Қаңлылардың шығу тегі және тарихи кезеңдердегі орны

Автор: Пользователь скрыл имя, 03 Апреля 2013 в 10:48, реферат

Описание работы

«Алаш» тарихи – зерттеу орталығынан «Қазақ ру- тайпаларының тарихы» ғылыми -зерттеу жобасы аясында жарық көріп отырған он бірінші том – «Қаңлы» атты еңбекте ежелгі дәуірден бастап ерте ортағасырдан 20 ғасырдың басына дейінгі Қаңлы тайпасының тарихы баяндалған. Әртүрлі деректер мен нақты зерттеулерді талдау негізінде қаңлылардың арғы бабаларының тарихи тағдыры, олардың Мәуреннахр, Шағатай мен Жошы ұлысы және Алтын Орда құрамындағы және олар ыдырағаннан кейінгі Моғолстан, Әмір Темір және оның ұрпақтары мемлекеті, Қазақ хандығы тұсындағы этникалық процестердегі, ұлт – азаттық қозғалыстардағы орны мен рөлі көрсетілген.

Работа содержит 1 файл

Қаңлылардың шығу тегі және тарихи кезеңдердегі орны.docx

— 30.20 Кб (Скачать)

Қаңлылардың шығу тегі және тарихи кезеңдердегі орны

«Алаш» тарихи – зерттеу орталығынан «Қазақ ру- тайпаларының тарихы» ғылыми -зерттеу жобасы аясында жарық көріп отырған он бірінші том – «Қаңлы» атты еңбекте ежелгі дәуірден бастап ерте ортағасырдан 20 ғасырдың басына дейінгі Қаңлы тайпасының тарихы баяндалған. Әртүрлі деректер мен нақты зерттеулерді талдау негізінде қаңлылардың арғы бабаларының тарихи тағдыры, олардың Мәуреннахр, Шағатай мен Жошы ұлысы және Алтын Орда құрамындағы және олар ыдырағаннан кейінгі Моғолстан, Әмір Темір және оның ұрпақтары мемлекеті, Қазақ хандығы тұсындағы этникалық процестердегі, ұлт – азаттық қозғалыстардағы орны мен рөлі көрсетілген. Тарихымызда зерттеле қоймаған «ақтаңдақ» мәселелер – Ұлы жүз құрамындағы ең көне тайпалардың бірі қаңлылардың этникалық тамыры, оның шешіре деректері, түркі халықтарында және қазақ жерінде шашырай орналасуының себеп- салдары және т.б тың мәліметтер негізінде баяндалған. 
Қазақ тарихын Қаңлы тайпасының тарихын жазбай толыққанды баяндау мүмкін емес. Өйткені ежелгі тарихымыз сақтардан, ғұндардан, үйсіндерден және қаңлылардан бастау алады. Яғни, Қаңлы дегеніміз шын мәнінде қазақтың арғы түп атасын құраған іргелі елдің бірі. Қаңлы қаңлы аталғалы өте көп уақыт өтті. Оны дәлме- дәл ешкім атап бере алмайды. Бір білетініміз, б.з.б. 1 мыңыншы жылдықта – ақ қаңлы атауы бар болатын. Мұнан байқағанымыз, қазақтың түп тамырын білеміз десек, алғаш қаңлының тарихын біліп алуымыз керек. Тағы бір айтарымыз , ежелгі Қаңлы мемлекетінің орналасқан аумағы Орта Азияның дәл кіндігі, Сыр бойы, Арал өңірі, Талас және Шу өзендерінің аймағы – бұлардың бәрі кейінгі қазақтың үш жүзінің түйісетін, бас қосатын және тоғысатын қасиетті аймағы болып табылады. Сондықтан да тарихи географиялық жағынан да Қаңлының тарихын баяндамай , қазақтың басқа руларының шығу- тегін айқындап алу аса қиын. Сондай – ақ Орта Азиядағы көптеген халықтардың өткен тарихы осы Қаңлымен байланысып жатыр. Олардың орналасу аймағы да Қаңлы мекендеген өңірмен қойындасып , шектесіп, мидай араласып жатқан жайы бар. Оның үстіне ежелгі және ортағасырдағы Қазақстан жерін мекендеген дулат, қыпшақ, оғыз тәрізді бірлестіктердің бәрі өзінің тарихи тамырын қаңлымен байланыстырады. Шығыстағы қаңлылардың ежелгі шығу- тегі Енисей қырғыздарының, байырғы генгундердің, динлиндердің онан соң гаогюйлердің күрделі этникалық тарихына алып барады. Ежелгі Ұйғырлар өзінің тарихын қаңлыларсыз баяндай алмайды. 
