Автор: Пользователь скрыл имя, 19 Сентября 2011 в 21:12, реферат
1. Педагогика – тəрбие жөніндегі ғылым
2. Педагогиканың пайда болуы мен дамуы
Педагогика және оның тарихы
Жоспары:
1. Педагогика – тəрбие жөніндегі ғылым
2. Педагогиканың
пайда болуы мен дамуы
1. Педагогика – тəрбие жөніндегі ғылым
Адам биологиялық тіршілік иесі ретінде дүниеге келеді. Оның тұлға болып жетілуі үшін – тəрбиелеу қажет. Тəрбие адамды ізгілендіріп, оған қажет қасиет, сапаларды қалыптастырады. Қазіргі қоғамда тəрбие жұмыстарын жүргізу үшін арнайы мекемелер түзілген. Бұл процесті кəсіптенген адамдар басқарады. Тəрбие жөнінде арнайы ғылым қалыптасқан. Міне сол ғылымды үйренуді енді бастаймыз.
Адам тəрбиелеу жөніндегі ғылым педагогика деп аталады. Ол өз атамасын грек сөздері «пайдес»- балалар жəне «аго» -жетектеу дегеннен алған, тікелей аудармасында «педагогика» сөзі бала тəрбиесін бағыттау өнері дегенді аңдатады, ал «педагог» сөзі бала жетектеуші мəнін білдіреді.
Барша дəуірлерде педагогтар балалардың табиғаттан берілген мүмкіндіктерін іске асырып, жаңа сапаларды қалыптастырудың тиімді жолдарын тауып, оларға көмектесумен келеді. Мыңдаған жылдар бойы қажетті білімдер тырнақтап жиналып педагогикалық жүйе негізге келді, тексерілді, қажет болмаған тұстары қолданымнан шығарылды, ақырында өміршең, ең пайдалы педагогикалық идеялар сақталып, бүгінгі күнімізге жетті. Бірте-бірте басты міндеті ғылыми білімдерді топтастыру жəне жүйеге келтіру болған тəрбие жөніндегі ғылым пайда болды. Ұзаққа созылған даму жолын бастан кешірген бүгінгі заман педагогикасы адам тəрбиесі заңдылықтары жөніндегі ғылымға айналды.
Педагогика мұғалімдерді белгілі жас тобындағы балаларды тəрбиелеу ерекшеліктері жөніндегі кəсіби білімдермен қаруландырып, əрқилы жағдайлардағы оқу-тəрбие процесін болжастыруға, жобалауға жəне іске асыруға, оның тиімділігін бағалауға үйретеді. Тəрбие процесін ұдайы жетілдіріп отырып қажет, себебі адамдардың өмір жағдайлары өзгермелі, ақпараттар көлемі ұлғаяды, осыдан мұғалімге қойылатын талаптар жыл сайын күрделеніп баруда. Қоғамның мұндай талаптарына педагогтар өсіп келе жатқан əулетті оқыту, тəрбиелеу жəне оған білім берудің жаңа технологияларын құрастырумен жауап береді.
Бұдан бұрынғы мыңдаған жылдардағыдай-ақ баланың өмірлік мектебі оның алғашқы демімен бірге басталады. Осыдан мектеп педагогтары мəңгі проблемалар құрсауында келеді. Баланы адамаралық қатынастар дүниесіне енгізуді олар өзінің ең басты парызы деп біледі. Алайда, осы уақытқа дейін тəрбиелік қызмет мұншама қиын, күрделі жəне жауапкерлі болып көрген емес. Дүние басқаша кейіпте болған, онда бүгінгі балаларға төніп тұрған қауіп-қатерлердің кейбір түрлері тіпті болмаған. Отбасында, мектепке дейінгі балалар мекемелерінде, мектепте болашақ азаматқа қандай негіз қаланса, болашақ өмірі мен бақыты, бүкіл қоғамның берекесі соған тəуелді болып тұр.
Қазіргі заман педагогикасы үлкен қарқынмен дамудағы ғылым. Сол дамуға байланысты өзгерістердің ізімен асығу қажеттігі пайда болып отыр. Педагогиканың іркіліс, кешеуілдеуі адамдардың даму дағдарысына алып келеді, ғылыми-техникалық прогрестің шабандауына соқтырады. Сондықтан да, педагогика қалаған дерек көздерінен жаңа білімдерді теріп, жинақтап баруы қажет. Педагогиканың дамуына себепші көздер – адамдардың өмір салтында, дəстүрлерінде, халықтық педагогикада бекіген көп ғасырлық тəрбие тəжірибесі, іс-қызметтері; философиялық, қоғамтану, педагогикалық жəне психологиялық еңбектер; əлемде жəне елімізде жүріп жатқан тəрбие практикасы; арнайы ұйымдастырылған педагогикалық зерттеу деректері; жаңа идеялар, жаңарған бағыт-бағдарлар, жылдам өзгерістерге келіп тұрған бүгінгі дүниедегі тəрбиенің тиімді соны технологиялары.
