Тұрар Рысқұлов

Автор: e*********@yandex.ru, 24 Ноября 2011 в 17:54, доклад

Описание работы

Тұрар Рысқұлов 1894 жылы Верный уезіне қарасты Шығыс Талғар болысында (қазіргі Алматы облысы) дүниге келген. Әкесі Рысқұл Жылқайдаров 1904 жылы жел­тоқсанда патша үкіметінің зорлық-зомбылығына қарсы шыққаны үшін он жыл каторгалық жұмысқа кесіліп, Сахалинге жер аударылады. Он жасар Тұрар да Верныйдағы түрмеде әкесінің қасында болады.

Работа содержит 1 файл

ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ.doc

— 53.50 Кб (Скачать)
 

     Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым  Министрлігі

     Шәкәрім атындағы Семей Мемлекеттік Университеті

     Философия және психология кафедрасы 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

     БАЯНДАМА 

     Тақырыбы: ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ 
 
 
 
 
 
 
 

                                         

                                                    Орындаған: Муратбекова А.Р.

                                                                                                   ВТ-011 тобы

                                                               Тексерген: Болысова Қ.М. ф.ғ.к. 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

                                                        Сеией – 2011

ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ  

     Тұрар Рысқұлов 1894 жылы Верный уезіне қарасты  Шығыс Талғар болысында (қазіргі  Алматы облысы) дүниге келген. Әкесі  Рысқұл Жылқайдаров 1904 жылы жел­тоқсанда патша үкіметінің зорлық-зомбылығына қарсы шыққаны үшін он жыл каторгалық жұмысқа кесіліп, Сахалинге жер аударылады. Он жасар Тұрар да Верныйдағы түрмеде әкесінің қасында болады.

     Жастайынан  Тұрар жалшылықта жүріп, байлардың  малын бақты. 1907 жылы Қырғызбаев деген  жалған тек алып Меркідегі бұра­таналарға арналған орысша-қазақша бастауыш мектепке түседі. 1910-1914 жылдары Бішкектегі ауылшаруашылық мектебінде оқи­ды. 1916 жылы Ташкенттегі мұғалімдер институтына қабылданады. Бірақ оны аяқтай алмайды. Қазақстан мен Орта Азияда ұлт-азаттық көтерілісі бұрқ ете қалып, Т.Рысқұлов соған белсене атсалысады. Әулиеатадағы көтерілістің ұйымдастырушысы ретінде тұтқынға түседі. Одан құтылып шыққаннан кейін де өзінің идеялық мақсаты­нан айнымайды.

     1917-1918 жылдары Әулиеата уездік Совдепі  аткомының төрағасы болады. Одан әрі Түркістан денсау­лық сақтау халкомы, Түркістан ОАК төрағасының орынбасары, төрағасы, РСФСР Ұлт істері комис­сариатының қызметкері, алқа мүшесі, халкомның екінші орынбасары болып істейді.

     1924-1926 жылдары Коминтерн АК Орта-Шығыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары, сонымен қатар 1924 жылдың ортасынан 1925 жылдың шілдесіне дейін Коминтерннің Моңғолиядағы уәкілі, 1926 жылы БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті баспасөз бөлімінің меңгерушісі және өлкелік “Еңбекші қазақ” газетінің жауапты редакторы қызметтерін атқарды. 1926 жылдың маусымынан 1937 жылдың шілдесіне дейін РСФСР халкомсовы төрағасының орынбасары болып, репрессияға ұшырады.

