Автор: Пользователь скрыл имя, 12 Января 2012 в 17:43, реферат
Өңірімізде аты аңызға айналған хас батыр, даңқты қолбасшы, жерлесіміз Бауыржан Момышұлының ғасырлық мерейтойын өткізу шаралары басталды. Облыстық кешенді жоспарға сай бағдарламалық іс-шаралардың тырнақалды жобасы Батырдың кіндік қаны тамған топырақтан бастау алды. Осы аптада ауданымызда ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.
Өңірімізде аты аңызға айналған хас батыр, даңқты қолбасшы, жерлесіміз Бауыржан Момышұлының ғасырлық мерейтойын өткізу шаралары басталды. Облыстық кешенді жоспарға сай бағдарламалық іс-шаралардың тырнақалды жобасы Батырдың кіндік қаны тамған топырақтан бастау алды. Осы аптада ауданымызда ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Батырдың бай өмірлік, әскери, рухани және шығармашылық мұрасын жас ұрпаққа таныстырып, оның бойына елжандылық қасиеттерді сіңіруді көздеген бұл іс-шараға облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Жастар орталығы» КМҚК, «Нұр Отан» ХДП облыстық филаилының «Жас Отан» жастар қанаты мен олардың аудандық бөлімшелері ұйытқы болды.
Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Жастар орталығы» КМҚК директоры Д.Қайыпов, «Бауыржан Момышұлы ХХІ ғасыр көгінде» ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері, профессор М.Мырзахметұлы, Баукеңнің немере інісі Б.Момынқұл бастаған облыстық жастар ұйымдарының өкілдері мен «жасотандықтар» алдымен Батыр ескерткішіне аялдап, оған гүл шоқтарын қойды.
Әрі қарай іс-шараға қатысушылар «Достық» мәдениет үйіне келіп, фойедегі жергілікті батыр мұражайы мен «Бауыржантану» орталығы ұйымдастырған көрмені тамашалады. Мұражай меңгерушісі Е.Жапарбекова келушілерге Баукең өмірінің балалық және жастық шағынан, әскери және жазушылық кезеңінен мол мағлұматтар берді.
Ғылыми-практикалық конференцияның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Б.Қарашолақов пен Б.Момынқұл алда күзде ЮНЕСКО шеңберінде атап өтілетін осынау айтулы оқиғаның жас ұрпаққа берер пайдасы мен маңызына тоқтала келе іс-шараның сәтті өтуіне тілектестігін білдірді. Сарысу ауданынан келген жас ақын Н.Ермеков өзінің хас батырға арнау өлеңін оқып берді. Әсем безендірілген сахнаның бір қапталындағы мультимедиа экранынан тақырыпқа қатысты деректі құжаттар қабат көрсетіліп отырды.
Конференцияның пленарлық отырысында облыс орталығынан келген бір топ ғылыми-шығармашылық өкілдері Бауыржан мұрасына арналған шағын баяндамасын көпшілік қауым назарына ұсынды. Батырдың көзі тірісінде онымен 30 жылдай дәм-тұздас болған жамағайыны, профессор Мекемтас Мырзахметұлы Баукеңнің былайғы жұртқа беймәлім қырларынан тағылымды сыр шертті. Ол сондай-ақ өзі басқаратын «Бауыржантану» орталығының Батырдың мұрасын жинақтап, халыққа жеткізу жолында істеп жатқан игілікті істерінен хабардар етті. Орталық қызметкерлері бірнеше жылдан бері Бауыржан Момышұлының әскери және әдеби-рухани мұрасын зерделеп, жинақтауда өлшеусіз тер төккен. Бастапқыда 30 томға шақталып, жинақталған дүниелер 40 томнан асып жығылыпты. Бүгінде оның 15 томы «Өнер» баспасынан жарық көріп үлгірген. Алла бұйыртса, оқырман қауым онымен таяу арада толық қауышатын болады. Баспаға қажетті қаражаттың бәрі бар. Облыс әкімі Қ.Бозымбаев 50 миллион теңге бөлдірді. Енді осы қаржыны шашау шығармай, кітаптарды көркем, көз тартатындай етіп шығару міндеті тұр.
Шымкент заң колледжінің кафедра бастығы, полиция полковнигі, саяси ғылымдар кандидаты Е.Абдраимовтың «Бауыржан – ұлттық батыр», Тараз мемлекеттік педагогика институты «Қазақ әдебиеті» кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты С.Исматованың «Аты аңызға, сөзі нақылға айналған ата», Қ.Йасауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Тараз институтының профессоры А.Белботаевтың «Бауыржан Момышұлы және мемлекеттік тіл», Тараз қаласындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының мұғалімі М.Дастанованың «Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романындағы монологтың рөлі» және т.б. баяндамаларда Батырдың халқы алдындағы сіңірген еңбегі сан қырынан ашыла түсті. Жамбыл облысының құрметті азаматы, зейнеткер Х.Бейсеев өзінің жақында арнайы шақыртумен Мәскеуде өткен Баукеңнің 100 жылдық мерейтойынан алған әсерлерімен бөлісті.
Конференция Бауыржан Момышұлының этнопедагогикалық, психологиялық, философиялық, мәдени-әдеби және рухани бай мұрасын жинақтау ісін жалғастыруға, оның елжандылық маңызын жастар арасында кеңінен насихаттау үшін жыл сайын конференциялар ұйымдастыруға қарар алды. М.Мырзахметұлы Баукеңнің 18 жасында Сарысуда мұғалім болып, бала оқытқанын ескеріп, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына Бауыржан Момышұлы есімін беруді облыстық ономастика комиссиясының қарауына енгізу туралы ұсыныс айтты. Тараз қаласындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының мұғалімі М.Дастанова Батырдың кіндік кескен жұртында жыл сайын «Бауыржан оқуларын» өткізіп тұруды ұсынды.