Автор: Пользователь скрыл имя, 28 Марта 2013 в 14:20, реферат
«Ақтөбе» энциклопедиясында: «Ақпан Әйітбекұлы (1837-74). Жауынгер ақын. А.Әйітбекұлынан қалған мұра - 1855-58 жылдары Есет Көтібарұлы басшылық еткен ұлт-азаттық көтерілістің көркем бейнесін жасауымен ерекшеленеді», – делінген /1.228/. Кеңес заманында ұлттық сананы тұншықтыру мақсатында қаншама іс-әрекеттер істелсе де, тарих оқулығының беттерінен «1855 - 1858 жылдардағы Шекті руы қазақтарының отаршылық езгіге қарсы баскөтерісі» дейтін тақырып біржолата жойылып кете қойған жоқ. Мысалы: «Қазақ мемлекеттік баспасынан» 1957 жылы шыққан «Қазақ ССР тарихының» бірінші томында: «1853 жылы Перовскийдің Ақмешітке жорығы кезінде патша өкімет орындары шекті руының ылаушыларымен қоса 4 мың жүк түйесін талап етті.
АҚПАН ӘЙІТБЕКҰЛЫ
Филология ғылымдарының докторы
Ақтөбе қаласы.
«Ақтөбе» энциклопедиясында: «Ақпан Әйітбекұлы (1837-74). Жауынгер ақын. А.Әйітбекұлынан қалған мұра - 1855-58 жылдары Есет Көтібарұлы басшылық еткен ұлт-азаттық көтерілістің көркем бейнесін жасауымен ерекшеленеді», – делінген /1.228/. Кеңес заманында ұлттық сананы тұншықтыру мақсатында қаншама іс-әрекеттер істелсе де, тарих оқулығының беттерінен «1855 - 1858 жылдардағы Шекті руы қазақтарының отаршылық езгіге қарсы баскөтерісі» дейтін тақырып біржолата жойылып кете қойған жоқ. Мысалы: «Қазақ мемлекеттік баспасынан» 1957 жылы шыққан «Қазақ ССР тарихының» бірінші томында: «1853 жылы Перовскийдің Ақмешітке жорығы кезінде патша өкімет орындары шекті руының ылаушыларымен қоса 4 мың жүк түйесін талап етті. Бұл қазақтардың әлінен келмейтін талап еді, сондықтан олардың арасында наразылық туғызды. Олар түйе беруден бас тартып, Жемнің басына қарай көше бастады. Қазактардың бұл баскөтерісіне Кіші жүздің ірі феодалы, батыр Есет Көтібаров басшылық етті», – делінген /2.367/. Ақпан ақынның өмірі, шығармашылығы осы азаттық жолындағы көтеріліспен тікелей байланысты. Қазақ тілінде сауат ашқандар ішінде «Айман-Шолпан» дастанынан хабарсыз қазақ жоқ, себебі басқа басылымдарды былай қойғанда ол мектеп оқулығына енген, Көтібар да, Есет те сол жырдың кейіпкерлері. Көтібар батыр Сырым Датұлы бастаған көтеріліске белсене қатысқан /3/.
Сондай әкеден тәрбие алған, Кенесары Қасымов ісін көзімен көрген Есеттің отарлық езгіге қарсы күресі дәл 1853 жылы емес, әрегіректе басталғанға ұқсайды.
Тарихшы А. И. Добросмыслов. «Торғай облысы» деген кітабында: «Когда Жанхожа действовал на Сырдарие, его сообрат батыр Исет Кутебаров, сын батыра Кутебара, сподвижника сначала султана Каратая, а потом хана Ширгазы, подвизался на верховьях реки Эмбы. Исет во время, вызванных Кенесарой Касымовым, был в числе его сподвижников...» – дейді /4.407-409/.
Ал, Ресей соғыс министрлігінің полковнигі Л. Мейер: «Орынбор ведомствосының Қырғыз даласы» кітабында: «Были чикалинские батыры Джанхожа Нурмухамбетов и Исет Кутебаров. С последним тот час же наше начальство поссорилось и создало себе опасного врага... Грабежи его особенно стали известны с 1833 года угон казачьих лошадей с линии, ограблением караванов в разное время....» депті /5.66/.
Осы деректердің өзі-ақ Есеттің отарлаушылар мақсатын ерте түсінгенін аңдатады. Мұны айтып отырған себебіміз, ат жалын тартқаннан Есеттің жанына ерген Ақпанның жалындаған жастық шағы түгелдей күрес үстінде өтеді. Ел жадында қалған оның шығармалары да осы азаттық жолындағы арпалысқа бағышталған.
