Автор: Пользователь скрыл имя, 27 Октября 2011 в 19:13, реферат
Әмір Темір (Темір бін-Тарағай Барлас, парсыша: تیمور لنگ — Тимур-е Ләнг, Ақсақ Темір, Темірлаң) (1336—1405 жж.) — Орталық Азия жаһангері. Әмір Темір – түрік-Ислам әлемінің ұлы қолбасшысы, мемлекет қайраткері. 1336 ж. Кеш (Шахрисабз) қаласында туып, 1405 жылы Самарқан қаласында жерленген. Барлас тайпасының биі Тарағай бектің баласы. Ғалымдарды және Аллаһ жолындағы адамдарды жақсы көрген әкесі Тарағай Бек оны ұстаздарға беріп жаратылыстану, дін ілімдерін және әскери ілімдерін меңгертті. 1361 жылдан Қашқария уилаятының билеушісі болды.
ХІV ғасырдың екінші жартысы, ХV ғасыр басында бұл аймақты атақты Әмір Темір биледі. Ол 1336 жылы осы күнгі Шаһрисабз маңындағы Қожа Илғар қыстағында дүниеге келді. Ер жетіп, атқа мініп, ел тізгіні қолына тиген соң Жетісу жеріндегі Моғолстан мемлекеті басшыларымен бірде достаса, енді бірде жаға жыртыса күн кешті. 1362 жылы кезекті бір қақтығыста аяғынан жараланып қалған ол, содан кейін әлемге Ақсақ Темір (парсыша Темірлан) деген атпен белгілі болды. 1370 жылы Әмір атақ алған соң Мауараннаһр елінің билігі оның қолына түгелдей тиді. Ол бір орталыққа бағындырылған үлкен мемлекет құра алды. Кіндік қаласын Самарқанд еткен билік иесі осы шаһарды көркейтуге барынша күш жұмсады. Зәулім мешіт, медреселер салдырды. Иран, Кавказ, Ресей елдеріне жорыққа шықты. Осы күндері Әзірбайжан мен Армения таласып отырған таулы Қарабақ Әмір Темірдің қысқы ордасы болған.
1388 жылы Алтын Орданың ханы Тоқтамыспен (?-1406) шайқасқан Әмір Хорезмді өзіне түгелдей бағындырды. 1389, 1391, 1394-1395 жылдарғы жорықтар нәтижесінде ол Алтын Орданы күйретті. 1398 жылы Ауғанстан арқылы Үндістанға жорық жасады. Делиді жаулап алды. Әмір Темір қайсы елге, қайсы жерге жорыққа шықпасын балалары мен немере-шөберелерін өзімен бірге алып жүреді екен. Ол жақсы, жаманды көріп шынықсын деген ойы болса керек. Үндістанда бірақ ұзақ аялдамаған. Өйткені әскери қосындағы 5 жасар немересі Ұлықбекке (1394-1449) күн өтіп кетеді деп қорыққан деседі.
Әмір Темір өзі басып алған елдерінен түрлі өнер адамдарын, ісмерлерді Самарқандқа қойдай тоғытты. Шаһар маңындағы кенттер мен қыстақтарға Миср, Димашқ, Бағдад, Султания, Шираз секілді аттар берді.
Иә, әмірші Самарқандтың әлемде теңдесі жоқ шаһар болуын ойластырды және соған барынша күш салды. Қала маңына Бағи чинар, Бағи шамал, Бағи дилкуша, Бағи баланд секілді бақтар егілді. Испания королінен Темірланға елші боп келген Рюи Гонсалес де Клавихо: "Самарқанд тегіс жерде тұр. Ол терең ор және топырақ үйіндісімен қоршалған. Қала барлық жағынан баулар және жүзімдіктерден көрінбейді. Баулар мен жүзімдіктердің көптігі сонша, Самарқандқа жақындағанда ұзын тал-теректі орман мен оның арасындағы қаланы көресің. Шаһар мен бақты жарып суға толы каналдар ағып жатыр. Мұнда өзге елдерден, яғни Русь, Татария, Қытай, Үндістаннан әкелінген тауарлар да көп. Мұнда 150 мыңнан артық түрлі жерлерден жиналған халық тұрады. Оның ішінде араб, түрік, мавр секілді түрлі ру-тайпа өкілдері, армяндық және грек текті христиандар да бар. Жұрттың көптігі сонша, олар қаланың іші түгілі, көшелер немесе кенттерге де сыймағандықтан қала шетіндегі ағаш саялары мен үңгірлерде де тұрады екен деп жазады.
