Жалпы ережелер

Автор: Пользователь скрыл имя, 03 Ноября 2012 в 09:52, реферат

Описание работы

1. Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдары Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы осы кодексiнен тұрады. Әкiмшiлiк жауаптылықты көздейтiн өзге заңдар осы Кодекске олар енгiзiлгеннен кейiн ғана қолданылуға тиiс.
2. Осы Кодекс Қазақстан Республикасының Конституциясына, халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған принциптерi мен нормаларына негiзделедi.

Работа содержит 1 файл

Документ Microsoft Word (2).docx

— 26.47 Кб (Скачать)

1-бөлiм. ЖАЛПЫ  ЕРЕЖЕЛЕР   

1-тарау. ӘКIМШIЛIК ҚҰҚЫҚ  БҰЗУШЫЛЫҚ ТУРАЛЫ ЗАҢДАР       

1-бап. Қазақтан Республикасының  әкiмшiлiк құқық 
             бұзушылық туралы заңдары      

1. Қазақстан Республикасының  әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы  заңдары Қазақстан Республикасының  Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы  осы кодексiнен тұрады. Әкiмшiлiк  жауаптылықты көздейтiн өзге заңдар  осы Кодекске олар енгiзiлгеннен  кейiн ғана қолданылуға тиiс.  
      2. Осы Кодекс Қазақстан Республикасының Конституциясына, халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған принциптерi мен нормаларына негiзделедi.  
      3. Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-деликттiк құқықтық қатынастарды реттейтiн халықаралық шарттық және өзге де мiндеттемелерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi мен Жоғарғы Сотының нормативтiк қаулылары әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдардың құрамдас бөлiгi болып табылады.  
      4. Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттар осы Кодекс алдында басымдыққа ие болады және халықаралық шартты қолдану үшiн заң шығару қажет болатын реттердi қоспағанда, тiкелей қолданылады. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдарында көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленген болса, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.        

2-бап. Әкiмшiлiк жауаптылықтың  негiзi      

 Осы Кодекстiң Ерекше  бөлiмiнде көзделген құқық бұзушылық  құрамының барлық белгiлерi бар  әрекет жасау әкiмшiлiк жауаптылықтың  негiзi болып табылады.        

3-бап. Бұзылғаны үшiн  әкiмшiлiк жауаптылық көзделетiн 
             ережелердi жергiлiктi өкiлдi органдардың 
             белгiлеуi жөнiндегi өкiлеттiгi      

1. Табиғи және техногендiк  сипаттағы төтенше жағдайлар  туындаған кезде қоғамдық тәртiп  пен қауiпсiздiктi қамтамасыз ету  мақсатында облыстардың, республикалық  маңызы бар қала мен астананың,  қалалар мен аудандардың жергiлiктi өкiлдi органдары өз құзыреттерi шегiнде,  бұзушылығы үшiн адамдардың осы  Кодекстiң 362 және 363-баптарында көзделген  әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылуы  мүмкiн ережелердi белгiлеуге құқылы.  
      2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қала мен астананың, қалалар мен аудандардың жергiлiктi өкiлдi органдары да бұзушылық үшiн осы Кодекстiң 300, 310, 311, 387-баптарымен әкiмшiлiк жауаптылық көзделетiн ережелердi белгiлей алады.        

4-бап. Қазақстан Республикасының  әкiмшiлiк құқық 
             бұзушылық үшiн жауаптылық туралы заңдарының 
             кеңiстiк жағынан қолданылуы      

1. Қазақстан Республикасының  аумағында әкiмшiлiк құқық бұзушылық  жасаған адам осы Кодекс бойынша  жауаптылыққа тартылуға тиiс.  
      2. Қазақстан Республикасының аумағында басталған немесе жалғасқан, не аяқталған әрекет Қазақстан Республикасының аумағында жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылық болып танылады. Осы Кодекстiң күшi Қазақстан Республикасының континенттiк қайраңында және айрықша экономикалық аймағында жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылыққа да қолданылады.  
      3. Қазақстан Республикасының портына тiркелген және Қазақстан Республикасының шегiнен тыс ашық суда немесе әуе кеңiстiгiнде жүрген кемеде әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған адам, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартымен өзгеше көзделмесе, осы Кодекс бойынша әкiмшiлiк жауаптылықта болуға тиiс. Тұрған жерiне қарамастан, Қазақстан Республикасының әскери кемесiнде немесе әскери әуе кемесiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған адам да осы Кодекс бойынша әкiмшiлiк жауаптылықта болады.  
      4. Шет мемлекеттердiң дипломатиялық өкiлдерi және қорғанышты пайдаланатын өзге де шетел азаматтары Қазақстан Республикасының аумағында құқық бұзушылық жасаған жағдайда, осы адамдардың әкiмшiлiк жауаптылығы туралы мәселе халықаралық құқық нормаларына сәйкес шешiледi.        

