Бесшатырдың
ғұрыптық құрылыстары тайпаларының
көсемдерін мәңгің есте қалдыруға тырысқанын
көрсетеді. Құрылыс салғанда оларды бүлінбейтіндей
(тонамайтындай) ету ғана емес, сонымен
бірге «мәңгі» тұратындай етіп салу мақсаты
да көзделді. Сақтардың түсінігі бойынша,
ескерткіш өзінің көлемі жағынан көсемнің
құдіреті мен байлығына сай келіп, келер
ұрпақтың бойына құрмет және қорқыныш
сезімін ұялатуға тиіс болды.
Бесшатыр
обалары өздерінің көрнектілігімен
зор әсер қалдырады. Үлкен обаны
тұрғызу үшін ғана елу мың
текше метрден астам топырақ,
тас, қиыршықтас пайдаланылған,
ал онығ үстіне қорымнан 3 шақырым
жерде орналасқан ең жақын таулардан мыңға
жуық тақтатастар мен қойтастар тасып
әкелінген.
Оба үйінділерін
стратиграфиялық зерттеу бұл
үлкен қорғандардың әрқайсысы
тастар мен топырақты жөн-жосықсыз
текшелеу ғана емес, қайта ұүрылымы алдын
ала ойластырылған сәулетті ғимарат екенін
көрсетеді. Топырақтың көп қабат етіп
үйілуі оба ішіндегі ағаш құрылысқа қажетті
микроклиматты қалыптастырылып, ескерткіш-обаның
өз сынын ұзақ уақыт сақтауына да әсер
еткен.
Үйінділердің
көлемі жағынан қорым обалары
үлкен, орташа және кіші болып
бөлінеді, үйінділердің осы үш
тобына қабір құрылыстарының
әр алуан түрі: үлкендері мен
орташаларына – бөренелерден тұрғызылған
қабір, киіз үй тәрізді бейіт, ал барлық
кіші обаларға жерден қазылған шұңқыр
(кейде оған салынған тас жәшік) сәйкес
келеді. 4-ші обадағы киіз үй тәрізді шатырлы
бейітке ешқайсысы ұқсамайды. Әзірше ол
скиф-сармат мәдениетінің обаларынан
табылған осы түрдегі бірден-бір құрылыс.
Бесшатыр
құрылыстарын салуға қажетті
бөренелер оба орналасқан орыннан
шамамен 200-250 шақырым болатын Іле өзенінің
арғы бетінен, Іле Алатауының сілемдерінен
дайындалған. Сол жерде, ағаш кесілген,
бұтақтары мен бұдырларынан тазартылып,
жасалған кетпелер арқылы оларды өзенге
сүйретіп апарып, салмен құрылыс салынатын
жерге жеткізген. Бұл орайда қыл арқандар
мен ши талшықтарынан есілген арқандар
пайдаланылған.
Ағаш
кесу, бөренелерді қысқарту және
басқа да ауыр жұмыстар жүзі
тез мұқалатын ауыр қола балталармен
орындалған. Бөренелерді өңдеу сан алуан
шоттар, қашаулар, үскілер, қола шапашоттармен
жүргізілген болса керек.
Бесшатыр
обаларын қазғандағы материалдар
Жетісудың сақ тайпаларының мәдениеті
туралы түсінікті байыта түседі.
Олар көпжылдық тәжірибенің, жоғарыда
атап өтілгеніндей, жерлеу қабірлерін
салу кезінде ғана емес, сонымен
қатар тұрғын үйлер салу кезінде де жинақталғанын
дәлелдейді. Бұдан Жетісу сақтары «таза»
көшпелі болған жоқ, олар жылдың жылы маусымдарында
ғана көшіп, суық түсісімен қыстайтын
жерлеріне барған да, қысқы тұрғын үйлерінде
қыстаған деген қорытынды шығады. Тұрғын
үй салғанда олар ағаш, тас, қамыс, бұта
сияқты жергілікті материалды пайдаланған.
