Автор: Пользователь скрыл имя, 05 Апреля 2013 в 18:31, реферат
Кенді Алтайдағы шоқтығы биік «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ әлемдік рынокқа қарай қадам басты. Өскеменде «ПОСУК Титаниум» деп аталатын Қазақстан-Корей бірлескен кәсіпорнының жаңа зауытын салуды қолға алып отырған «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ пен оңтүстіккореялық «РОSСО» компаниясы электронды-сәулелі әдіспен титан құймасын өндіретін жаңа өндіріс орнының құрылысы басталғандығын ресми түрде жариялап, құрылыстың іргетасын қалады. Бұл алып кәсіпорын 2013 жылы пайдалануға берілмек
Қазақстан титаны әлемдік рынокқа қадам басты
Жұма, 28 Қазан, 2011 _ ҮКІМЕТ «Егемен Қазақстанның» апталық қосымшасы _
Кенді Алтайдағы шоқтығы биік «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ әлемдік рынокқа қарай қадам басты. Өскеменде «ПОСУК Титаниум» деп аталатын Қазақстан-Корей бірлескен кәсіпорнының жаңа зауытын салуды қолға алып отырған «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ пен оңтүстіккореялық «РОSСО» компаниясы электронды-сәулелі әдіспен титан құймасын өндіретін жаңа өндіріс орнының құрылысы басталғандығын ресми түрде жариялап, құрылыстың іргетасын қалады. Бұл алып кәсіпорын 2013 жылы пайдалануға берілмек.
Болашаққа жолдама алған жаңа жобаның тұсаукесер рәсіміне облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Қазақстандағы Корея Республикасының консулы Хан Сонг Джин, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі өнеркәсіп комитетінің төрағасы Аманияз Ержанов, «ӨТМК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Сильван Гелер, «ӨТМК» АҚ президенті Бағдат Шаяхметов және «РОSСО», «ПОСУК Титаниум» ЖШС басшылары қатысты.
Зауыт құрылысының басталғандығын мәлім етіп, салтанатты жиынды ашқан «ӨТМК» АҚ президенті Бағдат Шаяхметов Қазақстан экономикасының дамуына ерекше серпін беретін бұл айтулы шара комбинаттың ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап отырған өзіндік тартуы екендігін жеткізді. Титан-магний комбинаты ұжымы мен олардың кореялық серіктестерін маңызды өндіріс нысаны құрылысының басталуымен құттықтап, сәттілік тілеген облыс басшысы Бердібек Сапарбаев:
– Өскемен титан-магний комбинаты – дүние жүзіндегі осы саладағы ең ірі металлургиялық өнеркәсіп орны. Еліміздің титан өндірісі қанатын кеңге жайып, комбинат Франция, Корея елдерімен бірлескен кәсіпорындар құрып, экономикалық-қаржылық дағдарыстарға қарамастан өркендеп, даму үстінде. Комбинат өнім көлемін ұлғайта отырып, жұмысшыларын қысқартуға жол берген жоқ. Былтыр ғана біз осында жылына 11 мың тонна өнім өндіретін қуаты бар титан құймалары мен қорытпаларын шығаратын жаңа өндірістің ашылғанына куә болдық. Ол зауытты іске қосуға 12 миллиардтан астам теңге жұмсалды. Сол жаңа өндірістің ашылуы арқасында бұл кәсіпорынға 300 адам жұмысқа орналасып, өткен он айдың ішінде өнім көлемі екі есеге өсіп, жұмысшылардың еңбекақысы қазір 150 мың теңгеге дейін жетіп отыр, – деп іргетасы қаланып отырған жаңа зауытты белгіленген мерзімде, кедергісіз салып бітіруге облыс әкімдігі тарапынан, Үкімет тарапынан да жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Сөз алған Қазақстандағы Корея елшілігінің консулы Хан Сонг Джин, «ӨТМК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы. Сильван Гелер, шетелдік кәсіпорын басшылары Қазақстан мен Корея елінің стратегиялық серіктестігінің, ынтымақтастығының айғағындай бұл біріккен қадамның нәтижелі әрі табысты боларына сенімдерін білдірді.
