Жақсылыққа жол

Автор: Пользователь скрыл имя, 31 Октября 2011 в 10:53, реферат

Описание работы

Бисмиллахир – Рахманир – Рахим! Жаратқан Алла тағала жер бетіне келіп – кететін өткінші күллі тіршілік атаулының тағдырын еншілеп, әуелден «Лаухуль – махфузға» жазған. Бұл кітап тек Алланың қолында! «Алла қаласа, жазылғанды өшіреді, қалағанын сол күйінде қалдырады. Лаухулмахмуз – оның қолында» /«Рағыд» сүресі, 39 – аят/. Осы тағдыр кітабында Алла тағала қалауымен пендесінің тағдырын жақсы немесе жаманға өзгертуі де мүмкін.

Работа содержит 1 файл

Жаксылыкка жол.doc

— 59.00 Кб (Скачать)

      ЖАҚСЫЛЫҚҚА ЖОЛ

 

 

      Бисмиллахир – Рахманир – Рахим! Жаратқан Алла тағала жер бетіне келіп – кететін  өткінші күллі тіршілік атаулының  тағдырын еншілеп, әуелден «Лаухуль – махфузға» жазған. Бұл кітап тек Алланың қолында! «Алла қаласа, жазылғанды өшіреді, қалағанын сол күйінде қалдырады. Лаухулмахмуз – оның қолында» /«Рағыд» сүресі, 39 – аят/. Осы тағдыр кітабында Алла тағала қалауымен пендесінің тағдырын жақсы немесе жаманға өзгертуі де мүмкін. Бұдан «Неге қалағанын қалдырады, неге қалағанын өшіреді?»  деген сұрақ туындайтын шығар. Бір ғана жауап – адамның ниеті мен амалына қарай өшіріледі және қалдырылады. Дегенмен, тағдыр өзгерісі мен өзгермесі де Алланың қалауында! Мына ой салар бір оқиғаны еске салғым келеді. Хазіреті Омар (ғ.с.)  тағдырының өзгеруі үшін үнемі Аллаға ниет еткен. Ардақты сахаба: «Аллаһым! Егер есімімді шақилардың (жамандар, тозақтықтар) арасында жазған болсаң, атымды ол жерден өшір. Егер саийдтардың (бақыттылар, жәннәттықтар) арасында жазған болсаң, сол жерде берік қыл. Өйткені Сен «Аллаһ қалағанын өшіреді, қалағанын қалдырады. Негізгі кітап Оның қасында» деп айттың. Сенің бұл сөзің хақ» деп, Аллаға әрқашан сеніммен дұға ниетін білдіріп отырған. Міне, тағдыр адамның қолынан келетін болса, хазіреті Омар (ғ.с.) бұлай істемес еді. Әйтсе де, Алланың жазуына мойынсұнып, өзгерісіне ниет білдіріп отырсақ, Алланың қалауымен ол да болуы мүмкін!

      Жаратқанның пендесі жарық дүниені жақсылықпен  өткізуінде бірінші жүрегі таза болу керек. Одан ниет пен тіл таза болады. Таза жүректің кіршіксіз ниеті тілге ақыл мен ой береді.  Сол сияқты, қайырлы амалдары ниетін құндылап, жақсылыққа жол ашады. «Қайсы амал дұрыс?» – деп сұрағанда, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз аузынан тілін шығарып, қайтадан аузын жабады. Яғни «үндемеген дұрыс» дегені. Бұл жерде, «Кім Аллаһқа, қияметке сенсе, жақсы сөз айтсын немесе үндемесін» деген хадисті немесе «Он күнәнің тоғызы – тілден», «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» дегенді еске салған жөн. Алайда, әр мұсылман бірінші Аллаға иман келтіріп, жеті сенімнің бірі – жақсылық пен жамандық бір Алладан екеніне сенуі парыз. Ал Алланың қандай да бір тағдыр жазуына мойынсұна сеніммен ниеттену – өте үлкен ғибадат.  Адамды  әртүрлі әрекеттерге жетелейтін күш, істі жүзеге асыруға көмектесетін қуат бар. Ол – ниет. Сондықтан,  қуанышы мен шаттығы мол имани өмірге не қиын да шым – шытырық күйсіз тірлікке толы өмірге ие болу адамның тағдыры мен ниетіне қарай!

