Ақпан әйітбекұлы

Автор: Пользователь скрыл имя, 28 Марта 2013 в 14:20, реферат

Описание работы

«Ақтөбе» энциклопедиясында: «Ақпан Әйітбекұлы (1837-74). Жауынгер ақын. А.Әйітбекұлынан қалған мұра - 1855-58 жылдары Есет Көтібарұлы басшылық еткен ұлт-азаттық көтерілістің көркем бейнесін жасауымен ерекшеленеді», – делінген /1.228/. Кеңес заманында ұлттық сананы тұншықтыру мақсатында қаншама іс-әрекеттер істелсе де, тарих оқулығының беттерінен «1855 - 1858 жылдардағы Шекті руы қазақтарының отаршылық езгіге қарсы баскөтерісі» дейтін тақырып біржолата жойылып кете қойған жоқ. Мысалы: «Қазақ мемлекеттік баспасынан» 1957 жылы шыққан «Қазақ ССР тарихының» бірінші томында: «1853 жылы Перовскийдің Ақмешітке жорығы кезінде патша өкімет орындары шекті руының ылаушыларымен қоса 4 мың жүк түйесін талап етті.

Работа содержит 1 файл

АҚПАН ӘЙІТБЕКҮЛЫ.doc

— 106.50 Кб (Скачать)

Ұлы Құм-ау, Ұлы  Құм,

Тізеден еді құдығың.

Қашағанды құтқармас,

Құбаталды құрығың...

Бесшоқы, Боташ, Беларан,

Көрінесің күндік арадан.

Киікбайдың  сорына,

Екі жаяу сыймаған.

Сұлуқара, Мүлкаман,

Арзығұл, Керей — бір табан

Ортасынан жер  беріп,

«Ханның» бойын жайлаған.

«Бақтыбайлап!» ту алып

Қарсы келген дұшпанын,

Жеңбей атам қоймаған.

Орысқа берді бәрін де,

Бақыты тайған сорлы ағам /9/.

Ақпан өлендері көркемдік қуаттан кенде емес. «Қызыл ауыз боз бала» дегендегі «қызыл ауыз» эпитеті еріксіз елең еткізеді, жас адамның ерні қызыл, ал жасамыс адамның ерні бозғыл болатыны санада бірден қылаң береді. Бұрынғы поэтика қазынасында ұшыраспайтын мұндай образды тіркестерді Ақпан ақын оқтын-оқтын пайдаланып, өз сөзінің қадірін арттырады.

Жазғы самхал болғаңда,

Бәйбішем қымыз  құйған күн,

Сіріңді қара сабадан.

Түскі самхал болғанда,

Азамат басы құралып,

Аңсап келіп ішкен күн

Ірбіті сары самардан, – дегендегі «жазғы самхал», «түскі самхал», «сірінді қара саба», «ірбіті сары самар» эпитеттері қазір архаизмге айналғанымен Ақпан ақынның өзіне ғана тән стильдік ерекшеліктерін аңдатады. Мұндағы «самхал» сөзін қайталаудың өзі ырғақты күшейтіп, тыңдаушы назарын аударып, өлең әсерін арттырып тұр. Ақпан-бұрынғы жыраулық дәстүрді берік ұстанған ақын, себебі ол өлең ырғағын басты назарда ұстайды, тармақтардың басындағы сөздердің ұйқасын, ішкі ұйқастарды естен шығармайды.

Ойпаңға орда қондырып,

Ойтаңға біткен орайды,

Ордырып, малға  шалдырып,

Отырушы еді  бір күнде 

Тоғайдың иірім  кенінде-ай.

Бұл ассонанстағы «ойпаңға», «ойтаңға» сөздері ғана ұйқасып тұрған жоқ, «ордырып», «шалдырып» сөздері де іштей ұйқасып тұр.

Ақын аллитерацияны да аса шебер пайдаланады.

Торай көзді  ат мініп,

Томағалы құс салып,

Тобылғы мойын  ит қосып,

Түлкі алдырып  қиядан.

Әлбетте, аллитерация белгілі ақындар шығармаларында жиі кездеседі,  бірақ «торай көзді ат мінген», «тобылғы мойын ит ерткен» ақын жалғыз Ақпан ғана. Ақын дыбыс қайталауды ғана мақсат тұтпайды, өлеңнің мазмұнына, ішкі сұлулығына айрықша көңіл бөледі.

