Батыс Түрік қағанаты құлағаннан кейін Солтүстік, Орталық және Шығыс Қазақстан жерінде Қимақ қағанаты құрылды. Қимақ атауы кейде йемек түрінде кездеседі. Қытайдың VII ғасырдағы деректерінде оларды яньмо деп те атаған. VII ғасырда теле тайпаларының құрамына кірген қимақтар Солтүстік-Батыс Монғолия жерінің Қобда алқабында мекендеген. Олардың шығысында оғыздар, оңтүстігінде түркештер мен қарлұқтар қоныстанған. VII ғасырдың ортасына қарай қимақтар Алтай таулары мен Ертіс өңіріне қоныс аударады. VIII—IX ғасырларда Қимақ Одағына көптеген түркі тайпалары енеді. Соның ішінде ең көбі — қыпшақтар. Осы кезеңде Қимақтар Одағына кірген тайпалар үш бағытта жер кеңітті: солтүстік-батыс бағытта — Оңтүстік Оралға дейінгі жерлер, оңтүстік-батыс бағытында Сырдария алқабы мен Оңтүстік Қазақстанның басқа жерлері; оңтүстікте Солтүстік-шығыс Жетісу жерлері. Осы кезеңде қимақтар Алтай, Тарбағатай таулары]], Алакөл ойпатын түгелімен иемденді.
IX ғасырдың ортасына қарай қимақтар құрамына бұрын Ұйғыр қағанатына кірген эймур, байандүр, татар тайпалары қосылып, қимақтар жеті тайпадан тұрды. Олар:
эймур,
имақ,
татар,
байандур,
қыпшақ,
ланиказ,
ажлар.
Осы тайпалардың ішіндегі эймур Оғыздар бірлестігінің арасында да, он екі ұйғыр тайпаларының арасында да аталады. Имақ тайпасы осы қимақ конфедерациясында билеуші, ұйтқы болған тайпа. Татарлар да сол заманғы Оғыз, Тоғыз-оғыз (ұйғыр) одақтарының құрамында аталатын тайпалар. Олар да түркі тілдес. Қыпшактар Қимақ Одағындағы үлкен тайпалардың бірі. Қимақтар мен қыпшақтарды кейбір зерттеушілер бір жұрт деп те есептейді.
Қыпшақ даласы
Кыпшақтар Қимақтар Одағына кіргенмен, VIII ғасырдан бастап өзін-өзі билеуге, дербестікке ұмтылады. Қимақтар көшпелі болғанымен, олар да қалалар салған. Малы жұтап, не жау айдап кеткен қимақтар отырықшылыққа айналды, оларды жатақ деп атады.
IX—XI ғасырларда қимақтар Тәңіріге, ата-баба рухына, отқа, Күнге табынды. Сонымен қатар қимақтардың кей тобы сол кезде Шығыс Түркістан жерінде көп таралған манихей дініне де құлшылық етті. Сондай-ак қимақтар ақсүйектерінің арасында ислам діні де таралып келе жатты.
Бейбіт замандарда қимақтар мен оғыздар бір-бірінің жерлерінде көшіп-қонып жүрген. Бұл шаруашылық-мәдени араластық қимақ-қыпшақтар мен оғыз тайпаларының тіл, тұрмыс, мәдениет жағынан жиқындасуына себеп болған.
Мерв каласында тұрған парсылық ақын әрі жиһангез, мемлекет шенеунігі Насыр Хосроу 1045 жылы Алтайдан Еділге дейінгі жерді Дешті Қыпшақ, яғни Қыпшақ даласы" деп атады. Бұған дейін бұл аймақты араб географтары "Оғыздар даласы" деп келген болатын.
1055 жылы Ресей жерінің оңтүстігін жаулап алған қыпшақтарды половцы деп атады. "Половец" деген сөз қыпшактардың лақап аты "сарыдан" шығады. Сарыны орыстар "желтый", "половый" деп, содан "половец", "половцы" деген ат қалыптасты. Аты белгісіз парсы тарихшысы: "Еділ мен Дон өзенінің арасы бұрын осы жерде мекендеген хазарлар атымен "Хазар даласы"деп аталушы еді, енді бұл жер "Қыпшақ даласы" деп аталады", — дейді. Дунай бойындағы венгрлері қыпшақтарды олардың бір атасы "құнан қыпшақтардың" атауымен "құнан" деп атады. "Құнанның" бұрмаланған түрі "қоман" қыпшақтардың тағы бір атауына айналды.
Қыпшақтар конфедерациясы Шығыс және Батыс қыпшақ бірлестіктеріне бөлінген. Шығыс бірлестік Қазақстан аумағында құрылды. Оған 8 ірі тайпа және 8 ру кірді.
Ең бірінші жәнө басшы тайпа бөрілер (елбөрілер). Қыпшақ хандарының бәрі осы тайпадан шығып отырған. Бұл тайпа өздерін қасқырдан таралғанбыз деп есептеген. Аңыз бойынша, көне түркілер өздерін бөріден таралдық деп, бөрілі байрақ ұстаған, бөріге табынған.
Екіншісі — тоқсоба. Бұл тайпаның аты "тоғыз тайпалы" деген мағына береді, таңдаулы ата болып саналады.
Үшіншісі — йетитайпалы, "жеті рудан құралған" дегенді білдіреді.
Төртінші — төртоба, бұл "төрт тайпалы" — дегенді білдіреді.
Бесіншісі — әл-арс.
Алтыншы тайпа — біржоғлы, олар оңтүстік орыс далаларында қыпшақтардың үстемдігін құрған, Египетте өз ортасынан мәмлүк-сұлтандар әулетін шығарған.
Жетіншісі — маңқұроғлы, олар қимақтардың бір руы болса керек.
Сегізіншісі — имақ (қимақ) тайпасы.
Қыпшақтардың батыс бірлестігіне 11 тайпа кірген. Олардың біразының аты Шығыс бірлестік құрамында да аталады.
Қыпшақтар бірлестігіне кірген тайпалардың таза қыпшақтардан ғана емес басқа тайпалардан да енгенін байқаймыз.
Қыпшақ кауымдастығының калыптасуына XII ғасырда Сырдың төменгі ағысы мен Арал маңында өмір сүрген қаңлылар белсенді қатысқан. Қыпшақтар құрамына сонымен қатар қарлұқтар, жікілдер, қайлар, баяттар, азкиштер (азкісі), түркеш топтары кірді.