Автор: Пользователь скрыл имя, 22 Ноября 2012 в 20:40, реферат
Сүйінбай Аронұлы Алатаудың аса сұлу бетбауыр бөктеріндегі Алматыға тиіп тұрған Қарақыстақ ауылының Бұлақ деген жерінде 1815 жылы туып, 1898 жылы 83 жасында дүние салған. Болашақ даңқты жырау жасында жоқшылық тауқыметін көп тартқан. Жастай жетім қалып, байдың малын бағып, тамағын асыраған. Ол туралы өлеңдерінде ақынның өзі де айтады. Ал ақын Кожахмет Тұрлыбайұлы бір өлеңінде:
Бұл топқа жататын өлеңдерінің ішінде қазақтан асып, көршілес қырғыз халқының зұлым шонжарларын жер-жебіріне жете сынаған өлеңдері де бар. Соның бірі – "Үмбетәліге" деген арнауы.
Сүйінбай бетпе-бет отырып сынайтын Үмбетәлі – қырғыз елінің ханы. Оның әкесі Орман да хандық құрған. Тарих деректері бойынша, Орман хан өте қатыгез адам болған. Оның жаз – жайлауынан, қыс – қыстауынан дар ағашы алынбаған. Үмбетәлі де әкесі сияқты тежеусіз зорлықшы болады. Орман хан асқан зорлығы, озбырлығы үшін Бұғы руы адамдарының қолынан өлім табады. Үмбетәлі әкесінің өлімі үшін Бұғылардың ауылын түгел шауып алады, бірде бір үйді сау қалдырмайды.
"Айтыс өнерінің алтын діңгегі "
XIX ғасырдың орта шендерінен бастап қазақ айтысының орталығы Жетісуға ауады. Онда айтыс өнері өрен жүйріктерінің қуатты шоғыры қалыптасады. Солардың арасында Сүйінбайдың орны ерекше болған. Ұлы жазушы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов оны "айтыс өнерінің алтын діңгегі" – деп аса жоғары бағалады.
Сүйінбай – ірі айтыс ақыны. Ол ақындықты айтыстан бастап, талантының өлең сайысына бейімділігін байқатады.
Ақын боп жиырмамда желдей болдым,
Отызда асқар биік белдей болдым.
Отыз асып, қырыққа келгеннен соң,
Қаптаған жердің жүзін селдей болдым, –
деп өзі айтқандай, көп өтпей-ақ, алдына жан салмайтын айтыскер ақынға айналады.
Айтыстарының қай-қайсысынан да Сүйінбайдың ақындық мұраты анық көрініп тұрады: қайырымсыз байларды мінеп, есесі кеткен кедейлерді жақтайды, ел ішінің бірлігін жырлайды, әділдікті, батырлықты дәріптейді. Соның арқасында қарсыластарын үнемі жеңіп отырады.
Қарғамен айтысы
Бір қызығы – бұл өнерді Сүйінбай өзін құстың бір түрі – кәдімгі қарғамен айтыстырудан бастаған. Жоғарыда айтылғандай, ақын бала кезінде жетім қалып, бай ағайындарының алдымен қозы-лағын, кейін қойын бағып, тамағын асырайды. Сөйтіп жүрсе де, зерек, ақылды бала үлкендердің сөздері мен іс-әрекеттерінен өз пайдаларына бола қоздырған рушылдықты, байлардың, атқа мінерлердің зорлығын, өктемдігін көріп, қатты налиды. Сондай күндердің бірінде бірімен-бірі бірдеңге таласып, ұшып-қонып шуылдасқан қарғаларға он екі жасар Сүйінбайдың назары түседі. Соларға қызықтап қарап отырып, әрі Сүйінбай, әрі Қарға болып, өзімен-өзі айтысады. Бұл өзі – әлеуметтік мазмұны мәнді әрі өлеңдік сапасы да жоғары, едәуір ұзақ, қызықты айтыс. Он екі жасар баланың осындай айтыс тудыруға өресінің жеткені таңдандырады.
Сүйінбай:
Ассалаумағалейкум, қара Қарға,
Қиялап ұя сапсың биік жарға.
