Демократия көктен түспейді

Автор: Пользователь скрыл имя, 20 Февраля 2012 в 19:32, лекция

Описание работы

Жылдағы жолдаулар өмірдегі өзгерістер өткір қойып отырған кезекті бір келелі мәселеге арналушы еді. Бұл жолы олай емес. “Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында”, – деген атының өзі-ақ айтып тұрғандай, тұтас қоғамдық дамуымыздың жаңа кезеңінің кешенді мәселелері жан-жақты қарастырылып отыр

Работа содержит 1 файл

Документ Microsoft Office Word.docx

— 75.55 Кб (Скачать)

ДЕМОКРАТИЯ КӨКТЕН ТҮСПЕЙДІ  
             

 
            – Елбасымыздың қай жылғы Жолдауы  да жұртшылық тарапынан үлкен  қолдау тауып келді. Әйтсе де, биылғы Жолдауға деген ықылас ерекше. Сіз  мұны қалай түсіндіресіз? 
            – Жылдағы жолдаулар өмірдегі өзгерістер өткір қойып отырған кезекті бір келелі мәселеге арналушы еді. Бұл жолы олай емес. “Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында”, – деген атының өзі-ақ айтып тұрғандай, тұтас қоғамдық дамуымыздың жаңа кезеңінің кешенді мәселелері жан-жақты қарастырылып отыр. Демек, бұл – ағымдағы саясаттың тек мезгілдік қана емес, тұтас кезеңдік сипаттарын түгел қамтыған стратегиялық құжат. Бұған, әрине, әлеуметтік күштердің қай тарабы да, қай бунағы да енжар қарай алмайды. Өйткені, реформа жүргізу – тойға әзірлену емес. Қай реформа да жетіскендіктен жасалмайды. Үлкен дағдарыстан туындайды. Бізде де солай болды. Бұрынғы экономика да, әлеуметтік қатынастар да, саяси құрылым да тас-талқаны шығып күйреді. Реформа кейде революциялық сипаттарға ұласып кетіп жатты. Ол адамдардың көңіл-күйіне, тұрмысына, тіпті тағдырына оңай тимейді. Сондай ауыртпашылықтар арқылы жүзеге асқан реформа қайткенде қалың бұқараның артқан үмітін ақтай алады? Оның жемісін, бүгінгі қоғамдық пікірде көп айтылып жүргендей, қолы ұзын азғантай топ қана көре ме? Жоқ, оған қалған жалпақ әлеуметтің де қолы жете ме? Әсіресе, тұрмыс тапшылығын тартудай тартып отырғандардың көңілдері қалай көншімек? Бұл кім-кімді де аз толғантып жүрмеген әлеуметтік аңсарлар. Біз тәуелсіздік алмай жатып талан-таражға түскен экономиканы жаңа нарықтық негізде қайтадан қалыпқа келтіруге мәжбүр болдық. Сөйткен нарық тәуелсіздігімізді қорғап қалу мен ілгері дамытудың бірден бір кепілі – әлеуметтік жарастығымызды одан әрмен сақтап, кемелдендіре түсуге қайтіп қызмет етпек? Ұлттық дамуымызды қайтіп қамтамасыз етпек? Әйтпесе, біреулері қаймақ қалқып, қарық болып, біреулері қаспаққа да зар болып, көшеде қайыр сұрап жүрген Азия мен Африка елдерінің талайында әліге дейін орын алып отырған дәстүрлі шаруашылық та, сауда капитализмі де, шикізат өндірісі де тиыннан тиын балалатқан нарықтық қатынастарға негізделген ғой. Біздегі нарық бізді де сондай күйге алып барып жүре ме, әлде әлдеқашаннан бері биік деңгейде әрі жедел қарқынмен өркендеп жатқан осы заманғы әлеуметшіл қоғамдардың өркениетті даму арнасына түсіре ала ма? Бұл – күндіз ойыңнан, түнде түсіңнен шықпастай өзекті мәселе. Экономикалық және әлеуметтік дамуымыздың мұндай толғақты сауалдарына жаңа Жолдау қалай және қандай жауап беріп отырғанын тиісті мамандар толғамдай жатар. Біз бұл екі мәселенің де ойдағыдай жүзеге асуына аз ықпал етпейтін және өз алдына да үлкен мағынаға ие болып отырған саяси реформаны жеделдету жөніндегі бастамаға көбірек назар аудардық. 
            – Бұл турасында Жолдауда: “Саяси реформалардың жалпыұлттық бұл бағдарламасы бүкіл қоғаммен үндесу негізінде жүзеге асырылуға тиіс екені анық. 2005 жыл тарихқа саяси реформаларды белсенді түрде алға бастыру мен оларды бүкілхалықтық талқылау жылы ретінде енуі керек”, – деп жазылған. Осыны Президент сайлауының жақындап қалуымен, осыған орай қоғам ішінде орын алып отырған кейбір ауыл арасы дау-дамайлармен байланыстыратын пікірлер де кездесіп қалады. Сіз бұған қалай қарайсыз? 
            – Тіпті солай болған күннің өзінде де, бұл орынды бастама. Бірақ, оның төркіні ауыл арасы әңгімесінен әріректе деп ойлаймын. Дәл қазір Қазақстандағы саяси реформаны жеделдету мәселесіне тек өз қоғамымыз ғана емес, күллі адамзаттық қауымдастық бәрібір мүдделілік көрсетпей тұра алмас еді. 
            – Сіз бұл арада Қазақстанның күллі әлемдік экономиканың ойдағыдай дамуына өз үлесін қоса алатын аса мол табиғи байлығын, орасан зор географиялық ауқымын, соған байланысты иеленіп отырған үлкен геосаяси маңызын айтпақсыз ғой. 
            – Жоқ, одан емес. Дәлірек айтсақ, тек қана одан емес. Меніңше, Президент Назарбаевтың дәл биылғы жылы дәл осындай қадамға баруы, бүкіл қоғамда жүріп жатқан реформаны қайтіп жеделдетуіміз жайындағы әңгімеге шақыруы – өз ішіміздегі әлеуметтік көңіл-күймен қоса, әлемдік ахуалдағы өзгерістерді де бірдей ескергендіктің көрінісі. Сондықтан, Қазақстан басшысының жаңа Жолдауындағы қағидаларға және олардың орындалу барысына елімізден тысқары жерлерде де айрықша назар аударылып отырғаны сөзсіз. Оның үлкен тарихи және саяси себептері де баршылық. 
            – Бұл ойыңызды таратыңқырап айтпас па екенсіз? 
            – Таратып айтсақ, біздегі жағдай бүгін таңда әлемдік ауқымда өрістеп жатқан іргелі тарихи процестен тікелей өрбіп жатыр. Ол – жер жүзілік сипат және жалпыадамзаттық маңыз алып отырған жаппай демократиялану процесі. Демократия ешкім үшін де таңсық ұғым емес. Халықтың билікке өз ықпалын тигізбей қоймайтыны қашаннан белгілі. Дегенмен, халықты биліктің бірден бір тұтқасына айналдыратын саяси жүйе қалыптастыру көпке дейін тек арман ғана болып келді. Өткен замандарда да бұл жолда әлденеше рет талпыныс жасалғаны рас. Олардың қатарына, әдетте, ежелгі Афиннің “Перикл демократиясы”  (б.э.д.  VІ-ІV ғ.ғ.) тұсындағы, бағзы Римнің Октавиан Август принципатына дейінгі ұмтылыстары, Франциядағы ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы коммуналар қозғалысы, Англиядағы 1215 жылғы Еркіндіктердің Ұлы Хартиясы, Англиядағы – XVII ғасырдағы, Франциядағы XVIII ғасырдағы саяси демократия, XX ғасырдағы әлеуметтік демократия жатқызылады. Алайда, жаппай демократияланудың жалпыәлемдік құбылысқа айналуы тым беріде, тіпті біз өмір сүріп келген тұста болды десек, артық айтқандық болмас еді. 
            Бұл процесті саясаттанушылар үш кезеңге – үш толқынға бөледі. Осы заманғы демократиялық қағидалар мен рәсімдер, негізінен, XIX ғасырда АҚШ-та түзіліп, бірінші дүниежүзілік соғыстың аяғына дейін Еуропаның көп жеріне тарай бастады. Бірақ, ол процесс Германияда нацизм, Италияда фашизм, КСРО-да тоталитаризм үстемдік құруына байланысты күрт тоқтап қалды. Бұл – әлемдік демократияланудың бірінші толқыны деп есептелінеді. Екінші толқын екінші дүниежүзілік соғыста ұлтшыл социализм жеңіліс тауып, Германияда, Италияда, Жапонияда демократия қайтадан орнап, оның жоралғылары тәуелсіздік алған дамушы елдерге де кеңінен таралуынан басталып, алпысыншы жылдарда кейбір мемлекеттердің авторитарлық үрдіске қайта оралуына байланысты тоқырап қалды. Ал үшінші толқынның өрбуіне 1974 жылы Португалияда диктатор Салазар қайтыс болып, оның мұрагері Каэтанды өз әскері бас көтеріп, орнынан алуы себепші болды. Көп ұзамай мұндай кепке Испаниядағы Франко диктатурасы мен Грекиядағы әскери хунта да ұшырады. Бұл ағым Латын Америкасын қамтып, Оңтүстік-Шығыс Азияға тарай бастады. Ақыр аяғында коммунистік дүниеге аяқ басты. 1991 жылы Кеңестер Одағы құлады. Оны құраған 15 республика, оның ішінде Қазақстан да тәуелсіздік жариялап, демократиялық жүйені таңдап алды. Сөйтіп, 1972 жылы әлемде 42 демократиялық мемлекет болса, 1991 жылы олардың саны жетпіс екіге жетті. Қатарынан 30 мемлекет демократияға көшуге бет бұрды. Бұл осы заманғы дамуда үлкен серпін туғызды. Тіпті демократияға ауысу транзит (өтпелі) кезеңі, оны бастан кешіп жатқан қоғам транзит қоғамы атанып, олардағы процестерді зерттейтін арнайы жаңа транзитология ғылымы пайда болды. 
            Жаңа ғылым бастапқы кезеңде үлкен оптимизм танытты. Алғашқы екі толқынға қарағанда, жаңа толқын барысында кері шегіну, авторитаризмге қайтып оралу атымен болмайды деген сенім зор болды. (С.Хантингтон, 1991, Л.Даймонд, 1999). Тіпті көп ұзамай Қытай, мұсылман елдері, араб мемлекеттері, қара Африка жаппай демократияға бет бұратын “төртінші толқын” келеді деген болжам да жасалды (Л.Даймонд, 2000 жыл). Транзит қоғамдардың бәрі авторитаризмнің іріп-шіруі мен құлауы, үрдістік либералдану, институттық демократиялану, ынтымақтаса қоймаған демократия және ынтымақтасқан демократия кезеңдерін бастан кешеді деп есептелінді. Әр ел өзінің ішкі және сыртқы жағдайларына байланысты бұл кезеңдерді әрқилы жылдамдықпен өткенмен, олардың қай-қайсысын да аттап немесе айналып өте алмай, ақыр аяғында міндетті түрде демократиялық ынтымақтасуға келеді деп саналды. Алайда, кейінгі жылдары транзитология демократиялану барысында біркелкі процедуралардың өздері де әрқилы нәтижелерге жеткізуі мүмкін екендігін мойындап (А.Пшеворский), бұрынғы нық сенімі әлсіреп, кейбір пессимистік сарындарға бой алдыра бастады. 
            – Оған не себеп болды? 
            – Біріншіден, демократияланудың алғашқы екі толқынының ащы тағылымдары, екіншіден, қазіргі үшінші толқынның өрістеуі үстіндегі кейбір кедір-бұдырлар себеп болып отырғандай. 
            – Әуелі бірінші себептердің қандай екенін нақтылап бермес пе екенсіз? 
            – Нақтылар болсақ, бірінші толқын кейбір елдерде фашизм мен тоталитаризм етек алғаннан, екінші толқын кейбір елдердің авторитарлық билікке қайтып оралғанынан дағдарысқа ұшырағанын жоғарыда айттық. 
            – Неге олай болды? 
            – Демократияның өз теориясы, өз тарихы бар. Бұл саладағы ең көрнекті ғалымдардың бірі Алексис де Токвиль Филадельфия қаласында өткен арнайы құрылтайда АҚШ Конституциясы қабылданғаннан 44 жыл кейін,  1831 жылы сол елге барып, жағдаймен танысты. Сонда жаңа саяси жүйенің түпқазық қағидалары болып табылатын бостандық пен теңдіктің бәр-бәр уақытта бір-бірімен тіл табыса бермегеніне назар аударды. Бұл жағдай түптің түбінде демократияның өз-өзінен күйреуіне әкеліп соқтырып жүрмес пе екен деген қауіп айтты. Жиырмасыншы ғасыр оқиғалары ондай үрейді қоюлата түспесе, сейілте алмады. Он үш елде демократия аяқ астында диктатураға айналып шыға келді. Ондай оқиға 1923-1925 жылдары Италияда, 1926 жылы Португалияда, 1930 жылы Аргентинада, 1933 жылы Германияда, 1933-1934 жылдары Австрияда, 1936 жылы Испанияда, 1948 жылы Венесуэлада, 1949 жылы Колумбияда, 1964 жылы Бразилияда, 1967 жылы Грекияда, 1968 жылы Перуде, 1973 жылы Уругвай мен Чилиде орын алды. Алайда, осы заманғы ең көрнекті демократия  теорияшысы Роберт А.Даль мұның бәрін, әріптесі Алексис де Токвиль уәждегендей, еркіндік пен бостандықтың бастары қосылмауынан емес, демократия институттарының жұртты біржолата мойындататындай айқын легитимдікке жетісе алмай жатқан балаңдығы мен шабандығынан, қалың бұқараның жаңа үрдістерді жеріне жеткізе түсіне алмай отырған аңғалдығы мен енжарлығынан, осыны кейбір билікқұмар – топтардың өз мақсаттарына пайдаланып кеткендігінен деп түсіндіреді. 
            Расында да, Муссолини 1925 жылы билікке келгенде Италиядағы демократия институттарына бар болғаны 13 жыл толған еді. Ондай институттар Австрияда алғашқы он бес жыл, Аргентина, Германия мен Перуде он төрт жыл, ал Испанияда екі жыл ішінде опат тауып еді. Қалғандарының, Уругвайдан басқасының, бәрінде де демократия жиырма жылға жетпей тұрып жеңіліске ұшырады. Оның үстіне, мұндай күйге ұшыраған режимдердің басым көпшілігінің аты ғана демократия болатын. Ал шынтуайтқа келгенде, нағыз дәстүрлі олигархия еді. Ал Ботани, О’Донели, Лепсиус сынды саясаттанушылардың дәлелдеуінше, олигархияның ешқашан ешкіммен билік бөліскісі келмейтін әдеті бар екен. 
