Автор: Пользователь скрыл имя, 16 Октября 2011 в 12:05, доклад
Халықтың діні, наным-сенімдері мен көзқарастары оның тарихына, рухани-мәдени, саяси өміріне үлкен әсер ететін фактор болып табылады. Дін – руханияттың өзекті саласы. Дін тарихын білмейінше белгілі бір аймақты мекендеген халықтардың тұрмысын, өмірін, мәдени болмысының қыр-сырын терең тану мүмкін емес, яғни кез келген ұлттық мәдениеттің рухани бастауларын, оның менталитеті мен дүниетанымын ұғыну үшін мәдени тұтастықтағы діни жүйелерді терең зерттеп, зерделеудің маңызы ерекше.
Ежелгі
түркі жерінде көне түркілердің
дәстүрлі наным-сенімдерімен қатар басқа
да діндер таралды. Солардың ішінде ең
байырғысы зороастризм діні болды. Кеңес
дәуірінің шығыстанушы ғалымдары В. Струве,
В. Абаев және т.б. бұл діннің Орталық Азия
мен Қазақстан жерінде б.з.д. VІІ ғасырда
таралғандығын атап көрсетеді.
“Қазақстан
жеріне әлемдік діндердің ішінде
алғашқысы болып буддизм келді.
Бумынның ұлы Мұхан қаған осы
дінді қабылдады, ал оның мұрагері Тобо
қаған “Нирвана-сутрадан” бастап
будда әдебиетін түркі тіліне
аударуға жарлық берді. ...Буддизм Шығыс
Түркістандағы соңғы ғұн мемлекеттеріндегі
түркілер арасында тарала бастады, ал
ашин тайпасы олармен тектік тарихи
байланыста болған еді”. Бұл деректер
М.С. Орынбековтің “Қазақ сенімдерінің
бастаулары” кітабынан алынды. Орталық
Азиядан шыққан көшпенділер Үндістанға
дейін барып, осы жерлерде Құшан, Ұлы Моғолдар
мемлекетін құрғаны тарихтан белгілі.
Буддизмнің бұл жерлерде таралуы империяны
бір дін аясында біріктіру мүддесіне байланысты
болса керек. Алайда түркілер бұл дінді
жаппай қабылдады десек, тарихқа қайшы
келер едік. Әрине, будда дінінің моральдық
қағидалары олардың руханилығына жақын
болғанмен, оның жарық дүниені тәркілеу,
“әрекет етпеу” қағидаты көне түркілердің
дүниетанымы мен өмірлік ұстанымдарына
үйлесе бермеді. Түркілерге таныс болған
мани дінінің де тағдыры буддизмге ұқсас
болды. Мани ілімі баяндалған “Болжаулар
кітабы” түркі тіліне аударылғанымен,
бұл дін де түркілер арасында терең тамыр
жаймады. Буддизмен қатар Ұлы Жібек жолы
арқылы христиандық та таралды. Ол басында
несториандық, кейіннен яковиттік түрінде
V ғасырдан бастап қазіргі Қазақстан жеріне
ене бастады және Шығыс Рим империясынан
шыққан әулие Несторий сектасының өкілдерімен
байланысты болды.
Византиядағы
діни алауыздық пен қақтығыстар
христиан дінінің әр түрлі бағыттағы
өкілдерінің Шығысқа қарай ойысуына ықпал
етті. Орталық Азия мен Қазақстан жерін
паналаған христиандар бұл жерлерде өздерінің
ғибадат ететін орындарын салды. Олардың
басым көпшілігі саудагерлер болатын
және қағанат қазынасына алым-салықтар
төлеп тұратын. Бұл жағдайда басқа дін
өкілдеріне төзімділік танытып, олардың
жат жерде өз діндерін ұстап, әдет-ғұрыптарына
сай құдайларына табынуына мүмкіндік
берілді.
Сөз
соңында айтайық дегеніміз, қадым
замандарда көне түркілер жері, Ұлы
Жібек жолы арқылы қаншама діндер өтсе
де, түркілердің негізгі сенімі Тәңірлік
дін, аруаққа табыну болды. Жоғарыда аталған
діндердің ешқайсысы түркілердің руханилығында
олардың көне сенімдерін ығыстырып шығара
алмады. Вильгельм Рубрук түркі жұртын
аралаған кезінде олар өздерінің Тәңірге
табынатынын және оны таза рухани мән
ретінде түсінетінін атап көрсеткен. Тек
ислам діні ғана көне түркі сенімдерімен
іштей синтезделіп, түркі жұртының рухани-мәдени
ұстанымына айналды.
Нағима Байтенова – Қазақ ұлттық университетінің философия және ғылым методологиясы кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор.