Никола Макиавеллидiң мемлекет және саясат туралы iлiмi

Автор: Пользователь скрыл имя, 28 Марта 2013 в 14:56, лекция

Описание работы

Қайта өрлеу дәуiрiнiң көрнектi өкiлi буржуазиялық саяси iлiмнiң негiзiн қалаушы Никола Макиавелли саяси қайраткер, дипломат және тарихшы ретiнде де кеңiнен танылды. Мемлекет және құқық концепциясы тарихында оның саяси идеялары қарама-қайшылықтар мен жаңа iзденiстерге толы болды. Оның мемлекет пен қоғам дамуы туралы көзқарастарын жақтаушылар мен сынаушылардың көптiгi, олардың бұл мәселедегi даулы айтыстары да Макиавелли еңбегiнiң қыр-сырын одан әрi анықтай алады.

Работа содержит 1 файл

policy_mat_53.doc

— 49.50 Кб (Скачать)

 Никола Макиавеллидiң мемлекет және саясат туралы iлiмi

 

 

Қайта өрлеу дәуiрiнiң көрнектi өкiлi буржуазиялық саяси iлiмнiң негiзiн  қалаушы Никола Макиавелли саяси  қайраткер, дипломат және тарихшы ретiнде  де кеңiнен танылды. Мемлекет және құқық концепциясы тарихында оның саяси идеялары қарама-қайшылықтар мен жаңа iзденiстерге толы болды. Оның мемлекет пен қоғам дамуы туралы көзқарастарын жақтаушылар мен сынаушылардың көптiгi, олардың бұл мәселедегi даулы айтыстары да Макиавелли еңбегiнiң қыр-сырын одан әрi анықтай алады.

1469 жылы Италияның Флоренция  қаласында заңгер отбасында дүниеге  келген Никола жас кезiнен бастап-ақ  құқықтану негiздерiмен еркiн таныса  алды. Қаржы қиындығынан университеттегi оқуын толық аяқтай алмаған ол оқуға деген құштарлығы мен iзденiсiнiң нәтижесiнде өздiгiнше оқып ғылымның әртүрлi саласы бойынша терең бiлiм алады. 1498 жылы Флоренция республикасы екiншi канцеляриясының хатшысы болып тағайындалады. Бұл қызметте 14 жыл бойы жұмыс iстеген ол Флоренция республикасында әртүрлi мемлекеттiк iстермен шұғылданады, осы дәуiрдегi көрнектi саяси қайраткерлермен жүздеседi. Саяси iс-шараларды ұйымдастыруға және өткiзуге қатысады.

Басқа елдер мен Италияның  әртүрлi қала-мемлекеттерiнде дипломатиялық  сапармен болған Макиавелли бұл елдердiң мемлекеттiк басқару iстерiмен тереңiрек танысады. Осы жылдар аралығында Н. Макиавелли үкiметтiк жарлықтар мен заңдарды дайындауға қатысумен бiрге мыңдаған әртүрлi деңгейдегi хаттар мен ұсыныстар жазады. Қызмет бабында үлкен тәжiрибе жинақтаған ол мемлекет және саясат мәселелерi жөнiнде мемлекет басшысының сенiмдi көмекшiсi және кеңесшiсiне айналады.

1512 жылы Флоренция республикасының  құлауына байланысты бiрге бүкiл  үкiмет құрамымен бiрге ол да  қызметсiз қалады және оған  қандай да бiр мемлекеттiк iспен айналысуына тиым салынады. Саяси және мемлекеттiк қызметтен шеттетiлген ол бұдан кейiнгi өмiрiн әдеби шығармашылыққа арнайды. 1513 жылы «Патша», «Тит Ливийдiң бiрiншi онкүндiгi», 1519 жылы «Әскери өнер туралы», 1520 жылы «Флоренция тарихы» және тағы басқа еңбектерiн жазады.