            Бұндай “саяси мертігу” негізінде, алғашқы он-он бес жыл ішінде ұшырасуын әркім әрқилы түсіндіреді. Мәселен, испан философы Ортега-и-Гассет аталмыш кезеңде жүзеге аспай тұрмайтын кезекті ұрпақтар алмасуынан көреді. Бұның да жаны бар болса керек. Қандай жаңалықтан да жұрт жақсылық күтеді. Әсіресе, жастар көбірек үміт артады. Демократияға көшкен алғашқы сайлау қандай дүрбелең қиын кезеңде өтсе де, үлкен оптимизм туғызатыны түсінікті. Бірақ, ондай орасан үміт айналасы бес-алты жылдың ішінде ақтала қоймайтыны тағы да аян. Сондықтан, екінші сайлаулар көбіне-көп көрер көзге “сағы сынғандық” жағдайында өтері заңды. Ал үшінші сайланған билік те жағдайды діттеген жерден шығара алмаса, жаппай тоқыраушылықтың орын алуы, оның бірте-бірте әлеуметтік тағатсыздықтарға айналып кетуі ықтимал еді. Алғашқы екі толқынның жоғарыда айтылған “ащы тағылымдық” оқиғалары, көбіне-көп, осының нәтижесінде жүзеге асқан еді. Соны жақсы білетін транзитолог ғалымдар үшінші толқынның соңғы легі болып табылатын кешегі кеңестік республикалардың ауыспалы кезеңге аяқ басқанына он төрт жыл толатын бунақ кезеңге жақындап қалғанына барған сайын алаңдаушылықпен қарауда. Бұл толқын да алғашқы екеуінің кебін киіп, түгелдей болмағанымен, жарым-жартылай дағдарысқа ұшырап қалып жүрмес пе екен деген абыржушылық та байқалмай қалып жатқан жоқ. Бүгінгі транзитологиядағы кейінгі жылдары жиі көзге түсе бастаған пессимистік сарынды бір жағынан осымен түсіндіруге болады. 
            – Ал, екінші жағынан... 
            – Транзитологтардың айтуынша, үшінші толқынға іліккен елдердің бәр-бәрі бірдей қарқынмен, біркелкі сипатта есейіп кетіп жатқан  жоқ. Жаңа үрдіске көшуде Күнгей Еуропа мен Латын Америкасы елдері оза қимылдап келеді. Оларда да реформа жоғарыдан, реформашылдар мен консерваторларға жіктеліп, екі бағытқа бөлінген элиталық топ тарапынан өрістетіліп отыр. Олар әуелі цензураны босаңсытып, саяси тұтқындарды түрмеден шығарды. Оппозицияға төзімділікпен қарап, жеке бастық құқықтық кепілдіктер беретін либералдануды жүзеге асырды. Бұл мемлекет пен азаматтық қоғам арақатынасын жаңаша жүйеледі. Ал мемлекет пен саяси қоғам арасын жаңаша саралайтын демократиялануды содан кейін барып қолға алды. Ол үшін реформашылдар мен консерваторлардың бәсең қанаттары өзара шартқа отырып, бірлесе қимылдауға пәтуаласты. Сөйтіп олар алдын ала мұқият мөлшерленген (дозаланған) саяси реформаны біртіндеп жүзеге асыруды қамтамасыз етті. Сол арқылы былайғы күштердің де қолдауына ие болды. Содан кейін барып еркін дауыс беру жолымен алғаш рет құрылтайшылар сайлауы өткізілді. Осының нәтижесінде билікке әлгіндей мәмілегер күштер емес, оларды қолдай қоймаған радикал күштер келді. Олар ұзақ дәурендей алмады, бастапқы кезеңде болмай қоймайтын барша қиындықтардың жауапкершіліктерін өз мойындарына алып, өзгелерге орын босатуға мәжбүр болды. Екінші “сағы сынғандық” сайлауында радикалдар емес, таразы басын тең ұстауға тырысатын сарабдал күштер жеңіске жетті. Олар не “біржолата күдер үзушілік”, не “жаңа үміт” күш алатын үшінші сайлауға дейін бейбіт түрде билік алмасу мен міндет бөлісуден бастап, демократиялық институттарды толық қуатымен іске қосатын қағидалар мен рәсімдерді жүйелеп үлгеріп, қоғамның демократиялық жолмен ынтымақтасуына жағдай туғызды. 
            Осы заманғы демократия зерттеушілері Х.Линц, А.Степан, А.Пшеворский, М.Макфолдардың пайымдауынша, жоғарыда айтылған “көбірек жолы болған транзиттер” әуелі демократиялық институттар құру мен оны орнықтыруды тиянақтап алып, мемлекет пен нарық арасындағы делдалдық институттарын, әлеуметтік кепілдіктер жүйесін жасақтауға күш салған. Демократиялық жаңарудың кім-кімге де оңай тимейтін жан ауыртар қиындықтарына сосын барып кіріскен. Соның арқасында, әлгіндей ауыртпалықтарды тек мемлекеттің ғана емес, барша әлеуметтің жабыла күш салуымен еңсерген. Осының нәтижесінде ешқандай әлеуметтік шамырқанушылыққа ұшырамай, “қоңыржай реформа” жүргізе алған. 
            Ал кешегі коммунистік кеңістіктегі ахуал өзгешелеу болды. Өйткені мұндағы реформалардың алғышарттары Күнгей Еуропа мен Латын Америкасындағы алғышарттардан бөлек еді. Испания мен Латын Америкасы елдері капитализмнің бір сатысынан екінші сатысына өтті. Буржуазиялық биліктің бір сипатынан екінші сипатына көшті. Индивидуалистік психология мен жекеменшікшіл сана олар үшін атымен таңсық емес еді. Бұрынғы социалистік қоғам мүшелері күні кешеге дейін жиренішті сипатталып келген антипод қоғамның “жексұрын” үрдістеріне аяқастынан көшуге мәжбүр болды. Бұл жаңа реформа жасауға ауадай қажет жаппай құштарлықты бірден оята алмады. Түптеп келгенде, Испания мен Латын Америкасындағы қоғамдар, көктен тілегендерін жерден беріп, көптен күтіп жүрген реформаларына құлшына кіріскен-ді. Олай дейтініміз, франкошылдардың ықпалы әлі күшті 1976 жылғы референдумға испандардың 77,7 пайызы қатысып, оның 94,2 пайызы демократиялық өзгерістерді жақтап дауыс берді. Ал XX ғасырдың аяқ кезінде әлем жұртшылығын тамсандырған Латын Америкасы елдері әдебиетінің Астуриас, Маркес, Льос, Карпентьер, Кортасар, Фуэнтес, Вальехо сынды өкілдерінің шығармаларын оқыған көзі ашық оқырман аталмыш елдердегі диктатуралық режим қоғамды қаншалықты мезі етіп болғандығын айқын аңғара алар еді. Сондықтан да, Никарагуадағы Сомосадан басқа режимдердің бәрі демократиялық жолмен сайланған жаңа үкіметтерге орын босатуға мәжбүр болды. Тіпті генерал Пиночеттің өзі жеңіліп қаламын деп ойламастан сайлауға түсті. Өйткені, біздің заманымызда “барып тұрған тасмаңдай деспоттардың өздері де өз билігін заңды сияқты қылып көрсету үшін сайлау өткізбеске амалы жоқ еді”. (Ф.Фукуяма. Конец истории и последний человек. М. 2004, 57-бет ). Ал жетпіс жыл бойы қызыл тоталитаризм жайлаған кеңістіктегі жағдай басқаша болатын. Осыдан шығарып, кейбір ғалымдар тоталитаризмнен демократияға көшу авторитаризмнен демократияға көшуге қарағанда әлдеқайда қиын деп ұқты. Тіпті маркстік-лениндік саяси мәдениет, коммунистік институттық үрдіс, бірнеше “революциялық” өзгерістердің қатар жүргізілуі Орталық, Шығыс Еуропа мен бұрынғы Кеңес Одағында осы заманғы либералдық, өкілетті демократия орнатуды іс жүзінде мүмкін етпей тастауы ықтимал деп санайтындар да табылды. Олар қазіргі үшінші толқын елдері түгілі кешегі социалистік кеңістік мемлекеттерінің өзін Орталық Еуропа, Шығыс Еуропа, бұрынғы Кеңес Одағы мемлекеттері деп үш топқа бөледі. Әрқайсысының демократиялану ықтималдығын әрқилы деп біледі. 
            – Сонда олар ондай ықтималдықты қалай анықтайды? 
            – Осы заманғы транзитология демократияның орнығуын демократиялық институттар мен рәсімдер қалыптастырудан басталып, жаңа мінез-құлық пен жаңа әлеуметтік-экономикалық құндылықтар жүйесінің жүзеге асуына ұласады деп санайды. Ол үшін, Х.Линц пен А.Степанның пайымдауынша, біріншіден, қауымда қандай да болмасын демократияға қарсы күштер қалмаған орнықты жағдай орнауы керек. Екіншіден, демократиялық рәсімдер мен институттарды бүкіл қоғам әлеуметтік өмірді реттеудің бірден-бір сенімді тетігі деп түгел мойындауы қажет. Үшіншіден, саяси факторлар (саяси әрекет субъектісі) барлық қоғамдық тартыстар мен дауларды жаңа демократиялық процестер қалыптастырған заңдарға, институттарға, рәсімдерге сәйкестіре отырып шешуге әбден дағдылануы тиіс. Тек осындай жағдайда ғана демократиялық ынтымақтасу толығымен жүзеге асты деп есептеуге болады. 
            Бірақ, оған жетудің жолы әрі ұзақ, әрі күрделі секілді. “Транзит парадигмасының” уәждеуінше, диктатурадан құтылған ел демократияға бағыт ұстайды. Жаңа үрдіс бойынша қайта ынтымақтасқанға дейін бірнеше кезеңдерден өтеді. Ең түйінді кезең сайлаулар болып табылады. Экономикалық даму деңгейі, саяси тарих, дәстүрлі үрдістер, этностық құрам, мәдени-әлеуметтік салт-сана сынды құрылымдық сипаттар саяси факторлардың нақты қимыл-әрекеттерін реттейтін рәсімдерге (процедураларға) қарағанда транзит тағдырына аз және қосалқы ықпал етеді. Демократиялану ықпалды мемлекеттілік ауқымында ғана жүзеге аса алады. (Т.Караозерс, 2003). Алайда, кейбір ғалымдар өтпелі қоғамдардың басым көпшілігі бастапқы кезеңде диктатураға да, демократияға да ұқсамайтын келеңсіз “сұрғылт саяси кеңістікте” өмір сүреді деп есептейді. Караозерстің сипаттауынша, оларда саяси оппозиция мен азаматтық қоғамның кейбір нышандары байқалады. Демократиялық конституциялар қабылданып, уақытша сайлаулар өтіп тұрады. Алайда, ондай қоғамдағы азаматтардың саяси белсенділігі тек дауыс берумен ғана шектеледі. Лауазымды адамдар заң бұзғандықтан, қоғамның билікке сенімі өте төмендеп, мемлекеттік институттар халық қолдауына ие бола алмайды. Ауыспалы қоғамдардың кейбірі ондай келеңсіз белестен ойдағыдай шыға алғанымен, кейбірі тіптен шыға алмай қалуы да мүмкін. Т.Кларктың тұжырымдауынша, мұндай қауіп, әсіресе бұрынғы коммунистік үрдістегі қоғамдарда көбірек көрінеді. Олардағы өзгерістер транзит парадигмасына атымен сәйкеспейтін секілді. 
            Өйткені, ол қоғамдардың жағдайында демократиялануға қажетті реформаторлар мен консерваторлардың саяси тұйықтан шығу үшін өзара келісімге отырып, сол арқылы элитаның жоғарыдан жасайтын ынтымақты ықпалы атымен жүзеге аспайтын не бұрмаланып жүзеге асатын тәрізді. Мұндай белесті транзитологтардың көпшілігі “делегативті” (О’Донели), “электоралды”, “либералдық емес” (Закария) “басқарылмалы” (Левицкий), “имитациялық” (Колиер) демократия деп атаса, М.Оттауэй “жартылай авторитаризм”, ал Даймонд будан (жартылай демократия, жартылай диктатура) үрдіс деп санайды. Байқап отырсыз, бұл бағыттағы транзитологтар посткоммунизм мен демократиялануды сабақтас процесс деп есептемейді. Коммунистік ықпалдан құтылғандар өтпелі кезеңді бастан кешеді. Бірақ, өтпелі кезеңдегілердің бәр-бәрінің демократияға өте қоюы неғайбіл деп түсінеді. Олар Орталық Еуропа мен Шығыс Еуропа елдерін бір бөлек қарастырумен ғана шектелмей, бұрынғы кеңестік кеңістік елдерінің өзін әлденеше топқа бөледі. Ал Б.И.Макаренко бұрынғы кеңестік республикалардың бәрін біртіндеп демократиясызданып бара жатқан елдер санатына жатқызады. 
            – Қалай ойлайсыз, кешегі советология КСРО-ны әсіре “құбыжықтандырғаны” сияқты бүгінгі транзитология да кешегі кеңестік кеңістіктегі жағдайды тым сүмірейте сипаттап отырған жоқ па? 
            – Кешегі советологтардың көпшілігі бүгін, негізінен, транзитологиямен шұғылданып, оның үстіне кешегі кеңес кезіндегі диссиденттермен қоса, кейінгі реформаларға риза емес ғалымдардың да көпшілігі осы заманғы транзитологияның басым күштеріне айналып отырғаны рас. Бірақ, соған қарап, қазіргі транзитология тек аталмыш бағыттан ғана тұрады деп ойлауға болмайды. Кешегі кеңестік кеңістіктегі процестерді басқа тұрғыдан қарастырып, басқаша бағамдайтын ғалымдар да баршылық. Бірақ олардың көзқарастарын сөз етпестен бұрын бәрімізге де мойындауға тура келетін басы ашық жағдай – тым ұзаққа созылған коммунистік тоталитаризм қалыптастырған әлеуметтік психология демократияға көшуде адам айтқысыз қиындықтар келтіріп отырғаны өтірік емес. Мұндағы жұрттың осы заманғы демократияның іргелі қағидаларынан көп уақытқа дейін жеткілікті хабардар болмай келгендігі соншалық, 1989 жылғы жалпыхалықтық референдумда әлемдік бейбіт жарысқа көзапара шыдас бере алмай, өз-өзінен құлағалы тұрған империямен қоштаспайынша ешқандай демократиядан дәметуге болмайтынын уақытылы ұғына алмаған дауыс берушілердің 76 пайызға жуығы құлақкесті тоталитаризмнің ең шектен шыққан үлгісі болып табылатын КСРО-ны сақтап қалуды жақтағаны белгілі. Осының өзінен-ақ коммунистік тоталитаризм арғы-бергідегі тоталитаристік режимдердің бәрінен ұзақ өмір сүріп, қоғамның барлық деңгейін жеріне жеткізе уландырып үлгергенін аңғара беруге болатындай. Бұқара санасына эгалитаризмді, охлократиялық тағатсыздық пен патерналистік бойкүйездікті, элита санасына көп қиналмай, оңай құбыла салатын әлеуметтік мимикрияны (көлгірлікті), қара басының ғана қамын қамдап, қалған нәрсеге қалай болса солай қарайтын партикуляризмді мықтап-ақ сіңірген. Утопиялық идеяларды ойланбастан мақұлдап, қиналмастан мансұқтай салатын ұйытқыма көзқарас пен көзбояушы іскерлік бұған дейін де талай идеяның тонын айналдырып, талай реформаның көзіне құм құйған еді. Сондықтан да, бүгінгі транзитологтардың бұл жолы да солай болып қалып жүрмес пе екен деген күдігін негізсіз деп айта алмайсыз. Басқаны былай қойғанда, “ресейлік нарықтың” өкіл әкелерінің бірі Егор Гайдар мемлекеттік қаржы ресурстарын аударма-төңкермеге салудан күрт дәулеттенген “жаңа байлар” салық шырғалаңдарынан пайда табуға әбден дәнігіп, заңның “шын ережелерін” сақтауға кежегелері кейін тартып, елдің “көсегесін көгертпес” жолға итермелеп отырғанын қынжыла мойындаған-ды (Гайдар, 1997). Дж.Хопкинс университетінің ғылыми зерттеулер орталығының директоры У.Фэрбэнкс экономикалық реформа жүргізудегі орашолақтықтар кешегі кеңес кеңістігінде жаңа басталып жатқан демократиялану процестеріне айта қаларлық салқынын тигізгенін баса көрсетті. Бұл үшін біреулер 1991 жылы құлаған режимді жазғырса, енді біреулер оның орнына орнаған режимді айыптады. 