Ақында:

Қонысынан ауған  соң,

Өзі білген ерлердің

Іші жанып жалындай,

Жүрегі дертке шалынды-ай;

Теке мүйізді  теңдестер,

Қошқар мүйізді құрдастар,

Іздесең де кетерсің,

Бір-біріңе табылмай;

Таба алмай  кетер бір-бірін,

Бірге жүрсе  қадірі жоқ,

Теңдес өскен  құрбының,-

дейтін тамаша шумақ бар. Бұл сол кездегі ата жауымен алысқан аталардың ғана емес, қазіргі біздің де сезімімізге қатты әсер етіп, көңіл толқытады.   Фәнидің   өткіншілігін   мойындап, «рас-ау» деп ойлайсың. Бақиға аттанып кеткен құрбылар еске түседі. Бұл, әрине, ақын сөзінің құдіреттілігінен. Мұнда эпитет те, метафора да бар. Әсіресе «Теке мүйізді теңдестер, Қошқар мүйізді құрдастар» деген жолдар елең еткізеді.  Қыпшақ тілінің әлемге әйгілі ескерткіші «Кодекс куманикустың» 1303 жылы көшіріліп алынған текстісінің

1880 жылғы Будапешт басылымында мынадай жұмбақ өлең бар екен:

Kockar muzi kojurmak,

Kojurmakdan kojur-іг.

Tege muzi tjyrmak,

Tiyrmakdan tjyrmak /11.279/.

Біз   бұған   қарап   арпалыста  жүріп   аз   ғана   ғұмыр   кешкен Ақпанның     ата    жұртының    тілін     қаншалықгы    қадірлегенін пайымдаймыз.  Әлимсақтағы ескі үлгілерді өз шығармасына өте ұтымды,      түрлендіре      қолданғанын      көреміз.       Бұл – Ақпан поэзиясының тіл ерекшелігінің бір қырын аңдатса керек. Жалаң болмас үшін тағы бір мысал келтірейік.

Ақпанда:

...Бұл күндері болғанда,

Патшадан шықты оязнай,

Қолыңа қағаз  ұстатты,

Атамнан қалған мұрадай...

Немесе,

...Ылаж етіп  отырсаң, 

Ұстатады қолыңа,

Орысша жазған қағазды-ай,

Патшадан шыққан бұл бұйрық

Үш ай тоқсан аяздай... –

деген жолдар бар.

Жоғарыда айтқанымыздай  Ақпан Қоңырат жерінде біраз  уақыт патша жендеттерінен бой тасалаған. Сол тұста Қарақалпақ поэзиясымен де етене танысады. Он төрт томдық «Қарақалпақ фольклорының» бесінші томында мынадай толғау жолдары бар екен.

...Арқадан келер  аяздай,

Қоқаңлаған қораздай,

Бас-аяғыңа бір қағаз,

Жазып берер  қолыңа,

Жағаңа тігіп сақсайсаң,

Әкеңнен қалған мураздай.../12.381/

Көрсетілген     мысалдар     Ақпан     поэзиясындағы     дәстүр сабақтастығының тамыры тым әріде жатқандығын аңдатады.

Фольклор мен  жеке ақындардың шығармашылық дәстүрлі байланысы ерте замандардан келе жатқан занды құбылыс. Фольклорлық мұра    әдебиеттің    дамуына,     оның    көркемдік кестелерінің айшықтала түсуіне әрқашан ықпал жасап отырған және жасап келе жатыр. Дәстүрді түбегейлі игеру – екінің бірінің қолынан келе беретін іс емес, ол аса зерделі, дарынды ақынның шығармашылығына тән қасиет. Алдыңғы дәстүрді толық игергенде ғана жаңашылдыққа жол ашылып, болашаққа қадам жасалмақ.

Ақпан өзінің жауынгерлігімен, ерлігімен, жалынды жырларымен ел-жұртының рухын көтерді. Ел тәуелсіздігін бәрінен жоғары қойды. Мұнысы кейінгілерге үлгі болды, бұл өңірде отарлық езгіге қарсы күрес тоқтамады, оны Мырзағұл би мен Сарышолақ ақын жалғастырды.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. «Ақтөбе». Энциклопедия. – Ақтөбе, 2001.
  2. Қазақ ССр тарихы. 1 том. – Алматы, 1957.
  3. «Қазақ батырлары» газеті, 2000. - №8.
  4. Добромыслов А.И. Тургайская область. –Оренбург, 1902.
  5. Мейр Л. Киргизская степь Оренбургская ведомоства. –СПб.1865.
  6. Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі инспекция қорынан. 128-бума, 2-дәптер.
  7. Азаттықтың сұңқары. Ғылыми-практикалық конференция материалдары. –Ақтөбе,1993.
  8. Байдосов З. Үш ғасыр перзенттері. – Ақтөбе, 1997.
  9. Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі инспекция қорынан. 137-бума, 3-дәптер.

10.Қарайдар мен  Қызылгүл. Ноғай жырлары. (Құр. Р.Бердібаев). – Алматы, 1989.

11.Қабдолов З.  Таңдамалы. 2том.-Алматы, 1983.

12.Қарақалпақ  фольклоры . 5-том. –Нөкис: Қарақалпақстан, 1980.

 

 

 

 

 

 

 


Информация о работе Ақпан әйітбекұлы