Есік
обасы
Есік обасы 40-тан астам обадан тұратын
үлкен қорымның оңтүстік шетінде орналасқан.
Обаның диаметрі 60 м, биіктігі 6м. Үйілген
топырақтың құрылымы айқын емес, бірақ
көп қабатты (3-4 қабат), малтатас қабаты
қиыршық-сазды қабатпен ауысып отырады,
орталықтағы моланың айналасынан ірі
қойтастар жиынтығы байқалады. Үйінді
астында екі қабір: орталық және бүйірдегі
(оңтүстік) қабірлер бар. Ортадағы қабір
қарақшылардың неше дүркін тонауының
салдарынан әбден шөккен. Бүйірдегі қабір
сол күйінде сақталған. Лақат Тянь-Шань
шыршасының өңделген бөренелерінен салынған,
оның көлемі: ішінен өлшегенде 2,9x1,5 м, сырты
– 3,3x1,9 м, қабатымен қоса алғандағы биіктігі
1,3-1,5 м.
Лақаттың
оңтүстік және батыс бөліктеріне
ыдыстар қойылған, ал солтүстік бөлігінде,
лақаттың тура тақтай еденінде жерленген
адамның сүйектері жатыр. Ағаш қалдықтары
мен темір тұтқаларға қарағанда, өлік
ағаш қақпақпен жабылған болуы керек.
Ол басын батысқа қаратып, шалқасынан
созылып жатыр, бас сүйегінен өкше сүйегіне
дейінгі ұзындығы 165 см.
Есік
обасындағы қабір құрылысы, сірә,
былайша тұрғызылған болса керек:
әуелі ұзына бойы батыстан
шығысқа бағытталған тікбұрышты
қабір шұңқырын қазған. Оның түбіне
бөрене қима – лақат жасалған. Оның
құрылымы өте қарапайым: ұзындықтары бірдей
бөренелерді көлденеңінен лақаттың қабырғасы
болатындай етіп қаластырған. Бұрыштарында
бөренелер өзара байланбаған, тек түйісіп
қана тұр, лақаттың ұзын және көлденең
қабырғаларындағы бөренелердің ұштары
қабірдің опырылып түспеуі үшін кезек-кезек
ұмсындырылып шығарылған.
Лақаттың
қабырғаларына бөренелер бес
қатар етіп салынып, ол үстінен
де ұзын қабырғаларына көлденеңінен
қойылған бөренелермен жабылған. Түбіне
жақсылап өңделген он тақтайдан бір-біріне
жақсы қиюластырып еден төселген. Еденге
өлік пен неше түрлі нәрселер қойылған.
Шамасы,
еденнің өлік жатқызылған тұсына
ұсақ алтын қаптырмаларымен әшекейлеп
тігілген мата төсеніш төселген болуы
керек. Төсеніш үстіне тамаша сәнді киімі
кигізіліп, бес қаруы түгел асылған өлік
қойылған. Орныққан салт бойынша, өлік
аяқ-қолы созылып, басын батысқа, бетін
жоғары қаратып шалқасынан жатқызылған,
оң қолының саусақтары кігдігінен төмен
қойылып, сол қолы бір жағына созылып жатыр.
Оң жағында
бел тұсына ағаш қыны бар
темір семсер қойылған. Қару ілетін
аспалы белдікке алтын қаптырмалар
мен жолбарыс басының бедерлі бейнесі
бар өткерме шегелеген. Белдіктің сол
жағына шауып бара жатқан бұлан мен ат
пішінінде жасалған екі алтын тілігі жапсырылған,
қайыспен қапталған ағаш қыны бар темір
ақинақ ілінген. Оның әшекейлері арасынан
белдіктің аспалары үшін жасалған, бүктетілген
қасқырдың бедерлі бейнесі салынған цилиндр
формалы екі қаптырма-тоға ерекше көз
тартады.