            Расында да, КСРО-ның саяси “балкандануы”, ыдырауы мен экономикалық талқандалуы, қоғамдық тәртіп пен мемлекеттік биліктің әлсіреуі, экономикалық мүдделі топтардың “мемлекетті басып алуы” (Гельман, 1999), орталық өкілеттіктердің шұғыл түрде жергілікті орындарға көшуі (Стонер-Вейс, 1999), ақшаның бартермен алмасуы (Водруар, 1999), биформал институттардың шешуші ықпалға ие болып, заң мәртебесінің аяқасты болуы (Вова, 1999) КСРО-ның соңғы онжылдықтарында үстемдік құрды. Оның орнына келген жаңа режимдер, қапелімде, жағдайды бірден қолға ала алмай, әлгіндей келеңсіз процестердің одан әрі де өз бетімен өрістеуіне жол берілгені белгілі. 
            Ал Х.Линц пен А.Степанның (1996) айтуынша, “мемлекет жоқ жерде осы заманғы демократия орнату еш мүмкін емес” еді. Оның үстіне, кешегі кеңестік кеңістікте демократия мен нарыққа көшу процесі бұрынғы империя ыдырап, бодан халықтардың тәуелсіздік алуымен қатар өрбіді. Бұл әр адамның қайтадан өз еркімен азаматтық таңдау жасауын талап етті. Ол ұзақ уақыт таптық интернационализм идеологиясы жүргізген жаппай ұлтсыздану саясатынан кейін аса оңайға түспеді. Сондықтан этностық әр алуандыққа ие қоғамдарда демократияландыру жағдайында ұлтаралық бірлікті сақтау бірінші дәрежелі маңызға ие болды. Өйткені, Д.Ростоу айтқандай, демократияға көшетін мемлекеттің шекарасы айқын, тұрғындары тұрақты және олар өздерінің қандай қауымда өмір сүретінін жақсы білетін, соған өз еркімен келісетін азаматтар болуы керек еді. Сондықтан да, А.Лейпхарт 1977 жылы “көп сегментті қоғамдардың” ішкі қайшылықтары мен демократияның бейбіт қатысуын көздейтін “қауымдастық демократиясы” атты байыптама ұсынған болатын. 
            Оның уәждеуінше, әлгіндей әр алуан топтар өз мүдделерінің оң шешімделгенін қаласа, оған жетуге бірден бір қажетті әлеуметтік орнықтылық ахуалына зақым тигізіп алмайтындай етіп, қай әрекетін де дау-жанжалға емес, өзара бейбіт ықпалдастыққа бағыттай білуі керек екен. Ол тек пәрменді үйлестіруші ықпалға ие әлеуетті мемлекет бар жерде ғана жүзеге аса алады екен. Жаңа орнығып келе жатқан демократияны баянды етуді экономикалық ауқаттылықпен байланыстырған Липсет те мемлекеттік ықпалдылыққа баса маңыз берген еді. Осы заманғы демократияның бүге-шігесін көп зерттеп жүрген А.Пшеворский жан басына тиісті жылдық табыс екі мың доллардан аз келетін елде демократияның халі тым мүшкіл деп санайды. Оның есептеуінше, жан басы табысы екі мың доллар мен бес мың доллар арасындағы мемлекеттердегі әлгіндей ахуал тым солқылдақ, ал 6055 долларға жеткен соң мұртын балта шаппайтындай орнықты болатын көрінеді-міс. 
            Осыдан шығарып, М.Макфол да 1995 жылға дейін капиталистік экономика орнықтыру бағытындағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді жедел жүзеге асыру үшін “күшті мемлекет” керек деп келді. Тек Ресейге ғана емес, бұрынғы кеңестік республикалар элиталарына ықпалдары күшті болған А.Мигранян мен А.Чубайс та демократия қалыптастыруға аса керек-ті. Бірақ жан ауыртардай күрделі экономикалық реформа білікті авторитаризмнің күшімен ғана жүзеге аса алатынын айтты. Бұл кешегі кеңестік кеңістіктегі реформаларда экономиканың бірінші орынға, мемлекеттік биліктің үстем ықпалға ие болып кетуіне тек бұрынғы тоталитаризмнің инерциясы ғана емес, осы заманғы транзитологияның да аз ықпал етпегендігін аңғартса керек. 
            – Ендеше, әлемдік транзитология ол райынан неге айнып қалып жүр? 
            – А.Пшеворский айтқандай, 1991 жылғы “коммунизмнің күйреуі” тек марксшілдік идеологиясы үшін ғана емес, бүкіл осы заманғы саяси ғылым үшін төбеден түскендей тосын оқиға болған түрі бар. Сондықтан, олар да, қапелімде, болып жатқан оқиғалардың одан әрмен қалай дамитынын бәр-бәр уақытта байыпты болжай алмаған сияқты. Ал өмір заң үстемдігінің аяқасты болуына тек мемлекеттік биліктің тым әлсіреп кетуі ғана емес, тым шамадан тыс күшейіп кетуі де теріс ықпал ететіндігін көрсетіп берді. Қайткен күнде де, кешегі кеңестік кеңістіктегі реформалардың тағдыры, негізінен, билікші элитаның қолында болды. Мемлекеттік билікті біресе құлдырата әлсіретіп, біресе шырқата биіктетіп жүрген де сол еді. “Кешең квазикоммунизм” жаңа үрдіс тұсында да билікті өз қолында ұстап қалу үшін заңды аяқасты етуге тырысса, “балаң квазидемократия” қолына түскен биліктен айырылып қалмас үшін оны қайтадан “қатайтуға”, реформалық процестерге элитадан басқа ешкімге қол сұққызбауға тырысты. Мұндай жағдайда саяси монополизмге де, экономикалық монополизмге де жол ашылатыны белгілі. Бұқара мен билік, ауқаттылар мен жоқ-жітіктер арасындағы атшаптырым алшақтық, экономикалық енжарлық және саяси самарқаулық, сыбайлас жемқорлық, олигархиялық байлыққұмарлық пен билікқұмарлық та содан өрбитіні сөзсіз. 
            Өйткені, жеке тұлғалардың өзара және мемлекет пен арадағы байланыстарын реттейтін тәуелсіз бірлестіктер мен топтардан тұратын азаматтық қоғам, билік пен халықтың арақатынастарын үйлестіретін қағидалар, рәсімдер және күштерден түзілетін саяси қоғам, мемлекет пен нарық арасында делдалдық ететін мекемелер мен қағидаларды жүйелейтін экономикалық қоғам институттары құрылып, олардың аражігі айқын сараланбай тұрып, саяси плюрализм де, өз мүддесін ғана күйттейтін партикуляризмнен атымен таза, заң бойынша не істеу керек болса, соны істейтін рационалистік бюрократия да, демек құқықтық мемлекеттілік те орнықпайды. 
            Мұндай жағдайдағы билік бөлісуге риза емес саяси топтардың, игілік бөлісуге риза емес экономикалық топтардың, тұрмыс ауыртпалығын тартып отырған әлеуметтік топтардың наразылықтары қоғамның демократиялық жолмен ынтымақтасуын қиындатады. Соның салдарынан заңды жолмен өрістеуге тиіс формалды қатынастардан гөрі саяси құштарлықтардан туындайтын биформал (заңсыз) қатынастар үстем түсіп кетеді. Реформа “діттеген жерге жете қоймай, орта жолда малтыққан транзит” (С.Солник) қалпында қалады да, жаңадан құрылған демократиялық институттар толық қуатымен жұмыс істей алмайды. Демократияланудың үшінші толқынының кешегі кеңестік кеңістіктегі аяқ алысына абыржи қарайтындардың алдымен тілге тиек ететіндері осы. 
            Олай болса, кешегі кеңестік кеңістіктегі жағдайды бұл күйінде қалдырмай, демократиялануды одан әрі тереңдетудің екінші кезеңіне өтіп, саяси реформаның да, экономикалық реформаның да нәтижелері азғантай топтардың ғана емес, барша әлеуметтің ортақ игілігіне айналатындай жағдайға жеткенде ғана, демократияланудың үшінші толқынының келешегіне үлкен оптимизммен қарауға болады. 
            – Сонда осы заманғы транзитологияның кейбір өкілдері айтып жүрген кеше коммунистік билікте болған өтпелі қоғамдардың демократияға көшуінен гөрі авторитаризмге қайтып оралуы ықтималырақ дейтін сарыуайымның еш қисыны жоқ қой? 
            – Мен авторитаризмге қайтып оралу қаупіне алаңдаушылықты атымен орынсыз деп айта алмаймын. Алайда, оны қалай да болмай қоймайтын құбылыс санап, кейбір елдердің келешегінен алдын ала күдер үзушілікке қосыла алмаймын. Сондай-ақ, аталмыш елдерде соңғы он төрт жыл ішінде болған өзгерістердің бәрін жаппай теріске шығарумен келісе қою қиын. Бір айта кететін нәрсе: әлгіндей пессимистік болжам жасайтындар транзитологтардың белгілі бір тобы ғана. Оларға атымен қосылмайтын ғалымдар да аз емес. 
            Мәселен, кешегі коммунистік кеңістіктегі процестерді жан-жақты зерттеп жүрген Стэнфорд университетінің профессорлары Т.Карл мен Ф.Шмиттердің пайымдауынша, коммунизм авторитарлық биліктің басқа түрлеріне ұқсай қоймағанымен, олардың қол астында болған елдердің басқа авторитарлық елдерден айырмашылығы тап анау айтқандай “үлкен болмай шықты”. Олар Күнгей Еуропа мен Латын Америкасы транзиттерінің соқпақтарын түгел қайталамағандарымен, солар тақылеттес жолдардан өтіпті. Үшінші толқын тұсында аталмыш Батыс транзиттері де, Шығыс транзиттері де бұқаралар толқуынан өрбитін төменнен басталатын реформаға емес, элита арасындағы алауыздықтан өрбитін жоғарыдан басталатын реформаға ден қойыпты. Кеңестік кеңістіктегі өтпелі кезең де революциялық жолмен емес, эволюциялық жолмен өрістепті. 
            Шығыс Еуропа елдері мен кейбір кеңес республикалары демократияға көшуді Батыс транзиттерінен кейін бастаса да, жылдамырақ аяқтапты. Олардың келешегіне кәміл сене беруге болатын көрінеді. Ал оларға ілесе алмай, демократиялық ынтымақтастыққа әзір қол жеткізе қоймаған еуропалық аумақтағы кешегі кеңестік республикалардан күдер үзушіліктің жөні жоқ секілді. Т.Карл мен Ф.Шмиттер кейбір әріптестері шиге шаншып бағып жатқан “Әзірбайжан және басқа да... көгеріп-көркейіп жатыр” дейтін үзілді-кесілді тұжырыммен де, ондай “ақаулы демократиялар шешімін таппай отырған тартыстар мен дәрменсіз саясаттың салдарынан ерте ме, кеш пе, бәрібір, автократиялық үрдіске көшеді” дейтін үзілді-кесілді болжаммен де келісе қоймайды. Бүгінгі транзитологияның аузынан түспей жүрген “будан режимдер” мен “электорализм” қисындары бір кезде Орталық Америка елдеріне байланысты да айтылғанын, аталмыш елдердің бәрібір демократияға өтпей қалмағанын тілге тиек етеді. 
            Карл мен Шмиттер авторитаризм мен тоталитаризмнен қол үзу кезінде кездеспей қалмайтын дағдарыстан біреулер шыға алады, біреулер шыға алмайды дейтін бал ашушылық пен жоғарыдан басталған реформалардан гөрі төменнен басталатын реформа табыстырақ болады деген қағиданың да қайта қарайтын тұстары аз емес деп біледі. Олар авторитаризмге оралу қаупін тым асыра бағалаушылық бар екендігіне тоқталып, шынтуайтқа келгенде, автократияның бұрынғы түріне оралуға Сербиядан басқа, демократиялық ынтымақтасуға ұмтылудан бұлтарып кетуге Әзірбайжаннан басқа нақты қадам жасаған бірде бір ел жоқ екендігіне назар аударды. Ал кешегі кеңес республикаларының Батыс транзиттеріндегідей реформаны бастамас бұрын әрқайсысының өз ішінде келісімшартқа отырмағандығын этностық және азаматтық сәйкестілік мәселелерінің күрделілігімен түсіндіреді. Сондай-ақ, олар бір емес, бірнеше (тәуелсіздік, саяси-экономикалық, әлеуметтік) реформаны қатар жүргізіп жатқан қоғамда әзір ынтымақшыл реформа орнай қоймайды дейтін тұқыртпа тұжырымға да мойынұсынбайды. Қайта ондай “көпөлшемді” реформа аталмыш қоғамдардағы әлеуметтік орнықтылыққа себепші болды деп санайды. 
            Расында да, тәуелсіздік алған ұлттар өтпелі кезеңнің кейбір кедір-бұдырына кешіріммен қарады. Демократия аңсағандар экономикалық реформалардың ақауларына төзімділік көрсетті. Тоталитарлық идеология қисындарынан әбден мезі болған халық таптық жіктелістің соқпағымен кетуден бас тартты. Саяси қуғын-сүргін зардаптарын көп тартқан қоғам әлеуметтік алауыздыққа құлық танытпады. Қысқасы, демократияның жолы кешегі кеңес кеңістігі үшін де, біреулер ойлағандай, айқын, сара, даңғыл, енді біреулер айтқандай, қалғандарға атымен ұқсамайтындай, тым күрделі, тым қиын, тіпті қауіпті болып шыққан жоқ. Түптеп келгенде, олардың алдында да күллі адамзатқа ортақ жолдан басқа жол жоқ болып шықты. 
            – Сонда қазір жиі айтылатын менталитет айырмашылығының ешқандай айырмасы болмағаны ма? 