....Қарт бурадай қаһарлы,
Патшаға қазақ бағынбас,
Ер Есеттің діні азбай.
Ер Есет елдің басы еді,
Арыстандай азулы,
Әруағы жұрттан озулы,
Патшаның құрған торына
Бой бермеді бағынбай.
Арыстанның өлген шағында-ай,
Бес Шектінің баласы,
Сонда бөліне көшкен емес пе,
Бұлдыраған сағымдай.
Бөліне көшкен Есетке,
Бірің көмек бермедің,
Қайтсін тауы шағылмай.
Есетке бермей тізгінді,
Жазулы қағаз қолға алып,
Патшаға бердің қожарнай /6/ .
Шектінің бес баласының бірі – Баубек. Баубектен – Көкбөрі, Темірбақты, Жанқылыш. Ақпанның тегі Жанқылыш, оның ішінде Есенгелді аталығы. Әкесінің аты – Әйітбек. 1837 жылы Сыр мен Елек өзендері арасында көшіп жүрген көшпендінің отбасында дүниеге келген, 1874 жылы Хорезм жерінде дүние салған. Өле-өлгенінше отарлық езгіге қарсы болып өткен Ақпанның туған, өлген жылдары екі жерде көрсетілген. Біреуі әйгілі әнші, халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғарифолла Құрманғалиевтің жеке архивінде, онда: Ақпан Әйітбеков (1837-74). «Жырау. Алақозы» делінген. Алақозы казіргі Шалқар ауданыңдағы Борсық құмы /Ұлы Құм/ ішіндегі елді мекен. Мұнда таңданарлықтай ештеңе жоқ, F.Құрманғалиев Ырғыз, Шалқар өңіріне әлденеше келген; Сары Батақұлының, Сарышолақ Боранбайұлының әндерін репертуарына енгізген. Әнші ғана емес, әрі жыршы Құрманғалиев жүрген жерлерінен толғау, дастандар да жинаған.
Екінші деректі біз «Азаттықтың сұңқары» атты кітаптан кездестірдік, онда: «Әлім тайпасы, Шекті Бәубектен тараған Есенгелді аталығындағы Ақпан Айтбеков (1837-1874) заманында өз өңірінің шығармашысы, ақын болған. Ақпан «Есет батыр» жырын шығарған. Онда:
Есет қатты ер екен,
Қарт бурадай қаһарлы,
Патшаға қазақ бағынбас
Ер Есеттің діні азбай.
Ер Есет елдің басы еді
Тасқындаған аруағы,
Патшаның құрған торына
Бой бермеді бағынбай, -
деп Есет бейнесін сомдайды», – деген дерек берілген /7.56/. Бұл жеті жол жоғарыда біз келтірген жолдардың нашар нұсқасы болғанымен, мұндағы Ақпанның өмір сүрген уақыты F. Құрманғалиев көрсеткен жылдарға дәл келуі өте құнды мәлімет.
Жоғарыда айтқанымыздай, Ақпанның бізге жеткен толғау, өлеңдері азаттық жолындағы көтеріліске тікелей байланысты болуы себепті бұл жерде тағы да ол мәселеге айналып соғуға тура келеді. Ақылы кеніш Есет мұздай қаруланған орыс әскеріне қарсы Кенесары Қасымовтың соғыс тәсілін кеңінен пайдаланады: дұшпанын сусыз шөлге, құмға салып титықтатып, тұтқиылдан шабуылдар ұйымдастырады, 1858 жылға шейін берілмейді. Ақпанның «Есет батыр» жырын шығаруы әбден мүмкін, жауына шейін мойындаған Есет Көтібарұлы – қандай жыр шығарып мадақтауға да тұрарлық кесек тұлға. Бірақ «Есет батыр» жыры, өкінішке орай, қолымызға түспеді, Ырғыз, Шалқар өңірінің қазіргі тұрғындары ондай жырды білмейтін болып шықты. Дегенмен ақынның жоғарыдағы батырға арналған жолдары, оның өз басшысының алға қойған мақсатын айқын түсінгендігін айғақтайды.
Қазақ сарбаздарын талқандай алмаған орыс жендеттері енді ауылда қалған бала-шаға, қарияларды зәбірлеп, тонауға кіріседі. Мысалы: Орынбор шекаралық комиссиясының төрағасы Г.В.Григорьев Орынбор генерал губернаторына:
«Бейбіт елді шапқынға салу тамаша әдіс болды. Шаған бойындағы Ерназар Кенжалиннің аулын шауып 350 жылқы, 200 түйе, 500 қой, 40 ірі қара, 11 қарақшының отбасы айдалып алынды. Отрядқа қарсылық жасағаны үшін 8 адам табан астында өлтірілді», – деп қанағаттанғандықпен хабарлайды /7.58/. Тонау одан әрі күшейтіледі, 42 мың басқа жуық мал айдалып алынады» /2.368/. Бұл ел шабу, тонау туралы сол тұста Лондонда А. И. Герцен шығарып тұрған «Колоколда»: «Ежелгі соғыстар немесе монғол шапқыншылығы замандарынан бері полковник Кузьмин мен майор Дерышевтің шапқыншылығынан асып түскен айуандық болған емес...» – деп жазады /2.368/. Немістің «Аусбур газеті» де үрейлі мақалалар жариялайды /8.112/.
Ел тағдырын ойлаған Есет амалсыз патша үкіметімен келіссөзге келіп, өз күресін тоқтатады. Осы аталып отырған жағдайлардың бәрін Ақпан көзімен көріп, басынан өткереді. Өз шығармаларына арқау етеді.
Ақпан Әйітбекұлы ел-жұртының тәуелсіздігі үшін күресті, отарлық езгіге қарсы өлең, толғаулар шығарды. Мөңке өз толғауларында қазақтың отарлық езгіге түсетінін болжап айтса, Ақпан оны көзімен көрді, басынан өткерді. Енді Мөңке айтқан отарлық езгі туғызатын теріс салдарлардың да болатынын, яғни, халқының ұлттық қадір-қасиетінен айырыларын жан-тәнімен сезінген Ақпан қолына қару алып, атқа мінді. Яғни, Ақпан – жауынгер ақын.
Ақпан Әйітбекұлынан қалған мұра – 1855-58 жылдары Есет Көтібарұлының басшылығымен өткен ұлт-азаттық көтерілісінің әдеби бейнесін жасауымен ерекшеленеді. Яғни, Ақпан – нақтылы тақырыпты сөз еткен ақын. Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі инспекция қорынан алынған төмендегі өлең жолдары осы пікірімізді растайды.
Басқасын қоспағанда төрт жылдық соғыстың /1855-58/ өзі аз емес, үнемі ат үстінде, елден жырақ: шөлді Үстіртте, Сам, Матай құмдарында ата жауымен айқасып жүрген ақын ел-жұртының өткен, басы бостан кезін аңсайды.
... Халықтың күні малында-ай,
Малдың күні жерінде-ай.
Сол жерлерде жүргеңде,
Қайыр шашқан байларым,
Болушы еді елімде-ай.
Жасаңға үйді қондырып,
Жасау, табақ жайдырып,
Сары азаматты жыйдырып,
Сабадан қымыз құйдырып,
Қайыр берген байларым,
Отырушы еді бір күнде,
Үлкен үйдің төрінде-ай.
... Ойпаңға орда қондырып,
Ойтаңға біткен орайды,
Ордырып, малға шалдырып,
Отырушы еді бір күнде.
Тоғайдың иірім кенінде-ай,
Кендігіне мал салып,
Төгілмелі төбенің,
Төскейіне қоңсы алып.../9/
Мұндай өткенді аңсау отарлық теперішін көп көрген, ата қонысынан ауған туыскан Ноғай жұрты өлеңдерінде жиі кездеседі.
Қанға сіңген салтымыз
Қара ноғай халықымыз.
Еділ екен біздердің
Туып өскен жеріміз.
Тұнығына сол судың
Тұлпар салған еріміз.
Шөлдегеңде қаталап
Қанып шыққан малымыз.
Қалды бірақ ол мекен
Күлге айналып талымыз,
немесе,
...Арак деген көк өріс,
Терик деген жеріңіз -
Жазда жайлап, қыс қыстап,
Жүрген еді еліміз.../10.189-
1855 жылы маусымда патша үкіметінің тапсырмасымен Кіші жүздің орта бөлігінің аға сұлтаны Арыстан Жантөрин 1500 қол басқарып, көтерілісшілердің соңына түседі.