Кіші Азияда орналасқан бүгінгі осман түріктері өздерінің ата – тегін қаңлылар мен оғыздардан таратады. Кезінде б.з. 9, 11 ғғ. Қаңлылардың оғыздарман Арал бойында тоғысып, етене араласып кетуге мәжбүр болғандары белгілі. Сондықтан да олар, кейінгі түріктер өздерінің ата- бабасын айтқанда , бірде қаңлыдан шыққанбыз десе, бірде оғыздардан тарағанбыз деп отырады. Бұл айтылғандардың бәрінің негізсіз емес екендігін айта кеткен жөн. Осы тарихи шолулардың өзі –ақ қаңлы тарихының күллі түркі дүниесі үшін аса маңыздылығын және өте өзектілігін айқындай түсетіндей. Ежелгі тайпалық бірлестік болғандықтан, қаңлылар о бастан-ақ беделді, жаһанамға белгілі, көршілеріне қадірлі халық болды. Батыстағы печенектер одағын Қытай жылнамаларының «қаңлы», «кангюй» атағаны белгілі. Р.Кузеев кезінде башқұрттар құрамындағы қаңлылар тарихын жан-жақты зерттеген еді. Қыпшақтардың да үлкен бөлігі Қаңлы атанып кетті. Сыр бойындағы қаңлылардың қаласына толық иелік ету үшін қыпшақтар өздерін қаңлылармыз деп мақтанатын. Мұндағы мақсат, осы аймақта заңды қожайын атану еді. Қалай десек те қаңлы мен қыпшақты ажыратып алу ерте ортағасырда аса қиын болды. «Тонның ішкі бауындай» етене араласып кеткен бұл тайпаларды сипаттағанда сондықтан да кейінгі тарихшылар Қаңлы – Қыпшақ бірлестігі деп жалпылама айта салатын болды. Ерте ортағасырлардағы Сыр бойындағы қалаларды билеушілер қаңлыдан шыққан ба, жоқ әлде қыпшақ па? деген сауалдарға да тарихшылар күні бүгінге дейін жауап іздестіріп келеді. 
Қаңлы қазіргі қазақта да қаңлы атанады. Соған қарамастан , ерте ортағасырда аты дүркіреп бүкіл Дешті Қыпшаққа әйгілі болған, сонау Кіші Азия төріне дейін салтанат құрған қаңлылар кейінгі қазақтың құрамында саны жағынан шағын тайпа болып қалды. Әрине, қазақ ежелгі Қаңлыға деген құрметін бір сәтке де жоғалтқан емес. Оған деген өзінің ыстық ықыласын әрқашанда байқатып отырады. Солай бола тұрса да байырғы қаптаған Қаңлы неге азайып кетті? – деген сауалдың да тарихшыларымыздың көкейінде тұрғаны ешкімге құпия емес. Әртүрлі тарихи дүрбелеңдер , қасап қырғындар қазақты құраған көптеген тайпаларды , оның ішінде қаңлыларда бар, тарихтың қатерлі тезінен өткізіп, осындай демографиялық тұрғыдан ауыр жағыдайға тап қылса, оған не айтарсыз? 
