Автор: Пользователь скрыл имя, 31 Марта 2013 в 20:41, статья
Бір ұлттың ұлт дәрежесіне көтерілуі, ұлт болып сақталып тұруы, ұлттық мәдениетпен тікелей байланысты. Ұлт мәдениетінің басты өлшемі өзіндегі тілге тиек болатын рухани тұлғалар мен ұлттық тіл-ділдің, өнердің өрлеуімен, салт-дәстүрдің қалыптасып дамуымен көріктенбек.
ӨНЕРІ ӨРІСТЕГЕН ЖАРМА
Бір ұлттың ұлт дәрежесіне көтерілуі, ұлт болып сақталып тұруы, ұлттық мәдениетпен тікелей байланысты. Ұлт мәдениетінің басты өлшемі өзіндегі тілге тиек болатын рухани тұлғалар мен ұлттық тіл-ділдің, өнердің өрлеуімен, салт-дәстүрдің қалыптасып дамуымен көріктенбек.
Қазақ қоғамының әлеуметтік негізі ауыл болғандықтан оның рухани алтын тамыры да ауыл мәдениеті мен өнерінен құралады.
Әр шағылда көрінген ауылдарды
Білдей-білдей қаладан артық көрем, -деп Мұқағали Мақатаев жырлағандай, алтын бесік ауыл әркімнің атамекені ең алғаш өмірдің, өнердің оң мен солын таныған, қара өлеңмен ауызданып, күймен көзін ашқан ортасы.
Өткен 2008 жылы біздің Шығыс Қазақстанда Кеңестер Одағының кең шекпенінің ішінде өскен аудандардың жарысқазан жасағандай бірінен соң бірінің 80 жылдық тойы болды.
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» әбігерлікке естіген құлақтың жақындағысын қойып, алыста жүрген азаматтары да елеңдемей құлмады. Өйткені, туған жердің түтіні де ыстық емес пе? Е, той не үшін жасалады? Ішіп-жеу, қыруар қаржыны оңды-солды жұмсау, атақ шығару, баяғы сол күпілдек мақтан үшін бе?
Той-елдің тарихын, өткен-кеткенін, ел болып істелген жұмыстың ерлікке толы тарихын жинақтап шежіресін жасаумен, бүгінгі ұрпақтың өз өлкесінің тарихын білуге, одан өнеге-үлгі алып, алдағы бет алыстарын, көшін түзеу үшін қажет.
Көк таудың бірі арқада Қалбатауы,
Ақ құндақ асыр салған аңға тауы.
Шыңғыстың қандығында Қытай-Монғол
Жорытып батқан талай қанға тауы, -деп Тайыр Жароков жырлағандай, е... «дешті сақ-қазақ сахарасы не көрмеді. Шыңғысханның жер қайыстырған қалың қолы, ақсүйек, жұт пен індет «Елім-ай, латқан» жоңғардың «Ақтабан шұбырынды алқа көл сұламасы» қоңыраулы атандардың қомды өркешін тайлаған, жүк басқан, ақ шаңдақ жібек жолы өткен бұл өлке. Оның үстіне өзге адамзат көрмеген Қытай мен Ресей империяның ортасында тағдырдың бодандық зобалаңынан, атамекеннен неше рет ел үркіп, атаннның бұйдасы кесіліп, жүгі ауып, ел іргесі сөгіліп, қайғы тауқыметін тартқан кешегі 1941 жылғы қанды соғыста азаматтарын көгендеп, майданға жөнелтіп, жас бала, кемпір шалдары «майдан үшін, тері мен жанын берген қасиетті мекен.» Сондықтан ұлы Мұқаң (Мұхтар Әуезов) айтқандай «біздің халқымыздың атан түйе тарта алмас таудай тарихы бар.» Ел мен жер Жарма сияқты территориясы үлкен, тарихы бай. Кешегі Жоңғардың қанды жорығымен айқасқан қазақ тарихының даңқты қолбасшыларының мүрдесі жатқан Жәнібек, Боранбай батыр.
Тауды бұзып,
Тасты тіліп,
Тамшылатып,
Ашты тер...төккен адамның күре тамырындай болған қазақ жері үшін қуанышынан тонау, қайғы-қасіреті басым болған Түркістан-Сібір жолын, жалаңаш жаяу-жалпы салды. Қара тастан сары алтынды жентектеп, мал мен егін жайын жайқалтқан аймақ.
Кен қазып, мал өсіріп егін еккен,
Кәсібім қара кенім алуан менің.
