Махамбеттің ақындық шығармашылығы

Автор: Пользователь скрыл имя, 25 Октября 2013 в 14:17, реферат

Описание работы

Махамбеттің есімі-өмірдегі қасіреттің синонимі, өнердегі қасиеттің символы. Махамбет өлеңі – қазақ сөзінің қайталанбас құдіреті: әрбір буыны мән бунағы, тармағы мен шумағы мұншалық тап-таза корғасыннан құйылған ап-ауыр асыл сөз қазақтан басқа жер бетіндегі ешбір елдің өлең-жырында жоқ, оның өзге тілге оңай аударылмайтыны да сондықтан.
Махамбет Өтемісұлы – ақындық таланты мен батырлығын — отаршылдар мен өз билеушілерінің илеуінде қорлық көрген туған халқының бостандығы мен еркіндігі, әлеуметтік теңдігі жолындағы күреске арнаған даңқты тұлға. Оның өзіне дейінгі де, өзінен кейінгі де атақты ақын-жыраулардан айырмашылығы – бүкіл дерлік өлең толғауларының

Содержание

Ι КІРІСПЕ
ΙΙ НЕГІЗГІ БӨЛІМ
2.1 Бұлтта ойнаған жасындай өмір
2.2 Махамбеттің ақындық шығармашылығы
ΙΙΙ ҚОРЫТЫНДЫ
ΙV ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТ ТІЗІМІ

Работа содержит 1 файл

МАХАМБЕТ ӨТЕМІСҰЛЫ РЕФЕРАТ.doc

— 184.00 Кб (Скачать)

Сөйтіп, ханның дегені болады да, осы аралықта ордаға көмекке жіберілген Геке әскерлерінің бас-аяғы жиналып үлгереді. Исатайлар алданғанын білген кезде, бәрі кеш еді. Ақыры екі жақ қарашаның 15-інде Тастөбе деген жерде шайқасады. Көтерілісшілер жеңіліс тапқан бұл ұрыс ақынның "Соғыс" деген белгілі өлеңінде үлкен реалистік-көркемдік қуатпен суреттелген.

Осыдан кейін бірде Исатай қасындағы отыз шақты адамымен орыс отрядының қоршауында қалады. Сонда Махамбет бір топ жолдасымен Исатайды қоршаудан кұтқарып, ол ұзап кеткенше, жаумен қаша ұрыс салады. Ақыры әскерлер өзін қуып жетіп, қолға түсірер болғанда, ерінің көпшігін суырып алады да, ішіндегі мамығын жақындап қалған қуғыншылардың көзіне шашып, құтылып кетеді.

Жеңілістен кейін батырлар ең ауыр күйзелісті, күйінішті күндерді бастан кешіреді. Махамбеттің: "Алты күндей алаулап, он екі күндей ой ойлап, ақылды алпыс жаққа шаптыратын", "Ақыретті жанға байланып, талай жүрдік далада әділ жаннан түңіліп" дейтіні осы кез. Оның үстіне күн қарлатып, суық түсіп кетеді. Жайықтың екі жағына да мықты күзет қойылады. Сөйтсе де батырлар амалын тауып, қастарына ерген 40 адамымен желтоқсанның 13-інде Жайықтың шырысына өтеді. Уақыт оздырмай қайта қол жасақтауға кіріседі.

Бір жақ 1838 жылғы шілденің 12-сінде Қилы өзені жағасындағы Ақбұлақ деген жерде тоқайласып, ұрыс салады. Шегіне атысып келе жатқан Исатай оққа ұшты. Осылайша асау, еркін күндерін әлі ұмыта коймаған дала елінің айбарлы батыры мен ақылды ақыны бастаған азаттық пен бостандық, әлеуметтік, әділеттілік жолындағы көтерілісі жасанған жаудың от қаруының күшімен басып тасталды. Ал Исатай өлімі Махамбеттің шығармашылығында өшпестей із қалдырады.