Дегенмен де бір нәрсе анық, түркі дүниесіне әйгілі ежелгі қаңлылар өздерінің асқақ беделін, қадірменді абыройын жоғалтқан жоқ. Сондықтан да болар Қаңлы есімі түркі этнонимдері арасында әлі де си – сияпатпен, қадір – қасиетпен аталады. Тарихи әдебиетте қаңлыларды әспеттеп « кәделі елде Қаңлы бар, ханың болмаса, Қаңлыдан хан сайлап ал» деген мақал кеңінен таралған. Мұның өзі әрбір өзін қадірлейтін ру- тайпа алғаш Қаңлыларды қадірлеу керек, өйткені, олардың арғы тарихы Қаңлымен тығыз байланысты дегенді аңғартқандай. Сонымен бірге бұл мақалдан төре тұқымынан, яғни Шыңғыс хан ұрпағынан хан сайлаған қазақтардың «төрелер жоқ жерде Қаңлыға сенім артуға болады» деген ұйғарымға келгенін және мұндай тұжырымнаң ғасырлар бойы қазақ қоғамына берік орныққанын аңғарта түседі. 
Қазақ хандығы тұсында қаңлылардың Шыңғыс тұқымдарына ілесіп, Қазақстанның түкпір- түкпіріне ыдырап кеткені туралы тарихшылар өз зерттеулерінде айтып жүр. Мұның өзі қаңлылардың ежелгі ел ретінде кейінгі Қазақ хандығын билеуші ақсүйек төрелерге аса қажет және қадірлі болғанын тағы да дәлелдей түседі. Жалпы қаңлылардың жауынгер халық екені ежелгі қытай жылнамаларында – ақ мойындалған нәрсе. Олар өздерінің осындай батырлықтарымен, жаужүректігімен Таластан батысқа қарайғы Арал бойына дейінгі үлкен аймақты өздеріне бағындырған еді.*[1] 
Қаңлы тарихы жоғарыдағыдай өзекті мәселелерге байланысты көптеген зерттеушілердің назарын аударды. Олардың ішінде дәл осы тақырыптан көз майын тауысып, деректер жинаған және қазақ тілінде тұңғыш рет қаңлыға байланысты тарихшылардың, әдебиетшілердің және тағы басқа салалардағы ғалымдардың пікірлерін топтап, шоғырландырып, бір кітапқа енгізген қазақтың белгілі ғалымы, академик Әбдуәли Қайдар ағамыз болды. Оның «Қаңлы (тарихи шежіре)» деген еңбегі* [2] бүгінгі күні осы тақырып толғандыратын зерттеушілердің басты зерттеу нысанына айналып отыр. Әрине, Қаңлы тарихын жазып шығу үшін ең алдымен ежелгі қытай жылнамаларын қарап шығуымыз керек. Ежелгі кангх, кангюй (қаңылы) , қаңғар деген атаулардың жылнамалардан бастау алатынын айтпасқа болмайды. Қаңлылардың шығыстағы және батыстағы , Сыр бойындағы орналасу мекендері туралы, олардың алғашқы қуатты мемлекеттік бірлестіктері туралы құнды деректерді Қаңлыға байланысты Қытай саяхатшыларының жазбаларының маңызы өте зор. 
Қаңлы этнониміне байланысты зерттеушілер көзқарастары әртүрлі. Онамастика саласындағы маман Т.Жанұзақовтың «қаңлы» этнониміне байланысты мынандай дәйектер келтіреді. Қаңлы этнонимі екі компониенттен тұрады. Біріншісі кан (ган) – өзен, екіншісі – лы – көптікті, ұйысушылықты білдіреді. Сонда бұл «өзен жағасында тұратын тайпа» мағынасын береді.*[3] Осы мәселені басқаша түсіндірген С.П.Толстов «кангха» терминін иран тілінде өзен тармағының аймағы деп түсінуге болатынын дәлелдемек болған еді. Әңгіме бұл жерде оның ойынша , Амудария және Сырдария өзендерінің тармақтарына қатысты. Сонымен бірге С.П.Толстов «Кангх» терминінің этимологиясын үнді-еуропа тілінде жиі кездесетін «канал,канава» деген сөздермен байланыстырған еді.*[4] С.Г.Кляшторный И.Маркварттың пікірлері бойынша Орхон жазуларында кездесетін «кенгерес» этнонимінің «қаңғар» этнониміне байланысы туралы талдаған. Печенег – кенгерестер Арал аймағында және Сырдарияның төменгі ағысында орналасқан деген пікірінің «Қаңға өзенінен келгендер» деген мағынаны туындататынын атап көрсеткен еді. Жалпы алғанда, ол бұл Ибн Хордадбехтың Сырдария өзенін Қаңғар өзені деп атаған пікірімен сәйкес келетінін атап кетеді. Осыған байланысты В.В.Бартольд оның көзқарастарындағы қаңғарларды кенгерестермен байланыстыруды, сондай-ақ ежелгі печенегтерді Сыр бойына орналастырылуын қолдайды. 
