Баланың жаңа әлеуметтік рөлі,
яғни мектеп оқушысы болуы – іс-әрекеттің
(оқудың) жаңа түрін түбегейлі игерумен
ғана емес, сондай-ақ қатынастың барлық
жүйесінің, баланың қызығушылықтары,
құндылықтары, өмір салттарының өзгеруімен
де байланысты. Осы жастағы балалар
негізінен түрі мен мазмұны тартымды
ойын түрлері арқылы білім алады.
Осыған байланысты оқытудың ойын әдісін
кеңінен қолдану, жағдаятты, шығармашылық
іс-әрекеттерді ұғынуға түрлі
тапсырмалар беру, коммуникативтік,
іс-әрекеттік оқытуда пікірталас
элементтерін пайдалану қажет. Балалардың
алған білімдері қарым-қатынас
жасау кезінде бір-біріне қамқорлық
жасап, көңіл бөлудің қажеттілігін
түсінуге мүмкіндік береді. Қалыптасқан
дағдылар мектеп өмірі үдерісінде мейірімділік,
сезімталдық, тілектестік, ынтымақтастық
дағдыларына төселуге ықпал ететін
болады. Мектеп ұжымында орныққан ізгі
қарым-қатынас жеке тұлғаның алдағы
уақытта, яғни есейген шақта жағымды
қасиеттерін дамытуға септігін тигізетіні
осы тарау сабақтарының тағы бір
маңыздылығы болып табылады. Бағдарламаның
«Адами қарым-қатынасқа үйренейік»
атты екінші тарауында коммуникативтік
біліктер мен дағдыларды (өзін және
басқаларды тыңдау, түсіну, дұрыс бағалай
білу, жанашырлық таныту, өзара ынтымақтастық
біліктері); құрбыларымен тең құқықты,
өзара жақсы қарым-қатынас құра
білу білігін; өзінің эмоциялық күйін
түсіну, өз сезімдерін білдіре алу
және басқалардың сезімін тани білу
біліктерін, тұлға аралық шиеленістерді
шешу дағдыларын игеруді және әлеуметтік
белсенділіктерін дамытуға ерекше көңіл
бөлінеді. «Адами қарым-қатынасқа үйренейік»
атты тарау сабақтары балалар
ұжымында ешкімнің ренжімеуіне және
назардан тыс қалмауы үшін жағымды
орта құруды қарастырады. Ол оқушылардың
мінез-құлқындағы жағымды қырлары,
яғни айналасындағыларға және бір-біріне
деген құрметті, эмоциялық жылылық
пен өзара түсіністікті психологиялық
нұсқау арқылы оңтайлы ұйымдастыруға
бағытталған. Әдістемелік тәсілдер шиеленістерді
болдырмаудың жолдарын бірлесіп іздеуге
және пайда болған шиеленісті жағдайлардан
шығудың лайықты тәсілдерін табуды анықтауға
бағытталған. Оқушыларды басқалардың
келеңсіз мінез-құлықтарына орай әдепті
әрекет етуге, балалардың кешіре білу
білігін қалыптастыруға және оны дамытуға,
кішіпейілділік, тектілік, төзімділік
көрсете білуге шыдамдылықпен үйретуге
негізделген. Оқыту үдерісінде баланың
адамдар арасындағы қарым-қатынас этикасы
ережелерін меңгеруі маңызды болып табылады.
Бұл үшін оларды қарым-қатынас білігін,
ынтымақтастық пен ұжымшылдық рухын дамытуға,
басқалардың сезімін түсінуге, топпен
қарым-қатынас жасауға және өзара әрекеттестікке,
басқа балалармен достасуға, жетістіктері
мен сәтсіздіктерін бөлісуге, өз мінез-құлқын
бақылап, оны саналы түрде басқаруға, түрлі
өмірлік жағдаяттарда батыл және өзіне
сенімді болуға үйрету керек. Балаларды
жаттығуларға, ойындарға, шығармашылыққа,
экспериментке, іс-әрекетке практикалық
кірістірудің түрлі формалары жас жеткіншекті
тәрбиелеу нормаларына тартуға, өзіне,
айналасындағыларға, құрбыластарына және
үлкен адамдарға қатынасында эмоционалдық-мотивациялық
нұсқаулар қалыптастыруға, коммуникативтік
және әлеуметтік дағдылар, біліктер және
қарым-қатынас тәжірибелерін дамытуға,
қоғамдағы дұрыс мінез-құлық және жеке
даралық дамыту үшін қажетті мүмкіндіктер
туғызу қажет. Осы тарау сабақтарында
алған өзара адами қарым-қатынастың сыпайы
тәсілдері, құралдары мен әдістері туралы
білім балаларға қатынас жасау өнері жөнінде
түсінік береді. Олардың жақын адамдарына,
сыныптастарына, таныстарына мейірлі
болып, шынайы сезімге тәрбиеленуіне мүмкіндік
туғызады. Бұл сабақтар балаларды әңгімелесушінің
эмоционалдық күйін түсінуге, өз ойлары
мен сезімдерін дұрыс жеткізе білуге,
жақсы қатынасты бағалай білуге және айналасындағы
адамдармен қарым-қатынаста қуанышқа
бөлене алуына, оларға қамқорлық көрсетуге
және шамасына қарай көмек көрсетуге үйретеді.
«Адам болам десеңіз...» атты үшінші тарау
баланың жас ерекшелігіне қарай олардың
психологиялық дамуын, яғни өспелі мінез-құлықты
түйсінуін, әсерленгіштікті, сезімнің
қарқынды дамуын, жалпы эмоционалдық тонусын
(шаттық, сергектік), жігерлілік сапаларын
ескере отырып жасалған. Тарауда баланың
адамгершіліктік құндылықтық бағдарларды
қабылдау дағдыларын дамытуға септігін
тигізетін материалдар бар. Осы арқылы
оқушылар мейірімділік, борыш, адалдық,
ұят, намыс, батылдық сияқты және т.б. адамгершілік
ұғымдармен танысады. Баланың қайырымдылық,
достық, ұстамдылық, мақсаткерлік, батылдық,
өз-өзін құрметтеу, абырой, көңіл күйге
ортақтаса білу, басқа адамдарға, жан-жануарларға,
табиғатқа қамқорлық көрсетуін дамытуға
ықпал ететін адамгершілік қасиеттерін
қалыптастыруға айырықша көңіл бөлінеді.
Бағдарлама мазмұнында өзінің және басқалардың
қылықтарын жинақтап қорыту, салыстыру,
талдау, оның этикалық мәнін көре білу
және бағалау қарастырылған. Оқытудың
мазмұны мен әдістері балалардың сезімталдығын,
елгезектігін, өзін-өзі құрметтеуін, өз
қадір-қасиетін сезінуін, эмпатиялық сезімін
көрсетуін тәрбиелеу үшін жағдай жасауға
бағытталған. Білім үдерісі баланың өз
ұстанымына, оның өмірлік тәжірибесіне
құрылуы қажет, сондықтан да оқушыларға
оқу мен тәрбие үдерісінде берілетін ақпарат
баланың жай назар аударуына ғана емес,
оны эмоционалды түрде бастан кешіретіндей
болуы тиіс. Онда балаларды өмірлік жағдаяттарды
адамгершілік амалдармен шешуге үйрететін
негіздегі тәжірибені қолдану қажет. Тарауды
оқытуда этикалық әңгімені жетекші әдіс
ретінде қолдану мақсатқа сәйкес болады.
Адамгершілік көрініс беретін оқиғаларды
талқылау үдерісінде мұғалімнің балалар
бойында жағымды эмоциялар оятуы, өз қадір-қасиетін
сезінуін дамытуы қажет. Этикалық әңгіме
мазмұны балалар әр түрлі іс-әрекеттерге
байланысты туындайтын қоғамдық құбылыстарды
бағдарлай алатындай, өз мінез-құлықтарын
сезінетіндей, өз қылықтарының адамгершілік
нәтижелерін алдын ала болжай алатындай
болуы керек. Адамгершілік тәрбиенің ұтымды
тәсілі мен құралы арнайы құрылған танымдық
міндеттер болып табылады. Оларды шешу
барысында кіші жастағы оқушылар қылықтарын
қарастыруды, жағдаяттарды талдауды, оларға
өздерінің жеке қатынасын білдіруде өздеріне
таныс адамгершілік ұғымдарды қолданады.