1402 жылы ол Анкара түбінде түрік сұлтаны Баязидті талқандады.Өмірінің соңғы жылдары ол Қытайға жорық жасауды ойластырды. Сөйткен әмірші 1405 жылы қаңтарда Отырар әкімі Бердібектің сарайына келіп қонғанда суық тиіп ауырды да, бар-жоғы бір ай ішінде, яғни ақпанда қайтыс болды. Денесі Самарқандтағы Гур-Эмир кесенесіне жеткізіліп жерленді.
Әмір Темірдің тарихи шаһарын аралап келеміз. Әуелі Гур-Эмирді көруді ұйғардық, оған уақыт өз әсерін тигізбей қоймапты. Кесене қасбетінің жоғары жағындағы мозаикалы тастар тозып, түсіп қалыпты. Ал оның кіреберіс қақпасының екі жағындағы дуалдар да құлап, жермен-жексен болғанымен, ол шамалап қалпына келтірілген. Ішке кірдік. Мұнда Әмір Темір мен оның ұлдары Мираншаһ, Шаһруһ және немересі Ұлықбек жерленген. Олардың бәрінің құлпытастары мәрмәрдан, нефриттен жасалған. Кесененің шығыс жағында онымен жапсарлас салынған мешіт, ал батысында ханака болған екен.
Кесенені Әмір Темір 1404 жылы көзі тірі кезінде-ақ сүйікті немересі Мұхаммедд Сұлтанға арнап салдырған. Сол себепті де ол "Гур (көр) Амир» - әмірдің көрі деп аталған. Мұнда сөйтіп Мұхаммед Сұлтан, Әмір Темір мен оның аталмыш ұлдары және Ұлықбектен басқа әміршінің рухани ұстазы мединелік Мир Саййд Береке және Шаһ Ходжа деген кісі жерленсе керек.
1941 жылы Өзбек ССР ылым академиясының археологиялық экспедициясы осы Гур-Эмир кесенесіне жерленген Әмір Темір мен Ұлықбектің мүрдесін ашып, сонда шынымен де аталмыш екі ұлы адам қойылған ба, жоқ па екенін тексермек болады.
Мүрдені абайлап ашқан кезде әуелі көзге табыт түскен. Археологтар таң қалған. Мұсылмандар қайтыс болған кісіні табытқа салмаушы еді ғой. Бұл қалай? Ақсақ Темір Самарқандтан бірнеше жүз шақырым Отырар маңында дүние салғандықтан да осында ол табытқа салып әкелінген. Сол күйі жерленсе керек. Табыт алтын жіпті паршаға оралған екен. Сол кездің өзінде ол жақсы сақталған деседі. Табытты ашқан кезде саркофакта жатқан қаһарлы әміршінің сүйегі көрінген. Мүрдеге атақты антрополог М. М. Герасимов түскен. Ол саркофактан Әмір Темірдің бас сүйегін алып, демдерін ішіне жұтып, үн-түнсіз қарап тұрған комиссия мүшелеріне көрсеткен.