Макиавеллидiң мемлекет және саясат туралы iлiмiндегi маңызды жаңалығы саясат саласын жеке ғылым ретiнде  көрсетуге тырысу идеясы болып табылады. Бұл салада орасан зор тәжiрибе жинақтаған ол саясат қоғамдық өмiрдiң бөлек саласы болып табылады деген қорытынды жасайды. Ол қоғамдық өмiрдi түрлi мақсаттары және оларды iске асырудағы мүмкiндiктерi бiр-бiрiне ұқсамайтын көптеген әлеуметтiк күштер мен әрқилы мүдделердiң қақтығысы ретiнде қарастырады. Оның айтуынша саясат — адам еркiне бағынышты жанды қозғалыс, дауылды стихия, күштер арасындағы күрес, олардың үздiксiз қақтығысы, қайшылықтардың шешiмi, өзгерiстер мен қайта құрулар.

Макиавелли саяси оқиғаларға баға беру мен саясаттың аясы туралы идеяларында iс жүзiндегi саясат пен саясат теориясын қосуға ұмтылды. Оның пiкiрi бойынша, саясат түрлi әлеуметтiк күштердiң билiк үшiн, оны ұстап тұру және пайдалану жөнiндегi күрес аймағы. Мұнда түрлi күштердiң ең айлалысы және ең ұтқыры ғана жеңiске жетедi, адамгершiлiк саяси мақсатқа бағындырылады. Саясат пен билiк аймағы — күрестiң ерекше заңдары бар ортасы. Билiк үшiн күресте барлық құралды пайдалану заңы қарсыласты жеңу мақсатында қолданылады. Макиавеллидiң бұл идеясы билiк тарихын зерттеу тәжiрибесiнен алынған.

Саясаттың жеке билiк үшiн күресте әлдекiмдердiң құйтырқы әрекетi болатындығын одан бұрынғы ойшылдар да бiлген болатын. Бiрақ оны алғаш рет ресми түрде қыр-сырын үңiле зерттеген Макиавелли едi. Оның өмiр сүрген дәуiрi Италияның саяси бытыраңқылығы, өзара тартыс-таластар, жат елдiк басқыншылармен күрес, шiркеудiң мемлекет iсiне араласуы да оның мемлекеттегi билiк жүргiзушi мен оның қол астындағылардың қарым-қатынастарын зерттеуге итермеледi. Оның мемлекеттiк қызметтегi тәжiрибесi де сол замандағы тарихи оқиғалардың шымылдық артындағы  «сценарийлерiн», оны жасаушылар мен режиссерларын, бiрiншi рольдi орындаушыларын, негiзгi күштердiң механизмдерi мен тетiктерiн зерттеуге, әрқилы құбылыстар мен процестердi жақсы бiлуi де саяси-құқықтық ойдың асыл қазынасын жасауына көмектестi.

Макиавеллидiң айтуынша, әлемде теңдей дәреже шамасында қайырымдылық пен жауыздық, әдiлдiк пен зұлымдық бар, бiрақ олар бiр елден екiншi елге жылжи отырып, өздерiнiң географиялық бағытын өзгертуi мүмкiн. Яғни, бiр  елде қайырымдылық пен әдiлдiк үстем  болса, екiншi елде жауыздық пен зұлымдық басым болады. Мемлекет тарихында бұл процесс әдет-ғұрып пен мiнездiң және басқа да факторлардың ықпалымен үнемi өзгерiп отырады. Бiрақ әлемдегi жақсылық пен жамандықтың жалпы жиынтығы өзгерiссiз қалады.

Макиавеллидiң саясат саласындағы ең басты еңбегi — «Патша» шығармасы мемлекет басындағы адамдардың ел билеуде басшылыққа алуына арналған әртүрлi кеңестер мен ұсыныстар және қағидалар берiлген туынды болып табылады. Ол бұл шығармасында Италияны бiрiктiретiн диктаторға қажет қасиеттердi ежiктеп көрсетедi. Макиавелли елдi бiрiктiру мен билiк мақсатына жету үшiн барлық амал-айланы қолдануға, яғни қол астындағыларды алдауға, өтiрiк айтуға, уәденi аяққа басуға, зұлымдыққа баруға, адамдарды қырып-жоюға, қатал тәртiп пен күш қолдануға және опасыздық жасауға да болады деп үйреттi. Бұл үшiн, ол билеушiнiң бойында арыстан мен түлкiнiң қасиеттерi қатар болуы және өтiрiк пен екiжүздiлiктiң ұлы өнерiн терең меңгеруi керек деп тапты.

