Ядросыз әлем құру – адамзаттың аңсарлы арманы

Автор: Пользователь скрыл имя, 21 Ноября 2012 в 07:33, доклад

Описание работы

Қазақ елі дүние дидарында тағы бір тамаша бастамасымен танылды. Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен халықаралық форумда Ядролық қарусыз әлем жөніндегі декларация қабылданды. Құжатта Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік ядролық қарусыздану және таратпау үдерісіне қосқан орасан зор үлесі мойындалған. Адамзат жаппай қырып-жою қаруынан құтылатын күнге жақындай түсті. Бұдан бұрын Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен БҰҰ шеңберінде белгіленген Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне арналған шаралар аясында Астана мен Семей қалаларында ядросыз әлем құру мәселесіне арналған екі күндік халықаралық форум өтетінін айтқан болатынбыз. Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Ядросыз әлем үшін» атты сол форум өз жұмысын бастады.

Работа содержит 1 файл

Документ Microsoft Word (5).doc

— 218.50 Кб (Скачать)

Түстен кейін «Ядросыз әлем үшін»  халықаралық форумының екінші және үшінші панельді сессияларының жұмысы әрі қарай жалғасты. Екінші сессияға қатысушылар «Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты жеделдетіп, күшіне енгізудегі үкіметтер мен қоғамдастықтың рөлі» деген тақырыпқа байланысты өзекті де өткір мәселелерді талқылады. Сессияға ЯҚТЖШ-ның атқарушы хатшысы Тибор Тот модераторлық етті. Ол отырыста талқыланатын мәселелердің әлемдік қоғамдастық үшін ерекше маңызды екендігін айта келіп, сөз алушы спикерлерге белсенділік танытуды өтінді.

Алғашқы болып сөз алған АҚШ  Мемлекеттік хатшысының көмекшісі Роуз Готтемеллер сөзін Қазақстанға осымен екінші мәрте келіп отырғанынан бастады. Оның айтуынша, сол алғашқы сапар есінен мәңгі кетпейді. Әсіресе, Алматының бал татыған алмасына ерекше қызыққан екен. Осы ойын ашық білдірген ол Қазақстанның ядросыз әлем құру идеясын қолдайтындығын, бұл АҚШ Президентінің бүгінгі үндеуінде де айтылғанын атап өтті. Сондай-ақ шешен Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қол қойылғанына, енді оны мемлекеттер ратификациялау қажеттігіне назар аудартты. «Шарттың күшіне енуіне Қазақстан Республикасы тарапынан көптеген жұмыстар атқарылды, деді ол осы жайында. Қазіргі кезде Қазақстан инновациялық үдерістерге бет бұрды. Ақпараттар алмасу жақсара түсті. Сондықтан да қазақстандықтар ұсынған ядролық қауіпті заттардың таралуы жөніндегі ақпаратты сол мезетте хабардар етудің маңызды екендігін баршамыз қаперден шығармауымыз керек».

Норвегия Парламентінің депутаты Мортен Хоглундтың атап өтуінше, сессияның бұл отырысында өте маңызды мәселелер талқыланып отыр. Өйткені, бүгінде ядролық сынақтардан зардап шеккендер, оның ауыртпалығын тартқандар қатары азайған жоқ. Бұған мысал ретінде депутат өзінің Семей полигонында болғанын, ондағы жағдайлардан жақсы таныс екендігін тілге тиек етті. «Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қол қойылғанымен, құжат әлі күшіне енген жоқ, деп жалғастырды сөзін депутат. Бірақ ядролық сынақтарға тыйым салудың негізі қаланды. Бүгінге дейін шартқа 150-ден астам мемлекет қол қойды. Елдердің көпшілігі оны әлі ратификациялаған жоқ. Сондықтан мен елдерді шартты ратификациялауға шақырамын». Депутат ядролық қауіп-қатердің кез келген уақытта туындауы мүмкін екендігінен де хабардар етті. Оған Фукусима АЭС-тегі апатты жағдай нақты дәлел болады. Мұндай мысалдар өткен тарихтан белгілі. Сол тарих таразысынан сабақ алған жөн. Шешен бұл жерде парламентаралық байланыстардың орны бөлек екенін де атады.