      Кез – келген құлшылықтың дұрыстығы  ниетте. Тіпті, кейбір құлшылықтарда  ниет ету –  негізгі парыз. Мәселен, ниеттің дұрыс болуы намазда өте қажет. Ықыласпен оқу бір бөлек, оны оқуға ниеттенуді жүрекпен растау әрі тілмен айту – мүстахаб сауап амалдардан. Әрине, бәрін көруші Алла тағала! Қай намазды оқуға ниеттену – мұсылман парызы, ниеттенбесе намазы дұрыс болмайды. Иман ұялатқысы келген кімде – кім жүрегімен сеніп, тілімен айтпаса, бұ дүниеде мұсылман саналмаса да, Алланың құзырында мұсылман болып табылады. Ал, керісінше кімде – кім тілімен айтып, бірақ жүрегімен сенбесе ол «екіжүзді» болғаны!

      Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз «Барлық амал ниетке байланысты» деген. Осы хадиске сүйенген қазақ халқы жарым ырыс тілімен «Е, Алла өзіңе тәубе етем, ниетімді түзу, иманымды берік қыла гөр» деп, әрдайым Аллаға жүрегін бұрып, ниетін мықтаған. Ал ниет әр түрлі болады. Пенденің Аллаға деген ниеті яғни Хақ Тағала пендесінің жүрегіне, Өзіне деген ыстық ықыласына, ниетіне, сүйіспеншілігіне қарай баға бергендей, Оған деген біздің ниетіміз шынайы әрі тура болу керек. Яғни кез – келген пенденің Аллаға деген ниетінде Аллаға серік қоспай, көңіліне мақтану рия кіргізбестен, разылығын көздеу ниеті орнықса – ол жоғарғы ниет әрі сауап. Мәселен, намазға ниет еткенде, біз Жаратқанды көрмесек те, «Алла мені көріп тұр» деген ниетпен құлшылық ету жатады. Ал туыс – туған мен жалпы адамзатқа деген әуелгі көзқарасымызда, айналамыздағы кез – келген таныс, жат – бөтен, алыс – жақын арадағы адамдарға жақсы көзқарас ниетте болу. Бұл туралы ұлағатты ғалымдардың «Бөгде адамның ойын білу үшін, өзіңнің ойыңа көз жүгірт» дегені бар. Яғни барша адамдарға жақсы ниетте болу үшін, оларға деген өзіңнің көзқарасың мен ниетің таза болу керек. Тереңірек айтсақ, ұлтқа бөлмей, дінге сараламай, бай – кедейлігін жіктемей, киім – киісі мен жүріс – тұрысына қарамай, адами көзқараста жақсы ниетте болу деген сөз. Мәселен, адамды дініне қарай бөлсек, өз дінімізге шақыра алмаймыз. Себебі, олар туралы ойың дұрыс емес. Осы сәтте айтайын дегенім, кейбір мұсылман бауырларымыз өзін ғана дұрыс санап, өзге адамдарды адасқан, мүшрик, жаһил деген айыппен, тіпті кәпір деген көзқараста болатыны бар. Егер ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзінен басқа адамдарға осындай көзқарасы болғанда, онда мүмкін біздің халіміздің не боларын бір Алла ғана өзі білсін?!

