Автор: Пользователь скрыл имя, 27 Февраля 2012 в 21:55, лекция
Транзиттік экономика жағдайындағы реформаларды ойдағыдай жүргізу үшін өндірістік салалардағы, әлеуметтік сферадағы, сондай-ақ аймақтардағы барлық әлеуметтік-экономикалық үдерістерді мемлекет тарапынан реттеу қажет. Рыноктық шаруашылық жағдайында экономиканы реттеу мемлекеттің ең маңызды қызметтерінің бірі болып табылады.
Экономикалық өсу негізінен ішкі факторлармен анықталуы тиіс. Олар: еңбек өнімділігін арттыру, өндіріс шығындарын кеміту, жалпы айтқанда экономиканың нақты секторының пайдалылығын жоғарылату. Бұл бағытта ҚР үкіметі бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыру мақсатында кластерлік жүйелер жасап, технопарктер құрып едәуір жетістіктерге қол жеткізіп отырғанын айта кету керек.
Әлемдегі ешқандай ел экономикалық дағдарыстан шығу, экономикалық мешеуліктен арылу, халықтың табысы мен тұтынуын арттыру, ұлттық валютаны тұрақтандыру үшін тиімді экономикалық өсу саясатын жүргізуден басқа жол тапқан жоқ.
Жаңа индустриалды елдер мен Қытайдың экономикалық өсу қарқыны және соның нәтижесінде экономикалық дамудағы үздік жетістіктері соңғы жылдары батыстық және отандық экономикалық ғылымның зерттеу объектісіне айналды.
Бүгінгі таңдағы ғылыми салыстырмалы сараптама экономикалық өсу қарқынын капиталистік немесе социалистік саяси таңдаумен байланыстырғанды қаламайды. Барлығы да талдап, таңдалған экономикалық стратегияға және оны кезең-кезеңімен жүзеге асыру қабілеттілігіне барып тіреледі. Ал реформа жүргізудің өзі тек қана мемлекеттік функция болып табылады. Әлемдік, соның ішінде қазақстандық тәжірибе көрсеткеніндей ұлттық мүдделерді айқын сезінетін қажетті реформалардың авторы сонымен бірге жүргізілетін реформалардың лидеріде болуы тиіс.
Экономикалық жетістіктердің негізін кезінде дұрыс таңдалған стратегия құрауы қажет. Барлық елдерге бірдей жарамды стратегия болуы мүмкін емес. Реформаторлардың алғырлығы елдің ағымдағы ішкі, сонымен қатар сыртқы жағдайын тап басып, дәл есептей білуінен көрінеді.
Өтпелі кезеңде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын мемлекеттік реттеу қажеттілігінің маңызы арта түседі. Бұл кезде рыноктық экономика негіздерінің қалыптасуы аяқталып, мемлекеттің экономикаға тікелей әсері бәсеңдей түседі де, инициатива рыноктық заңдар мен жеке тауар өндірушілердің қолына өтеді. Экономиканы қайта құрудың бастапқы кезеңдерін алып қарастыратын болсақ, онда тек қана рыноктық қатынастардың жетегінде кететін мемлекеттің реттеуші қуатының кемшін кезеңіндегі реформалар діттеген мақсаттарына жете алмады.
Реформалардың ойластырылған, жан-жақты негізделген мемлекеттік стратегиясы болмауы себебінен көптеген қиыншылықтарды бастан өткеруге тура келді.
Едәуір экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуеті бар Қазақстанда экономикалық жаңғырудың айқын мемлекеттік стратегиясы түзілмегендіктен 90-шы жылдары ұлттық экономика құрылымдық дағдарысты басынан кешіруге мәжбүр болды.
Осы тарапта Қытайдың экономикалық өсу тәжірибесі өте қызғылықты.
Бұл елдің экономикалық өсуіне басқа да жаңа индустриалды елдердегі сияқты экономиканы реформалаудың жан-жақты ойластырылған стратегиясын жүзеге асыру факторы әсер етті. Қытайдың ұлттық экономикасын жаңғырту «социалистік рыноктық экономика» құру жолымен жүргізілді. «Социалистік рыноктық экономика» дегенді біз рыноктың базистік рөлі мен мемлекеттің макрореттеу және макробақылау функцияларының өзара байланыста әрекет етуі деп түсінеміз. Бұл экономиканың социалистік сипаты оның әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталуымен, қоғамдық меншіктің басымдылығын сақтаумен айқындалады. Қытайдағы экономикалық реформа жойымпаз емес жасампаз факторлардың басым жағдайында жүзеге асырылып жатыр. Реформалар қолға алынып жүргізілген жылдар (1979 жылдан бастап) бойына экономикалық өсу қарқынының тұрлаулы сипат алуының әсері халықтың өмір сүру деңгейінің жоғарылауына, сондай-ақ елдегі әлеуметтік-саяси тұрақтылықтың сақталуына өз шарапатын тигізді.
