Автор: Пользователь скрыл имя, 20 Февраля 2013 в 18:45, доклад
Қожа Ахмет Йассауи - сопылық поэзияның негізін салушы ақын, күллі Күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған ұлы ойшыл, діни қайраткер тұлға. "Мединада - Мұхаммед, Түркістанда - Қожа Ахмет" деген қанатты сөздің өзінен-ақ кезінде оның қандай қадір-құрметке бөленгенін аңғаруға болады. Әкесі Ибраһим Махмұд Сайрамда жасаған ғұлама кісі болыпты. Ахмет Йасы (Түркістан) қаласында дүниеге келген. Шешесі ертерек өледі де, жеті жасында әкесі дүние салады. Бала Ахметтің басты ұстазы, тәрбиешісі аталас туыс боп келетін Арыстанбаб екен.
Қожа Ахмет Йассауи
Қожа Ахмет Йассауи - сопылық поэзияның негізін салушы ақын, күллі Күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған ұлы ойшыл, діни қайраткер тұлға. "Мединада - Мұхаммед, Түркістанда - Қожа Ахмет" деген қанатты сөздің өзінен-ақ кезінде оның қандай қадір-құрметке бөленгенін аңғаруға болады. Әкесі Ибраһим Махмұд Сайрамда жасаған ғұлама кісі болыпты. Ахмет Йасы (Түркістан) қаласында дүниеге келген. Шешесі ертерек өледі де, жеті жасында әкесі дүние салады. Бала Ахметтің басты ұстазы, тәрбиешісі аталас туыс боп келетін Арыстанбаб екен. Ол өмірден қайтқаннан кейін, 17 жасында Йасы қаласына келеді. Дәл осы кезден бастап араб, шағатай, парсы, түркі тілдерінде өлеңдер жаза бастайды. Шығыс поэзиясы мен әдебиетіне көңіл қояды. Кейін Бұхарада Имам Жүсіп Хамаданидың діни медресесінде оқиды. Оны тәмәмдаған соң сопылық жолдың біраз ащы-тұщысын татып, көптеген қалаларды аралап, туған шаһары Түркістанға қайтып оралады да, Арыстанбаб қалап кеткен дәстүрді жалғастырады. Осында ол ислам дүниесі кең таныған кемеңгерге айналады... Ал 63 жасынан бастап қалған өмірін жер астында, яғни қылуетте өткізеді. Бұны Ахмет: "Пайғамбар жасына жеттім. Маған одан артықтың қажеті жоқ. Пайғамбар белгілеген мерзімнен артық өмір сүрудің керегі жоқ", - деп түсіндіреді. Қанша жыл ғұмыр кешкені жөнінде әр түрлі деректер бар. Бір деректе 73 жыл, келесілерінде 85 жас деп берген. Ж. Аймауытов ақынның 149-хикметіне сүйеніп, Йассауиді 125 жас жасаған дейді (онда 1041 ж. туған болады).
Әзірет Сұлтан атанған бабамыздың мәңгі өшпес асыл мұрасы - "Диуани хикмет" (Даналық кітабы) қыпшақ диалектілерімен көне түркі тілінде жазылған. Түпнұсқасы сақталмаған. Бізге жеткені XV-XVI ғасырлардағы көшірмесі ғана. Ондай нұсқалар өте көп. Олардың көбі Стамбұл, Қоқан, Ташкент, Мәскеу, Алматыда сақталған. Түркі тілдес адамдар Ахметтің "Хикметін" қиындықсыз оқи алды. Бұл шығарма түркі халықтарының рухани жетістігі болып табылады. Ол - шығармаларын оғыз-қыпшақ диалектісімен жазған ең алғашқы дарынды түркі ақыны.
Исламның сопылық бұтағы VII-VIII ғғ. пайда болды. Ал "Диуани хикмет" мұсылмандық жолының негізгі ережелері мен қағидаларын көрсетіп береді. Ұлы кітапта ақын исламдық төрт ұстынға - шариғат, тарихат, хақиқат, мағрипат мәселелеріне назар аударады. Шариғат - ислам дінінің заңдары, дәстүр-салттары. Тарихат - сопылық ілім. Хақиқат - құдайға жақындау, қосылу. Мағрипат - дінді танып-білу. Ахметтің ойынша, шариғат, тарихат, мағрипатсыз хақиқатқа (Аллаға жақындау) жетпек жоқ. Адамның өзін-өзі айқындауы оның рухани өмір танымынсыз, тіпті, қажет болса, жанын берер шынайы берілусіз мүмкін емес. Йассауи тақуалық пен сабырлылыққа, тәубешіл болуға үндейді. Пайғамбардың "Иман жаны - ұят" деген хадисін санаға құяды. Бұл дүниеде жұмаққа апаратын алтын көпір екен. Адамдарды әділдікке, қайырымдылық, мейірімділікке шақырады.
Оның жолын ұстанған шәкірттері мен сопылықты уағыздаушылар түркістандық ғұламаны күллі әлемге таратты. Қожа Ахмет түркі халықтарының жаңа исламдық өркениеттегі халықтық ағымының арнасын анықтап берді. Ол жаңа діни идеологияны тәңірілік шамандықпен, зороастризммен біріктіре отырып, қоғамдық-әлеуметтік санаға сіңіруде көп еңбек етті.
Ахмет Йассауи арқасында сопылық ілімнің философиялық жүйе ретінде түркі халықтары рухани дүниетанымында шешуші маңызы болды. Егер түркі халқы оған дейін Тәңірге сыйынса, енді олар бір Аллаға табынды. Осы арқылы олар Шығыс философиясы мен әлемдік діни пәлсапаны танып білді.
Әмір Темірдің бұйрығымен XIV ғасырда Әзірет Сұлтан рухына арналып, Түркістанда архитектуралық ескерткіш орнатылды. Бұл жайында жергілікті халықта мынадай аңыз бар: "Қожа Ахмет Йассауи мазарын тұрғыза бастағанда, қара дауыл қабырғаларын ұшырып әкетеді. Осыдан кейін Темірдің түсіне шал (Қызыр) еніп, ол ең алдымен Ахметтің ұстазы Арыстанбабқа мазар тұрғызу жөнінде аян беріпті. Темір шалдың айтқанын екі етпей орындап, содан кейін барып қана өзі ойлаған жұмысына кіріседі".
Қажылыққа келгендер алдымен Арыстанбабтың басына түнеп, содан кейін барып Ахметке тәу еткен. 1982 жылдан бұл ескерткіш мемлекет қарауында. Керемет ғимараттың ұзындығы - 65,5 м, ені - 45,5 м, биіктігі 37,5 метрлік қақпалы порталы бар. Мазарда отызға жуық мешіт, кітапхана, залдар бар.