     Тұрар Рысқұлов – терең ойлы, болашақты  болжай білген әлемдік деңгейдегі реформатор тұлға. Ол – экономика, мәдениет, дипломатия, тарих, ғылым, білімнің әр саласын жете меңгерген аса талантты адам. Тұрар түркітілдес халықтардың конфедерациясын жариялы түрде ұсынып, экономикалық-саяси жақтан тәуелсіз болуды армандаған. Қанаушылықты, отаршылдықты, шовинизмді, ұлттық саясатты бұрмалаушылықты орталық үкіметке ашық жеткізген. Ол шаруашылықтың барлық саласына ұтымды ұсыныстар айтты. Тұрар 1919 жылдың өзінде Түркістан Республикасының құрамындағы Сырдария облысы, Жетісу облысын Қазақстанға қосып, Ташкент қаласын бүкіл түркілерді шоғырландыратын астана жасауды, соның негізінде Түрік Республикасын құруды айтқан. 1921 жылы Әзірбайжан компартиясының ІІІ съезінде сөйлеген сөзінде Т.Рысқұлов Ататүрік бастаған ұлт-азаттық көтерілісін қолдады. Сол кезеңде Тұрар Азия құрлығындағы Қытай, Үндістан секілді мемлекеттердегі көтерлістің келешегін болжап, жеңіске жететінін айтып кеткен.

     Тұрар Рысқұлов ұлттық экономиканың, өнеркәсіптің, тіпті тұрғын үй және коммуналдық  шаруашылықтың, т.б. әлеуметтік-саяси  маңызы бар өндірістік салалардың дамуына ұшан-теңіз еңбек сіңірген. 1927-1930 жылдары Тұрардың ықпалымен Орталық Азияға, Батыс Қытайға, Батыс Моңғолияға, Батыс Сібірге даңғыл жол салған Түрксіб теміржолы ашылды. Батыс Еуропа мен Биік Азияға (Иран, Ауғанстан, Пәкістан) жол ашатын Волга-Дон каналын (Қара теңіз, Азов теңізі, Каспий теңізі, Парсы шығанағы, Оман шығанағы) салу туралы да 1927 жылы Т.Рысқұлов айтты.

     Ол  – әлемдік, ортаазиялық, ресейлік бірнеше  экономикалық одақтың негізін қалаушы. Соның бірі – 1923 жылы Ян Эрнест Рудзутак екеуі ұсынған Иран Республикасы мен Түркістан Республикасының арасындағы кедендік одақ. Сол жылы Бұқара, Хиуа, Түркістан Республикасының арасында да экономикалық одақ құрылды.

     1919-1934 жылдар аралығында Тұрар Рысқұлов  жауапкершілігі шектеулі серіктестік  немесе акционерлік қоғам құру арқылы шағын және орта бизнесті дамыту туралы бірнеше рет мәселе көтерген. Сондай-ақ экономикалық дамуымыздың базалық негізі геологиялық басқарманы құруды 1928 жылы ұсынды. Соның нәтижесінде қазба байлықтар ашылып, экономикамыз жан-жақты дамыды.

     Ұлттық  Республикалардың тағдырын ойлаған  Тұрар 1923 жылы Ресей коммунистік  партиясының ХІІ съезінде ұлттық-одақтық  кеңес құруды, ұлттық республикаларды  экономикалық аудандау керектігі туралы баяндама жасады. 1924 жылы еуразиялық идеяны ұсынған да Т.Рысқұлов болатын. Ол сол арқылы Еуропа мен Азия халқын жақындастыруды көздеді. 1926 жылы ұлттық республикаларды, өлкелерді индустрияландыру тұжырымдамасын әзірледі.

     Тұрардың  оқу-ағарту саласына сіңірген еңбегі де орасан зор. Рысқұлов басшылық қызметте жүргенде 1920 жылы Түркістан үкіметінің шешімімен Ташкенде Қырғыз-қазақ институты ашылса, 1924 жылы Мәскеуде Шығыс халықтарының университеті шаңырақ көтерді. 1928 жылы Алматыда Қазақ университеті, 1929 жылы малдәрігерлік институты, 1930 жылы ауыл-шаруашылық институты ашылады.