Олардың ойынша , Арал бойындағы кенгерестер кейіннен қаңғар аталған тәрізді. Мәселе мүлде керісінше болуы мүмкін. Өйткені 8 ғ. Күлтегін жазуында осыған ұқсас атау кездесетінін ғалымдар айтып жүр. Онда мынадай жолдар бар: 
«Анда кері: Қара Түргеш: бүтін (халық): жау болды: Кеңерес таман: барды:) *[5] 
Бұл жолдарды М.Жолдасбеков пенг Қ.Сартқожаұлы былай аударды. Онда «Қара-Түргеш халқы жау болды. Кеңіреске қарай бардық»*[6] Бұл аудармалар алғашында «Кеңерес» деп алынса, кейінгісінде «Кеңірес» деп көрсетілгенін байқаймыз. Зерттеушілердің көпшілігі осы атауды түркі дәуіріндегі қаңылылардың атауы деп қарайды. 
Қазақтың белгілі ғалымы Ә.Қайдар ағамыз «кенгерес» этнонимін былай деп атап көрсеткен еді: «Кенгерес – этноним: бұл қаңлы қауымына тән көп атаулардың бірі. *[7]

Қытай және ежелгі қаңлылар. 
Қаңлының біздің заманымызға дейінгі кезеңде кангюй деген атпен мәлім болғаны белгілі. Алғаш рет бұл этнонимге байланысты тарихи дерек қытай елшісі Чжан Цзянның жазбалары арқылы мәлім болды. Ежелгі кангюй тарихан зерттеген тарихшылардың бәрі осы елшінің тарихи мәліметтеріне жүгіне отырып , ежелгі кангюлар туралы өздерінің көзқарастарын баяндайды. Кангюй тарихын едәуір зерттеген С.Г.Кляшторный Чжан Цзянның саяхатына байланысыт өзінің пікірін төмендегіше көрсетеді. « Б.д.д 138 ж. Хан астанасынан елшілер керуені шықты; император У- дидің елшісі князь Чжан Цзянмен алыстағы беймәлім елдерге 100 адам бірге аттанады. Арада 13 жылдан кейін екі адам ғана – Чжан Цзян және оның құлы қайтып оралды. Тағы да 10 жыл өткен соң , ұлы саяхатшының соқпағымен батысқа жібек арытқан керуендер аттанды. *[8] 
Қытай деректерінде Қытайдың қаңлыларға байланысты саясаты айқын көрініс беріп отырады. Мұнда байқайтынымыз, Қаңлыларға қатысты өздері білетін мағлұматтардың бәрін барынша кеңінен қамтып жазуға тырысқан қытай авторлары сонымен бірге өздерінің бұл халықты менсінбейтінін , тіптен, жаратпайтындығын ашықтан- ашық мәлімдеп отырады. Мысал үшін, қаңлы туралы қытай жылнамаларында мынандай сипаттама бар: «Қаңылыға келсек , ол тәкәппар, алаяқ. Хан әулетінің елшілерін күні бүгінге дейін құрметтеген жоқ. Басқақтықтың ұлықтары Қаңлы елінде болған кезінде , біздің елшілерді Үйсін елшілерінің аяқ жағынан отырғызыпты, біздің ұлықтарға хан мен асылзадалар тамақтанып болған соң дастархан жайыпты, осылай өзге елдерге мақтанбақ болыпты. Осы тұрғыдан қарағанда , Қаңлы ханы ханзадасын Хән сарайына ,сірә, қандай ниетпен жіберіп отыр? Оның шын ниеті – Хән елімен сауда жасау, ал айтқандарының бәрі алдау- арбау ғана. Ғұн – тағы мемлекеттер ішіндегі ең азулысы. Осы күндері Хән әулетіне бағынып, аяғын аңдып басып отырған жәйі бар. Егер Қаңлының ханы Хән елшілеріне құрмет етпей қойыпты дегенді естісе , Ғұн тәңірқұты қорсынып, намыстанып қалуы мүмкін. Сондықтан Қаңлының ханзадасын еліне қайтарып, барыс – келісті үзіп тастауға, Хән әулетінің көргенсіз елдермен араласпайтындығын дәлелдеу үшін ендігәрі оған елші жібермеуге тура келеді. Дахата, Жючюн және т.