Сол қолының
қарында алтын ұшты символды
жебе, одан жоғарырақ сабы жалпақ
алтын таспамен бунақтала оралған
қамшы, одан жоғарырақ –ішіне
қола айна мен қызыл бояу
салынған шағын жібек қоржын
жатты.
Лақаттың
еденіне өлік тамағы салынған
және ыдыстар қойылған. Жазуы
бар күміс тостаған мен оқшауырақ
тұрған алтынмен апталған қола тегененің
де соларға жататыны анық. Оның ішінде
жыртқыш құстың тұмсығы мен тырнақтары
түрінде жасалған бірнеше мүсіндік алтын
тіліктер жатыр. Ыдыстардың бірде-біреуінен
жануарлардың сүйектері – ет тағамының
қалдықтары табылған жоқ.
Ыдыстарды
орналастыруда белгілі бір тәртіп
сақталған. Қыш және ағаш ыдыстар
бөлек қойылған. Оңтүстік қабырғаға
жақын ағаш ыдыстар, арт жағында
– екі қатарда төрт табақша, алдыңғы жағында
– тегене мен ожау тұр. Екінші қабырға
жанына қыш құмыралар бір-біріне түйістіріліп,
бір қатарға тізіліп қойылған, олардың
алдында тегенелер орналасқан, тегенелердің
арасында екі күміс тостаған мен қасық
бірге қойылған. Қола аяқ бөлек, қаңқаның
бас жағында тұр. Лақаттың шығыс қабырғасы
жағындағы еден бөлігі заттардан бос.
Сірә, лақаттың есігі (Бесшатыр обаларындағы
сияқты) оның шығыс жағында болса керек.
Жерлеу
ғұрпы жасалып, дене қойылған
соң лақат қысқа бөренелермен
жабылып, шұңқыр топырақпен көмілген
де, сонан соң топырақ үйілген.
Антропологтардың
анықтауынша, Есік обасына жерленген
адам 17-18 жасар, бет бітіміне қарағанда
ол сақтарға жатады. Ол алтынмен мол тігілген
сәнді киім киінген. Басына түгелдей түрі
де, көлемі де әр түрлі алтын қаптырмалармен
сәнделген, төбесі шошақ, биік (65-70 см-ге
дейін) бас киім киген. Бас киім жылқы,
барыс, таутеке, құс бейнеленген 150-дей
алтын қаптырмалармен және тоғалармен
сәнделген. Есік жауынгерінің мойнында
– ұшы жолбарыстың басы іспеттес алтын
алқа, сол жақ сырғаларында – перузадан
жасалған салпыншақтары бар, көз салған
алтын сырға болған. Үстіне мата көйлек
кигізілген, оның өңірі мен жеңдері неше
түрлі алтын қаптырмалар мен тізбелер
араластырып, әшекейлеп, кестеленген;
көйлектің сыртынан киілген қызыл бояумен
боялған былғары бешпенттің өн бойы жолбарыстың
басы бейнеленген алтын тоғалармен және
үш сала жапырақ формасындағы кішкене
тоғалармен қапталған. Бешпенттің сыртынан
зооморфтық стильде жасалған, көздің жауын
алатын он алты көлемді қаптырмамен қапталған
құрама белдік тағылған. Белдіктің оң
жағына қызыл қынға салынған ұзын темір
семсер, сол жағына бұлан мен жылқы бейнеленген
алтын қаптырмалар шегеленген қыны бар
темір ақинақ ілінген. Шалбар тігіс-тігісі
бойымен ұсақ алтын шеттіктермен әдіптелген
және балақтары бешпенттегідей алтын
қаптырмалар шегеленген саптама етікке
сұғындырылған. Сақ жауынгері саусағына
екі алтын жүзік таққан, олардың біреуі
– сәнді бас киім киіп қырын қарап тұрған
адамның бас бейнесі бар алтын (жүзік-мөр).