Шуылдап ертелі-кеш бас қатырдық,
Еліңде арыз тыңдар биің бар ма?
Саңқылдап екеу ара дес бермейсің,
Еншіге бөліспеген үйің бар ма?
Қарға:
Сүйінбай, жастайыңнан қозы бақтың,
Жазуына кім қарсы жазған һақтың.
Шыбын талап, маса жеп, байғұс бала,
Тәніңді жапырақпен талай жаптың.
Сені жеген жауызға біз қас болып,
Тор салып, қақпан құрып, талай қақтым.
Мен-дағы сен секілді сорлы жанмын,
Баяны, тұрағы жоқ жүрген аңмын.
Сүйкімсіз түрімізге ісіміз сай,
Ісіне жаратқанның мен де таңмын.
Әрі қарай қарға олардың да ішінен жуан шыққанын, шау қарға, қара қарға, құзғын қарға деген үш руға бөлінгенін, сөйтіп, үшеу ара соғысқанын баяндай келе, сөзін былай аяқтады:
Біздің елде би де көп, биік те көп,
Босыған, қансыраған киік те көп.
Ашынып кеттім білем, ей Сүйінбай,
Қайыршы, жетім-жесір күйік те көп,
Сорлымын соның бірі, мені қара,
Жазуы жаратқанның солай шығар,
Ісіне құдіреттің бар ма шара.
Сүйінбай:
Естідім хал-жайыңды, Қарға жаным,
Есіркер менің-дағы бар ма халім.
Көп екен ел ішінде құзғын-құмай,
Қан сорғыш, тілі майда, өңшең залым, –
деп, қарғаға: – Бүйтіп берекесіз шулағанша, бірігіп егін сал, басыңды қос, әділ, турашыл бол:
Қарғажан, қош болып тұр, есен-аман,
Аман-саулық біліп тұр, келсе шамаң.
Немесе мақшар күні кездесерміз,
Күн туып, көрісетін болса заман, –
деп, қалың кедейдің жақсы күнін алдан күтіп, өріп кеткен қозы-лақтың артынан жүгіреді.
Айтыс өнеріндегі осы әдепкі адымынан-ақ, Сүйінбайдың әділдік, шындық, бірлік, адал еңбек жолын таңдағанын көреміз. Қарғамен айтысында:
Бас кеспек болса-дағы, тіл кеспек жоқ,
Шындықты айт, өлсең, сақтап беттің арын, –
деуі де соны көрсетеді. Айтыстағы осы және осы тектес кесек ойлар қаршадай баланың таланты мен зерделілігін танытады.
Тезек төремен айтысы
Сүйінбайдың тұсында Жетісуды билеген Тезек төре өзінің беделін көтеріп, даңқын асыру үшін төңірегіне атақты ақын, ділмар шешен, көсем билерді жинаған. Атақты ақындар Сүйінбай мен Бақтыбайды, әйгілі шешен Бөлтірікті де ордасына жақын ұстап, сарайының сәні, мадақтаушысы етпек болған. Бірақ бұл үшеуі де төренің ырқына жүрмеген. Ақынның Тезек төремен айтысы оның ақындығының халықтық сипатын мейлінше анық көрсетеді. Бір күні Сүйінбайдың жігіттері Тезектің екі ұрысының түнгі жортуылдан бірінің – басы жарылып, екіншісінің қолы сынып келгенін, Тезектің соған қатты ашуланып отырғанын хабарлайды. Сүйінбай Тезектің ұрыларына ұрысып жатқанының үстіне кіріп келеді де:
Келіп едім, хан Тезек, көрейін деп,
Сәлемін пайғамбардың берейін деп.
Аттандырған екі ұрың қолға түсіп,
Хан тақсыр, отырмысың өлейін деп.
Ассалаумағалейкум, Тезек төре!
Елден жылқы қоймаған кезеп төре.
Телі менен тентекті тыят десе,
Өзің ұрлық қыласың, әттегене!..
Хан Тезек, қарамысың, төремісің,
Жемесең ұрлық етін өлемісің?!