Махамбеттің бұдан кейінгі өмірі қудалауда, сергелдеңде өтеді. Қайта қол жинамақ болған, Хиуадан көмек сұраған әрекеттерінен ештеңе шықпайды. Бір ауық:

Ер қабыланын жөнелтіп,

Елсіз қаңғып қалған шақ,

Кім айтады бізді  мұңсыз деп?!

Немесе:

Махамбеттей мұңдыға ,

Енді келер  күн қайда?

Ханға құрған шатырды

Сүңгімен түртіп ашарға, —деп тарықса, тағы бірде:

Ісім жөнге келгенде,

Қамалаған көп дүшпанды

Әлі де қойдай қылып айдармыз, —деп, күрестен үміті үзілмегенін әйгілеп, хас батырға тән қайсарлық танытады.

Жайық сыртындағы ел ішінде жасырынып жүрген Махамбет 1839 жылдың қарашасында Бұқараға бет алып бара жатқан экспедиция жетекшісі Е. П.Ковалевскийге өзі барып жолығады. Орысша еркін сөйлеп, басындағы бар халді жасырмай айтады, өздерімен бірге ала кетуге экспедиция басшысын көндіреді (бірақ кейін жолда әлденендей себеппен қалып қояды). Ковалевский өзінің 1843 жылы Санкт-Петербургте басылып шыққан кітабында: "Біз Борсық құмыңдағы ауылдарда болған кезімізде өз халқының ішінде өте тамаша киргизді (қазақты) кездестірдік... Аз ғана уақыттың ішінде ол өзінің ақылдылығын да, шешендігін де танытты", — дей келіп, ақын жөнінде біраз құнды мәліметтер келтіреді. Бұл — кейін Шоқан Уәлихановтың "Қашқар жазбаларын" оқи отырып: "Гениально!" дейтін Ресей сыртқы істер министрі, Азия департаментінің бастығы Егор Ковалевский ғой. Бұл және жай шенеунік емес, Карпат пен Балқанды, Египет пен Кашмирді, Ауғанстан мен Африканы, Қытай мен Орта Азияны шарлап зерттеген, ондаған роман, повесть, талай өлең жазған, шығармалары Белинскийден жоғары баға алған оқымысты адам болатын.

1840 жылы күзде Жем бойындағы бір үйде жалғыз отырған Махамбеттің үстіне 50 шақты адам сау етіп кіріп келеді. Ақын оларға қарсы атылып, қатты қарсылық көрсетеді. Бастап келген урядникті тамағынан жаралайды. Сонша адам қойсын ба, Махамбетті ұстап алып, Орынборға әкеліп қамайды. Махамбет өзіне тағылған кінәларды мойындамайды. 1838 жылы хорунжий Шустинов пен урядник бастаған 5 қазақ-орысты қолға түскен жерінен босатуға көмектескенін, оларды іздеп шыққан губерниялық хатшы М. Айтовты қауіптен құтқарғанын, Е. П. Ковалевскийдің экспедициясын қарақшылар шабуылынан корғауға көмектескенін, інісі Хасенді Хиуаға жіберіп, ондағы қазақтарды Ресей қол астына кіруге үгіттегенін, т.б. дәлелдер келтіріп, ақталады. Орынбор әкімшілігі Жайықтың сол жағындағы А.Жантөрин сұлтанның қарамағында тұруға рұқсат етеді.

