Автор: Пользователь скрыл имя, 27 Февраля 2012 в 21:55, лекция
Транзиттік экономика жағдайындағы реформаларды ойдағыдай жүргізу үшін өндірістік салалардағы, әлеуметтік сферадағы, сондай-ақ аймақтардағы барлық әлеуметтік-экономикалық үдерістерді мемлекет тарапынан реттеу қажет. Рыноктық шаруашылық жағдайында экономиканы реттеу мемлекеттің ең маңызды қызметтерінің бірі болып табылады.
§2 Мемлекеттің халықты әлеуметтік қолдауы және қорғауы
Мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі міндеттерінің бірі – ол халықты (жұртшылықты) әлеуметтік қолдау және қорғау болып табылады. Оның мәнісі мемлекеттің әлеуметтік саясатының бірінші кезектегі басымдық ретіндегі міндеті табысы төмен, қамсыздануы кемшін, әлеуметтік жағынан әлжуаз тұрғындардың проблемаларын шешуде болса керек. Әлеуметтік реттеудің басты мақсаты әлеуметтік дағдарыстардың ошағы болып табылатын кедейшілік пен әлеуметтік теңсіздіктің алдын алу.
Елдің экономикалық жағдайы ауырлаған сайын халықты әлеуметтік қорғауға үндеулер көбейе түседі. Өндіріс өспей, ішкі жалпы өнім төмендеп мемлекеттің экономикалық жағдайы қиындай түскенде халықты әлеуметтік қорғауға қосымша қаражат бөлу қиын, тіпті мүмкін болмай қалады.
Ел экономикасында игіліктер мен қызметтер өндірісі жеткіліксіз жағдайларда, қажетті өнімдерді импорт бойынша сатып алудың қаржылық мүмкіндіктері шектеулі кезеңде мемлекет өмір сүрудің, игіліктер мен қызмет көрсетулерді тұтынудың күтілген деңгейін қамтамасыз ете алмайды. Әрине, осылайша қалыптасқан жағдайларда бүкіл халықты толықтай әлеуметтік қорғаудың өзі де мүмкін емес.
Сондықтан үкімет те жұртшылық та барша халықты түгелдей мемлекеттік әлеуметтік қорғау мүмкін болмайтындығына түсіністікпен қарауы тиіс. Мұндағы дұрысы мен шынайысы халықтың ең мұқтаж топтарын әлеуметтік қолдау туралы болса керек. Тұрғындардың аталмыш категорияларын әлеуметтік әлжуаз топтар деп атайды. Әлеуметтік әлжуаздар тобына, ең алдымен дербес, өз күшімен әл-ауқатын жақсарта алу мүмкіндіктері жоқ немесе шектеулілерді, өмір сүрудің қажетті шарттарын жүзеге асыра алмайтындарды қосады.
Сөздің кең мағынасында әлеуметтік әлжуаз адамдарға табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарды жатқызады.
Әлеуметтік қолдау әртүрлі формада көрініс табады: ақшалай көмек, материалдық игіліктер, тегін тамақ, түнейтін орын, баспана беру түрінде, медициналық, құқықтық, психологиялық жәрдем ретінде жебеуші, қамқоршы, асырап алушы формаларында болуы мүмкін.
Әлеуметтік көмекті кімге, қандай түрде және формада, қаншалықты көлемде көрсету мәселесі әлеуметтік экономиканың ең күрделі сұрақтары болып табылады. Мұндайда бірқатар экономистер мен әлеуметтанушылардың (социологтардың) пікірінше: «Кімде кімнің өзіне-өзі көмектесуге мүмкіндігі жоқ, соған көмектесу қажет».
Рыноктық қатынастар қалыптасуы кезеңінде халықты бағалардың өсуі (инфляция) мен жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау мәселесі өткір болады. Тауарлар мен қызмет көрсетулер бағасының өсуі тұтынуды апатты жағдайға дейін төмендетпеуі үшін ішінара табыстарды индексациялау әдісі қолданылады, яғни жалақы, зейнетақы, шәкіртақы, табыстардың басқа да түрлері бөлшек бағалар өсуіне сәйкес көбейтіледі.
Жасқа, мүгедектікке, шектеулі еңбек жарамдылығына байланысты заңнама негізінде ұзақ мерзімді немесе тұрақты түрде көмекке құқығы бар тұрғындар категориясына әлеуметтік қамсыздандыру деп аталатын экономиканың әлеуметтік саласының қаражаттарынан мемлекет қаржылық қолдау тағайындайды.