Сонымен, педагогика
- тəрбие жөніндегі ғылым. Оның басты міндеті
адам тəрбиесі жөніндегі ғылыми білімдерді
жинақтау жəне жүйелестіру. Педагогика
адамдарды тəрбиелеу, білім беру жəне
оқыту заңдылықтарын ашып, соның негізінде
алға қойылған мақсаттарға жетудің ең
пайдалы педагогикалық жолдары мен тəсілдерін
көрсетіп отырады.
2. Педагогиканың пайда болуы мен дамуы
Тəрбие практикасы
өз бастауларын адамзат өркениетінің
бірінші қадамдарымен байланыстырады.
Тəрбие алғашқы адамдармен бірге пайда
болды. Ол замандары бала ешқандай педагогикасыз-ақ
тəрбиеленген. Адамдардың ол жөнінде тіпті
хабары да болмаған. Тəрбие жөніндегі
ғылым геометрия, астрономия басқада ғылым
салаларынан көп кейін қалыптасқан.
Белгілі болғандай, барша ғылым салаларының пайда болуындағы алғы шарт - өмір қажеттігі. Кейін тəрбие идеялары адамдар өмірінде аса маңызды рөл атқара бастады. Себебі əр түрлі қоғамда өсіп келе жатқан əулиетке берген тəрбиесіне орай өмір қажеттігі де жылдам немесе шабан дамитыны белгілі. Осыдан тəрбие тəжірибесін топтастыру жəне қорытындылау, арнайы оқу- тəрбие мекемелерін ұйымдастырып, жастарды өмірге дайындаудың қажеттігі туындады.
Ежелгі дүниенің Қытай, Индия, Египет, Греция сынды аса дамыған елдерінде сол заманның өзінде тəрбие тəжірибесі бір арнаға келтірілді, одан теория түзу қадамдары жасалды. Ол кезде табиғат, адам, қоғам жөніндегі барша білімдер философия шеңберінде жинақталатын, алғашқы педагогикалық тұжырымдарда сол ғылыми аумақта дүниеге келді.
Барша замандарда адамдардың рухани жəне тəн-дене дамуында шешуші рөл атқарған қуаты мол күшті халық педагогикасы беріп келген. Инабаттылық, еңбектік, тəн-дене тəрбиесі бойынша халық қайталанбас ғажайып өміршең жүйе түзді.
Еуропалық тəрбие жүйесінің бесігі – ежелгі Греция философиясында қалыптасқан. Оның көрнекті өкілі Демокрит (460-370 жж. Б.э.д.)- балалар тəрбиесі бойынша алғашқы нұсқаулар кітабын жазған. Сол уақыттың өзінде ол: «Табиғат жəне тəрбие мегзес. Дəлірек айтсақ, тəрбие адамды қайта жасайды жəне оны өзгерте отырып, болмыс табиғатын түзеді… Жақсы адам болу табиғат ықпалынан гөрі тəрбиеге көбірек тəуелді».
Адам тəрбиесіне жəне тұлға қалыптастыруға байланысты идеялар мен тұжырымдар ежелгі грек ойшылдары Сократ (469-399жж.б.э.д.), Платон (427-347жж. Б.э.д.), Аристотель (384-322жж.б.э.д.), Тертуллиана (160-222жж. Б.э.д) еңбектерінде жарияланған.
Орта ғасырлар дəуірінде шіркеу ықпалы қатайып, тəрбиені толығымен діни арнаға бұрды. Бұл Еуропада 12 ғасыр бойы үстемдік еткен догматикалық оқу принциптерінің шыңдалуына жол берді. Солай да болса, өз философиялық тұжырымдары мен педагогикаға үлес қосқан шіркеу өкілдері Августин (354-430жж.), Фома Аквинский (1225-1274) есімдері ғылым тарихында сақталған. Бүгінгі күйінде жалпы білім беретін мектепті ойлап отырып, іске қосқан Лойола (1491-1556) жəне оның ізбасарлары.