            – Болғанда қандай... Манадан бері айтып отырған әңгімеміз – соның дәлелі. Алайда, адам табиғаттан, халық адамзаттан атымен тәуелсіз бола алмайды. Мемлекет те Жер шарын ойкуменаландыру барысында әуелі аяғы жеткен кеңістікке, сосын бастарына туған заманға бейімделу барысында қалыптасады. Демек, ол да талай рет өзгеріп, талай рет жаңарады. Бұрынғы терімшілер, балықшылар мен аңшыларға, ал олар егіншілер мен малшыларға, ал олар кезегі келгенде өнеркәсіпшілерге айнала алмаса, екі аяқты нәсіл жер бетінен әлдеқашан жойылып кеткен болар еді. Қоршаған орта мен зырлаған уақытқа уақытылы икемделе білудің арқасында ғана аман қалып, алға басып келеді. Қалыптасқан менталитет ауқымында қалып қою қай халыққа да қатерлі. Соны түсінген қауымдар ғана ұлттық даму жолына түсе алады. 
            Бұл бағыт өрши түспесе, өше қойған жоқ. XX ғасырдың басында халықтардың саны қазіргіден көп еді де, мемлекеттің саны әлдеқайда аз еді. 1946 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылғанда жер бетінде 80 мемлекет бар еді. XIX  ғасыр  басында тәуелсіз мемлекеттер саны 184-ке жетіп отыр. Демократияның үш толқыны тұсында да тәуелсіз мемлекеттер саны көбейді. Қай толқынның тұсында да тәуелсіздік алған елдер баяғы дәурендеріне оралмай, алға басып бара жатқан адамзат көшіне ілесті. Сөйтіп, бір кезде ұлттар түгел жойылып, жер бетінде бірөңкей таптық қоғам орнайды дейтін маркстік қағида да, мемлекеттер де жойылып, бірөңкей азаматтық қоғам орнайды дейтін космополиттік қағида да әзір өміршеңдік таныта алмай отыр. Алайда, ұлттар мен мемлекеттердің біреуінің келешегі бар деп, екіншісінің келешегі жоқ деп, олардың арасына ала арқан керушілік әлі тыйылмай келеді. Мәселен, Баджоттың: “Дүние тек ұлы халықтардан, ұлы болғанда да, жер ауқымының үлкендігінен емес, адамзатқа қосқан үлесі, рухани әлеуеттілігі, саяси санасы жағынан, көздері тірі кезінде күшті, көздері жоғалған кезде ұлы атануға лайық халықтардан тұруы керек”, – дейтін қисыны 1974 жылы шықса, Хобсбаумның осыны нақтылай түскісі келген “табалдырық қағидасы” (мемлекет, ұлт атануға қойылатын шарттар) күні кеше ғана, 1992 жылы дүниеге келді. 
            Менталитет ұғымын абсолюттендіруге, әсіресе, еуроцентристік астамшылдық көзқарастағы мамандар әуес. Әуелде ұлттық дамудың экономикалық тетігі болып отырған капитализм мен либералдық демократия тек англосаксондық әлемге ғана тән деп есептелінген-ді. Кейін Батыс христиандық қоғамына тән делінді. Алайда, ол үрдістер бүгінде католицизм, мұсылман, буддизм, православие, конфуцийшілдік, иудаизм кеңістігіне кеңінен қанат жайып отыр. Жан басына табысты екі еселеу үшін англосаксондар болып табылатын Британия мен АҚШ-қа қырық жеті-қырық сегіз жыл керек болса, оларға жатпайтын Жапонияға отыз бір жыл, Индонезияға он жеті жыл, Оңтүстік Кореяға он бір жыл, Қытайға, бар болғаны, он жыл керек болды. 2020 жылы дүние жүзіндегі ең ірі экономикаға ие 5 мемлекеттің төртеуі, аса ірі экономикаға ие 10 мемлекеттің жетеуі Азияда болады деп болжам жасалуда. Ендеше, өндірістік капитализм де бір кездегі терімшілік, малшылық, балықшылық, егіншілік сияқты тіл, дін, ұлт, құрлық таңдамайды деген сөз. Сондай-ақ, капитализм мен демократияға өткеннен ұлттық сипатымыз жойылып, не әлсіреп кетеді деген көзқарас та шикі болып шықты. Бұрындары ағылшын, француз, неміс, итальян, испандар капитализмге өткеннен өз ұлттық мерейлерін биіктетпесе, аласартып алмағаны қандай анық болса, бүгінгі қытай, жапон, корей, малайзиялықтардың да капитализмге өткеннен ұлттық сапасы күшейе түспесе, азая қоймағаны көзге ұрып тұрған шындық. 
            Жалпы, капитализм мен демократияны тек бір өркениетке ғана теліп, қалған дүниеге атымен жат құбылыс санаудың ешқандай тарихи дәйегі жоқ. Терімшіліктен егіншілікке, аңшылықтан малшылыққа көшу қандай эволюциялық жол болса, аграрлық экономикадан өнеркәсіптік экономикаға, дәстүрлі қоғамнан осы заманғы қоғамға өту де сондай эволюциялық жол. Егер бір кездегі бақташы-жауынгер тайпалардан капиталистер мен демократтар шықпайтын болса, дүниеде ешкім де капиталист немесе демократ болмас еді. Тіпті, “капитализм” мен “демократия” терминдері де шықпас еді. Өйткені, демократия терминін Жерорта теңізі маңайын ежелден мекендеп отырған байырғы саудагер және отырықшы халықтар емес, бұрын теріскей жазираларда дәурендеп, Балқан асып барған бақташы-жауынгер грек тайпалары шығарды. Көшпелі жауынгер ортада бес қаруы беліндегі еркектердің бар мәселені төрт көздері түгел тұрып, бірлесіп шешетін әдеттен жаңа орта мен жаңа жағдайға бейімделіп, жаңа саяси жүйеге айналып еді. Жерорта теңізінің теріскей жағалауына солтүстіктегі жазиралар мен ормандардан қоныс аударып барып, жаңа Рим мемлекеттілігінің негізін құрған, бұрынғы малшы тайпа латындар жаңа мекендерінде базар ашып, малдарын қалған қауымдармен айырбасқа салып, малдың басын негізгі төлем түріне айналдырғандықтан, “капы” – “бас” деген сөзден шығарып, “капитал”, “капитализм” терминдерін дүниеге әкеліп еді. 
            Бағзы заман тарихшылары білетін бұл жәйттерді қазіргі заман саясатшылары көрер көзге естен шығарып, ежелден бері табиғат пен адамзат, уақыт пен қоғам арасындағы өзгерістерден өрбіген қай өмір сүру үрдісі де күллі адамзатқа ортақ болып келе жатқанын аяқасты ұмытып, бұл мәселеде Батыс пен Шығыс елдері арасына менталитеттік ала арқан кере салуы ақылға сыймайды. Қазіргі саясат сахнасынан оқтын-оқтын естіліп қалып жүретін “Шығыстың табиғи ресурстары қажет болғанымен, рухани құндылықтарының құны өткен”, “Батыстың экономикалық қатынастары мен технологиясы қажет болғанымен, демократиясы қажет емес” сынды пиғылдар ұлттық даму тұрғысынан мейлінше талдай, таразылай түсуді талап етеді. 
            Демек, тәуелсіз ел болу, ойдағыдай ұлттық дамуды жолға қою мүддесі қандай идеологиялық қасаңдықтардан да, кез келген саяси-менталитеттік “табалдырықтардан” да жоғары тұруға тиісті. Өйткені, мимесис – өзгелердің істегенін істеп үйреніп, басқалардан қалып қоймауға тырысатын әдет адамдардың есеюі мен кемелденуінде қандай маңыз атқарса, ұлттардың есеюі мен кемелденуінде де дәл осындай маңызға ие. Әйтпесе, ондай бәсекесіз ешкім де, ештеңе де өрге баса алмайды. Алайда, қазіргі жарыса қарқындап жатқан бәсекешіл дамуда өзгелердің тәжірибесін өз құндылықтарымен өзгерте алған қауымдар ғана діттеген жеріне жедел жете алып жүр. Демократия ондай үйлесімге көмектеспесе, кедергі келтірмейді. С.Хантингтон дәл байқағандай, “батыстық емес мемлекеттердің батыстық демократия институттарын қабылдауы ұлтшыл күштердің билікке келуі мен батысшылдыққа қарсы күреске жол ашады”. Өйткені, “демократиялану, шын мәнінде, космополиттендіруге емес, жергілікті мүдделерді қорғауға алып баратын процесс” еді. 
            Сондықтан да, жапон ғалымы Такаси Иногучи Шығыстың оза дамып келе жатқан үш еліндегі оң өзгерістерді ең алдымен демократияландырумен байланыстырады. Оның ойынша, бүгінгі Жапонияда “ыңғайпаз емес” (нелояльная), Оңтүстік Кореяда “үшінші толқын”, ал Қытайда “енді туындап жатқан” (зарождающаяся) демократия үстемдік құрып отыр. Оның түсіндіруінше, ыңғайпаз емес демократияның айқын үлгісі АҚШ-тағы демократия болып табылады. Мұндай демократияда азаматтардың саяси партиялар мен билік институттарына сенімі төмендегенмен, демократиялық құндылықтар мен қағидаларға сенімі төмендемейді. Партияларды, парламентті, өкіметті сынағандарымен, демократияның өзін сынамайды. Ал үшінші толқын демократиясында демократиялық сенімдерден гөрі демократиялық рәсімдер басым түсіп жатады. Демократиялық құндылықтардың мықтап орнықпағандығынан, әртүрлі бұрмалаушылық та орын алады. Ондай қоғамдағы азаматтардың біраз бөлігінің демократиядан гөрі авторитаризмге көбірек іш тартуы мүмкін. Ал енді туындап жатқан демократия, атының өзі айтып тұрғандай, әлі екі деңгейдің екеуіне де жете қоймаған, авторитаризм ықпалы әлі көбірек балаң демократия немесе жартылай демократия. 
            Т.Иногучи Қиыр Шығыстағы үш демократиялық үлгіні талдай келіп, олардың болашағынан күдер үзбейді. Өйткені, демократиялану – процесс. Ол бір күнде немесе бір жылда тәмамдала салмайды. Кезеңнен кезеңге көшіп ұзаққа созылады. Мәселе, соны сылтауратып, арқаны кеңге сала бермей, қоғамдағы қалған процестерге де қарқын бітіретін демократиялану процесін бірінші кезекте жеделдетуде болып тұр. 
            – Сонда не істеуіміз керек? 
            – Әлемдік ауқымда өрістеп жатқан түбегейлі процестің жай-жапсарына жан-жақты және байыппен қарауымыз керек. Енді үлкен мемлекеттер де, шағын мемлекеттер де үйреншікті үрдістер ауқымында өмір сүре алмайды. Талай нәрседен бас тартып, талай нәрсені үйренуге тура келеді. Біз бұған тәуелсіздік алған бойда-ақ бет бұрдық. Өйткені, осы заманғы қоғам орнатуға керекті талай нәрсеге иеміз. Осы заманғы қоғам индустриялануды, урбанизмді, сауаттылық деңгейінің жоғарылығын, білімділікті, ауқаттылықты, әлеуметтік қамқорлықты, күрделі де жан-жақты жаңа кәсіби құрылымдарға ыңғайлылықты талап етеді. Жаман болсын, жақсы болсын, бұлардың бірталайына қолымыз жетті. Менталитеттік мүмкіндіктеріміз де Құдайға шүкір. Көшпенді тұрмыс құлақкесті құлдықты, діни фанатизмді, әлеуметтік көнтерілікті, билікке бас ұрушылықты мойындаған емес. “Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ”, “өзіңе иілгенге иіл: ол – әкеңнің құлы емес, өзіңе шүйілгенге шүйіл: ол – Құдайдың ұлы емес” дейтін қағиданы әліге дейін ұмытпай келген теңдікшіл, бостандықшыл халықтың жігерін тоталитаризм біржолата жер жастандырып кете алмады. Кешегі кенеуі кетіп тұрған қызыл тоталитаризмге алдымен қол көтерген қауымбыз. 
            Демократиямызда әліге дейін балаңдық байқалып жүрсе, тоталитарлық топас психологиядан туындап жатқан әлеуметтік патологиядан емес, жылдар бойы өз билігі өзінде болмай келгендіктен өрбіп жатқан тәжірибенің аздығынан, бір кездегі Роберт Дальдің айқанындай, жаңа демократиялық институттардың қыр-сырына ойдағыдай қанығып болмағандығымыздан болып отыр деп білеміз. Көп ретте, осы заманғы демократия болмысына шорқақтығымыз да байқалып қалып жатады. 
            – Жалпы осы заманғы мемлекеттердің саяси құрылымдарын қалай жіктеуге болады? Ол өзі мүмкін бе? 
             – Иә, бұл мәселеде соңғы екі жарым мың жыл бойы Аристотель айтқан жүйелеу үстемдік құрып келді. Ол мемлекеттің саяси құрылымын “кім билеп отырғанына”, “кімнің мүддесін көздеп отырғанына” қарай сипаттады. Билік бір кісінің де, бір топтың да, бүкіл халықтың да қолында болуы мүмкін. Бірақ, олар тек өз мүддесін көздеп отыр ма, жоқ бүкіл қоғамның мүддесін көздеп отыр ма? Соған байланысты ол күллі қоғам мүддесін көздеп отырған билікшіні монарх, билікшіл топты аристократия, көпшілік билігін полития деп атап, бұл санатты жақсы билік деп таныды. Ал өз мүддесін көздеп билік құратын жеке билікшіні тиран, билікші топты олигархия, көпшілік билігін демократия деп атап, ол санатты “жаман билік” деп таныды. Бұл, әрине, біздің жыл санауымызға дейінгі V ғасырдағы 158 грек қалаларындағы билік үрдістерін салыстыра отырып жасалған жүйелеу еді. Одан бері мемлекеттер әлемнің барлық жерінде де пайда болды. Оның бәр-бәрі бұрынғы грек қалаларының үрдісіне келе бермейді. Соған байланысты мемлекет теориясы да өзгерді. XVI ғасырда Томас Гоббс пен Жан Боден де билік иесі (егемен) қағидасын қалыптастырды. Олардың уәждеуінше, бұл басқаруды тәртіптейтін бірден бір жоғарғы және мызғымас билік. Бұл қисынды ежіктей келіп, Боден басқарудың ең жақсы түрі абсолютизм деп тапты. Билікші заңды қалай өзгертуге де құқылы, бірақ өзі ешқандай заңға бағынбайды. Сонда ол ешкімге, ешқандай күшке қолжаулық болып кетпейді. Тек тәңірдің заңы мен адамдардың табиғи құқықтарына ғана құлақ асады. Гоббс те егемендікті өз айтқанымен жүргізетін өктем билік деп түсініп, “Левиафан” атты кітабында бұзықтық атаулыға жол бермей, айбарымен ықтырып отыратын аждаһа биліктің сипаттамасын жасады. 