Еліміздің Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі өнеркәсіп комитетінің төрағасы А.Ержановтың салтанатты жиында айтқанындай, бүгінгі күні мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына тау-кен металлургия өнеркәсібі саласы бойынша енгізіліп отырған 61 жобаның 30-ы жүзеге асырылыпты. Жаңа технологияларды енгізіп, өнімнің қосымша құнын көтеруге мүмкіндік берген сол жобалар сәтті жүзеге асып, орындалып жатқан металлургия өнеркәсіптерінің бірі – Өскемен титан-магний комбинаты. Комитет төрағасы үдемелі индустриялық даму бағдарламасын жүзеге асыру барысында индустрияландыру шаралары жүргізіліп жатқан кәсіпорындарға мемлекет тарапынан түрлі қолдаулар көрсетілуде екендігін, оның ішінде Өскемен титан-магний комбинатына шикізатты өңдеп, титан кеуегін шығаруға қажетті қоспаларды шетелден әкелуде кедендік жеңілдіктер жасалып жатқандығын айтып, бірлескен кәсіпорынның кедергісіз салынып, оның екі жаққа да тиімді жұмыс істеуіне де мол мүмкіндіктер туғызылатынын атап өтті.
Бірлескен жаңа өндірістің шетелдік құрылтайшысы болып отырған «РОSСО» компаниясы – құрыш өндірумен айналысатын әлемдегі екінші ірі компания. Оңтүстік Корея мен өзге де елдерден бірнеше еншілес кәсіпорындарын ашып отырған бұл компания Кореядағы екі бірдей металлургиялық зауыттың иесі екен.
Осындай компаниямен біріге отырып, өткен жылы құрылған «ПОСУК Титаниум» бірлескен кәсіпорны титан қалбырлары мен құбырларын жасап шығаратын титан құймаларын өндірумен айналыспақ. 50 миллион АҚШ доллары тұратын инновациялық жоба 2013 жылдың аяғында жүзеге асырылмақ. Өндіріс орнында жылына 5 мың тонна титан құймалары шығарылмақ. Зауытты салатын бас мердігер «Пумянг Констракшн Казахстан» деген компания көрінеді.
Былтыр «ӨТМК» АҚ-та индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында титан құймалары мен қорытпаларын өндіретін жаңа өндіріс орны ашылған болатын. Комбинат өнеркәсіптегі осы жетістігі үшін республикалық «Алтын сапа» конкурсының арнайы сыйлығымен марапатталды.
Шикізатты игеріп, оны түбегейлі өңдеп, титан өнімінің бірнеше түрін өндіріп келе жатқан титан-магний комбинаты қазіргі күні әуе-ғарыштық өнеркәсібін титан кеуегімен қамтамасыз етіп, әлемдік рыноктағы ең ірі өндірушіге айналып отыр. Осы жылдың қыркүйек айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Франция еліне ресми сапармен барған кезінде «ӨТМК» АҚ пен сол елдегі «Обер и Дюваль» компаниясының Лез Ансиз қаласындағы жоғары технологиялар негізінде титан өнімдерін өндіретін «УКАД» бірлескен кәсіпорнын іске қосуға қатысқан болатын.
Титан құймалары мен қорытпалары өндірісін игеріп, сұранысқа қажетті өнім өндіруге жол ашқан бірлескен кәсіпорын құрып, басынан аяғына дейінгі біртұтас өндіріс тізбегін қолына ұстаған Өскемен титан-магний комбинаты енді әлемдік рынокта еркін бәсекеге түсе алатындай жағдайға жетті. Титан өнімінің тағы бір түрі – титан құймасын шығару комбинат өнімдеріне деген сұранысты одан әрі ұлғайтып, қолданыс аясын кеңейтпек. Жаңа зауыттан шығарылатын жаңа өнімдер су жолы көліктеріне, мұнай, газ, химия саласына пайдаланылмақ.
Титан қорытпалары, титан құймаларының түр-түрін шығарып, ол өнімдерді әрі қарай әлемдік жетекші компаниялармен бірлесе қайта өңдеп, құбырлар мен қалбырларға айналдыру Қазақстанда осыдан бірнеше жыл бұрын жобаланып, іске асырылып келе жатқан титан-магний өнеркәсібін дамытудың ең соңғы, аяқтаушы сатысы болмақ. Сонымен Қазақстан титанының әлемдік рыноктан нық орын алатын кезеңі басталды.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
Информация о работе Қазақстан титаны әлемдік рынокқа қадам басты