Қытайдың әлеуметтік-экономикалық дамуына реформалар кезеңі әсерінің басты қорытындысы жалпы ұлттық өнім өсуі бойынша стратегиялық міндеттердің мерзімінен бұрын орындалуы болып табылады. Мысалы, 1980 жылмен салыстырғанда 2000 жылы жалпы ұлттық өнім төрт есе көбейіп халықтың өмір сүру деңгейі «орташа бақуаттылық» дәрежесіне жетуі тиіс болатын.
Алынған міндеттеме мерзімінен бес жыл бұрын – 1995 жылы орындалды. Сондықтан, Қытай үкіметі жалпы ұлттық өнімнің қазіргі көлемін 2010 жылға қарай екі еселеп «орташа бақуаттылық» ұғымына қосымша сапалық элементтер енгізуді ұйғарып отыр.
Басқа да жаңа индустриалды елдердегі сияқты Қытайда да экономикалық стратегияны жүзеге асыру тактикасы алға қойған мақсаттары орындалған сайын өзгеріп отырады. Қытайлықтардың бейнелеп айту дәстүрі бойынша «өзеннен өту кезінде тастардан абай болу» қағидасына олар өте берік. Басқаша айтқанда бұл елде рынокқа кезең-кезеңімен өту, яғни алдын ала өлшеп, кішіден үлкенге, жалқыдан жалпыға жылжу көзделіп, орындалу үстінде.
Жаңа индустриалды елдердің, сондай-ақ дамыған елдердің де экономикалық өсуін сараптау қорытындысы барлығы бірдей болған жағдайда түпкі нәтижелер нақты прогреске, экономикалық өсу қарқыны халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған кезде ғана жетуге болатындығын көрсетеді. Осылай болғанда ғана әлеуметтік сипаттағы факторлар қалыптасып, дамиды да экономикалық өсу мен елдің дамуына зор кері күшпен өзінің оңды әсерін тигізетін болады.
§2 Экономикалық өсу теориялары және моделдері
Экономикалық өсудің отандық теориясы марксистік мектеп жетістіктері негізінде дамығаны белгілі. Бұл теорияның негізінде екі тұжырым жатыр: 1) ағылшынның классикалық саяси экономиясы қалыптастырып дамытқан экономикалық өсу қарқынының қорлану нормасымен байланыстылығы; 2) социал-утопистерден алынған экономикалық өсуге өндіріс құрал-жабдықтарының қоғамдық меншікте болуының прогрессивті әсері. Социалистік жүйе елдеріндегі маркстік экономикалық сана тек қана жоғарыда көрсетілген бағыттарда дамиды. Ал, батыстық экономикалық ой-пікір экономикалық дамудың көптүрлілігі мен қайшылықтарын көрсетуге ұмтылып, экономикалық өсудің көптеген назар аударарлық теорияларын, концепцияларын және гипотезаларын ұсынады.
Соңғы онжылдықтардағы экономикалық өсуге арналған зерттеулерді екі тұрғыдан қарастыруға болады. Біріншіден батыстық экономистер экономикалық өсудің қысқа және орта мерзімді моделдерінен мақсаты ұзақ мерзімді экономикалық өсу шарттарын зерттеуге арналған моделдерге ауысып, даму стратегиясына байланысты жаңа құралдар мен әдістерді табуға талпыныс жасауда.
Екіншіден, егер екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі моделдер өздерінің мәні бойынша экономикалық өсудің факторларын анықтауға бағытталып және сол факторлардың жұмыссыздыққа, пайда нормасының өзгеруіне әсерін зерттеуге арналған болса, соғыстан кейінгі жылдардағы зерттеулер экономикалық өсу процесін дәлірек көрсетіп және қандай болмасын экономикалық саясаттың әлеуметтік салдарының сандық мәнін анықтауға күш салды.
Өткен ғасырдың елуінші жылдары экономикалық өсудің жаңа моделдері пайда бола бастады. Оларға келесі іс-әрекеттер тән болды:
1. Ағымдағы экономикалық өсудің алдағы әсерін математикалық өрнектеу;
2. Олардың мүмкіндіктерін зерттеу;
3. Мүмкіндіктерден тиімді экономикалық өсу нұсқасын таңдау;
4. Тиімді экономикалық өсу нұсқаларынан уақытты үнемдейтін және жоғары қарқынды ұстап тұратын нұсқаларын ажыратып алу.
