Автор: Пользователь скрыл имя, 18 Февраля 2013 в 20:30, реферат
Мәдениет социологиясы — қоғам мәдениетінің дамуы мен қызмет ету заңдылықтарын зерттейтін социология ғылымының саласы. Социологияда мәдениет, ең алдымен, әлеуметтік тұрғыдан, яғни әлеуметтік өзара іс-қимылдардың нәтижелері мен процестеріне көзқарас тұрғысынан қарастырылады. Ол мәдениет саласындағы шығармашылық мақсаттарда процеске әсер ететін материалдық, әлеуметтік және саяси факторларды талдайды. Мәдениет социологиясы мәдениетті жасаушы әрі оны тұтынушы ретіндегі халықтың әлеуметтік-демографиялық, тағыда басқа сипаттамаларын, оның қызығушылықтары мен талғамдарын, бейімделу мотивтерін, сондай-ақ мәдени ұйымдарды, мәдени іс-шаралар мен мәдени өмірдегі оқиғаларды зерттейді.
Мәдениет мәселесінің маңызды буындарының ішінде жеке адам мен мәдениет арақатынасы ерекше рөл атқарады. Жеке адам мәдениеттің субъектісі де, объектісі де болып табылады. Бұл пікір материалдық мәдениетке де байланысты. Жеке адамның даралық мәдени сипаты оның іс-әрекеті, қызметінен туындайды. Бірақ еңбек процесінде ол материалдық мәдениетпен танысады, оның өркендеуіне тікелей қатысады, өзінің өмір салтын қоғамдық өмір мәдениетіне бағындырады. Қоғамдық қатынастардың жемісі ретінде оның рухани қазынадан нәр алмауы, оны көркейтіп, мазмұнын байытуға қатыспауы мүмкін емес.