Медиазорлық

Автор: Пользователь скрыл имя, 30 Марта 2013 в 17:08, реферат

Описание работы

Қазіргі уақытта теледидардан көптеген зорлық-зомбылық көріністер көрсетіліп, қан өзен суындай “ағып” жатады. Күніне балаларымыз орта есеппен 17 өлім, 37 мейрімсіздік көріністер көреді екен. Мұндай эпизодтардың қандай сөздермен көрсетілетінін болжау қиын емес. Және бұл көріністер таңертең де, күндіз де көрсетіле береді. Мұндай хабарлар балалардың дүниетамының, логикасы мен психикасының қалыптасуына теріс әсер етеді.

Работа содержит 1 файл

медиазорлық.docx

— 25.84 Кб (Скачать)

 

 

Қазіргі уақытта  теледидардан көптеген зорлық-зомбылық көріністер көрсетіліп, қан өзен суындай  “ағып” жатады. Күніне балаларымыз  орта есеппен 17 өлім, 37 мейрімсіздік көріністер көреді екен. Мұндай эпизодтардың қандай сөздермен көрсетілетінін болжау қиын емес. Және бұл көріністер таңертең де, күндіз де көрсетіле береді. Мұндай хабарлар балалардың дүниетамының, логикасы мен психикасының қалыптасуына теріс  әсер етеді.

Астанада тұратын  қызым бірде үрейлі дауыспен 3 жастағы  немеремнің мультфильм кейіпкерлерінің  бірінің басын бірі кесіп тастағанын көргеннен кейін, іле-шала ойыншықтарының басын жұлып тастағанын айтты... 

 

Бала тәрбиесі – аса  күрделі әрі ұзақ процесс. Олардың мінез-құлықтары мен жеке қасиеттерінің қалыптасуына отбасы мен жақындары, балабақша мен мектеп, қоршаған орта мен көше әсер етеді. Соңғы жылдары оған теледидардың да әсері нық қосылып отыр. Балалардың кітап оқуға деген құмарлықтары жыл өткен сайын төмендеп келеді, соның салдарынан шетелдік фильмдердің көптеген кейіпкерлері олар еліктейтін, ең беделді тұлғаларға айналды. Сонымен, отбасы мүшесіне айналған теледидар, балалардың тәрбиешілері қатарына қосылды.

Статистикалық есеп балалар  мен жасөспірімдер телеаудиторияның, аудиобейнелік медиатекстердің ең белсенді көрушілері екенін көрсетіп отыр. “Балалар мөлшермен 2 жастан бастап, теледидар көре бастайды. Нағыз американдық бала өз уақытының шамамен 30%-ын теледидардың алдында өткізеді. Ол орта есеппен мектепке барғанша 5 мың сағат, мектеп бітіргенше 19 мың сағат экран алдында отырады”, дейді американдық зерттеушілер. (Dodrіll R. Vіolence, Values and Medіa, Sacramento, 1993, p.51).

Өсе келе жас адам біртіндеп, ересектер әлеміне кіргісі келеді. Бала шынайы өмірді білуге әрі түсінуге, ондағы құндылықтар мен мінез-құлық ережелерін қабылдауға талпынады. Ересектер өмірін бала тек отбасы мен көшеден ғана көрмейді. Теледидар да олардың түсініктерінің қалыптасуына әсер етеді, оның белгілі бір бейнесін қалыптастырады.

Теледидар қалыптастыратын ересектер өмірі туралы экрандық түсінік балалар кіретін шынайы өмірге қаншалықты сәйкес келеді? Теледидардың балаларға оң әсері ғана емес, теріс әсері де болатын болса, онда балаларымыздың бойында қандай қасиеттер қалыптасады – деген сұрақтар кімді болса да мазаламай қоймайды.

