Лекция грэ

Автор: Пользователь скрыл имя, 27 Февраля 2012 в 21:55, лекция

Описание работы

Транзиттік экономика жағдайындағы реформаларды ойдағыдай жүргізу үшін өндірістік салалардағы, әлеуметтік сферадағы, сондай-ақ аймақтардағы барлық әлеуметтік-экономикалық үдерістерді мемлекет тарапынан реттеу қажет. Рыноктық шаруашылық жағдайында экономиканы реттеу мемлекеттің ең маңызды қызметтерінің бірі болып табылады.

Работа содержит 1 файл

Лекции ГРЭ.doc

— 1.02 Мб (Скачать)

Табиғи монополиялар қызметін мемлекеттік реттеу келесі бағыттар бойынша жетілдірілуі тиіс:

-         табиғи монополиялардың шығындарының қалыптасуына мемлекеттік бақылауды күшейту;

-         экономикалық мақсаттар тарапынан тиімді болған жағдайда табиғи монополиялар субъектілеріне дербес кәсіпорындарды даралау, бөлу;

-         табиғи монополия субъектілерінің қаржылық ағындарына бақылау ұйымдастыру, әртүрлі тұтынушыларды бірнеше көздерден субсидиялауды доғарып, сонымен қатар, халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарын материалдық қолдау;

-         реттеудің нормативтік базасын жетілдіру;

-         табиғи монополияларды реттеуде республикалық және жергілікті органдардың құзыреттерін анықтап, ісәрекет шеңберін белгілеу;

-         табиғи монополия субъектілері болып табылатын акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларын басқару тиімділігін жоғарылату және т.б.

Монополия болмай қоймайтын өндірістік-экономикалық қызмет салаларында мемлекет табиғи монополияларды тек қана қадағалап, реттеу емес, сонымен бірге оларды тікелей басқаруға көшеді. Бұл мәселе монополист компанияларға мемлекеттік меншік құқығын орнықтыру, акцияларының бақылау пакетін сатып алу жолымен жүзеге асады.

Табиғи монополиялардың ерекше бөлігн, немесе, дәлірек табиғи монополияға етене құрылымдарды мемлекеттік монополия құрайды. Мемлекеттік монополиялар экономикалық саясатты қалыптастыру саласында, ақша айналымын реттеуде, ұлттық (экономикалық, әскери, әлеуметтік) қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, арнайы қолданылатын тауарлар өндірісінде орын алады. Мемлекеттік монополия мысалы ретінде ақша эмиссиясын, валюта бағамын реттеуді, тауарлардың экспорты мен импортын, сондай-ақ алкоголь өнімдерін, есірткі заттарын, қару-жарақты өндіру мен сатуды келтіруге болады.

Монополияның бұл түрлеріне қатысты мемлекет антимонополиялық саясатты сирек қолданады немесе тіптен қолданбайды. Мемлекеттік-монополиялық қызметті мемлекеттік реттеу заңнамалық негізде немесе лицензия беру (әдетте, мемлекеттік ұйымдарға) арқылы жүзеге асады.

 

 

§4 Отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін мемлекеттік қолдау

Меншік объектілерін антимонополдық реттеуге заңды және жеке тұлғалардың мемлекеттік органдар атынан жүзеге асырып, өздерінің пайдасы үшін қолданатын лицензияларды, титулдарды, ресми ұсыныстарды беруге монополдық құқықтарын шектеу немесе тоқтату жатады.

Рыноктардағы бәсекені мемлекет тарапынан реттеу туралы туралы айтар болсақ, онда мемлекеттік органдардың жергілікті, аймақтық және халықаралық рыноктарға әсер ету мүмкіндіктерінің шектеулі екендігін мойындау керек. Еркін рынок жағдайындағы бәсеке – бұл өздігінен туындайтын, өзін-өзі қолдайтын және өзін-өзі реттейтін құбылыс болып табылады. Сондықтан, әңгіме бәсекені сыртқы реттеу туралы емес, бәсекеге ыңғайлану, бейімделу туралы болуы тиіс.

Бәсеке мәселесіне осы тұрғыдан келетін болсақ, онда бәсекеге шаруашылық жүргізуші субъектілердің қатысуы мүмкіндіктері жөнінде және рыноктағы бәсекелік жағдайын күшейту туралы айту керек.

Мәселе осылайша қойылған жағдайда басты назар экономикалық қызмет агенті болып табылатын шаруашылық жүргізуші субъектілердің бәсекеге қабілеттілігіне аударылғаны жөн.