Сабақта болашақ туралы ойлану, армандау
үшін уақыт бөлінуі қажет, бұл – тыныштық
сәті, онда түрлі мәселелер: өзің, жақындарың
мен туыстарың туралы, жақсылық пен жамандық
туралы, адамдардың өмірін жақсарту жөнінде
ойлану үдерістері орын алады. Осындай
жұмыстардың нәтижесінде балалар өз мінез-құлықтары
мен қоршаған адамдардың тұрмыстағы, қоғамдық
орындардағы мінез-құлықтарының жетістік
және кемшілік тұстарын көруге; әділеттік
танытуға, өз қалауын ортақ мүдделерге
бағындыруға; өз бетінше әрекет етуге
және қойылған міндеттердің шешімін өз
бетінше табуға үйренеді. Адамдардың қылықтары
мен әдеттері туралы алынған мәліметтер
кіші жастағы оқушыларға мінез-құлықтың
әлеуметтік мәні бар жағымды мотивтерін
орнықтыруға, өз бойындағы жақсы үлгілерді
жетілдіру тілектерін дамытуға ықпал
етеді. Білім мен тәрбиенің қаланған негіздері
баланың бойында өз қылықтары үшін жауапкершілік
сезімін және өзіне қатысты талап қоя
білуді орнықтыруға көмектеседі, жеке
тұлғаның басты келбетін дамытуға көмектесетін
өзін-өзі дұрыс бағалауды қалыптастыруға
мүмкіндік береді. «Әсемдік әлемінде»
атты төртінші тараудың мазмұны кіші жастағы
оқушылардың бойында қоршаған ортамен
ізгі қарым-қатынас тәжірибесін қалыптастыруға
бағытталады. Балалардың табиғатқа эстетикалық
қатынасын қалыптастыру және денсаулықтарын
нығайту мақсатында экологиялық, шығармашылық
іс-әрекеттер ұйымдастырылады. Сабақтың
эмоционалдық тартымды болуы кіші жастағы
оқушылар үшін іс-шаралардың: танымдық,
сюжетті-рөлдік ойындар, мерекелер, табиғи
материалдармен практикалық жұмыстар,
жобалық іс-әрекеттер, топтық саяхаттар,
осы жастағылар үшін шамасы келетін табиғатты
қорғау іс-әрекеттерін қолдану сияқты
түрлері қамтамасыз етіледі.
«Әсемдік әлемінде» атты
тараудың құрылымы этикалық, эстетикалық,
валеологиялық, құқықтық білімдер арасындағы
байланысты орнықтыруға жағдай жасайды.
Тарау мазмұнына енгізілген осы
білімдердің құрамдастары мағыналық
жағынан ізгіліктік адамгершілік құндылықтармен
байланысады. Өмір және салауаттылық құндылықтарын
ашуға арналған сабақтарда оқушылар
әрбір адамның өмір сүруге, өз денсаулығын
қорғауға, баланың тіршілік етуге
құқығын және өздерінің денсаулықтарына
мемлекеттің ерекше қамқорлығын
сезініп, басқа адамның өмір сүру
құқығын әркімнің сыйлауға міндетті
екенін ұғынады, экологиялық мәселелермен
танысады. Адамгершілік және экологиялық
бағдарлы қалыптасқан тәжірибе арқылы
кіші жастағы оқушылардың өзімен-өзі
және қоршаған ортамен үйлесімді
өмір сүруге, өз денсаулығын сақтауға
және нығайтуға, өзінің еңбек, демалыс,
тамақтану сияқты өмірлік іс-әрекеттері
үшін экологиялық жағдайды қамтамасыз
етеді.
Кіші жастағы оқушылардың
рухани-адамгершілік білімінің тиімділігі
көбінесе мұғалім мен отбасының
ынтымақтастығына байланысты болады.
Мұғалімнің қандай адамгершілік ережелерді
ұсынып отырғанын, балалардың мінез-құлықтарына
қандай талаптар қойылатынын, адамгершілік
категориясы бойынша олардың
әрекеттері қалай бағаланатынын, сынып
ұжымындағы қоғамдық пікір қандай екенін
ата-аналардың білуі шарт. Ата-аналар
мен педагогтердің тәрбиелік
ықпалының бірлігі тәрбиенің
мақсаты мен нақты міндеттерін
бір бағытта түсінуінен, түрлі
әдістер мен тәсілдерді қолдана
отырып, оларды жүзеге асыру білігінен
көрінеді. Пәннің мақсат-міндеттері мен
әдістерін ашатын бірлескен үй жұмысы
(балалар мен олардың ата-аналары
үшін), әдебиеттерді ұсыну, таныстыру
сабақтары мен тренингтер өткізу
тәжірибеге кеңінен енгізіледі. Мұның
өзі мектепте де, үйде де балаларды
үздіксіз тәрбиелеуді қамтамасыз етуге
мүмкіндік береді.
1-4 сынып оқушыларының
білімін бағалау Оқушылардың
«Өзін-өзі тану» пәні бойынша
білім сапасын бағалау 1-сынып
бағдарламасында белгіленген «Оқушылардың
дайындық деңгейіне қойылатын
талаптар» негізінде жүргізіледі.
Бұл талаптар оқушылардың өмірде
жалпыадамзаттық құндылықтарға сүйенуге
талпыну және қоғамға қызмет ету дағдыларын
жетілдірудегі танымдық әрекеттерін дамытуды
саралауға (мониторингіне) қызмет етеді.