Көптеген бұқаралық ақпарат  құралдары материалдарына жасалған шолулар медиазорлықтың, мәселен, Шығыс елдерінде қылмыстың өсуіне үлкен әсері бар екенін дәлелдеп отыр. Зорлықты насихаттау, әсіресе теледидардан, кино мен компьютерлік ойындардан анық байқалады. БАҚ мәселелерінің психологтары мен сарапшылары БАҚ-та зорлық-зомбылық көріністердің көрсетілуі мейрімсіздік пен қатыгездіктің өсуіне тікелей әсер ететінін дәлелдеп отыр.

Соңғы 40 жылда дүние жүзінде  балаларға теледидар мен кинематографияның тигізетін әсеріне арналған мыңнан артық зерттеулер жүргізілген. Зерттеулер дүние жүзінің көптеген елдерінде, әр түрлі нәсілдерге, ұлттар мен әлеуметтік топтарға жататын ер балалар мен қыз балалардың арасында жүргізілген. Бұған қарамай, зерттеу нәтижелері іс жүзінде бірдей болып шыққан: экрандағы агрессия балалардың адамдарға және жансыз заттарға агрессивтіліктерін арттыра түседі.

Барселона. Үш жасөспірім теледидардан көріп, өздерін таңдандырған трюкті жасаған. Кешке қарай олар көшеге пластикалық лента байлап койып, ол лентаның өтіп бара жатқан мотоциклшінің мойнын кесіп түсіргенін байқап тұрған. Мотоциклші сол жерде қаза тапқан.

Осло. Бес-алты жастағы бір  топ бала үйлерінің жанындағы  көк шалғында өздерімен қатарлас, бірге ойнап жүрген қызды жан  тапсырғанша ұрған. Өйткені, оны  олар ниндзя тасбақасы ретінде қабылдаған.

Нью-Йорк. Бірге отырып боевик көрген кішкене балалар үй иесінің өздері сияқты кішкене баласын шкафтан конфет әкел деген талаптарын орындамағаны үшін жазалаған. Айтқандарына көнбегеннен кейін, оны 12-ші этаждың балконынан төмен қаратып ұстап, бағынуын талап еткен. Жауап болмағаннан кейін қолдарын босата салған.

Литлтон. 1999 жылы екі оқушы  өздерімен бірге оқитын 12 баланы өлтіріп және 23-ін жаралап, соңынан өздерін өздері атып тастаған. Зерттеу олардың бұл қылмысты телехабарлар мен видофильмдердің тікелей әсерінен жасағандарын дәлелдеді.

Мұндай фактілер өмірде өте  көп. Балалар көптеген жағдайларда  шынайы өмір мен телеэкраннан көргендерінің  айырмашылығын аңғара бермейді. Олар телеэкрандағы медиазорлықтың құрбандары болып жатады.

Ресейде медиазорлықтың балаларға  кері әсерін азайту мақсатында қандай іс-шаралар жасалған?

“Бұған сену қиын, бірақ  Ресей азаматтары заң жүзінде телеэкрандағы азғындық пен зорлықтан ешқандай да қорғалмаған! Ресей теледидарында бәріне де ерік берілген, аморальдықтың шегі жоқ аралы ретінде қалып отыр” – дейді С.Скатов өзінің “Некрофилы. Тема смерти и насилия стала ведущей на российских телеэкранах” атты мақаласында.