Есік обасындағы қабірдің мерзімі б. з.
б. ғасырдың алғы – III ғ. деп белгіленіп
отыр.
Ертедегі
темір дәуіріндегі Орталық
Қазақстан. Бұл кезде Орталық Қазақстанда
ең көп таралғаны – обалы қорымдар. Ең
ірі обалар: Бұғылы, Қызыларай, Қарқаралы,
Баянауыл, Қызылтас, Кент, Арқарлы, Қу,
Қызылтау, Ортау, Ақтау таулары мен сілемдері
аудандарында шоғырланған. Олар Ұлытау,
Арғанаты, Желдіадыр тауларының бөктерлерінде,
Желдітауда, Тайатқанда, Шұнақта жақсы
мәлім, Солтүстік Бетпақдалаға дейін жетіп
жатыр.Балқаш өңірінің шөлді аймағында
обалар Қотанемел, Тесіктас, Қайрақтас,
Жалғызтау, Жорға, Көксеңгір тауларында
шоғырланып, шығысында Шыңғыс жотасына
дейін жетеді. Солтүстік-шығыста обалы
қорымдар Шідерті, Өлеңті өзендері мен
олардың салалары жағалауындағы жарқабақты
тегіс аймақтарда, солтүстікте Ерейментау
таулы жазығына және Сілеті өзенінің бас
жағына орналасқан.
Тасмола
мәдениеті. Ертедегі темір дәуіріндегі
Орталық Қазақстанның ежелгі малшыларының
мәдениеті неғұрлым көлемді археологиялық
қазба жұмыстары жүргізілген Тасмола
қойнауының атына сәйкес Тасмола мәдениеті
деп аталды. Оны ерекше бөліп алуға тастар
тізбегі бар обалар – «мұртты» обалар
деп аталатын ерекше үлгідегі ескерткіштер
себеп болды. Мұндай ескерткіштер қазақтың
ұсақ шоқылы өңірінен тыс жерлерден, мысалы,
Қазақстанның шығыс және оңтүстік облыстарынан
(Оба, Көктал, Ащысай және Еділ бойы («Үш
ағайынды( аңғары) кездеседі, бірақ олардың
кең тараған негізгі өңірі Орталық Қазақстан
болып табылады.
«Мұртты»
обалардың түрлері көп, бірақ
олардың барлығы дерлік біртұтас
сәулет өнері кешеніне кіреді.
Үйілген топырақ астында өлікті
жерлеу үшін қазылған терең
сопақша шұңқыры бар үлкен
оба оның негізін құрайды. Үлкен
үйіндегі жақын, әдетте шығыс
жағынан, кіші оба салынатын
болған. Оның астына, сол заманғы
жердің бетіне, жанына қыш ыдыс
қойылып, ат жерленген. Сонан соң
кіші обадан шығысқа қарай бағытталып,
шет жақтарында дөңгелек тас құрылыстары
бар, доға тәрізді тас тізбектері қойылған.
«Мұртты»
обалардың архитектуралық кешені
қола дәуірі тайпаларының табынушылық
құрылыс өнерінің дәстүрлерін
айқын бейнеледі, бірақ сонымен
бірге бұл б. з. б. VII-VI ғасырларға
және онан кейінгі кезеңдерге де тән жаңа
құбылыс.
Бұрынғы
аттың терісі мен басын жерлеу
ғұрпынан айырмашылығы – тасты
тізбектері бар обалардан өлген
адамның аяқ жағына көмілген
жылқы қаңқасы табылды. Сірә, атын
құрбандыққа шалатын бұл ғұрып
күнге табынушылыққа байланысты
болу керек.