     Тұрар Рысқұлов 1936 жылы Орталық Атқару комитетінің  мүшесі болып тұрған кезінде және Ресейдің Совнарком төрағасының орынбасары қызметін атқарған кезде Қазақстан мен Қырғызстанның одақтық Республика болуына ықпал етті. Бұл оның еліне сіңірген зор еңбегі деуге болды. Өйткені Қазақстан одақтық республика дәрежесіне жетпегенде Башқұртстан, Татарстан, басқа автономиялы республикалар сияқты Ресей Федерациясының құрамында қала берер еді. Өзінің сотталар алдындағы соңғы сөзінде Тұрар Қазақстан мен Қырғызстанның одақтық республика болуын мақтанышпен айтып кеткен.

     Тұрар Орта Азия зиялыларының Мәскеуде білім алуына, өсіп-жетілуіне тікелей ықпал етті. Н.Нұрмақов, С.Меңдешев, Д.Қонаев, М.Сұлтанғалиев, Қ.Сәтбаев, Ю.Абдрахманов, Т.Айтматов, Ж.Досмұхамедов, Х.Досмұхамедов, С.Аспендияров, М.Әуезов, Ә.Диваев, т.б. азаматтарға көп қамқорлық жасады. Әлихан Бөкейхановты абақтыға жапқанда Сұлтанбек Қожанов екеуі Сталинге телеграмма жазып, Әлиханның абақтыдан босауына атсалысты. Сол кезеңде бүкіл Алаш зиялылары Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Қожанов сияқты белгілі тұлғалардың төңірегіне Ташкентке шоғырланды. Ол 1922-1924 жылдар аралығында Халел Досмұхамедов басқарған «Талап» қоғамына да қаржылық көмек көрсетіп, ғылымды дамытуға үлес қосты.

     Өткен ғасырда қазақ халқы үш аштықты  басынан кештi. 1933 жылғы Голощекиннiң  қолдан жасаған аштығы жиi айтылады. 1919 және 1921 жылғы құрғақшылықтан болғандары сиректеу ауызға алынады. Үшеуiнде де миллиондар аштықтың құрбаны болды. Алдыңғыларында Рысқұлов Аштық комиссиясын басқармағанда, соңғысында Сталинге хат жазып, республикадағы аштық ауқымын нақты жеткiзiп, шұғыл шаралар қолдануды талап етпегенде, жер бетiндегi ұлтымыздың саны күрт төмендеп кетерi анық едi. Рысқұлов – ұлтымыздың генефонын сақтап қалған тұлға екенiн мойындау керек.

       Рысқұлов Бакудегi әлеуметтiк-экономикалық  ұсыныстарының бiрқатарын 1926 жылы 12-14 қарашада Мәскеуде болған өзiнiң Жеке кеңесiнде Одақтас республикалар өкiлдерiнiң назарына қайта ұсынды. Республикаларды индустрияландырмайынша мешеулiктен құтылу мүмкiн еместiгiн, ол үшiн шикiзаттарды өздерiнде өңдейтiн кәсiпорындар ашуды алға тартты. Өндiрiс орындарының сандары көбейген сайын жұмыс орындары да молайып, экономикалық даму үдеп, республикалардың дербестiгi, қуаттылығы күшейе түсетiнiн жеткiздi.

       Ол ұлы орыс шовинистiк саясатымен  ашық күрестi. Оларға жол бермеу  үшiн Орталық басқарушы аппараттарда әр ұлт өкiлдерiнiң отыруын талап еттi. Өзi РСФСР Совноркомының қызметiнде жүргенде ұлт кадрларын жауапты орындарға тартты. Ұлттардың мұқтаждықтарына ден қойды.