“Көптеген балалардың аурулары мен өліміне Ресей отбасыларының  тұрмыстық қиындықтары мен экономикалық проблемалары себеп болуда. Бірақ мұндай проблемалар біздің елімізде бұрын да бар еді... Ғалымдар мен педагогтар бала психикасының қалыпты дамуы үшін оған тосыннан қауіп-қатер, агрессия туғызбайтын өмірді сезіндіру ерекше маңызды екенін ескертеді. Ата-аналары үй ішінде балаларына қандай жақсы жағдай жасаса да, телеэкраннан қардай борап жатқан күнделікті негатив пен агрессияны олар қоршаған ортаның негізгі атрибуты деп қабылдап, эмоционалды-психологиялық жағынан қорғаусыз қалады. Теледидар негізінен күні бойы “үлкендерге” арналған, зорлық пен драматизмге, адамды шошындыратын бейнелік және дыбыстық импульстарға толы, баланың қалыптаспаған дүниетанымына кері әсер ететін хабарлар көрсетеді. Балалар бұл күндері, шындығында, олардың балалықтарына жау, информациялық ортада өмір сүруде”, – деп жазады Л.Оганова мен А.Короченский өздерінің “Вид через замочную скважину: дети и телевизионный “взрослый” мир” – атты мақалаларында.

“Дума теледидардағы зорлық мәселелерімен шұғылданбас бұрын, ұзақ ойланды. Ол “ойланғанша”, шынайы өлімді кинодағы өлімнен, нағыз қанды мүк жиде морсынан ажырата алмайтын бірнеше ұрпақ өсіп шықты. Депутаттар бұл аса маңызды мәселемен енді ғана шұғылданып, БАҚ туралы заңға өзгеріс енгізуді қарастыра бастады. Депутаттардың шыдамдарының шектен шығуына не себеп болды?” – деп жазды, А.Бройдо өзінің “Насилие на экране” атты мақаласында.

Содан біраз уақыт өткен  соң, яғни 2005 жылы 7 шілде күні телеарна жетекшілері – К.Эрнст (Бірінші  канал), О. Добродеев (Ресей), О.Попцов (ТВЦ), В. Кулистиков (НТВ), А.Роднянский (СТС) және И. Лесневская (REN TV) бірлесіп, “Зорлық  пен қатыгездікке қарсылық” Хартиясына қол қойғанын көпшілігіміз білеміз. Балаларға қамқорлық мәселесі мұнда жеке айтылған. Телеарна жетекшілері өмірдегі болып жатқан жағдайларды және басқа да материалдарды көрсеткенде “балалардың ақыл-ойы мен моральдық қасиеттерінің дамуына ерекше нұқсан келтіретін” көріністерге шектеу қоюға келіскен болатын.

Еуропа елдері мен жақын  шетелдерде балаларды телеэкрандағы  зорлық-зомбылық көріністерінен қорғау үшін қандай іс-шаралар жасалған?

Латвияның 1995 ж. қабылдаған “Телерадиохабар туралы” Заңының 18-бабында: “Сағат 7-ден 22-ге дейін зорлық, қан шығатын және қорқынышты көріністерді, сонымен бірге, есіркілер пайдаланылатын көріністерді көрсетуге тыйым салынады. Хабарлардың мәтіндерінде дөрекі және әдепсіз сөздер айтылмауы керек, сонымен бірге сексуалды іс-әрекетке апаратын көріністер болмауы керек. Егерде техникалық блоктау құралдары қолданылатын болса, онда бұл шектеулердің кабельді телеарналарға қатынасы болмайды” — деп жазылған.

Грузияда осындай тыйым  телеарналарға сағат 7-ден 24-ке дейін салынған. Ондағы мақсат, 18-ге толмаған грузин азаматтарын олардың көруі мен естуіне арналмаған қандай да болмасын хабарлар мен фильмдерден сақтау.

Украинада 2003 жылы қабылданған  “Қоғамдық моральды сақтау жөнінде” заң бар. Оның өнімдерді шығару және таратуға тыйым салу жөніндегі 2-ші бабында: “ұлттық және діни құндылықтарды жоюды, бүлдіруді, қадірлемеуді насихаттайтын; адамдарды кемітетін, мүгедек және қартайған адамдарға қиянат жасалатын; нашақорлық, токсикомания, алкоголизм, темекі шегу және басқа да жағымсыз қылықтарды насихаттайтын көріністер мен хабарларды көрсетуге тыйым салынады” – деп жазылған.