            Өзіңіз байқап отырғандай, бұл баяғы жаппай аңшы кездегі қақпаны қанды, шоқпары майлы, жолы болғыш аңшыны айрықша қасиет иесі санап, көсем тұтқан заманға барып тірелетін билікті сакральдау, қасиет тұту, билікшіні әуелден Жаратқанның айрықша шарапаты түскен нысаналы тұлға санап, әулие тұтудан өрбіп жатқан қағида. Оны бұзса, пенделердің ықпалы бұзылады деп, қоғамнан аулақтатып, тұмшалай түсетін түсінік. Келе-келе ол түбегейлі өзгеріске ұшырады. Джон Локк пен Шарль Луи де Монтескье бұрынғы сакральды биліктің орнына конституциялық билік қисындамасын ұсынды. Локк билік иесі монарх емес, халық деп таныды. Сондықтан үкіметтің өкілеттіктерін жеке адамның табиғи құқықтарына – өміріне, бостандығына, дүние-мүлкіне қиянат келтірмейтіндей қып шектеуді жақтады. Ағылшын парламенттік жүйесін дәріптеп, абсолютизмге қарсы шыққан Монтескье билікті бір қол мен бір ұйымға шоғырландырмай, заң шығарушы, атқарушы, соттық билік деп жіктеп, олардың бір-біріне әлімжеттік жасай алмауына қажетті шектеулер мен қарсы әрекеттер жүйесін жасақтады. Сөйтіп, XVIII ғасырда АҚШ конституциясы, Француз революциясы, ағылшын парламентаризмі нәтижесінде республикалық үрдіс кең етек жая бастады. Ол “әлеумет істері” деп аты айтып тұрғандай, монархия мен ата жолы қисынын мансұқтап, қоғамдық ықпал билігіне күш салды. Ол үрдістің тұсында жоғары билік белгілі бір мерзімге сайланған органның қолында болды. Ол көбіне бүкіл қоғамның ортақ мүдделерін қорғады. Бұл кейде жеке азаматтардың өміріне қол сұғушылыққа жол берді. Сондықтан жеке адам мүддесін қорғау үлкен маңыз ала бастады. Бұдан либерализм туындады. Сөйтіп, қоғамда жеке мүдде мен ортақ мүддені үйлестіру жүйесі керек болды. Демократия содан өріс алды. Жеке мүддені біржақты желеулетуден партикуляризм, ортақ мүддені үстем қоюдан универсализм шықты. Демократия екеуінің тепе-теңдігін сақтауды көздеді. 
            Солай бола тұрса да, дүниедегі билік біркелкілене қоймады. Монархиялық және республикалық, парламенттік және президенттік, унитарлық және федеративтік мемлекет типтері қатар өмір сүріп жатты. XX ғасырда мемлекеттік жүйе, негізінен, демократиялық және тоталитарлық тараптарға жіктеледі. XXI ғасырға тоталитаризм күйреп, демократия айта қаларлық жеңіске жетіп, үлкен үмітпен аттап отырмыз. Бір кезде Ф.Фукуяма айтқан бүкіл әлем бір үрдіске көшетін “тарих соңы” орнай қойған жоқ. Тоталитаризм күйрегенмен, авторитаризм қаупі әлі зор. Демократия айқын жеңіске жеткенімен, ол жайындағы көзқарастар әлі ала-құла. 
            – Сонда бүгінгі дүниенің тіршілік кернеуін асқындатып тұрған саяси бағыттардың басты сипаттары қандай? 
            – Тоталитаризм күйреді дегенімізбен, жарастықты дүниенің әлі орнамай жатуына оның ықпалының әлі күшті екендігі бірден-бір себеп болып отыр. Оның басты алты сипатын К.Фридрих пен З.Бжезинский 1963 жылы анықтап берді. Олар: ресми идеология, өктемшіл көсемі бар бір партиялық жүйе, террор немесе әңгіртаяқ ойнатуға құмар “полицейлік мемлекет”, бұқаралық ақпарат құралдарына мемлекеттік монополия, қарулануға мемлекеттік монополия, экономикалық өмірге түгелдей мемлекеттік бақылау орнату. Қысқасы, ондай саяси үрдіс тұсында азаматтар мен азаматтық қоғам билікке еш ықпал ете алмайды. Ал автократиялық және авторитарлы үрдістер – бұдан гөрі әлсіздеу режимдер. Бірақ, олар да билікті тек өз қолында ұстап, қалың бұқараны саясаттан аулақтатуды көздейді. Ал осы заманғы либералды демократия дегеніміз – үкіметтің өкілеттіктері мейлінше шектеліп, қоғамның саясатқа ықпалын мейлінше күшейте түсетін билік жүйесі. Оның либералдық болып табылатыны адамдардың өмірі мен бостандығы басты құндылықтар болып саналып, азаматтар өміріне мемлекеттің орынсыз қол сұғуына жол берілмейді. Мұндай режимнің басты сипатына: формалды негізде конституциялық жолмен түзілген мемлекеттік басқару жүйесі, жеке тұлғалардың құқықтары мен азаматтық бостандығына кепілдік беру, биліктің бөлінуі, олардың арақатынасының заңды түрде жүйеленуі, “бір адам – бір дауыс” қағидасымен жүйелі түрде сайлау өткізу, партиялардың бәсекешіл қарым-қатынасы, саяси плюрализм, нарық қатынастарына негізделген жекеменшікті кәсіпкер экономика жатады. Оның ойдағыдай қызмет істеп кетуі үшін билік бір кісінің де, көпшіліктің де қолында шоғырланбай, көпшілік сайлаған өкілдердің қолында болуы керек. Сондықтан да мұндай демократия полиархия (көп адамның билігі) немесе өкілдік демократия деп аталады. Бұл жағынан ол ежелгі Афинның тікелей демократиясына да, кейінгі замандардың әр депутат өзін сайлаған электораттың, округтің немесе партияның сөзін сөйлейтін тікелей демократиясына да ұқсамайды. Бүкіл қоғам мен халықтың мүддесін көздеп, өз пікірін ортаға салуға халықтан мандат алған легитимді өкілдердің демократиясы болып табылады. Оның басты сипаттарына 1989 жылы Р.Дальдің айтуынша: үкіметтің сайланған шенеуніктерден тұруы, ашық және еркін сайлау, кәмелет жасына жеткендердің түгел дауыс беруі, мемлекеттің лауазымды орындарына сайлануға шек қоймаушылық, билікті сынау мен қарсылық білдіруге құқ пен бостандық беру, азаматтардың тәуелсіз ақпарат көздеріне қол жеткізе алуы, топтар мен қауымдастықтардың үкіметтен толық болмағанымен, шартты түрде тәуелсіз бола алуы жатады. 
            – Бүгінгі таңда бұл қағидалар әлемдік ауқымда қалай жүзеге асып жатыр? 
            – Әр тарапта әрқилы. Америкалық ғалым, профессор Дж.Стурдың айтуынша, демократия – мұрат, әрине, демократиялық басқарудың барлық талабына түгел жауап бере алатын ұлттар мен мемлекеттер табыла қоюы қиын, бірақ ол талаптардың көпшілігіне жауап бере алатындай үкіметтер табылады деп айтуға болатын сияқты. Мәселен, демократияланудың алғашқы екі толқынын бастан кешкен батыс мемлекеттерінде толық болмағанымен, толыққа жуық жүзеге асады. Олай дейтініміз, бұл тараптың өзі саяси полиархияны жүзеге асыру бағыты бойынша бірнеше салаға бөлінеді. Лиспхарт бұл жүйені мажоритарлы және консенсустық (мәмілелі) деп екіге жіктейді. Мажоритарлы үлгіге Ұлыбритания, Жаңа Зеландия, Австралия, Канада, Израиль және Үндістан жатқызылады. Олардың басты сипаты: бірпартиялы үкімет, заң шығарушы, атқарушы, соттық билік арасында жартылай билік бөлісу, жалғыз  палаталы немесе жоғарғы палатаның өкілеттілігі шектелген парламент, жай көпшілік дауыспен сайланатын бір мандатты округтер жүйесі, орталықтандырылған және унитарлы үкімет, парламенттік егемендікке негізделген жазылмаған немесе жартылай жинақталған (кодификацияланған) конституция болып табылады. 
            Ал консенсустық немесе келісімді демократияны Еуропаның құрлықтық мемлекеттері құрайды. Оның негізгі айырмашылықтары коалициялық (аралас) үкімет, атқарушы және заң шығарушы биліктерінің өзара өкілет бөлісуі, тең құқылы қоспалаталы парламент, көппартиялы жүйе, пропорциалды өкілдік, федерализм немесе жергілікті жерлерге көп мөлшерде өкілет беру, жазба конституциядан тұрады. Ал АҚШ атымен өзгеше демократия болып саналады. Оған оны құрған тұрғындардың әзелгі әлеуметтік құрамдарының біркелкілігі мен әу бастан таптық, этностық жіктелістерді мойындамағандары себепші болса керек. Сонымен, Эндрю Хейвудтың сараптауынша, мажоритарлы үрдісте атқарушы билікті парламент құрады және ол парламентке ғана есеп береді. Келіспелі демократия билік бөлісуге, партиялар мен саяси топтардың тығыз ықпалдастығына негізделеді. Ал АҚШ үрдісі көп жағдайда басқа мемлекеттердің бәр-бәрінің үрдісімен сәйкесе бермейді. Батыс полиархиясының осы үш үлгісінің өзін саясат теорияшылары “деформацияланған полиархия” немесе бастапқы қалпынан айныған полиархия деп санайды. Өйткені, демократия өзгеріс үстінде болмай, қатып калған қағидаға айналып кетсе, демократия бола алмас еді. 
            – Сіз жаңа тікелей демократияның заманы өтті, өкілдік демократияның заманы туды дейтін ойдың ұштығын шығардыңыз. 
            – Иә, тек ежелгі афиндықтар ғана емес, күні кеше Ресейге бодан болғанға дейін жылына екі рет бес қаруын беліне аса алатын кәмелет жасындағы еркектерді түгел жинап, құрылтай құрып жүрген біздің бабаларымыз да тікелей демократияны жақсы білген. Бүкілхалықтық маңызы бар мәселелерді сол құрылтайда баршаның түгел қатысуымен шешкен. Сондай-ақ, ежелгі гректер көсемдердің – басилейлердің билігін шектеу үшін 9 кісіні сайланбалы билікші архонт қылып қалап, алқа, кейін ондай 500 таңдаулы адамдардан үлкен ареопаг – ақсақалдар кеңесін құрғанын, олар бүкілхалықтық жиналыс – эклексия шақырылғанға дейін ағымдағы мәселелерді көп болып кеңесу жолымен шешкенін білеміз. Эклексияға мәселелерді ареопаг әзірлесе, ареопагке мәселелерді 50 кісіден тұратын коллегия әзірледі. Бұл біздегі құрылтай шақырылғанға дейінгі ағымдағы мәселелерді барлық рубасыларды жинайтын тұрымтайда, немесе тек тайпабасыларын жинайтын 40 кісілік хан кеңесінде шешетін үрдісті еске салады. Демек, саяси шешім қабылдауды тікелей көп немесе көптің қалаған арнайы өкілдерін жинап, ақылдасып шешу ежелден бар дәстүр. Ендеше, тікелей демократияның да, өкілді демократияның да архетиптері тым әріде жатыр. Тікелей демократияның түбінде өкілдік демократияға ауысатыны сол заманда-ақ анық болған. Мәселен, әу баста Солон үрдіске енгізген, кейін “Геракль демократиясы” тұсында үстемдік құрған халық жиналысына Платон сын көзімен қарады. Ол бұқара билік жүргізердей ақылға да, тәжірибеге де ие емес, сондықтан билік философ-патшалардың қолына көшуі керек деді. Оның шәкірті Аристотель тек жаршының дауысы түгел жететіндей аумақта ғана тәртіп орнатуға болатынын, ал жиналған халық одан асып кеткен жерде берекелі тәртіп болмайтындығын ескерткен-ді. Бір қаладағы жағдайдың өзі сондай болғанда, осы заманғы мемлекеттердегі жағдай қандай болмақшы?! Күллі қоғам тағдырын шешетін мәселелерді бүкіл халық болып ақылдасу үшін сол халықтың сенген өкілдерін жинап ақылдасудан басқа жол қалмайды. Алайда, сайлаушылардың өздері қалаған өкілге тек біздің ойымызды ғана айтып, біздің мүддемізді ғана көзде деуі баяғы тікелей демократияның әсері болып табылады. Шын мәнінде, халық бүкіл қоғамның мүддесін ойлап, сол арқылы, өз сайлаушыларының да мүддесін қанағаттандыратындай шешім қабылдауына ықпал ете алатындай салиқалы саясатшыларға мандат беруі керек. Бірақ, өзі саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарап тұрмауы керек. Мұндай өкілдік демократиясы, бір жағынан, жергілікті мүдделердің ескерілуін қамтамасыз етсе, екінші жағынан, қай мәселенің де бүкіл қоғам мүддесі тұрғысынан шешілуін қамтамасыз етеді. Бірақ, өкілдік демократиясы қисыны да әр заманда әртүрлі сынға ұшырап келеді. Бастапқы кезде демократия саяси шешім қабылдауға көпшіліктің қатынаса алуын көздесе, кейіннен адамдардың жеке өміріне биліктің араласпауына, келе-келе коғамның ойдағыдай дамуына қызмет етуге тиісті болды. Ол үшін Руссо қайтадан тікелей демократияға көшуді ұсынса, Джон Стюарт Миль саяси шешім қабылдауда біліктіліктің басты маңызға ие екендігін ескеріп, тиісті білімі жоқ өкілге бір, білікті өкілге екі, ал оқымысты өкілге бес не алты дауыс беруді ұсынды. Бұл арада Миль тек біліктілікті арттырумен қоса Алексис де Токвиль айтқан «көпшілік озбырлығын (тираниясын)» алдын ала көріп біліп, оған жол бермеудің амалын қарастырды. Миль демократизм сапасын тек қаншалықты көп дауыс жинағандығымен емес, мәселенің қаншалықты тыңғылықты талқыланғанымен анықтап, кеңеспелі демократия кағидасын кіріктірді. Марксизм демократияның ондай сапалық дамуын таптық тар ауқымға тықпалап, әуелі “пролетарлық демократия”, кейін “халықтық демократия” деген ұғымдарды шығарды. Сөйтіп, демократияны көпшілік дауыспен шешім қабылдау ауқымымен ғана шектеуге тырысты. Коммунистік партия – бірден бір пікір айтып, ұсыныс жасаушы, ал бүкіл халық қол көтеріп, дауыс беретін бірөңкей сайлаушыға айналды. Мұндай жүйені өз мақсатына пайдаланған билікші топты кейбір саясатшылар демократия демей, демократура дейді. Расында да кешегі “социалистік демократия” деп жүргеніміз дәл осындай демократура, немесе өңін айналдырған диктатура еді. Ал қазіргі демократиялану көпшілікті қуыршаққа айналдыруға жол бермейтін либералдық демократияға көшуді көздейді. Сайлауда адамдардың тең құқықтылығы сақталады. Ондай азаматтардың тікелей және өз еркімен сайлауында жеңіске жеткендер өз пікірлерін ашық айтып, өзгелердің де сондай ашық айтылған пікірлеріне сондай төзімділік көрсетіп, жарыспалы негізде жан-жақты талқылап барып, еркін дауыс беруде жеңіп шыққан шешімдерге заң күші беріледі. Мемлекет пен азаматтық қоғамның аражігі айқын сараланады. Өз философиялық ұстанымдары мен саяси-әлеуметтік бағдарламалары бар қозғалыстар мен партияларға мемлекет те, қоғам да қысым көрсетпейді. Қоғам нарық қағидалары бойынша ұйымдасқан тәуелсіз әлеуметтік топтардан түзіледі. Мұндай қоғамдағы жарастық пен орнықтылық пікір алуандығын қолдайтын плюрализм мен пікірінің өзгешелігіне бола қудалауға жол бермейтін толеранттылық арқылы қамтамасыз етіледі. 