       Рысқұловтың ауылшаруашылығын реформалауға  қосқан үлесi де мол. Ол 1930 жылы  Орталық үкiметке Австралияның, Жаңа Зеландияның, Солтүстiк Американың ауылшаруашылығын дамытудағы тәжiрибелерiн пайдалануды ұсынды. Үкiмет оны дәл сол кезде қолдай қоймағанымен, көп кейiн 1960 жылдардың бедерiнде сол елдерге арнайы мамандар жiберiп, тәжiрибе алмасуға мәжбүр болды. Рысқұловтың ой-тұжырымы аграрлық-экономикалық саясатта да анау айтты өзгелерден артық болмаса, бiр мысқал да кем емес екенiн сыбайластары жақсы бiлген.

     Ұлт мамандарына, зиялыларына, ғылымға  Рысқұловтың жанашырлығы өз алдына бiр әңгiме. Түркiстан республикасы Совнаркомының төрағасы Тұрар Рысқұлов 1920 жылы үш жаққа бөлiнiп кеткен Алашорда өкiлдерiн Тәшкентке жинап, “Талап” қоғамын құрды. Оған Кәрiм Жәленов, Халел, Жанша Досмұхамедовтер, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов, Мiржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Мырзағазы Есболов және т.б. мүше болды. Бұл қоғам алғашқы ғылыми орталыққа айналды. Қазақстан Ғылым академиясының негiзi сонда жатыр. Рысқұлов бюджеттен дер кезiнде қаражат бөлгiзiп тұрмағанда, оның жабылып қалуы мүмкiн едi. Ақын Мағжан Жұмабаевтың “Түркiстан” атты тамаша өлеңi Орынборда емес, Ташкентте дүниеге келдi. Түркiстан идеясын, түркi жұртының бiрлiгiн жырлады. Өлеңнiң жазылуына Рысқұлов, Қожанов, Төреқұловтың әсер еткенi анық. Қоқан үкiметiн большевиктер құлатқан соң Мұстафа Шоқай шет елге кетедi де, Мұхамеджан Тынышбаев жұмыссыз қалады. Рысқұлов оны Тәшкентке шақырып, Совнаркомның транспорт бөлiмiне бастық етiп тағайындайды.

Тұрар Рысқұловтың өз туындыларын байыптап байқап шыққанның өзінде Тұрартұғыр дейтұғын текті түсінік, ұлағатты ұғым пайда болады. Тұрартұғыр! 

Тұрартұғыр. Ол – Рысқұлов феноменінің тау тұлғалы тұрпаты. Өткен ғасырдың жиырмасыншы және отызыншы жылдарында Тәңіртаудың шоғыр-шоғыр шыңдарындай асқақтап шыққан Алаштың ардақтылары аз емес-ті. Солардың бірі һәм бірегейі – Тұрартұғыр дейтұғын дара ұғым тудыратын Тұрар Рысқұлов. Тұрартұғыр – түркі ұлттарының түгел тағдырын тым-тым тереңнен ойластыра алған, қазағының қамын қайраткерлікпен қарастыра білген, ұлтын аштықтың алапатынан алып қалған, тоталитарлық тәртіп билігінің биіктерінде жүріп-ақ, қаскөй қызметтестерінің аңдуында отырып-ақ Алаш арнасындағы азаматтық парызын адал атқарған ардақтымыздың бейнесі. Тұтас таудың қымбат құзары. Тұрартұғыр – басшы бола білмектің, басқара білмектің, ел мен жерге, халыққа қызмет етпектің, зиялылық пен зияттылықтың үлгі-өнегесі. Тұрартұғыр – Тәуелсіздікті баянды етпек бағыттағы таланттар мен дарындардың бағдар етер биік мұнарасы. 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Пайдаланылған әдебиет: 

    1. http://www.egemen.kz/about/тұрар-рысқұлов
    2. http://www.turkystan.kz/page.php?page_id=31&id=508
    3. Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 7 том
    4. http://www.inform.kz/kaz/article/1211697
    5. Егемен Казакстан газеті

           №90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ2009-02-10:  
     
     
     
     
     
     

Информация о работе Тұрар Рысқұлов