Оның айтуынша, билеушiде табиғат пен адамның  қасиеттерi қатар жинақталуы қажет. Аңдардың қасиеттерiн айтқанда ол арыстан мен түлкiнiң қылықтарын үйренуге жөн сiлтедi. «Егер князь аңдардың әдiс-тәсiлдерiн үйренуге мәжбүр болса, онда олардың арасынан түлкi мен арыстанды таңдауы керек, өйткенi, арыстан жыланнан, ал түлкi қасқырдан қорғана алмайды. Сондықтан да жыланмен күресу үшiн түлкi, ал қасқырды жеңу үшiн арыстан болу керек, тек арыстан болғандар iстiң мәнiн түсiне алмайды» деп жазды Макиавелли.

Итальян ойшылының  пiкiрiнше, билеушi өз iс-әрекеттерiнде  дұрыс деп тапқан әдiстер мен шараларды  қолдана алады. Ал, бұл мақсатта бұрынғы  айтылған уәделер мен анттар бұзылса, әдептiлiк қағидалары мен адамгершiлiк принциптерi аяққа тапталса, азаматтық бостандық шеттетiлiп ескерiлмей қалса, онда тұрған ештеңе де жоқ. Билеушi оған бас ауыртып көңiл бөлмеуi керек. Өйтпеген жағдайда саясатта мақсатқа жету қиыныраққа соғады. «Макиавеллизм» деген атқа ие болған оның бұл iлiмi саясат пен билiкте өз мақсатына қалай жетсең де дұрыс деген қағиданың пайда болуына әкелдi. Оның бұл көзқарастары феодалдық және буржуазиялық билеушiлердiң арасында кеңiнен таралды. Макиавеллидiң бұл iлiмiн қазiргi кезде де қолданатындар бар.

Дегенмен Макиавеллидi зұлымдық пен құйтырқы саясатты ғана уағыздаушы деп түсiну қателiк болар  едi. Ол ел билеу мен саяси мақсатқа жетудiң бұл әдiс-амалдарын жеке бастың мүддесi үшiн емес, мемлекет, қоғам игiлiгi үшiн, елдiң тұтастығы мен бiрлiгi, қуаттылығы және тыныштығы үшiн қолдануға кеңес бередi. Ол ең алдымен өз заманының патриоты, гуманисi, адал ұлы болды. Оның теориясы, концепциясы, көзқарастары — сол дәуiрдiң саяси жағдайын бейнелейтiн едi. Саясат саласында ол ешқашан да зорлықты, азғындықты, жақтаған жоқ. Керiсiнше, ол билеушi, саясаткер халықтың пiкiрiмен санасуы керек деп есептедi. Егер саясаткер зорлыққа сүйенсе, ол оның жеке мақсаты болмауы керек. Оның айтуынша, зорлықтың мақсаты қирату емес, бүлiншiлiктi қалпына келтiру. Кез келген зорлық әрекеттi мемлекет мүддесi үшiн жасалған ғана ақтауға болады.

Макиавелли  саяси билiктi жүзеге асырудың мiндеттi ережелерiнiң бiрi қол астындағылардың  сенiмiне ие болу керек екендiгiн жақсы  түсiндi. Жақсы билеушiнiң басты  қасиеттерiнiң бiрi халық сенiмiне ие бола бiлуi деп есептедi. Халық билеушiнiң билiк қызметiн жүргiзуiне кедергi жасамауы үшiн, олар билеушiге толық бағынышты болуы да қажет. Макиавеллидiң айтуынша, халықты өзiне толық бағынышты етудiң екi жолы бар. Оның бiрiншiсi — халықтың билеушiге деген сүйспеншiлiгi, екiншiсi — оның алдында қорқынышта болу. Бұның қайсысы тиiмдi және қолайлы деген мәселеде Макиавелли «сүйiспеншiлiк пен қорқыныш бiр мезгiлде болғанда тиiмдi нәтиже берер едi, бiрақ сүйiспеншiлiк қорқынышпен сiңiсе алмайды, ал осылардың бiреуiн таңдау қажет болғанда, қорқынышты таңдау тиiмдiрек болады» деген қорытындыға келедi.

