Автор: Пользователь скрыл имя, 04 Декабря 2012 в 20:08, реферат
Қажы Мұқан Мұңайтпасұлы — Қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан. Тұтас ғұмырын күрес өнеріне арнап, ұланғайыр жері мен өршіл халқын бірінші болып өзге жұртқа паш еткен, өзінен бұрынғы қандастары баспаған топырақты басып, көрмеген елді көріп, өзге қазақ тақпаған алтын, күміс медальдарды мойнына тұңғыш ілген Қажы Мұқан бабамыз.
Тау қопарар қайратымен, теңіз тасқынындай екпінімен алаштың боз кілемдегі байрағын күрес шыңының ұшар басына қадады. Қазақ жұртының Қажымұқанға жан теңгермейтіні алыптың ұлтқа жасаған өлшеусіз еңбегінен деп білуіміз керек. Қара сөздің қадірін білетін қазақ “күш атасы” деп басқаны емес, Қажымұқанды атаған. Қажымұқан туралы қалам тербеген алаш қаламгерлерін түгендеп шығу да оңай емес.
Сәкен Сейфуллин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Кенен Әзірбаев, Нартай Бекежанов, Асқар Тоқмағанбетов, Әбділда Тәжібаев, Дихан Әбілев, Сапарғали Бегалин, Сәбит Мұқанов, Әуелбек Қоңыратбаев, Сырбай Мәуленов, Төлеген Айбергенов, Қадыр Мырзалиев, Ғафу Қайырбеков, Қалмақан Әбдіқадыров, Сәуірбек Бақбергенов, Жайық Бектұров, Әди Шәріпов, Зейтін Ақышев, Берқайыр Аманшин, Әлімқұл Бүркітбаев, Қапан Қамбаров, Төлеген Тоқбергенов, Мұхтар Шаханов, Жарасқан Әбдірашев, Бекен Әбдіразақов, Сабырхан Асанов, Аян Нысаналин, Құлбек Ергөбеков, Мамытбек Қалдыбаев, Захардин Қыстаубайұлы, Серік Байхонов, Жанболат Аупбаев, Әділғазы Қайырбеков, Әсия Беркенова, Есенқұл Жақыпбеков… Орыстың көрнекті ақыны Дмитрий Мартынов, белді жазушы Николай Анов… Аттары аталған бір-бір бәйтеректей ақын-жазушыларға спорт журналистерін қоссақ, Қажымұқан туралы қалам тербеген адамдардың шеті-шегі жоқ екенін бағамдар едіңіз.
Қазақ спортында зиялы қауымның осынша көл-көсір махаббатына бөленген Қажымұқаннан басқа мықтыны таба алмайсыз. Жасы жетпістен асқан шағында екінші дүниежүзілік соғысқа арнап ұшақ жасатқан Қажымұқан біртуар балуан ғана емес, елін, жерін шексіз сүйген ер екенін дәлелдеді емес пе. Алланың берген табиғи күшімен, ғажап өнерімен ауыл-ауылды аралап тапқан қаражатын жетім-жесірге үлестіріп жіберіп, өзі ас-судан тарылып, жоқшылықтың тауқыметін тартқан мәрттігін қалай ұмытамыз.
Бір айта кететін жәйт, көрші Ресейде әлемнің бірнеше дүркін чемпиондары Иван Поддубный мен Иван Ярыгиннің, Беларусьте Александр Медведьтің құрметіне әлемдік деңгейдегі дәстүрлі күрес бәсекелері өтеді. Біз болсақ, күш атасы Қажымұқанның жүлдесі үшін ірі халықаралық турнир ұйымдастыра алмай келеміз. Қажымұқандай алыбы бар қазаққа бір жарыс ұйымдастыру неге тұрады. Спорттың басы-қасындағы азаматтар осыны ескерсе дейміз.
Қыдырбек РЫСБЕКҰЛЫ.
***
Сәкен СЕЙФУЛЛИН
ӨРДЕШ ТӨС, БІЛЕУ ДЕНЕ, ШОЙЫНДАЙ СОМ
…Күресте СССР-да жеке-дара –
Талай дәу қыла алмаған ешбір шара.
Еуропа, Азиядан асқандар да:
Поддубный, Ганс – Гауан, Қазбек Гара.
Ожар бет, қара мойын – бейне құлжа,
Қылар ед бір салса егер мылжа-мылжа.
Шалқиған жауырынды, бұжыр қара,
Еңгезер, үйелмен, дәу, тартқан – құжға.
Қалың бет, бура түсті қара нардай,
Жұп-жұмыр, жуан діңгек,
бойшаң дардай,
Өзге жұрт ергежейлі ол келгенде,
Айбынды жолбарысқа болар пардай.
Топшысы кере құлаш, бітім шалқақ,
Шалқиып малпаң басад, талтақ-талтақ.
Ұзақ жол керуеннің көшіндегі
Сияқты жампоз атан, басқан малтақ.