Шығыс елдерінде де балаларды  медиазорлықтың теріс әсерінен қорғау үшін көптеген іс-шаралар қарастырылған. Мысалы, Жапонияда Өнегелік туралы кеңес жұмыс жасайды. Кеңес елдегі барлық телеарналардың жұмысына талдау жасап отырады. Егерде, қандай да болмасын бір арна балалар көретін уақытта олар көруге болмайтын фильм немесе бір көрініс көрсететін болса, онда ол арнаға өте көп мөлшерде айып салынып, арна ойсырау жағдайына түседі.

Жапондықтар тіпті ұялы телефондарды да қолға ала бастады. Мобильдік сайттарды мұқият зерттеу нәтижесінде олар зорлықты насихаттайтын, немесе порнографиялық мазмұны бар ерекше ресурстар тобын айқындады. Жапонияның байланыс министрлігі, өз тарапынан, порнография және басқа да қажетсіз информациялардың түсуінен балалар мен жасөспірімдерді қорғау үшін, олардың телефондарын блоктау жүйесін жасаумен шұғылдана бастады.

Бізде, балаларды медиазорлықтан қорғау үшін қандай іс-шаралар жасалған?

Бір сөзбен айтар болсақ, ешкандай да тиімді іс-шаралар жасалмаған.

Еліміздің 1999 жылы 23 шілдеде  қабылданған “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” Заңының 25-бабында: Бұқаралық ақпарат құралдарының меншік иелері немесе бас редакторлар… қатыгездік, зорлық пен порнографиялық хабарлар мен материалдар тарататын болса, оларға еліміздің заң актілерінде бекітілген негізде жауапкершілік жүктелетіні айтылған. Заңның бұл бабының қаншалықты “нәтижелі” жұмыс жасап отырғанын бәріміз де көріп отырмыз. Қазіргі уақытта елімізде өзін-өзі сыйлайтын бірде-бір адам өз балаларымен бірге отырып теледидар көрмейді. Себебі, аяқ астынан, зорлық немесе порнографиялық көрініс көрсетіледі. Күн өткен сайын мұндай көріністер мен телехабарлардың саны да, көлемі де ұлғайып келеді. Қазақстанда кім болса да мұндай хабарлар көрсететін ондаған каналдардан ешқандай да қорғалмаған.

2002-2003 жылдары біз мектеп  оқушыларының әлеуметтік бейнесін жасау үшін көлемді социологиялық зеттеу жүргіздік. Зерттеуге республиканың түпкір-түпкірінен 15 мың оқушы, 5 мың ата-ана, 5 мың мұғалім қатыстырылды. Бұл зерттеудің қорытындылары туралы “Егемен Қазақстан” кезінде көлемді мақала да жариялады (19.11.2003). “Алкогольді ішімдіктерді пайдаланасың ба?” деген сұраққа 35% баланың күн сайын, аптасына бір рет немесе мереке сайын ішетіні анықталды. “Есірткі қолданасың ба?” деген сұраққа, есірткі 15% оқушының қолданыс затына айналғаны, олардың ішінде 3%-ы үздіксіз қолданатындары белгілі болды. Әрбір 13 баланың екеуінің есірткі қолданатыны өте қауіпті көрсеткіш. “Неге сен зиянды заттарды пайдаланасың?” деген сұраққа 21% бала – әдетке айналғандықтан, түрлі қиындықтарды ұмыту үшін, басқалардан ерекше көріну үшін, өзімді ересек сезіну үшін, достарымның бәрі қолданатындықтан, деп жауап берген.

Мұғалімдер мен ата-аналарға да бірдей сұрақтар берілді: “Есірткі мен ішімдік қолданатын оқушылардың санының өсу себебі неде?” деген сұраққа, мұғалімдердің 27%-ы – өзін-өзі еліту үшін, 11%-ы – серпілу үшін, 8%-ы – келемеж болып қалам ба деген қорқыныштан, деп жауап берсе, ата-аналардың 10%-ы – өзін-өзі еліту үшін, 6%-ы – серпілу үшін, 17%-ы – достары арасында келемеж болып қаламын деген қорқыныштан, деп жауап берген.