Жапония Парламентінің депутаты Хироси Каваути Қазақстанның ұйытқы болуымен өтіп отырған бұл жиын ядролық қаруды жоюға жасалған нақты қадам екендігіне тоқтала келіп, Фукусима АЭС-інде болған апаттан және цунамиден қаза тапқандарға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айтқандығын және көмек көрсеткендігіне тоқталды. «Жапония мен Қазақстан арасындағы ядросыз аймақ құру мәселесі бойынша парламентаралық байланыстар жақсы, деді спикер әрі қарай. Жапония халқы ядролық сынақтарды тоқтатуды қалайды және шарт жедел күшіне енеді деп санайды». Сонымен қатар, ол біраз елдердің Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қосылмағанын, бұл ядролық қатерлердің әлі де сақталып отырғандығын білдіретіндігін алға тартты.

Жапония Парламентінің тағы бір  депутаты Наокадзу Такэмотоның хабардар еткеніндей, Жапония мен Қазақстанның ядролық сынақтарға байланысты тәжірибелері бар. Оны Хиросима мен Нагасаки қалаларына тасталған атом бомбаларының, Семей полигонында 40 жыл бойы жасалған ядролық сынақтардың зардаптарынан көруге болады. Бұдан бұрындары кейбір елдерде жасалған сынақтарға кезінде әлемдік қоғамдастық та алаңдаушылықтарын білдірген. Сондықтан да осындай халықаралық іс-шаралар жиі өткізілуі керек. Радиацияның қандай зардаптарға соқтыратынын қазақстандықтар да, жапондықтар да жақсы біледі. Ал Жапония Семей ядролық полигонының зардаптарын жоюға көп көмек көрсетті. Енді біздің алдымызда ядросыз әлем құру мәселесі тұр. Біздер барлығымыз бірігіп, нақты шешімге келгенде ғана соған қол жеткізетін боламыз, деп қайырды сөзін ол.

ГФР Үкіметінің қарусыздану мәселелері жөніндегі өкілі Кристоф Айххорн Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі форумда сөйлеген сөзінде ядросыз әлем құру туралы өзінің нақты көзқарасын жеткізгендігіне тоқтала келіп, АҚШ Президенті Барак Обаманың үндеуі де ойынан шыққандығын жеткізді. Айтылған мәселелерге мемлекетаралық ықпалдастық қажет, деді ол. Оған Германия тарабы әрқашан дайын. Ал Ядролық сынақтарға тыйым салу туралы шартты ратификациялауда біздің ел нақты жұмыстарды қолға алып жатыр. Сондай-ақ спикер Астанадағы осындай жиынды өткізу ерекше маңызды екендігіне тоқталды. Оның тоқталып өткеніндей, аталған мәселелер бойынша ғылыми тәжірибелер қажет. Германия ғылыми тұрғыдан оған көмек көрсетуге әзір. Биылғы жылдың басында бірқатар ірі мемлекеттер шартты ратификациялау қажет екендігін мәлімдеген. Бұл құжат жаһанда ядросыз әлем құруға алып келетін қадам болып табылады.

Ал Франция Сенатының мүшесі Амери де Монтескью өз сөзіне ядролық қарулану сол елдер үшін миллиардтаған қаржыға түсіп отырғандығын арқау етті. Оның мәлім етуінше, ядролық қару өндіруге және оны ұстауға 10 жыл ішінде 1 триллион доллар қаржы кетеді екен. Сол қаржы қарулануға емес, экономиканы дамытуға жұмсалғаны жөн. Сонда бүгінде кедейшілікте өмір сүріп жатқан миллиондаған халықтың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік туар еді. Бүгінгі сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев бізге соның жолын көрсетті, деді осы жөнінде шешен. Семей сынақ полигоны зардаптары әлі жойылған жоқ. Ядролық қаруды жасау, оны сынақтан өткізу аса қауіпті екенін кезінде ғалымдар айтқан болатын. Оған түрлі саяси жағдайлар тосқауыл қоя алмады. Саяси бәсекелестік бүгінде осыған алып келіп отыр. Осылай деген ол қазіргі кезде Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты оған қол қойған 150-ден астам елдің 9-ы ғана ратификациялағанын атады. «Парламентарилер ядролық қарусыздану үшін» ұйымының бас хатшысы Алин Варенің айтуынша, соңғы жылдары парламентшілер өте ауқымды жұмыстарды жүзеге асыруда. Нидерландының парламенті шартты ратификациялауды қолдайды. Осыған байланысты парламент тиісті қарар қабылдады. Парламенттердің осы мәселедегі рөлін біз жақсы білеміз. Қазақстан ядросыз әлем құру жөнінде бастама көтеріп, осы бағытта нақты жұмыстарды қолға алуда. Біз бірлесіп жұмыс істегенде ғана аталған проблемаларды шешуге болады, деді ол.