Қалбаның қара бұйрат тауын тескен,
Білегім балтырыммен балуан менің, - деп өлкенің тумасы, халық ақыны Қалекең (Қ.Алтынбаев) жырлағандай, төрт тұрманы, төрт құбыласы тұнып тұрған байлық пен тарих елі ер туғызған, ері ел намысын қорғаған айшықты өлкенің тарихы бұл ауданның 70 жылдығына «Қалбатау» (Қ.Көшербаев), 80 жылдығына (А.Сәтбеков, Ә.Жайсаңбаев) «Құт дарып бақ қонған ел» кітабы өздерінің не әкімдердің тапсырыс беруімен 2 томдық қалың тарихы жазылды. Жарма жайында толғаныстар мен бүгінгі күн тіршілігіндегі ұжым шарлардағы жұмыстар қамтылған. Дегенмен, Жарма мен Шар өлкелері жайлы кейбір деректерден хабардар болуы үшін пайдалы жақтары баршылық. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, өлкенің өзіне лайықты «қазаны қандай болса ожауы сондай» деген шартқа толмайтынын талғампаз оқырман өкпе етіп айтып жүргенін ет құлағымыз естімей жүрген жоқ.
Осы өкпемен кемшін тұсын толықтырғандай Жарманың 80 жылдық тойының қызық-шыжығы басылмай жатып, Қазақстан Журналистері одағының мүшесі, ақын, зейнеткер, ұстаз, Жарманың қоғамдық өміріне белсене араласқан Мәуітқазы Зүкеновтің 80 жылдығына арнап «Өнері өрістеген Жарма» деген кітабы жарық көрді.
Төрт бөлімнен тұратын 150 беттік еңбекте автор қысқа да нұсқа, мәнді де мәнерлі, шынайы тарихи фактілермен қадау-қадау ауданның өнер мен мәдениет тарихын, рухани өмірін жеткізе білген. Автор өлкенің мәдениет тарихын жазуда рухани мәдениет өнер тарихын зерттеуді, заттық шаруашылық мәдениет тарихын зерттеуден маңызды деп қарайды. Мысалы, қазып алынған тарихи мұра, не соған ұстаным өз ұлтыңдікі де, өзгенікі болуы да мүмкін, ал сол жердегі ұлттың дәл қазіргі бойында бар тарихи өнері мен мәдениетінің қалдықтары жалғасты өсуі оның өзінікі.
Кітапта ақын мен шешендік өнерде бір әулеттен шыққан 17 ақын мұның қазақ тарихында «Генофон» аталуы оның соңғы сарқыты кешегі халық ақыны Қалихан Алтынбаев. Оның шәкірті бұл күнде Семейде 10 жылдан артық ақындар мектебін басқарып, республикада «ақындар бапкері» атанған. «Қазақстанның мәдениет қайраткері», айтыскер ақын, жармалық Дәмеш Омарбаева, ал оның шәкірттері Сара Тоқтамысова, Ринат Заитов, Нұржан Өмірбаев, Қарлығаш Аубакирова. Академик Әлкей Марғұланның «мәдениет дегеніміз- адам баласының ақыл-ой, маңдай тері, қажырлы еңбегі. Мұның бәрі зор қоғамдық сипат»- деген бағасын көпке ортақ ұғымға айналдыра отырып, 1937 жылы Жармада клубтар саны 20, Қызыл бұрыш 9, кітапхана 13, үш кино қондырғы, төрт жылжымалы кино, аудан бойынша 46.368 адамға 22 ауылдық кеңеске қарайтын 54 колхоз, екі ауыл шаруашылық, артелге 128 отбасы жеке шаруа, екі совхоз, 2 МТС, 2 теміржол бекеті, бес рудник-қызметі дей келіп, Отан соғысы басталар алдында, 1940 жылы ауданда 23 клуб, он кітапхана, 35 қызыл бұрыш, 4 кино қондырғы, 13 оқу залы, 18 көркем өнерпаздар үйірмесі болғанын, бұл сан өсіп, нарық жекешеленген тұста қайта құлдырап 56 клубтың барлығы, 42 кітапхананың, 30 мәдениет үйінің төртеуі қалса, Шардағы 32 кітапхананың отыз бірі, клубтың отызының бәрі жойылып жоқ болғанын айтады. Елбасының «Мәдениет жылындағы» Жолдауы бойынша аудан әкімі Дүйсенғазы Мағауияұлы Жарма ауданы мәдениет үйіне (аудан орталығындағы) 3750 долларлық светомузыка, әншілердің әрқайсысына 500 доллар тұратын микрофон. Әрбіріне 35 мың теңгелік концерттік киім, жаңа Ваз автокөлігін сыйға беріп, оңды бет бұрыс жасағанын өрлеудің өнердегі кепілі етіп көрсетеді.