Әлеуметтік қамсыздандырудың көп тараған түріне мемлекеттік зейнетақымен қамтамасыз ету жатады.
Рыноктық экономика жағдайында азаматтар мемлекеттік емес зейнетақы қорлары арқылы жеке-дара әлеуметтік сақтандыру мүмкіндігін алады да, өз уақытында мемлекеттік зейнетақыға салмақ жеңілдейді.
Мемлекеттік және жергілікті бюджет қаражатынан зейнетақыдан басқа халықтың мұқтаж категорияларына әртүрлі жәрдемақылар мен төлемдер беріледі. Олар тұрақты, ұзақ мерзімді және уақытша, сондай-ақ бір реттік сипатта болуы мүмкін. Жәрдемақы негізінен балаларды, ауру адамдарды, қарттарды, жұмыссыздарды қолдау үшін тағайындалады.
Әлеуметтік көмектің ерекше түрі – медициналық көмек. Мұндай көмек белгілі дәрежеде тегін көрсетіледі. Дегенмен, тіпті бай елдердің өзі денсаулық сақтауға шығындарды мемлекеттік бюджеттің иығына артып қоймайды, медициналық қызмет көрсетулер мен дәрі-дәрмектердің бір бөлігі ақылы болып келеді.
Қазақстанның рыноктық типті экономикаға өтуіне байланысты тұрғындар мен кәсіпорындардың ақшалай қаражаттарының бір бөлігі ақылы және сақтандыру медицинасы формасында денсаулық сақтау мұқтаждықтарына пайдаланылады.
Мемлекеттік сақтандыру медицинасы (әлеуметтік жәрдемнің бұл түрі әзірше Қазақстанда тұралап қалды) кәсіпорындар мен ұйымдардың жалақысынан және басқа да төлемдерінен сақтандыру қорын қалыптастыру жолымен міндетті медициналық сақтандыруды қарастырады.
Мемлекет жұмыссыздарға едәуір көмек қолын созады. Ең алдымен ол ресми тіркелген жұмыссыздарға мемлекеттік жәрдемақы түрінде жүзеге асады. Жұмыстан айырылып қалғандар үшін мұндай жәрдемақы алғашқы айларда соңғы жалақысы көлеміне жақын сомада төленеді. Кейінгі айларда жәрдемақы деңгейі төмендейді. Әдетте, жәрдемақы жұмыстан босап қалған уақыттан соңғы жарты жыл ішінде төленеді.
Қазақстанда мемлекеттік басқарудың демократияландырылуы және либерализациялануына байланысты мемлекеттік әлеуметтік саясаттың бір бағыты ретінде әлеуметтік реабилитация (ақтау) қажеттілігі туындады. Кең мағынасында «реабилитация» абыройын қайтарып алу дегенді білдіреді. Әлеуметтік ақтау, ең алдымен жанышталған әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру. Сондықтан мемлекет кінәсіз зардап шеккендерге қамқорлық көрсетеді. Әсіресе, мемлекеттің билік органдарының заңсыз әрекетінен зобалаңға түскен адамдар алдындағы әлеуметтік жауапкершілігі зор болуы тиіс.
Мемлекеттік билік органдарының әлеуметтік үдерістерді реттеу объектілерінің бірі – табиғатты, қоршаған ортаны қорғау болып табылады.
Экономикалық үдерістер мен құбылыстарды адам өмірімен, оның бейнесі және деңгейімен тығыз байланыстыра зерттейтін ғылым – әлеуметтік экономиканың құрамында экологиялық мәселелер де бар. Экология мен адам өмірі тығыз байланыста екендігі даусыз ақиқат. Сондықтан, табиғат пен адам арасында ақылға қонымды тепе-теңдікті сақтау өзекті әлеуметтік мәселе болып табылады.
Экологияның маңыздылығын қоршаған ортаны сақтау және қалпына келтіруге бөлінетін мемлекеттік бюджет қаражатының арта түсуінен көруге болады. Сонымен бірге бұл қаражаттар өндірістің экожүйеге бүлдіргіш әрекетін тоқтатуға кемшін болып отыр, нәтижесінде Қазақстанның бірқатар аймақтарында экологиялық жағдай нашарлай түсуде.
