынадай сөз бар: «Әкенің баласы үшін жақсы тәрбие беруден артық сыйы жоқ». Ендеше барлық жақсылықтың бастауы - имандылық. Ол барлық тәрбиенің жиынтығы. Тәрбиенің негізі отбасында, әке мен ананың үлгілі өнегесінде қалыптасады. Бала не көрсе, не естісе, соны қайталайды. Дүниеге келген сәбидің бәрі де мұсылман болады, ал оның христиан немесе иудей болатыны ата-анадан, айналасындағы ортасынан екені сөзсіз. Бұдан түсінетініміз нәресте туа сала жаман болмайды, жүре жаман болады.
- Қазіргі таңда жағдайымыз жоқ деп әр нәрсені сылтауратып, жас келіншектеріміз бала туу санын азайтып барады. Бұл ретте жас аналарға қандай ақыл айтасыз?
- Құранда әйелдердің негізгі міндеті - бала туып, ұрпақ жалғастыру екені баяндалады. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дейді атам қазақ. Қашаннан туылған сәбидің өз ырзығы болған. Өйткені оны Алланың өзі есептеп беріп тұр ғой. Ал оны түсінбеген жас аналар Жаратқанның бұйрығына қарсы шығады. Өзін ғана ойлайтын өзімшіл, мүсінін сылтауратып немесе жағдайын айтатын аналардан қандай жақсы тәрбиеші шықпақ?.. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген Лұқпан Хакім.