Ақынның Жайықтың сол жағында жүргенде айтқан:

...Жалғыз ұлым Махмұт

Бекетай құмның ішінде

Жалғыз қалған о да бар,-дегендегі Махмұт 1833 не 1834 жылы туған болып шығады. Екінші ұлы — Нұрсұлтан 1835 жылы дүниеге келген. Аяулы ақын осы Нұрсұлтанын өзі аранынан кеше ғана әрең құтылған Орынборға апарады, оқуға бермек болады. Бұл неткен ізгі тілек, неткен көзсіз ерлік, неткен ірілік десеңізші! Ел аузында айтылатын, шындыққа келетін бір әңгіме мынадай. Жағдай асқынып, Махамбеттің ұсталарына көздері жеткен соң, елдің белді кісілері араға түсіп, Махамбетті ұстап бермеуге Баймағамбет сұлтанның рұқсатын алады. Содан кейін ақынды Баймағамбетпен жүздестіреді. Махамбет үйге қару-жарағын тастамай кіреді. Баймағамбет оған: "Батыр, бір-екі ауыз өлең айт", — дейді. "Менің сөзім Сізге жақпас", — дегеніне сұлтан қоймайды. Сонда барып Махамбет кімнен болса да ойындағысын іркіп, жасқануды білмейтін мінезіне басып, өзінің "Баймағамбет сұлтанға айтқаны" деген әйгілі толғауын шығарады. Сұлтанның нөкерлері жанжал шығармақ болғанда, Баймағамбет: "Бұлай айтпаса, Махамбет батыр бола ма? Батырдың сөзін көтермесем, мен хан болам ба?"-десе керек. Десе де Махамбеттің өмірі аяқталып келе жатты. Оны батырдың өзі де сезді. Соңғы бір өлеңін ақын:

Түбін қазған мен бір бәйтерек,

Толқуменен құлармын,-деп бітіреді. "Түбін қазған бәйтерек" пен оның "толқуменен кұлауында" ұлы ақынның асқақ та трагедиялық өмірі және тақап қалған қайғылы өлімі де бейнеленіп тұрған жоқ па? ұлы ақынның сезім-түйсігі алдамады. Көп ұзамай бәрі де өзі болжағандай болды да шықты. Сол жылы күзде Махамбет Қарой деген жерде жалғыз үй отырады. Бір күні сонда Баймағамбеттің жұмсауымен Махамбетпен көңілі жақын болып жүретін Ықылас (Төлейұлы) бір топ адаммен ақынның үйіне келеді. Ойында ештеңе жоқ, қамсыз, қарусыз отырған батырды әлгілер соққыға жығып, қылыштап өлтіреді.

Сөйтіп, Исатаймен бірге бостандық туын аспандатып, "қорлықта жүрген халқына ... ақырып теңдік сұраған", ежелгі дала елінің асау, асқақ рухының намыскер мұрагері, ақиық ақын, айбынды батыр отаршылдар мен олардың қолшоқпары – хан, сұлтандардың колынан мерт болды.

 

2.2 Махамбеттің ақындық шығармашылығы

 

Махамбет өлеңдерінің жалпы саны онша көп емес, шығармаларының толық жинағына ("Жыр семсер", "Жазушы", Алматы, 1979 ж.) 70 туындысы енген. Соның барлығы дерлік 1836-1838 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысты болып келеді. Ал уақыт жағынан: 1) көтеріліске дейін, 2) көтеріліс кезінде және 3) көтеріліс жеңілгеннен кейін шығарылған өлең-толғаулар деп бөлуге болады. Олардың идеялық-тақырыптық мазмұнын, негізінен, жастық дәурен, азаматтық қадір-қасиет, достық-қастық, өткінші өмір жайындағы тебіреністері; ел мен жер, ерлік пен азаматтық парыз, көтеріліс көсемдері Исатай мен Махамбеттің өз бейнелері; жеңіліс күйініші мен сынбаған рух қайсарлығы құрайды.

Жерсіз елдің күні жоқ, елсіз жердің құны жоқ. Елсіз жер-жетім, жерсіз ел-жетім. Шынтуайтына келгенде, Исатай мен Махамбет батырлар бастаған 1836-1837 1 жылдардағы Ішкі ордадағы көтеріліс отаршылдар мен хан, Төрелер тартып алған ата қоныс жер үшін, жерінен айырылып, әрі жетімдік күйге түсіп, күйзелген ел үшін, елдің "дұшпанға кеткен кегі" үшін болғаны мәлім. Өздері ер болмаса, елін, жерін ерекше сүймесе, екі батыр күші сан есе басым, сұсты жауға қарсы аттанбас еді. Сондықтан Махамбеттің өлеңдерінде туған ел, ата қоныс тақырыбы бастан аяқ желі болып тартылып жатуы табиғи.