Жоғарыда айтылғандар әлеуметтік экономиканың арнайы зерттеу объектілері болып табылады. Ал, оларды мемлекеттік реттеу, әрине әлеуметтік бағдарланған рыноктық экономиканы мемлекеттік реттеудің зерттеу, оқыту пәнінің еншісінде екендігі даусыз.
§3 Әлеуметтік реттеудің формалары, әдістері, құралдары
Әлеуметтік объектілер мен үдерістерді мемлекеттік реттеу формалар мен әдістердің, институттар мен құралдардың кең көлемді жиынтығына сүйенеді. Қайсыбір әдіс-тәсілдерді қолдану реттеу саласына, оның субъектілері мен объектілеріне тәуелді.
Әлеуметтік объектілер мен үдерістерді мемлекеттік реттеудің әмбебап құралына ҚР Конституциясы, Азаматтық Кодексі, Еңбек Кодексі, Бюджет Кодексі, әлеуметтік сфера салалары қызметін реттейтін заңдар жатады. Мемлекет тарапынан әлеуметтік үдерістерді құқықтық реттеу Президент Жарлықтары, Үкімет Қаулылары түріндегі нормативтік-құқықтық актілер арқылы жүзеге асады. Бұл актілерде әлеуметтік жағдайға мемлекеттің әсер ету, экономиканың әлеуметтік сферасы салаларының қызметін реттеу, әлеуметтік жәрдем мен қолдау шаралары көрсетіледі.
Әлеуметтік объектілер мен үдерістерді мемлекеттік реттеудің формаларын, әдістері мен құралдарын жан-жақты қарастырып көрейік.
Әлеуметтік мақсаттар экономиканы мемлекеттік басқарудың бастапқы пункті болып табылады және өзінің көрінісін ұзақ, орта және қысқа мерзімді әлеуметтік мақсатты бағдарларды анықтау мен орнықтырудан табады. Мұның өзі сапалық түрде немесе сандық өлшемдегі көрсеткіштер формасында орын алады.
Стратегиялық аспектіде әлеуметтік мақсаттарды мемлекеттік биліктің жоғары органдары әлеуметтік дамудың ұзақ мерзімді концепциясын талдап жасауда пайдаланады. Стратегияның әлеуметтік концепциясы принциптері мемлекеттік әлеуметтік доктринаға негізделеді.
Әзірге, Қазақстанда халықтың қолдауына ие болған елдің әлеуметтік доктринасы талдап жасалып, қабылданған жоқ.
Мәселе мемлекеттік бағдар рыноктық экономиканың шведтік моделі деп аталатын, мемлекет тарапынан азаматтардың әлеуметтік қорғалуының ең жоғары деңгейімен сипатталатын моделге бағыт ұстай ма, жоқ, әлде «мемлекеттік әл-ауқаттылық» дейтін қол жетімді ұлттық әл-ауқаттылықты көздейтін германдық моделді қолдай ма, мүмкін, мемлекеттік әлеуметтік кепілдіктермен сипатталатын американдық экономика моделіне бет түзей ме ол жағы белгісіз. Бәлкім, кейінгі уақыттарда жиі айтылып жүрген әлеуметтік экономиканың қазақстандық үлгісі айқындалып, концепциясы жасалып, бағдарламасы қабылданатын болар.
Орта мерзімді перспективада мемлекеттік әлеуметтік мақсаттар табыс пен тұтынудың әлеуметтік нормативтеріне сүйенеді. Оларға, еңбекақы, зейнетақы, жәрдемақы деңгейі, отбасы мүшелерінің жан басына шаққандағы табысы, күнкөріс минимумы, игіліктердің негізгі түрлерін тұтыну көлемі, тұрғын үймен қамтамасыздандырылу сияқты көрсеткіштер жатады.
Қысқа мерзімді әлеуметтік мақсаттар мемлекет кепілдендірген жақын уақыт кезеңіндегі әлеуметтік ілгерілеудің деңгейін көрсетеді.
ЮНЕСКО ұсынған даму индексі бойынша әлеуметтік дамудың әмбебап көрсеткіштер қатары келесідей:
- салыстырмалы бағалар арқылы анықталып, халықтың жан басына шаққандағы табысымен өлшенетін өмір сүру деңгейі;
- өмір сүрудің орташа ұзақтығы;
- халықтың білімділік деңгейі.
