Автор: Пользователь скрыл имя, 27 Февраля 2012 в 21:55, лекция
Транзиттік экономика жағдайындағы реформаларды ойдағыдай жүргізу үшін өндірістік салалардағы, әлеуметтік сферадағы, сондай-ақ аймақтардағы барлық әлеуметтік-экономикалық үдерістерді мемлекет тарапынан реттеу қажет. Рыноктық шаруашылық жағдайында экономиканы реттеу мемлекеттің ең маңызды қызметтерінің бірі болып табылады.
Көп жағдайларда мемлекеттің экономикалық саясатына өткен шақтың мұрасы, елде қалыптасқан экономикалық болмыс, ертеде қабылданған шешімдер әсер етеді. Экономикалық саясатты едәуір дәрежеде ел ішіндегі және әлемдік конъюнктура (ағымдағы жағдай), яғни шаруашылық пен рыноктық жағдайы, экономикалық белсенділік деңгейі, өсу және құлдырау үрдістері, тауарлар мен қызмет көрсетулердің ұсынысы анықтайды.
Әлемдік экономика циклды дамиды, онда тербеліс үдерістері, толқынды қозғалыстар орын алады. Сәйкесінше экономикалық циклдың бірін-бірі ауыстыратын фазаларын ерекшелейді. Олар: жандану (экономикалық өсу), жоғары экономикалық конъюнктура (өрлеу, экономикалық даму), тоқырау (рецессия, экономикалық дағдарыс), төмен экономикалық конъюнктура (күйзеліс).
Ұлттық экономиканың қандай фазада тұрғанына байланысты үкіметтің, мемлекеттің экономикалық саясатының типі қалыптасады. Мемлекеттік экономикалық саясатты жасаушылар назар аударатын индикаторлар қатарына жалпы ішкі өнімнің, жиынтық сұраныс пен ұсыныстың, табыстар мен тұтынудың, бағалардың, жұмыспен қамту мен жұмыссыздықтың көлемі мен динамикасы жатады.
Экономикалық саясат мемлекеттік ішкі және сыртқы саясатпен, мемлекеттік идеологиямен, әскери саясатпен тығыз байланыста мемлекеттің саяси доктринасын сипаттайды. Сонымен бірге ол мемлекеттік саясат жүргізудің экономикалық алғышарттарын, экономикалық базисін құруға мүмкіндіктер туындатуы тиіс. Елдегі саяси күштер, партиялар, қозғалыстар мемлекеттің экономикалық курсына, экономикалық саясатқа едәуір әсер ете алады.
Экономикалық саясаттың әлеуметтік аспектілері үкімет қабылдаған экономикалық шешімдерден, бюджеттің қалыптасуынан, халықтың әртүрлі топтарының реакциясынан көрінеді. Ереуілдер, демонстрациялар және басқа да әлеуметтік қарсылық формалары мемлекеттік экономикалық саясат элементтеріне белгілі деңгейде әсер ете алады.
Жүргізілетін экономикалық саясат өз көрінісін жоспарланған мемлекеттік бюджет құрылымынан, мақсатты мемлекеттік бағдарламалардан, инвестициялық жобалардан, мемлекеттік заңдардан, әлеуметтік қорғау параметрлерінен, салық салу қойылымдары мен кредиттеу шарттарынан, жеңілдіктер беруден, экспорт пен импортқа мемлекеттік әсерден, мемлекеттің ішкі және сыртқы қарыз көлемінен табады. Сонымен бірге экономикалық саясат мемлекеттік бюджет пен бағдарламаларда көрсетілгендермен ғана сипатталмайды, ол ағымдағы үкіметтік шешімдермен, ірі оперативтік шаралармен де айқындалады.
Жедел, оперативті іс-қимылдардың қажеттілігі, ең алдымен әлеуметтік-экономикалық, әскери-саяси, табиғи-экологиялық жағдайлармен шартталады.
Өткізілетін шаралардың уақыттық диапазонына, кезеңдік мерзіміне байланысты қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді экономикалық саясатты ажыратады. Ұзақ мерзімді саясат салыстырмалы тұрақтылық жағдайларында, кепілді ресурстық мүмкіндіктерде қалыптасып, экономикалық әрекет желісін алдағы көп жылдарға белгілеуге мүмкіндік береді. Экономикалық үдерістердің тұрақсыздығы, ішкі және сыртқы жағдайлардың алдын ала болжанылмау себептері қысқа мерзімді экономикалық саясатқа басымдық береді (бір жыл, тіпті бірнеше ай мерзімі).
Мемлекет экономикалық саясатты өз құзырындағы құралдар мен тетіктерді қолдану арқылы экономикалық үдерістерге, шаруашылық жүргізуші субъектілерге әсер етеді.