Жетім мен жесірлердің ақысын жеп,
Барғанда ақыретке беремісің?! –
дейді. Тезек ащы болғанымен, жүйелі сөзге дүрсе қоя бермей, асауға ақырындап жақындағандай, өзінің ішкі есебінен жаңылмастан:
Тұсында Абылайдың Бұқар жырау,
Хан Әділдің кезінде Түбек тұр-ау!
"Әр заманның бар, – дейді, – сұрқылтайы",
Сұрқылтайым менің де екен мынау.
Атадан емес еді жолым өзге,
Болмады тоқтамасқа мына сөзге.
Үні өткір, өзі де бір зар жақ екен,
Жасырмай барлық шынды айтты көзге, –
деп, Сүйінбайдың турашылдығын бағалап, "сұрқылтайым", яғни сөзімді сөйлейтін жыршым бол дегенді ишарамен білдіреді, тіпті, кісілеріне: "Бір қой әкеліңдер, ақынның батасын алайық", – дейді.
Сүйінбай енді союға әкелген қойды өлеңдетіп кетеді. Ақынның тапқырлығы, сын-сықаққа жүйріктігі, байқағыш – қырағылығы таң қалдырды. Өлеңді күлмей тыңдау (оқу) да мүмкін емес.
Мынауың құнан қой ма, дөнен қой ма?
Мойнында мылтығы бар мерген қой ма?
Артына жалтақ-жалтақ қарайды екен,
Бір қорлық қасекеңнен көрген қой ма?
Бердеңкесін мойнына салғызып кеп,
Атқызғалы келдің бе Сүйінбайға...
Тақсыр-ау, бұл заманның күйін ойла,
Елдің шетін күзетсіз босқа қойма.
Жаугершілік болғанда, ханды асырар,
Мерген қойды қонаққа өлсең сойма!
Тезек Сүйінбайға: "Келе жамандадың, жақсы сөзіңді кейінге сақтап отырған боларсың, әйелім мен қыздарымды мақтап айт" – дейді. Сүйінбай Тезектің қыздарын да ("бес тиындық біреуі жоқ"), әйелін де оңдырмайды. Төре бұл әйелін түріне қызығып, Жарылқамыс дегеннен тартып алғанын тілге тиек етіп:
Мақтайтын Дәнекердің қай жері бар,
Жайдақтап әркім мінген бұл бір жауыр, –
дегенге дейін барады. Тезек төре:
Жақсы ақын үйге келсе, қыдыр-ырыс,
Айтқаны Сүйінбайдың бәрі дұрыс.
Көргенді не де болса бетке айтатын,
Адамнан сирек туар мұндай туыс.
Сүйінбай, маған сенсең өзің керек,
Баршадан ақын болып тудың ерек.
Жарамды мінетін бір ат берейін,
Соны мініп, еліңе қайт ертерек! –
деп, тілі зәрлі ақыннан құтылуға асығады. Қызметшілеріне бұрынырақта өзі мінетін сары атын ("Ескі малдың көзіндей бір құт еді") тауып әкеліп, Сүйінбайға мінгізіңдер деп бұйырады. Сүйінбай бұл аттың кәрілігін:
Тақсыр-ау, бұл бергенің сары ат па еді,
Аузында бір тісі жоқ кәрі ат па еді?
Кірпігіне қарасам, қурап қапты,
Тұсында Абылайдың бар ат па еді?! –
деп күлкі қылды.
Ілесіп Абылайдың бақ-дәулеті,
Мұны берсең менімен бірге кетер, –
деп мысқылдайды. Тезек енді айтысуды қойып, қызметшілеріне: "Үні өшкірдің, үні өшсін! Әлгі қаракер атты әкеліңдер!" – деп айқайлайды. Қаракер – келіскен-ақ, ат екен. Бірақ Сүйінбай одан да мін табады. Ол туралы өзі мен қаракер аттың алма-кезек жауаптасуы түріндегі өлеңінде қызықты етіп суреттейді. Сұңғыла ақын аттың төрт аяғы бірдей тағалаулы, "мінезі жаттығына" қарап, бір мұжықтың тәуір жылқысы екенін тап басып таниды. Амалы таусылған Тезек енді: "Үстіңде іліп алар ештеңең жоқ екен", "жаңадан киім-кешек бергізейін" дегенді айтады. Сонда өр ақын:
"Хан Тезек, байлығыңа бас ұрмаймын,
Мен бірақ көргенімді жасырмаймын.