Шілдеде екі жақ Елек өзенінің бойында, Суықсу деген жерде кездеседі. Көтерілісшілер елші жіберіп, сұлтанға кейін қайт деп ұсыныс жасайды. Арыстан соғысқа әзірленеді. Жоғарыда аталған «Қазақ ССР тарихында»: 8 июль күні таңсәріде Есет ойламаған жерден сұлтанның лагеріне шабуыл жасады.
Қысым жасайтыны
үшін халық өлердей жек көретін сұлт
Бұл оқиға туралы Ақпан ақын:
... Бұл күңдері болғанда
Патшаменен жау болдық,
Бозбалаға ой салып;
Арыстан төресін өлтірдік,
Ордасына қол салып,
Ортаға олжа мол салып;
Сонда біздер көшкенбіз,
Көлденең шыңға жол салып,
Атамыз қазақ болған соң
Істеп жүрміз бұл істі,
Жинаған малға бусанып, - /9/
деп толғаған.
Мыңбасы Әзберген Мұңайтбасов бастаған көп сарбаз Хиуа жеріне өтеді. Ақпан осы топтың ішінде кетеді.
Патшаға бағынуға карсы болған, бірақ амалы таусылған жауынгер ақын:
Әуелден-ақ жатсайшы,
Сен патшаға бағынбай.
Бір бағынып алған соң,
Енді қайда барасың,
Қоныста жатып шабылмай.
Қонысынан ауған соң,
Өзі білген ерлердің
Іші жанып жалындай,
Жүрегі дертке шалынды-ай.
Теке мүйізді теңдестер,
Қошқар мүйізді құрдастар,
Іздесең де кетерсің,
Бір-біріңе табылмай.
Таба алмай кетер бір-бірін,
Бірге жүрсе қадірі жоқ,
Теңдес өскен құрбының.
Асқаралы тау, ағын су
Самалды тоғай, салқын ну,
Ойласам естен кетпейді,
Қоныс деген құрғырың.
Біздер кеттік қоныстан,
Шығарған соң сұм патша,
Қырық мың әскер орыстан, - /9/
деп бәрінің басына түскен ең үлкен ауыртпалықты, бір-бірінен тірілей айрылысуды, өз еліне, өз жеріне сыймауды өлең сөзге айналдырып, жыр етіп төгеді.
Ақын өлеңдерінен бұл аймақтың өткен тарихының елестерін анық көреміз. Хиуа жеріндегі тіршілік көзі өзгеше-тін: мұнда қазақтың еркін жайлайтын кең сахарасы жоқ, жер өлшеулі, әдеп-ғұрып басқаша:
Біз жыламай қайтеміз,
Көрмеген жер - көрстан.
Көрстан демей не дейін,
Бесқалаға келген соң,
Кетпен шауып, бел теуіп,
Кетпейді балаң жұмыстан, —
Бұл ештеңе емес, ең қиыны:
Сарсыла көшер Арқа жоқ,
Салқындап қонар өлке жоқ,
Кең қоныстан ауған соң,
Айрылғаның ырыстан! – дейді тағдыры талқыға түсіп, ырысы шайқалған ақын.
Ақыннан қалған азғантай мұраға көңіл тоқтатып, байыптай қарасақ, ол қайта оралып, ата қонысында жүргенге ұқсайды. 1868 жылдың «Уақытша Ережесі» бойынша Қазақстандағы барлық жер мемлекет меншігі деп жарияланды. Жер мәселесін шешуде патша үкіметі өлкені отарлау мақсаттарын көздеді. Жерді мемлекет меншігі деп жариялау, оны керегінде жергілікті халықтан алып отыруға занды негіз болды»/2.415/. Облыстар уездерге бөлініп, оларды орыс офицерлерінен қойылған уездік бастықтар басқарды. Бұл жағдай Ақпан шығармашылығында төмендегіше көрініс табады:
... Бұл күндері болғанда,
Патшадан шықты оязнай,
Қолға қағаз ұстатты,
Атамнан қалған мұрадай.
Кешегі хабар шыққалы
Үлкен аға, кіші іні,
Ойын менен күлкі жоқ,
Бірі мен бірі араздай.
Жер - патшаның жері деп,
Құртып отыр ылажды-ай...
Осы жолдардан басқа ел аузында Әзберген батырға еріп, амалсыздан үдере көшкеңде айтқаны екен дейтін үзік-үзік жыр жолдары сақталған. Мұнда ақын туған еліндегі жер-су аттарын өлеңге қосады: