Автор: Пользователь скрыл имя, 27 Февраля 2012 в 21:55, лекция
Транзиттік экономика жағдайындағы реформаларды ойдағыдай жүргізу үшін өндірістік салалардағы, әлеуметтік сферадағы, сондай-ақ аймақтардағы барлық әлеуметтік-экономикалық үдерістерді мемлекет тарапынан реттеу қажет. Рыноктық шаруашылық жағдайында экономиканы реттеу мемлекеттің ең маңызды қызметтерінің бірі болып табылады.
Өндіріске жалпы инвестициялар деп негізгі капиталды (негізгі қорлар) және запастарды ұстап тұру мен арттыруға бағытталатын инвестициялық өнімді атайды. Жалпы инвестициялар екі құрамдас бөліктен тұрады. Біріншісі, амортизациялық төлемдер. Бұл - негізгі құрал-жабдықтардың орнын толтыруға, оларды жөндеуге, қалпына келтіруге қажетті инвестициялық ресурстар. Екіншісі, таза инвестициялар – бұл негізгі құрал-жабдықтарды көбейту, арттыра түсу мақсатында ғимараттар мен құрылғыларды, жабдықтар мен іс-әрекеттегі өндірістік қуаттарды іске қосуға арналған капитал салымы.
Материалдық өндіріс салаларына инвестициялармен қатар олардың едәуір бөлігі әлеуметтік-мәдени сфераға, ғылым, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, информатика, қоршаған ортаны қорғауға, сондай-ақ осы салалар үшін жаңа объектілер салуға, оларды қолданылатын техника мен технологияны жетілдіруге, инновацияларды жүзеге асыруға бағытталады.
Соңғы жылдары ғылыми және оқу әдебиеттерінде адамға, адам капиталына инвестиция салу туралы әжептәуір айтылып жүр. Бұл – салымдардың ерекше түрі, негізінен білім беру мен денсаулық сақтауға, жеке тұлғаның рухани дамуы мен жетілдірілуіне, халықтың денсаулығын нығайтуға, өмірді ұзартуға, адамдардың шығармашылық еңбек қабілетін арттыруға арналған инвестициялар болып табылады.
Нақты (реалды) инвестициялар экономика салаларына және экономикалық қызмет түрлеріне салымдар болып табылады және нақты капитал өсімін қамтамасыз етеді, яғни өндіріс құрал-жабдықтарын, материалдық құндылықтарды, запастарды, ақпараттық-интеллектуалдық ресурстарды молайтады.
Қаржылық инвестициялар дегеніміз акцияларға, облигацияларға, вексельдерге және басқа да бағалы қағаздар мен қаржылық құралдарға салымдар. Мұндай салымдар өздігінен нақты заттай капиталға өсім бермейді, дегенмен уақыт бойынша құнды қағаздардың бағамы өзгеруі есебінен пайда, соның ішінде алыпсатарлық пайда әкелуге мүмкіндіктері бар. Мысалы, акциялар нақты, физикалық капитал өндірмейді. Бірақ, егер акцияны сатудан түскен ақша өндіріске, құрылысқа, жабдықтарға салынатын болса, онда қаржылық инвестициялар нақты капиталға ақшалай салымдар болып шығады да, реалды инвестицияларға айналады. Сондықтан, бағалы қағаздарды сату-сатып алу арқылы алыпсатарлық пайда алу мақсатындағы салымдар мен реалды, физикалық капиталға айналатын қаржылық инвестицияларды ажырата білу керек.
Тікелей қаржылық инвестициялар дивиденд түрінде табыс, сондай-ақ акционерлік компанияны басқаруға қатысу құқығын алу мақсатындағы акционерлік қоғамның жарғылық қорына ақшалай салымдар. Бақылаушы тікелей инвестициялар деп акциялардың бақылау пакетіне иелікті айтады, яғни дауыс берушінің акциялардың жартысынан астамына иелік етуі.
Қаржылық инвестициялар құрамынан портфельдік инвестицияларды ерекшелейді. Бағалы қағаздарға салым салатын тұлғалар табыстылығын жоғарылатып, тәуекелін төмендету үшін портфель деп аталатын бағалы қағаздардың бірнеше түрлерінің жиынтығын сатып алады. Бұл инвестициялардың атауы осылайша қалыптасқан.