Қол астындағыларды өзiне мүлтiксiз бағынышты ету  үшiн билеушi ең қатал және ауыр шараларды  ғана пайдаланып қоймай, ең бастысы  айламен билей бiлуi керек. Макиавелли қаталдық соғыс және төтенше жағдайларда ғана емес, бейбiт уақытта да қажет деп есептейдi. Мысалы, мемлекеттiк билiк жаулары мен сатқындардың көзiн жойып отыру билеушiнiң мiндетi болып саналады. Олардың алдында билеушiнiң жауап-кершiлiк мiндетi болуының қажетi жоқ. «Билеушi сотқа бағынышты емес».

«Патша» шығармасында Макиавелли «билеушi қандай әдiс-термен мемлекеттi басқара алады және билiктi ұстап тұрады» деген сұраққа «билiктiң мықты негiзiн қалау» арқылы қол жеткiзуге болады деп жауап бередi. Оның айтуынша, қандай да бiр мемлекет болсын, билiктiң негiзi жақсы заңдар бола алмайды, мықты әскер бар жерде ғана жақсы заңдар өмiр сүре алады. Күштi мемлекет пен мықты билiктiң өмiр сүруi мемлекеттiк басқару аппаратына да тiкелей байланысты болмақ. Билеушi өзi құрған мемлекеттiк аппарат арқылы ғана бүкiл елге билiгiн жүргiзе алады. Билеушi елдегi саяси билiктiң әлдебiреулердiң де қолында болуына ешқашанда жол бермеуi тиiс.

Мемлекеттiң  басқару формалары туралы ойларында  Макиавелли антикалық заманнан сақталып келе жатқан Платонның, Аристотельдiң және Полибийдiң еңбектерiнде көрiнiс тапқан классификацияларды дұрыс көредi. Ол Полибийдiң басқарудың үш дұрыс формасы — монархия, аристократия, демократиясын және үш дұрыс емес формасы — тирания, олигархия және охлократияны бөлiп қарайды. Оның алғашқы үшеуi басқарудың жетiлген, соңғы үшеуi жетiлмеген формасы болып есептелiнедi.

Макиавеллидiң  көзқарасы бойынша, мемлекеттiң шын  мәнiнде таза күйiндегi жақсы немесе жаман формалары болмайды. Дұрыс  формалар тарихи жағдайлар мен мiндеттерге, оқиғаларға қатыстылығымен ғана дұрыс форма болуы мүмкiн. Ол мемлекеттiк басқару формасының бiр түрден екiншi түрге ауысу заңдылығы туралы антикалық ойшылдардың пiкiрiмен келiседi. Оның ұғымынша, формалардың алмасу заңдылығы төмендегiдей реттiлiкпен өтедi. Монархия тиранияға айналады, тиранияға қарсы қастандық аристократияның жеңiсiне әкеледi, аристократияның эволюциялық дамуы билiк басындағы бай адамдардың олигархиясына жеткiзедi. Бай билеушiлердiң жүгенсiз әрекеттерi халық наразылығын туғызып, ол олигархияны құлатумен және демократияны орнатумен аяқталады. Демократия өз кезегiнде тобыр билiгi — охлократияға ұласады. Охлократиялық билiктен жәбiр көрген халық монархиядан әдiлдiк күтедi және осылай жалғаса бередi.

Мемлекет формаларының бұлайша алмасуын Макиавелли күштер арақатынасының нәтижесi деп есептейдi. Ол мемлекеттiк формалардың ең тұрақтысы және сыртқы қауiп төнген шақта диктаторлық билiктiң енгiзiлуiн жақтаған ежелгi Рим тарихынан мысалдар келтiредi және бейiмдеп қолдануды ұсынады.

Макиавелли  тарихқа орта ғасырлық саяси-құқықтық түсiнiктi өзгертушi, Қайта өрлеудiң  саяси доктринасын жасаушы ретiнде  ендi. Оның iлiмi саяси ғылымның одан кейiнгi дамуына орасан зор ықпал  еттi. Италия ойшылының еңбектерi саяси  даналық пен саяси тәжiрибенiң өзiнен кейiнгi дәуiрге жинақтаған энциклопедиясы.




Информация о работе Никола Макиавеллидiң мемлекет және саясат туралы iлiмi