5-бап. Әкiмшiлiк құқық  бұзушылық үшiн жауаптылық 
             туралы заңдардың уақыт жағынан қолданылуы      

1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық  жасаған адам осы құқық бұзушылық  жасалған уақытта қолданылған  заңдардың негiзiнде жауаптылықта  болуға тиiс.  
      2. Осы Кодекстiң ерекше бөлiмiнде көзделген әрекеттiң жүзеге асырылған уақыты, салдардың туындаған уақытына қарамастан, әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған уақыт болып танылады.  
      Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2006.01.20. N 123 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) Заңымен.        

6-бап. Әкiмшiлiк құқық  бұзушылық туралы заңның керi  күшi      

1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық  үшiн жауаптылықты жоятын немесе  жұмсартатын заңның керi күшi  болады, яғни осы заң қолданысқа  енгiзiлгенге дейiн жасалған құқық  бұзушылыққа қолданылады. <*> 
      2. Заңның әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн жауаптылықты белгiлейтiн немесе күшейтетiн немесе құқық бұзушылық жасаған адамның жағдайын өзге түрде нашарлататын керi күшi болмайды. 
      Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2006.01.20. N 123 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) Заңымен.   

2-тарау. ӘКIМШIЛIК ҚҰҚЫҚ  БҰЗУШЫЛЫҚ ТУРАЛЫ ЗАҢДАРДЫҢ 
МIНДЕТТЕРI МЕН ПРИНЦИПТЕРI       

7-бап. Әкiмшiлiк құқық  бұзушылық туралы заңдардың 
             мiндеттерi      

1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық  туралы заңдардың мiндеттерi - адамның  және азаматтың құқықтарын, бостандықтары  мен заңды мүдделерiн, халықтың  денсаулығын, санитариялық-эпидемиологиялық  салауаттылығын, қоршаған ортаны, қоғамдық  имандылықты, меншiктi, қоғамдық тәртiп  пен қауiпсiздiктi, мемлекеттiк билiктi жүзеге асырудың белгiленген тәртiбiн,  ұйымдардың заңмен қорғалатын  құқықтары мен мүдделерiн әкiмшiлiк  құқық бұзушылықтан қорғау, сондай-ақ  олардың жасалуының алдын алу.  
      2. Осы мiндеттi жүзеге асыру үшiн әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдар әкiмшiлiк жауаптылықтың негiздерi мен принциптерiн белгiлейдi, қандай әрекеттердiң әкiмшiлiк құқық бұзушылық болып табылатынын және олардың жасалғаны үшiн қолданылатын жазалардың түрлерiн, сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған адамға қай мемлекеттiк органның (лауазымды адамның) қандай әкiмшiлiк жаза және қандай тәртiппен қолдануы мүмкiн екенiн айқындайды.        

8-бап. Әкiмшiлiк құқық  бұзушылық туралы заңдар 
             принциптерiнiң маңызы      

 Әкiмшiлiк құқық бұзушылық  туралы заңдар принциптерiнiң  маңызы мынада: оларды бұзу, оның  сипаты мен мәнiне қарай, iс  бойынша жүргiзiлген iстi жарамсыз  деп тануға, осындай iс жүргiзудiң  барысында шығарылған шешiмдердiң  күшiн жоюға не бұл орайда  жиналған материалдардың дәлелдiк  күшi жоқ деп тануға әкеп  соғады.        