Қайта өрлеу заманы (эпоха возрождения) аса жарқын ойшыл педагог-гуманистерді ғылым сахнасына келтірді. Олардың қатарында голландиялық Эразм Роттердамский (1466-1536), италияндық Витторино де Фельтре (1378-1446), француздық Франсуа Рабле (1483-1553) жəне Мишель Монтень (1553-1592) өздерінің педагогикалық еңбектерімен əйгілі болды.
Педагогика көп заманға дейін философияның бөлігі болып, тек қана XVII ғасырда ол дербес ғылым лауазымына ие болды. Осыдан педагогика бүгінгі күнде де философиямен аса тығыз байланысқан. Себебі бұл екі ғылымның да шұғылданатыны адам, оның өмірі мен дамуын зерттеу.
Педагогиканың философиядан бөлініп, өз алдына ғылыми жүйеге келуі ұлы чех педагогы Ян Амос Коменскийдің (1592-1670) есімімен байланысты. Оның 1654 жылы Амстердамда жарық көрген «Ұлы дидактика» атты еңбегі алғашқы ғылыми-педагогикалық кітаптардың бірегейі болды. Ондағы айтылған идеялардың көпшілігі осы күнге дейін өзінің көкейкестілігін жəне ғылыми маңызын жоғалтқан емес. Я.А.Коменский ұсынған табиғи сəйкестік принципі, сынып-сабақтық оқу жүйесі жəне басқа да оқу принциптері, əдістері, формалары педагогикалық теорияның алтын қорынан орын алды. «Оқу негізіне басқалардың зат жөніндегі бақылаулары мен айғақтарын жаттау алынбай, сол заттар мен құбылыстарды танып, білу қалануы тиіс»; «Естігенді –көргенмен, сөзді- қол əрекетімен байланыстыру қажет»; «əрқандай үйрету сыртқы сезім жəне ақыл-парасат байланысы негізіндегі дəлелдерге сүйенуі қажет»… Ұлы педагогтың осы тұжырымдары біздің заманымыздың талаптарына да сəйкес келіп тұр.
Ағылшын философы жəне педагогы Джон Локк (1632-1704) өз қайрат-күшін тəрбие теориясына бағыштады. Өзінің «Тəрбие жөніндегі ойлар» атты басты еңбегінде ол өзіне сенімді, ауқымды білімділігін іскерлікпен, берік наным-сенімдерін сұлу мəнерлілікпен ұштастыра білген адам - джентельмен тəрбиелеуге арналған көзқарастарын жариялады.
XVIII ғасырда мектеп педагогикасы бойынша өз шығармаларымен танылған француз материалист-ағартушылары Д.Дидро (1713-1784), К.Гельвеций (1715-1771), П.Гольбах (1723-1789), əсіресе Ж.Ж.Руссо (1712-1778) болды. «Затқа назар! Затқа! Мен ешқашанда біздің мылжың тəрбиемізбен сөзге аса көп маңыз беріп, құрғақ сөзді адамдарды жасайтынымызды қайталап айтудан жалықпаймын» -деп ұрандады ол.
Педагогиканың
қалыптасуында И.Г.
«Өзгерістерден басқа тұрақты ешнəрсе жоқ», -деп үйреткен неміс педагогы Фридрих А.В.Дистервег (1790-1886) барша педагогикалық құбылыстарға тəн тəрбиенің қозғаушы күштері мен қарама-қарсылықтарын зерттеген.
Орыс ойшылдары, философтары жəне жазушыларының арасында педагогикалық шығармаларымен белгілі болған есімдер: В.Г.Белинский (1811-1848), А.И.Герцен (1812-1870), Н.Г.Чернышевский (1828-1889), Н.А.Добролюбов (1836-1561). Бүкіл əлемде Л.Н.Толстойдың (1828-1910), Н.И.Пироговтың педагогикалық идеялары əйгілі. Олар таптық мектепті қатаң сынға алып, халықтық тəрбие саласын түбегейлі өзгерту қажеттігін ұрандады.
Қазақ халқының да тəлім-тəрбиелік жүйесі ұланғайыр да мəуелі. Бұл салада халқымыздың тəлім-тəрбиелік алтын қорына елеулі үлес қосқан арыстарымыз А. Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, С.Торайғырұлы жəне т.б. Олардың тəлім-тəрбиелік өсиеттері талай зерттеулерге арқау болған. Кемеңгер Ахмет Байтұрсынұлының өткен ғасыр басында –«Мектептің жаны мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі həм сондай болмақшы…əуелі біз елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі. Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде, оқумен түзеледі» – деген ұлағатты ескертпесі бүгінгі қазақ мектебінің ұлттық білім стратегиясының тұғыры ретінде қабылдануда.