Ұлықбектің де мүрдесі дәл осылай ашылған. Ұлы ғалым қазасына баласы Абд әл-Латиф кінәлі деседі. Әкесін ол Меккеге қажылыққа баруға мәжбүрлейді. Жолай бір қыстаққа тоқтап, су жағасында дәрет алайын деп жатқанда бар күшімен бір қанішер қылышпен Ұлықбектің желке тұсынан шапқан. Қарудың қатты тигені сонша, ғалымның басы біраз жерге домалап кеткен. Содан оны асығыс-үсігіс сол қыстаққа жерлей салған. Кейінірек барып Самарқандтағы Гур-Эмирге әкеліп жерленген. Басына қойылған құлпытасқа оның баласының қолынан қаза тапқаны жайлы жазылған. Саркофак ашылған кезде жұрт мойыннан кесілген бас сүйектің топырақ "жастық» үстінде бөлек жатқанын көрген. Өз ажалынан емес, кісі қолынан қаза тапқандықтан да Ұлықбек кебінге емес, шаһид ретінде қан болған жібек көйлегімен жерленген. Иә, тақ, билік үшін иманы әлсіздер туған әкесіне дейін өлтіріп неге бармаған дейсіз. Келесі көргеніміз Самарқандтың оңтүстік-шығысындағы Шаһи Зинда некрополы. Бұл ғимараттар кешені бір-бірімен қол ұстаса, тізбектеле жатыр. Бас порталдан кірген соң сол жағыңызда үлкен худжраны көресіз. Ол - мешіт. Одан шығып ілгері жүрсеңіз ашық алаңқайға шығасыз. Бұл жазғы мешіт. Одан шығып, оң жақтағы кесенеге кіресіз. Ол Дәулет Құсбегінің медресесі. Алдан Қази Заде Румидің, Әмірзаданың, Шади Мүліктің, Шірін бике, Ұста Әли, Бұрындықтың кесенелерін жолықтырасыз. Бұл жердегі ең белгілісі, екі көне ғимарат - Шаһи Зинда деп аталған Қуссам ибн Аббастың мешіті мен кесенесі. Шаһи Зинда Самарқанд жеріне ислам дінін тарату үшін Арабстаннан келген. Шаһи Зинда - "тірі патша» дегенді білдіреді. "Шаһи Зинда» сәулеттік ансамблі көгілдір глазурларымен ерекшеленеді.
Әмір Темір Көреген ғажайып кешен – ескерткішті тұрғызумен қатар, оның ғасырдан ғасырларға тозбай жетуін көздеп, мавзолейдің кіре беріс маңдайына асыл тас, алтын, күміс толы шыны құтылар да қалдырған, бірақ бұлары кешегі зұлмат заман тұсында қолды болып кетке.
Түркістан қаласы мен
оның ардақты да асыл
ұлы Қожа Ахмет Иасауидің
атының әйгіленіп даңқа
бөленуіне әйгілі Әмір
Темір Көрегеннің қосқан
үлесі де айрықша бөліп
атауға тұрарлықтай:
Әмір Темір Түркістандағы
Қожа Ахмет Иасауи мавзолейінің
архитекторы да болғанға
ұқсайды. Ол 1387 жылғы
Иасыдағы Қожа Ахмет
мазарына дұға қылып
қайтқаннан кейін, бұрынғы
құлаған кішігірім мавзолейдің
орнына бұрын – сонды
болмаған мавзолей –
кешен салуға жарлық
берді. Тарихшының жазуынша,
Әмір Темір сол күмбездің
биіктігі ішінен 130 кез,
қалыңдығы 41 кез болуы
керек деп көрсеткен.
Сондай-ақ ол күмбездің
түрлі түсті таспен (глазүрмен)
безендірілуі, есіктері
қайнатылған темірден,
ал, хауызы қайнатылған
тастан (мәрмәрдан) қалануы
тапсырылған. Ескерткіштің
салынып біту мерзімін
бір жыл деп көрсетіп,
оны басқару ісі Мәлен
Садырға тапсырылады.