Экономикалық саясат заңдар, президенттік жарлықтар, үкімет қаулылары және басқа да нормативтік актілер, мемлекеттік бағдарламалар, ағымдағы шешімдер арқылы жүзеге асады.
Мемлекеттік экономикалық саясат жүргізудің нақты құралдарына, ең алдымен салықтар, мемлекеттік шығындар, трансферттер сияқты фискалдық саясат тетіктері жатады. Фискалдық құралдар көмегімен мемлекет көздеген мақсатқа және оны атқару шараларына сәйкес ақша ағындарының көлемі мен бағытын өзгертуге мүмкіндік алады.
Фискалдық құралдармен қатар экономикалық саясаттың ақша-кредиттік құралдары да едәуір рөл атқарады. Олардың қатарында ақшаның жалпы массасы және оған қол жетімділік, қарыз пайызының қойылымдары (ұлттық банктің есептік қойылымы, резервтеу нормасы, басқа да орталықтандырылған нормативтер) бар.
Мемлекеттің белгілі бір тауар түрлеріне шекті (минималды, максималды) бағалар деңгейін белгілеу, өндіріс көлемі шамасын анықтау, субсидиялар мен субвенциялар беру, экономикалық қызметтің жекелеген түрлеріне тыйым салу, шектеу сияқты экономикалық саясат тетіктерін пайдалануына мүмкіндіктері жеткілікті.
Сыртқы сауда және сыртқы экономикалық саясатта мемлекет экспорттық-импорттық тарифтерді, кедендік баждарды, тауарлар мен капиталды әкелу мен әкетуге квоталарды қолданады.
Толықтай алғанда мемлекеттің экономикалық саясат түрлеріне фискалдық (қаржылық-бюджеттік), монетарлық (ақша-кредиттік), сыртқы экономикалық іс-әрекеттер жатады.
Ал, әлеуметтік, құрылымдық, инвестициялық, институционалдық, аймақтық, аграрлық, ғылыми-техникалық, салықтық, банктік, бағалық, антимонополиялық, экологиялық, сыртқы экономикалық саясат мемлекеттік экономикалық саясаттың құрамдас бөліктері болып табылады.
§2 Мемлекеттік экономикалық саясаттың мақсаттары
Қазіргі экономикалық ғылымда мемлекеттік экономикалық саясаттың мақсаттары мен міндеттерін белгілеу мейлінше утилитарлық (практикалық) сипат алғандықтан жалпы, ортақ мақсатты қалыптастыруға емес, мақсаттардың жиынтығын құрастыруға бейімделеді. Соның өзінде де мемлекеттік экономикалық саясатты талдап жасау және жүзеге асыру барысында мақсаттар жиынтығын мағыналық бірлікте көрсету мүмкін емес.
Мемлекеттің мақсаттары елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы деңгейіне, тарихи-ұлттық дәстүрлерге тәуелді. Әрбір елдің өзіне тән басымдықтары, мемлекеттік даму талғамдары болады. Бұлар үкіметтің ұстанымын, қоғамдық пікірді, үстемдік құрушы сана-сезімді айқындайды.
Рыноктық қатынастар орнаған елдерде мемлекеттік экономикалық саясаттың негізгі мақсаты рыноктың өзі шешуге қабілетсіз, яғни рыноктық механизмге «бағынбайтын» міндеттерді атқару деп санайтын пікірлер баршылық. Мұндай ұстаным жағдайында мемлекеттік экономикалық саясаттың мақсаттары мемлекеттік реттеу мақсаттарымен ұштасады.
Прагматикалық ұстанымға келетін болсақ, онда мемлекеттік экономикалық саясаттың мақсаттары экономикалық болмысты тұрақтылық, тепе-теңдік жағдайда ұстап тұруға саяды.
Мұндай ұстаным тұрақтандырушы, орнықтырушы саясат деген атауға ие болды. Мұндай саясат дағдарыс, құлдырау жағдайында стихиялық үдерістерді тоқтатып, объектінің басқарылуын қолдан шығармай, жағдайдың одан әрі ушығуына жол бермеу кезіне сипатты болып келеді. Тұрақтандыру мақсаттары жетістіктерді нығайтуға, тепе-теңдікті орнықтыруға, экономика параметрлерін шектен тыс жібермеуге қызмет етеді.
Экономикасы жоғарылау үстіндегі немесе жоғарылау күтілетін жағдайда экономикалық саясат мақсаттары экономикалық өсу мақсаттарымен жалғасады.
Әлеуметтік бағдарланған рыноктық экономикасы бар елдер үшін алдыңғы қатарға мемлекеттік экономикалық саясаттың әлеуметтік мақсаттары шығады. Мұндай мақсаттар көбінесе экономикалық мақсаттармен қиюласады. Мемлекеттік саясаттың әлеуметтік мақсаттарының алға шығуы және олардың экономикалық мақсаттармен байланыста болуы АҚШ, Германия, Швеция сияқты елдерге тән.