Нартай Бекежанов
ӨНЕРДІҢ БАР ӨЗІНДЕ АЛУАНЫ
Құдіретті қара күштің қаһарманы,
Балуанның бәрін жыққан жиһандағы,
Тізесін белдескеннен бүккен емес,
Чемпион жер жүзіне аталғалы.
Қаһары қаһарланса тасқан селдей,
Жоталы, жалпақ жоны асқар белдей.
Жетпістің жетеуіне жетсе-дағы,
Серпіні қаңтардағы серіпкен сендей.
Асқар ТоҚмаҒамбетов
ТІЗЕСІН БЕЛДЕСКЕННЕН БҮККЕН ЕМЕС
Иығы жонның жота асуындай,
Маң басқан нардың маңғаз басуындай.
Қайтпаған қайтпаса да қайсар күші,
Ертістің қайнап аққан тасуындай.
Он жігіт жаурынына жайласаң да,
Елу пұт білегіне байласаң да,
Былқ етпей бәрін жалғыз көтереді,
Үстінен пятитонка айдасаң да.
Сырбай МӘуленов
ҰЛ ТАРТЫП ТУСА ИГІ ЕНДІ ӨЗІҢЕ
Саусағы Алатаудың еменіндей,
Жотасы Қаратаудың кемеріндей,
Жүзінен шаттық, қайғы білінбейді,
Тұп-тұнық Қараөткелдің тереңіндей.
Ордадай омырауы алқа-салқа,
Жартастай бас терісі жаңқа-жаңқа,
Құлағы жымырайған жырым-жырым,
Қарыны бұлшық еттей қалта-қалта.
Тұтасқан мойны дала жондарындай,
Білегі жолбарыстың қолдауындай,
Гүрзідей қолдарының тегеуріні
Атасы Қобландының қолдарындай.
Ғафу Қайырбеков
БЕРІП КЕТКЕН ТАРИХҚА АТЫН МЫҚТАП
Мүлде сирек көк шөбі құба жонда,
Мүлде сирек бір қазақ жатыр ұйықтап.
Айтарсың – деп кейінгі сұрағанға
Беріп кеткен тарихқа атын мықтап.
Жандар ғой бұл шапағат жарық құшып,
Бар тұлғасын табиғат мол пішетін.
Ол есіңе түскенде халық түсіп,
Халық еске түскенде ол түсетін.
Қадыр Мырза Әлі
БҰЛШЫҚ ЕТІ ДАЛАНЫҢ
Көкорайда түрсе бабаң балағын,
Майдан қылдың кілемін сан қаланың.
Сен “Әуп!” – десең, түйілетін тас болып,
Бұлшық еті даланың.
Атып ұрмай қоймаушы едің кезенсең,
Сені көріп жер болатын ез еңсе.
Сен жығылсаң – далаң бірге жығылып,
Далаң жеңді – сен жеңсең.
Тау көтерсең – қарың сенің талмапты,
Сондай күшпен ата-бабаң мал бақты.
Саған арнап құйған шойын ескерткіш
Болмас сенен салмақты!
Тұманбай МолдаҒалиев
ҚАЙРАТЫМЕН АЙТҚАНДАЙ ЕЛІНЕ АҚЫЛ
Тау көтерген Қажекем кеудесімен,
Сөйтіп, талай тандырған елді есінен.
Сұңқар жігіт сұқтантты сұлуларды
Тұлпар мініп жастықтың кермесінен.
Белдескеннің бәрін де жыға берген.
Тең табылмай өзіне мына әлемнен.
Шауып өткен бір кезде кең даласын
Даңқ деген құламас құлагермен.
Төлеген Айбергенов
СӘЛЕМ САҒАН, КҮШ-АТАМ!
Заңғар таулар жотасын
Мен өзіңе ұқсатам.
Танымайтын атасын
Сәлем саған, күш-атам!
Күтіп талай батыр сын,
Деп тұрғанда белдесем,
Қалай сыйып жатырсың
Мына қара жерге сен.
Сабырхан Асанов
ӘЙГІЛІ ЕСІМ ЖАЗУЛЫ ТҰР ӘР ҮЙДЕ
Талай елден зерлі шапан киіпті,
Талай кесір ердің басын иіпті.
Талай рет жылағанды күлдіріп,
Талайларға атаныпты сүйікті.
Талай сұлу өзі көңілін білдіріп,
Қосыла алмай, дейді дертке күйіпті.
Ашуланса ол тауды тілген, тураған,
Өзендер де қолында оның тулаған.
Айқастарда дауыстаса – “һәп!” десе,
Жаңғырығып ормандар да шулаған.
…Қариялар саусаққа сап санаса,
бұған дейін мұндай адам тумаған!
Мұхтар Шаханов
ҚҰЛАГЕР ТӨС, ПІЛ ТАБАН...
Қара күште әлі ешкім жоқ сенше биік шырқаған.
Өнерге де өзгелерден жақын ең ғой бір табан,
Рух қашып бара жатыр өзің өскен қырқадан…
Бүгін мені қайта көтер жарты ғасыр өткен соң,
Қанатсызды мойындамас мінезіңмен бұрқаған.