Шын дертім ұстап кетсе айнымалы,
Басымнан ұшқан құсты асырмаймын! –
Бәрі өзіңе", –
деп, қоштасып, жүріп кеткен ғой!
Әділіне жүгінгенде, Тезектің Жетісудың жарты патшасы төре түгіл, жай адамдар да көтере бермейтін ауыр да ащы кінәлауларға төзімділік танытқанын мойындамауға болмайды. Бірақ бұл төренің Сүйінбай сынайтын қылықтарын: әділеттен тайған кездері мен халыққа жасаған қиянаттарын жуып-шая алмайды. Сүйінбайдың Сүйінбайлығы қаһарлы билеушіден тайсалмай, сый-сыяпатқа қызықпай, туралықтан таймай, шындықты жырлауында ғой.
"Қатаған сөзден жаңылды"
Қырғыз ханы Орман қырғыз бен көрші қазақ елінің игі жақсыларына бір жыл бұрын хабар айтып, әкесіне ас береді (1852). Осы ұлы жиында екі жақ өздерінің ең атақты ақындары Сүйінбай мен Қатағанды айтыстырады. Айтыста айқын басымдылықпен Сүйінбай жеңеді. Алайда, алдымен сөз бастаған Қатаған жыр нөсерін төпелеп, Сүйінбайды абыржытып тастағандай әсер қалдырады. Қатаған Сүйінбайға: "Құдай оңдап, қолыма өзің келіп түстің, менің қасымда сені ақын деп кім айтады", – деп бастырмалата келіп:
Менің атым Қатаған,
Қоңырбайдың асында
Бес жүз жылқы матаған.
Сүйінбай ақын тәуір деп,
Мұның несін атаған.
Аяғыңды тарта бас,
Қырсықты жерің таяған.
Қатағанға Сүйінбай,
Ұрындың келіп қатадан.
Қырғыздан шыққан жүйрікпін,
Құс мойынды, қоян жон,
Тұлпардан туған жатаған.
Өз мінімді айтқызып,
Бай-мырзаңды құса ғып,
Өлтіресің қападан, –
деп бір қайырады. Содан кейін:
Байлығымды айтатын,
Көптігімді айтайын, –
дей келіп, әрі қарай "нәсілі артық жаралған" ру-тайпаларын адақтап, мадақтап кетеді. Сөз кезегі Сүйінбайға тиеді...
Қатағанның
тегеуріні мен Сүйінбайдың
Қашырма, төре, қаныңды,
Кіргізейін жаныңды.
Қатағаннан жеңілсем,
Талап алғын малымды, –
деп, Тезек жаққа бір көз тастайды да, одан соң Қатағанға қарап:
Іздегенім осы еді,
Өз-өзінен қағынып,
Қатаған сөзден жаңылды.
Қызып тұрған темірге.
Өзі келіп қарылды, –
дейді көңілді серпіліспен. Осы бес жол өлеңде айтыстың тағдырын шешкен нәрсе анық та образды түрде айтылған. Қатаған көптігі мен байлығын айтам деп, құрулы тұрған қақпанды басып, арандап қалады. "Қазақ" деп ол қапелімде іргелес Жетісу елін ғана елестетіп қалған сияқты. Сүйінбайдың сұлық отырып қалуы алдын ала құрған сол қақпанына жақындап келе жатқан аңның басар-баспасын демін ішіне алып, күткен кезі болса керек. Ақынның өзі де "іздегенім осы еді, қызып тұрған темірге өзі келіп қарылды" – деп ап-анық айтып отыр ғой. Содан кейін қыраны алтай түлкі алған аңшыдай масаттанған шабытты Сүйінбай Қатағанды:
Қырғименен ойнаған
Ажалы жеткен торғайсың, –