б ұсақ аймақтар мен Батыс өңірінің оңтүстік жолындағы сегіз мемлекет ары – бері сабылып жатқан адамадарды азық – түлікпен, ат – көліктерін жем – шөппен қамдаймыз деп ауыр жүк арқалап отыр. Шалғайда жатып менменсіген, алаяқ елдің елшілерін қарсы алып, шығарып салу үшін жол бойындағы елдерді бостан – босқа шығындату , аздырып – тоздыру тым үйлесімді шараға жатпайды» деп талай рет датнама жазды. Бірақ қаңлы барыс – келісін жаңадан бастаған ел болғандықтан, ат – атағын алыс түкпірлерге дейін жаюды көзднген Хән әулиеті онымен қарым – қатынасын үзбей сақтап келеді.» *[9] Көріп отырмыз, Қаңлы Қытайдан ең қашық орналасқан түркі тайпаларының бірі. Сондықтан да қытайлықтар онымен барыс – келіс орнату керек пе, жоқ па деген мәселені үздіксіз талқылаған. Сонымен бірге ғұндардан тайсалғандықтан, қытайлықтар қаңлының ханының Қытайға тәуелді болғанын қалайды. Өйткені, Қытаймен өмір бойы тайталасып келе жатқан ғұндар, Қаңлылардың Қытайды көзге ілмегенін байқаса, Қытаймен санасуды қоюы мүмкін еді. Мұны Қытай билеушілері жақсы ескерді және сондықтан да Қаңлымен қарым – қатынасты үзбеу керек деген пікірге тоқталды. *[10]

Оғыз – қыпшақ одағында. 
8 ғасырдың орта шеніндегі «Тан – шуда» Шу өзені бойындағы халықтар туралы мәліметтер бар. Онда династиялық тарихта айтылғандай , бірнеше ондаған мың түрік әскерлерінің басқаша атаумен аталатыны айтылады. Бұл, Н.Аристовтың ойынша, қаңлы тайпасынан шыққандар болатын. Өйткені олар әр қашанда Қаратау жоталарынан солтүстікке қарайғы жерлерді мекенднп келді. Батыс түрік хандарына бағынып, бірақ он аймақ (дулу) құрамына кірмеген және өздерінің билеушілері болған тайпалар туралы айтылғанда әңгіме осы қаңылылар туралы болса керек. *[11] Қаңлылардың бір бөлігі 8 ғасыр ортасында батыс түрік тайпалары қарлұқтарға бағынған кезде тәуелсіздік алды. Іле аңғарындағы және Жоңғар Алатауындағы батыс тайпалары 9 ғасырда да 10 ғасырда да қаңылыларға біріге қойған жоқ. 9-12 ғасырлардағы Жоңғар –Іле көшпелі тайпалары туралы айтқанда , зерттеуші «батыс түркі аймақтарындағы дулу және нушиби тайпаларының қалдықтарын түсінген еді. Төменгі Шу және Сарысу аңғарларындағы көшпелі қаңлы руы болса аталған тукию патшалығының қалдығы болып табылатын еді»*[12]. 