Сол бір салтың тірі тұрса, тұрар әр кез ұлт аман,
Қазақтың бас бұлшық еті, құлагер төс, піл табан…
Омарбай МалҚаров
ҚҰРЫШТАЙ ҚОРЫТЫЛҒАН САЛМАҚТАНЫП
Бар әлем Қажекеңді аңыз еткен,
Ертектей елден-елге тарап кеткен.
Күшіне тарих куә, халық куә,
Мақтаған сөзім емес қошеметпен.
Бекен ӘбдіразаҚов
ИІРГЕН НЕ ДӘУІҢДІ ҰРШЫҚ ЕТІП
Қаратау жотасындай бұлшық еті
Иірген не дәуіңді ұршық етіп.
Қажекең буырқанып белдесуге
Кезенген қаһарлы сәт келді есіме.
Ақтастан құйылған сом тұлғасында,
Күш жатыр жан тең келмес бұл ғасырда.
Туған жер құдіретіндей ұл басында
Осылай туса керек туғасын да!
Әбдіраштың ЖарасҚаны
КЕЛСЕ ЖҰРТҚА ТАНЫТҚЫҢ...
Ерендігін Қазақ дейтін халықтың
Бойыңменен Келсе жұртқа танытқың,
Тереңдігін Қазақ дейтін халықтың
Ойыңменен Келсе жұртқа танытқың,
Ей, жас ұрпақ, Құлақ түр,
Ей, жас ұрпақ, Мұрат қыл
Тау тұлғасын Қажымұқан алыптың!
Сұстылығын Қазақ дейтін халықтың
Айбатыңмен Келсе жұртқа танытқың,
Күштілігін Қазақ дейтін халықтың,
Қайратыңмен Келсе жұртқа танытқың,
Ей, жас ұрпақ, Құлақ түр,
Ей, жас ұрпақ, Мұрат қыл
Тау тұлғасын Қажымұқан алыптың!
Түгелбек Қасымов
КҮШ АТАСЫ
Бұлшық ет білектегі ойнады да,
Галстуктей сом темірді байлады да.
Лезде шешіп алып сымдай созды,
Бір күліп қарап қойып жан-жағына.
Тағы да шалқасынан аунады да,
/Құм сықырлап шыдамай салмағына/
Жиырма жігіт мінгізіп бөренеге,
Табанымен көтерді айналдыра.
Төлеген ТоҚбергенов
БАЛУАН АТА
…Қажымұқан шекпенін иығынан
сыпырды. Одан жейдесін шешті.
Бар денесі босаңдау, тым ішті
боп көрінді. Жоғарғы ерні
Төбелігі аздап жалтырап тұр. Ол жан-жағын барламай, маңдай алдына тура қарап сөйледі. Үні қою, төмен шықты.
– Ағайын-туғандар! Аға-іні, апа-қарындастар!
Мен қазір жетпістің
Ол соны айтты да, жұрттың айқай-шуына қарамай, ұзын ақ дамбалының ышқырын ширата қайырып, балағын тізесінен жоғары түрді. Жанында тұрған гармоншы жігітке иегін қақты.
Әуелі кеудесін кере “әп!” деп тыныс алды да, бой жазды. Қампиған қарын омыртқаға жабысып, қаншырдай қата қалды. Кеудесі көріктей боп күмпиіп, көрер көзге апай төстеніп сала берді. Жетпістен асқан шал заматта өзгеріп, жас қуатқа толды. Мықын жіңішкеріп, балтыр еттері қазақы қойдың құйрығындай дөңгелене бұлтиды, жіліншіктер сырғауылдай созылды. Қарын тұсы қабыландай жарады. Кеудесі арыстан жалданып, күдірейді. Дидары қолаша қошқылданып, күреңітті. Былайғы жұрт ішін тартты.
Қажымұқан қолдарын созып тұра қалды. Сол сәт гармонда әлдебір ырғақтар ойнап кетті де, күпінген артық қимылсыз-ақ бұлшық еттер биге басты. Алдымен көзге ұрған қар еттері еді. Баланың басындай бұлтиған бұлшық ет бұлқан-талқан тулады. Теңізде дауыл ойнап, толқындар жүгіргендей. Екі қолдың қоспасынан шынтаққа дейін, алқымнан мықынға, желкеден жуан белге дейін шақар-шақар кеуде, тұтас жонарқа түгелімен шымыр-шымыр қайнады. Әсіресе, төстің етегі ерекше жиырылып, буылтық-буылтық боп кетті. Мойын күжірейіп, күржіктенді, жуандап ісініп, алқым сіңірлері мен желке еттері суарылған болатша сіресті. Жон арқа тегіс жыбырлап, белдеу-белдеу боп бөлініп, білем-білем темір шыбықтар сумаңдады.
Адам денесіндегі күллі бұлшық ет атойлап, құдіретті шайқастың боларын сезіп айқай-сүрең салғандай. Мынау гармон тілінен тараған алуан ырғақтармен қосыла шауып, тіл табысып жатыр. О заман да бұ заман күш-қуаттың ырғақтар әуенімен жамырай жарасқанын кім көрген…