9-бап. Заңдылық      

1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық,  және оны жасағаны үшiн қолданылатын  әкiмшiлiк-құқықтық ықпал ету шаралары  тек осы Кодекспен белгiленедi. Осы Кодексте белгiленген негiздер  мен тәртiптен басқа жағдайларда,  ешкiм де әкiмшiлiк жазаға, әкiмшiлiк-құқықтық  ықпал ету шараларына немесе  әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi қамтамасыз ету  шараларына ұшыратылуға тиiс емес.  
      2. Сот, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органдар (лауазымды адамдар) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi жүргiзу кезiнде Қазақстан Республикасы Конституциясының, осы Кодекстiң, осы Кодекстiң 1-бабында аталған өзге нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптарын дәл сақтауға мiндеттi. Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғары заң күшi бар және Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында тiкелей қолданылады. Заңмен және Қазақстан Республикасы Конституциясымен белгiленген ережелер арасында қайшылықтар болған жағдайда Конституцияның ережелерi қолданылады.  
      3. Соттар адамның және азаматтың Конституциямен баянды етiлген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiретiн заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi қолдануға құқылы емес. Егер сот, қолданылуға жататын заң немесе өзге де нормативтiк құқықтық акт адамның және азаматтың Конституциямен баянды етiлген құқықтары мен бостандығына нұқсан келтiредi деп тапса, ол iс жүргiзудi тоқтата тұруға және осы актiнi конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық Кеңеске жүгiнуге мiндеттi. Сот Конституциялық Кеңестiң шешiмiн алысымен iс жүргiзудi қайта бастайды.  
      4. Соттың, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органдардың (лауазымды адамдардың) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi жүргiзу кезiнде заңды бұзуына жол берiлмейдi және заңмен белгiленген жауаптылыққа, қабылданған актiлердiң жарамсыз деп танылуына және олардың күшiнiң жойылуына әкеп соғады. 
      Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2006.01.20. N 123 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) Заңымен.        

10-бап. Сот құзыретiнiң  ерекшелiгi      

1. Соттың құзыретi, оның  юрисдикциясының шегi, оның әкiмшiлiк  құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi  жүзеге асыру тәртiбi заңмен  белгiленедi және өз бетiнше  өзгертуге болмайды. Қандай атаумен  болса да төтенше немесе арнайы  соттарды құруға жол берiлмейдi. Төтенше соттардың, сондай-ақ  заңсыз құрылған өзге де соттардың  шешiмдерiнiң заңды күшi болмайды  және орындалуға жатпайды. Кiмнiң  болса да соттың билiктiк өкiлеттiгiн  иемденуi заңмен көзделген жауаптылыққа  әкеп соғады.  
      2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша, өзiнiң қарауына жатпайтын iс бойынша iс жүргiзудi жүзеге асырып, өз өкiлеттiгiн асыра пайдаланған немесе осы Кодексте көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы принциптердi өзгеше түрде бұзған соттың шешiмдерi заңсыз және күшi жойылуға тиiс.  
      3. Соттың әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер жөнiндегi шешiмдерi осы Кодексте көзделген тәртiппен тек тиiстi соттарда ғана тексерiлуi және қайта қаралуы мүмкiн.        

11-бап. Адамдардың заң  алдында теңдiгi       

 Әкiмшiлiк құқық бұзушылық  жасаған адамдар заң алдында  тең және тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық  және мүлiктiк жағдайына, нәсiлi  мен ұлтына, сенiмiне, жынысына, тiлiне, дiнге көзқарасына және iстейтiн  жұмысының сипатына, тұратын жерiне, қоғамдық бiрлестiктерге қатысына, сондай-ақ кез келген өзге де  мән-жайларға қарамастан әкiмшiлiк  жауаптылықта болуға тиiс. 
      Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2006.01.20. N 123 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) Заңымен.        

12-бап. Кiнәсiздiк презумпциясы       

1. Өзiне қатысты әкiмшiлiк  құқық бұзушылық туралы iс қозғалған  жеке адам өз кiнәсi осы Кодексте  көзделген тәртiппен дәлелденбейiнше  және өз өкiлеттiгi шегiнде iстi қараған судьяның, органның (лауазымды  адамның) заңды күшiне енген  қаулысымен белгiленбейiнше, кiнәсiз  деп есептеледi.  
      2. Ешкiм де өзiнiң кiнәсiздiгiн дәлелдеуге мiндеттi емес.  
      3. Кiнәлiлiкке келтiрiлген кез келген күдiктер өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қозғалған адамның пайдасына түсiндiрiледi. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдарды қолдану кезiнде туындайтын күдiктер де оның пайдасына шешiлуге тиiс.        