Ипр (Бельгия) қаласы мэрінің орынбасары Ян Брейн алдымен Ипр қаласында екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан жауынгерлерге ескерткіштер орнатылғанына, ол соғыс зардаптарының неге апарып ұрындыратынынан хабар беріп тұрғанына тоқталды. Ядролық сынақтар мен атом бомбаларынан қазақстандықтар да, жапондықтар да орасан зор зардап шекті, деді ол әрі қарай. Сондағы жарылыстардан жер үсті температурасы 1000 градустан асып кеткенін кезінде ғалымдар дәлелдеген. Жалпы ядролық сынақтардың жиі жасалуы климаттың өзгеруіне де айтарлықтай әсер етті. Сондықтан да біз бүгінде шынайы күн сәулесін көре алмай отырмыз. Оның үстін зиянды заттар қоршап алған. Осыған байланысты шешен әлемде ядролық саясаттың өзгеруі тиіс екендігіне, бұған азаматтық қоғам институттары ықпал ету қажеттігіне назар аударды.

Ал АҚШ өкілі Пол Уокер 1945 жылы Хиросима мен Нагасаки қалаларына бомба тасталғанын, одан мыңдаған адам қаза тапқанын келтіре отырып, ядролық қарулану мен сынақ жасау сол жылдардан басталғанын алға тартты. Оның мәлім етуінше, Олжас Сүлейменов басқарған Невада – Семей қозғалысы әлем жұртшылығын ядролық қаруға қарсы күреске үндеген қозғалыстардың бірі болды. Сол қозғалысты әлем халқы қолдап, ядролық сынақтарды болдырмауға үн қосты. Сонымен бірге, спикер шартты алдымен ядролық қаруға ие мемлекеттер ратификациялауы тиіс екендігін атады. Одан кейін ол қатысушылар назарын ядролық сынақ салдарынан ластанған қоршаған ортаны қалпына келтіру қажеттігіне аударды.

Екінші сессияның отырысы аяқталған  соң, кезек тақырып аясындағы  пікірсайысқа берілді. Пікірсайыс негізінен ядролық қару түрлерін жасау мен оны сынауға кететін қаржыны қысқарту, ядролық заттардың таралуы жөніндегі ақпараттарды бүркемелемей, дереу жариялау мәселелері төңірегінде өрбіді. Бұған нақты мысал ретінде Фукусима АЭС-індегі апат салдарын келтірді. Пікір білдірушілердің сөздеріне қарағанда, тексеру барысында Фукусима АЭС-нен таралған радиацияның Жапония үкіметі мәлімдегеннен едәуір артқаны анықталған. Сондай-ақ пікірсайыс кезінде Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты 2012 жылға дейін барлық ел ратификациялауға күш салу қажет екендігі және МАГАТЭ-нің мәліметтері ашық және қолжетімді болуы тиіс екендігі көтерілді.

Ал үшінші панельді сессия отырысында «Ядролық қарудан еркін аймақ  құру: проблемалары мен перспективалары» деген тақырыптағы мәселелер талқыланды. Отырысты Таратпау проблемаларын талдау жөніндегі орталықтың директоры Уильям С.Поттер мырза жүргізіп отырды. Модератор өз сөзінде бүгінде бірқатар елдерді біріктірген ядросыз аймақ құрылғандығын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанның бастамасымен Орталық Азия елдері де ядросыз аймақ болып құрылған. Орталық Азия елдері өзара бірлесіп, қоршаған ортаны қорғау проблемаларына ерекше ден қойып келеді. Бұдан кейін ол тақырыпқа байланысты спикерлерге сөз берді.

БҰҰ-ның  Орталық Азия бойынша өңірлік орталығының жетекшісі Мирослав Енча сөзін Қазақстан басшылығына алғыс айтудан бастады. Қазақстан әлемде ядролық арсеналы жағынан төртінші орын алатын қарудан бас тартты, деді ол осы жайында. Оның үстіне Қазақстан ядросыз әлем құру идеясын ұсынып отыр. 2010 жылы БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Семей полигонында болғанында бұл идеяға қолдау білдірген еді. Біздің орталық Орталық Азиядағы елдермен осы салада тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді. Бұл жұмыстардың болашағы зор екендігіне сенімдеміз. Өйткені, Орталық Азия – ядросыз аймақ ретінде саналады. Мұнда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың зор еңбегі мен беделі жатыр.