Сонда басқару теориясы мен практикасының зерттеу объектісі ретінде рыноктық қатынастарға қатысушылардың бәсекеге қабілеттілігін реттеуді көрсетуге болады.

Ғылыми және оқу әдебиеттерінде «бәсекеге қабілеттілік» түсінігінің көптеген анықтамалары кездеседі. Дегенмен, олардың толық мағынасы экономикалық іс-әрекеттерге қатысушылардың өз бақталастарымен бәсекеге түсу мүмкіндіктері туралы тұжырымдар болып келеді.

Басқару мәселелері бойынша еуропалық форум келесі анықтаманы ұсынады: «Бәсекеге қабілеттілік – бұл фирмалардың қалыптасқан жағдайларда тауарларды жобалау, өндіру және жеткізу мақсатындағы нақты және әлеуетті (потенциалды) мүмкіндіктерінің бәсекелестермен салыстырғандағы бағалық және бағалық емес санаттары бойынша тұтынушылар үшін тартымды болуы» Көріп отырғанымыздай, бұл анықтамадағы фирманың бәсекеге қабілеттілігінің негізгі және шешуші факторы тұтынушы болып табылады, яғни тұтынушылардың талабы  мен талғамы басты рөлді атқарады.

Келтірілген анықтаманың сипатты белгісіне бәсекеге қабілеттілікке тек қана өндіріспен өткізу әсері ғана емес, сонымен бірге тауарды жобалаудың да ықпалы бар екендігі жатады. Шындығында, тауарды жобалау кезіндегі оның конструкциясын, формасын, құрамын анықтау үдерісінде болашақ тұтынушының қызығушылығын оятатын параметрлерінің негіздері қалануы тиіс. Берілген анықтаманың тағы бір өзіндік сипаты фирманың бәсекеге қабілеттілігі оның шығаратын тауарларының тартымдылығымен байланыстырылуында болса керек. Тауардың тартымдылығы қажетті сапалық белгі дегенмен ол фирманың бәсекеге қабілеттілігін жеткілікті дәрежеде көрсетпейді, өйткені фирманың бәсекеге қабілеттілігіне оның тарихи қалыптасқан бет-бейнесі (имиджі), жарнамасы сияқты сипаттары да әсер етеді.

Айта кететін жәйт, бәсекеге қабілеттілік анықтамасына тауардың тартымдылығы, ұнамдылығы тәрізді сипаттаушы белгілер мен қасиеттерді қосу бұл түсініктерді нақтыламайды, оларға субъективті бояу қосады. Тауар сатып алушылардың барлығын бір әмбебап тұтынушы ретінде қарастыру, осы тауарға сұраныс беруші сатып алушылардың нақты санын көрсете алмайды, ал бәсекеге қабілеттілік бірінші кезекте сатып алушылар санына тәуелді екендігі де ақиқат.

Жекелеген авторлар бәсекеге қабілеттілік анықтамасына рыноктағы басқа сатушылардың ұқсас тауарларымен салыстырғандағы тауардың нақты қажеттілікті қанағаттандыру дәрежесін сипаттайтын қасиеттерін кіріктіреді. Бұл анықтаманың жеткіліксіздігі оның тауар сапасы анықтамасын қайталауында болса керек. Ал, бәсекеге қабілеттілік, ең алдымен тауардың сапасы мен бағасы арақатынасымен анықталуы тиіс.

Сонымен, тауардың бәсекеге қабілеттілігі оның бәсекелі рыноктың талаптарына сәйкестігі дәрежесімен, ұқсас тауарлармен салыстырғандағы сатушылар талғамы үдесінен шығуымен сипатталады. Бәсекеге қабілеттілік, бір жағынан тауар сапасымен, оның техникалық деңгейімен, тұтынушылық қасиеттерімен және екінші жағынан сатушы белгілейтін тауар ұсынысының бағасымен анықталады. Тауардың бәсекеге қабілеттілігіне, сондай-ақ сән талаптары, сату кезіндегі және сатудан кейінгі қызмет көрсетулер, жарнама, өндірушінің бет-бейнесі (имиджі), тауардың белгілілігі мен танымалдығы, рынок конъюнктурасы, сұраныс тербелістері, тұтынушылардың төлем қабілеті әсер етеді.

Біз, әзірше тауардың және оған байланысты фирманың бәсекеге қабілеттілігі туралы айтып келдік. Бәсекеге қабілеттілікті кең мағынада түйсіну үшін әртүрлі субъектілер мен объектілердің бәсекеге қабілеттілігін ажырата білу қажет деп санаймыз.