            Либералдық демократияны ойдағыдай жүзеге асыруда және оны сақтап қалуда біреулер парламенттік жүйе, біреулер президенттік жүйе қолайлы дейді... 
            – Иә, бұл тек қазір туып отырмаған, баяғыдан бар талас. Парламенттік жүйенің түп бастауы XIII ғасырда құрылған Ұлыбританияның “Вестминстерлік парламентінен” өрбіп жатыр. XIV ғасырда нояндар мен буржуадан тұратын қауымдастық палатасы, ақсүйектер мен дінбасылардан тұратын лордтар палатасы пайда болды. 1688 жылғы революция парламент билігін корольдің билігінен үстем етті. Ал үкіметтің парламентке есеп беруі XIX ғасырға дейінгі уақыт аралығында біртіндеп жүзеге асты. Мұндай жүйе Германия, Швеция, Үндістан, Жапония, Жаңа Зеландия, Австралияда бар. Оларда заң шығарушы билік пен атқарушы билік қосылып кеткен. Өйткені, үкімет парламент мүшелерінен құрылады, парламентке есеп береді. Шын мәнінде де, парламент қолындағы үкімет болып табылады. Алайда, бұл жүйедегі елдерде көп дауыс алған партия парламентте де үстемдік құрып, үкіметті өз мүшелерінен сайлайтындықтан парламент те белгілі мөлшерде үкіметке тәуелді болып қалады. Сондықтан да, лорд Хэйлшем ондай үкіметті “сайланбалы диктатура” деп атады. Мұндай күшті үкімет тұсында парламент үкіметтің сөзін сөйлеумен, ал парламент мүшесі өз электоратының тапсырмаларын орындау жолындағы лоббизммен шұғылданады екен. Бұл жүйе қатаң қоспартиялылық бар жерде ғана күшті үкіметке ие болып, ал көппартиялық жағдайында ондай мүмкіндіктен айырылып қалады екен. IV республика тұсында Францияда 12 жылда 25 үкімет, ал Италияда 1945 жыл мен 2001 жыл аралығында 59 үкімет ауысыпты. 
            Ұлыбританиядан бөлініп шыққан Солтүстік Америка бұрынғы Отанынан 100 жыл кейін конституция қабылдап, президенттік жүйені дүниеге әкелді. Бұл жүйеде атқарушы билік пен заң шығарушы билік атымен екі бөлек. Өйткені президентті де, парламентті де тікелей дауыс беру жолымен халық сайлайды. Билік бөлісу толық күйінде жүзеге асады. Биліктің қай тармағы да өз міндетін ойдағыдай атқаруға әбден жеткілікті, бірақ қалған билік тармақтарына үстемдік етуге жетпейтін өкілеттікке ие болады. АҚШ-та Президент, Конгресс, Жоғарғы Сот бір-біріне тәуелсіз. Бірақ, бірінің қызметін бірі шектеп, сол арқылы тиранияға жол бермейді. Мәселен, Конгресс заң қабылдаса, оны Президент вето қойып, тоқтатып қоя алады, бірақ Конгресс ол ветоны көпшілік дауыспен еңсере алады. Сондай-ақ, Президент үкіметтің жоғарғы басшылығы мен Жоғарғы Сот мүшелерін тағайындайды. Мұндай жүйені Латын Америкасы елдері түгел қабылдаған. Ал Францияның V республика тұсындағы жүйесі жартылай президенттік жүйе болып табылады. Мұнда үкіметті Ұлттық жиналыс өз мүшелерінен құрады және одан өзі есеп алады. Ал Президент сондай басқалар құрып берген үкіметпен бірге атқарушы билікті жүзеге асырады. Президенттік биліктің артықшылығы билік бөлісу қағидасын толықтай жүзеге асыратыны болса, қиыншылығы да содан туындайды. Мәселен, АҚШ-та Ақ үй мен Капитолий арасында өзара бәсеке мен өзара сын ешқашан толас тауып көрген емес. Бірақ, бұл шынайы демократия кепілі болып табылады. 
            Қысқасы, екі жүйенің де өз “минустары” мен өз “плюстері” бар. Демократияны баянды етуде Х.Линц президенттік жүйеден гөрі парламенттік жүйені қолай көрсе, М.Шугарт пен Дж.Кэри президенттік жүйеге басымдық береді. Біреулер парламенттік жүйеде үкімет дағдарысы мен саяси орнықсыздықтан, президенттік жүйеде авторитаризм қаупінен секем алады. Алайда саясат теорияшылары міндет бөлісу тыңғылықты жүйеленіп, парламент пен президент арасындағы өкілеттілік тепе-теңдігі сақталып, конституционализм мұқият қадағаланған жерде қай үрдіс те өзін-өзі ақтайды деп санайды. Бар гәп демократиялануды ойдағыдай жүзеге асырып, демократиялық институттарды ойдағыдай қызмет еткізе білуде дейді. 
            Бүгінгі қоғамда демократия тағдырын шешетін атқарушы билік пен өкілетті биліктің арасындағы міндет бөлісуді саралай келіп, оның бес түрін атап көрсетеді. Олар: президенттік үрдіс (жоғары лауазым иесін бүкіл халық сайлайды; ол кабинет құрамын өзі анықтайды; заңдық нормалар белгілеуде көп өкілеттікке ие); президенттік-парламенттік үрдіс (мұнда да жоғары лауазым иесін халық сайлайды. Заңдық нормалар белгілейтін өкілдігі бар; кабинет мүшелерін бүтіндей не жартылай ассамблея келісімін алып, өзі белгілейді; кабинетке сенімсіздік білдірген жағдайда ассамблеяны таратып жіберуге құқылы); премьер-президенттік (бірінші басшыны халық сайлайды, заңдық нормалар шығаруға құқылы; кабинет ассамблея алдында есеп береді); парламенттік (бірінші басшының, қандай жолмен тағайындалса да, өкілеттігі шектеулі, кабинет ассамблеяға есеп береді). 
            Осы заманғы атқарушы биліктің осындай бес үлгісінен әр ел өз жағдайына лайықтысын таңдап алады. Таңдап алынған үлгі мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде сақталынады. Ал өкілетті билікті ассамблея деп атаған Шугарт пен Кэри оның да бес түрлі үлгісі барын айтады. Үстем ассамблея кабинетке тәуелсіз және оны қатаң қадағалайды. Дербес ассамблея тиісті заңдық нормалар қабылдайды, бірақ кабинетті қуа алмайды. Дербестігі шектеулі ассамблея басым дауыспен кабинет жұмысын қадағалай алады. Бағынышты ассамблея атқарушы билікке жарым-жартылай бағынады, бірақ оның қызметін қадағалай алмайды. Толығымен бағынышты ассамблея түгелімен кабинеттің уысында. 
            – Баспасөз бетінде парламенттің неше палатадан тұруы да демократия сапасына өз ықпалын тигізеді деген пікірлер айтылып қалады. 
            – Иә, бұл мәселенің талас тудырып жүргені рас. Тарихта бір кезеңдерде бірпалаталы, бір кезеңдерде қоспалаталы парламент үрдіске енген. Парламенттің арғы түбінде ежелгі бүкілхалықтық жиналыстар жатқаны рас. Бірақ, кейін феодалдану тұсында вассалдық негізде тайпалар қосылып, әуелі одақ, кейін біртұтас мемлекет құрады. Соған негіз болған ұлыстардың көсемдері билікшінің қасында кеңес құрды. Кейін ол мемлекеттік кеңес деп аталып, оған ұлыс басшыларынан басқа да адамдар кіретін болды. Мәселен, Британияда рыцарлар мен буржуаның ықпалы күшейіп, қауым (община) палатасын дүниеге әкелді. Еуропаның кейбір елдерінде үш, төрт, бес палаталы парламенттер солай пайда болды. Кейін көппалаталылық қоспалаталылықпен ауысты. Ол бұрынғыдай мемлекеттің федеративтік, конфедеративтік, унитарлық сипатына, қоғамның таптық сипатына қарамайтын болды. Негізінен Монтескье айтқан билік бөлісу қағидасының тек үкімет, парламент, сот арасында ғана емес, олардың әрқайсысының өз ішінде де үрдіске ене бастауына байланысты еді. XX ғасырдың соңында қоспалаталы парламентті елдер саны 45-тен 67-ге жетті. Оның жиырма төрті федеративті, қырық үші унитарлы елде. Ал парламенттері бір палатадан тұратын 87 елдің бірқатары демократияны мойындамайтын елдер, алпыс екісі үшінші дүниеге жататын елдер. Ірі елдерден Қытай, Индонезия, Оңтүстік Корея, Түркия мен Украина бар. Дамыған елдер мен дамушы елдердің көпшілігі қоспалаталы парламентке ие. Заң шығарушы жиналыс тікелей дауыс беру жолымен, ал Сенат жанама дауыс беру жолымен сайланады. Бұл көп сегментті қоғамдағы аз топтар мен аймақтардың өкілеттілігін және қабылданатын заңның тыңғылықты пысықталуын қамтамасыз етеді. Қоспалаталы парламент өкілдік демократиясының көрінісі болып есептелген, бірпалаталы парламент көбіне диктатуралық сипатқа тән тікелей демократияның көрінісі болып табылады. Мәселен, француз революциясы мен Гитлер үстемдігі тұсында жоғарғы палатадан айырылған Франция мен Германия кейін қоспалаталы үрдіске қайтып оралды. Демократия теорияшыларының айтуынша, қоспалаталы парламент “бір палатаның үстемдігінен құтқарады” (Монтескье), “Мемлекеттің кемесі қос зәкірлі (якорлы) кемедей орнықты жүзеді” (Бентам), “бір жиналыстың үстемдігі де бір кісінің үстемдігіндей сыңарезулікке ұрындырады” (Дж.Миль), “қоспалаталы парламент “шектен шығушылыққа” жол бермей, қоғамның өзін-өзі төңкеріп алмауына көмектеседі” (Мэдиссон, Гамильтон). 
            Алайда, өмір көрсетіп отырғандай, демократияның мүлтіксіз қызмет істеуі үшін тек билік институттарын құрып, олардың арасындағы міндет бөлісумен шектеліп қалмай, азаматтық қоғам институттары мен саяси партиялардың сындарлы белсенділігін арттырып, азаматтардың саяси мәдениетін көтеру ерекше маңызға ие. 
            – Бұл ретте де көпшілік көңілінде көп күмән бар. Біреулер “болды да партия, ел іші жарылды” деген Абай сөзін еске алса, екіншілері аттары партия болғанымен, көпшілігінің үкіметке де, қоғамға да ықпалы шамалы деседі... 
            – Бұл да – демократияның балаңдығынан болып жатқан жағдайлар. Алайда жағдай осындай екен деп, саяси биліктің демократиялық жүйесінен қалай бас тарта алмайтын болсақ, көппартиялықтан да солай бас тарта алмаймыз. Демократияға көшкен елдердің көпшілігі көппартиялықтан бастаған. Бір кездегі Францияда да осылай болған. Соғыстан  кейінгі Германияда да осылай болған. Үшінші толқын елдердің көпшілігінде де жағдай әзір осылай. Өйткені, көппартиялық жоқ жерде шын мәніндегі саяси плюрализм де болмайды. Рас, Британия мен АҚШ-та қоспартиялық көптен жемісті қызмет істеп келеді. Пікір алуандығын да қамтамасыз етіп келеді. Бірақ, ол елдердегі қоспалаталық өткір саяси күрес арқылы қалыптасқан-ды. XVII ғасырдағы саяси революция жаңадан күшейген таптардың үстемдігін орнатып, монархия билігін дәрменсіздендірді. Аристократия бірінші болып, ескі үрдіс пен жаңа үрдістің арасындағы шиеленістің бейбіт шешілуіне септігін тигізді. Жоғарғы палата мемлекеттің тиянақтылығын көздейтін республикалық мұраттарды ұстанса, төменгі палата жеке адамдар мен бұқараның мүддесін көздейтін либералдық мұраттарды көбірек қаузайды. Ал АҚШ-тағы қоспартиялық та әу баста көп жылдарға созылған азамат соғысы нәтижесінде пайда болды. Ол соғыс конфедералистер мен федералистер арасында тұтанған-ды. Өндіріс пен саудаға бейімделген теріскей штаттар адамдардың бостандығы мен құқықтарын жоғары қойса, ауыл шаруашылығына бейімделіп, мақта, темекі, жүгері плантацияларын көбейткен оңтүстік штаттар құл еңбегін пайдаланудан бас тартпады. Оларда бір орталыққа бағынудан гөрі децентралистік әуендер күштірек болды. Кейін соғыс бітіп, екі жақ бітімге келген соң да, екі алуан көңіл-күй сақталып қалды. Республикалық партия атына лайық жалпы мемлекеттік ұстанымдарды, ал демократиялық партия, ол да атына лайық, бұқаралық-әлеуметтік ұстанымдарды көбірек күйттейді. Олардың арасындағы қағидалық тартыстар ешқашан тоқтап көрген емес. Сондықтан біріне-бірі, шын мәніндегі, оппозиция болудан тыйылған емес. Дж.Тарбердің айтуынша, республикалық партия көбіне көп Ақ үйде, ал демократтар Конгресте үстемдік құрып келеді. 