Назар аударар бір мәселе – дәл осы мәліметте көрсетілген қаңлылардың орналасу аймағы кейінгі ғасырларда да көп өзгере қойған жоқ. Мысалы, В.Радлов қазақтардың Ұлы жүзіне кіретін тайпаларды санай отырып, қаңлы тайпасын да атап көрсетеді. Ол кезде бұл тайпа Тәшкент маңында қоныстанған еді. Сонымен қатар қаңлылардың Азияның шығысында өмір сүргенін де, алтай тайпаларының құрамында канг тайпасының болғанын атап көрсетеді.*[13] Қазақ халқының этногенезін қалыптастыруда еліміздің оңтүстік – шығыс бөлігінде орналасқан тайпалардың рөлі айрықша екендігін атап өткен жөн. Ертеортағасырлардағы ірі тайпалар арасында, кейініректе қазақ халқының ядросын құраған қаңлы тайпасы. Орталық және Оңтүстік қазақстанда қаңлылардың едәуір бөлігі өмір сүрді. Батыс Жетісудың, Қаратау баурайы мен орта Сырдарияның бұл ежелгі тұрғындары негізінен өздерінің орналасқан бұрынғы аймақтарын сақтап қалды. Қаңлының батыс тармағы(Сырдария, Шу және Талас бойында) Қазақ хандығы құрамына оның алғашқы хандары Керей мен Жәнібектің кезінде – ақ енген деп топшалау әбден орынды. Яғни қаңлы тайпасы негізінен алғанда Ұлы жүздің байырғы тереториясында мекендей отырып, Қазақ хандығы тұсында қазақ атты халықтың қалыптасуының аяқталуында шешуші рөл атқарғанын байқаймыз. 
Зерттеуші А.Қадырбаев осы тұрғыдан алғанда қаңлылардың қыпшақтар тәрізді моңғол жаулауына дейін – ақ үлкен тарихи рөл атқарғандарын, яғни қазақ және тағы да басқа түрік тайпаларының этногенез үрдісін жылдамдатқанын дұрыс атап көрсетеді. Шындығында да біздің заманымыздың екінші мыңжылдығында қазіргі Қазақстан тереториясында мекендеген тайпалар топтарының күллі тарихи құрамына қаңлылар да кірген қыпшақ тайпалар бірлестігімен байланысты болды.*[14] Қалай десек те түркі халықтарын алғаш құраған басты – басты түрік тайпалары арасында қаңылы айтылып жүр. Н.Аристовтың сөзіне сенсек, қазіргі өмір сүріп отырған түріктердің үштен екісінен астамы қаңлылардан және оған туыстас қыпшақтардан шыққан болып табылады. Бұлар бізге мәлім азербайжандар, түрікмендер, ноғайлар, башқұрттар, еділ татарлары және, әрине, қазақтар. Аталған зерттеуші түрік халықтарының этникалық құрамында қаңылылар мен қыпшақтардан басқа қарлұқтарды да көрсетеді.

Моңғол жаулап алушылығы  кезінде. 
Тарихтың бұған дейінгі даму жолы мен бет – бейнесін орасан зор өзгеріске ұшыратқан ең ірі тарихи оқиғалардың қатарында моңғол жаулап алушылығы дәуірін ерекше атап өтуге болады. Халықтар мен тайпалардың орын ауыстыруы, олардың көші – қон бағыттарының өзгеруі , бұрынғы ру – тайпалық жүйенің күйреуі және т.б өзгерістер ағымының қат – қабатында біз қарастырып отырған Қаңлы тайпасының да осы кезеңдегі тарихи тағдыры көрініс береді. Шапқыншылық қарсаңында ең алдымен қаңылы тайпасының орналасқан аймағын анықтап алу қажет. Деректерге қарағанда қаңлылар 13 ғасырдың басында Талас өзені мен Ыстықкөл аралығындағы аймақты алып жатқан.Әбілғазы Баһадүр хан өзінің түрік шежіресінде «қаңлы түркмендермен бірге отырар еді, түркпендер өз алдына ел болғаннан кейін Ыстықкөл, Шу, Талас өзендерінің жағасын қоныстанып, көп жылдар отырды» деп жазады.*[15] 