Орыс педагогикасын əлемдік даңққа бөлеген Константин Дмитриевич Ушинский (1824-1871) оқу-тəрбие теориясын түбегейлі өзгеріске келтіріп, педагогикалық практикада төңкеріс жасады. К.Д. Ушинскийдің педагогикалық жүйесінде жетекші орын тəрбие мақсаттарына, принциптеріне жəне оның мəніне берілген. «Тəрбие, егер ол адамға бақыт бағыштағысы келсе, оны бақыт үшін тəрбиелемей, өмірлік еңбекке баулуы тиіс. Ұдайы жетілуде болған тəрбие адамның тəн-дене, ақыл-парасат жəне ізгілік-инабаттық күштерінің ауқымын барынша кеңейту мүмкіндігіне ие болады»- деп жазған еді ұлы ғұлама.
Тəрбие жолындағы жетекші рөл мектеп жəне мұғалімнің билігінде: «Тəрбиедегі барлық істер тəрбиеші тұлғасына негізделуі тиіс, себебі тəрбие күші тұлғаның адамилық қадір-сапаларынан бастау алады». «Ешбір жарғы немесе бағдарлама , ешқандай жасанды мекеме организмі, қаншалықты айламен құрылса да, тəрбие жұмысындағы тұлға беделінің орнын баса алмайды» -деген К.Д.Ушинский бүкіл педагогиканы қайта қарастырып, жаңа ғылыми деректер негізінде білім беру жүйесін толығымен түбегейлі қайта құруды талап етті:
«…теориядан алшақтаған педагогикалық практиканың бір өзі –медицинадағы тəуіпшілдікпен тең».
XIX ғ. ақыры - XXғ. басында педагогикалық проблемалар АҚШ-та қарқынды зерттеле бастады. Ол жерде адам тəрбиелеудің жалпы принциптері мен заңдылықтары өрнектелді, əрбір адамға белгілеген мақсаттарына тез, əрі табысты жетуге мүмкіндік беретін тиімді білім технологиялары қалыптасып, практикаға енді. Американ педагогикасының белгілі өкілдерінің бірі Джон Дьюи (1859-1952). Оның зерттеу жұмыстары бүкіл батыс Еуропа, Америка жəне Австралия аймақтарында педагогикалық ойдың дамуына үлкен ықпал жасады. Американ педагогтарының тағы бір көрнекті тұлғасы Эдвард Торндайк (1874-1949) оқу процесін зерттеумен атын əйгілеп, əрекетшіл тəрбие технологиясын бүкіл əлемге жария етті.
Елімізде аты танымал американ педагогы жəне дəрігері Бенджамен Спок. Ол қауым өкілдеріне, бір қарағанға қарапайым ғана тəрбиеде басты не болу керек: қаталдық па қайырымдылық па? –деген сұрақ қойып, көпшіліктің санасына жаңа тəрбие лебін жеткізді. Бұл сұрақтардың астарынан күтілген жауап- педагогика қай бағытта: əміршіл-əкімшіл немесе гуманистік – жолымен дамуы қажет пе? Бұған нақты жауапты Б.Спок өзінің “Бала жəне оған қамқорлық”, “Анамен сұқбат” жəне т.б. еңбектерінде беруге тырысқан.
XX ғасырдың басында əлемдік педагогикада еркін тəрбие жəне бала тұлғасының дамуы идеялары белсенді жария етіле бастады. Бұл идеяға жетекші Мария Монтессори (1870-1952) болды. Өзінің «Ғылыми педагогика əдістемесі» кітабында ол балалық жас мүмкіндіктерін барынша пайдалану қажеттігін түсіндіріп бақты. Себебі, сəбилік шақтағы бала дамуы үлкен тəрбиелік табыстарға есік ашады. Оның пікірінше, мектеп оқуының басты формасы өзіндік оқу жұмыстары болуы қажет. Монтессори оқушылардың жекелеп оқуына ыңғайлы грамматикалық, математикалық, биология-жаратылыстану жəне басқа пəндерге арнап дидактикалық материалдар ұсынды. Бұл оқу құралдарының ерекшелігі, оларды пайдалана отырып, бала өз кемшілік-қателерін табады жəне оларды түзетеді. Бүгінгі күнде Қазақстан Республикасында да Монтессори жүйесінің тараптарлары мен қолдаушылары баршылық. Осы бағытта түзілген «бала бақша -мектеп» жүйесі іске қосылып, балаларды еркін тəрбиелеу идеясы өз жемісін беруде.