Мемлекеттік деңгейдегі әлеуметтік болжау жақын және келешек перспективада елдің және аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуының нұсқалы болжамдарын талдап жасау түрінде көрініс табады. Әлеуметтік мемлекеттік болжамдар демографиялық ситуацияны, бала тууды, өлім деңгейін, халық санын, тұрғындардың жас-жыныс құрылымын, қалалық және ауылдық тұрғындар құрамын, миграцияны, жұмыспен қамтуды, табыс, баға, инфляция деңгейін, тауарлар, игіліктер, қызмет көрсету түрлерін тұтынуды алдын ала қарастыруды көздейді. Мемлекттік әлеуметтік реттеудің бір бөлігі ретіндегі әлеуметтік болжау жалпы экономикалық болжаумен тығыз бірлікте жүргізілуі тиіс.
Әлеуметтік болжау жақын және келешек преспективадағы мемлекеттің әлеуметтік даму жоспарлары мен бағдарламаларын ғылыми негіздеудің құралы міндетін атқарады.
Салалар бойынша әлеуметтік болжау әлеуметтік сфераның базалық салаларын қамтиды. Оларға мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау, дене шынықтыру, әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ал аумақтар бойынша аймақтарды әлеуметтік дамыту жатады.
Рыноктық экономика жағдайында мемлекеттік әлеуметтік жоспарлау мемлекет бөлетін әлеуметтік игіліктер мен қызмет көрсетулердің деңгейлері, көлемдері түріндегі әлеуметтк стандарттарды талдап жасау мен қабылдауға бағдарланады.
Мемлекет еңбекақының, зейнетақының, жәрдемақының кепілдендірілген минималды деңгейін минималды күнкөріс деңгейіне қатысты орнықтырып, жоспарлы көрсеткіштерді заңдар, жарлықтар, үкіметтік қаулылар формасында бекітеді. Мемлекеттік әлеуметтік жоспарлау, сондай-ақ әлеуметтік сфера салаларын дамытудың жоспарлы көрсеткіштерін осы мақсаттарға бөлінген мемлекеттік ресурстармен сәйкестендіре орнықтырады.
Мемлекеттік әлеуметтік жоспар құрамында оның магистралды (негізгі) тармағы мемлекеттік әлеуметтік болжау ерекше орын алады. Рыноктық жағдайлардағы бұл маңызды мемлекеттік реттеу формасы мемлекеттік мақсатты және аймақтық әлеуметтік бағдарламаларды қамтиды және бір-екі жылдан он-он бес жылға дейін созылады.
Мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалар дегеніміз уақыт пен кеңістік, атқарушылар мен ресурстар бойынша үйлестірілген, жалпымемлекеттік, салалық және аймақтық көлемде біртұтас ірі әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған шаралар жиынтығы болып табылады.
Экономиканы мемлекеттік реттеудің кез келген саласы сияқты мемлекеттік әлеуметтік реттеуде ұйымдастыру, ынталандыру, жедел реттеу, есеп, бақылау сияқты функцияларға едәуір назар аударылады. Аталған типтік функцияларды атқару өздерінің формасы, әдістері бойынша экономиканың басқа салаларын мемлекеттік реттеуде қолданылатын құралдардан айырмашылығы жоқ.
Сонымен бірге мемлекеттік әлеуметтік реттеудің заңдарды сақтауға, кеңсешілдік (бюрократизм) көріністеріне, мемлекеттік шенеуніктердің жемқорлығына өте сезімталдығын баса айту керек. Мұндай сезімталдықтың негізгі себебі мемлекеттік әлеуметтік реттеуде жіберілген олқылықтар мен нормадан ауытқулар адамдарға, азаматтарға теріс әсер етеді, олардың әлеуметтік көңіл-күйі мен моральдық жағдайына зиянын тигізеді.
§4 Еңбек және жұмыспен қамтуды мемлекеттік реттеу
Экономикалық үдерістер жүйесін мемлекеттік реттеуде өзінің маңыздылығы бойынша еңбек үдерістерін реттеудің орны ерекше болып табылады. Еңбек өндірістің анықтаушы факторы болғандықтан мемлекет оның өнімділігіне, қайтарымдылығына мүдделі, өйткені аталмыш көрсеткіштер өндірілген жалпы ішкі өнім шамасына тікелей әсер етеді. Мемлекет жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге мүдделі және жұмыссыздықты жоюға ынталы. Сондықтан, мемлекет еңбек рыногын реттеуі жұмысшы күшіне сұраныс пен ұсынысқа әсер етуі, еңбекақы төлеу проблемасын көз алдында ұстауы тиіс.