Қаңлылардың Ертіс бойына дейін көшіп – қонып жүргенін ортағасырлық автор Рашид – ад – Дин де атап өтеді. Оның жазуынша наймандар Үлкен Еке, Алтай, Қарақорым, Көк Ертіс бойын мекендеген. Бұл аймақты қаңылы тайпасы да бірге көшіп қонып жүрген. Олар Ертіс өзені және қырғыздар аймағының арасындағы тауларда Моғолстанның аумағына дейінгі жерлерді алып жатқан. *[16] 
Моңғол шапқыншылығы қарсаңында қаңлылар керейіттердің, наймандардың ұлыстарына, ұйғырлардың Турфан княздігінде, Цзинь империясы аумағында,Хорезімде өмір сүрді. Қаңылылардың керейіттермен саяси, аумақтық қарым – қатынастарының болғанын қытай деректері де растай түседі. Мысалы, Бухуму атты қаңлы керейіт ханы тоғырылға қызмет еткен. Ол сонау ата – бабаларынан бері тектілік үзілмеген қаңлы әулетінен шыққан. Тоғырыл хан Шыңғыс ханнан жеңіліс тапқан тұста Бухуму бірнеше мың әскерімен солтүстік – батысқа қарай қашқан. Ал, оның артынан елші жіберіп , өзіне бағынуды талап еткен Шыңғыс ханға Бухуму: Мен бұрын Ван ханға қызмет еткенмін. Енді Ван хан қайтыс болған кезде, өзім қызмет жасаған адамға опасыздық жасай алмаймын» деп жауап қайтарған.Бұдан әрі қытай деректері қаңлылардың өз кезегінде наймандар мен де туыстық қарым – қатынастар орнатқанынан мәліметтер береді. Осылайша моңғол жаулап алушылығы қарсаңында Моңғолия аумағында түркітектес көптеген тайпалардың, соның ішінде қаңлылардың да мекендеп отырғанын көреміз. Сол кездегі Алмалық сияқты маңызы зор қалалар қаңлылардың қолында болатын. Жетісудағы билікті найман ханы Күшіліктің басып алып , өзін Гурхан деп жариялағанын кейін Алмалық, Баласұған сияқты қалалардың өзіне бағынуын талап етсе, онымен қоса мұсылмандарға қарсы саясат ұстанды. Алмалық қаласының билеушісі Бұзар болса осындай жағыдайларға байланысты Шыңғысханмен одақтасуға ұмтылған. « Ал Мұхаммед Хорезмшахтың тұсында Түркістандағы гегемония қаңлыларға тиесілі болды. Хорезмшахтың анасы Теркен хатун қаңылыдан шыққан. Оның інісі, Отырар бекінісінің басшысы Қайырхан кейбүреулердің пікірінше, Шыңғысханның шапқыншылығының негізгі себепкері болған. Хорезмшахтың Шыңғысханға қарсы негізгі күші қаңлылардан құралған» – деп жазды М.Тынышбаев. Одан кейінгі оқиғалардың қалай өрбігені тарихтан белгілі. 
Осынау Қаңлы тайпасының тарихына арналған еңбек жалпы атап өтер болсақ мынандай кезеңдерді қамтиды: 
Алғашқы кезең – «қаңлы» этнонимінің шығуына байланысты зерттеушілер арасындағы екі түрлі көзқарастарға талдау жасап, нақты тұжырымдарға келуді көздейді. Мұнда ежелгі қаңлылардың шығу тегіне байланысты б.з.б. 1 мыңжылдықтағы және б.з. алғашқы ғасырларындағы тарихи деректер талданған. 
Екінші кезең – қаңлылардың Батыс Түрік қағанаты құрамына еніп, өзіндік мемлекет ретінде аса ықпалды тайпалар одағын құрған кезеңін қамтиды. Мұнда қаңлылардың Талас өзенінен батысқа қарайғы, Сырдариядан төмен қарайғы Арал бойындағы мемлекеттігінің ішкі- сыртқы саясаты кеңінен әңгімеленеді. 
Үшінші кезең – 11-12 ғғ. қамтиды. Бұл шын мәнінде Оңтүстік Қазақстан аймағында оғыздарды ығыстырған қарлұқтардың мемлекеттік бірлестігінің күшейген кезі. Мұнда сонымен бірге қарақытайлар, қарахандар, қидандар бірлестіктерінің қаңлылар аймағына ықпалы, қаңлылардың қыпшақтармен етене араласуы және Орта Азия халықтарымен байланыстарының нығаюы кеңінен қамтылған. 