1935 жыл аудан өнер тарихында әнші композиторлар Солтан Ақабаев, Николай Матвиенко, ақын, ғалым, әнші Т.Абдрахманова, дирижер Г.Ахметова, актер Халел Шөженов (1908-1943), Қ.Қуандықов (1927-1971), Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шолпан Жандарбекова, артистер Ғ.Рахымұлы, Қадырғазы Сламғазы, сазгер Уәли Айдаболов қазақ мәдениетіне өнері сіңген актер, күйші, әнші, 70 әні, 275 әңгімесі бар Қали Дүйсекеев, Роза Рымбаева, Ғалым Рымбаев, Үмітжан Қалиева және көптеген жергілікті өнер адамдарын көрсете білген. Жарма төсінде ең алғаш 1978 жылы Қалбатау совхозының директоры ауыл шаруашылық ғылымдарының кандидаты, Қазақстан жоғарғы кеңесінің депутаты Күнслам Мұсажановтың қамқорлығымен құрылған халықтық ұлт аспаптар оркестрі Мәскеу сахнасында, шет елдерде болып, аудан өмірінде тұңғыш өнер жұлдызы болып жарқырады. Бұдан кейін Михайловкада құрылған және Белтерек совхозының халық театры атағын алған өнер ұжымдарының елге рухани тәрбиесін сөз ете отырып, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің дабылынан кейін Жарма өңірінің рухани мәдени өмірінде, тіпті баспасөздерде, Семей облысына даңқы жайылған ұйымдастырушысы Жарма аудандық идеология бөлімінің хатшысы Әділова Күлсара, клуб төрағасы әрі жүргізушісі Мұхаметқазы Мұхамадиұлы тұрақты 10 жыл бойы қазақ тілі мен салт-дәстүрді насихаттап, аудан, тіпті Қазақстанның өнер, ақын-жазушы, ғалым қайраткерлерімен өткізген кештер, аудан бойынша «Алтын бесік ауылым» атты жарыс ұлттық мәдениетімізді тануда, тәрбие беруде теңдессіз жұмыс істеді. Мұрагердің әр совхозда «Еңірекей», «Әуен», «Алаш тобы», «Сарыарқа» ансамбль оркестрлері жұмыс істеді, ақын Қалихан Алтынбаевтың:
Мұрагерім, мұрагер бол,
Бәйгеден озып келер Құлагер бол,- деген ақ батасын орындап шықты.
Автор «Мұрагер» ұлттық клубында өткен ақын С.Әлімбетовтың 100 жылдығы, Ақтайлақ бидің кітабының тұсаукесерінде, Ер Қабанбайдың 300 жылдық тойы, Әди Шариповпен кездесу кеші, Т.Әбдірахманова мен және «Семей таңы» газетінің 70 жылдығына арналған кештерде оқылған арнау өлеңдермен, өнерге деген ыстық ықыласты кітапта оқырманға ұсына білген. Автор Жармада 1987 жылдың өзінде бір бөлім ұлтжанды азаматтар, Аділова Күлсара, Тортаев Қабдісләм, Мұхамадиев Мұхаметқазы, Мәуітқазы Зүкенов, Каметов Сағынған, Еркін Жұмағұлов, А.Мұсылманқұлов, Келденова Гауһар, Әипов Мұрат, Сәтбеков Алкеш, Жармұхаметов Социал, Сембинов Төкен т.б. араласуымен ауданда өлкетану мұражайын құру туралы комиссия құрылып, ұлттық мұра, құндылықтарды жию Ортабұлақ мектебінің тарих-география мұғалімі (Мұхамадиев М) табыс етіліп, көлік бөлінеді. Екі жыл жаздық демалысында ел аралап, халықтан ескі мәдени мұраларды жиып, Алматыдағы Қазақстан мәдениет министрлігінен үш музей әрлеуші өнер адамын әкеп, Жарманың 1988 жылы 60 жылдығына орталық музейдің ашылу тарихы тәрбиелік құндылығын сөз етеді.
Мәуітқазы Зүкенов «ел іші өнер кеніші» екенін дәріптей отырып, ел ішіндегі қолөнер шеберлерін өрімші, суретші, күйші, сынықшы, қолөнер ағаш шеберлерінің атын қағыс қалдырмай ұрпақты өнеге алуға тәрбие етеді.
Автор 1970-1980 жылдары республикалық лауреат атағын алған «Бірліктегі», «Арай» ансамблі, Бари Каримұлы Алибасовтың «Нана» өнер тобының 1995 жылы Ресейдің «Бүркіт» орденімен наградталғанын, Былқылдақ ауылының мектеп директоры Естай Ыбыраевтың кезінде екі рет Ермек Серкебаевпен бірге екі рет республиканың фестивалінде лауреат атанғанын, автор «Өнері өрістеген Жарма» кітабында мектептер мен кітапханаларға құнды тарихи дерек береді. Әрі жергілікті әуесой сазгерлермен, күйшілердің де дарынды шығармашылығынан хабар беріп, автор аудан мәдени өнер өмірін толықтай толғайды. Бұл Жарма ауданының мәдени рухани өнердегі өмірін тануда тарихына қосылған бағалы жинақ.
Мұхаметқазы МҰХАМАДИҰЛЫ,
М.Әуезов атындағы Семей университеті,
Этнограф-тарихшы.
Семей таңы
26-02 -2009жыл