Адамгершілік-рухани білім беру ерекшеліктеріне
сай сандық емес, сапалық бағалау маңызды,
сондықтан әр жартыжылдық қорытындыда
«сынақ» деген баға қойылады. Оқушы 1-сынып
бағдарламасындағы «Оқушылардың дайындық
деңгейіне қойылатын талаптардың» жалпы
көлемінің кем дегенде 2/3 бөлігіне сай
өз жетістігін көрсете алса, онда «сынақ»
деген баға қойылады. Оқушыға «сынақ/сынақ
емес» деген баға қойыларда оның «Өзін-өзі
тану» пәні бойынша шығармашылық-жобалау
жұмыстарын көрсететін портфолиосы назарға
алынады. Портфолио сапасын сараптауда
оқушының ұжымдық және топтық шығармашылық
жұмыстарға қатысу белсенділігіне, сонымен
қатар өзінің жеке шығармашылық іс-әрекетінде
қойылған мәселені терең түсінуіне, оның
мақсаты мен мазмұны жалпыадамзаттық
құндылықтар басымдылығына бағдарлануына,
сабақ барысында адамға және қоршаған
әлемге деген сүйіспеншілік негізінде
қойылған мәселелерді шешудің жолдарын
іздеуіне назар аударылады.
Қорытынды: Рухани бай тұлғаны қалыптастыру
деп аталатын жалпыадамзаттық мәселе,
Қазақтан үшін ерекше өзекті сипатқа ие
болып отыр. Рухани білім беру мәселесінің
көкейкестілігі, әсіресе мектеп жасына
дейінгілерден бастау алып, мектеп жасында
күшейе түседі. Ұжым басшылығы мен мұғалімдер
арасындағы және педагог пен бала арасындағы
түсіністік, мәдениетті орта жасалынып,
әміршілдік пен өктемдікке қажеттілік
жойылады, рухани таным мәдениеті қалыптасады.
Балалар да өмірдегі өз орнына сын көзбен
қарауға талпынады. Қоғам педагогтің кәсіби
білімімен қатар жеке тұлғалық қасиеттеріне
ерекше талап қояды. Өйткені, педагог өзі
оқытып, тәрбиелеген шәкірттері үшін жауапкершіліктің
біраз бөлігін өзіне алады. Сол себепті
де бала бойындағы адамгершіліктің төмен
болуын педагогиалық қателіктің салдары
деуімізге болады. Ш.А. Амонашвилидің:
«Мұғалім өз сабағын сүймесе, оған өзі
сүйсіне білмесе, ол бала бойына да сүйіспеншілікті
дамыта алмайды» деген пікірінен жеке
тұлғаның рухани – адамгершілігін дамыта
оқытуда мұғалімге қойылатын талаптың
маңыздылығын байқауға болады. Сабақ барысында
әдістемелік тәсілдер байланысының ара
жігін үзбей, сабақ мазмұнымен сабақтастыра
отырып үй тапсырмасын сұрап, балаларға
ризашылық сезімін білдіру мұғалімнің
шығармашылық шеберлігіне байланысты.
Өзін-өзі тану пәнінің мазмұнын жүзеге
асыруда осы аталып өткен әдістемелік
тәсілдердің педагогикалық тұрғыдан тиімді
екендігін эксперименттік-тәжірибе нәтижелері
көрсетті. Оқу-әдістемелік кешеннің үшінші
рет жаңартылып ұсынылып отырған нұсқасына
«Сабақтың дәйек сөзі», «Жаттығу-ойлану»,
«Өзіммен-өзім», «Сахналастыру» тәсілдері
енгізілді. Мұғалім әрбір оқушының ерекшеліктерін
ескере отырып, балалардың қоршаған ортада
өзінің тұлғалық «Менін» жете түсінуіне
көмектеседі. Ол дайын білімдерді жеткізуші
емес, балалардың өмірдегі маңызды іскерліктері
мен дағдыларын игеруге жетелейтін өзін-өзі
тану процесінің жетекшісі. Ол балалармен
бірге ойланады, жаңалықтар ашады, дауларды
шешеді, таңданады, күмәнданады, бірлестік
әрекеттерде қызығушылықпен өмірдің ақиқатына
көз жеткізеді, сыныпта жағымды жағдай
туғызады. Кіші мектеп жасындағы оқушыларды
өзін-өзі тануға үйрету мұғалімнің жоғары
адамгершілікті, мәдениетті, жан-жақты
білімді, «ізгі ойлы және жылы жүректі»
болуын талап етеді. Мұғалім – ерікті
немесе еріксіз – баланың жанына әсер
етеді. Педагогикалық іс-әрекет мұғалім
мен оқушы арасында тең құқықтылық сақталатын
ынтымақтастық, серіктестік ұстанымдары
бойынша құрылады. Мұғалім рухани құндылықтарды
талдай отырып бала жүрегіне мейрімділіктің,
адамгершіліктің нұрын себеді. Кіші мектеп
жасындағы оқушылар өзін-өзі тану сабағында
үйренгендерін өмірде көрсете алуы үшін
үлкендер балалар үшін үлгілі, досжанды,
мейірбанды, шыдамды және сезімталды болуы
тиіс.