Тасты
тізбектері бар обалар кешенінің
элементтерінен Күн-құдайға атты немесе
оның белгілі бір мүшесін құрбан ету, үнемі
«кірер аузы» шығысқа, таңертеңгі күнге
қаратып салынатын тас тізбектері сияқты
күнге табынушылықтың ерекше белгілері
деп топшылауға негіз бар. Ал доға тәрізді
тас соқпақтар, сірә, алыста қалған, Ригведаға
сәйкес, күнге арнап Варуна құдай дайындайтын
сүрлеумен байланысты болса керек. Тізбектердің
ұштарындағы дөңгелек тас құрылыстар
ішіне бата қылу кезінде жағылған оттардың
іздері де күнге табынушылықпен байланысты
екені шүбәсіз.
Өлікке
жылқы малын арнау және Күн-құдайға
атты құрбандыққа шалу ғұрыптары көбінесе
діни ұғымдардың негізі ретінде Орталық
Қазақстанның ежелгі малшылары арасына
кең тараған.
Тасты
тізбектері бар құрылыс кешендері
салынуына еңбектің көп жұмсалуы,
байлығы, сәнділігі жағынан ру-тайпа
ақсүйектерін жерлеуге арналған. Әрбір
рулық зиратта ондай құрылыстар онша көп
емес, ал олардың жандарында қатардағы
тайпаластары жерленген көптеген қарапайым
обашықтар бар.
Ескерткіштердің
бұл түрлерінде адамды жерлеу
ғұрпының неғұрлым мәнді-мәнді сипаттары
ұқсас. Бұлар – этникалық-тайпалық құрылымы
бір, бірақ әр түрлі әлеуметтік топтардың
ескерткіштері.
Тұрғындардың
антропологиялық үлгісі мен материалдық
мәдениеттің аса маңызды элементтері
ертедегі темір дәуіріндегі Орталық
Қазақстан тайпалары мен олардан
бұрын өмір сүрген андронов
тайпаларының сабақтастық бар
екенін айқын көрсетеді.
Тас тізбекті
обалар ішіне тастан жәшіктер
мен дөңгелектер салуда, б. з.
б. VII-V ғасырдың кейбір обаларында тақтатастарды
жалпағынан қалап, тас лақаттар тұрғызу
тәсілдерінде, қаруларда, өрнектерде (мысалы,
Сыпыра-оба моласынан табылған қорамсақтың
алтын қалақшасында) андроновтық құрылыс
дәстүрі сақталған.
Археологиялық
деректер және ішінара жазбаша деректерден
алынған үзінді мәліметтер Тасмола мәдениеті
тайпалары сақ тайпаларының қуатты одағы
құрамына кіргенін көрсетеді. Қазақстан
аусағының басқа аудандарының көпшілігіндегі
сияқты, Арал-Ертіс суайрығы аумағын мекендеген
тайпалардың да нақты этнонимін анықтау
қиын. Дегенмен де ертедегі темір дәуірінлегі
Орталық Қазақстан тайпаларын негізінен
Аристей Проконесский жылқыға, қой мен
өгіздер табынына бай сансыз көп және
даңқты жауынгерлер деп сипаттаған исседондар
деп жорамалдауға болады. Басқа авторлар,
атап айтқанда, Гекатей Милетский олардың
шығыс скифтеріне немесе сақтарға жататынын
атап көрсетеді.
Обаларды
қазғандағы материалдар бойынша
Тасмола мәдениеті тайпаларының
үш даму кезеңі шартты түрде
бөлінген.
Бірінші
кезең б. з. б. VII-VI ғасырларды
қамтиды. Бұл кезең туралы Тасмола -1-5,
Қарамұрын-1,Нұрманбет-4 қорымдары неғұрлым
мәліметтер береді.
Екібастұздан
солтүстік-батысқа қарай, далалық Шідерті
өзенінің оң жағасындағы әр түрлі кезде
жерленген Тасмола-1 құрылыстар тобында
19-обаның бейіті мейлінше назар аударарлық
болып шықты. Жерден қазылған қабір шұңқырында
төселген қамыс үстінде қола айнасы, темір
пышағы және қайрақ тасы бар әйел жатты.