Қуғында жүргенде аңсай сағынып, перзенттік ыстық сезіммен еске алатын туған жері—Нарынға арналған өлеңін тебіренбей оқу мүмкін емес.

Біздің анау Нарында

Бір төбелер бар еді.

Айналасы ат шаптырса жеткісіз,

Қиқулай ұшқан қырғауыл,

Күніне құлан да басып өткісіз,

Күндіз келген қонағы

Кешке үйіне кеткісіз.

Қойды мыңға толтырған

Сол Нарынның құмдары,

Түйені жүзге толтырған

Көкпекті шайыр шымдары.

Жатып қалған тайлағы

Жардай атан болған жер.

Жабағылы тоқтысы

Қой болып, қора толған жер.

 

Аш-арығым тойған жер,

Жылаған бала қойған жер.

Шортаны қара бақандай,

Бақасы сары атандай,

Балдырғаны білектей,

Баттауығы жүректей,

Қымыздығы күректей,

Сонасы қоңыр үйректей.

Ондай қоныс маған жоқ,

Құдайым қылды — амал жоқ.

"Па, шіркін!" демеске амалың жоқ. Әлденеден көңілің көтеріліл, қуанып каласың. "Осынау ғажап жерұйығын бір көрер ме еді?!" деп ынтығасың. Бәрімізді осынша сүйіндірген, таңырқатқан керемет не сонда? Ол керемет-Махамбет ақының құдіретті таланты, туған жерге деген махаббаты. Ал осы өлеңнің соңғы:

Ондай қоныс маған жоқ,

Құдайым қылды-амал жоқ,- деген жолдарын оқып, үнсіз күрсінеміз, жаңа ғана жарқырап тұрған күн, жайнап тұрған дүние бұлт басқандай күңгірт тартып кете барады. Біз Нарындай жер-суынан айырылып, күйзелген соң бір заманғы қазақ елінің шерлі жанын түсінгендей боламыз.

Ел шырқы бұзылды, өз жерінен өзі қуылып, өгейдің кебіне түсіп барады. Жаны алқымына тақалғанда қой екеш кой да тұяқ серпімей ме. Ал біз кеше ғана еркін, азат, есесін ешкімге жібермеген намысқой ел емес пе едік. Міне, Исатай, Махамбет сияқты ел серкелері мен олардың бостандық туының астына жиналған басқа да өжет ерлердің мақсаты да сол елдің қолдарынан тартып алынған жер-суын өзіне, адал иесіне қайтару.

Еділ үшін егестік,

Жайық үшін жайғастық,

Қиғаш үшін қырылдық,

Тептер үшін тебістік, -

Теңдікті малды бермедік,

Теңсіздік малға көнбедік.

Көріп отырғанымыздай, көтерілісшілер аты-заты бар ата қоныс үшін жан беріп, жан алып шайқасыпты. Ақынның жеңілістен бұрын да, кейін де шығарған өлендерінде, әйтеуір, туған жердің бір белгісі, туған елдің бір сипаты айтылмайтыны некен-саяқ.

Әйтсе де: "Айналайын Ақ Жайық, ат салмай өтер күн қайда?" деп жүректі шым еткізетін ("Ұлы арман" деген өлеңдегі) ата қонысында өзіне-өзі би, қожа кездегі қазақ елі өмірінің сәні мен салтанаты қандай келісті."Ұлы арман" десе, ұлы арман. Тіпті бұл өлеңнен үзіп мысал келтірудің өзі қиын.