13-бап. Кiнә принципi       

1. Жеке адам тек кiнәсi  анықталған құқық бұзушылықтары  үшiн ғана әкiмшiлiк жауаптылықта  болуға тиiс. Жеке адамның кiнәсiздiктен  келтiрген залалы үшiн объективтi  кiнә тағуға, яғни әкiмшiлiк жауаптылыққа  тартуға жол берiлмейдi. 
      2. Қасақана немесе абайсыз әрекет жасаған жеке адам әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауда кiнәлi деп танылады.       

14-бап. Қайтадан әкiмшiлiк  жауаптылыққа тартуға жол 
              берiлмеушiлiк      

 Бiр құқық бұзушылық  үшiн ешкiмдi де екi рет әкiмшiлiк  жазаға тартуға болмайды.       

15-бап. Iзгiлiк принципi       

1. Қазақстан Республикасының  әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы  заңдары адамның қауiпсiздiгiн  қамтамасыз етедi. 
      2. Құқық бұзушылық жасаған адамға әкiмшiлiк жаза қолданғанда адам жанын күйзелтудi немесе адамның қадiр-қасиетiн қорлауды жазалау мақсаты етiп қоюға болмайды.        

16-бап. Жеке басқа қол  сұқпаушылық      

1. Ешкiмдi де осы Кодексте  белгiленген негiздер мен тәртiптен  өзгеше ретте әкiмшiлiк ұстауға, iшкi iстер органына (полицияға) немесе  басқа мемлекеттiк органдарға  алып келуге, жеткiзуге, жеке басын  және жеке адамның заттарын  тексеруге болмайды.  
      2. Осы Кодексте белгiленген жағдайларда және тәртiппен тек судьяның қаулысы бойынша ғана әкiмшiлiк жазалау шарасы ретiнде қамауға алу қолданылуы мүмкiн.  
      3. Әрбiр ұсталған, iшкi iстер органына (полицияға) немесе басқа мемлекеттiк органға алып келiнген, жеткiзiлген адамға ұстаудың, алып келудiң, жеткiзудiң негiздерi, сондай-ақ оған тағылып отырған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың заңдық сипаты дереу хабарланады.  
      4. Мемлекеттiк орган (лауазымды адам) заңсыз ұсталған, алып келiнген, жеткiзiлген немесе судьяның қаулысында көзделген мерзiмнен артық қамауда отырған адамды дереу босатуға мiндеттi.  
      5. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iске қатысушылардың ешқайсысын зорлық-зомбылық, қатыгездiк немесе адамның қадiр-қасиетiн қорлайтын әрекетке ұшыратуға болмайды.  
      6. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзу процесiнде адамның не оның заңды өкiлiнiң еркiне қарсы жеке басқа қол сұғылмаушылықты бұзатын iс-әрекеттер жасау тек осы Кодексте тiкелей көзделген жағдайларда және тәртiппен ғана мүмкiн болады.  
      7. Өзiне қатысты әкiмшiлiк жаза шарасы ретiнде қамауға алу таңдалған адамды, сондай-ақ әкiмшiлiк ұстауға ұшыраған адамды ұстау оның өмiрi мен денсаулығына қатер төнуiн болдырмайтын жағдайда жүзеге асырылуға тиiс.  
      8. Заңсыз қамауға алудың, өмiрi мен денсаулығына қатерлi жағдайларда ұстаудың, оған қатыгездiкпен қараудың салдарынан жеке тұлғаға келтiрiлген залал заңда көзделген тәртiппен өтелуге тиiс.  
      Ескерту. 16-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2006.01.20. N 123 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) Заңымен.        

17-бап. Жеке бастың ар-ожданы  мен қадiр-қасиетiн 
              құрметтеу      

1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық  туралы iс жүргiзу кезiнде iске  қатысушы адамның ар-ожданын қорлайтын  немесе қадiр-қасиетiн кемiтетiн  шешiмдер мен iс-әрекеттерге тыйым  салынады, адамның жеке өмiрi туралы  мәлiметтердi, сол сияқты ол құпия  сақтауды қажет деп есептейтiн  жеке сипаттағы мәлiметтердi осы  Кодексте көзделмеген мақсаттар  үшiн жинауға, пайдалануға және  таратуға жол берiлмейдi.  
      2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзу барысында соттың, басқа да мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз iс-әрекеттерiмен адамға келтiрiлген моральдық залал заңда белгiленген тәртiппен өтелуге тиiс.        

Информация о работе Жалпы ережелер