АӨСШК-нің  атқарушы директоры Чинар Алдемир осыдан 20 жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен Семей атом полигонын жауып, әлем жұртшылығын таң қалдырғанын, Қазақстан басшысынан ядролық қаруы бар өзге де мемлекеттер басшылары үлгі алу қажеттігін, енді Қазақстан ядросыз әлем құру идеясын көтеріп отырғандығын шынайы ризашылықпен атап өтті және Қазақстан басшылығына ризашылығын білдірді. Бұдан кейін шешен АӨСШК-нің осы бағытта айтарлықтай жұмыстар істей білгендігіне тоқталды. Оның тоқталғанындай, АӨСШК-ге мүше елдер ядросыз әлем құруға әлемдік қоғамдастықты шақырады. Ядросыз аймақ құру – ядросыз әлем құруға алып келеді. Бүгінде дүние жүзінде бес ядросыз аймақ құрылған. Ал Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт МАГАТЭ аясында жұмыс істемек. Ядросыз аймақтардың негізгі міндеті – адамзатты ядролық қарудан қорғау болып табылады.

Ал  АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Уильям Х.Кортни өз сөзін Қазақстанға ризашылық білдіруден бастады. Қазақстан мұнай мен газ қорларына өте бай мемлекет, деді спикер осы туралы. Қазақстан ядролық қарудан бас тарту арқылы өзін әлем жұртшылығына бейбітшілік сүйгіш ел ретінде көрсетті. Жаппай қырып-жоятын қарудан бас тарту – үлкен ерлік. Ядролық қаруы бар бірқатар елдердегі саяси тұрақсыздық әлі өткір күйінде қалып отыр». Дипломат сондай-ақ Иран мен Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламаларды жүзеге асыруына алаңдаушылық білдіре келіп, оған халықаралық қоғамдастық ықпал етуі керектігін атады және ядролық қару жасайтын шикізаттардың айналымына қатаң бақылау орнату қажеттігінен хабардар етті.

БҰҰ-ның  қаруды таратпау және қарусыздану жөніндегі орталықтың экс-директоры Цутому Исигуридің пікірінше, ол ядросыз аймақ құру мәселелеріне де араласқан. Орталық жоғарыдағы мәселелер бойынша бірқатар кездесулер өткізіп, бүгінде олар жалғасын тауып отыр. Ол Қазақстан басшысының ядросыз әлем құру идеясын алғашқылардың бірі болып қолдаған екен. 2009 жылы БҰҰ Қазақстанның ұсынысымен Семей атом полигонының жабылған күні – 29 тамыздың Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялануында Қазақстанның ядролық қаруға қарсы тағы бір жасаған белсенді іс-қимылының нақты көрінісі болады. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Болат Сұлтанов Орталық Азияны ядросыз аймақ құру мәселесіне қатысты іс-шаралар 1997 жылдан басталғанын, бүгінде ол әлемнің өзге де өңірлерінде жалғасын тауып отырғанын алға тартып, ядролық қарусыздануға халықаралық қоғамдастық та үлес қосуы тиіс екендігін атап өтті.

Ал  Жапония халықаралық қатынастар институтындағы орталықтың директоры Нобуясу Абэнің мәлім етуінше, бұдан 20 жыл бұрын жабылған Семей атом полигоны әлемге үлкен өзгерістер әкелді. Ядросыз аймақ құру бастамасын да қолдаушылар қатары да уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Бұл жұмыстың тиімділігі өзара ынтымаққа да байланысты. Сонымен қатар, шешен Таяу Шығыстағы жағдайлар бүгінде үлкен проблемалар туғызып отырғандығына тоқталып өтті. Ядролық қаруы бар елдер тұратын өңірлерде ядросыз аймақ құру мүмкін емес деген пікірлер де айтылуда, мен бұған келіспеймін. Израиль өзінің ядролық қаруы бар екенін ашық айтуы қажет.

Сессия  отырысы аяқталған соң, оның қорытындылары  туралы модераторлар С.Лодгард , Т.Тот және О.Поттердің хабарламалары тыңдалды. Бұдан кейін форумға қатысушылар Астана декларациясы жобасымен танысып, құжатты бір ауыздан қабылдады. Форум соңынан Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қа з ыханов сөз алып, форум жұмысына қатысқан делегаттарға, халықаралық ұйымдар өкілдеріне белсене қатысқандары үшін алғыс айтты. Бүгін «Ядросыз әлем үшін» халықаралық форум жұмысы Семей қаласында жалғасады.


Информация о работе Ядросыз әлем құру – адамзаттың аңсарлы арманы