Төртінші кезеңде – қаңлылардың моңғол жаулап алушылығы кезеңіндегі қасіреті жан – жақты талданған. Бұл кездері Сыр бойында қаңлылар үстемдік жасаған қалалардың біразын маңғолдар күшпен бағындырған болатын. 
Бесінші кезеңде – 13-15 ғғ. қаңлылардың әртүрлі ордалар құрамындағы, әсіресе, Моғолстан мен Мәуереннахырдың саяси текетірестеріндегі ауыр халі нақты деректер негізінде сипатталған. 
Алтыншы кезең – Қазақ хандығы тұсындағы қаңлылардың рөлі мен орны туралы баяндалады. Мұнда қазақ хандарының қаңлыларға байланысты саясаты жан – жақты ашылған. 
Жетінші кезеңде – қаңлылардың қазақ – жоңғар соғыстарындағы ерліктерін ашып көрсету орын алған. Мұнда басқа қазақ тайпалары тәрізді қаңлылар да жеке тарихи тұлғаларды шығара алда. Өкінішке орай, олар туралы мәліметтер әлі толық емес. 
Сегізінші кезеңде – қаңлылардың Ресей боданы ретінде отарлау саясатына қарсы ұлт – азаттық күрестерге қатысуға мәжбүр болғаны көрсетіледі. Мұндағы қаңлылардың оңтүстіктегі көрші хандықтарға қарсы және солтүстіктегі орыс жаулауына қарсы екі жақты күресі біршама тиянақты баяндалады. 
Тоғызыншы кезеңде – қаңлылардың 19 ғ. және 20 ғ. басындағы Қазақстан тереториясында орналасуына және олардың шежіресін баяндауға баса көңіл бөлінді. *[17] 
Қазақтың іргелі тайпаларының бірі – Қаңлының тарихы барынша зерттеліп, ғалымдардың зерделеуімен үлкен том болып жарыққа шықты. Аталған еңбек Қазақ тарихының тың зерттеулермен толығып, ұлтымыздың бір рухани олжасына айналатынына сенімдіміз.

1– 17.«Қазақ  ру – тайпаларының тарихы».  Т. 12: Қаңылы. – Алматы: «Алаш» тарихи  – зерттеу орталығы, 2008. – 10 б. 
2-7. Қайдар Ә. Қаңлы (тарихи шежіре). – Алматы, 2004. 
3.Жанузаков Т.Очерк казахской онамастики. – А.,1982.-61-62 бб. 
4.Вайнберг Б.И. Этногеография Турана в древности. 7 в. До н.э.- 8 в. н.э. – М., 1999. 282 б. 
5.Қазақстан тарихы туралы түркі деректері. Т.2. – Алматы, 2005.- 73 б. 
6.Жолдасбеков М.,Сартқожаұлы Қ. Орхон ескерткіштерінің толық атыласы. – Астана, 2005. – 189 б. 
8.Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері ( б.з.б. 177 – б.з. 222 жылдары). 1 – кітап. – 156 б. 
9.Сонда, – 157 б. 
10.«Қазақ ру – тайпаларының тарихы». Т. 12: Қаңылы. – Алматы: «Алаш» тарихи – зерттеу орталығы, 2008. – 183 б. 
11.Аристов Н. Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности. – СПб., 1897. – 461 б. 
12.Аристов Н.А. Усуны и кыргызы или кара – кыргызы. – Бишкек, 2001. – 268 -269 бб. 
13.Радлов В. Этнографический обзор тюркскихплемен Южной Сибири и Джунгарий. – 5 б. 
14.Қадырбаев А.Ш. За пределами Великой степи. – Алматы, 1997. – 9 б. 
15.Әбілғазы. Түрік шежіресі. – 31 б. 
Рашид – ад – Дин. Сборник летописей. – М.Л,. 1952. Т.1., кн.,1. – 137 б .

Ардақ Беркімбаев


Информация о работе Қаңлылардың шығу тегі және тарихи кезеңдердегі орны