Елдің бәсекеге қабілеттілігі дегеніміз осы елдің тауарлары өткізілетін ішкі және сыртқы рыноктардағы үлесін ұстап тұру мен кеңейту мақсатында басқа елдермен жарысып, күресу қабілеттілігінің мүмкіндіктері болып табылады. Елдің бәсекеге қабілеттілігін оның экономикасын құрайтын өндірістік және сауда ұйымдарының бәсекеге қабілеттілігі анықтайды.

Компанияның бәсекеге қабілеттілігін ортақ рыноктарда өткізілетін басқа компаниялардың ұқсас өнімдері, тауарлары, қызмет көрсетулері түрлерімен нақты және потенциалды күресу қабілетінің мүмкіндіктері сипаттайды. Компаниялар өздерінің бәсекеге қабілеттілігін бағалық және бағалық емес бәсекеге жүгінумен, жаңа өткізу рыноктарына кірігумен немесе ұстап тұрған рынок секторларын кеңейтумен дәлелдейді.

Компанияның бәсекеге қабілеттілігі, толықтай алғанда оның өндірген және сататын тауарлары мен қызмет көрсету түрлерінің бәсекеге қабілеттілік деңгейімен айқындалады.

Жобаның бәсекеге қабілеттілігі ұқсас жобалармен салыстырғандағы артықшылықтарымен анықталады. Ол өзінің көрінісін қол жеткізілген экономикалық және әлеуметтік тиімділігінен табады.

Тауардың бәсекеге қабілеттілігі ұқсас тауарлармен салыстырғандағы өзіндік сапасының рыноктық бағаларға қатынасымен сипатталады. Тауардың бәсекеге қабілеттілігі сапасымен, өндіру мен сату тиімділігімен, жетілген технологиясы және өндірісті ұйымдастыруымен, тұтынушылар сұранысына бағдарлануымен, төлем қабілеті бар сұранысты ескеруімен анықталады.

Бәсекеге қабілеттіліктің аталған барлық түрлері өзіндік мәнінде иерархия болып табылады. Бұл иерархияның әрбір сатысындағы жүйенің бәсекеге қабілеттілігі  оны құрайтын шағын жүйелердің бәсекеге қаабілеттілігіне байланысты. Сонымен бірге әрбір деңгейдің бәсекеге қабілеттілікті арттыру мүмкіндіктері баршылық.

Бәсекеге қабілеттілікті мемлекеттік қолдау мемлекеттік органдардың ұйымдастырушылық-құқықтық, экономикалық және заңдық әсерлері арқылы тауарларды жобалау, өндіру, рыноктық айналым, тұтыну үдерістерін реттеуі болып табылады. Аталған әсерлер бәсекелік артықшылықтарды пайдалана отырып, рыноктағы позициясын күшейтіп, сату көлемін, сатудан алынатын түсімдерді, табысты, пайданы арттыру мақсатында жұмыс істейді.

Бәсекелік артықшылықтар қатарына бәсекелестермен салыстырғандағы техникалық шарттар және тауарлар мен қызмет көрсетулер сапасының жоғары деңгейі, бағалардың өндіріс шығындарының, трансакциялық шығындардың (делдалдық, рәсімдеу және мәмілені жүзеге асыру үшін қажетті басқа да жанама шығындар) төменірек болуы жатады.

Бәсекеге қабілеттілікті макро және микроэкономикалық деңгейлерде мемлекеттік реттеу қызметтеріне мыналар жатады:

-         ғылыми зерттеулерді, жобалық, конструкциялық, технологиялық ізденістерді, тәжірибелік өндірісті, мемлекеттік сынақтауларды және техникалық-технологиялық дамуды қаржыландыру;

-         қызметкерлерді кәсіби даярлауға және олардың біліктілік деңгейін жоғарылатуға мемлекеттің қатысуы;

-         өндірісті жүргізу және рыноктық сатуларды ұйымдастыру бойынша әлемдік тәжірибені іздеп, тауып, таратуға мемлекеттің қатысуы;

-         ресурс үнемдеуші өндірістік технологияны игеруге және қолдануға мемлекеттің қатысуы;

-         мемлекеттік сапа стандарттары мен өнімді сертификаттауды талдап, жасап, бекітуі;

-         отандық өндірушілердің тауарлары мен қызметтерін өткізу рыноктарына қарай жылжытуды мемлекеттік қолдау, рынок секторларын ұстап тұру және кеңейту, сондай-ақ оларды отандық және шетелдік монополиялар қысымынан қорғау.