Мемлекеттік экономикалық саясаттың ең көп тараған әлеуметтік мақсаттарына экономикалық еркіндік пен экономикалық әділеттілік жатады. Экономикалық еркіндікті экономикалық, кәсіпкерлік қызметтің формалары мен түрлерін таңдау еркіндігі, өз қаражатыңды бөлу мен пайдалану тәуелсіздігі деп түсінген абзал. Экономикалық еркіндікті мемлекеттік экономикалық саясаттың мақсаты ретінде қарастыра отырып, оны анархияға ұқсайтын шектен шыққан еркіндік емес, шаруашылық жүйесінің тиімді қызметін қамтамасыздандыру үшін қажетті еркіндік деңгейі деп қабылдаған жөн.
Экономикалық әділеттілік мақсаты барша халыққа адалдық, мейірімділік тұрғысынан қарау, олардың мүдделері мен мүмкіндіктерін ескеру, олардың тіршілікте өздерінің құқықтары мен мүмкіндіктерін толық пайдалануына бірдей жағдай жасау деп қарастырған ләзім. Әділеттілік тек қана экономикалық емес, сонымен бірге моральдық-этикалық түсінік болып табылады. Әрбір адамның санасында әділеттілік туралы түсінік бар. Ол көбінесе жеке мүддені, дербес пайданы көздейді, сондықтан олардың ойынша мемлекет табысты теңдестіруге игіліктерді бірдей бөлуге бағытталған саясат жүргізуі тиіс. Дегенмен әділеттілік табыс алу мүмкіндіктерін теңдестіру арқылы әркім өзінің қабілетіне сай жетістіктерге жетуі саясатын ойластыру әлдеқайда жемісті болмақ. Әрқашанда мүмкіндіктер теңдігі мен нәтижелер теңдігін ажырата білу қажет.
Мемлекеттік экономикалық саясаттың анығырақ және нақты мақсатына халықты әлеуметтік қорғау мәселесі жатады. Әлеуметтік қорғау – бұл мемлекеттің азаматтарды экономикалық тәуекелдерден қорғап, әрбір адамды минималды игіліктермен қамтамасыз етуде болса керек. Мемлекет өз азаматтарын жұмыссыздықтан қорғауға, қарттарға, мүгедектерге, көпбалалы отбасыларына көмектесуге, бақытсыз оқиғалардың салдарын жеңілдетуге міндетті.
Мемлекеттік экономикалық саясаттың әмбебап мақсаты бүкіл ұлттық шаруашылық көлемінде әлеуметтік-экономикалық тиімділіктің жоғары деңгейіне жету болып табылады. Түпкі есепте дәл әлеуметтік-экономикалық тиімділік, ел шаруашылығы қызметінің нәтижелілігі, олардың ресурстық әлеуетінің құрамдас бөліктерін ұтымды пайдалану мемлекеттік экономикалық саясаттың әлеуметтік мақсаттары кешенін атқару мүмкіндіктерін айғақтайды.
Мемлекеттік экономикалық саясаттың тағы бір жиынтық мақсаты, «жалпыэкономикалық тепе-теңдік» деген атаумен белгілі. Жалпыэкономикалық тепе-теңдік – бұл сиқырлы төртбұрыш деп аталатын бағалар тұрақтылығы, жұмыспен қамтудың жоғары деңгейі, салыстырмалы экономикалық өсу, сыртқы сауда операцияларының теңгерімділігі (баланстылығы) болып табылады.
Баға деңгейінің тұрақтылығы инфляция көрсеткіштерін жоғары нақты шектерінде ұстауды білдіреді. Экономикасы дамыған елдерде экономикалық саясаттың міндеті баға өсімін бір жылда 1%-дан әрі жоғарылатпау болып табылады. Іс жүзінде, тіпті сондай елдердің өзінде өсімді бірнеше пайыздан жоғарылатпау үшін күреседі. Әрине, бұл арада бағалардың жалпы деңгейі, жиынтық бағалар туралы сөз болып отыр. Оның үстіне тауар сапасының жоғарылауымен байланысты баға өсімі инфляция болып есептелмейтінін ескеру қажет.
Жұмыспен қамтудың жоғары деңгейі, ең алдымен жұмыссыздық көрсеткішінің төмен деңгейі. Жұмыссыздық деңгейі 3 тен 7% шеңберінде болса, ол жұмыс күшінің табиғи тұрақсыздығы (текучесть), болмай қоймайтын «фрикциондық» (көші-қонға, жұмысты ауыстыруға, жаңа мамандық алуға қажетті уақыт) жұмыссыздық ретінде қарастырылады.
