Автор: Пользователь скрыл имя, 02 Мая 2012 в 22:00, лекция
Қазақ философиясында басқа халықтар тәрізді Әлем мен Адам екі дүниенің сырын ашуға ұмтылған. Аспан денелерінің қозғалысына тандана қарап, өзінше ой түйген. Көк аспанның сырын ашуға талпынған. Жұлдызды әлемнің жұмбақтарын ашуды арман еткен. Нәтижесінде дүние туралы түсінігі, көзқарасы қалыптасқан. Адам бойындағы небір тылсым күштерді де тануға ұмтылған. Қазақ халқының дүниесезімі мен дүниетанымының ерекшелектері өзі өмір сүрген ортамен тікелей байланысты. Қазақ халқы басқа еуропа халықтары сияқты табиғатты өзгертуге немесе оған үстемдік етуді мақсат етіп қоймаған. Керісінше, табиғатқа бейімделіп, онымен гармониялық қатынас орнатуды мақсат тұтқан. Қазіргі заман тілімен айтқанда, көшпенді қазақтардың экологиялық санасы биік болған. Бұл - біріншіден. Екіншіден, қазақ дүниетанымының ерекшеліктерін айтқанда, ескерер мәселе, ол - қашанда олардың еркіндік пен бостандық сүйгіштігі. Қазақ жерінде ешқашанда құлдық болмаған. Үшіншіден, қазақ қашанда теңдік пен әділеттілік мәселесіне қатты назар аударған. Төртіншіден, теңдікке негізделген әділеттіліктен әлеуметтік айырмашылықтар мен әлеуметтік топталу аз болған. Бесіншіден, байлыққа жетуден гөрі ар-намысты жоғары ұстау халықтың қанына терең сіңген құндылық. Онымен тығыз байланысы бар нәрсе - бар затқа қанағат ету де қазаққа тән қасиет. Алтыншыдан, ұжымдық мүддені жеке мүддеден гөрі жоғары ұстау – ол да көшпенділік өмір салтынан шыққан құндылық. Жетіншіден, өне бойы көшіп-қону барысында қашанда әр қилы қиындықтарды, қауіп-қатерлерді бастан кешуге тура келді.