Автор: Пользователь скрыл имя, 17 Февраля 2013 в 19:48, доклад
Қазақтың ұлттық Ренессансының басы Абай Құнанбаев, оны дамытқан әрі қалыптастырған ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлері дейтін болсақ [1,5], оның пайда болу процесіне ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында ғұмыр кешкен кемел ақын Дулат Бабатайұлы бастаған «Зар заман» дәуірі әдебиеті өкілдерінің әсері бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Дулат ақынның Абайға дейінгі поэзияда көркем ойлау жүйесінің жаңаша үлгісін тудырып, ұлттың әлеуметтік үнін, халқының азаттығын жырлауда замандастарынан даралық танытқаны туралы Қ.Жұмалиев, Х.Сүйіншәлиев, Р.Сыздықова, Қ.Өмірәлиев т.б. сияқты көрнекті әдебиет зерттеушілері Кеңестік идеологияның екпіні басылмай тұрған кездің өзінде толымды пікірлерін жазды.
Исатай, Махамбет бастаған халық көтерілісі жеңілгеннен кейін хан, сұлтан, феодалдар көтеріліске қатысушылар енді қайтып бас көтермес үшін қатты- қатты шаралар қолданды. Мал-мүлкін конфескеледі, Сібірге айдатты, шетінен ұстап түрмеге жаптырды, қуғын-сүргінге ұшыратты. Сондағы қуғын көргеннің бірі Шернияз болды. Біресе Әлім, біресе Шемен, біресе Табын, біресе Хиуа елдеріне барып, Шернияз, Махамбеттердің сырғи берулері - Жәңгір, Баймағамбет, Перовскийлердің оларды қалай да ұстау керек деген әмірінің күші, ізіне шам алып түсулері еді. Сондықтан Шернияздың Баймағамбет сұлтанға келуі, еш лаждың жоқтығы, бүгін болмаса, ертең қолға түсетіндігіне көзі жеткендігі, әйтеуір ұсталатын болғасын, не ұсталып тыну, не себебін таба алса, құтылу, екінің бірі, «шешінген судан таймастың» кері болатын.
Шерниязды паналатуда Баймағамбеттің өз есебі, өзінше мақсаты болды. Бақ аңсап, даңқ іздеген, Жәңгірмен өзінше іш бәсекесі зор тырашсынған Баймағамбет сұлтанға атышулы Шернияз шешенді өз қолында ұстау, оның лажсыздығын пайдаланып, өзінің сарай ақыны ету мақтан есепті болды.
Өздерін мақтатып, жұрт алдында беделдерін көтеру үшін, ең шешен, талантты ақындарды сарай маңында ұстау жалпы хандардың ескі салты екені мәлім. Бұл дәстүрдің жалғасы аға сұлтан дәуірі ғана емес, тіпті кешегі Октябрь революциясына шейін келді деуге болады. Қазақтың үлкен феодал, болыс-билерінің қасында өзінің шашбауын көтеретін кейбір ақындары болатын.
Сөйтіп, Шернияздың Баймағамбетті паналауы лажсыз жағдаймен байланысты болса, Баймағамбеттің оны аман сақтап қалуы өз мүдде, өз тілегіне бағыныңқы.
Шернияз өз кезінде де, өзі өлгеннен кейін де халыққа аты көп жайылған, даңқты ақынның бірі. Оның сөздері халыққа ерте күннен мәлім. Қазақстанның қай түкпірі болсын Шерниязды жақсы біледі. Оның өлеңдерін сүйіп тыңдайды, сүйсініп оқиды. Бұған бір жинаушының мына бір сөзі толық дәлел.
«Біздің жақта, - дейді жинаушы, - Шернияз сөздерін әңгімеге үйірлігі бар жігіттердің көбі-ақ біледі. Өлеңші ақындардың білмейтіні жоқ. Әсіресе: «Байеке, сіздің қызда жаман бар ма» деген өлеңі мақалға айналған. Ақын көрсе «Шерниязды айт» деп көпшілік қолқа қылады1. Жалғыз Жетісуда ғана емес, Қазақстанның қай облысы, қай ауданында болсын халықтың Шерниязды қолдайтыны рас. Халыққа көп тарағандығы жағынан Шернияз қазақтың қай ақынымен де таласа алады.
Тіл-әдебиет институтында Шернияздың 1925 жылы Москвада басылған Алыш ақынның варианты, Омарбек, Мәшһүр-Жүсіп жинаған варианты (Мәшһүр-Жүсіп, ІІ том, 8-бет) - үш түрлі вариант бар («Шернияз ақын» өлеңдері, «Шернияз», «Шернияздың Баймағамбетке айтқаны»). Бұлардың аттары әр басқа болғанмен, желісі бір. Өлеңдер Шернияздың Баймағамбетке келіп кездесуінен басталады да, өзінің кім екенін таныстыру, Баймағамбет бұйрығы бойынша, оның қызын, әйелін, өзін мақтау, Исатайды мақтау, Медебаймен (бір вариантында Марабай делінеді) айтысып жеңуімен аяқталады.
Алыш ақынның вариантында Шернияз өлеңдерінің аяғы Байғара болыстан зорлық көрген Шернияздың арыз айтуымен тынса, Мәшһүр-Жүсіп варианты Шернияздың Баймағамбеттің қызының тойын бастауы, Баянасқа айтқан өлеңімен аяқталады.
АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
ХІХ ғасыр әдебиеті
Алматы 2013