Экономикалық өсу жалпы ішкі өнім өсімінің жыл сайынғы қарқынымен өлшенеді. Қазіргі көзқарастарға сәйкес жалпы ішкі өнімнің жылдық өсімі 3-4% болса, онда бұл мемлекеттік экономикалық саясаттың жетістігі болып саналады. Сыртқы сауда операциялары теңгерімділігін қамтамасыз етудің мақсаты сыртқы сауда балансының оңды сальдосына қол жеткізілгендеғана орындалады. Әрине мемлекеттік экономикалық саясаттың мұндай мақсатын кез келген ел жүзеге асыра алмайды. Қазақстанда бұл мақсатқа шикізат экспорты арқылы қол жеткізіліп отыр.
Мақсаттар кешенін (жүйесін) қалыптастыруда олардың өзара байланыста және өзара әрекетте болатындығын ескеру қажет. Кейбір мақсаттар және оларды сипаттайтын көрсеткіштер бір-біріне кедергі, бәсекелес болуы немесе, тіпті сыйыспаушылықта болуы мүмкін. Сондықтан ымыраға (компромиске) келу аса қажет.
§3 Фискалдық экономикалық саясат
Фискалдық саясаттың қызметі мемлекеттік қазына (фиска) элементтерін қамтиды. Ол тікелей мемлекеттік бюджетпен, салықтармен, мемлекеттің ақшалай табыстары мен шығыстарына байланысты. Рыноктық экономика жағдайында бұл мемлекеттік экономикалық саясаттың діңгегі болып табылады. Фискалдық саясат қаржылық саясаттың бюджеттік, салықтық, табыстар мен шығыстар сияқты ірі түрлері мен формаларын біріктіреді.
Толықтай алғанда фискалдық саясат мемлекеттің қаржылық ресурстарын басқаруды ұйымдастыру, оларды елдің әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешу үшін пайдалану бойынша мемлекеттік шаралар жиынтығын құрайды. Фискалдық саясат мемлекетке қажетті ақша қаражаттарын жинақтау, бөлу, көзделген шараға жұмсау іс-әрекеттерін жүзеге асырады.
Фискалдық саясаттың ең маңызды міндеттерінің бірі экономикалық саясат мақсаттарын атқаруды көздейтін орталықтандырылған мемлекеттік ақша қорларының бастауларын, оларды қалыптастыру тәсілдерін іздестіру болып табылады. Қаржылық-бюджеттік саясат жүргізу арқылы мемлекет елдегі аса ірі экономикалық үдерістерді реттейді, қаржылық орнықтылықты қолдайды, өндірістік-экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуетті тиімді пайдалануды қамтамасыздандырады. Фискалдық саясат құралдарын мемлекет жиынтық сұраныс пен жиынтық ұсынысқа әсер ету үшін, дағдарысқа қарсы шаралар қолдану үшін пайдаланылады.
Тауарлар мен қызметтер түрлерін сатып алуда мемлекеттік сектордың үлесі едәуір; мемлекет рыноктағы ең ірі сатып алушы болып табылады. Сатып алулар елдің ішкі рыногында, сондай-ақ сыртқы рыноктарда жүзеге асырылады. Нәтижесінде мемлекет жиынтық сұраныстың көлемі мен құрылымына әсер етудің едәуір мүмкіндіктеріне ие болады.
Макроэкономикалық қаржы-бюджеттік саясатты елдегі жалпы экономикалық жағдайға байланысты екі басты желіні ерекшелеуге болады. Оларға фискалдық саясаттың шектеулі және кеңейтілген сипаттары жатады.
Экономикалық дүмпу, жедел экономикалық өсу кезеңінде фискалдық саясат өсу параметрлерін белгілі бір шектерде ұстап тұру үшін шектеуші сипат алады. Ал, экономикалық дағдарыс, экономикалық белсенділіктің баяулауы кезеңінде фискалдық саясат кеңейтілген сипат алады, яғни экономиканы «қыздыруға», өндірісті кеңейтуге, құлдыраудан жоғарылауға бағыт ұстайды.
Экономикалық циклдың қарама-қарсы фазаларына сәйкес бұл екі курстың арасында тұрақтандырушы фискалдық саясат деп аталатын үшінші курс әрекет етеді.
Тұрақтандыру саясаты – бұл жалпы ішкі өнім көлемін қалыптасқан жағдайға сәйкес деңгейге жақындату мақсатындағы мемлекеттің қаржы ағындары мен ақша айналымын реттеу іс-әрекеттері болып табылады. Тұрақтандыру саясаты – экономиканың азды-көпті орнықтылығы жағдайына сай келетін фискалдық саясаттың типтік формасының көрінісі. Ол, бір жағынан тұрақсыз дағдарыстық жағдайдың алдын алады және екінші жағынан макроэкономикалық көрсеткіштерді оңтайландыруға жақындатып, қалыптасқан экономикалық ситуацияны жақсартуға көмектеседі.