      Ибрахим (ғ.с.) пайғамбарымыздың басынан өткен  мынадай оқиға бар. Ол заманның адамдары отқа табынатын. Ибрахим (ғ.с.) пайғамбарымыз үңгірде тұрғанда, оған қонақ келеді. Қонағы келе сала, жанып тұрған отқа екі рет сәжде жасайды. Мұны көрген Ибрахим (ғ.с.) пайғамбарымыз қатты ашуланып, қонағын қуып шығады. Сонда Алла тағала: «Сен отқа табынған бір ғана кәпірге ашуың келді. Егер мен Алла тағала осыншама  кәпірді жаратып, оған ашуым келсе, онда мына әлем не болмақ еді?!» деп оған қонағын қайтаруды бұйырады. Бұл жерде, Алланы танымаған әлгі отқа табынушы адамның ниеті дұрыс та, тек отқа табынуы дұрыс емес. Яғни Алла тағала сол отқа табынушылардың ниеті мен амалын дұрыстауға уағыз – насихат жүргізуді Ибрахим (ғ.с.) пайғамбарымызға жүктеп отыр. Сол сияқты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ұлық сахабасы Әбу Хурайра (ғ.с.) көшеде келе жатса, шоғырлана жиналған елдің бір ұрыны сабап жатқанын көреді. Істің мән – жайын түсінген ол: «Бұл ұрының ісі яғни ұрлығы дұрыс емес, ал өзінің пенде ретінде жеке басы жақсы» – деп, ел арасынан арашалап алған екен.

      Адамның қаншалықты анағұрлым жақсы ниетте болуы – құлшылық әрі сауап. Ғұламалар: «Қаншама ақыреттік амалдар ниетке байланысты жай қарапайым әрекетке айналады. Қаншама дүниелік істер ниетке байланысты сауапты амалға айналады» дегеніндей, кейбір адамдар тек абыройы үшін мешіт салуы мүмкін, екіншісі сол мешітке қарап «Шіркін-ай, менің шамам келгенде дәл осындай мешіт салар едім» деп армандайды. Кішкене ниетімен армандаған екінші адам мешіт салғандай сауапқа кенеліп, ал мешіт салған адам ниетіне қарай тырнақтай сауап алмауы да мүмкін. Ал тіпті «Шіркін – ай, салынып жатқан мешітке барып, қашан намаз оқиды екенбіз!» деп, асыққан адамның ниетіне мың сауап яки сол намазды оқығандай сауап алады. Кімде – кімнің ниеті қандай болса, соңғы табысы да сол болады, қияметте де солай тіріледі. Бірақ, жалғыз ниетпен ғана қалуға болмайды! Дүние мен қиямет, қылмыс пен жаза, күн мен түн, ер мен әйел, дүние тірлігі мен мәңгілік қиямет сияқты ниетте жалғыз болмайды. Оның жұбы – амал. Бұл екеуі ешқашан ажырамайды. Ниет бола тұрып амал болмаса, амал жасағанмен ниет болмаса ешбірі бір – бірінсіз жүзеге асырылмайды. Ниеттің бастапқы орны – жүрек. «Адамда бір жұдырықтай кесек ет бар, ол жақсы болса адам да жақсы болады, ол жаман болса, адамда бұзылады» деген хадисте жүректі нұсқаған. Жүрекпен ниеттену  – парыз, ал тілмен – сүннет. «Расында Аллаһ Тағала сендердің дене – бітімдеріңе, түр – сипаттарыңа қарамайды. Ол жүрекке және жасаған амалдарыңа қарайды» деген пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисі бар. Ниетім тура деп, өмірінің ортасына жетсе де, баянсыз яғни өмірін амалсыз өткізетін пенделер бар. Бұл үлкен қасірет.

      Көкіректегі жүректі қандай жағдайда болмасын тек  жақсылық ниетке толтыруымыз керек. Тіпті, жақсы үмітпен келешегіне ниеттеніп, оны тілімен айтып, уәде етсе, ол діни құлшылықта қарыз дәрежесіне көтеріледі. Оны «Нәзір» дейді. Мәселен, «Осы ауруымнан құтылсам…», «Балам аман  – есен келсе…», «Оқуымды аяқтасам…» деген тағы сол сияқты келешектегі әр түрлі жағдайларға ниет етуді айтамыз. Ал енді осы ниеті болашақта яғни уақыт өте келе орындалып, ойлағанына жетіп жатса, айтқан уәдесінде тұруы қажет, оны орындау – уәжіп. Жаны қысылғанда не жақсы сәттер мен «Үмітсіз шайтан» демекші, ертеңге үмітпен қараған ниетіне обалдық жасамауы керек. Қуанышында қайғысын, қайғысында қуанышын тез ұмытатын пенделер осыдан сәл ілгері уақыттағы ниетін ұмытып, ысырып тастайтыны бар. Әрине, бәрін білуші Алла тағала адамның ниетін қабыл етуші екенін білуіміз керек.

      Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың бір хадис  – шәріпінде  мұсылман адам қасиетті жұма күні ғұсыл яғни жуынып – шайынып, таза киім киіп, құлшылық ниетімен үйінен мешітке қадам басқан сәтінен бастап, періштелер сауаптарын санайтындығы, ал Алла тағала ол сауапты еселейтіндігі туралы айтылған. Және тағы бір хадис – шәріпте қияметтің күнінде Алла тағала құзырында үш адамды сұраққа тергейді. Біреуі Алла жолында соғысып өлген шахидтен «Шүкірлік үшін не істедің?» деп сұрағанда: «Мен Сенің разылығың үшін, Сенің жолыңда шейіт болғанша күрестім!» дейді екен. Сонда: «Сен жалған айттың,  Алла үшін емес, елге батыр атану үшін, атақ пен даңқ үшін, «Алла үшін шахид болды» деп  айтсын деген ниетпен істедің, жұртта сені осылай атады, сол үшін сенің орның – тозақ!» деп, үкім шығарады. Екінші білім, ғылым үйренген ғалым адамнан сұрағанда: «Сенің разылығың үшін білім алып, басқаға үйреттім және құран оқыдым» дейді екен. Сонда Алла тағала: «Сен өтірік айттың, ғалым екен деген сөз үшін білім алдың, қари екен деген сөз үшін құран оқыдың, жұрт сені осылай атады, сол үшін орның – тозақ!» деп, үкім шығарады. Үшінші Алланың кеңшілігі мен бай дүниеге кенелген адамнан Алла тағала: «Шүкіршілік үшін нендей амал жасадың?» деп сұрағанда: «Сенің хош көрген барлық игі істерде қаражат жұмсадым» дейді екен.

      Сонда Алла тағала: «Жалған айттың, сен жомарт екен деп айтсын деп жұмсадың. Тіпті байлығыңды өзің үшін жинадың, жұрт та сені осылай атады, сондықтан сенің де орның – тозақ!» деп, үкім шығарады екен. Міне, тіпті адамның өзі дүниеден өтіп кетсе де, Алланың алдындағы ниеті дұрыс болуы керек. Қазақ халқында «Ниеті дұрыс жол табады, ниеті бұрысты Құдай табады» деген нақыл бар.

      «Адам үйленгенде үш түрлі ниетпен үйленеді. Бірінші сұлулық, байлық және имандылық үшін. Сен имандылық үшін үйлен, олай болмаса өзіңе зиян етесің» деген хадисте ниет пен амал бір жерде болу керектігін көрсетеді. Расында, күнделікті өміріміздегі неке құрушы жастар әуел баста Алладан адал жар сұрап, қоғамның бір бөлшегінде өсіп – өнген балалы – шағалы болу адамдық қасиеттен емес, байлық пен материалдық құндылықты жоғары қойып, құлқынының құлы болуға кетіп бара жатқандай. Кемеңгер Абай атамыз:

      Жасаулы деп, малды деп байдан алма,

      Кедей қызы арзан деп құмарланба.

      Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,

      Ата – ананың қызынан ғапыл қалма.

      Біреудің көркі бар деп жақсы көрме,

      Лапылдақ көрсе қызар нәпсіге ерме.

      Әйел жақсы болмайды көркіменен,

      Мінезіне көз жетпей, көңіл берме!

      Адал  пейіл, таза ниет адамның асқан байлығы  деп есептесек, осы тұнық та салиқалы сара жолдағы асыл ниетімізден Жаратқан Алла адастырмай, жолымызға жарқырап жанар шамшырақ болсын! Ниетіміз әрқашан  түзу, амалымыз сауаптан болсын, Әумин!

      Нұрлан  Асан

Информация о работе Жақсылыққа жол