Бұл сұрақтардың жауабына мұқият қарайтын болсақ, онда оқушылардың көптеген пайызы алкоголь мен есірткі қолданатындарын және оны саналы түрде жасайтындарын көреміз. Мектеп оқушыларының, яғни біздің балаларымыздың арасында мұндай жағдай неге осынша етек алған? – деген орынды сұрақ туады. Біздің ойымызша, оның негізгі себебі, бұл балалар 10-15 жыл бойы теледидардан мыңдаған наркотиктер мен алкоголь пайдалану, зорлық пен қатыгездік жасау көріністерін көрген және бұл оларға әбден үйреншікті болып кеткен.

Елімізде жастар арасында қылмыстың өсу себебі де осыдан.

Мұндай пайымдауларды  жоғарыда келтірілген зерттеу нәтижелері негізінде де жасауға болады.

Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев: “ Патриотизмді бүкіл қоғамның жалпы күшімен, әсіресе жастар арасында, біздің балаларымыздың бойында қалыптастыруымыз керек” – деген болатын.

Балалар мен жастардың  бойында патриоттық қасиеттер қалыптастыру үшін, қоғамда олардың адами қасиеттерінің, психологиясы мен логикасының, мінез-құлықтары мен тұлғаларының қалыптасуына кері әсер ететін барлық факторларды шама келгенше шектеу қажет. Мұндай факторлардың ең ауыры, дүние жүзінің көптеген елдерінің үлкен ғылыми-зерттеу институттарының жарты ғасыр бойы жүргізген мыңдаған зерттеулерінің нәтижелері көрсетіп отырғандай, медиазорлық болып табылады. Сондықтан, еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңына, дүние жүзінің көптеген елдерінің заңдарында бар, күндізгі уақытта теледидардан зорлық және порнография көрсетуге тыйым салатын қосымша бір бап енгізілуі кажет.

Біз, қазақ халқы, шығыс  халқы екенімізді ешуақытта да ұмытпауымыз керек. Елбасының қолдауымен елімізде жүргізіліп жатқан “Мәдени мұра” бағдарламасы да, бүгінгі жаһандану заманында қасиетті терең тамырымыздан айырылып қалмай, содан сусындаудың қажеттігінен туындаған дүние екенін әсте естен шығармағанымыз абзал. Бұл үлкен ғылыми бағдарлама. Ал шынайы өмір шындығы қандай? Біз бүгінгі күндері неге ата-баба тәлім-тәрбие дәстүрінен мүлде қол үзіп қалдық?

Атадан балаға мирас болып  келе жатқан тәлім-тәрбие дәстүрін жапон елі күні бүгінге дейін тек қатаң сақтап қана отырған жоқ, олар жас ұрпақ алдына оны дамыту міндетін жүктеп отыр. Осыдан ұтылып отыр ма? Тәрбие негізінде мектепте сапалы білім беріп отырған елдің ғылымы мен экономикасы да қарыштап дамып отырғанын бәріміз де жақсы білеміз.

Қазіргі уақытта, елімізде, оқушылардың білім сапасын көтеру мәселесі аса маңызды мәселелердің біріне айналып отыр. Дүние жүзінің дамыған елдерінің зерттеулері мен тәжірибелеріне жүгінетін болсақ, онда оқушыларға алдымен тәрбие беріп, тәрбие негізінде білім беріп отырған елдердің білім сапасы көш ілгері озып отырғанын байқаймыз. Ал біздің елімізде білім сапасын көтеруге де медиазорлық кері әсер етіп отырғанын ашық айтуымыз керек.

Информация о работе Медиазорлық