            Осыған қарап, көптеген елдер қоспартиялық жүйеге көшуге ықылас танытады. Алайда, ол ұзақ жылдарғы күрес барысында сұрыпталудан өтсе ғана, демократияшыл бәсекелестікті сақтай алады. Ал әп дегеннен асығыс жасалған қоспартиялық жасанды сипатынан айырыла алмай, олигопиялық ауыз жаласу жүйесіне айналып кетуі мүмкін. Көптеген Еуропа елдерінің қалыптасқан қоспартиялыққа әлі толықтай көше алмай жүргендігін тек осымен түсіндіруге болады. Ал шынайы оппозициялық бәсекелестігі жоқ қоспартиялықтың бір партиялықтан айырмасы шамалы. Бір партиялық мемлекеттік жүйе әлемде әлі де болса сақталып қалып отыр. Африканың көп елдері, шын мәнінде, бірпартиялық мемлекеттер болып табылады. Ондай саяси бәсекеге жол берілмейтін қоғамдарды демократияға жатқызу мүмкін емес. «Ванханеннің индекстеуі» бойынша, сайлау нәтижесінде 70 пайыздан астам дауыс жиналған жерде бәсекелестік болмайды. Бәсекелестік демократия жай нормаларды бір партияның күшімен де қамтамасыз етуге болатын жай көпшілік дауыспен, ал конституциялық нормаларды басқа партиялармен ықпалдасу арқылы ғана жүзеге асыра алатындай басым көпшілік дауыспен ала алатын жерде ғана жүзеге аса алады. 
            Мұндай демократияға жетісу үшін тек саяси партиялардың ғана белсенділігі емес, әрбір дауыс беретін жастағы азаматтың демократия табиғатын жете білуге деген, демократиялық процестерге белсене араласуға деген айрықша құлықтылығы керек. Соған жетісе алған жағдайда ғана демократиялану барша мұратына жетпек. 
            – Сонда демократиялану процесі қанша сатыдан тұрады? 
            – Егер жоғарыда келтірілген Т.Карл мен Ф.Шмиттер тұжырымдарына ден қойсақ, кешегі кеңестік кеңістік елдері де тоталитаризмнің іріп-шіруі мен құлауын, үрдістік либералдану, институттық демократиялану кезеңдерін бастан кешті. Қазір әлі ынтымақтаса қоймаған демократия кезеңін бастан кешіп жатыр. Қалғаны – демократиялық ынтымақтасуды жүзеге асыру. Э.Хэйвудтің үш бунақты мерзімдемесіне жүгінсек, екінші жаңа демократиялық, либералдық құрылымдарды халықаралық стандарттарға сәйкестендіруді тез арада аяқтап, үшінші кезеңге – осы институттар мен құрылымдарды элитаның да, бұқараның да санасында ендігі жерде ешкім құрта алмайтындай қылып орнықтыру қалып тұр. Ендеше, аузымызды қу шөппен сүрте бермей, өзімізге өзіміз мәз болмай да, жетістік-кемістігімізді бірдей таразылап, екеуінен де келешегімізге керек қорытынды шығарғанымыз керек сияқты.  Бұл арада осы заманғы транзитологияның талдауларына тиісті назар аударғанымыз жөн болар еді. 
            – Сонда олар қандай жол ұсынады? 
            – Кешегі кеңестік кеңістіктегі жағдайды қалыптасқан калпында қалдырмаудың әрқилы жолы барын айтады. Негізінен оларды үш бағытқа бөлуге болатындай. Біріншісі – қолданыстағы электораттық заңнамаларды осы заманғы бәсекешіл демократияның талаптарына лайықтап, формалды билік институттарының толыққанды қызметін қамтамасыз ету (М.Макфол, 1999). Екіншісі – уақытша бәсекешіл емес саяси жүйеге көшіп, билікті орталықтандыру мен монополияландыру арқылы әлсіреп кеткен мемлекеттілікті қайтадан қалпына келтіріп, соның пәрменімен формалды институттарды нығайту (Волков, 1998). Үшіншісі – баяғы қайта құру кезеңіндегідей, қалыптасып отырған саяси жүйеге ұпайы кеткендер (аутсайдерлер) мен бұқаралық акторларды (күштерді) жұмылдыра отырып, ішкі қайшылықтар мен тартыстарды одан әрмен өткірлендіріп, ұдайы қысым көрсетіп, формалды әрекет жүйесіне көшуге күштеп мәжбүрлеу. (Солник, 1999, Бри, 2000). Қысқасы, өтпелі кезең қалыптастырған будан режимнің бұл қалпында сақталып қалуына жол бермеу. 
            Өзіңіз байқап және өмір қайта-кайта есімізге түсіріп, көз алдымызға келтіріп отырғандай, бұл ұсыныстардың қай-қайсысының да ойландырарлықтай ояз тұстары баршылық. Әсіресе, уақытша бәсекешіл емес режимге көше тұрып, формалды институттарды бір ғана мемлекеттік пәрменділік арқылы нығайту кешегіге қайтып оралу қаупін күшейтпесе, азайтпайтыны айтпаса да түсінікті шығар. Дж.Стур жуырда тағы да еске салғандай, “егер демократпыз деп жүрген адамдар авторитарлық үрдістің объективті қажеттілігін бар деп мойындай бастаса, онда демократия өлім аузында тұр деп ойлаңыз” (Дж.Стур, 2003) Ал ішкі тартыстар мен қайшылықтарды асқындыра түсу арқылы билікті формалды үрдістерге көшуге күштеп көндірудің де әлгінде ғана айтылған өкінішті нәтижеге ұрындырмайтынына, ілгері басамыз деп жүріп, кері кетіп, әлеуметтік алауыздықты асқындырып, қоғамдық орнықсыздықты күшейтіп, істі насырға шаптырып жібермейтініне кепілдік қайсы? Тарихтағы талай ойсыраушылық осындай артық қылам деп жүріп, тыртық қылып алатын әупірімдіктен туындаған жоқ па еді?! Бұл, әсіресе, егемендікке қолы енді жетіп отырған халықтарға, оның ішінде әлеуметтік жағынан да, этностық жағынан да көп сегментті қоғамдарға айрықша қатерлі. Олар “тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлағынан айырылыпты” дейтіннің кебін киіп жүруі де ғажап емес. Жалпы жоғары саяси мәдениет билікке де, оппозицияға да бірдей керек екендігін өмір көрсетіп отыр. Бір-бірінен ақыл асырып ықпал етуден гөрі, күш асырып ықпал етуге жүгінушілік мемлекет тағдырын да, халық қамын да ойлағандық болмаса керек. 
            Сонда пәлен уақыттан бері жүріп келе жатқан демократиялану процесін жан-жақты сараптап, тыңғылықты бағамдап, мұқият жалғастырудан басқа жол қалмайды. Ол процеске жаңа қарқын бітіріп, қоғамдағы саяси үрдісті аралық, будан қалпында қалдырып қоймай, толыққанды демократиялық ынтымақтасуға қол жеткізуді көздеуіміз керек. Алайда кешегі кеңестік кеңістіктерде бұған жетісудің де әрқилы сценарийлері айтылуда. Көбіне-көп “будан режимдерді демонтаждаудың” кейінгі Грузия, Украина, Қырғызстандағы тәжірибелеріне сілтеме көп жасалуда. Мәселен, Т.Карозерс (2002) будан режимдерді “өкімет басымдығы бар” үрдістегі және “болбыр плюрализм” үрдісіндегі елдер деп екіге бөледі. В.Гельман бірінші топқа Ресей, Беларусь, Әзірбайжан, Қазақстанды жатқызады да, қалғандарын “болбыр плюрализм” санатына қосады. Ол “өкіметтің басымдығы бар” елдер Грузия, Украина, Қырғызстан оқиғаларынан “өздерінше қорытынды шығарып”, БАҚ-тағы пікір алуандығын шектеп, оппоненттерді масқаралап, “жоғарыдан басқарылатын” тілалғыш “оппозициялар” ұйымдастырып, “үшінші” сектордың” шеттен қаржылық және басқалай көмек алуын тыйып, “қызыл жалқын революцияларға” біраз уақытқа дейін жол бермеулері ықтимал дейді. Алайда, Шығыс Еуропа елдерінің тәжірибесіне, араға он бес жыл салып барып көшкен Украина сияқты қалған ТМД елдері де, ерте ме, кеш пе, бәрібір Украина жолына келеді ғой деп болжамдайды. Сонда Ресей мен көршілері Украинадағы сияқты бейбіт шешім таба ала ма, жоқ, қандай жолмен болса да қолдағы биліктен айырылмауға тырысып, қоғамды тығырыққа апарып тіреп жүре ме деген уайым айтады. 
            Біздіңше, мәселені басқаша қою керек сияқты. Алдымен Х.Линц пен А.Степан кеңес қоғамының тарихын сталиндік тоталитаризм және ол өлгеннен кейінгі посттоталитаризм деп екі кезеңге бөледі. Олардың айтуынша, посттоталитаризм кезеңінде қоғамның сыртқы қалпы бұрынғысынша сақталынған сияқты болғанымен, іштей көп өзгерді, кей қағидалар бойынша тіпті қарама қарсы бағытқа бетбұрыстар жасалды. Соның ең бастысы – қоғамда, әсіресе, партноменклатурада жеке өмір мен жеке мүддеге көп мән беріле бастағаны. Астыртын түрде клиентелизм мен коррупцияның асқындауы әсіресе, Л.Брежнев тұсында өршіп кетті. Ол өлгеннен кейінгі процестерге де, негізінен, осы жағдай себепші болды. Жеке мүддені көп күйттейтін партикуляристік номенклатура біртіндеп басым түсіп, одақ құлап, тәуелсіз мемлекеттер пайда болғанда түпкілікті үстемдікке жетті. Олар өздерін билікке әкелген демократия жолынан айнып қалған жоқ. Бірақ, бұл партикуляристік демократия болды. Демократиялану процесі калың қоғамды түгел қамти алмай, мүдделі топтар арасында өрістеді. Игілік бөлісудегі кикілжіңдер билікке таласқа ұласты. Элита екі жарылды. Билік төңірегінен басталған оппозиция өтпелі кезеңде өз бетімен туындаған бұқаралық оппозициядан өктемірек қимылдап, оны өзіне ертіп әкетті. Элиталық партикуляризм бұқаралық эгалитаризммен одақтасты. Сөйтіп, билікке талас қоғамда қордаланып қалған әлеуметтік күйзелістер мен этностық, аймақтық, экологиялық келеңсіздіктерді өз қаруларына айналдырды. Сондықтан да Грузияда да, Украинада да, Қырғызстанда да бастапқы кездегі билікші элитаның қос қанаты бір-бірімен орын алмастырды. Бұл арқылы будан режим біржолата жойыла ма, жоқ тек орындаушыларын өзгертіп, одан әрі де бұрынғысынша жалғаса ма – оны өмір көрсетеді. Ендеше, мәселе билікшілердің өзгеруінде емес, билікші үрдістің өзгеруінде болуы керек. Өтпелі кезеңде өктемдік құрып қалған партикуляристік демократия жоғарыда айтылған либералдық демократиямен алмаса ма, жоқ па — будан режимнің жоғалуы мен шынайы диктатураның орнығуын, түптеп келгенде, сол шешеді. Ал ол екі жарылып, бет жыртысумен де, бір-біріне күш көрсетумен де жүзеге аса салмайды. Көп ізденісті, көп болып атсалысар тыңғылықты жұмысты талап етеді. Ең дұрысы, бүгінгі “будандық” ахуалдан тезірек арылып, толыққанды демократия институттарының бар қуатымен жұмыс істеуіне жағдай жасау барлық тараптардың да мүддесіне жауап беретіндігін тезірек ұғынып, бүгінгі транзитологияда көп айтылған (Ростоу, 1970, О'Донели, Шмиттер, 1986, Хиглеу, Бурбон, 1989, Гюнтер, 1992, Венигаст, 1997) және демократияға көшкен көп елдің тәжірибесінде өзін-өзі әбден ақтаған билік пен азаматтық қоғам институттарының өзара келісімге келу жолына жүгіну. Мұндай институттың реформаның бастапқы кезінде неге үрдіске ене қоймағандығының себебіне байланысты Т.Карл мен Ф.Шмиттер пікірін жаңа келтірдік. Оның үстіне, аталмыш кезеңде қоғамдағы демократиялануды шындап жақтайтын және терең түсініп қорғайтын көзі қарақты күштер бүгінгіден әлдеқайда аз еді. 
            Ал бүгінгі ахуалға разы күштер де, наразы күштер де, негізінен, демократиядан да, нарық жолынан да бас тартпайды. Тек олардың жүзеге асу барысына біреулері қанағаттанады, біреулері қанағаттанбайды. Шынтуайтқа келгенде, мәселенің бұлай бейбіт және тыңғылықты шешімделуі бүгінгі реформаға байланысты мүдделер жіктелісіне ұшырап отырған тараптардың бәріне де тиімді. Өйткені, өтпелі кезең режимінен орнықты демократияға көшу тек қана бір амал, бір әрекетпен жүзеге аса салмайды. Егер қоғамды Аристотель айтқандай, ақылды патша түзеп беретін болса, деспотия, Солон айтқандай, ақылды адамдар түзететін болса, олигархия, Платон айтқандай, ақылды ереже түзететін болса, тоталитаризм атымен ұшыраспаған болар еді. Өмір көрсетіп отырғандай, ондай келеңсіздіктерден тек бастарына тиіп, жандарына батқан ауыртпалықтардан уақытылы қорытынды шығара алатын ақылды қоғамдар ғана арыла алады екен. Біздіңше, осы заманғы бәсекешілдік жағдайында, тыңғылықты талқыланып, көпшілік дауыспен шешім қабылданып, бірақ жеңіліп қалған азшылыққа әлімжеттік жасалмайтын, мүдделі тараптардың бәрін де ескеретін консенсустық, либералдық процедураларды қалыптастырып, іске қосуға қазіргі билік басындағылар да, биліктен дәметушілер де, бейтарап күштер де бірдей ықыласты болар реттері бар. 
            – Сонда сіз Қазақстанда осы заманғы либералдық демократия орнатуға толық негіз бар деп ойлайсыз ғой? 
            – Солай ойлайтынымның кейбір себебін жоғарыда айтып кеттім. Экономикамызды ойдағыдай дамытуға керекті табиғи ресурстар, белгілі мөлшердегі модернизациялық тәжірибе, қалалық тұрмыс үрдісі, түгелдей сауатты, жеткілікті білімді адам ресурстары бар. Ұлттық менталитетіміздің терең қабаттарынан өрбитін демократиялық дәстүрлер де жоқ емес. Бүгінгі дамудың озық үлгілерімен айта қаларлықтай қол жалғаса алатын геосаяси, геоэкономикалық, геомәдени мүмкіндіктеріміз де аз емес. Ең бастысы – мұндай жасампаздық процесті табысты өрістетуге бірден бір басты шарт болып табылатын – әлеуметтік жарастық пен қоғамдық орнықтылығымызға әркім-ақ қызығады. Енді ең керегі – соған көз өткізіп, тіл тигізіп алмау. Өйткені кейінгі кезде ондайға ұшырап қалып жатқан қоғамдардың жағдайын көріп отырмыз. 
            – Кейбіреулер ондай оқиғалар көбіне-көп сырттың арандатуымен болып жатыр дейді. Сіз қалай ойлайсыз? 