Тәуекелдік деңгейі жоғары инвестициялар венчурлық капитал деп аталады. Ірі венчурлық капитал инвестициялық жобаларға, қызметтің жаңа түрлеріне салынуымен ерекшеленеді. Мұндай капиталдың әрбір салымшысының тәуекелін кеміту үшін көптеген салымшылардың капиталын біріктіріп венчурлық капитал қорын құрады.
Мерзімдері бойынша қысқа мерзімді (бір немесе бірнеше айға) және ұзақ мерзімді (бір немесе бірнеше жылға) салымдар белгілі. Осы мерзімдер ішінде алғашында бейтараптанған салымдар өндірістік факторларға айналып, қайтарым, табыс, пайда әкеле бастайды.
Капитал салымшысы – инвестор деп тек қана өзінің емес «өзгенің» де ісіне салымдаушы тұлғаларды, мекемелерді, мемлекетті атайды. Әрине, қаражат салынған «өзгенікі» шамалы болса да «өзінікіне» айналады. Капиталды инвестициялаушыға байланысты мемлекеттік, жекеменшік, шетелдік инвестицияларды ажыратады.
Республикалық бюджет қаражатынан бөлінетін инвестицияларды бюджеттік, ал басқа көздерден тартылатындарды бюджеттік емес инвестициялар деп атайды.
Инвестициялар мемлекеттің, кәсіпорынның, тұрғындардың жинақтары және қорлануымен тығыз байланысты. Мемлекет үшін қорлану, яғни ұлттық табыстың ағымдағы тұтынуына жұмсалмайтын бір бөлігі негізгі ішкі инвестицияның қайнар көзі, бастауы болып табылады. Кәсіпорындар, компаниялар инвестициялық қаражат ретінде пайданың қорлануын жұмсайды. Егер мемлекеттік бюджет үшін инвестицияға айналатын қорлану ауырлау, бірақ қажетті салмақ түсіретін болса, ұйымдар мен компаниялар үшін пайдадан алынатын өндірістік инвестициялар өмір сүруі мен өндірісті дамытудың міндетті шарты, ал тұрғындардың жинақтары тікелей инвестициялар емес, оларды шоғырландыратын банктердің ғана бұл жинақтарды инвестиция ретінде пайдалануға мүмкіндіктері бар.
Сонымен, үй шаруашылығының жинақтары да белсенді өндірістік инвестициялар бола алады (мұның өзі, тіпті бастапқы иелерінің ойына келмесе де). Нәтижесінде, экономиканың барша субъектілерінің қорлану қаражаттары мен жинақтары қандай жолмен болмасын инвестицияларға айналады.
Инвестициялық ресурстарды тұтынатын негізгі үш экономикалық субъектілерді бөліп көрсетуге болады. Олар: мемлекеттік басқару органдары түріндегі мемлекеттің өзі, кәсіпорындар мен кәсіпкерлер, сондай-ақ үй шаруашылығы жиынтығы түріндегі тұрғындар.
Қажетті инвестицияларды тарту үшін мемлекет ішкі және сыртқы көздерді пайдаланады. Ішкі қаражаттарға табыстар, салықтан құралатын бюджет қаражаттары, міндетті төлемдер, сыртқы экономикалық қызметтен түсетін пайда жатады. Сыртқы қаражатқа кредит, шетелдік көмек түріндегі инвестициялар жатады.
Мемлекеттің инвестициялық саясаты шетелдік инвестицияларды экономиканың нақты секторына тартуды (келтіруді) көздеуі тиіс. Рыноктық экономикада инвестицияларды тарту мен пайдаланудың негізгі агенті меншіктің әртүрлі формасындағы компаниялар, фирмалар және кәсіпкерлер болып табылады. Шаруашылық жүргізуші субъектілердің бұл жиынтығы өндірістік капиталға ең мүдделі топ болғандықтан қажетті инвестициялар тартудың әртүрлі көздерін іздестіреді.
Кәсіпорынды инвестициялық қаржыландырудың көзі ретінде шаруашылық қызметтің барлық түрлерінен алынатын паайда болып табылады. Салықтарды, ренталық төлемдерді жүзеге асырудан және дивидендтерді үлестіргеннен қалған пайданы кәсіпорындар мен кәсіпкерлер өз өндірісіне капитал салымы ретінде пайдалануға толық мүмкіндігі болады. Рентабелділігі жоғары кәсіпорындар үшін бұл өзін-өзі қаржыландыру формасындағы инвестиция тартудың сенімді көзі және ешқандай қарыз міндеттемелері жоқ қаржы болып табылады.
Өндірістік ұйымдарды инвестициялаудың орнықты ішкі көзіне амортизациялық төлемдер жатады. Олар бекітілген нормаларға сәйкес, міндетті түрде өндірісте қолданылатын негізгі құрал-жабдықтардың барлығына есептеледі және өндірістік шығындар (өзіндік құн) құрамына қосылады. Тозған капиталдың, негізгі құрал-жабдықтардың орнын толтыруға жұмсалатындықтан бұл қаражаттың инвестициялық жаратылысы байқалады. Амортизация жабдықтардың нормативті қолданылуы мерзімі бойына бекітілген пайыз мөлшерінде әр жылғы біркелкі есептелуі немесе жеделдетілген амортизация шартына сәйкес жоғары пайызбен есептелуі мүмкін.
Жеделдетілген амортизация құрал-жабдықтарды ұстап тұруға аударылатын қаражат көлемін көбейтеді. Кәсіпорындардың ішкі инвестициялық көздеріне пайларды, құрылтайшы жарналарын, инвестициялық ресурстар санатында пайдаланылатын компания акцияларын жатқызуға болады.
Ақша түріндегі инвестиция тартудың негізгі сыртқы көздерінің бірі банктік кредит болып табылады. Банктік инвестициялық кредит, әдетте қайтарым кепілдігі, белгіленген уақыт және пайыздық қойылым негізінде жүзеге асады. Кредитті қамтамасыз ету ұшін, бәлкім жылжымайтын мүлікті кепілдікке қоюға тура келетін жағдайдағы кредитті ипотекалық деп атайды.
Капиталды тартудың негізгі бір көзі болып отандық және шетелдік банктер, басқа да қаржы-несиелік ұйымдар беретін инвестициялық кредиттер есептеледі. Егер инвестор-банк кәсіпорын-қарыз алушыға кредиттік желі ретінде қайталанатын қаражат түрінде беретін болса, онда бұл кредит түрі қарыз алушының векселдік міндеттемесі, сондай-ақ оның активтері негізінде берілуі мүмкін.
Әрине, инвестицияларды мемлекеттік қаржыландыру туралы да айту қажет. Мемлекеттік инвестициялар кәсіпорындарға пайыздық және пайызсыз, тіпті атаулы субсидиялар, субвенциялар түрінде тегін берілуі де мүмкін.
§2 Инвестицияларды мемлекеттік реттеудің мақсаттары, міндеттері және проблемалары
Инвестициялар және инвестициялық үдерістерді мемлекеттік реттеудің басты мақсаты орта және ұзақ мерзімді перспективада елдің экономикалық өсуін қамтамасыз ету болып табылады. Экономикалық өсудің негізгі факторлары жер, еңбек, капитал екендігі экономикалық теориядан белгілі. Үшінші фактордың шамасын күрделі ресурстарды қалыптастырудың негізін қалайтын инвестициялар анықтайды. Алғашқы екі фактордың да динамикасы табиғи ресурстар мен адам капиталын инвестициялауға тәуелді.
Инвестициялық үдерістерді мемлекеттік реттеудің бірінші дәрежелі міндеттеріне негізгі құрал-жабдықтарды тозудан сақтау шаралары жатады. Негізгі құрал-жабдықтарды жаңалау осы құрал-жабдықтарға капитал салымының көлемі мен динамикасына тәуелді. Бөлінетін және жұмсалатын инвестициялардың жетіспеушілігі өндірістік қуаттарды кемітеді, жабдықтардың сапасы мен өнімділігі азаяды, ғимараттар, құрылғылар, тораптардың істен шығуы, тіпті қирау қауіптері туындайды. Аталған проблемалар қазақстандық экономикаға тән екендігін айту қажеттілігі соңғы 10-15 жыл бойына оларды инвестициялаудың жалпы деңгейі төмендеу үрдісін көрсетіп отырғандығынан туындайды.
Инвестицияларды мемлекеттік реттеудің тағы бір ірі міндетіне ұлттық экономика құрылымы мемлекет дамуының әлеуметтік-экономикалық стратегиясына сәйкестендіру, құрылымдық саясатты қажеттіліктерге, сұранысқа, рыноктық конъюнктураға сай жүргізу жатады. Қазақстан экономикасында құрылымдық-инвестициялық саясат жүргізу барысында инвестицияларды өңдеуші, түпкі өнім шығаратын салаларға бағыттау ұмтылысы мен таза рыноктық мақсаттарды шикізаттық, қазба ресурстары салаларын инвестициялау үрдісі арасында қайшылықтар пайда болды. Ал, мұның өзі салиқалы мемлекеттік реттеу шараларынсыз шешуге болмайтын түйін екендігі даусыз.
Мемлекеттік реттеуді талап ететін тағы бір мәселе ғылыми-техникалық, технологиялық инновацияларды инвестициялық қамтамасыз ету болып табылады. Венчурлық капитал ағынының баяулығы, техникалық-технологиялық жаңаруға мүдделердің кемшіндігі қазақстандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін төмендетпесе, арттыра қоймайды.
Сенімді, орнықты өркендеуге қажетті инвестициялар көлемінің қатаң нормативтері жоқ болуына қарамастан экономикаға инвестицияланатын капитал мөлшері жалпы ішкі өнімнің, шамамен алғанда 15-20% құрауы тиіс және бұл мөлшер дағдарыстық құбылыстарды еңсеру проблемасы туындағанда арта түсуі қажет. Жалпы, капиталды тұтыну мен оның қорлануы арасында динамикалық тепе-теңдік орнағаны жөн.
Қазақстандық болмыста бұл талаптар рыноктық реформалардың барлық кезеңдерінде сақтала қойған жоқ. Мемлекеттік инвестициялар үлесі жыл сайын төмендеу үстінде болды. Қаржылық ресурстардың жетіспеушілігі ішкі және сыртқы қарыздар, ағымдағы өткір қажеттіліктер күнделікті тұтынушылықтың басымдығын дәлелдеп тұруы, нәтижесінде инвестицияларды «жеп қою» үрдісі қалыптасты.
Дегенмен, соңғы жылдары Қазақстан экономикасына инвестициялар көлемі арта түскенінің куәсі болудамыз. Соның өзінде инвестициялардың көлемдік өсуі орнықтылықты талап етеді. Ал, ол өз кезегінде орнықты экономикалық жоғарылауды және өндірісті жаңартуды қамтамасыз етеді.
Тағы бір айтылатын жайт, рыноктық экономикада инвестициялық салмақ едәуір дәрежеде мемлекеттік бюджет иығынан алынып, шаруашылық жүргізуші субъектілердің иығына салынады десек те инвестициялық үдерістерді реттеудегі мемлекеттің рөлі сақталады, әрі күшейе түспек. Бұл жағдайда мемлекеттік қаражаттардан инвестициялық ресурстарды бөлу функциясымен қатар инвестициялық үдерістерді толығымен реттеу, басқару, барлық көздерден ел экономикасына инвестициялар тартуда мемлекеттік шаралардың маңыздылығы арта түседі.
Инвестициялық ресурстарды рыноктық бөлуді түзету, дәлдеу іс-әрекеттері де мемлекеттік реттеуді қажетсінеді, себебі инвестициялық ағындар өзінің жаратылысы бойынша әлеуметтік нәтижелер мен ұзақ мерзімді күтулерден тәуелсіз максималды және жедел табыс алу аймақтарына қарай бет түзейді. Сонымен бірге, мемлекет инвестициялық арналарды экономикалық өсуді, өндірісті жандандыруды, дағдарыстық жағдайда оңалуды қамтамасыз ететін экономикалық объектілер бағытына бұруы тиіс.
ХХІ ғасыр басындағы инвестициялық проблемалардың шиеленісе түсуінің тағы бір себебіне өндірістік сфераға капитал салымы деңгейінің негізгі қорлардың ескіруі, тозуы, істен шығуы үдерістерінің орнын толтыра алмай отырғандығы жатады. Мұның өзі елдің өндірістік әлеуетін төмендетеді де экономикадағы прогрессивті құрылымдық өзгерістерді қиындатады.
Өздерінің капиталын Қазақстан экономикасына орналастыру бағытында шетелдік инвесторлардың мүдделілігі арта түсуде. Осы үрдісті күшейте түсу үшін мықты заңнамалық база, сенімді кепілдіктер, орнықты экономикалық және саяси ахуал қажет.
Қазақстан экономикасына инвестиция келтіру проблемасы шетелдік инвестициялармен шектелмейді. Қаржылық дағдарыс салдарына қарамастан ішкі көздерден тартылатын капитал салымдары пайдаланылмай қалуда. Оларды іске асыру үшін, бір жағынан қолайлы инвестициялық ахуал жасап, капиталдарды кепілдіктермен қамтамасыз ету керек, ал екінші жағынан инвестициялық саясатты жүргізуде мемлекеттің рөлін күшейту қажет.