Экономикалық өсу туралы зерттеулердегі осы неоклассикалық бағыт ұсынатын моделдердің молдығына қарамастан оның сандық сараптау үшін пайдаланатын құралы біреу ғана, ол – өндірістік функция. Экономикалық өсу моделдерін жасауда қолданылатын барлық өндірістік функциялардың негізінде қарапайым қосфакторлы функция жатыр.
Өндірістік функция өндіріс көлемін тек қана капитал және еңбек факторларымен байланыста қарастырады. Қосфакторлы моделді ең бірінші болып ұсынған және өңдеуші өнеркәсіпте қолданған америкалық ғалымдар – математик Ч.Кобб және экономист П.Дуглас (1928) болды. Олар талдап жасаған модель экономикалық теорияда Кобб-Дуглас моделі деген атауға ие болды. Кейінірек Кобб-Дугластың өндірістік функциясын өндіріс факторларының көбейе түскен санын ескеретін экономикалық өсу моделдерін талдап жасауда басқа ғалымдар да кеңінен пайдалана бастады. Айталық, өткен ғасырдың 50-жылдарының екінші жартысында «техникалық прогресс және агрегативтік өндірістік функция» тақырыбындағы мақала жариялаған америкалық экономист Р.Солоу аталған моделді қолданған болатын. Бұл еңбекте тұңғыш рет өндіріс көлемінің техникалық прогреске функционалдық тәуелділігі мәселесін зерттеу талабы болды. Әртүрлі моделдерде техникалық прогресс екі қырынан ескерілуі мүмкін: модель шеңберінде басқаруға болмайтын, яғни уақытқа тәуелді өндірістік функция түрінде берілетін экзогендік (сыртқы) фактор және басқа факторлардың өзгерістеріне байланысты көрінетін эндогендік (ішкі) фактор. Макроэкономикалық жүйені сипаттау үшін Р.Солоу бірнеше теңдеулерді пайдаланды.
Оның зерттеулері макроэкономикалық жүйелер дамуы үрдістерін сараптау үшін едәуір мүмкіндіктер туғызып, көптеген ұқсас моделдерді талдап жасауға түрткі болды. Толықтай алғанда экономикалық өсудің неоклассикалық моделдері өндірістік функция аппаратына сүйене отырып экономикалық өсуге өндірістік факторлардың әсерін бағалау үшін сандық сипаттау жүйесін анықтайды.
Егер неоклассиктер өз зерттеулерінде рыноктық экономиканың баға механизмі ресурстарға сұраныс пен ұсыныстың, жинақтар мен инвестициялардың тепе-теңдігін, сондай-ақ өнім шығарылымы көлемінің нақты және ықтимал деңгейлерінің тепе-теңдігін қамтамасыз етеді деген алғышарттарға сүйенген болса, экономикалық өсу моделдерінің неокейнсиандық бағыты қарама-қарсы алғышарттарға сүйенеді де нәтижесінде экономикалық өсуді тұрақсыз құбылыс ретінде қарастырады. Сондықтан да олар өсуді қамтамасыз ету үрдісінде инвестицияларға сұранысты қалыптастыру маңызды рөл атқарады деп санайды. Неокейнсиандық типтегі моделдер қатарына Р.Харрод, Е.Домар, Н.Калдор, Э.Хансен және т.б. моделдерін жатқызуға болады.
Айталық ағылшын ғалымы Р.Харродтың концепциясы толық түрінде оның «экономикалық динамика теориясы туралы» еңбегінде баяндалған болатын. Р.Харрод әрқайсысы экономикалық өсу ерекшеліктерін көрсететін динамиканың бірқатар теңдеулерін ұсынды. Мұнда ол келесі тұжырымдарды бөліп көрсетеді:
a) Өсудің «кепілді» қарқыны дегеніміз тұрақты экономикалық өсу траекториясын анықтай келе жинақ пен инвестициялар тепе-теңдігіне қол жеткізетін жағдай болып табылады;
b) «табиғи» өсу қарқыны болса халық пен еңбек өнімділігі өсіміне сәйкес келуі тиіс, яғни ол өндірістің потенциалды мүмкіндіктерімен бірдей болады.
Өсудің «кепілді» қарқыны, әдетте оның «табиғи» қарқынымен бірдей емес. Ал, олардың бір-бірінен алшақтауы экономикада тоқырау немесе инфляция түріндегі ұзақ мерзімді үрдістерді туындатады. Сондықтан, тұрақты өсуді ұстап тұру мақсатында тиімді сұранысты реттеу үшін экономикаға мемлекеттің араласуы қажет деп есептейді.
Танымал моделдердің қатарына Е.Домардың да моделін қосуға болады. Оның Р.Харрод моделінен айырмашылығы инвестицияның екі ұдай (қосарланған) рөлін ескеруінде болса керек.