            – Ішкі жағдай оңып тұрса, сырттан сүйкенгеннен ештеңе күйремейді. Қоғамдық орнықсыздық америкалық саясаттанушылар Э.Даффа мен Д.Маккамантаның пайымдауынша, негізінен, экономикалық даму деңгейінің төмендігінен, соның салдарынан материалдық игіліктердің жетімсіздігінен, содан туындайтын игілік бөлісудегі алақолдылықтан, одан өрістейтін әлеуметтік наразылықтардың алдын алуға қажетті әлеуметтік көмек пен қамқорлықтың тапшылығынан қоздайтын көрінеді. Мұның бәрі саяси элитаны әлжуаздыққа ұрындырмай қоймайды екен. Ондай жағдайда кең қарымды партиялардан гөрі, көбінесе, белгілі бір адамдардың төңірегіне жиналған мүдделік топтар көбейіп кететін секілді. Олар онсыз да әлсіреп тұрған билікті қолға алу үшін онсыз да зығырданы қайнап отырған бұқараның жүйкесін жұқартып, шамырықтыра бергендіктен әлеуметтік апаттар туындайтын көрінеді. Ондай апаттар онсыз да мүшкіл халді одан сайын мүжәлсіздендіре түсетіні белгілі. Оның үстіне билік экономикалық дүниеқоңыздыққа, сұғанақтыққа, саяси іштарлыққа жол берсе, элита екі жарылып, контрэлита құралады да, бір-бірімен ерегіскен екі топ бірін-бірі жамандап, бірін-бірі халықтың алдында “жау” қылып көрсетіп, бүкіл қоғамды текетірес халге жеткізеді. Ондай алауыз ортаға сырттан тұрып от тастайтындар да табылмай қалмайды. Іс солай насырға шабады. Бірақ, әдемі уәделер аш-жалаңаш қоғамның жұмырына бәрібір жұғын болмайды. Кеткен биліктің басындағы таз телпекті келген билік те киеді. Сондықтан, күресуші таптар мұндай тұйыққа ұрынбай тұрып, әлгіндей тікбақайлықтан қайтып, расында да халықтың қамын жеп жүргендері рас болса, келісім арқауын тауып, жағдайды қалай жақсартудың амалын бірігіп қарастырудың жолын іздейді. Әдетте не туралы талассаң, сол бітімге алып келер арқау да бола алады. Өркениетті қоғамда билік те, оппозиция да өжеңдесуге барса да, өштесуге бара алмайды. 
            Ал орнықты ахуал экономиканың өсу қарқыны жоғары, сондықтан әлеуметтік наразылықтың алдын алып, игілік бөлісудегі ала-құлалықты жоюға мүмкіндігі бар, оны реттеуге саяси ресурстары жеткілікті, азаматтарды саяси өмірге белсендірек араластыра алатындай ықпалға ие әлеуетті партиялары бар қоғамдарда әлдеқайда баянды болмақшы. Қазақстанның қазіргі экономикалық ахуалы сондай қоғам болуға әбден жағдай жасай алатыны – көзге ұрып тұрған шындық. Ендеше, ондай қоғам өз үкіметінен де, саяси элитасынан да толыққанды демократияны, нағыз конституционализм мен шын мәніндегі заң үстемдігін талап етуге құқылы. Біздіңше, Елбасының биылғы Жолдауындағы бастамалар осы ақиқатты жете ұғынып, тыңғылықты бағамдағаннан туса керек. Ендеше, ондай қоғамдағы орнықтылықты әркім әртүрлі ұғады. Біреулер биліктегі күштердің қолындағы тізгіннен айырылмау   қабілеттілігін (Ф.Били, К.Даудинг, Р.Кимбер, т.б.), екінші біреулер үкіметтің өзгермелі ахуалға уақытылы бейімделе білу қабілетін (Д.Яворский, Э.Циммерман), үшінші біреулер биліктің легитимдігін, конституциялык тәртіптің кемелділігі мен ықпалдылығын (С.Хантингтон, Д.Сирниг) ұғады. Алғашқы ұғымдағы орнықтылық минималдык, кейінгі ұғымдағы орнықтылық демократиялық орнықтылық саналады. Демократиялық орнықтылық, аты айтып тұрғандай, үкіметтің тек өз күшіне сеніп қоймай, мемлекетті билеуге азаматтық институттар арқылы қалың бұқараны белсене араластыра білуімен қамтамасыз етіледі. (Д.Яворский, Вашингтонның ұлттық стратегиялық зерттеулер институты). Өйткені, азаматтар ел билігіне неғұрлым көп араласса, билікке деген қоғамдық қолдау да соғұрлым күшті болады. Конституцияланған нормалар мен процедураларды нығайта түсетін негізгі күштерге қоғамдық пікір, белсенді азаматтар, сайланбалы мәртебеден үміткерлер, парламент пен жергілікті легислатуралардың мүшелері жатады. Мұндай орнықтылық азаматтық белсенділікпен қоса, құрылымдық өзгерістердің мейлінше сиректігіне де байланысты екен. Америка ғалымы Д.Сирниг саяси жүйенің тек қоғамдық көңіл-күйге көп наразылық пен алаңдаушылық, қанағаттанбағандық туғызып тұрған осал жерлері ғана уақытылы өзгертілуі керек дейді. Оны тек ондай саяси шешім қабылдауға өкілетті орындардың өз бастамасымен жүзеге асырған тиімді көрінеді. Әйтпесе мемлекеттік билік жүйесінің құйқылжыма өзгерістері мен әркім бір қол сұғатын бейберекетке түсіп кетуі әртүрлі қопарылмалы жағдай туғызатын тәрізді. Қысқасы, билік қоғамдағы саяси күштер мен көңіл-күйлерге мейлінше елгезектік танытып, олардың аса нәзік тепе-теңдігін мейлінше мұқият қадағалай алған жағдайда ғана қоғамдық ахуал орнықты қалпынан ауытқымайтын секілді. Орнықсыз ахуал, М.Олсонның айтуынша, әсіресе, модернизацияға көшкен түста, экономика қарқындап өсе бастаған тұста көбейіп кетеді екен. Өйткені, ол адамдар арасындағы қалыптасқан әлеуметтік байланыстарды әлсіретіп, ынтымақтық ұйытқыны бұза алады екен. Бұл кезеңде, әсіресе, экономикалық қатынастар арнасынан шетқақпай қалған “жаңа кедейлер” мен өзгеріп жатқан саяси тәртіпті өз мүдделеріне пайдаланып кетуге асыққан “жаңа байлардың” әлеуметтік тағатсыздығы күшейеді деседі. Өйткені экономикалық прогресс те экономикалық дағдарыс сияқты әлеуметтік ала-құлалықты күшейтіп жіберуі мүмкін. Сондықтан ондай кезеңде мемлекеттік билік әділеттілік мәселесінде мейлінше мұқият болуға тиісті. Сондықтан да демократиялық ынтымақтасу байыптамасын ұсынған Ф.Шмиттер ол тек билік жолындағы күресте бәсекелестік ахуалдан ауытқымайтын, ешкімнің одан жалтарып, не бұлтарып кетуіне жол бермейтін орнықты қоғамда ғана жүзеге аса алатынын айтады. 
            Ендеше, ондай қоғамды жасауды азаматтар өз қолына алуы керек. Өйткені, жоғарыда айтылғандай, біз демократияланудың ең жауапты кезеңінде тұрмыз. Мұндай кезде барлық жауапкершілікті тек саясатшылардың қолына беріп қойып, қалғандарымыздың қол қусырып отырғандығымыз өз тағдырымызға өзіміз енжар қарағандық болады. Өйткені, саясатшыларға керегі – билік. Ал қоғамға керегі – баянды мемлекет, орнықты ахуал, әлеуметтік әділет пен жарастық. Билік жолындағы күрестің қоғамның осынау өмірлік мұраттарына ешқандай зақым тигізбей, бейбіт өрістей алуы алдын ала тыңғылықты ойластырылып, мұқият келісілген ойын ережелері мен оны қатаң кадағалай алатын әлеуметтік институттардың болуына тікелей тәуелді. Ендеше, Президент Н.Ә.Назарбаевтың еліміздегі саяси реформаларды жеделдетуге бағытталған бүкілхалықтық ақылдасуға шақырған бастамасын тек билік орындары мен саяси партиялардың үн қатысуы ауқымымен шектемеу керек. Билік жолындағы күрестің ойын тәртібін тек билік үшін күресетіндер ғана емес, сол күрестің барысында өз таңдауын жасайтын азаматтардың бәрі бірлесе жүріп белгілеуі тиіс. Алдағы президент сайлауы – қоғамдық жаңаруымыздың ең шешуші межесі. Бізде ол сайлаудан кейін өтпелі кезеңнің “балалық ауруынан” түгел айыққан заң шығарушы, атқарушы, сот билігі болуы мақсат. Президент, парламент, үкімет, сот өкілеттіктері қайтадан сарапталып, қайтадан таразыланған, күллі әлемдік қауымдастық абыржи тосып отырған түбегейлі демократия мен орнықты даму жолына түскенімізге еш күмән қалдырмайтындай сындарлы саяси жүйе қалыптастырмағымыз шарт. Бұл – қоғамның биліктен немесе билікке таласушылардан емес, тек өзінен өзі ғана талап ете алатын өрелі міндеті. 
            – Бұл ретте Сіз өзіңіз мүшесі болып табылатын Президент жанындағы Демократияландыру және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі ұлттық комиссияның жұмысына қандай үміт артасыз? 
            – Бұл сұрағыңызға белгілі мөлшерде жоғарыда жауап беріп кеткен сияқтымын. Мен демократиялану жолындағы реформаның ыссылай қабатын революцияшыл дәуірден өтіп, жан-жақты байып пен нақты қайтарылымға құрылатын эволюцияшылдық пен прагматизм белесіне көшетін кезеңіне келдік деп есептеймін. Бұл тұста саяси текетірестен гөрі мәмілегерлік келіссөздер әлдеқайда тиімдірек деп санаймын. Бұл арада да демократия теоретиктеріне жүгінуге мәжбүрмін. Иозеф Шумпетер 1995 жылы: “Демократия тек өз қағидаларын өзі берік тұтына алған жағдайда ғана табысқа жете алады. Ол үшін: біріншіден, демократиялық емес әрекеттерге итермелейтін ситуацияларды туғызып алудан қашу керек; екіншіден, қай мәселені де саяси маңызға ие мүдделі күштердің бәріне де тиімді болатындай қылып шеше білу керек”, – деп еді. 
            Өйткені, шын демократия жағдайында ешқандай топтың мұраты мен мүдделері біржолата және толығымен жүзеге аса алмайды, басқа тараптардың да мұраттары мен мүдделеріне зақым келтірмейтіндей мөлшерде ғана жүзеге аса алады дейтін қағида бар. Оның да аса нәзік мәмілегерлік жолмен ғана жүзеге аса алатыны айдан анық. Ендеше, бүгін таңда біздің қоғамда демократияның одан әрі тереңдей дамып, ойдағыдай орныға алуы үшін барлық тараптың да тілектері мен ұсыныстарын көбірек біліп алуға мүдделіміз. Оған да тек саясатшылар ғана емес, әлеуметтік топтардың барлығы да белсене атсалысса лазым. Өйткені, аса көрнекті саясаттанушы ғалым Дж.Дьюн айтқандай, “демократиялық басқару адамдардың өз келісімін алмай тұрып, яғни олардың мұң-мүддесін, тілектерін, қоғамдық істер қалай жүргізіліп, әлеуметтік мәселелердің қалай шешілгенін қалайтындарын білмей тұрып басқарып кетуге бірде бір адамның, бірде бір топтың ақылы жетпейді деген сенімге негізделуі тиіс”. (Дьюн 1981/1990) Аталмыш комиссия солай жинақталған ой-пікірлер мен ұсыныстардың барлығын демократиялық теорияның іргелі қағидаларымен, өзге қоғамдардың өзін-өзі ақтаған тәжірибелерімен салғастыра отырып саралап, осы заманғы бәсекешіл және бөліспелі демократияның талаптарына толық жауап бере алатындай толымды тұжырымдар жасауға міндетті. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұл жайында өз Жолдауында арнайы тоқталып, баса маңыз беріп, басты бағыт етіп ұсынғаны белгілі. 
            Осындай билік те, оппозиция да, бейтарап күштер де, қоғамда бар әлеуметтік топтар мен қозғалыстардың барлығы да жаппай атсалысып, жан-жақты талқыланып, ғылыми тұрғыда тыңғылықты сарапталып, мейлінше дәйектелген шешімдер Парламент қарауында пысықталып, заңдық кейіпке көшкеннен кейін ауыспалы кезеңді бастан өткеретін қоғамдардың қай-қайсысы да аттап кете алмайтын, айналып өте алмайтын бірден бір шара – демократиялық жолмен қайта ынтымақтасып, қайта ықпалдасуды жемісті жүзеге асыруға қажетті барлық құқықтық негіз жасалады. Сосын саяси реформаның да, экономикалық реформаның да, құқықтық реформаның да әр алуан көзқарастардан туындап жүрген қай түйткілін де бейбіт және жарастықты жолмен реттеудің жүйелі тәжірибесі қалыптасып, іске асырыла бастайды. 
            Бұл – өз қоғамымыз бен мемлекетімізге деген жаппай жанашырлық пен жауапкершілік, жаппай ізденімпаздық пен талапшылдық, үлкен әлеуметтік белсенділік арқасында ғана атқарылар ауыр міндет. Алайда, осылай әмбеміз болып жұмылмай, әлеуметтің қай ісінің де көсегесі көгермейді. Ендеше, Демократияландыру және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі ұлттық комиссия қызметінің қаншалықты нәтижелі болмағы барша жұртшылықтың аталмыш процеске қаншалықты жемісті және белсене үлес қоса алғандығына тікелей байланысты болмақшы. 
            Өйткені, ешбір елге, ешбір қоғамға демократия көктен түскен емес. Немесе көлденең көк аттының қоржынында қолүздік болып келген емес. Сондай-ақ, оны ешбір билік үстеме жалақы мен жәрдемақыдай қалтасынан дудыратып шығарып, саудыратып санап бере салмаған. Ол бостандық пен теңдікте адал да әділ өмір сүруге ынтық азаматтардың ыждаһатты ізденістері мен ынтымақты еңбегі арқасында орныққан. Қандай қоғам да оған санасын сарқа сауып ойланып, қабырғасы сөгілердей толғанып жүріп қол жеткізген. Біз де сөйтеміз. Өйткені, қолдағы мүмкіндікті дұрыс бағамдап, дұрыс іске асыра алмай, қапы соғып қалып, өзгелерге көзтүрткі болмайтындай ел болуымыз керек. Ол үшін бір-бірімізді көзтүрткі қылмай,  бір-бірімізге құлақ асып үйренуіміз қажет. Демократия ендігі жерде тек саяси жүйе ғана емес, әр адамның, күллі қоғамның бұлжытпай сақтайтын өмір салтына айналмақшы. Соған жете алған қоғам ғана дегеніне жетпекші.  
            – Әңгімеңізге рақмет. 
            Сұхбаттасқан Сауытбек АБДРАХМАНОВ.

 

 

 
 

 
 
 
 

 


 


 

 

 

 


 
 

 


   



 

 
 

 
 
 
 

 

Сайт Маңғыстау облыстық «Қазақ тілі» қоғамының тапсырысымен жасалды.  
Сайттың жұмысына және сапасына қатысты ұсыныстарыңызды осы жерденжібере аласыздар.

 

 




Информация о работе Демократия көктен түспейді