Өнімдердің, тауарлардың және қызмет көрсетулердің бәсекеге қабілеттілігін мемлекеттік қолдау шаралары қатарына жоғары сапалы тауарлар өндіруді ынталандыру, сапа параметрлерін бақылау және реттеу, салық қойылымдарын, кедендік баждарды, тарифтерді орнықтыру жатады. Мемлекеттің аталған іс-әрекеттері отандық тауар өндірушілердің бәсекелік қабілетін күшейтіп, арттыратын болады.

Ізденіс сұрақтары

1.       Бәсекелік және монополдық рыноктар түсінігі

2.       Мемлекеттің антимонополиялық саясаты

3.       Табиғи монополияларды мемлекеттік реттеу

4.       Мемлекеттік монополиялар қызметі

5.       Меншіктің мүліктік объектілері рыногын антимонополиялық реттеу

6.       Отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін мемлекеттік қолдау

7.       Мемлекеттің, компанияның, жобаның, тауардың бәсекеге қабілеттілігі

 

Лекция VIII

Инвестициялар мен инновацияларды мемлекеттік реттеу

§1 Инвестициялар мен инновациялық үдерістердің мәні, бастаулары және оларды тұтынушылар

«Инвестиция» түсінігі кең мағынада болашаққа салым дегенді білдіреді. Инвестициялар – бұл болашақтағы қажеттіліктерді қанағаттандыруға арналған кез келген қаражат. Сондықтан олар ағымдағы пайдаланудан шығарылып экономикалық немесе әлеуметтік игілік әкелуге мүмкіндігі бар белгілі бір іске салынады.

Экономикалық ресурстарды іс-әрекеттегі өндірістік факторларға айналдыру үшін белгілі бір мерзім қажет, яғни ресурстарды өндіріске тарту мен олардың агенттерінің, өндіріс үдерісінің факторы ретінде қолданылуы арасында бастапқы ресурсты факторға айналдыруға қажетті белгілі бір уақыт өтеді. Айталық, өндірістік ғимарат тұрғызып оны жабдықтау үшін уақыт пен ақша керек болады. Сондықтан экономикада ең алдымен іске қаражат салып, өндірістік үдеріс жүруі үшін алғышарттар жасалуы тиіс, нәтижені содан кейін күтуге болады.

Сонымен, инвестиция дегеніміз негізгі капиталға, запастарға, резервтерге, сондай-ақ басқа да экономикалық объектілер мен үдерістерге салымдар болып табылады. Оның сипатты белгісіне материалдық ресурстар мен ақшалай қаражаттың салыстырмалы ұзақ уақытқа бейтараптануы жатады.

Инвестиция түсінігінің жоғарыдағы анықтамасы іргелі экономикалық категория болып табылатын инвестиция ұғымын толыққанды түсіндіре алмайды. Мысалы, экономикалық әдебиетте «күрделі қаржы салымдары – күрделі қаржылар (капитальные вложения)» түсінігі «инвестициялар» түсінігіне қарағанда тар мағынада қолданылады. Өзінің атауы көрсетіп тұрғандай күрделі қаржылар тек қана негізгі капиталға салынады, ал ақпараттық ресурс, бағалы қағаз, рухани әлеует, материалдық запастар сияқты экономикалық ресурстардың басқа түрлеріне салымдар күрделі қаржы салымдары деп аталмайды немесе бұл түсіндірме ескерту арқылы жасалады.

Инвестиция көп тармақты құрылым.

Капиталдың физикалық және ақшалай болып бөлінуіне сәйкес инвестициялар да материалдық-заттай және ақшалай деп бөлінеді. Материалдық-заттай формадағы инвестициялар – бұл құрылыстағы өндірістік және өндірістік емес объектілер, жабдықтар мен машиналар және басқа да техникалық паркті алмастыруға немесе кеңейтуге бағытталған инвестициялық тауарлар.

Ақша формасындағы инвестициялар – бұл материалдық-заттай инвестицияларды құруға бағытталған, инвестициялық тауарларды шығаруды қамтамасыз ететін ақша капиталы. Орталықтандырылған экономикада орын алған инвестициялық тауарлар мен ақша формасындағы инвестициялардың тапшылығы өндірісті кеңейту мен жаңарту, қажетті инфрақұрылым жасау, материалдық запастарды қалыптастыру мәселелерін шешуде жеткіліксіз болса, рыноктық экономикадағы негізгі мәселе қол жетімді инвестициялық тауарға айналдыратын ақшалай инвестицияларды іздестіру болып табылады.

Информация о работе Лекция грэ