Кербұғыдай билерден

Ақыл сұрар күн қайда?

Бізді тапқан ананың,

Асыраған атаның,

Ризалықпен жайғасып,

Қолын алар күн қайда?- деп бір тыныс алса, әрі қарай былай дейді:

Еділдің бойын ен жайлап,

Шалғынға бие біз байлап,

Орнық ты қараса бадан,

Бозбаламен  күліп-ойнап

Қымыз ішер күн қайда?

Елбең-елбең жүгірген,

Ебелек отқа семірген

Арғымақ туран асылды

Барыстай жал-құйрығын таратыды,

Бауырынан жаратып,

Тұяқтан ұшқан тозаңын

Арқадан жауған қардай боратып,

Басын көкке қаратып,

Құлағын істей қадалтып,

Баптап мінер  күн қайда?...

Алаштағы жақсыдан

Батасын алып, дәм татып,

Түлкідейін түн қатып,

Бәрідейін жол жатып,

Жауырынына  мүз қатып,

Жау тоқтатар күн қайда?

Махамбеттер кезіне дейін осы айтылғандай заман болған ғой қазақта. Оған Махамбеттен көп бұрын дүниеден өткен Ақтамберді жырау да өлең-куәлік қалдырғаны белгілі. Өлеңде қылаудай бір шетін сөз, сөз түгіл, бір дыбыс болсайшы. Бәрі құлпыра кұйылысып, өлеңнің романтикалық шалқыған ырғақ сазына айналады. Қайда және қандай күйде жүрсе де, ақын туған халқын есінен шығармайды. "Елім үшін жан пида!" деген сертінен айнымайды. Онын өлеңі де, өмірі де соған айғақ.

Баданамды баса бектеріп,

Қасыма жаттан жолдас ертіп,

Күн-түн қатып жүргенім —

Анау Нарында  жатқан жас баланың қамы үшін,-дейді батыр. Бұған зәредей де шек келтіру күнә болар еді. Ол өзінің андысқан ата жауы, билеуші сұлтан Баймағамбеттің алдына еріксіз барған көзінің өзінде :

Еділдің бойы ен тоғай -

Ел қондырсам деп едім.

Жағалай жатқан сол елге,

Мал толтырсам  деп едім, деп, алдына қойған мақсатын, қазірдің өзінде де бұл ниетінен Кайтпағанын жасырмайды.

Жеңілістен кейінгі ауыр күндерде майысса да, сынбаған, бойың қайта тіктеп алған қайсар ақын:

Қарындастың қамы үшін,

Қатын менен бала үшін,

Қайрылмай кеткен жігіттің

Өзін-кәпір, алғанын-

Талақ деп айтсақ болар ма?- дейді шамырқана. Қарындастың қамын ойламаған азамат-азамат емес, жігіт-жігіт емес. Ақын осылай дейді. Оның ойында, жүрегінде қашан да халық тұрады. Досты да, қасты да сол халыққа, туған жер мен елге қатынасымен өлшейді. (Ол заманда, бертіндегі Абай тұсында да қарындас сөзі ағайын жүрт, туған халық ұғымында қолданылған.) Сол үшін де "ханнан туған қырықтан" "халықтың кегін қуатын қарадан туған біреуді" артық санайды. Алдағы арманды туған жерімен, онда орнатсам деген өмір салтанатымен, ата қоныс — Жайығымен байланыстырады.

Жайықтың бойы көк шалғын

Күздерміз де жайлармыз.

 Күлісті сынды күренді,

 Күдірейтіп күнде байлармыз, - дейді. Осындай ғажайып көркем де көңілді шумақты жалғыздық тауқыметін, жеңіліс қасіретін бастан өткеріп жүрген ақынның жүрегінен балқытып шығарған да туған жер құдіреті, туған елге, атамекенге деген ұлы сүйіспеншілік емес пе!

Информация о работе Махамбеттің ақындық шығармашылығы