Әмір Темірдің 14-ғасырдың соңғы ширегінде Моғолстанға жасаған жаулаушылық жорықтары. Әмір Темір өзінің Шағатай ұрпағының бұрынғы иеліктерінде бір орталыққа бағынған қуатты мемлекет құрмақшы болған мақсаттарына кедергі жасай алатын Моғолстанды әлсіретуді міндет етіп қойды. Ол жиырма жыл бойы Шу мен Талас өңіріне және Жетісуға үздіксіз шапқыншылықтар ұйымдастырып, оны Дешті Қыпшаққа, Хорезмге, Таяу және Орта Шығыс елдеріне жасаған жорықтармен кезектестіріп отырды. 1371 – 72 ж. Әмір Темір Моғолстанға әскер аттандырды. Бұл жорық кезінде Әмір Темір әскері Ыстықкөл өңіріндегі Сегізағашқа дейін жетіп, көп тұтқын мен мол олжа түсіріп қайтты. 1375 ж. жасалған жорық кезінде Әмір Темір әскері Талас алабы арқылы жүріп, Ілеге дейін жетті. Шарын өз. шатқалында Әмір Темір әскерінің Жаhангер бастаған алдыңғы қосынының Қамар ад-Динмен шайқасы болды. Қамар ад-Дин әскері осы шайқаста жеңіліс тауып, қашып құтылуға мәжбүр болды. 1376 жылдың көктемінде Әмір Темір Моғолстанға Қамар ад-Динге қарсы 30 мың әскермен әмір Сасы-Бұғаны, Әділ-шахты және басқа әмірлерін аттандырды. Бірақ әмірлері Моғолстанға жорық жасамай, Әмір Темірдің Хорезмге кеткенін пайдаланып, бүлік шығарады. Олар Моғолстанға Қамар ад-Динге барып, оны Әмір Темірдің Мауераннахрда жоқтығын пайдалануға, сөйтіп Әмір Темірге қарсы қимылдарында өздерін қолдау үшін әскер жіберуге шақырды. Алайда, Мауераннахрға қайтып келген Әмір Темір Қамар ад-Динді Нарын алқабында жеңіліске ұшыратты. Әмір Темір Қамар ад-Динді 1377 ж. екі рет: біріншісінде – Қаратау етегінде, екіншісінде Шу алқабынан Ыстықкөлге баратын жолдағы Бұғым шатқалында талқандады. Әмір Темірдің 1383 ж. жасаған жорығы кезінде де Моғолстан әскері ойсырай жеңілді. Қамар ад-Дин болса осы кезде Жетісудың солт-не кетіп үлгерген еді. Ол кейіннен Дешті Қыпшақтағы Тоқтамыс ханға барып, онымен Әмір Темірге қарсы бірлесе күресуге келіседі. 1389 ж. Әмір Темір Моғолстанға жаңа жорық ұйымдастырды. Оның бұл кезде Моғолстандағы басты қарсыластары Енге төре мен Қызыр-Қожа хан еді. Әмір Темір әскері Моғолстанға Қаратауды теріскей бетінен айналып, содан соң Шу өз-н бойлай жүріп өтті. Іле өз-нен өткеннен кейін Аягөзге жетіп, онда Әмір Темір өз әскерін екі бөлікке бөлді. Әмір Темірдің өзі Тарбағатайдың батыс жағына бет алды. Омар-Шайх әскердің екінші тобымен Көбік өз-не дейін жетіп, онда үлкен шайқаста Енге төренің әскерін талқандады. Қызыр-Қожа хан Шығыс Түркістанға барып паналап, көп ұзамай ол жерден де қашуға мәжбүр болды. 1390 ж. Әмір Темір Самарқанға оралуға бет алды. Әмір Темірдің Моғолстанға жасаған жорықтары сол тарихи кезеңде Оңт.-Шығыс Қазақстанның экон. және демогр. жағдайына теріс әсер етті. Әмір Темірдің қайтыс болуы Моғолстанды түпкілікті бағыну қатерінен сақтап қалды.
Пайдаланған әдебиет:
«Родоводта» бұл тұлғаға қатысты шежіре бар: Әмір Темір
↑ “Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
↑ Отырар. Энциклопедия. – Алматы.«Арыс» баспасы, 2005 ISBN: 9965-17-272-2
Жәңгір хан атындағы
Батыс Қазақстан Аграрлық-
Техникалық Университеті
РЕФЕРАТ
Тақырыбы:
«Әмір
Темір»
Орындаған: Студент Алтайқызы Айна, ССМ-11