Е.Домардың пікірі бойынша инвестициялар жиынтық сұраныс көлеміне әсер ету арқылы табыс келтіретін маңызды фактор бола тұрып, өндірістік қуаттардың да артуын қамтамасыз етеді де солар арқылы рыноктық ұсынысты көбейтеді. Осы тұжырым негізінде Е.Домар экономикалық өсу теориясының негізгі міндеті ретінде өндірістік қуаттардың өсуі туындататын тауарлар ұсынысы өсімін қанағаттандыру үшін төлем қабілеті бар сұранысты қалыптастыруға мүмкіндік беретін табыстардың қажетті өсімін қамтамасыз ететін инвестиция көлемін анықтауды ұсынады. Оның пікірі бойынша табыс өсімі мен өнім өсімінің тепе-теңдігін қамтамасыз ететін экономикалық өсу қарқынын анықтауға болады, яғни экономикалық өсу үдерісіндегі жиынтық сұраныс пен жиынтық ұсыныс тепе-теңдігін ұстап тұруға мүмкіндіктер бар және олар жеткілікті.
Экономикалық оқулықтарда аталған екі модель біріккен сипатта қарастырылып «Харрод-Домар» моделі ретінде белгілі.
Өсу қарқынын анықтауға арналған «Харрод-Домар» теңдеуі келесідей өрнектеледі:
Tр=S/C, мұнда Tр-экономикалық өсу қарқыны, S-таза жиынтықтардың (инвестицияның) жиынтық табысқа (S/H*D) қатынасы; C-капитал сыйымдылығының коэффициенті (K/Н*D). S-тің (қорлану нормасының) үлкен шамасы өсудің жоғары қарқынын қамтамасыз етеді.
Өнімнің (С) капитал сыйымдылығы коэффициенті төмендеген сайын өнім шығарылымы арта түседі. Сондықтан, өсу қарқыны қорлану нормасына (S) тікелей пропорционалды да, өнімнің капитал сыйымдылығы коэффициентіне (С) кері пропорционалды болады.
Посткейнсиандық бағыт моделдердің тағы бір түрінің туындауына әсер етті. Бұл моделдерде капитал қорлануының едәуір дәрежедегі анықтауышы ретінде, сондай-ақ өсудің маңызды факторы түрінде ұлттық табысты бөлу үдерісі алдыңғы қатарға шығады. Аталған бағыттағы белгілі моделге кейінірек Л.Пазинетти дамыта түскен Н.Калдордың моделі қосылды. Бұлардан басқа оптималды өсудің тұтас бір шоғырын бөліп көрсетуге болар еді. Оларды талдап жасаудың негізгі мақсаты оптималды даму траекториясы сипаттарын анықтап, зерттеу болып табылады, соның ішінде өндіріс факторлары бойынша шектеулер шеңберінде экономикалық өсудің максималды ықтимал қарқынын анықтау басты мақсат ретінде алынады. Ол үшін экономикалық өсу қарқынының максималды орташа қарқынына қол жеткізуге болатын және ерекше (оптималды нұсқалар арасында) траектория ретінде магистраль ұғымы пайдаланылады.
Өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап негізінде экономикалық өсу мәселесінің орнына «өмір сүру сапасы» проблемасын жүзеге асыру талпынысын зерттейтін моделдер пайда бола бастады. Бұл моделдер маерикалық қоғамтанушы ғалымдардың бастамасы еді және мұның өзі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін көптеген елдерде орын алған экономикалық өсудің жоғары қарқыны салдарынан табиғат пен адам арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуына алаңдаушылықтан туындаған моделдер болатын.
Дамуы жоғары деңгейлерге жеткен елдер үшін «артық-жақсы» байланысы өзінің мазмұнын жоғалта бастады. Бастапқы қажеттіліктері қанағаттандырылған қоғам әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа бағдарларын талап етеді. Бұл жағдайдағы дамудың негізгі мақсаты оның әлеуметтік сипатына қарай ауысады, қоғамның өмір сүру сапасын жоғарылатуға ұмтылады, ал бұл болса өз кезегінде макроэкономикалық жүйелердегі ұдайы өндіру процесінің «параметрлерін» анықтайтын көрсеткіштерді күрделендіре түседі.
«Көлемдік» көрсеткіштердің орнына «өмір сүру сапасы» өзгерістерін сипаттайтын көрсеткіштер келе бастайды. Өмір сүру ұзақтығын, білім беру деңгейін, тұрғын үймен қамтамасыз ету дәрежесін анықтау арқылы «өмір сүру сапасын» көрсететін бірқатар көрсеткіштер қолданысқа енді.